23.07.2022
  2864


Автор: Отыншы Көшбайұлы

АҚ КЕМПІРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Белгілі ақын Сабыр Адаймен кездесе қалған сәттерде өткен-кеткен әңгіменің тиегін ағытатынымыз бар. Сондай бір кезде туған халқының басынан өткен ауыртпалықты жанымен сезініп, жүрегінен өткізетін ақынның өзі кездесіп жолыққан бір кейуананың басынан кешкен оқиғасын айтқаны бар еді. Алыстан келген жолдасы Бейнеу кентінің шетінде тұратын жасы үлкен адамға сәлем бермек болып қасына Сабырды ертеді. Табалдырықтан аттағанда шатырадай аппақ киім киген, сыры кетсе де сыны кетпеген ақ кемпір төрде отырады. Түрме белбеуінің бір шетін жайып үстіне бір шыны аяқ пен тіске басар тәттілер қойыпты. Қасында кішкене ғана аққұман. Түстік шәйін ішу бағытында отырса керек. Сөйлеген сөзінде, қимыл-қозғалысында бір тектіліктің бар екені байқалады. Киген киімі де, қолына таққан сақина, білезіктері де өзіне сондай жарасымды. Бір қараған адамға ішкені алдында, ішпегені артында, ошағының бұтынан құт кетпеген, шаңырағына дәулет қонақтаған адам сияқты. Бірақ үй іші тым жұпыны. Ақ кемпір қонақтарды төрге оздырып көпті көрген кісіге тән жөн сұрасып әңгімеге тартады. Осы уақытта жасы жер ортасынан ауған біреу үйге кіріп келіп есік алдына отыра кетеді. Бейтаныс қонақтармен амандық-саулық та алыспайды. Үстіне киген киімдері де олпы-солпы. Жұмыс басты ма, әлде қыры жоқ па, белгісіз, көптен бері сақал-мұртына ұстара тимей өсіп кетіпті. Сол теріс қараған күйі, өзімен- өзі отыр. Бұлар әлгі адамды ақ кемпірдің қосағы шығар деп ойлайды. Бірақ олай болып шықпады. Біраздан соң ақ кемпір оған қарап:


 


-Бұл үйге қонақ келіп отырғанын көріп отырған жоқсың ба? Әлгі қатының қайда жүр еді. Бағлан соймайтындарың белгілі, ең болмаса құла су болса да қайнатып қазақылық құрмет көрсетпейсіңдер ме?-дейді.


Қырма сақал сол теріс қараған қалпы бірдеңе деп мұрнының астынан маңқылдай сөйлейді. Оны кемпір болмаса қонақтар түсінбейді. Ақ кемпір ендігі әңгіменің мәнсіз екенін білгендей белбеуін кеңдеу қылып жайып үстіне шәй аяқтарын қойып жатып:


-Бері жақындаңдар. Бұл үйдің әйелі келіп бір шәйнек қара суды қайнатам дегенше күн де батар. Менің ішіп отырған шәйімнің шетінен дәм татың. Қонақ келсе қолына жібін алып мал қораға тұра жүгіретін қазақ бұл күнде сиреді. Бір адам есіктен аттаса ырысын ішіп кететіндей жыланша жиырылып отырған адамдардан не күтерсің. Мына отырған менің балам. Арғы жағының тексіздігі ғой, сендерге қонағасы бермек түгілі амандасу да қолынан келмей, өз төріне өзі шыға алмай, босағадан бері аттауға жігері жетпей отырғанын көріп отырсыңдар ғой. Е, қарақтарым-ай, көргені жоқ адамның бұл өмірден түйгені де болмайды екен. Айтылған сөз, көрсеткен өнегеңнің далаға кеткенін көретін де күн болады екен-деп күрсініп қонақтарды қасына шақырады.


Бұлар бетің бар, жүзің бар демей тура сөйлеген кемпірдің сөзіне қаралай өздері ыңғайсызданып есік алдында отырғанға жалтақтай қарайды. Кемпірдің өзіне бағыштап айтқан «тексіз» деген сөзіне ренжіп маңқылдап сөйлеп берекемізді ала ма деген қорқыныштары да бар. Бірақ ол сөзге ренжіп, болмаса намыстанып қарсы шыққан қырма сақал болмады, ештеңе естімегендей босаға қасында отыр. Тілі салақтап есік алдында жүрген итке ме, әлде анадай жердегі жалғыз ағаштың бұтағына жармасқан ешкіге ме, белгісіз, анда-санда маңқылдап өзімен-өзі сөйлесіп қояды.


Ақ кемпір әңгімешіл болып шықты. Екі жігітке өз қолымен шәй құйып беріп отырып айтқан әңгімесі бірте-бірте сонау артта қалған жылдар соқпағына түседі...


***


Әлі қою қараңғылық түсе қоймаған шақ. Астындағы жарамды бурыл атты сипай қамшылаған Қожабергеннің екі-үш күнгі жолсапардан оралған беті болатын. Енді сүт пісірім уақыттан кейін ауылына да жетеді. Мизам өтіп ақырапқа иек артса да күн әлі май тоңғысыз десе де болады. Ат тілерсегін қағып ұйыса өскен шөптерден кешкі салқынға қосыла көкірегіңді ашар жұпар иіс шығады. Әр жерден қарауытып көрінген төбелер де, осы бір жанына жақын туған даласының ауасы да көп ұзамай орны толмас өкінішке, арты беймәлім сағынышқа айналатынын сезген Қожаберген көкірегі айрыла күрсінді. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген рас екен-ау деп ойлады. Жасы болса жер ортасынан ауды. Осы кезең ішінде қыста ойға құлап, жазда анау керіліп жатқан Үстірт үстіне шыққаны болмаса, алыс сапарға аттанып көрмеп еді. Алдына біткен дәулеті өзі түгілі, маңайындағы ағайын-туғанға да жетіп артылатын. Сол малдың өнімін Бесқала жаққа апарып өткізетін де, керек-жарағын  әкелетін  де  қызметшілері.  Бұл  тапсырмасын  береді,


 


қалғанында ісі болмайды. Апарған малын қаншаға өткізді, қолына түскен ақшаға қандай зат алды онымен шаруасы болып көрген жоқ. «Ие бопты, жол торыған қарақшылардан аман келгендеріңнің өзі олжа» дейді де қояды. Керек десе өз әулетінің қай кезден қазанының қаспағы кетпей, ошағының оттан түспей тұрғанын да білмейді. Әйтеуір сонау бала кезінен қарны жуан бай да, маңдайының майы шылқыған би де осы ауылға келгенде аттарынан домалап түсіп қона жататыны есінде. Олар түгілі жол үсті өтіп бара жатқан кедей-кепшік те нағашысының аулына келгендей тайраңдап, астына мінген жаман торысы мен бақырауық тайлағын үй іргесіне байлап төрге озып жататын. Марқұм әкесінің күніге неше қонақ келсе де қабағын шытып, көңілтарлығын білдіріп даусын көтеріп сөйлегенін көрген емес. Табалдырықтан аттаған қонақпен амандық-саулықтан кейін өзінен тапсырма күтіп есік алдында тізе бүккен қызметші жігітке иек қағады. Қожасының қас- қабағын қағыс жібермейтін қызметші жігіт сыртқа беттейді. Көп ұзамай ошақ басынан ішек-қарын тазалаған әйелдердің, қан-жынға таласқан иттердің даусы естіліп жататын. «Әр қонақ өз ырысымен келеді» деген қағиданы бұл да бойына сіңіріп өсті. Әкесі марқұм осы сөзді бекерден-бекер айтпаған екен. Барын қонақтың аузына тосып, мүжәлсізге көмектескеннен ортайып қалған дәулетті көрген жоқ. Қайта мал үстіне мал қосылумен келеді. Бірақ сол байлықтың бір кездері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді деп кім ойлаған. Көз көріп, құлақ естімеген заманның ауыртпалығы тек алдыңа біткен дәулеттің талан-таражға түсуі емес екен. Бірде бетін, бірде көтін көрсетіп жүрген боқ байлыққа пәлендей жаны да ауыра қоймаған. Өйткені ел басына түскен зауал жалғыз мұның шаңырағына емес, жалпыға бірдей түсті. Үріп ішіп, шайқап төгетін байлықтың біздің басымыздан кетіп, өзгеге бұйырғаны болар, енді тек амандығымызды тілейік деп еді. Ол тілегінің орындалмайтын реті бар. Жаңадан орнаған өкімет осы мал мен маңдайыңа біткен өзге де байлығыңды сен оны біреуге зорлық қылып тартып алғаныңдай бар пәлесін үйіп төгуде. Осындай аумалы төкпелі заманда адам біткен ақылынан айрыла ма, әлде біреу айдап сала ма, ол жағы белгісіз, күні кеше қол астыңда жүріп айтқаныңды екі етпегендер бүгін қамшысын білемдеп төріңде ойнақ салатын болды. Бір кездегі сенің абырой атағың да, ел алдындағы беделің де адыра қалды. Бәрінен бұрын жаныңа бататыны осы екен. Кезінде артық айтқан сөзің, біреуге орынсыз батқан тырнағың болса бір сәрі ғой. Күнәдан пәк періштемін деп тағы айта алмайды. Пендешілікпен аяғын қиыс басса басқан шығар, бірақ сол пенде біткенге осы жасының ішінде жамандық жасап көрмеп еді. Бірақ не істерсің. «Халықты қанадың, солардың өмір бойғы еңбегін сүліктей сордың» деген сөздерін естігенде аузына сөз түспей қаралай қиналған. Ақыры жаны күйгесін «Әй, қарағым, бай десең де, басмашы десең де өзің біл. Сенің аузыңа менің қақпақ бола алмайтыным, айтқанымда сенің дұрыс қабылдамайтының белгілі. Керегің мал болса әне жатыр. Айда да кет. Оның маған қалай біткенін сен емес, аспандағы жаратқан біледі. Бәріміз де шайтан емеспіз, бұл дүниеден татар


 


дәміміз таусылып алдына барғанымызда ақ-қарасын құдайдың өзі шешер» деген. Бірақ оған көнген ешкім болмады. Бұрынғы бұрынғы ма, өрши түсті.


-Жоқ,-дейді әлгі «айдап кел, қуып келдің» басшысы қамшысын білемдеп. –Сендерге бұл әлі аз. Алдарыңдағы малды жинап алып «Қалған тірлігіңді өзің біл» деп бұйдаңды түріп қоя береді деп ойлайсың ба? Осыған дейін қара халықты қанаған зорлықтарыңа кім жауап береді деп ойлайсың? Қол-аяқтарыңа кісен салып түрмеге жапқанда барып білесіңдер бұл жаңа өкіметтің қандай екенін. Ой-пиғылдарыңның бөлектігін өз аузыңмен айтып тұрсың. «Бай дейсің бе, басмашы дейсің бе өзің біл» деген сөзіңнің артында жаңа өкіметке қарсы болашақта ұйымдастырар пәле жатқанын біліп тұрмын. Сондықтан дегендеріңе жеткізбей сендерді түрмеде шіріту керек,-деген.


«Апырмай, аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы екен-ау» деп ойлады Қожаберген ат үстінде тербетіліп келе жатып. Қайта-қайта дікеңдеп мазасын ала бергесін ашу үстінде айтылған сөз еді. Мұның артының ақылсызға жол сілтеп, ертеңгі жабылар жала кезінде олардың қолға ұстар түйіні боларын қайдан білсін. Бұл өзі ұстарасын жөнді ұстай алмайтын олақ шаштараздың ісіндей болды. Шаш алудың орнына жанды жердің тамырын барып кесті. Сол жерге киіз күйдіріп қанша бассаң да аққан қанның тоқтай қоюы енді екіталай. Өз басына төнген пәледен құтылудың жалғыз ғана жолы бар сияқты. Ол түн жамылып жат елге бағыт алғандардың көшіне ілесу. Жаның қиналып, жүрегің жараланса да туған жеріңді талақ ету. Бұрын естіп білмеген, ойың түгілі түсіңе де енбеген беймәлім елге барып паналау. Қожабергеннің алда кездесер талай ауырлық, қиындықтың болатынын сезе тұра онда бірден тәуекелге бара алмаған бір жайы бар еді. Ол бір-бірімен жарыса өсіп бойжеткен екі қызы мен өзінің өмір жалғасы, жалғыз баласы Бердібектің жайы еді. Шапағаты күшті жасағанның берері де көп екен, кей кезде қысымшылығы да болады екен. Дүние, малға келгенде бұл әулетке тарлық жасап көрмепті. Өзге біреулердей төрт түлік малының есебін түгендеп отырмаса да, көз алдынан азайғанын байқамапты. Шаруа қысып бара жатпаса да кей кездері бой жазып өрістегі малын аралайтыны бар еді. Сол уақыттарда жер кіндігіне жабысып бытырап жайылған уақ малдар да, шудасы желбіреп маң-маң басқан айыр өркеш түйелер де, өз үйірін қызғыштай қорып құйрық-жалы төгіле арқырай кісінеп алдыңнан шығатын айғырлар да бұл әулеттің байлығының өзгелерден оқ бойы алда екенін көрсеткендей болатын. Осыларды көріп кейде пендешілікке салынып мәртебесінің өсетіні де болатын. Бірақ артынан «асылық ойламайыншы» деп тәубесіне келетін. Мырза құдай осының бәрін үйіп-төгіп бергенімен балаға келгенде көңілі тар болып шықты. «Осыған риза бол» дегендей Ғалия мен Гүлбаршынды, одан кейін араға жеті-сегіз жыл салып барып Бердібекті берді. Қосағы одан кейін бала көтермеді. Екеуі де Бердібектің соңынан ерер бір тентектің болғанын тілегенмен ойларын тәңір қолдамады. Жанашырлық танытқан ағайындар «Ау, Қожаберген сенің мұныңды қалай түсінеміз. Жасың болса елуге енді иек артты. Бұл жігіттің жасы емес пе еді. Атақ десе атағың, байлық десе байлығың бар. Өзің сияқты ырыс-несібесі ортаймаған


 


адамға салмақ салсаң да, бір кедейдің жалаңбұт қызына құда түсем десең де дәулетің жетеді. Қай жағынан да қорғанатын жерің жоқ. Жалғыз баланың соңынан қараған адамда үрей де көп, қорқыныш та жетерлік. Ақылымызды тыңдасаң бір жас иісті бауырыңа ал. Етегінен домалаған бала ертеңгі жан- жаққа салар жолың, дәулетіңе қосылар дәулет болмақ» деп жайлап та айтты, кейбірі жолы үлкендігіне басып қатты да айтты. Обалы не керек, бұл әңгімеге қосағы Биялай да қосылған. Тіпті оның өзіне лайық адам іздестіріп жүргенін де білетін.


-Қожаберген өткендегі қайнаға ұрсып айтса да дұрысын айтты,-деп еді бірде. -Ғалия мен Гүлбаршын бой жетті. Кәзір қолыңда болғанмен жат жұрттық екенін білесің. Қыз айттырушылардың алды табалдырығыңды тоздыра бастады. Олардың бүгін мәселесін қайтарғанмен, ертең біріне келісіміңді беретінің ақиқат. Сонда жалғыз баланың тілегін тілеп отырғанымыз жараспас. Үйлен. Көңіліңе ұнағаны болса кәзір әкелсең де қарсы емеспін. Ал ондайың жоқ болса билікті маған бер. Жиырма жылдың үстінде ошағыңның бұтын ұстап келемін. Ендігі адамның да өзімнен кем соқпай көңіліңнен шығатынына мен кепіл болайын,- деген.


Бірақ тағдырдың жазуы шығар, бұл қайтадан үйленбеді. Екі қыз бой жетті. Ғалиясы міне, он жетіге шықты, Гүлбаршыны он бесте. Қыз бала жат жұрттық қой, бүгін болмаса ертең біреудің табалдырығын аттайды. Ал шаңырағыңды ұстап қалар Бердібек болса әлі он жасқа да толған жоқ. Өткен жылы келіп кеткен құдаларға екіұшты жауап қайтарғанмен кет әрі еместігін білдірген. «Нақты жауабын ойға құлағасын естірсің» деген. Бірақ заман аяқ астынан бүлінді, той жасап ырғап-жырғап қыз ұзатпақ түгілі, ертеңгі күніңнің не болары өзіңе емес, бір құдайға ғана аян. Мына өкіметтің көп ұзамай қолыңдағы барды алдына салып айдап кететіні белгілі болды. Мал ештеңе емес, өзіңді түрмеде шірітем деп қорқытып-үркіткені тағы бар. Сондықтан жат жерге кетіп бара жатқандармен сөз байласып келе жатқан беті еді. Мың ойланып, жүз толғанып бір шешімге келген. Ол шешімі өздерімен бірге екі қызы мен баласын ертпей осында тастап кету болатын. Мұндай қатал шешімге келуіне босқан елдің жолда көрген, барған жеріндегі бастарынан өткен адам төзбес қиындықтары себепші болып еді. Арғы бетке өткендерден естіген хабары бойынша күндіз сай-саланы паналап, түнде жортқан елдің діттеген жеріне аман-есен жетуі екіталай көрінеді. Соңдарына түскен қуғыншылардың оғына ілініп айдалада көмусіз қалғандар да, барған жеріндегі бөтен елдің зорлығына тап болып, өкінішпен бармағын шайнап жүргендер де көп көрінеді. Қорғанышы жоқ елге кім қамқор болып құшағын жайсын. Қай жерде де ауыл итінің құйрығының қайқы болатыны белгілі емес пе. Бой жеткен қызың болса сенің ара түскеніңе, шырылдағаныңа қарамай қатындыққа зорлап алып, жұмысқа жарамды балаңды құлдыққа салатын көрінеді. Қожабергеннің жанын қинаған да осы болды. Құдайдың берген үш баласын «мынасы ұл, мынасы қыз» деп бөліп көрмеп еді. Жаңа өкіметтің қысымынан қашып жанымды сақтаймын деп жүргенде сол балаларының бірін жолда жоғалтып алса, бірін дәстүрі мен дәбі бөлек өзге мілләттің


 


қанжығасына байлап жіберсе, одан өткен қорлық болар ма. Әсіресе бар үміті Бердібегінен айрылып қалса бұл үшін өмірдің қандай мәні болмақ? Онда мұның әулетінің шаңырағының құлап, желісінің үзілгені болмай ма? Сондықтан алда кездесер бар қиындықты, артындағы ауырлықты сезе тұрса да балаларын елде қалдырам деп шешті. Өзі кете бермек. Жат елге кебін емес, кебенек кидім деп аттанбақ. Бәлкім ажал жетпей құдай дегеніне жеткізсе қайта оралар. Кім біледі, заман орнына қайта келер. Сол кезде тірі болса шашырап қалған балаларын қайта жинар. Кәзіргі бар үміті бой жеткен екі қызында. Олардың байдың қызы болып шалқып өссе де ақылсыз емес екенін біледі. Әкесінің бұйрығы, өздеріне тапсырар аманаты қандай қиын болса да қарсы келмес. Қыздарына естіртер қатал үкімге өзінің жаны езіле ауырған, бірақ басқа амалы қалмаған Қожаберген ауылға жақындаған сайын тас түйін болып бекіне түсті...


Қожабергеннің шешімін Биялай үн-түнсіз тыңдады. Әу бастан да оған қарсы шығып, сөзін бөліп көрмеген адам еді. Бұл жолы да сол мінезіне басып еріне анда-санда көз салғаны болмаса ештеңе демеді. Қожабергеннің осы бір қатал шешімін өзгертетін жол іздеп қиналып отырғаны байқалады. Бетін жуып ақтарылған көз жасын жаулығының ұшымен қайта-қайта сүртеді. Балаларының ертеңгі тағдыры ана жүрегін тілгілеп, аяусыз пәршалап жатса да басқа жолының жоғын сезгендей. Қожаберген өз шешімін айтып үнсіз отырып қалды. Биялай осы кезде барып:


-Құдай-ай, бұл қай келемешің еді? Өзіңе жалынып, жолыңа жығылғанымыз болмаса, қарсы келген жеріміз жоқ еді ғой. Қорғансыз қалған олардың ертеңгі күні не болмақ сонда. Жоқ, Қожаберген әлі де ойланшы, өзгертші мына шешіміңді. Ет жүрегіміз балаларымызды айдалада қалдырып, өзіміз түн қараңғысын жамыла қашқанымызда опа табар жеріміз қайсы сонда? Атса атсын, қамаса темір торында бірге жатармыз. Қасында болайық, басымызға түскен ауырлықты бірге көтерейік. Сені дәл осындай қатал шешім қабылдайды деп ойлаған жоқ едім. Әлде өзіммен бір көрпенің астынан өріп, бір шаңырақтың астында ғұмыр кешсекте маған белгісіз бір қырыңның болғаны ма? Мұның не, Қожаберген ау,-деді үнсіз солқылдап.


-Тыңда Биялай,-деді Қожаберген. Сенің осылай айтатыныңды білгенмін. Бірақ басқа амал жоқ. Ешқайда кетпей бірге болсақ бәрімізді де ит жеккенге айдайды. Байлықтың маған бітіп, «бай, басмашы» деген атақты мен жамылып жүргенмен бұл өкімет сендерді де аман қалдырмайды. Сондықтан осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдым. Екі қызды есік алдында жүрген екі тексізге емес, көз алдымызда өскен басқа бір жарлы-жақыбайға тастап кетсем деген ой менде де болған. Бірақ олай істей алмаймыз. Біріншіден, дәл кәзір мына заманның қаһарынан қорқып олар сенің қыздарыңды қол астына ала қоймайды. Екіншіден ертең-ақ «байдың қызын алған, соның құйыршығысың» деп өздерін шатауы мүмкін. Олар содан қорқады. Ал мына екеуі бұл ұсынысқа қуана келіседі. Өйткені Ғалия мен Гүлбаршын түгілі біреуден қайтқан, болмаса өтпей қалған тесік моншақтың өзі оларға қол жеткізбес биік екені белгілі. Үрерге иті, сығарға биті жоқ олардың қырық


 


жамау күркесіне кім келуші еді. Бұл шешімнің негізгі мақсаты ана жалғыздың, Бердібектің ертеңі үшін жасалып жатқанын түсін. Ғалия мен Гүлбаршын екеулеп жүріп оны өлтірмес, бір қараға жеткізер деген үміттемін. Және соған сенімдімін де. Ал екеуміздің татар дәміміздің қаншаға созыларын бір құдай білмесе, маған беймәлім. Бірақ ертеңге деген үмітімізді жоғалтпайық. Егер ажал жетіп жатса артымда өмірімді жалғастырар ұрпағым бар деп кетемін. Қандай қиындық көрседе Бердібекті сақтап қалуды тапсырамын. Бұл менің екі қызыма айтар аманатым болмақ. Өзіңді бекем ұста, босаңсыма. Қыздарыңа, әсіресе ана тентек Гүлбаршынға менің ойымды дұрыстап жеткіз. Кәзір әке бұйрығы мен ана өсиетінің бір жерден шығып, бір жерден ұштасуы керек екенін сен де түсін,-деді даусын қатайтып.


-Жо-жоқ, Қожаберген мен айта алмаймын оларға бұл шешімді. Күні кеше ғана бетіне шаң тигізбей мәпелеп өсірген, екінің бірінің қолы жетпес арманы болған қыздарыма бүгін есік алдында жүрген құл-құтанның қойнына барып жатасың деп қалай айта аламын. Жүрегім жарылып өлмесің десең мені қинама бұл жерге. Өзің айт, өзің жеткіз. Және менің көзімше емес, жеке өздерін шығарып алып айтшы. Өтінішім болсын,-деді сол егілген қалпы.


Қожаберген сыртқа шығып кетті. Көп ұзамай анда-санда тойға барғанда атына салатын былғарыдан тігілген жабуды алып келді. Бұдан бес- алты жыл бұрын бір інісі Көкжардың базарынан өзіне арнайы алып келген болатын.


-Биялай осы бір іске сені де, өзімді де қинағым келмеп еді. Ақылдың қашқаны, жүйкенің тозғаны шығар, басқа амалын таба алмадым. Тағы да айтамын, бұл өз бауырымнан өнген балаларыма деген қаталдығым емес, ілгергі күнге деген үзілмес үмітімнің бір ұшы еді. Мені өмірі көріп білмеген жат жерге тек қара басының амандығы үшін кетіп барады деп жазғырсаң қателескенің. Жат жерді төбемнен алтын құйып, жолыма жығылып жастық, жайылып төсек болса да Маңғыстаудың бір пұшпағына айырбастамас едім. Зорлықпен кетіп бара жатқанымды, сол зорлықтың кесірінен ақылға симайтын шешім қабылдағанымды неге түсінбейсің. Осы иен даланы мекендеген аң екеш аң да басына қауіп төнсе уақытша болса да қонысын ауыстырмаушы ма еді. Кәзір сай-саланы сағалап қашқан сол аңнан айырмашылығымыз шамалы. Дегенің болсын, өзім-ақ айтамын бұл шешімді. Сандық түбінде жатқан жиған-тергеніңді шығар. Оның артта қалған балаларға өмірлік азық болмайтыны белгілі. Бұйырып жатса бір қадесіне жаратар. Осы үйде алдағы күндерге деп жинаған тай тұяқ пен бой жеткен қыздарға арнап соқтырған бұйымдар да жетерлік еді ғой. Қайда салғанымды, қай жерге жасырғанымды көздері көрсін,-деді.


Биялай сандық түбінен шүберекке ораған қомақты түйіншекті алдына тастады. Қожаберген шүберектің орауын жазып осы өңірдегі айтулы зергердің қолынан шыққан, бар өнерін салып алтын, күмістен төгілте жасалған бұйымдарды ат жабудың ішкі бетіне орналастырып, бетін былғарымен қайтадан көмкеріп тікті. Көзге білініп тұрған жоқ па дегендей қайта-қайта сыртынан басып қарады.


 


Сыртқа шықты. Таң әлі ата қоймаған, мүлгіген тыныштық. «Маған қарап қал, көз тартар сұлулығым ұзаққа бармайды. Адамдардың құмарын қандырмай жатып көп ұзамай көрінбей кетемін» дегендей жарқырап Шолпан жұлдызы туыпты. Қожабергеннің ойына жаңағы ат жабудың ішкі бетіне жасырған алтын, күмістен жасалған бұйымдар мен бой жеткен екі қызы түсті. Олардың өздеріне арнап соқтырған асыл бұйымдарды тағынып, ұлан асыр той жасатып, сән-салтанатпен өзге елдің шаңырағына аттанар сәтін көре алмағанына өкінгендей терең күрсінді. Бірте-бірте көз алдынан алыстап бара жатқан Шолпан жұлдызына қарап тұрып күні ертең жат жерге кететіні есіне түсіп «Ол жақта жаныңа жайлы осындай түндер бола ма екен» деп ойлап тұрды да, «Әй, қайдам, мұндай көрініс тек Маңғыстауда шығар» деп өз сұрағына өзі жауап бергендей болды. Сол ойын растағандай алыстан тұла бойыңды түршіктіріп, алда болатын әлдебір қауіпті ескерткендей бірінен соң бірі ұлыған қасқыр даусы естілді. Әрі-бері тұрып шешкені ертең қыздарын қасына ертіп Аққуыс-Шөжікке бармақ. Асыл бұйымдарды сол жердегі бір қуысқа тығып, жатқан орнын көрсету. Жол үсті қаншама қиын болса да өзінің шешімін айтып айтқанына көндіру болды.


***


Ертесіне қараңғы түсе атқа қонған Қожаберген қасына екі қызын ертіп ауылдың түстік жағына беттеп келеді. Оң қапталында қарауытып көрініп


«Ұлы қырғын» әулиесі көрінеді. Қатарына келгеннен кейін аттарынан түсті. Бәрі де әулиеге бағыттап екі-үш қадам аттап тізесін бүкті. Қожаберген қасына келген қыздарына қарап:


-Ғалия, Гүлбаршын айналайын, осы жерде мәңгілік тыныс тапқан адамдар жайында өздеріңе бұрын да айтқан едім ғой. Елдің тыныштығын бұзған жат жерліктерге қарсы аттанған батыр бабаларың жатыр мұнда. Өздерінен бірнеше есе көп жаумен арпалыста қаза тапқандар. Бірақ жаудың дегені болмады. Тұтқында кетіп бара жатқан мал мен жесірді олар дәл осы жерден айырып алып қалды. Бұл адайдың басынан талай-талай ауыртпалық өтті, сол қасірет жалғасумен келеді, мүмкін әлі де жалғаса берер. Оны міне, өздерің де көріп отырсыңдар. Бұл жерде жатқандар туған жері үшін жат жерліктермен жағаласып өтсе, біздер туған жерімізден сая таппай жат жерге барып паналауға мәжбүр болып отырмыз. Бұлар жесір мен жетімді құтқарса, біздер өз қолымызбен сол жетімдерді айдалаға тастап барамыз. Бұдан өткен дәрменсіздік болар ма. Бірақ бізге қарағанда бұлар бақыттырақ сияқты. Өйткені сүйегі өздері жаратылған топырағында жатыр. Әрлі-берлі өткендер бағыштап дұғасын оқып кетеді. Ұрпағына риза болғандар орнынан бір аунап түсіп жатады ғой. Ал біздің сапарымыздың қаншаға созыларын бір құдай ғана біледі. Пенде шіркіннің арманы таусылып па еді. Менің арманым алды беймәлім осы сапардан туған топыраққа қайта оралсам деймін. Құдыреті күшті жасағаннан бұдан артық бақ пен бақыт тілемес едім. Бүгін сендерді қасыма әдейі ертіп шықтым. Айтар әңгімем көп сияқты. Бердібек әлі оң- солын айыра қоймаған бала ғой. Артынан бәрін сендерден ести жатар. Ғалияжан, сенің едәуір сауатың бар.  Әруақтарға бағыштап құран оқышы.


 


Мен іштей де болса тыңдап жадыма тоқып алайын. Біздің жайымызды, өкініш-өтінішімізді бұлар да түсініп, желеп-жебеп жатар,-деді.


Ғалия ештеңеге түсінбей әкесіне аңтарыла қарады. «Бердібек бәрін сендерден ести жатар», «Сенің құран оқығандағы мақамыңды жадыма тоқып алайын» дегенінен көп ұзамай айтылар салмақты сөздің бар екенін ұқты. Арғы жағынан келіп қалған «Мұншама таусыла сөйлегенің не?» деген сұрағын да қоймады. Әкесінің оқылар құранды күтіп отырғанын біліп өзіне тән мақаммен бастай жөнелді.


Айнала жым-жырт тыныштық. Қыз баланың көмейінен ақтарылған құран мақамы әрі сазды, әрі мұңды болып естілді. Қорым үстінен әрлі-берлі далақтап ұшып жүрген жапалаққа пәтуа біткендей жарбиып күмбез үстіне қонақтапты. Бірінен соң бірі іліп алып тынымсыз шырылға басатын шілделіктер де ұйқыға кеткендей. Үстірт үстінің жанға жайлы салқын самалы шөп басын тербетіп, сай-сүйегіңді езген құран мақамын алысқа алып бара жатты...


Қожаберген тізесін қағып орнынан тұрды. Атына мініп алға түсті. Бұл жақтың сай-саласы оған бала кезінен таныс. Қандай қараңғы түн болса да, тіпті көзін орамалмен байлап қойса да барар жерінен адаспайтыны анық. Аққуыс-Шөжіктің тарам-тарам болған құздарын бетке алып, ұлы жолдың бойынан тысқары, өзіне ғана таныс жерлерге бастап келеді. Көп ұзамады, атының басын іркіп жан-жағына қарады. Тебініп тағы да біраз жер жүріп барып тоқтады. Келдік дегендей қыздарына белгі берді. Атының қанжығасына байланған сырты алашадан тігілген ала дорбаны иығына іліп, арқарлар салған ізбен жоғары өрлеп келеді. Көп ұзамай құз ортасындағы бес- алты адам еркін сиятындай аузы түстікке қараған үңгірге келді. Қардың, жаңбырдың суы тимейтіндей құрғақ жер екен. Үңгірдің жан жағына, алдына өскен шөптерді жұлып алып, әлгі дорбаны мұқияттап орап бұрышқа қойды. Кішкене белшігін алып бір бұрышын қаза бастады. Біраздан соң өзіне қарап бұрышта отырған қыздарына дорбаны бері әкелің дегендей белгі берді. Көміп топырағын қайта-қайта таптады. Отырып терін сүртті. Біраздан соң барып:


-Дүниенің асты үстіне түсетінін кім білген қарақтарым. Тұрымтай тұсына, балапан басына кетті дейтін заман туды. Алдымызға қойған мақсат та көп еді, көңілде жүрген ой да жетерлік болатын. Бірақ бәрі де адыра қалып ертеңгі күнің емес, түстік өміріңнің қандай болатынын айыра алмайтын күнге жеттік. Ел басынан талай ауырлық өткен болар, бірақ ұшқан ұясын тастап, шашырап қалған балапандарын жинамақ түгілі, қарайлауға мүмкіндік болмайтын мынандай заманды көрген де, естіген де емеспін. «Артын күтейік, әлдеқалай өткінші шығар» деуге келетін емес. Ертеңге деген сенімнің жоғалғандығынан ел бытырап біреу Арқаға, біреу түстікке қашты. Соның бірі мына алдарыңда отырған сендердің әкелерің. Қай жаққа бағыт алатынымды өзім де білмеймін. Әйтеуір жарықтан қорқып, қараңғыда жылжыған бір топқа ілесетінімді білемін. Ол көштің жол ортада қатты дауылға ұшырап адасуы да мүмкін, бағыт-бағдар таба алмай терең құздан құлап айдалада сүйектері шашырап көмусіз қалуы да мүмкін. Әзір ертеңге


 


деген үміт жібі үзілген жоқ, бірақ сол үміт жібінің басқа түскен ауырлықты көтере алады дегеніне сенім де жоқ. Екі аяқты пенденің өзгелерден айырмашылығы артындағы ұрпағының өсіп-өнгендігін тілейтіндігі еді. Жүріп өткен жолының жол ортада үзіліп қалмай жалғасын табатындығына деген шүкіршілігі еді. Бұл өмірдегі менің үмітімнің жалғыз Бердібек екенін білесіңдер. Әлі жас, қауырсыны өскен жоқ, қанаты қатаймады. Жаңа-жаңа талпынған балапан. Сол жалғызды өзіммен бірге алып кете алмайтын болып отырмын. Бұл алдағы күнге, өзіме деген сенімнің жоқтығы. Оқыстан жардан құласа астына қанатымды төсей алмаспын деген қорқынышым бар. Жоғалтып алсам өкініштің орны толар ма? Сондықтан оны елде қалдырам деп шештім. Қорғаушысы да, қолдаушысы да сендер боласыңдар. Біреудің орынсыз шапалағы тиер, тұщы етіне ащы таяқ та тиер. Бірақ ел іші ғой, жұрттың бәрі тағы болып кетпеген шығар. Жетім балаға берген бір сындырық нан өзегін жалғаса, өткенін ұмытпаған бір қайрымды жанның маңдайынан сипағаны оның ертеңге деген үмітін оятады. Жат жерге сол үшін де ертпей барамын. Сол жалғыздың болашағына тек менің емес, сендердің де жандарыңның ауыратынын білемін. Сондықтан айтар сөзім де, қалдырар аманатым да сол Бердібек болмақ. Сөзімді бөлмей аяғына дейін тыңдаң. Осы үйдің есігінің алдында жүрген екі жалшыны білесіңдер. Бірі ана Есенбай таз, екіншісі Қалдыбай ақсақ. Олардың бұл үйге қашан келгенін де, арғы тегінің қандай екенін өзім де ұмыттым. Кезінде жалшы керек болды, шетін қайыратын мал жетеді ғой деп қолына таяқ ұстаттық. Менің білетінім олардың тегінің құл екендігі. Жұрт біліп айтса қай заманда екені белгісіз, әйтеуір бір жаугершілікте ата-бабалары қолға түсіпті. Міне, осы екі құлға екеуіңді тастап кетемін. Әйел қылып мәпелей ме, тексіздігіне, көргенінің жоқтығына басып таяқтың астына ала ма, оны өздері біледі. Қолдағы қымбат бұйымның жасырылған жерін көздерімен көрсін деп әдейі ертіп шықтым. Жан қиналғанда болмаса бұл жаққа әзір ат ізін салмаң. Және бұл жөнінде ешкім де білуі тиіс емес. Өздеріңе қауіп болады.


-Бірақ,-деді қыздарына қарап даусын қатайтып. –Құл құлдығын жасайды. Оның көргені таяқ, қаруы қамшы. Бір күн тойса екі көзі ештеңе көрмей желкесіне бітеді. Ондай кезде сол қамшы өздеріңе ғана емес, ана Бердібекке де тиеді. Соның бәріне шыдаң, тек Бердібек үшін, өз әулеттеріңнің өмірі тоқтап қалмас үшін шыдаң. Итшілеп күн кешсеңдер де сол Бердібекті бір қараға жеткізің. Өздеріңді жеке алып шыққандағы айтар сөзім осы болатын.


Осы кезде Гүлбаршын шыдай алмай:


-Әке, әкетай, не айтып барасың. Елуге келген ақпа таз Есенбайдың қойнына Ғалия қайтып жатады, қоймен бірге өріп көң сасыған Қалдыбайды мен қайтып өзімнің байым санамақпын. Ондай ғұмыр кешкенше өзіңмен бірге кетіп ажалымыз жетсе жол ортада өлгеніміз, болмаса өзімізді құрбандыққа шалғанымыз жақсы емес пе?-деді шырылдап.


-Жоқ,-деді Қожаберген. –Мұнымның ақылға сиымсыз, тым қатты тапсырма екенін сезбей, ой елегімнен өткізбей айта салды деп ойламаң.


 


Әкеңнің осы отырғанда жаны жаралы, жүрегі қасіретке толы. Айықпас дерт кәзірден бастап бойыма мысқалдап емес, батпандап кіруде. Сол дерттің бір ғана емі бар сияқты. Ол сендердің амандықтарың. Бірақ жаныма араша түсер ол ем әлі алыста, маған жеткен жоқ, көз ұшында қарауытып қана көрінеді. Бойымды жайлаған дертке дауа табылғанша әрбір күнімнің арпалыспен өтетіні де белгілі. Әйтеуір артымда қалған балаларымның аман екендігіне, күндердің күнінде өздерінің дегеніне жетіп, әкелерінің арманы орындалады деген сенімді жоғалтпай өтсем болғаны. Гүлбаршын айналайын, ақылың бар тентек едің ғой. Орынсыз қателікке ұрына көрме. Бәлкім бұл әкеңнің соңғы тапсырмасы болар, бәлкім саған «айналайын» деген сөзді соңғы рет айтуым шығар, кім білген. Артыма қарап екі ойлы болмай, орындалар сенімге көзімді жеткізіп кетейін. Менің қыздарымның бойында екінің бірі көтере алмас ауырлыққа төзе алатын, әке сөзін құрандай қастерлеп өтетін адай қызына тән қасиет пен өрлік бар деп кетейін,-деді.


-Тоқташы Гүлбаршын,-деді осы уақытта үн-түнсіз отырған Ғалия сіңлісіне қарап. «Адамның басы Алланың добы» деген рас екен ғой. Күні кеше ғана жүрер бағытымыз, ертеңгі күніміз өзімізге белгілі сияқты еді ғой. Бойжеткен қыздың көктем шыға далада өскен гүлдей көптің көзіне алдымен түсетінін басымыздан өткізіп жүрген жоқ па едік. Біреу сол гүлдің далаға сән бере жайқала өскеніне қуанса, біреу дер кезінде соның жұпар исіне қанғысы келеді. Өзін-өзі қаншама тоқтатқысы келгенмен көз алдындағы әдеміліктің арбауына түседі. Бірақ кенеттен соққан дауыл қай-қайсысының да дегеніне жеткізбей сол гүлді ерте солдырады. Маңдайымызға тап болған жазмыш осылай болса шарамыз қайсы. Гүлдің өмірі де, қыздық дәуреннің де қысқа екені белгілі. Бірақ олардың қай-қайсысы да өз ғұмырларының қысқа болғанына өкпе айтпаушы еді ғой. Өйткені оның бой тартып өсуі де, жан- жағына шашар жұпар исі де, көптің көз қуанышына айналар бақытты шағы да осы қысқа уақыт ішінде болатын. Біз екеумізге тағдыр сол қысқа ғұмыр- қыздық дәуреннің бақытты шағының бір шетін ғана көрсетіп, одан әріге тарлық жасаса амалымыз қайсы. Кәзірден бастап бойымыздан нәр кетіп, гүлге тән жұпар иіс те, қызға тән әдемілік те солғын тарта бастады. Бірақ өміріміз мәңгілік тоқтап қалған жоқ қой. Түп тамырымыз өз топырағымызда жатыр емес пе. Құдайдың нұры жауған күні қайта көктерміз. Бәлкім ол уақытта бұрынғыдай көп көзіне түсердей жайқала өспеспіз, жан-жағымызға жұпар иіс шаша алмаспыз. Сондықтан бойымызда қалған нәрімізді жалғыз ініміз Бердібектің болашағы үшін арнасақ, соның ертеңі үшін жол ортада солып қалмасақ деймін. Күздің қара суығында дірдек қағып өсіп тұрған жалғыз гүлді көрмеп пе едің. Біле білсең бұл нәзік өмірдің де қиындыққа қарсы күресе білетіндігінің көрінісі. Сондықтан өлімді емес, алдағы өмірді ойлайық. Тиіп кетсең жаныңды ауыртар тікенекпен бірге жатып, бірге өрсек те ертеңге деген үмітімізді үзбейік. Соны түсін жаным. Күні бүгінге дейін маңдайымызға шаң тигізбей мәпелеп өсірген ата-анамыздың алдындағы перзенттік  борышымызды  ақтау  керек  екенін  жадыңнан  шығарма.  Әке


 


сілтеген бағытқа емес, өз дегенімізбен кете берсек ұзаққа бармай қанатымыз талар.


Әке, алдағы өмірің өзіңе де, бізге де беймәлім ғой. Бірақ қыздарыма тапсырған аманатым орындалады, шаңырағым құлаған жоқ, ошағым өшкен жоқ деген сенімде кет. Көңілім қаламақ түгілі, ойлаудың өзі жиіркенішті болса да сол тазға әйел бол деген сенің айтқаныңа көндім. Гүлбаршын екеуміздің ендігі түсер сүрлеуіміз тым ұзақ болады. Өйткені бұл жол өзінің беймәлімдігімен емес, қай қайсымызға да жайсыздығымен ұзақ болатындығын сезіп отырмын. Жол үсті шаршайтын да шығармыз, талай рет жүгіміз де ауатын шығар. Бірақ не болса да көндік әке. Ақыры бір діттеген жерімізге жетерміз, -деді көзі жасаурап отырып.


Гүлбаршын үндемеді, апасына қарсы да келмеді. Шешімді сөзді екеуі үшін айтқанын ұқты. Көз алдына түн жамылып келіп өзін ауыл сыртындағы төбе астынан күтетін қияқ мұртты жігіт елестеді. Осыдан бір ай бұрын соңғы рет кездескен. Үнемі күліп жайдары қарсы алатын жігіттің бұл жолы қабағы қатыңқы көрінді.


-Гүлбаршын,-деп еді мұның қолын аялай сипай отырып. Көп көзіне түспеуге тырысып өзіме жаттанды болған осы жерге келген сайын, сенімен бірге отырып әңгіме қозғаған сайын өзімді бақытты санаушы едім. Басымыз қосылар алдағы күндерді асыға күтумен болатынмын. Бірақ көрмейсің бе, бәрі де аяқ астынан өзгерді. Мына заман кім-кімге де бетін емес, артын берген сыңайлы. Біздің ауыл ертең түнде аттанбақ болып буынып-түйініп отыр. Әкемнің қатаң тапсырмасы бойынша өзімізге қарасты ағайындардан ешкім де қалмайтын болды. Қай жерге барып табан тірейтінімізді әкем ғана біледі. Айтыстарына қарағанда енді туған жерге оралу мүмкін емес сияқты. Қоштасып кетуге келдім. Құдай қырын қарамаса бәлкім кездесерміз. Ал егер кездесе алмасақ бір-бірімізге сырттай тілекші боламыз-дағы,-деді күрсініп.


Гүлбаршын жігітке жаңа көргендей таңырқай қарады. Күні кеше ғана жанары отқа толы, жігерлі көрінген жігіт бір күнде жүнжіп кеткен. Мына түріне қарағанда тап болған қиындықпен арпалысып өтудің орнына, тағдыр талқысына мойынсынудан басқа амалы қалмаған адам сияқты. Арғы жағынан келіп тұрған «Жат жерге барғың келмесе, туған жеріңді шынымен қимайтын болсаң сол көштен жырылып қалу қиын болып па. Егер сондай шешім қабылдасаң әке-шешемнің ризашылығын алмасам да саған кәзір-ақ еріп кетуге пейілмін. Үстірттің ақар-шақар шыңдарын мекендеген түз тағысына қоныс болған туған жердің бізге пана болмайтын несі бар» деген ойын да айтпады. «Сен үшін бәріне де көніп, керек болса жанымды құрбан етуге бармын» деп келген сайын қайталайтын сөзінің ел аман, жұрт тыныштықта екеніне көзі анық жетті. Ендігі отырыстың мәнсіз екеніне, осы кезге дейін алдамшы үміттің соңында жүргеніне өкініп орнынан тұрды. Сүйгеніне қамқор болудың орнына арттан соққан желдің айдағанына көніп, көзі жасаурай сөйлеген жігіттің қолын кейін ысырды. Бірақ ренжігенін, көңілінің қалғанын сыртына шығармады. Бойына біткен өрлігіне басып қолтығынан сүйеп атына мінгізді. Бұрынғыдай үнсіз оқыранып омырауын иіскеген аттың


 


жалынан тарамдап ұстап тұратын қимастығын да білдірмеді. Үн-түнсіз бұрылып үйіне беттеді. Біраздан соң артына қарады. Бұрын қақпақтай болып көрінетін жігіттің жауырына бүрісіп бірте-бірте қараңғыға сіңіп бара жатыр екен.


Гүлбаршын орнынан тұрды. Өзіне қарап жауап күткендерге ештеңе демеді. Біраздан соң барып:


-Қайталық әке. Маңдайымызға солай жазылса шара бар ма. Екі көзі төрт болып күтіп отырған шешемізге баралық. Оның Ғалия екеумізге айтар сөзіңді қалай қабылдайтынымызды біле алмай жанының күйзеліп отырғаны белгілі. Жолы жіңішке қыз болсақ та Бердібектің алдындағы қарасы деп сенім артып өз үкіміңді айттың. Мен бекіндім! Керек болса ағысқа қарсы жүзем, жолыма кедергі болғысы келетіндердің жағасына жармасып өтем. Бірақ әлдебіреулер сияқты басына түскен қиындыққа шыдай алмай жүн жеп, жабағы тышады екен деп ойлама. Білмейді екенмін, бұл тағдыр әу бастан да адамды өзінің болашақ түсер жолына бағыттайды екен ғой. Есіңде ме әке, кәзір маған меншіктеп отырған Қалдыбайыңа құдық басында көмектесуші едім ғой. Оны жаныма жақын тартқандықтан, болмаса оған деген аяушылықтан емес болатын. Тізесі дірілдеп еркек атымен су толы қауғаны көтере алмағанына намыстанушы едім. Құдайдың осындай жанды еркек қылып жаратқанына, кез келгенге лақтыра салған безді бізден қызғанғанына деген өкінішім еді. Әйкел басынан әрі итеріп тастап қауғаны құлаштай тартатынмын. Шаршағанымды, қауғаның салмағынан қарымның салдырып қалғанын да білдірмейтінмін. Ол болса мал суарып болғанша күрт-күрт күйсеп жатқан жырық тұмсық жаман қоспақтың көлеңкесіне қисая кетеді. Омырауынан кірі ағып «Малшыға да жалшы керек болған» отырысына жиіркене қараушы едім. Міне, сол Қалдыбай, бір кездегі Қожабергеннің малымен бірге өріп жүрген Қалдыбай енді оның үлде мен бүлдеге орап өсірген қызының байы болмақ. Жел жағыма шықпақ түгілі маңайыма жақындауға бата алмайтын Қалдыбай еді. Енді маған аяғын қысылмай артатын дәрежеге жетті. Сол дәрежеге қолын жеткізген сен болып тұрсың әке. Іштей қанша арпалыссам да қарсы келе алмадым, әке сөзін жерге тастауды күнә санадым. Ғалия, апатай, сен «Адамның басы Алланың добы» деп дұрыс айттың. Оны өрге домалату да, кез келгеннің аяқ асты қылу да соның билігінде екен ғой. Соған көзім анық жетті. Бұл жаратқанның қатыгездігі ме, болмаса бұйырмыс па, әлде өз пендесіне деген сыны ма, оны білмедім. Білетін бір ғана нәрсем бар. Соның қай-қайсысына да шыдаймын, көздеген мақсатыма жетемін. Жігерімді жасытам дегендерге жол бермеймін. Оған өзің айтқан өрлігім де, ерлігім де жетеді. Тентек қызыңның айтары осы әке,-деп үзеңгіге аяғын салды.


Ауылға беттеген үшеу біразға дейін бір-біріне үн қатқан жоқ. Әркімнің өз ойымен арпалысып, алдағы күндерге өзінше баға беріп келе жатқаны белгілі еді. Бозарып таң атып келеді. Құз баурайынан төмен қарата сытырлап тастар төгілді. Шаңырақ мүйізді арқардың құлжасы Аққуыс-Шөжіктің аспанмен таласқан найза тастарына қарай жеңіл секіріп барады. Көп ұзамады,


 


ұшар басына барып осы жердің қожасы екенін білдіргендей жан-жағына едірейе қарады. Түу алыстан, заңғар көктен тау бүркітінің шаңқылдаған даусы естілді. Олардың қай-қайсысы да төмендегі үшеуге биіктен көріну кез- келген адамның қолынан келмейтінін, тек жігері мықтылардың ғана көздеген мақсатына жете алатынын ескерткендей еді.


***


Күндегі дағдысы бойынша малын ерте өргізген Есенбай қой соңында ілбіп келеді. Осы жүріске астындағы аты да, өзі де үйренген. Көзін ашқаннан бері көргені қой мен қойшыға тиесілі шабан ат. Осы кәсіп оған әкесінен ауысты. Тіпті артына тастап кеткен мұрасы деуге де болады. Өзіне айттырса бұл өмірде қойшылықтан артық кәсіп жоқ. Құдайдың аспаннан жауар нұры таусылмаса, кей жылдары көбейіп тыным бермейтін ит-құс болмаса өз жұмысын тыныш санайды. Әудем жердегі төбе басына шығып бытырай жайылған малына көз салып отырса болғаны. Астындағы шабан торыны өзгелер сияқты тұсап, бекітіп әуреге түспейді. Ерінбесе ер-тоқымын алып астына төсейді, оған құлқы соқпаса жүгенін сыпырып қоя береді. Аты бұған, бұл атына үйренген. Жайылды дегені болмаса мұның қасынан ұзап кетпейді. Далаға шыққанда екеуінің де ермек қылар өз кәсібі бар. Бірі жауырына қонған шіркейлерді құйрығымен сабалап, бірі дуылдап қышып тыным бермеген ышқырының тігісін ақтарып, өздерімен өздері болады. Анда-санда


«барсың ба» дегендей бір-біріне қарап қояды. Есенбайдың жасының қаншаға келгенін көп адам айыра алмайды. Самайындағы екі-үш тал шашы болмаса ерте түскен жараның кесірінен басының айнадай жылтыр болғанына не заман. Бірақ жарылып кеткен тақыр сияқты басының әр жерінен тілініп қызарғаны басылмайды. Құрғап, тырысып жанын шығара ауырады. Қолынан келер емі шыжғырған қойдың майын әлгі жарасына жағып жібіткен болады. Содан болар, көйлегінің жағасы мен бас киімі үнемі майсіңді, саржағал түсінен арылмайды. Таз адамға ортақ қасиет өзге жұртқа мінін көрсеткісі келмей жапатайын үнемі баса киіп жүргені. Есенбай да соның бірі, тек ешкімнің көзі түспейтін далаға шыққанда ғана қысылмай бөркін алады. Басын желге қақтырып қой шетінде желдеп бара жатқан ешкілерге «шәйт, шәйт» деп барылдай айқайлап отырғаны. Оқыс дауыстан басын көтерген жаман торы «Жазған-ай, желкеңнің қышуы қанса айқайға салатын әдетің-ау. Көк серке қойдан бөлініп қайда кетуші еді» дегендей оқыранып қайтадан алдындағы шөпті күртілдете үзе бастайды. Есенбай осы уақытта ойына бірдеңе түскендей орнынан тұрып төбенің етегіне түседі. Анда-санда еңкейіп қарабауырдың жұмыртқасындай салмақты жұмыр тастарды тереді. «Осы жарайды-ау» дегенде барып отырған жеріне келіп от жағады. Жаңағы тастарын оттың ортасына тастап қасындағы дорбасына қолын созады. Сырты күйелеш болған кішкене шелегін алып күйсеп жатқан қойларға беттейді. Шетінен тұрғызып алып сауа бастайды. Басына қонып тыным бермеген шыбындарды қағып отырып анадай жерде жатқан бөркіне қарайды. Кие салмағанына өкінетін сияқты. Ызыңдаған шыбындар осы сәтті пайдаланып қалғысы  келгендей  оның  қолын  ербеңдеткеніне  қаша  қоймайды,  қайта


 


жаңағы май жаққан қызылшақа жеріне үймелеумен болады. Шыбынмен арпалысып отырып шелегін де толтырады. Оттың қасына келіп бұл уақытта әбден қызған тастарды бір-бірлеп сүтке тастайды. Көп ұзамайды, сүттің беті бүлкілдеп қайнай бастайды. Кәзір ішер тамағына асыққандай жұтынып қояды. Кішкенеден соң манағы басынан түскен орамалымен шелегінің сыртын орап, исі бұрқыраған қою сүтті асықпай ұрттай бастайды. Тауысып болғасын қасындағы төмпешікті жастық қылып қисая кетеді. Бұл дүниенің рахатын жаңа көргендей анда-санда кекіріп жан-жағына маңғаздана көз салып отырғаны. Күндегі дағдысы осы. Бұл уақытта бесін де ауады. Жусап жатқан қойлар орнынан тұрып керіліп, бірте-бірте өре бастайды. Қойдың қорғасындай сүтіне тойып маужырай бастаған Есенбай амалсыздан орнынан тұрады. Шүберегін басына орап, бөркін сыртынан баса киеді. Атына мініп қой соңына қайтадан ереді.


Бүгін де сол жаттанды ізімен келе жатыр. Қойды алдындағы тепсеңге құлатпақ. Өткендегі жауып өткен жаңбырдан кейін сол жердің шөбі бітік өскен. Көк қуалап тыным бермейтін ешкілер де ол жерге барғанда ақыл енгендей көп қозғала қоймайды. Ойға құлай бере алыстан өзіне бағыттап келе жатқан үш аттыны көрді. Кім екенін айыра алмай қолын көзіне көлегейлеп ұзақ қарады. Екеуі әйел адам сияқты. «Бұлар кімдер болды екен» деп ойлады. Той-томалаққа келе жатқан адамдар деуге келмейді. Өздерінде, көрші ауылдарда қыз ұзатып, келін түсіріп жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне дәл кәзір Үстірт үстіндегілер ондай қызықты кейін ысырған сияқты. Жаңа өкімет дей ме, алдына мал біткен байлардың малын алып, өздерін түрмеге қамайды дей ме, әйтеуір ел арасында жақсы әңгіме айтылмайды. Есенбай болып жақтан оқиғадан бейхабар. Бар білетіні алдындағы малы, аяғы жеткенше барып қайтатын өрісі. Шынын айтса тіпті кәзіргі айтылып жатқан әңгімелерге дұрыстап түсінбейді де. Сонау бала кезінен бері көп ортасында болып, қызық думанға араласып көрген жоқ. Мұның білетіні қай кезде де алдындағы қойы. Көретіні де, айқайлап сөйлесетіні де, ашуы келсе бар қарғысын үйіп-төгетіні де осы қой. Бірақ ештеңеден хабарсыз еді деуге тағы келмейді. Далада жоқ қараған жолаушымен кездеседі, құдық басында жиналып қалғандардың жаңа өкімет туралы бір-бірімен қызыл өңеш болып айтысып қалатын тартыстарының куәсі болады. Бірі түсінікті сияқты болғанмен, көбін басы қабылдай алмайды. Бар ұққаны кедейлерге жаман болмайтын сияқты. Бірақ соның көбіне сенбейді. Төрт мезгіл бауырына барғанда шелек-шелек сүт шығатын байдың талтақтаған аруанасын өмірі шыр бітіп көрмеген кедейге береді дегенге қалай сенерсің. Болмаса сол байдың қойнындағы жас тоқалын күшпен айырып алып, ұрғашы көрмей қатынсырап діңкесі құрып жүрген жалаң аяққа береді дегенді санаңа қайтіп қабылдарсың. Үлде мен бүлдеге оранып аяғын еріне басқан сұлуды қалың малын төлеп қойған жерінен босатып, басына еркіндік береді деген сөзге дені сау адам илана қояр ма. Ол рас болса құран ұстап анттасқандары, құйрық- бауыр жесіп төс соғыстырғандары қайда қалады. Алдын-ала апарып берген қалың  малының  өтеуін  кім  қайтарады.  Сол  сөздерді  айтып  еліріп


 


отырғандарды көріп «Апыр-ай, бұл халық не болып барады өзі. Мен бір нәрсеге түсінбесем құдайдың бұйрығы. Басымды құрт жеген шығар, болмаса бала кезімнен әлі арылмай келе жатқан жараның зияны тиген шығар, әйтеуір мына сайрап отырғандардың мені кем санайтыны шындық. Ал өздерінің айтқандары сау адамның сөзі емес. Ұрғашы біткенге еркіндік беріп, көңілі ұнағанға қосады дегенді осы жасының ішінде естіген де, көрген де жоқ еді ғой. Ерте, ерте, ертеде...деп басталатын ертегінің бірі дағы. Егер рас болса байдың ақ борық жас тоқалын ойлап басымызды ауыртпай-ақ қоялық, жасы келіп сарқарын болған көп әйелінің бірі бұйырса кет әрі еместігіміз, кенеттен тап болған баққа риза болатынымыз анық. Басқа ештеңе тілемес едім. Көпті құдай жеткізер» деп ойлаған.


Бірақ қасындағы Қалдыбайдың бұған қарағанда білігі көп пе, әлде естіміші көп пе, ол арасын білмейді, өткен түнде біраз әңгіме айтқан.


-Осындағы атқамінерлердің енді күйі болмайтын жайы бар,-деген төсегінен басын көтеріп. –Көбі түн жамылып арғы бетке өтіп кету үшін жиналуда көрінеді. Біздің қожамыз кешкісін екі қызын ертіп бір бағытқа жүріп кетті. Әйелі Биялай осында қалды. Соған қарағанда қайта оралатыны белгілі. Қасына қыздарын ертуіне қарағанда бір гәп бар сияқты. Тұрмысқа шығатын қызды ағайын-туғанға апарып көрістіріп жүретін жеңгесі емес. Атының қанжығасына былғарыдан тігілген атжабуын орап байлады. Оны не үшін алды, қайда апаратыны белгісіз. Әйтеуір қайын жұртына қыдырып бара жатпағаны анық. Бұрынғыдай емес көлігін өзі ерттеп, керек-жарағын өзі салды. Ешкімге сенбейтін сияқты. Маған әлдебір қымбат заттарын сол атжабуға орап алып кеткен секілді көрінеді.


-Ау, бұл үйде қымбат дүние көп шығар. Оның бәрін тиесе үш ат емес, үш түйеге де симайды емес пе. Қой әрі, сенде айта бересің. Әлде сандығындағы...


-Міне, міне,-деді оның сөзін бөлген Қалдыбай онан сайын жақындаңқырап. Сол сандықтағы өте қымбат заттарын алған шығар деймін.


-Сандықта ақшасы бар шығар, оны қалтасына салып алмай ма, әлде тым көп пе,-деді Есенбай оның сөзіне әлі түсінбей.


-Әй, өзіңнің басың бар ма, әлде...(Әлде таз басыңда қалған азғана былшырағыңды құрт жеп тауысқан ба дей жаздап өзін ұстап қалды) ...Әлде ештеңе ойламайсың ба? Сол сандықта алтын жатады, алтын. Ақшаң оның қасында түк емес. Білдің бе?-деп ынтыға сөйледі. Біреу тыңдап тұрғандай жан-жағына қарап алды да:


-Мен білсем соны бір жерге тығуға кетті. Ал қыздарын не үшін ертті, оған менің де басым жетпейді,-деді. Өз ойымен өзі болғандай үндемеді. Біраздан соң барып:


-Сен қойға барғанда қойыртпаққа тойып алып ұйықтай берме, көз салып жүр. Қайда тыққанын білсең тісіңнен шығарма. Түбі бір пайдасы тиеді,-деді ұйқыға кетіп бара жатып.


Есенбай содан ұйқысы келмей біраз жатты. Әлгі қымбат затты (мүмкін алтынды) Қалдыбай қанша айтқанмен оның құнының қандай болатынын


 


санасына сіңіре алмады. Патшаның сүгіреті басылған ақша оның қасында түк емес дейді. Рас па екен? Әй, қайдам, білгішсініп әр нәрсені айта беретін әдеті ғой, оттаған сөзінің бірі шығар. «Қой,-деді біраздан кейін. –Жұрттың ақшасы мен алтыны маған не керек. Қойымды құрттап, айранымды ұрттап жүргенімнен артық не бар. Мына заманның жұрт айтқандай қиынға айналып бара жатқанының маған не қатысы бар дейсің. Қандай кез болса да мал соңында шұлғауын сүйретіп жүретін бір қойшы керек шығар. Жалшының пайдаға аспай қалғанын көргенім жоқ. Ал егер Қалдыбайдың айтқаны шын болып байлар бір түнде қарасын батырса, олардан артылған ауыс-күйіс қолымызға тиіп жатса әрі ысырмаспыз» деп ойлады.


Есенбай бірте-бірте жақындап келе жатқандардың Қожаберген мен қыздары екенін таныды. Аққуыс-Шөжік пе, әлде Көлбай төрткіл ме, әйтеуір сол түстік беттен келеді. Ол жақта бұл уақытта ел отырмайтын сияқты еді. Бәрі де жоғарыда. Оның үстіне кәзір қуыс-қуысты паналайтын қыстың кезі емес. Аттылардың өзіне тура бағыттағанын көрген Есенбай қаралай абдырап атын тебініп «шәйт, шәйт» деп жайылып жатқан қойына беттеді. Шабан торы қос өкпесінен тепкен иесінің мына қылығына таң қалғандай кішкене бүлкілге басты да, қайтадан бұрынғы күйіне түсті. Олар көп ұзамай қасына да келді.


-Ие, Есенбай, халың қалай? Қойды осы бетке өргізгенің дұрыс болған екен. Өткендегі жаңбырдан кейін мына тепсеңнің шөбі қаулап өсіпті ғой жарықтық,-деді.


-Ия, Қожеке, жақсы, бәрі де жақсы,-деді Есенбай басқа сөз аузына түспей тұтыға сөйледі. Қожабергеннің қасына келіп амандасып шаруа жайын сұрап тұрғанын көргені осы. Отар мен табынды аралайтын да, керек кезінде өрісті жаңартып, көші-қонға тапсырма беретін де оның көмекшісі болатын. Малшылар анда-санда болмаса Қожабергенді көріп жарытпайтын. Бүгін неге екені белгісіз қасына қыздарын ертіп өзі келіп тұр. Мұны жаңа көргендей анда-санда бетіне қарап қояды. Әсіресе ана екі қызының көзі өткір-ақ екен. Есенбай қаралай қысылды. Қолы құрғырда алдына симай қайта-қайта қасып үйренген желкесіне бара береді. Оның үстіне мұның абыройын төккісі келгендей бір көк шыбын айналып шығар емес. Найсаптың даусы мұндай қатты болар ма «Ойбай-ау, шыбынға лайық жер осында екен ғой» деп өзгелерге сүйінші хабар айтқандай ызыңдап желкесінде жүр. Аяғының тиген жері дуылдатып барады. Қашанғы шыдасын, осы жерге қонды-ау дегенде сарт еткізіп ұрды. Қолына түскен шыбынды ұстап тұрып:


-Апыр-ай, атаңа нәлеттің үлкенін қарашы,-деді.


-Бордақылайтын жер болса ол шыбын үлкеймегенде қайтеді?-деді Ғалия қабағын шытып жиіркене қарап.


Есенбай ойланбай сөйлеген сөзінің өзіне соққы болып тигенін білді.


Бірақ аузына басқа сөз түспеді.


-Бүгін малды түнемелікке ауылға айдап келерсің. Өзіңмен ақылдасатын шаруа болып тұр. Соны ескерте келдім,-деген Қожаберген атының басын бұрды.


 


Есенбай олардың артынан қарап тұрып Қожабергеннің қапталында кешегі былғары атжабудың жоқтығын байқады. «Апыр-ай, түндегі Қалдыбайдың қайта-қайта сыбырлап айтқаны расқа айналып келе жатқан сияқты ғой» деп ойлады. Қожаберген атжабуды қайда қалдырды екен. Барлық қымбат бұйымдарын соған орап бір жерге тығып кеткен болды. Соны қыздарына көрсетіп келе жатқаны ма? Сондай қалай? Егер басқа жаққа кетер болса оларды да өздерімен бірге алып кетпей ме? «Ақылдасатын шаруа бар» дейді. Есенбайдан ақыл сұрайтындай құдайтағала мұның жалтыр басының қақпағын ашып, ешкім білмес бар ілім-білімді әлдеқашан сұйылып кеткен миына құйып жіберді дей ме екен сонда. Осыған дейін ең болмаса малының жайын, өрісінің құнарын сұрап көрмеген адам еді ғой. Ештеңеге түсінбей дал болған Есенбай бытырай жайылып төбе асып кеткен малының соңынан ерді.


***


-Мен кетіп барамын,-деді Қожаберген өздерін неге шақырғанын әлі де біле алмай отырған Есенбай мен Қалдыбайға. –Құдай дегенімді беріп жатса қайта оралармын деген үміттемін. Жат жерге бет алған ел бірдеңені біліп бара ма, жоқ па, оны білмедім. Бірақ адассам да, сүрінсем де сол көппен бірге болғанды дұрыс санадым. Өмір бойы жинаған байлықтың қызығы да, қызғанышы да болады екен. Қызығы-дәуренің жүріп, дегенің болып тұрған уақытта керегіңе жараттың, алдағы күніме деп санын көбейттің. Бұлақ суындай бір-біріне қосылып қарасы үлкейген сайын сол байлық көзіңді қуантты, мәртебеңді өсірді. Қызғанышы-үш ұйықтасаң да түсіңе кірмеген заман келгенде әлгі жинаған дүние мен малдың қолыңнан сусып айдағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі. Көзіңді бақырайтып қойып кешегі қып- қызыл дүниеңді басқа адамдардың бөліп алуы. Егер сол байлықтың жиналуына олар кезінде титтей де болса үлес қосқан болса бір сәрі, жаныңның ауыратыны да, көзіңе қан тола өкінішпен бармағыңды шайнайтының да жол ортада қосылғандардың ісі болып тұр. Бірақ амалың қанша. Сенің қызғанышыңды түсініп, өкінгеніңді ақылға салып жөн сілтер адам болмай тұр. Оның орнына қайта-қайта шабыңнан түртеді. Сұңғыла болсаң басыңа түскен осы жайдан өзіңе де, өзгеге де зиян салмайтын жол тауып көрші кәнеки. Жатқан жерінде тыныштық бермесең ит екеш ит те бір амалын істейді. Ия қауып тынады, ия қашып тынады. Қапса-өзіне қарсы таяқ ұстап келетіндердің санын көбейтеді, қашса-артынан лақтырған тасқа нысана болады. Бірақ біреу қол мерген болса, біреу боқ мерген. Көздеген жеріне тигізе алатыны да болады, лақтырған тасының айдалаға кететіні де болады. Сондықтан қарсы шапқаннан қашқан жөн сияқты. «Мал ашуы-жан ашуы» деген сөз бар. Дәл кәзір ашуға жол берсең дегеніңе жетпей желкеңнің қиылғаны, үмітіңнің үзілгені. Ал, басыңның амандығын ойласаң алдыңа қойған мақсатыңа түбі бір жететінің анық. Сол үдере қашқан топтың құрамында мен де кетіп барамын. Бірақ «тек аман қалсам болғаны» деген қоян жортаққа салып бара жатқаным жоқ. Осы күнге тап қылған тағдырға деген наламды, туған жерге деген өмірі тарқамас сағынышымды, біреуге кеткен өшімді, артымда қалған балаларыма деген уайым-қайғымды бойыма


 


жиып кетіп барамын. Ертең кіндігімді кескен, ата-бабамның сүйегі жатқан қасиетті топырақтан әр қадам ұзаған сайын соның бәрі қосылып жүрегіме шер болып қататыны, өзегімді өртеп, қанымды қарайтатыны белгілі. Адам баласына жамандық ойлаған, қатыгездік жасаған жерім болып көрген жоқ еді. Жаның орынсыз жараланса, ойыңды он саққа жүгірткенмен әділдік таба алмасаң, амалсыздан бейшара күйге түссең ғана қатыгездік жолына бұрылады екенсің. Өйткені одан басқа жол да таба алмайды екенсің. Бәлкім қайта оралар заман болса тағдырдың ісіне мойынсұнып емес, басымнан өткен әділетсіздікті кешірмес адам болып оралармын, кім біледі. Сол кезде өзім жоқта дегенін жасап, асығы алшысынан түскендер болса олармен басқаша сөйлесуге тура келетін шығар.


Қожабергеннің қабағын түйіп, қатулана сөйлегені алдында отырған екі жалшысының үрейін ұшырғандай. Бұрын мұндай қасиеті барын қай-қайсысы да көрмеген еді. Басқа адам емес, өздерін жеке шақырып алып не айтқалы отырғанын әлі түсінбей отыр. Әйтеуір айтар сөзінің артында бір зілдің бары белгілі.


-Бері қараңдар,-деді екеуіне шүйіле қарап. Қолындағы білемдеп ұстаған қамшысы сол күйінде. Бойын кернеген ашуын алдында отырған екеуден алатындай даусы тым қатты шықты.


-Бері қараңдар. Адам баласының ана құрсағынан шыр етіп жарық дүниеге келгенде жалаңаш туатынын білесіңдер. Өмірден өткенде қай- қайсысына да бұйыратыны он кез кебін ғана. Боқ домалатқан қара қоңыз сияқты дүние жинау, бір-бірімен алакөз болып, пендешілікке салыну сол екі кездің ортасы. Қанша байлықтың иесі болсаң да, аспандағы құдайдан бір саты төмен тұратын шексіз биліктің иесі болсаң да қашып құтыла алмайтын, ешкімнің әлі келмейтін бір құдырет бар. Ол сенің маңдайыңа жазылған ажал сағатының соққан күні. Қыршыныңнан қиыласың ба, әлде жасарыңды жасап, асарыңды асап өтесің бе, ол соның қолында. Қырын қараған күні алдына түсіп жортаққа салып кете барасың. Жалынғаныңа, бір күн болса да ғұмырымды ұзарте көр дегеніңе қарамайды. Бәлкім сол күні, о дүниеге кетіп бара жатып жасаған істеріңе өкінетін де шығарсың. Алдыма біткен дәулетті өзгелерден қызғанатынымды жаңа ғана айтқан едім. Мүмкін ол да көзім тірі тұрғандағы пендешілігім шығар. Байқап қарасам артында қалғандарды о дүниеге өзімен бірге алып кеткен адам жоқ екен. Көзі жұмылғасын сол тастап кеткендері өше ме, өсе ме, оған бәрібір. Бірақ екі аяқты пенде болғасын олардың амандығын тілейтіні анық. Таусыла сөйлейтіндей мұнысы несі демең. Алды беймәлім сапарда көздеген жеріңе жете аласың ба, жоқ па, ол кім-кімге де белгісіз. Сондықтан өзіме біткен байлықты да, балаларымды да сендерге тастап кетіп барамын. Бір бұрауына да тимеймін. Артынып- тартынып кететіндей тойға бара жатпағаным белгілі. Маған біткен малдың ішінде сендердің де үлестеріңнің болғаны, сол үшін тер төккендерің анық. Сол еңбектеріңнің өтеуі маған опа таптырмаған малда, әне қалып барады. Бәлкім сендерге ырыс болып қонар. Сойып жейсіңдер бе, сатасыңдар ба, әлде өздерің сияқты жалаңаяқтарға тегін үлестіріп бересіңдер ме, ол өз еріктерің.


 


Енді оған араша түсіп, ақыл қоспаймын. Ал екі қызым мен балам оның өтеуі емес, бірнеше жыл бойы қарамағымда жүріп ас-суымды іштіңдер, бір табан болса да жақын жүрдіңдер. Орынсыз кеткен жерім болмаған шығар, оған құдай куә. Соған байланысты алдағы уақытта қорғаныш болсын деген ойым еді. Дүние кезек деген осы. Кезінде сендер менің күле қарағанымды, қайырымды болғанымды тілеуші едіңдер. Енді сендерден көмек сұрап басымның төменшік тартып отырғанын көріп отырсыңдар. Бұл ақылымның қашқаны ма, әлде шарасыздың ең соңғы үміті ме, оны өзім де білмеймін. Бар білетінім бірін күң, бірін құл деп емес, ілгерге күндерге жетуіне себепші болың демекпін. «Қожабергеннің бізден көмек сұрайтындай кім болғанымыз» деп отырғандарыңды білемін. Мына өкімет жұрт біліп айтса жарлы-жақыбайдыкі, сіңірі шыққан кедейдікі дейді ғой. Солардың дегені болатын сияқты. Өзімдікі десеңдер малды да, оларды да қолдарыңнан ешкім тартып алмас. Құдай қайта кездесуге жазып, төрт көздері түгел күйінде көретін болсам, алғыстан басқа айтарым болмас,-деді күрсініп.


«Мынау не айтып отыр. Құлағым қағыс естіген жоқ па? Бұл өмірдегі бар асылдарын бізге қиналмастан бере салған шынымен Қожаберген бе? Мүмкін емес. Қой шетінде күзетте жатқан шығармын. Оянайыншы. Құдай- ай, бұрын-соңды мұндай түс көрмеп едім ғой» деп ойлаған Есенбай әлдебір күш қылғындырып бара жатқандай жүрегі аузына тығылып жан-жағына қарады. Жоқ, бәрі де өңі сияқты. Қожаберген алдарында. Өзінен төмендегі Қалдыбай басына біреу тоқпақпен қойып қалғандай есеңгіреп аузын ашқан күйінде отыр. «Бірдеңе десеңші, маған қарағанда көргенің көп еді ғой» дегендей көзі бақырайып бұған қарады.


-Қожеке, ол не дегенің, айтқаныңа құлдық. Жолыма сақалыңды төсеніш қыл десеңде қарсы келген жеріміз жоқ еді ғой. Бәрінде, бәрінде өзің айтқандай орындаймыз. Тек түсіне алмай отырғанымыз Ғалия мен Гүлбаршынды...Сонда қалай...Бізге қалғанда...Апыр-ай, қалай еді сонда, не айтсам екен...


-Ия, солай,-деді Қожаберген даусы саңқ етіп. Жолым ұзақ болатын шығар, оған сенің екі-үш тал сақалың төсеніш болып жарытпас. Ақ көңіліңмен айтып отырсаң ризамын. Ал Ғалия мен Гүлбаршынды...Бұл сөзді мен де айта алмай отырмын. Дәл кәзір аузымнан шығуының өзі мұң болып отыр. Бірақ амалым қанша. Сол екі қызды екеуіңе әйелдікке тастап отырмын. Микеще болмасаңдар бұдан әрі мені сұрақ қойып қинамаң. Тоты құстай таранған, мәпелеп өсірген қыздарым еді... Тағдыр-ай, дәл осындай ойыныңа айналам деп ойлап па едім. Екеуінің өтеуі ана Бердібектің қатарға қосылуы. Болды енді. Біз кәзір аттанамыз,-деп тістене сөйлеп орнынан тұрды.


Үстірт үстінің жанға жайлы түні. Терістік беттен баяу соққан салқын леп бар. Айнала жым-жырт. Тек әлдебір құстың тымық ауаны тілгілеп ұшқан қанатының сусылдаған дыбысы ғана естіледі. Бағыты түстік бет сияқты. Анда-санда бұлт арасынан шыққан ай жарығынан Көлбайдың төрткілі, Аққуыс-Шөжіктің ақар-шақар шыңдары, Жабайұшқанның түксиген шыңдары көрініп қалады. Сонау бала кезінен жанына жаттанды болған осы


 


бір көріністер жүрегін тілгілеген Қожаберген ер үстінде тынши алмай келеді. Артына қарамауға бекініп тас түйін болған. Бірақ бүкіл жан дүниесін сыздатқан ауырлыққа шыдай алар емес. Артта оның бар үміті-кіндіктен жалғыз Бердібегі қалып барады. Әлі қанаты қатаймаған, қауырсыны жетілмеген күйде қалды. Ертеңгі күні не болмақ? Бар сенері екі апасы. Қаншама сенім артқанмен олардың жолы жіңішке әйел екені белгілі. Дауылға қарсы тұрғанынан иілгені, арпалыса ілгері ұмтылғанынан кейін шегінгені, налығаны көп болмай ма? Бәріне қолын бір сілтеп өздерімен бірге ала кеткісі де келген. Бірақ ол ойынан тез айныды. Өйткені өзі сияқты қашып барғандарды түрікмен жерінде түрмеге қамап, итжеккенге айдағанын естіген. Соның кебін кисе жат жердегі бұлардың жайының оңай болмасы тағы белгілі. Оның үстіне өзінің шешімін айтқанда баласының үлкенге тән қасиетпен айтқан әңгімесі осы жолға біржолата шығуына себепші болды.


-Бәрін де түсіндім әке,-деген еді дөңгеленіп келіп қалған жасын іркіп. – Енесінен жетім қалған қозы екеш қозы да емшектен үмітін үзгесін ерте отығып кетпеуші ме еді. Сол құрлы жоқпыз ба. Кім біледі, сағыныштың да, өткен күндерге деген өкініштің де артта қалар күндері болар,-деп үлкен кісіше қолтығынан демеп атына мінгізген.


Қожаберген атын қамшымен бір тартты. Артынан қарап тұрған баласының бұл ұзай бере көз жасына ерік бергенін білді. Өзі де алай-түлей болған толғанысын тежей алмай бірте-бірте түн қараңғысына сіңіп бара жатты...


***


Уақыт шіркінге дауа бар ма, жыл артынан жылдар өтіп жатты. Ғалияның сол бір кезеңдерді жаны күйзеле отырып еске алатыны бар. Адам итжанды болады деген рас екен. Басынан өткен сол қиындықтарға қалай төзіп, атан нар көтере алмас ауырлықтың астында жаншылып қалмай аман қалғанына өзі де таңқалады. Жол ортада қалмапты, бірақ мертігіпті, көштен қалмау үшін арпалысқанмен талай рет жүгі ауыпты. Гүлбаршын екеуі жығылып жатса да алдымен Бердібекті ілгері қарата итерумен болыпты. Сол Бердібек үшін өздерінің де тірі жүруі міндетті екенін түсініп туралап келген ажал тырнағына ілінбей кеткен кездері көп еді. Олардың бір жығылып, бір сүрініп бара жатқанымен күні ертең-ақ өзі құрған торға түсетінін білген ажалдың сақылдап күлген күлкісі күні бүгінге дейін құлағында тұр. Бірақ ертеңге деген үміттің, «қалай да жетемін» деген сенімнің мәртебесі ажалдан биік болады екен. Қанды тырнағын қанша сілтегенмен бұлар аман қалды.


«Әлдеқалай заман шығар, бәрі де орны-орнына келмес дейсің бе. Жат жерде татар дәмім таусылмаса міндетті түрде қайта ораламын» деген әке сол кеткеннен мол кетті. Өткен-кеткеннен қанша сұрастырғанмен көңіл қуантар хабар болмады. Әйтеуір түрікмен жеріне аман жеткенін, сол жақта шешесіне уақыт болғанын естіді. Одан арғысын ешкім көріп, білмепті. Шешесі Биялайдың бұлар көрген жерде басы ауырып, балтыры сыздап көрмеген жан еді. Ғалия оның балаларын ойлап уайым-қайғыдан өлгенін білді. Осы жақтан аттанар түні балаларын бауырына басып тұрып:


 


-Құдай-ай, осы шаңыраққа бар қасіретті үйіп-төккенің қалай. Мына балапандар қорғаусыз қалып барады ғой. Ұясынан құлап өле ме, әлде жемтік іздеген өзгенің тырнағына іліне ме, әйтеуір алды тұңғиық болып қалды ғой. Осыншама неге қырын қарадың, кеңшілігің қайда қалды. Жан қысылғанда аузымызға түсер сөз де, көмек сұрайтынымыз да өзің емес пе едің. Қайда, қайда қалды сол құдыретің? Пендешілікпен айтқан сөзім болса кешіре көр. Бүгін болмағанмен ертеңге, кейінге сақтаған мейірімің бар шығар. Шапағатыңды қызғана көрме осылардан. Қасірет пен қайғыдан, уайымнан шемен болып қатқан жүрек осыншама салмақ тартады деп кім ойлаған. Сол салмақты көтере алсам болар еді. Тым ауыр екен ғой,-деп солқылдап жылаған.


Айтқаны болыпты да қойыпты. Желісін іздеп, өрісін аңсаған аруана сағынышқа шыдай алмаған. Қайта айналып келуге аяқтағы тұсау кедергі болған. Ал әкесі үкіметтің уысына түсті ме, әлде басын сауғалап Ауған, Иран асты ма, одан кейінгі тағдыры белгісіз. Шешесінің өлімінің оған оңай соқпағаны анық. Өйткені өмір бойы бір-бірінің қолтығынан сүйеп, бірін-бірі іздеп отыратыны Ғалияға белгілі еді. Шешесінің қайтыс болғаны туралы хабарды жол үсті тап болған бір жолаушыдан естіген күні ойына оралды.


Сол күн әлі есінде. Жаздың кезі еді. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Бердібек жездесі екеуі қойға кезектесіп баратын. Есенбайдың сол қойдан келіп отырған кезі. Тау қопарып келгендей бүгін тырысып отыр. Алдарына түстік тамақтарын енді ала бергенде сырттан түйенің бақырғаны, оған қосыла «Шөк, жамалдатқыр, шөк» деген әлдекімнің даусы естілді. Төрде шалқайып жатқан Есенбай қабағын шытып:


-Тентіреген жұрт алдыңа келген құла суыңды да дұрыс ішкізбейді ғой,- деп күңк етті.


-Ырысыңды ішер дейсің бе, қара шәйнектегі су кім-кімге де жетеді ғой,-деген Ғалияға ала көзімен қарап сол қалпында жата берді.


Көп ұзамады, есікті қайырып бейтаныс адам табалдырықтан аттады. Жасы келген адам екен. Ғалия орнынан тұрып төрге оздырды. Есенбайдың мыңқ етпей жатқанына бір жағынан қысылып, бір жағынан көргені жоқтығына ашуланып тұр. Бірақ бейтаныс адамның көзінше ештеңе демеді. Бейтаныс етігін босағаға қалдырып асықпай жадағайын шешті. Ғалияға қарап:


-Қарағым беті-қолымды шайып алайын. Су әкеле қойшы. Аспан айналып жерге түскендей құдайдың күні де өртеніп кетті ғой-деді.


Ұсынған сүлгімен бетін сүртіп төрде жатқан Есенбайға қарап әрі-бері отырды. Ол қозғалмаған қалпы, өзіме шамалас адаммен амандасуды да білмей жастықты шынтақтаған күйінде жатыр.


-Қазақ «Қырықтың бірі қыдыр» деп есігінен аттағанды төріне оздыратын. Қыдырдай қасиетіміз болмаса да жасымыздың үлкендігі, оған қоса жолсоқты болып келе жатқан жайымыз бар еді. Бас жағыңдағы көзге көрініп тұрған осал жерің болмаса, қол-аяғың бүтін сияқты ғой жарқыным. Орныңнан қозғалуға ақылың жетпеді ме, әлде есік алдына біткен сырты түк,


 


іші боқ азғана малдың буы жібермеді ме? Егер соның бірі болса сөзімді шығындамай-ақ қояйын,-деп Ғалияға бұрылды да:


-Төрден орын сайлап, сыбағалы жілігі алдына келмесе тулап кететін заман артта қалды ғой. Кебежеңнің ішінде, ана шидің артында не барын білмесем де, көңіл пейіліңді танып отырмын. Келген жеріңнің білігі жоқ болғанмен, шыққан жеріңнің бала кезіңнен сүйегіңе сіңірген тәлімі көп болған екен шырағым. Күліп берген қарасуыңды-орнымен берілген сыбаға деп білейін. Шәйіңді құй, шөлдеп келіп едім,-деді


Ғалия бұл уақытта аққұманын қайта демдеп үлгерген еді. Шәйсандығының түбінен ұялатын адам келіп қалғанда керегі болар деп сақтаған тіске басарларын алып қонағының алдына төкті. Өзі дайындаған өлі астарын қоюды да ұмытпады. Манадан бері Ғалияның қимыл-қозғалысын бақылап отырған Есенбай қып-қызыл дүниесі айдалаға кеткендей бұдан әрі шыдамады. Орнынан атып тұрып сырта беттеді. Есіктен шыға бере өз-өзінен маңқылдап сөйлеп барады. Бейтаныс кісі ештеңе болмағандай мұртынан күліп ұсынған кесені қолына алды.


-Бәсе, шабысың осы жоба болатын шығар деп ойлап отырғанмын. Қателеспеген екенмін. Қоңқ етпе мінезің бар шығар, өзгені қиналтам деп өзіңді ойға сүйрейтін қашанғы әдетің болар. Жасың келсе де әлі күнге дейін кісіліктің етегіне қолың жетпеген, құдайдың қалай тап қылғаны белгісіз, қолыңа қонған бақты ит қылығыңмен әрі ысырумен жүрген адам екенсің. Өзгеге ақыл айтар терең сауатым жоқ көптің бірі едім. Бірақ бұл өмірден көрген-түйгені көп адамдардан «Алла еркекке бақ берейін десе, әуелі жақсы әйелді тап қылады» деген сөздің қасиетті құранда жазылғанын естігенмін. Мен білсем өзің түгілі ата-бабаң шығып көрмеген сол биіктің қадірін әлі түсінбей, бағаламай жүрген сорлы екенсің,-деді оның артынан. Содан кейін Ғалияға қарап:


- Қарағым, көмейге келген сөзді кері жұту қанымда жоқ қасиет еді. Айтылған сөз, атылған оқ. Жаныңды жаралап жатса кешіргейсің. Әңгімеңді тыңдаған жоқпын. Бірақ көз жанарыңнан шегірткеше шоршымайтыныңды біліп отырмын,-деді.


-Айтқан сөзіңіздің бөтендігі жоқ. Құдай осы үйдің ошақ бұтын ұстауды маңдайымызға жазғаннан кейін не көрсек те шыдамасқа амалымыз бар ма. Кезінде тура бағыттап келген қай қонақ болса да төрімізге шығарып, сыбағасын алдына тосатын біреуден ілгері, біреуден кейін дәулеті бар адамның қызы едік. Бірақ сол дәулетке бола кісілігімізді жоғалтып, қазақылығымызды ұмытқан жеріміз жоқ еді. Аяқ астынан бәрі өзгеріп шыға келді емес пе. Біреу бас сауғалап кетті, біреу боқ байлығының соңында кетті. Бұл өкіметті енді желкемнің шұқыры көрсін деп туған жерін талақ еткендер де бар, қайта ораламын деп үміттеніп кеткендер де бар. Әкеміз сол үміттің жетегіне ілесіп, қайтып келер қазығы-жалғыз баласын қалдырып кеткен. Сол қазықтың өз жұртында жоғалмауын тапсырған аманаты бар еді. Әзірге аманбыз, бірақ бұрынғы әкеден қалған қонысқа артында қалған баласы емес, өзге біреудің билік етіп жүрген жайы бар. Дастархан басында отыра алмай


 


шығып кеткен осы үйдің иесі. Оның қандай адам екенін өзіңіз жобалап отырсыз. Көп істері көңіліме жақпаса да сіздің сөзіңізге қосыла кетуге намысым да жібермей отыр. Басындағы бөркін көп қозғайтын өнері бар екенін біліп отырсыз, дегенмен осы үйдің қожасы да сол, бұйрық беретін де сол. Бірін орындаймыз, біріне қаша ұрыс салумен келеміз. «Құдай салды, біз көндік, ақ шұнақ шал бері жаттың» басымыздан өткеніне де бірталай уақыт болды.


-Апырмай, қарағым-ай, сен кімнің қызы едің,-деді бейтаныс қонақ. Шәйға терледі ме, әлде мына бейшара келіншектің жанына тиер сөзді айтқанына қысылды ма, әйтеуір көлдей орамалымен қайта-қайта терін сүртумен болды.


Ғалия жөнін айтты. Қожабергеннің атын естігенде бейтаныс қонақ:


-Ой, дүние-ай, асылдың сынығымын десеңші. Қожекеңнің қайта айналып келер қазығы-жалғызы қайда кәзір,-деп сұрады.


Ғалия қонаққа жалт қарады. Жүрегі аузына тығылып:


-Әкемді біледі екенсіз ғой. Жолына қарап сарғая күткенімізге не заман. Тірі ме, қайта орала ма,-деді абдырап. –Бердібек қой соңында, үй иесі ұйқысын қандырғасын ауыстырады.


-Жаңа алдымнан кездестірген малшы жігіт осында сілтеп еді. Сол болды ғой. Мал шіркінге жиі-жиі өрісін ауыстырып тұрмаса қоңынан айрылатыны белгілі. Әлдеқашан тұяқкесті болған жерге жайғаны қалай деп ойлап едім. Бәрі кәзіргі қожасына байланысты болды ғой. Оның ертеңгі аузын майлар жайына емес, қарасын көріп, соған көңіл тойдырып жүрген адам екенін білгенмін,-деді.


-Көргеніңіз қателестірмепті, тірлігіміздің түрі осы. Көзін ашқаннан мал бағудың қыр сырын білетін адам оның ертеңгі қызығына үміт артады. Қарасына көңіл тойдырып жүргендер болса бір күн соғар боранның, төбе астынан бұғып келген қорқаудың жемтігіне айналады. Оның жөнін айтып үй иесіне ақыл-кеңес бере алмаймыз. Өз білігі өзіндегі адам. Айтқан сөзіңді, қосқан ақылыңды кері түсінетіндер де бар емес пе. Не көрсек те ел ішіндеміз ғой. Көрген білгеніңізді жасырмай айтыңызшы. Әке-шешемізді ойлап көңілдің күпті болып жүргені де, жүрек шіркіннің секем алып салмақ тартып жүргені де бар еді. Қажып жүрген көңілін жүдетіп кетпейін деп ішіңізге бүгіп кетпеңіз. Кәзіргі уақытта тағдыр кім-кімге де жүк үстіне жүк артумен келеді емес пе. Тағы да салмақ артып жатса көнбеске амал бар ма,-деді Ғалия қонағына қарап.


-Қинадың-ау, қарағым. Көппен бірге түстік жаққа сапар шеккенмен әкеңнің хабарын айтатындай дәл кәзір сол жақтан келе жатқаным жоқ еді. Өзің айтқандай ол жаққа алдыма біткен байлығымды қызғанып кетсем бір сәрі еді. Кезінде руымызға билігін де, сөзін де жүргізген ағайынның айтқанынан аса алмай адасқанымызды артынан білдік. Жат жердің жұмақ болмайтынына, басыңды сауғалағанмен жаныңа ықтасын болмайтынына көзім жетті. Еркелігің елде екен, тентектігің қалың ағайынның ортасында жүргенде екен. Біреуге тасып айтатының да, біреуге басып айтатының да


 


туған топырағыңда тайраңдап жүргенде екен ғой. Екі аяқты пендеге тап болар дерттің ең ауыры туған жерге деген сағыныш дерті екен. Босып бара жатқан елде сол ауруға ем жасап, жол көрсететін бақсы-балгер де жоқ. Бола қойған күннің өзінде «Ауруыңның емі туған далаңның ауасы мен бұйрат- бұйрат болып созылып жатқан құмында екен. Аунап-қунап жатсаң лезде сауығып кетесің» деп қайтіп айтар. Сөйтіп күн өткен сайын, еліңнен ұзаған сайын әлгі ауру қабатталып жамала береді екен. Жат жерде әлгі құранда айтылатын жұмақтағы салсабин деп аталатын бұлақтан алынып, хош иісті кәфур қосылған сусын беріледі десе де туған топырағыңның бір тамшы суына татымайды екен. Қиямет күні о дүниеде емес, басыңнан өтіп жатқан зобалаң кездері екен ғой. Сағыныш түбі есіңді жоғалтар сандыраққа, өкініш түбі таусылмас көз жасыңа айналады екен. Мен сенің әкеңмен түрікмендердің Иранмен шектесер жеріне дейін бірге барып едім. Бұрын сырттай біліс болғанмен сапар үсті бір-бірімізге тым жақын болып кеткенбіз. Шешең жол үсті қатты ауырды. Шекараға келіп ертең әрі асамыз деген күні Биялайдың аурулығына байланысты көшті доғардық. Кейбіреулер арттан келер қуғыншыдан қорқып тоқтамауға бекінді. Үш-төрт шаңырақтың адамдары болып Қожабергеннің қасында қалдық. Сонда Биялай әкеңе қарап жатып:


-Қожаберген, менің ғұмырым да, сені қолтығыңнан сүйейтін көмегім де осы жерде аяқталатын сияқты. Қанша асықсаң да енді кідір, соңғы өтінішім болсын, мен бір жайлы болғасын аттанарсың. Бетімді өз қолыңмен жауып кет. Ат басын қаншама кейін бұр десем де тыңдамадың. Ендігі билік өзіңде. Сенің санаңа жетті ме, жоқ па, оны білмеймін, бірақ өзімнің көзім жеткен бір нәрсе бар. Ол туған жерің мен сонда өз қолыңмен салған ұяңнан артық ештеңенің жоқтығы, тағдырдың әркімнің маңдайына жазылған сызығының болатындығы. Құс екеш құс та көктем сайын бұрынғы ұясына келіп, кейбір жерін қайтадан бүтіндеп жұмыртқа салып жатпаушы ма еді. Бізге сол ыстық ұямызды бүтіндеу бақыты жазылмаған жан болдық. Оған көзім анық жетті. Көп ұзамай сызығымның таусылатынын да білгенмін. Құдайдан алар жаның болса жат жерге жеткізбей ала көр деп тілеумен болып едім. Құлағына жеткен сияқты. Ана жаққа өтіп кетсем екі орта жабық қой. Артта қалған балапандар ержетіп іздеп келер заман болса тас қамалдан өте алмай қалады ғой. Ей, Алла, дәл кәзір маған жіберген ажалың болса ризамын. Кідіртпеші, тезірек жіберші сол ажалыңды. Онан басқа Қожаберген мені қимас, менің одан қалғым келмес, сөйтіп жат жерге мәңгілік өтіп кетерміз,-деді.


Кенет қайтадан есеңгіреп:


-Әй, Бердібекжан, оның не, атпа деймін, атпа. Таста мылтығы құрғырыңды. Танымай тұрсың ба, тентегім-ау. Ол өзіңнің қолыңда өскен арқардың қозысы емес пе. Бәрібір қасқырға жем болады деп сойып алғысы келген әкеңмен келіспей Аққуыс-Шөжіктің тауына апарып тастап едің ғой. Өлмейді. Туған жерінде жүрген жанға тау-тасы да, бұта, шөбіне дейін қорған болады. Сөйте ғой, құлыным,-деп баласы қасында отырғандай елжірей сөйледі.


 


Биялайдың есеңгіреп жатқанын білген Қожаберген маңдайына қайта- қайта сулы шүберекті басумен болды. Әлгі сөзді естігенде өзін-өзі ұстай алмай солқылдап жылап та алды. Арпалысып жатып таң ата өмірден озды. Биіктеу бір төбенің басына қойдық. Қанша қарағанмен көзкөрім жерден мұсылманның қауымы көрінбеді. Бұл да оңай емес екен қарағым. Мен дәл сол жерде, шешеңе бір уыс топырақты салып тұрып бұл жалғандағы қасіреттің ең үлкені жат жердегі жалғыздық екеніне көзім жетті. Тек тірі кезің ғана емес, өмірден өткенде де жалғыз қалмай мұсылман қауымының шетінен орын тигенге не жетсін Биялайдың құдайдан сұраған зарының дұрыс екенін ұқтым. Сол жерде тұрып алды әлі беймәлім сапарға емес, жүріп келген ізіммен кері қайтуды дұрыс деп шештім. Көш қозғалып кетті. Айдаладағы жалғыз төмпешіктің қасында Қожаберген екеуміз ғана тұрмыз. Біраздан соң ол маған бұрылып:


-Мұның да дұрыс шығар. Елге барғанда ешкім қол-аяғыңды кісендеп түрмесіне қамамас. Сіңірі шыққан кедей екеніңе құдай куә. Артта қалған балаларым жайында өзіңе талай рет айттым ғой. Қорған бол, көз қырыңды сала жүр демеймін. Тап болып жатсаң осы жайды жеткізерсің,-деп бірте- бірте ұзап бара жатқан көш артынан кеткен еді.


Содан бері де біраз уақыт өтті. Қожабергендер қызылбастың қай жеріне барып тұрақтады ол жағынан мен де хабарсызбын. Елде әйелім мен екі балам қалған. Осыннан аттанар түні байдың тірі жанға қимай айдап бара жатқан малының шетінен бөліп бір-екі сауын түйе мен күш-көлік тастағанмын. Өйткені сол малдың жол ортада бейнетін көретін өзім ғой. Оның үстіне адам баласына ештеңе қимайтын дүниеқоңыздығы болғанмен қожамыздың ол уақытта босып бара жатып малының есебін алуға мүмкіндігінің жоғы белгілі. Дұрыс жасаған екенмін. Бәрібір сол мал жол торыған қарақшының алдында, қуғыншының қолында кетті. Әйелімнің төркін жұртының мекені Жем, Сағыз бойы болатын. Соларды сағалауды тапсырып кетіп едім. Жетті ме, әлде жол ортада әлденеге тап болды ма, белгісіз, әйтеуір бұл жақтан таба алмадым. Сол жоқтың соңын қуып келе жатқан жайым бар. Менің бар білетінім осы қарағым. Сендерді құдай тап қылды. Көрген, білгенімді айттым, әкеңнің аманатын орындадым. Басқа не айтайын,-деп үнсіз отырды. Біраздан соң барып:


-Е, қарағым-ай, бәрін де біліп, сезіп отырмын. Құс төресі аққудың айдын көлден кетіп шалшықта күн кешкенін кім көрген. Қыран құстың шың басынан түсіп жапалақпен қатарласа ұя салыпты дегеніне кім иланар. Күні кеше ғана екінің бірінің қолы жетпес арман болған асыл аруға есік алдындағы құл-құтанның билігі жүріпті дегенді кім естіген. Бұл заманның азғаны ма, әлде адам атты қасиетімізді жоғалтқанымыз ба, оны мен білмедім. Қазақ шіркін балақтағы бит басқа шапты деп осындайды айтады екен ғой. Көрмегенді көрдік, естімегенді естідік. Жайыңды көріп жаным күйзеліп те отыр, бір жағынан ерлігіңе риза болып та отырмын. Әке аманатына адалдығың ерлік емей немене, қосақталған жаманға еріп жүнжіп кетпегенің өрлік емей немене. Мақсатыма жетем деген ұмтылысыңды өжеттік емес деп


 


қалай айтарсың. Намысың жоғалмапты, жігерің жасымапты. Дегеніңе жетеді екенсің, соған көзім анық жетті. Ал аман болың. Аллатағала шын сұраса тілегіңді қабыл алады дейді ғой. Мені де сол көп тілекшінің бірі деп есепте,- деп орнынан көтерілді.


Есікті ашып қонағына жол беріп сыртқа шықты. Ғалияға ма, әлде келген қонаққа ма, әлі ашуы тарқамаған Есенбай өз-өзінен бұрқылдап сөйлеп анандай жерде жүр екен. «Таз ашуын тырнаумен алады» деген шындық болса керек, қайта-қайта қасынып қолын басына апарумен жүр. Ғалия үлкен кісінің қолтығынан сүйеп түйесіне мінгізді. Бақырауық атан жан-жағына жынын шашып орнынан тұрды.


-Ал, аман болың қарағым,-деген жолаушы қозғала бере бірдеңе айтқысы келгендей көлігінің бұйдасын тартты. –Айтпақшы,-деді артына бұрылып. Естігенім қате болмаса жаңа өкімет елдің басын біріктіріп ұжым құрып жатыр дейді ғой. Менің ақылымның ана тұрған бұл үйдің қожасына жақпайтыны да, қабылдамайтыны да анық. Дегенмен қарағым осының соңынан еріп сай-саланы сағалап жүре бергенше сол көппен бірге болғандарың дұрыс сияқты. Енді қаншама қашқақтағанмен бұл үкіметтің дегені болатын сыңайы бар. Кім біледі, жалғыз ініңнің бағы сонда жанар. Осы күйлеріңмен жүре берсеңдер сендер де ия бай болып, ия басшы болып жарытпаған Есенбайдан артық болмайсыңдар. Жаңа өкімет үлкен-кішіге қарамай сауаттандырамыз деп жатыр ғой. Ініңді соған бер. Арғы жағы тәрбиелі жанның алып кетері анық,-деп жүріп кетті.


-Қайдан білейін,-дейді қонағын шығарып салған Ғалия оның артынан қарап тұрып. Менің күні бүгінге дейінгі өмірімді өрлікке, ерлікке теңейсің. Мен тіпті солардың арасын ажыратудан да қалған сияқтымын. Әйтеуір түн жамылып кеткен әкеміздің өзімізге айтқан аманатын орындап, жалғыз Бердібекті қатарға жеткізу жолында арпалысып келеміз. Жолаушының айтысына қарағанда шешеміз айдалада қалыпты. Ал әкеміз тірі ме, әлде оның да дәмі таусылып әлдеқашан өмірден өтті ме, ол жағы беймәлім. Көмескі тартқан сүрлеу жол сияқты «қайта оралар, өз ошағына келіп табысар» деген үмітіміз де жоғала бастаған сияқты. Енді басқаға емес, өзімізге сену ғана қалды. Жолаушының ортаға бірігің дегені дұрыс болар. Алғаш ұжымдасып жатқан колхозға бірден қосыла кетуге біреу болмаса біреу түбімізді қуар қорыққан едік. Ондай уақытта біздер ештеңе емес, Бердібекке зияны тиер, сондықтан әзірге сырт орай болғанымыз дұрыс болар деп ойлағанбыз. Содан бері де біраз уақыт өтті. Әзір біздермен ешкімнің жұмысы жоқ сияқты. Тіпті бір кездері байлығы ернегінен асып төгіліп жататын Қожабергеннің қыздары болғанын бәрі де жадынан шығарып алғандай. Кәзір мұның «ақпа таз Есенбайдың қатыны» дегеннен басқа атағы да жоқ. Ендеше қалған жерде Есенбайдың айтқанына көніп, айдағанына жүре беруге болмас. Жаңағы жолаушы «Қыдырдай қасиетіміз болмаса да, көпті көргеніміз бар ғой» дегенді бекер айтпаған болар. Соның айтқан сілтеуі адастыра қоймас,-деп шешкен-ді.


 


***


-Е, қарақтарым-ай, басымыздан не өтпеді дейсің. Әкемнің баяғы аттанар алдында «Құл құлдығын жасайды. Оның көргені таяқ, қаруы қамшы. Бір күн тойса екі көзі ештеңе көрмей желкесіне бітеді. Арғы жағы тексіз адам бір күн тойса болды, өткенін тез ұмытады, осы есіңде болсын. Басы еркіндікке шықса болды біреуге қамшы үйіруге әуес. Ондай кезде сол қамшы өздеріңе ғана емес, ана Бердібекке де тиеді. Соның бәріне шыдаң, тек Бердібек үшін, менің әулетімнің өмірі тоқтап қалмас үшін шыдаң. Итшілеп күн кешсеңдер де сол Бердібекті бір қараға жеткізің» дегені айнымай келді де қойды. Осы күндері сол қорлықтарға қалай шыдадым, ауырлық кезеңнен қалай өтіп кеттім деп таңқалатыным шындық. Бірақ жауабын таба алмаймын. Бәлкім өзімнің көнбістігім, бәлкім Гүлбаршынның ер адамға лайық өрлігі себепші болған шығар. Ол осы қиындықтан тек өзін алып шықпады, бізді далаға тастамай қолтығына қыса жүрді. Қары талып, сүлдесі құрыса да бізді ауырсынып шыңырауға тастамады. Сөйтіп жүріп те баяғы тектілігін бойынан жоғалтпады. Маған да жүнжімей үнемі еңсемді көтеріп жүруді, бір кездегі күйімді есімнен шығармауды тапсыратын. Әй, қарағым-ай, бұл сөзді не үшін айтып отыр екен деп мені жазғырмаң. Шеті тарқатылып кеткен сөзімді енді сендерге айтып барып жинастырмасам болар емес. Қарғыс атқан сол қасіретті түн менің әлі есімде.


Әкем мен шешемді шығарып салғаннан кейін алты қанат ақ орданың ішінде состиып үшеуміз ғана қалғанбыз. Қорғанышы жоқ үш жетім. Бағыт- бағдары, алдағы күндері белгісіз үш мұңлық. Әкеден қалған дүние мүлікке де, иесіз қалған малға да қолды бір сілтеп үміттенген жаққа жүре беруге еркіндігі жоқ үш бейшара. Қол-аяғың көзге көрінбейтін тұсаумен маталып тасталғандай қозғала алмайсың. Сол тұсауды үзгің келгенмен тәуекелің жетпейді. Шындығында оған барғың да келмейді. Өйткені басымызға келген ойымызға да, қай ісімізге де кедергі болып әкенің қайта-қайта айтқан аманаты жатты. Одан аттап өтуге, аманатқа қиянат жасауға қай-қайсымызда бара алмадық. Әкемнің «Қандарыңда адай қызына тән өрлік бар деп есептеймін. Соған сеніп артыма қарайламай бара жатырмын» дегені ойымызда тұр.


Кенет есік түріле ашылып үйге Есенбай мен Қалдыбай кірді. Бізді көріп босағада тұрып қалды. Бірақ бұрынғыдай емес, бойларында еркіндік бар сияқты. Көп ұзамай бірін-бірі итеріп төрге шықты. Бұрын бұл үйге кірмек түгілі, табалдырығынан аттауға тәуекелі жетпейтіндер өз көздеріне өздері сенбей жан-жағына тамсана қарайды. Қай-қайсысының ойында да «Енді мына байлыққа кім қожа болады» деген сұрақ жатқаны анық. Тіпті күні кеше ғана мал соңында қатар жүріп, жаман күркеде қатар жатқан екеуінің көзқарастарынан бір-біріне деген қызғаныштары байқалады. «Мынаған қарағанда жастығым да бар, көзге көрініп тұрған кемдігім де жоқ, сондықтан алдымен қамданып қалайын» дегендей Қалдыбай қақырынып бізге қарап отырды да:


 


-Байекең...ия, ия, Қожекең бәрімізді жинап алып өзінің тапсырмасын берді емес пе? Енді, енді...қалай деп айтсам екен, үлкен кісінің айтқан сөзін орындауымыз керек шығар. Осындағылар біліп айтса олардың сол кеткеннен кері оралуы қиын көрінеді. Сондықтан мен мынандай шешім қабылдап отырмын. Осы үйді Гүлбаршын екеуміз еншілейміз. Ал, Есеке сен өзіңнің адамыңмен екінші үйді иемден. Бердібектің сенің қасыңда болғаны дұрыс шығар. Бұл үйдің малының есебі екеумізге белгілі ғой. Бір-бірімізге қиянат жасамаспыз,-деп тағы да жан-жағына қарады. Міні құрымай сол күйінде тұрған дүние-мүлікке көзі түсіп:


-Апырмай, Қожекең сөзінде тұрыпты. Бір бұрауына да тимепті ғой, қарашы Есеке. Ой, құдай-ай, сенің берейін десең шапағатың көп екен ғой. Дәл осылай болады деп үш ұйықтасам да түсіме еніп пе еді. Әлі сенбей тұрғаным. Мына үй, мына дүниенің ендігі қожасы шынымен мен болдым ба? Тіпті солар қайтып келмесе екен, осының бәрі менде қалса екен,-деп не айтып, не қойғанын білмей есі кете ыржалақтап күліп айдалаға лағып бара жатты.


Дәл осы мезгілде Гүлбаршын:


-Әй, Қалдыбай бері қара,-деді саңқ етіп. –Сен кезінде әке-шешеңнің азан шақырып қойған өз атыңды ұмытып та қалған шығарсың. Сол атыңды менің аузымнан тұңғыш естіп тұрғаның шындық. Бұрын саған «жалшы» десе де, «боқшы» десе де жараса беретін. Ал бүгін өз атыңмен атап тұрмын. Біле білсең саған бұл да мәртебе. Өйткені тағдырдың маңдайыма жазғаны ма, әлде бұйырмыс па, болмаса әкемнің өтініші ме, білмеймін, кәзірден бастап сенің иелігіңе көштім. Ана езуіңді, менің айтар сөзімді аяғына дейін тыңда. Маған бай болмақ түгілі, бір кездері кескен тырнағыма тұрмайтын, лақтырған таяғымды әкеле алмайтын сорлы едің. Амал қанша, өзің айтқандай түсіңде көрмеген бақ пен байлыққа тап болдың. Құдайтағаланың құдыретіне шек бар ма, бір күннің ішінде аспаннан тастады да жіберді. Тексіздігің бе, әлде уызында жарымағандығың ба, көз алдыңда көрінген дүниеге есің кетіп не айтып, не қойғаныңды білмей тұрсың. Тіпті көңіліңнің қаралығын да жасыра алмадың ғой бейшара, бәрін қолыңа тастаған әкемнің келмегенін тілеп тұрысың мынау. Одан қалған дүние мен малдың тек өзіңе бұйыратынын қайдан білесің. Керек болса жаңа өкімет сенен де бір күнде сыпырып алатынын неге ойламадың. Кәзір көзің тұманданып тұрғанмен қайтадан бұрынғы таз қалпыңа түспейтініңе сенімдісің бе? Микеще болмасаң осыны неге ойламайсың, күн сайын көз алдыңда өтіп жатқанды санаңа неге тоқымайсың? Мына үй сенікі емес, Ғалия мен Бердібектікі болады. Қараша үйге екеуміз кетеміз. Тоқта, сөзімді бөлме, не айтқың келіп тұрғаны маған белгілі. Ал менің айтар сөзімнің ең бастысы алда. Есенбай сен де тыңда, бұл жалғыз бұған емес, саған да қатысты. Сендердің кәзіргі қолдарыңа тиген билік бізді әйел қылу мен бұйырған малды иемдену ғана. Ал тексіздіктеріңе басып Ғалия мен менің, Бердібектің жанын жаралайтын болсаңдар өздеріңе оңай болмайды. Осы естеріңде болсын.


 


-Ойбай-ау, мына қатын қайтеді? Байың болғаннан кейін ендігі жердегі бар билігің менде емес пе еді? Жоныңнан таспа тілгеннен кейін білесің менің кім екенімді,-деп Қалдыбай даусын көтере қоқилана сөйледі.


-Не дедің? Ой, сорлы-ай, алтын мен бақырды айыра алмаған жетесіз- ай! Қатын деген сөзіңді ең болмаса бір күн болса да кейін қалдыруға ақылың жетпеді ме? Бердібекжан-ай, сен үшін отқа түстік-ау. Намысымды, қыздық арымды бағалай білмеген сорлы! Сөйтпесең құл болар ма едің? Бұрынғылар ақылы азған құлды тәубесіне түсірер бір ғана құрал бар деуші еді. Ол қамшы болатын,-деп тістене сөйлеген сұлу төрда ілулі тұрған қамшыны көз ілеспес жылдамдықпен алып алдында тұрған Қалдыбайды бас-көз демей төпелей жөнелді.


-Әй, әй, қойсаңшы шырағым,-деп араша түспек болған Есенбайды да соққының астына алды. Олардың тиген жерін тіліп түскен сегіз өрме қамшыдан кірпіше жиырылып қорғанудан басқа амал қалмады.


Гүлбаршын біраздан соң барып тоқтады. Адам қадірін түсінбес жетесіздің сөзіне деген ашудан, қызғыштай қорыған қыздық арының қызығын өзінің аңсаған адамы емес, бір кездері есік алдында жүрген құл- құтанның көретініне намыстанып, күйінгеннен көзіне лықсып келген жасын да сүртпеді. Тағдырдың бірімізге емес, екеумізге бірдей осындай қасіретті тап қылғанына налыған мен де сіңліммен қосыла егілдім. Гүлбаршын біраздан соң барып орнынан тұруға жігері жетпей бұрышта отырған Қалдыбайға жиіркене қарап:


-Тұр орныңнан. Қамшының да қасиеті бар дейтін еді, сол қасиетінен айрылып қалмаса есіңе бірдеңені түсірген шығар. Айтқаныма көніп, айдағаныммен жүр демеймін. Қанша айтқанмен еркек атың бар емес пе. Әйел екенімді ұмытпаймын. Бірақ орынсыз зорлық, қорлыққа көнбейтінім есіңде болсын,-деп қасында тұрған Бердібекке:


-Мына қамшыны әкем қолынан тастамаушы еді. Ұмытты ма, әлде әдейі сен үшін тастады ма, ол жағын білмедім. Ендігі иесі сен, әкемнен қалған бар мұра да, көзі де осы деп есепте,-деп Бердібеке ұсынды.


Бұл өмірде кездесер қиындық жалғыз біздің емес, сол жылдары кез- келген адамның басынан өткен жай ғой шырақтарым. «Көппен бірге көрген ұлы той», оны жыр қылып несіне айтамын. Біз үшін ең ауырлығы да, қасіреті де жаның сүймеген адамның дегеніне көну болды. Бәлкім «жаның сүймеген» деген сөз Есенбай мен Қалдыбайға берілген әділ баға да болмауы мүмкін. Күні кеше ғана әлгі жырларда айтылатындай «тоты құстай таранып», үлде мен бүлдеге бөленіп жүрген біздерді, тағдыр бүгін күлімсі исі сасып, қолы босаса ышқырына қол жүгіртіп отыратын есігіңнің алдындағы құлымен бір көрпенің астында табысады дегенді бұрын естісек нанар ма едік. Естудің өзі қасірет емес пе еді. Әсіресе өмір бойы басының жарасы жазылмай қанды іріңі ағып жүретін, осырақ қоңыздай әудем жерден жүрек шайлықтырар исі шығатын, жасы елудің үстіне шыққан көсе Есенбаймен әлі жиырмаға жетпеген уыз күйімде, жұпар исі аңқыған гүл күйімде бір жастықта бас түйістірем деп ойлап па едім. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып не


 


қылайын, мен сол түні Гүлбаршынды өзімнен бақыттырақ санағаным да рас. Бәлкім пендемін ғой, қызғаныш та болған шығар. Өйткені Қалдыбайдың жалшы деген аты болғанмен, көзге көрініп тұрған кемдігі жоқ. Бүйтіп ақпа тазға қор болғанша өкіметтің адамдарына барып әкемнің осыған зорлап қосып кеткенін айтқым да келген. «Солай істегенің дұрыс, әкең айтты да кетті, кәзір оның қайда екенін бір құдай біледі. Сондықтан күні бүгіннен бастап басыңды арашалап ал» дейді бір шайтан қайта-қайта иығымнан түрткілеп. Бірақ олай істей алмадым. Көз алдыма әкемнің біздерге сенім артып аттанғаны, «Қандай қиындық көрсеңдер де Бердібек үшін шыдаңдар» дегені келеді. Оның үстіне Гүлбаршынның «Қайтеміз, тағдыр осылай жазды. Қорғансыз, қолдаушысыз жүрген жандар ғой. Айуан емес, айтқанға, тәрбиеге көнетін шығар» дегені де себепші болды.


Мен сөйтіп бәріне де көндім. Жаным ауырып, пәрше-пәршесі шыққан жүрегім қан жылап отырса да өзімнің болашақ, ендігі жерде болашақ емес, өмір бойғы «азаматым» болатын ақпа таз Есенбайды төріме шығарып қызмет жасадым. Тамағымнан қара судың өзі тас жұтқандай өтер емес. Бірақ мен үшін қасірет пе, әлде қайғы ма, болмаса адам аузымен айтып жеткізе алмайтын ауырлық па, білмеймін, әйтеуір аза бойың қаза тұратын үлкен қиналыс алда жатыр еді. Соны ойлаған сайын суыққа бой алдырған қызыл гүлдей дір-дір етемін. Көп ұзамай түп-тамырым үзіліп бұл өмірмен қош айтысатын сияқтымын. Әлі он жасқа да толмаған Бердібек бетіме жалтақтап қарап отырды да, орнынан ұшып тұрып сыртқа шығып кетті. Дір-дір еткен жауырына артынан қарап отырып оның да жанының қиналып, менің қайғымды сезініп егіліп бара жатқанын білдім.


...Қасыма келіп қисайған Есенбайдың исіне шыдай алар емеспін. Жамылғы көрпемді тас қылып бүркеніп, мұрнымды жастыққа тығумен болдым. Шама келгенше арамызды алшақ салуға тырысып шегіне түсем. Бір күн, ең болмаса бір түн болса да алтындай қорыған арымды сақтағым келгендей. Бірақ не үшін, кім үшін сақтағым келді, оны өзім де білмеймін. Жалы төгілген арғымаққа мініп ауыл сыртынан әрлі-берлі өтетін қияқ мұртты жігіт көз алдымнан кетер емес. Түн жамылып кездесе қалған сәттерде тұла бойымды балқыта, ыстық демімен өртеп құшағына алатыны ойыма оралды. Сондай уақытта өзімде бас тартқызбай алып бара жатқан асау сезімді зорға тоқтатып «Сабыр, сабыр етші, уақыты келгесін бәрі де сенің иелігіңде ғой» деп шашынан еркелете сипайтыным, енді соның бәрі адыра қалып, жаным сүйген ардақтымнан қызғанғанымның қызыл итке жем болғанын өкінішпен ойлаймын. Ауыр ойдан қажығаным шығар, көп ұзамай көзім ілініп кетіпті. Бір уақытта денеме түскен салмақтан, жүрек шайлықтырар иістен шошып ояндым. Етегіме қолын салып төсіме өрмелеген Есенбайға деген жиіркеніштен лоқси құсып, есімді жоғалттым.


Содан соң...содан соң осы күнге тап қылған тағдырға налып түнімен көз жасыма ерік бердім. Бозарып таң атып келе жатты. Сүйретіліп орнымнан тұрдым. Менің жастығымда тақырға өскен селеудей басының әр жерінде бір- екі тал қылшығы қалған, тілімденген жерінен қан шыққан Есенбай жатты...


 


-Ия, солай болды қарақтарым. Қарғыс атқан сол түнмен бірге менің гүл ғұмырым ғана емес, жастық жалыным да сөнді. Бұл тағдырға налығаным сонша, өзімді-өзім соншама жек көріп кеттім. Құдайдың құдыретіне шара бар ма, сол түннің менің өмірімде із қалдырмасын қанша жалынып сұрасам да болмады. Бойыма бала бітті. «Сүймеген құлдан сүйкімсіз ұл туады» деген рас екен. Нансаңдар балаға жан бітіп қозғалған сайын ана бойына бітетін қуаныш менде болмады. Тас емшегім жібімеді, тар құрсағым кеңімеді. Өмірге келген мынаны ешкінің сүтімен бағып қараға жеткіздім. Бұл уыз дәмін көрмеді, оның нәрін бойына сіңірмеді. Мен де баламен бірге тұла бойы балқып отыратын ана бақытын сезінбедім. Бірақ өз дегенін істететін уақыт деген құдырет бар екен. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген сөз бекер айтылмапты. Іштен шыққан сұр жыланның ирелеңдегенін жақсы көрмесем де сырт айналып кете алмадым. Қозысын алмай шыр айналған аяғы тұсаулы қойды білесіңдер ғой. Мен сол болдым. Өзімді-өзім қаншама зорлап мекіренгім келгенмен ол қолымнан келмеді. Бірақ тастап та кете алмадым. Анда-санда маңырап артына қарайлайтын қой сияқты күн кештім.


Ақ кемпір артта қалған өткен жылдарды айтып отырып ескі жараның аузын тырнағанына өкінгендей үнсіз қалды. Оның басынан өткен күндер қасіретіне жанымыз ауырып, жүрегіміз шаншып аузына қарап телміріп отырған біздерді ұмытқандай. Біраздан соң барып:


-Бұл ұзақ жырды несіне соза берейін қарақтарым,-деп үзіліп қалған әңгімесін қайта жалғастырды. Уақыт деген осы екен, көзді ашып-жұмғанша бәрі де өтті, кетті. Талай қорлықты да көрдік, көп алдында намысың тапталып, жігеріңнің құм болғанын да басымыздан өткіздік. Бұл өмірде құдайдың маңдайына жазғанынан асып кеткен кім бар дейсің. Сондықтан бәріне төздім, шама келсе сол Есенбайды ел қатарына қосқым келді. Есенбай оныма бірде көнсе, бірде үйірден шығына қашқан жаман тайлақтай айдалаға лағып кететін. Бейшара тек кетпейтін, жанына жақындаған адамға жынын шашумен болатын. Қажысам да қолымды бір сілтемедім. Қайта оның жасаған әрбір теріс ісіне мен де ерегесіп, қанша шығандасада қақпақылдап әкеліп үйірге қосумен болдым. Ақыры жолға түсіп бүлкілге салатын дәрежеге жетті. Міне, пайғамбар жасына да келдік, сөзімнің бір қоспасы жоқ қарақтарым. Жұрт оны таз десе де, арғы жағы тексіз баяғы есік алдында жүрген құл еді десе де «Шашы ұзын, ақылы қысқа» әйелдігіме салғаным жоқ, мүмкіндігім бола тұрса да өзіме тең болатын басқа адамды іздегенім жоқ. Көп алдында азаматым, осы үйдің шаңырақ иесі деп санадым. Мені осыншама адам төзгісіз қиындыққа итермелеген баяғы әкемнің түн жамылып кетіп бара жатып айтқан жалғыз ауыз аманаты болатын. Тапсырмасын орындадым, жалғыз Бердібекті қатарға қостым. Әкемнің ұрпағы жалғасты, кәзір Бердібек құдайға шүкір, жапырағын жайды, үйлі- баранды болды. Осы жердегі сыйлы азаматтың бірі. Есенбай байғұстың өмірден өткеніне де бірнеше жылдардың жүзі өтті. Мына отырған соның тұяғы. «Ұқсамасаң тума» деген сөзді бұрынғылар қалай біліп айтқан десеңші. Ісіне, жүрісіне кейде күйінсем, кейде ағаштан түскен жемістің бір-бірінен


 


алшақ жатпайтынын амалсыз мойындаймын. Елдің аузына қайтіп қақпақ боларсың. Бетіме келмегенмен осы Қойшығұлды көргендер (мына отырғанның аты, әкесінің өзі қойған) «Апырмай, Есенбайдың сідігінің алтынын қарашы. Аузынан түскендей ауған жері болсайшы» дейтін көрінеді. Өсек-аяңы жоқ, шын сөзге несіне ренжимін. Ондай уақыттарда «Ит үреді, керуен көшеді» дегенді басты қағидам қылып ұстанам. Бәріне көндім десем де бұл өмірде өкініш пен үмітті қатар арқалағанымды жасыра алмаймын. Бірақ әке аманатын далаға қалдырмай дегеніме жеткенімнің өкінішке қарағанда салмағы басымдау сияқты. Өйткені маған бір нәрсе айқын. Ата- ананың үмітін аяқ асты еткендердің, назарына қалғандардың бұл өмірде жолы болмайды. Екеуінің қай жерде жатқанын білмесемде әлі күнге дейін бес уақыт намазымда жандары қиналмай жатуын тілеймін. Міне, осы қарақтарым. Сендерге берген шәйімнен гөрі басымнан өткенді мұң қылып айтқаным көп сияқты болды ғой деймін. Айыпқа бұйырмаң. Әке-шешелеріңе сәлем айтың. Байқап отырмын, сөз қадірін білетін бала сияқтысыңдар. Ет жемесеңдер де сорпа ішкендей болып кететіндеріңді біліп отырмын. Аман болың,-деп әңгімесін аяқтады.


Ақ кемпірге рахметімізді айтып сыртқа бет алдық. Есік алдындағы қырма сақал сол баяғы күйі, орнынан қозғалмады. Бізбен қоштасқаны ма, әлде ақ кемпірді сөйлетіп өткен күндерді еске алғанымызға ренжігені ме, ол жағын білмедік, артымыздан маңқылдап сөйлеп қала берді,-деген Сабыр ініміз осы бір әңгімені бізге жыр қылып айтқан еді.


Ал біз өз кезегімізде әке аманатына адал болған ақ кемпірдің өмір жолы біреулерге тәлім болар деген үмітпен оқырман жүрегіне жолдап отырмыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу