Өлеңдер ✍️
БЕРЕКЕТ АҚЫНҒА АЙТҚАНЫ
Берекет ақын өз үрім-бұтағының көптігін айтып, аз ата Қашағанды сыртынан қиянаттап, кемітіп жүреді. Бір күні Берекет Қашағанның тойда жырлап отырған жерінде кезігіп қалады. Сонда Қашаған оған былай депті:
Көппін деп, балам, мақтанба,
Көп атадан ел азады
Балықтай сасып басынан.
Азда қайрат жоқ десең,
Бүкіл тоғай өртенер
Бір зередей жасыннан.
Мың қарғаға – бір кесек,
Ортасына түссе, қашырған.
Отман таудың басында,
Дегелек деген бір құс бар,
Аспанда жүріп ысқырса,
Мың орда жылан басылған.
Мен – жүлделі жүйрікпін,
Ала жаулы тер шығып,
Сүйегім қызбай ашылман.
Енді халық сынасын
Кімнің, сірә, шұқанақ,
Кімнің қайнар бұлағын.
Айтысуға Берекет
Қардар болып жүр деген
Сарсылды көптен кұлағым.
Сол айтқаның шын болса,
Мына жиылыс ішіне
Тәуір келдің, шырағым.
Құс азғыны – жапалақ,
Кесіртке, тышқан ілдім дер,
Қырандығым білдім дер.
Құс қыраны қырғи-ды,
Қырғидың күшін көрмесе,
Жапанда жапалақ жүрер есіріп. ,
Ит аулақ болса,
Доңыз шығады дейді төбеге,
Әр нәрсе болар сондай есірік...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter