Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  105


Автор: Төлеген Жанғалиев

Хат

Хат жазып қойдым халқыма,
Сырымды қаттап қағазға.
Қарайлай кеткен артына,
Қаймана ақын аға аз ба?
Олар да мендей шаң жұтқан,
Омбылап ойдың мұз, қарын.
Сорым да, бағым – сондықтан,
Соңымда қалған жырларым.
Жырларым менің – жетімдер,
Жетілмей қалған кейбірі.
Мінезсіз болса, кешіңдер,
Мінезім менің белгілі.
Шарт сынып, шалқып, бұлқынса,
Шарадан асып, шарасыз.
Ақынға тартып жыр туса,
Несіне қапа боласыз.
Ағаны алып жағадан,
«Арына» тисе кей жырым.
Көрмеңдер оны «баладан»,
Ол-дағы менің кемдігім.
«Кемеңгер» кейбір басшыны,
Кейітіп жатса кей өлең.
Ащы ғып айтар тәттіні,
Аумаған ол да Төлеген.
Өзіне қарап өлшемей,
Өлермен болса ғашық-жыр.
Арбасыз қалған дертедей,
Арманда өткен ақын бұл.
Көріңдер бәрін тек менен,
Көнгенмін, шағым, арызға.
«Өлеңім өлмес» деп сенме,
Өмірдің ойнап қанында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу