Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
108
Көр қазушы күбірі...
Ақын өлді, арманы адыра қап,
Жарықтық етті бүгін жанын азат.
Тірлігінде көр оған көп қазылды,
Көр қазып жатыр міне, тағы қазақ.
Қаз, қаз, қазақ, қаза түс, шығып кетер,
Көзі қалсын көміліп құрыш тесер.
Тілі жатсын мыжылып көр тасына,
Үні өшсін еңсесін биіктетер!
Жүрегі қуырылсын тозақ-отқа,
Жазасын алсын жаны жаза басса.
Ақыретіне зәр жағып жіберіңдер
Анадан туғандай боп таза жатса.
Құртыңдар, құтылыңдар бір пәледен,
Өлгенше қоймап еді шырқап өлең.
Туған сәтте туралап тастар едім,
Дәл осындай бір ақын туса менен...
...Деп іштей күбірледі ақын жауы,
Бір пәлекет кеткендей басындағы.
Көп ойларға орала берді бірақ,
Ақын жыры тағы да оқылғалы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter