Әңгімелер ✍️
МАҢҒЫСТАУ ҒАШЫҚТАРЫ МЕН АРУЛАРЫ СЕРИЯСЫНАН
СӨЗ БАСЫ
Шілденің ми қайнатар ыстығы. Көз алдымыздағы бірін-бірі жөңкіле қуған сағым ішінде алыстан бұлдырап көрінген мазарды беттеп жүйткітіп келеміз. Жан-жағымыздағы терезені ашқанмен маңдайымыздан шақырайған күн астынан әлдекім от жағып жатқандай кенезеңді кептірер ыстық леп шыдатар емес. Көптен бері машина жүрмей жаңбыр, қар суынан тілімденіп қалған жолдың ойқы шойқысына кідірген көлігімізді өкшелей қуып келе жатқан борпылдақ шаң құшағына алады. Терезеңді жауып, қымтанып та үлгермейсің. Ішке кірген шаң онан сайын тынысыңды тарылта түседі. Жабық кузовтың ішінде отырғандар манағыдай емес, өздерімен өздері. Бірін-бірі қағытып әзіл тастап, әңгіме айтуда жөніне қалған. Бәрі де жолдың тегісін іздеп қуып айдап келе жатқан жүргізушінің көлігін оқыс бұрғанынан құлап қалмайық дегендей, алдындағы орындықтың арқалығын тас қылып ұстап отыр. Алдындағы отырған жол бастаушы да үнсіз. Жүріп келе жатқан жолы жан-жаққа тарыдай шашырап, тарамданып ала қашқанда ғана “енді қайсысына” дегендей өзіне қараған жігітке қолын сілтеп түсер сүрлеуін нұсқайды да, қайтадан бұрынғы күйіне түседі.
Машина ыңыранып өрге көтерілді. Манадан бері бірде зорайып, бірде сағымға араласа кішірейіп көрінген мазар төбе үстіне көтерілгенде алдымыздан бар келбетімен көрінді. Сыры кетсе де, сыны кетпеген. Кезінде бармағынан бал тамған шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Әрбір қойылған тасының өзінің үңіле білсең айтар әңгімесі, шертер шежіресі көп. Бәлкім өзі туралы деректің уақыт толқынында көміліп, ұмыт болатынын білген шебер бар өнерін де, білігін де осы мазарға арнаған сияқты. Осы бір ұлан далада өз заманындағы болып өткен қайғы мен қасіреттің, аһ ұрғызған өкініштің, арманда кеткен мұңлықтардың зарын қына басқан қара тасқа жазып кеткендей. Қара жерді топан су қаптап, дүние асты үстіне шықпаса өз қолынан шыққан осы бір түйіндердің бір кездері кейінгілерге шым-шымдап сыр айтатынын жанымен сезінген шебердің асыл туындысы жанына келіп тізе бүккендерді үн-түнсіз қарсы алды.
Жол бастаушы қария уақыт үрдісіне шыдап әлі тұрған мазардың беріктігіне ме, әлде жағалай жатқан бұл өмірден қашан өткені беймәлім әруақтарға бағыштады ма белгісіз, үстерін мүк пен қына басқан құлпы тастарға қарап тұрып “ой, жарықтық-ай” деді. Қасына келіп отырып жатқан жолдастарын көзімен үнсіз түгендеген соң құран оқуға кірісті. Қарияның көмейінен төгілген мұңды мақам сүйегіңді үгіп бара жатқандай. Жым-жырт тыныштықта көзін жұмып қасиетті кітап сөзіне беріле, теңселе оқыған ақсақалдың үні ғана естіледі. Мал кірмесін деп сырты қоршалған қауымның ішіндегі ұйыса өскен ақ бас селеу осы бір мұңды әуенді далаға жеткізгісі келгендей толқындана тербеледі. Күмбез үстіндегі байғұзға да пәтуа біткендей тым-тырыс. Әріректе ін аузында қолын кеудесіне қойған саршұнақ та қарияның қоңыр даусына еліткендей көзі мөлдіреп қозғалмай қалыпты.
Тек көлеңке қуалаған жыланбас кесіртке ғана жан-жағына сақтықпен қарап тас қуысына кіріп бара жатыр. Түсініксіз құран сөзін аяқтаған қария соңынан барып “жатқан жерлерің жайлы болсын, біз сияқты арттарыңда қалған пенделеріңді желеп-жебеп, шаршап шалдыққанымызда, қажып- талғанымызда қолтығымыздан демей көрің” деп барып бетін сипады. Тізесін қағып, орнынан тұрды. Содан кейін барып осы жерде түстік жасап, күн қызуы қайтқанша кідіретінімізді айтты. Бір-екі күннен бері сапарлас болып келе жатқандар өздеріне тиесілі қызметтеріне кірісті. Бірі машина қорабының ішінде брезентке оралған қара шәйнекті алып мосыға ілді де, қураған шөптердің түбірін жинауға бет алды. Бірі шетіне май тиіп бүктетілген төсенішті қағып-сілкіп көлеңкеге қисайған қарияның астына төсеп жатыр.
Қураған қарағанның түбірі қара шәйнекті әп-сәтте қайнатты. Шағын дастарханды жағалай отырғандар хош исі бұрқыраған, сүт қатқан қою шәйді алдарына алды. Арқасын мазарға сүйеп төрде отырған қария алдындағы қаудырлап қатқан шелпекті “біссіміллә” деп шетінен сындырып кесесіне салды да қолына алды. Содан үн-түнсіз сораптап отыр. Қасындағылардың дабырлап тас бетіндегі таңба туралы әңгімесіне де, мына тамдардың салыну ерекшеліктері туралы бір-екі ғасыр кейін шегініп кетіп, сол жақтан малтығып әлі шыға алмай жүрген, жанында тізе соғыстыра отырған сылыңғыр қараның “көріпкелдігіне де” араласқан жоқ. Жаңа ғана әулиенің басындағы ағаштан шешіп алған шеті гүлді көлдей ақ орамалымен терін сүртіп, шәйнек құлағын ұстаған бала мен өзінің арасында тынымсыз жүгірген кесесінен көзін алмайды. Қара шәйнек те түбін көрсетті, қария да кесесін төңкеріп қысқа әйетін оқыды. Дастарханның шетін қайырып, көлеңкеге ысырылыңқырап отырды. Қалтасынан шақшасын алып өкшесіне қағып босатып алды да, алақанына төкті. Көк бұйра насыбайды тілінің астына салып үн-түнсіз бес- алты шақырымдай жерде қарауытып тұрған екінші мазарға қарады. Қарияның көңілі жайланғанын білген тілші жігіт қолындағы диктофонның тетіктерін басып, құйрығымен жорғалап қасына жақындады. Күн қызуы қайтқанша әлі бірталай уақыт бар. Оған дейін күннен қорғану үшін керіп тастаған кенеп астында мына аптаптан паналап ұйқыны да қандыруға болады, болмаса қарияның әңгімесін де тыңдауға болады. Бәрі ығысып әңгімешіл қартқа жақындады.
Айнала тым-тырыс. Сонау биікте көз ұшында қарақұс қалықтап жүр. Жемтігіне түсер кезді күтіп жүрсе керек, құлаштай қанатын қақпаған күйі аспанға іліп қойғандай бұлар отырған төбе басын айналумен жүр. Алыстан бозторғайдың шырылы естіледі. Құбыладан соққан аптап желге тербелген әлі өңі тая қоймаған еркек шөп пен ақбас селеу бір-біріне қосыла жаныңды жабырқатар мұңды әуенге салыпты. Қарияда бір кездері мына далада болып өткен қайғылы оқиғаны, бір-біріне қосыла алмай арманда кеткен ғашықтар жайлы әңгімесін бастады.
Ақшора-Белтұран
Дүрді Қылыштың киіз үйдің төрінде қаққан қазықтай болып шаншылып отырғанына біраз уақыт өтті. Сол қозғалмаған қалпы ия жантайған жоқ, ия жастыққа сүйенген жоқ. Бетін орамалымен көлегейлеп аяғының ұшымен басып келген келінінің қапталына қойған жастығы да сол қалпы қасында. Қызыл қозының терісінен тіккен сеңсең бөркінің көптен бері таралмай ұйысқан жүндері ашудан қанталап отырған көздерін жауыпты. Оң қолына ұстап бас бармағымен санамалап отырған тасбих тастарының бір- біріне тиген әлсіз дыбысы ғана естіледі. Бүгін бұл отырған үйдің есігін ешкім батылы барып ашар емес. Еркін кіріп, еркін сөйлейтін, ойын ашық айтатын жалғыз қызы Ақшора да көрінбейді. Алыстан қарайған көрінсе шабалаңдап елді басына көтеретін ит екеш иттерге де қаһарлы шалдың хабарын құдай жеткізгендей дауыстары шықпайды. Киіз үйдің алдындағы көлеңкелеп қойған шатпада әңгіме соғып отыратын әйелдерде өзге жұмыстарын ұмытып тезек теруді сылтауратып ауылдан ұзап кеткен. Тек жақында ғана өз алдына отау тіккен ортаншы баласының келіншегі тентек шалдың даусы шыға қалғандай болса дайын балайын дегендей, сарқылдап қайнаған қара шәйнек қасында отыр. Бүкіл әулеттің билігін өзі ұстап, бір шыбықпен иіріп отырған Дүрдінің аяқ астынан бүлініп, жан-жағына зәрін шашуға себеп болған жалғыз қызы Ақшора болатын. Онан басқа бүлінген ештеңе жоқ. Құдайдың күні әлі орнынан шығады, орнына барып қонады. Өрістегі малын барымталап, іргесіндегі құдығына түкірген ешкім болған жоқ. Қоныстас отырған адайлармен екі ортада ауыз толтырып айтатындай атыс-шабыс та болып жатқан жоқ. Рас тегің бір, дінің бір болғанмен өзге ұлттың аты, өзге ұлт. Судай сіңіп, тастай батып қайдан араласып кете қойсын. Анда-санда ел ішінде болып жататын той томалақта бастары қосыла қалса әрқайсысының өз қанына тартып тұрғандары. Ол кезде баяғыда өтіп кеткен қай-қайдағы есіңе түседі. Белін шарт буып ортаға шыққан қазақ баяғы сенің атаңды аттан аударып, сүйегін ит-құсқа жем қылған тентек адайдың немере, шөбересі болып көрінеді. Мәре сызығын алдымен кесіп өткен адайдың аты баяғыда үйірімен қолды болып кеткен айтулы айғырдың сідігінің бір тамшысы болып көрінеді. Содан қай-қайсысынанда есе жібермейін деп аллаңа сиынып, әруағыңа жалынып арпалысқа түсесің. Құдай қолдап қай жағынанда бас бәйгені алғанмен кейін қайтқаныңда бәрібір, еңсең көтеріле қоймайды. Өйткені қай жермен келе жатсаңда адайдың айыр өркеш түйесінің маң-маң басып жүргендері. Қай әулиеге барсаңда көзге алдымен түсері ою-өрнегі сонадайдан көз тартып, адай таңбасын адырайта салған, сыңғырлаған күмбездері. Ақбоз үйлердің шетіндегі қойшы қойманшының қарақұрым жаппасындай бұлардың аталарының мазарларының бір шетте төменшік тартып тұрғандары. Бәрінен бұрын жаныңа бататыны осы екен. Даласында да, моласында да бір кездегі ата-бабаңның қолтаңбасы сиреп, ұмыт болуға айналып барады. Құдығыңды жайлап, өрісіңді еншілеп күн өткен сайын тарылтып келеді. Қарсы тұрып ештеңе бітіре алмай барады бұл айладыр жағы. Найзаның ұшынан, қылыштың жүзінен сескенетін адайлар жоқ.
Сескенбек түгілі қышыған жеріңді қанжармен қасуға әуес. Қоныс болмауға айналып барады бұл Маңғыстаудың ойы. Жарықтық өтіп кеткен бабалары қандай көреген десеңші. Баяғыда адайдың көшінің басы ойға құлағанда алды-артын болжамайтын бұл жақтың есерлері әй-шәйға қарамай олардың елшілерін шауып өлтіріпті. Сонау Манатадан құлардағы Қаратаудың етегінде сол адайлардың көшін алғаш бастап келген Бердалы жатыр. Бұл жердің топырағына алғаш жамбасы тиген адай сол Бердалы дейді. Сонда ағайын деп, дініміз, тегіміз бір деп келген елшілерге сонау ықылым заманнан бері келе жатқан сый-құрметтің орнына қаруын ала жүгіріп, артын өкінішке ұластырған есерсоқтарға налыған бір атасы: «Бұл Маңғыстаудың ойы енді айладырға мекен болып жарытпайды. Құдайдың қарғысына қалдық. Бірің Балқан асың, бірің Қаразымның ойына құлаң. Ендігі мәпеханаларыңды сол жақтан табың» деп өсиет қылған екен. Бірақ оны тыңдай қоятын адам болды ма. Төрінен көрі жақын бір шалдың айта салған сандырағы шығар деді. Көп көрген-ау, жасағаны ұзақ-ау демеді. Қайта алдындағы малынан қолы босаса төрде ілулі тұрған қылышын қайрады. Шашау шыққан малды алдына салды, ауылын шапты. Күні кеше ғана босып келген елді бұйдасын түріп кейін қайтарамыз деп өрекпіді. Бірақ бұлардың дегені бола қоймады. Адайлар атысса атысты, шабысса шабысты. Бұлардан олардың табанының бүрі мықты болып шықты. Тайғанақтамай ілгері жылжумен келе жатыр. Осынысынан секем алған біразы баяғы сұңғыла шал бекер айтпаған шығар деп түстікке кетті, кейбіреулері теңіз асып терістікке ауды. Көбі әзір осында. Ендігі итіс- тартыстың береке әкелмесін білгендер ортаға ақсақал-қарасақалдарын салып, аузымен құс тістеген шешендерін төбеге шығарып ортақ мәмілеге келгендей болды. Тыныш жүрсе Маңғыстаудың жері кім-кімгеде жететінін айтты. Қаратаудың етегіндегі бұлағы, Үстірттің ернегіндегі шыңырауы қай елдің малы болса да тарықтырмайтынын айтты. Алланың әмірімен болып жататын қуаңшылыққа кім-кімнің де дәрменсіз екенін айтты. Жымысқы ойларын артына жасырып анда-санда ат ізін салып жүрген ана орыстардан, мына қызылбастардан бір-біріне жақын, тума екендерін естеріне алды. Үй іргесінде бұғып жатып өрістегі аттың шідерін қиып, ботасынан бөліп түйені қуғаннан ештеңе шықпайтынын айтты. Не керек өткенге өкінбейік, бітіп кеткен жараның аузын қайта шұқымайық деп келісімге келген-ді.
Бәрі де жақсы еді. Дүрді Қылыштың аяқтың астынан тулап тыныш жатқан елге қаһарын төгуіне қызы Ақшора кінәлі болып шыға келді. Күнге таласа өскен бәйтеректей арыстай болған төрт ұлдың ортасындағы жалғыз қыз еді. Бетінен қаққан ешкім болған жоқ. Анда-санда аралас-құралас жүргендіктен шығар түрікмен қыздарына тән ұяңдықтан гөрі, адайлардың қыздарындай бойында өрлік бар. Жасынан атқа мінді. Додаға түсіп ортадан көрінбеседе өз иелігіндегі күрең атпен талай рет қашаған қуып әкесінің көңілінен шыққан. Сыншы әке риза да болатын, сонымен қатар бой жетіп қалған қызының ертең сонау Хиуадағы айтулы бектің келіні болатыны есіне түсіп «сол күнге аман жеткізгей» деп ішінен тілейтін. Бұл құдыреті күшті жасағанның пендесіне төге салайын десе шапағаты мол ғой. Онан басқа
Маңғыстаудың ойында жүрген мұның сонау Хиуаның төрінде отырған белгілі бекпен тізе соғыстыра отырам деген ойы үш ұйықтаса түсіне кірер ме. Ана бір жылдары осында келген керуен басшысы аунап қунап мұның төрінде жатты. Онда Ақшора 11-12-лердегі бала. Әр нәрсенің басын шатып әңгіме айтып отырған қонағы арасында «қызың бой жетіп қалған екен, айттырулы жері бар ма» деп сұрады. Қараған түбекті жайлаған елге басшы да, би де өзі болғасын мұның алдына көп ешкімнің жүрегі дауалап келе бермейтін. Бір- жар әңгіменің шетін шығарғандарды өзімен тең көрмеді ме, әлде ерке қызын шынымен бала көрді ме, әйтеуір жастығын сылтау етіп көп маңайлатпаған. Бұрын келгендерге сөйттім деп бейтаныс қонаққа қайдан сырын ақтарып жатсын. Әзір бала ғой дегенде қойған. Бірақ талай жерге барып, талай мілләтпен аралас болған кәнігі саудагер Ақшораның басының бос екенін айтқызбай-ақ білді. Түрікмен қыздарына көп келіңкіремейтін аққұба жүзінен күні ертең-ақ қауызын жарғанда көптің көзі түсер ерекшелікті байқаған.
Көп ұзамай Хиуадан итініп тартынып құдалар келді. Дүрді Қылыш олардың маң-маң басқан жүрісінен, керіліп отырып әңгіме айтқанынан-ақ тегін жерден келмегенін байқады. Бірақ қанына тартқан сабырлылығынан айрылған жоқ. Сөзінің артын күтті. Бақса баяғы келіп кеткен саудагер белгілі бектің жиені екен. Сол аузын ашып, көзін жұмып отырып Ақшораның жайын жеткізіпті. Сонымен не керек сөз байласып, қол берілді. Осы күзде құдай дегенге жеткізсе қызын жолға салмақ.
Өткенде қызын қасына алып екеуі анау теңіз астасып жатқан тау жағалай бой жазып қайтқан еді. Жол үсті ертең оның барар жері туралы, құдасының бүкіл Қаразымның ойындағы беделі туралы айтты. Екінің бірінің қолы жетпес жер екені туралы, қолтығынан сүйер ондай қолдаушысы болса өзінің де жағдайының жаман болмасын білдірген.
Кенет қызы әкесіне жалт қарады. Мөлдіреген жанары жасқа толыпты. Дүрді Қылыш қызының көзінен тереңде жатқан сағынышты, үлкен бір қимас сезімді байқады.
-Әке,-деді қызы қалың еркекті күртілдете үзген атының басын тартып. Қарауыңдағы елге, балаларыңа қатал болғаныңмен маған дегенде жүрегің жұқа еді. Орынсыз еркелетпесең де ойымды ашық айтуға үйреттің. Бәлкім өзге құрбыластарымнан артықшылығым да осы шығар. Онан басқа бәріміз де түбіміз бір әйелміз ғой. Салтты бұзып, әке шешімін аттап өтудің біздің ұлтта кешірілмес күнә екенін де білемін. Ондай жағдайда бір сенің ғана емес, бүкіл елдің көзіне шыққан сүйелдей болатыным да белгілі. Бұрынғы еркіндігіме салып бір сөз айтайын. Маған ақыл айтты деп сөге көрме. Сақалыңның ағымен екі сөйлеудің мүмкін еместігін де сеземін. Жалғыз қызың үшін райыңнан қайтсаң қайтеді. Төрт бәйтерегіңнің ортасындағы жалғыз шынарың едім ғой. Көктей солдырма мені. Менің жаным да, жүрегімде осы топырақта жаратылған бір тентекпен жалғанған. Оның ара жігін ажырату мүмкін емес енді. Мені түсін әке.
-Жоқ,-деп шаңқ ете түсті Дүрді. Сен не айтып тұрғаныңды білесің бе. Менің берген антым, құран ұстаған уәдем қайда қалмақ. Қартайған шағымда мен екі сөйлесем оның артының неге апарып соғатынын ойладың ба?
-Білемін әке,-деді Ақшора қызыл жалқынданып батып бара жатқан күнге қарап тұрып. Антты бұзу, аманатты орындамау түрікменнің қанында болып көрмеген нәрсе. Бірақ құдайтағала кешірімді, күнәһар пенделеріне қашанда мейірімді деуші еді ғой Гельді ишан. Сонау қиян шеттегі Хиуадағы біреуден демеу күткенше, қолтығыңнан сүйер қамқор қолды осы жерден іздесеңші әке.
-Хиуаның құрығы ұзын, адымы үлкен бегінен озып маған қамқор болатын кім еді ол. Есен елінде менің жел жағымнан пана болатын қайсысы бар еді. Олар ақылды менен сұрамайтын ба еді. Менің көлеңкемді паналайтын еді ғой.
-Ол сен айтқандай Есен елінен емес. Адайдың бір жігіті. Ол Белтұран ғой әке. Өткен жылы болып өткен тойда сол жігіттің өнеріне де, қайратына да риза болған өзің емес пе едің. Осындай он жігітім болса жер қайысқан жау болсада жүрегім тітіркенбес деп едің ғой. Басыңа қиын іс түссе Белтұранның соңынан өзіндей он емес, жүз жігіттің еретініне мен кепіл. Бұрын бір- бірлеріңе алакөзденіп қарағанмен кәзір екі елдің арасындағы жағдай түсіністік тапқан жоқ па. Өзің емес пе едің біреу түстікке, біреу терістікке қоныс аударсада осы түбекте қозғалмай қалған. Менің бар өмірім, тыныс тіршілігім осы жерден ажырағасыз, одан айрылып кете алмаймын демеп пе едің бас көріп өзіңе жөн сұрай келгендерге. Ендеше әке жалғыз қызыңды баянсыз бақ үшін саудаға салма. Мен айтып болдым әке. Дегеніңе салып аяқ- қолымды байлап апарсаң да жаным сүймеген, жүрегіме жат жерге барып саған қорғаныш бола алмаймын.
Дүрдінің қаны басына шапты. Кешегі мәпелеп өсірген қызынан осындай қарсылықты көрем, айтқаным жерде қалады деп ойлады ма. Бүкіл Маңғыстау, сонау Қаразымның ойы құлақтанып, гу-гу әңгімеге арқау болған осы құдалықты көз жасын көлдеткен қыздың сөзіне бола тоқтатса Дүрдіде не бедел қалмақ. Жан-жағын қаумалаған досы бар, дұшпаны бар қалың елден не абырой таппақ. Биі де, батыры да өзі болып дегенін орындатқан Дүрді енді екі сөйлесе иегіндегі сақалда не қадыр қасиет қалмақ. Хиуаның жарты байлығын астына басқан бек кім, малының өрісіне бола жаз бойы үш-төрт жұрт ауыстыратын Таласбай кім. Енді жетпегені осымен құда болу қалып еді. Оған қыз беріп, құда болу деген сөз бір тініңді соларға жалғау деген емес пе. Бірі құдамын дер, бірі күйеумін дер, ертең араға жыл сала жиендерің де өмірге келер, сөйтіп төріңнің жартысын адай иемденер. Басыңдағы қауқиған сеңсең бөркің ғана болмаса түрікмен екеніңді ұмытып, қайтіп қазақ болып кеткеніңді де білмессің онда.
Рас оның баласы Белтұранға риза болғаны шындық. Көрік десең көрік, қайрат десең қайрат бәрі де бойынан табылады. Белін шарт буып ортаға шыққан кез-келген қарсыласын шаң қаптырған. Аты да өзгелерден оқ бойы
озық келді. Құдайтағалада кейде мырзалығын аямай бір адамға үйіп-төгіп бере салады ғой.
Екі бетінің қаны тамған аққұбаның әдемісі. Бір-бірімен қолтықтаса, сыңғырласа күлісіп тұрған қазағы бар, түрікмені бар көп қыздардың жанары сонда Белтұранға түсіп еді. Ақсақалдар ортасында отырған Дүрді Қылыш қызы Ақшораның батыр жігітке елжірей қарап әңгімелесіп тұрғанын байқап еді сонда. Бірақ ол кезде ойына титтей болса да бөтен ой келген жоқ еді. Ел мақтаған жігітті қыз жақтайтыны белгілі емес пе. Енді міне алдыңа тартар табақты жол ортасында ит жалағандай болып тұрғаның.
Дүрді Қылыш алғаш рет өз ісіне өзі риза болмады. Ешкімге жылы қабақ танытып мейірімі түсе бермейтін еді. Неге екені белгісіз осы қызға дегенде көңілі бөлек болды. Жасынан еркелетіп еркін жүргізді. Бой жеткесінде әйелге тиесілі үйдегі жұмыстан гөрі түздегі тірлікке ағаларымен қатар жүрді. Сол еркіндіктің соңы өзін осындай тығырыққа тірерін қайдан білсін. Белтұранмен екеуміздің аражігімізді енді ажырату мүмкін емес дейді. Сонда қалай, болары болып, бояуы сіңгені ме. Әркімнің айтар сөзінен, қимыл қозғалысынан оның кім екенін айнытпай танитын мұны құдайтағала қалай қызына келгенде көр соқыр қылды. О, құдыреті күшті жасаған-ай, қасиетіңнен айналайын ата-бабалар іргеңде жүрген пендеңді қарабет қылы көрме!
Жүрегін қорқыныш билеген Дүрді артынан өзін-өзі жұбатқандай болды. Қайда кетер дейсің,-деді тағы ішінен. Қиян шеттегі көзі көрмеген, бейтаныс жерге барғысы келмегеннен шыққан сөз шығар. Мал екеш малға дейін қайырмаламасаң үйренген өрісіне қарай тартпай ма. Соның кебі шығар. Ертең Хиуаның барлық пен байлыққа толы қақпасынан енгеннен соң-ақ бәрі де ұмыт болар-ау. Белтұраны да ойынан бір күнде ұмытылар. Иран бақтың ортасынан барып бір-ақ шыққанда барып әкесіне риза болатын шығар. Қалған күнде мықты қарауылда ұстау керек. Ол үшін қыз-қырқынды қасына жинап алып сонау ықылым заманда өтіп кеткен «Шах Сәнәм мен Ғаріпті» жырлап, қай -қайдағы махаббат, сүйіспеншілікті айтып отыратын, көпірме сөз қатындардың жонынан таспа тіліп, есінен шығып кеткен тірліктеріне қайта бұру керек екен. Баяғыдан бері қоныстас отырған адай мен түрікменнің арасында ұрғашы араласпады деп айта алмайды. Жаугершілік заманда қолды болған қай жақтың сұлуы да мерейі үстем болған батырдың қойнынан табылған. Бар дәулеті ішіп-жемінен аспас кедей кепшіктің бір-бірімен араласуы ара-тұра болсада кездесіп қалады. Ал бірақ дәулеті асқандардың қызылды-жасылды керуенін сыңғырлатып бір-бірімен құда болып, арқа- жарқа болғанын көрген емес. Ендеше сол үрдісті Дүрді қалай бұзбақ. Бұзуы мүмкін емес және бұзбайды да.
Өз ойынан айнымай қатуланған Дүрді ауылға келген бойда Ақшораның мінетін күрең атының құйрық жалын түргізіп үйірге қостырған. Содан міне екі-үш күн болды ешкіммен сөйлеспей өзімен-өзі отырғаны. Алдындағы малы түгел, шаруасы жай, еріккенде бір-біріне барып көк шәй ішіп, әңгіме соғып отыратын бір-екі шал осқырынған Дүрдіні көріп батып
ештеңе айта алмай кейін қайтқан. Үйден шығып бара жатқан әлгілердің жауырынына көзі түскен Дүрді олардың ел аузында пыш-пыштап айтылған әңгіменің түбіне жете алмай арманда кетіп бара жатқандарын сезді. Сезді де жиырылған жыландай қайтадан қаны басына шапты. Шақырып алып сөз берсең бірінің ақылгөйсіп «Жалғыз қызың ғой, бағын байлама, жылатпа. Ит арқасы қияндағы Хиуадан гөрі мындағы адайлар жақын емес пе. Қазаққа қыз беріп, қыз алғанымыз жалғыз бұл емес. Жарықтық біздің кәрі шешемізде адайдың қызы еді» деп өз тегіндегі қан араластықты айтатынын да, бірінің
«Малы көбейгесін Таласбайдың көзіне шел бітейін деген екен. Құдай-ау бейсауыт жолаушыға үретін итте алды артын бажайлап алмайтын ба еді. Бүйіріне тиер бұзаубас етіктің соққысын, жонына тиер қамшының дәмін татқысы келмесе кез-келгеннің етегінен тарта бермейтін еді. Ит құрлы болмағаны ғой. Сөйтіп жүріп Дүрдімен құда болғысы келеді. Секірмесін. Ана текешік баласының қол аяғын байлап мұздай шыңыраудың ішіне байлап қойса көрер едім»,-деп ескі қотырды қасып, екі елдің арасын қайта дүрліктірер іске бастайтын ақыл айтарында білді. Айтар әңгімесінің, берер ақылының екі жаққа да тимей, намысыңды қорламай өтер жолын көрсетер ондай билік шығып бара жатқан екеудің шақша басында жоқ екенін білген ол өзін-өзі тоқтатты. Өз дегенімен жүреді, өз шешімін айтады. Ендеше бықсып әлі тұтана алмай жатқан әңгімені әркімге айтып жан-жағынан жел үрлетер жайы жоқ. Түптеп келгенде қай істеде қалың елдің мұның аузына қарап, ығымен жүретіні белгілі.
***
Жаңа жүртқа келгелі Ақшора ешқайда шыққан жоқ. Тіпті шығу мүмкіндігі де болмады. Әкесінің бұйрығы бойынша аяқ астынан ауыл көтеріле көшті. Отырған жерлерінің суы азайып, болмаса өрісінің тұяқ кесті болған жайы жоқ. Өз дегенімен ғана жүретін Дүрді осылай шешті. Іштей қарсылық білдіргенмен «оның не» деп бетіне ешкімнің келмейтіні белгілі. Бәрі де Ақшораға байланысты екенін сезді. Міне шілденің жартысы ауды. Көзді ашып-жұмғанша шекесі көрінген күзде келіп жетеді. Айтылған уақытында қызын жолға салса Дүрді де, күні кеше ғана бір шаңырақтың ғана емес, бүкіл ауылдың еркесі болып емін еркін жүрген Ақшораны, бүгінгі көп көздің аңдуында жүрген Ақшораны бағушылар да демін алар еді. Жұрт ауыстырғандағы мақсатта сол еді. Екі ғашық бірін-бірі көрмесе ұмытар, ұмытпасада көңілі суыр деген болатын. Қарап отырмай ойы бөлінсін дегені болар ортаншы ағасының үйіндегі жеңгесі қайынсіңлісін күніге қасына отырғызып аяқталмаған кілемін тоқуға көмектестіреді. Бірақ қасына көп отырып әңгіме айтуға жүрегі тағы дауаламайды. Үлкен үйдегі атасының көзіне түскісі келмейді. Жақсы көретін қайынсіңлісінің күн өткен сайын жабырқаңқы тартқан мұңды күйіне қарап, араша түсе алмағанына өкінеді. Бойжеткен қыз Белтұранмен алғашқы танысқан қуанышында осы жеңгесімен бөліскен еді. Беті алаулап көзінен ұшқын шаша оның биік сырықтың басындағы алтын қабақты атып түсіргенін, күресем деп ортаға шыққан үш жігітті де әй-пәйға апармай шаң қаптырғанын, елікше билеген сәйгүлік
үстіндегі отырысының өзін ерекше бір сезіммен, ынтазарлықпен айтқан қыздың сөзінен сол кезде-ақ жігітке құлай берілгенін сезіп еді.
Ауылдан төрт-бес шақырымдай жерде тау аңғарын қуалай сарқырап жатқан бұлақ бар-ды. Талма түсте өрісте жүрген түйелер сол суатқа беттейді. Өз еркі өзіндегі Ақшорада атын ерттетіп сол жаққа қарата аттанады. Арғы беттен келген Белтұран екеуінің кездесетін жері осы. Бастапқы әзірде екі ортада керілген шымылдықтай сылдырлап ағып жатқан бұлақты кешіп өтіп қыз қасына баруға жігіттің жүрегі дауаламайтын. Көзі мөлдіреп өзіне қараған қызды көргенде бұрынғы батырлықтың, өрліктің барынан айрылып әрі-сәрі күйге түсетін. Жігіттің қаралай қысылып екі қолын алдына сидыра алмай, біресе атының жүгеніне жармасып, біресе жалын тарағанын қызық көрген бойжеткен үн-түнсіз күлімсіреп отырады. Үнсіз кездесіп, үнсіз қоштасқанмен олар іштей ұғынысып, бір-біріне құлай берілген-ді. Үйреніскен қос ат та қатар жайылады. Бейсауыт жүрген жандардың көзіне түспеуді ойлаған жігіт пен қыз аттарына беттеп, арттарына жалтақтай қарап ұзап бара жатады. Күн сайынғы дағды осы. Бірін-бірі көрмесе, кездеспесе, жылдай болып созылған кешегіден бергі сағынышын айтпаса тұра алмайтын халге жеткен. Бірақ екі ғашықтыда толғантып, шешуін таба алмай жүрген бір нәрсе бар еді. Ол бүгін болмаса ертең, ия арғы күндері белгілі болатын өз жайларының болашағы еді. Екеуінің де қауіптеніп, қорқатыны Ақшораның әкесі Дүрді болатын. Өз дегені болмаса қасарысып, илікпейтін оны алған бетінен қайтару оңай еместігін біледі. Араға елші салып Хиуаның бегіне берген уәдеңді бұз, біздің айтқанымызды қабылда дейтін сөз жатқан жыланның құйрығын басумен бірдей. Ақыры ақылды қыз екі елдің арасындағы сүттей ұйып келе жатқан бірліктің бұзылуына ел ақсақалдарын кінәлі қылмайық, көп ұлдың ортасындағы жалғыз еркесі едім ғой, мүмкін сөзімді жерде қалдырмас, өзім айтайын деп шешкен. Бірақ тентек әке илікпеді. Бұрынғы бұрынғы ма, жан- жаққа зәрін шашып, маңайындағы елді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Күндіз үйінің төрінде, кешке қарата үй алдындағы төбе үстінде ешкіммен сөйлеспей қаққан қазықтай боп шаншылып отырғаны.
Бұрын Ақшора өзінің ойындағы бар сырын жасырмай жеңгесіне айтатын. Енді әңгімеден қалып, терең ойдың құшағына берілгенінен-ақ жеңгесі оның тығырықтан шығар жолды іздеп арпалысып жүргенін білді. Аяқталмаған кілем өрмегінің қасында отырғаны болмаса тоқығанынан отырғаны, ойға батқаны көп. Үй шаруасымен кіріп-шығып жүрген бұған көз салғаны болмаса ештеңе демейді. Қатарлас жеңгесімен өздері ғана білетін әңгімелерді айтып сыңғырласа күлісіп, құшақтаса отыратын жай жөніне қалды. Бірақ жастайынан еркін өсіп, өз ойын ашық айтатын ер мінезді қайынсіңлісінің бордай үгілмей ақыры өз шешімін айтатынын, бір кесімге келетінін біледі. Анда-санда көзіне көзі түскенде бір тәуекелге, тағдырдың маңдайға жазғанын көріп алуға бекінгенін байқайтын.
Көп ұзамай солай болды да. Бір күні қасына келіп тізе бүккен жеңгесінің иығына қолын салған Ақшора: -Бері қарашы Анар,-деді. Күні кеше ғана бәріңнің орталарыңдағы еркелерің мен едім. Жан-жақтан тиырымы көп, әйел
жолы жіңішке болсада еркін өскенімді өзің білесің. Әкенің қабағынан қорқып, ағаның сұсынан жалтақтамадым. Бірақ орынсыз кетпедім. Дүрдінің жалғыз қызы едім деп үлкеннің жолын кесіп, сөзін бөлмедім. Өйткені қаншама ашық, ерке болғаныммен бағзыдан келе жатқан әйел жүрер сүрлеуді өзгертпесімді, өзгерте алмайтынымды білдім. Қыз байғұсқа өмірдің өзінің көрсетпей салатын бұғалығы болады екен. Мойныңа киілгеннен-ақ өзіңнің әлсіз екеніңді біледі екенсің. Жолыңның көбі өзгенің сілтеуімен өтеді екен. Мен де осыны мойындап кез-келген әйелдің маңдайына жазылған сол сызықпен жүре беретін шығармын деп ойлағанмын. Бірақ орта жолда тағдыр маған Белтұранды кездестірді. Алғаш көргеннен-ақ мен оған құлай берілдім. Қаншама бұлқынғанмен, өз еркім өзімде еместігін, ата дәстүрінен аспау керектігін санама мың қайтара құйғанмен ештеңе шықпады. Екеумізде гүлге ұмтылған көбелектей болдық. Алды артымызға қарамай азғана күн кездескен қысқа уақыттың шырынын сорып, нәрін жұттық. Осында жұрт ауыстырғалы тығырықтан шығар жол іздеп арпалысумен болғанымды байқапта жүрсің. Айтқанымды, көлдеткен көз жасымды көрмей өз дегенімен ғана жүрседе әкеме кінә арта алмаймын. Мүмкін ол Белтұран екеуміздің арамыздағы қимастықты түсінбеген шығар. Бәлкім ондай күйіп жануды, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын аққу сыңарындай жайды өз басынан өткізбеген де шығар. Белтұран екеуміздің аражігімізді ажырату мүмкін еместігін де айтып едім. Бірақ амал не, әкем оны түсінбеді.
Бұл жерде ештеңе жасырмай сырымды айтар жалғыз сенсің. Менің ішімде тамшыдай ғана түйнек, Белтұранның қаны бар. Ол осы топырақта жаратылды, алғашқы нәрін де осы топырақтан алды. Ендеше оны қалай жат жерге апарып, бөтен ұяда жарыққа әкелем. Ол жаққа кетсем сағыныштың, сарыла күтудің құрбаны болатынымда анық. Сонда не болмақшы. Тегін білмей өскен оның ертең өз жеріне, өз қандастарына қарсы келмесіне, қару көтермесіне кім кепіл. Жо-жоқ, мен олай істей алмаймын. Сондықтан Анар, айналайын жеңешетай маған істеген жақсылығың болсын, Белтұранға хабар жеткіз. Мен неде болса әке шешімін аттап өтіп, өз жүрегімнің бұйрығын орындауға бекідім. Құдайдың шапағаты мол болса, елдің қарғысынан, алды артын ойламайтын қаралы қолдардың ойланбай сілтер дойырынан аман болсам жапырағымды жаярмын. Егер ол тілекке жете алмасақта біздің өкінішіміз болмас. Өзім де, ішімдегі әлі жан біте қоймаған түйіншекте жат жерде емес, өзіміз жаратылған топырақ құшағында қаламыз ғой. Бәлкім тентек әкем ақылына келер. Қара тас емес қой,-дегенді жеңгесін құшақтап отырып.
***
Ел әлдеқашан ұйқыға кеткен. Шілденің май тоңғысыз тастай қараңғы түні. Аспандағы жыпырлаған жұлдыздар ертеңгі күннің тағы да ыстық болатынынан хабар бергендей. Үй алдындағы жылтылдап көрінген оттардың сөнгеніне де біраз уақыт болды. Анда-санда маңқылдап үріп түн тыныштығын бұзатын төбеттердің де даусы естілмейді. Әріректегі төбе басынан анда-санда уілдей шақырған байғұздың ғана даусы естіледі.
Белтұранның осында келіп отырғанына да біраз болды. Ақшораның жеңгесінің айтуына қарағанда ол ел тегіс ұйқыға кеткесін түн ортасы ауа шықпақ. Оның бер жағында тіпті мүмкін емес. Соңғы кезеңдері бір нәрседен секем алды ма, ағалары бақылауды күшейткен тәрізді. Әйтпесе әшейінде түнгі түнекке баратын қойшылар жаман торысының қапталына жұмырға құйған су-суанын іліп, өзімен-өзі бара жататын еді. Енді түнімен қасқыр қуып, ия болмаса таң атқанша кенеттен тап болар барымташы дұшпанмен арпалысып өтетін адамша үйірден жарау аттарын алдыртыпты. Көптен бері кереге басында ілулі тұрған бір кездері әкесі Хиуаның ба, Бұқараның ба базарынан саудаласып алған жіңішке, қайқы қылышты беліне қыстыруды да ұмытпайды. Және өзі кетпейді. Соңынан тағы біреулердің дүсірлете шауып бара жатқаны. Бәрі де үйге қамалып отырған Ақшораны ең болмаса бір көруге Белтұранның келетінін және тек келмей бір нәрсеге белін бекем буып келетінін білгендей. Айдалада кездесе қалса батыр жігіттің ешкімге де осал тимесі, дегеніңе көнейін деп оңай берілмесі сірә белгілі. Қолыңда қаруың, астыңда жарамды атың болмаса Белтұранның қарсы келген бір-жар жігітті көлігінен қаңбақ құрлы көрмей аудара салатынын, ия болмаса ер үстінен жұлып алып тақымына басып, өкпең сығылып әлсірегесін ғана жол үсті лақтыра салудың оған онша қиынға соқпайтынын бәрі де біледі. Өздерінің қолдары жетпей жүрген сұлуды иемденгіш жігіттен қайтіп кек қайтаруды білмей жүргендерге құдай сәтін салған сияқты. Қалың қолмен келіп аулымызды шапты, құтты орнына қондырайын деп отырған қызымызды зорлап алып кетті дейтін, екі елді шабыстыратын даудан қашып жалғыз келетінін де біледі. Осы жолы бұлар ия шік, ия бүк түседі. Ұрлық үстінде ұстаса сыныққа сылтау табылып өз дегендеріне жетеді, айрылып қалса қызды өз қолдарымен артына мінгестіргендей болып Дүрдінің қаһарына ілініп, Хиуа бегінің тістене отырып бір бүккен саусағының есебіне алынады.
***
Анар жақсы көретін қайынсіңлісінің өзінен қиыла сұраған өтінішін Белтұранға қайтіп жеткізем деп қиналған. Ауылдағы еркек біткеннің жау келердей қаралай дүрлігіп жүргені анау. Оларға керегі сыныққа сылтау екендігі белгілі. Жүрегін сағыныш кернеген жігітке осының бәрін жеткізетін кім. Тек Ақшораға жетіссін десе оның дайын тұрған аранға оп-оңай түсіп, найзаға оңай шаншылатыны аян. Үйге кірген бұған Ақшора үмітпен қарайды. Жеңгесінің бір ауыз жылы сөзінен алып ұшқан көңіліне демеу іздейді. Бірақ амал қанша, үйге кіріп шығып, ауылға келіп, аттанып бара жатқандарға көз салып шығарып салғаны болмаса, әзір қолдан келер ештеңе жоқ. Далаға шықса болды жұрттың бәрі мұның ішкі сырын ұғып қойғандай, көмейінде тұрған сөзді айтқызбай-ақ біліп тұрғандай қаралай өз-өзінен қысылады. Елдің бағып жүргені Ақшора емес, өзі сияқты сезінеді. Сәтін салып Ақшора Белтұранмен қол ұстасып кете қойса бар айтылатын әңгіме де, басы анау атасы Дүрдіден бастап бүкіл елдің кінәлайтыны да өзі екенін біледі. Екі оттың ортасында қалған Анар тығырыққа тірелгендей.
Бірақ іс оңынан басталайын десе сөз бар ма. Ауылға көптен бері көрінбей жүрген осы түбектегі түрікмені бар, қазағы бар елдің бәріне ортақ зергер келді. Жасы елулерге келген, қақ соқпен ісі жоқ, алдындағы ісін ғана білетін томаға тұйық адам еді. Атасы Дүрдімен көптен бері таныс, төріне отырғызар силас досы, біліші. Ақшораға Хиуадан құда түсіп кеткеннен кейін Дүрді күйеуге кетер қызына керекті күмістен жасалар әртүрлі бұйымдарға тапсырма берген. Баяғыдан бері аралас-құралас отырған түрікмен мен қазақтың қай жағында да ұқсастық болатынын ескірген Дүрді, осы жасалар бұйымдарға түрікменнің бояуын көбірек сіңірерсің деп арнайы айтқан. Зергер біліші сол өтінішін орындап, күмістен жасалған бұйымдарын өзі алып келді.
Дүрді зергердің алдына жайған бұйымдарына қарады. Ел бұған алыстан ат сабылтып бекерден бекер бармайды екен. Білезікке де, өңіржиекке де бар өнерін төгіпті. Әсіресе ана көздің жауын алар алқаны айтсаңшы. Шебердің түн ұйқысын төрт бөлген ой қиялы, мақсат, мүддесі осы бір туынды үстінде тоғысқан сияқты. Көзі танитындар осыны таққан адамның арғы тегінен жалғасып келе жатқан байлығын, ортаймаған ырыс несібесін айтқызбай-ақ айыратыны анық. Әшекей бұйымдарға тесіле қарап отырған Дүрдінің құлағына алыстан бір әуен жеткендей болды. Көптен бері естімеген, бәлкім бала кезінде жадында жатталып қалған әуен бе, айыра алмады. Бұл кім болды екен бағзыдан қалған осы бір мұңды сазды әлі ұмытпай жүрген. Ол түрулі тұрған іргеден сыртқа қарады. Ештеңе көрінбейді. Әуен де кілт үзілді. Көзі қайтадан алдында жатқан зергердің бұйымдарына түсті. Жаңағы мұңды әуен тағы да алыстан талып естілгендей борлды. Дүрді сонда барып хас шебердің қолынан шыққан туындының түсіне білсең шертер сырының көп екенін білді. Асқан шеберлікпен салынған ою- өрнек, бедерлер сыздықтатып әнге салады екен. Бәлкім ол Ақшораның әні ме, кім білген. Дүрдінің бойын кенет сағыныш биледі. Кімді, нені сағынғанын айыра да алмады. Әйтеуір жүрегі езіле, қайтіп қолға түспес асылынан айрылғандай бір күйге түсті.
-Рахмет білішім,-деді ол төрде отырған зергерге. Алла риза болса, мен ризамын. Көңілімнен шықты. Сенің бұл өнеріңе дүниенің төрт бұрышымен байланысы бар, талай асылды көзімен көріп, қолымен ұстап жүрген Хиуа мен Самарқанның ханшалары да басын иетін болар. Дегенменде осыларыңды Ақшораға көрсетші. Бәлкім қосымша тапсырмасы бола ма.
Дүрді көкірегі қарс айрыла күрсінді. Бірақ онысын қонағына білдіргісі келмегендей
-Баяғы уәдеміз сол күйі, еңбегіңді асыра бағаламасақ, қылдай да қиянат болмайды,-деді.
Анар зергерді ертіп үйіне келді. Қонағын төрге оздырды. Кілем қасында отырған Ақшора орнынан тұрып сыпайы амандасты. Қайынсіңлісіне зергердің әкелген бұйымдарының атасына ұнағанын, өзіне көрсетуді тапсырғанын айтты.
Ақшора кішкене кілемше үстінде жатқан еңселік, өңіржиек, алқа, шолпыларға зер сала қарады. Бірақ көзқарасында әйелге тән ынтазарлық, асылға деген қызығушылық байқалмайды. Қолына сыртының кедір бұдыры аз, құстұмсық жүзікті алып айналдыра қарады.
-Ниетіңе рахмет аға. Бар өнеріңді салыпсың. Көңіл шіркіннің шарлап барар жері шексіз емес пе. Сіздің қазақтарда көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе деген сөз тектен тек айтылмаған шығар. Менің алып-ұшқан ойым сіздің осы бір асықтай түйінге төгілте салған өрнегіңізден асып кетпес. Ырым қылып мына бір жүзігіңізді кәзір қолыма салайын. Еркіндікті меңзепсіз ғой. Бірақ құс екеш құстың да қанатын еркін қаға алмай торға түсер кезі болады емес пе. Сол торға қамалған жанның бірі менмін аға. Әкемнің силас досы едің. Бірақ осы жолы сол досыңа қиянат жасамасаңда менің Белтұранға айтар сәлемімді оған білдірмей жеткіз. Бәрін жыр қылып қайдан айтып жатайын. Ел арасында айтылып жүрген әңгімеге қанық та шығарсыз. Бәлкім біздің жайымызды өзге түсінбес, ал сіздің жаныңыздың ұғатынын білемін. Мұны бір әйелдің әңгімесі деп емес, шерлі жанның соңғы үміті, соңғы арпалыс алдындағы аманаты деп білгейсің.
Ақшора біреу естіп қоятындай, ия әңгімені тыңдап отырған зергер аяғына жетпей орнынан тұрып кететіндей тез-тез сөйледі.
-Апырмай қарағым-ай, не деп кеттің. Қинадың-ау ағаңды. Түбі қайырлы болғай. Дүрдінің бір беткей мінезі де белгілі. Ашу үстінде қателікке жол беріле қойса кінәлі мен болып шықпаймын ба. Тіпті жұрт олай деп ойламаса да қолыммен істегенді қайтіп жөн санаймын,-деді зергер абдырап.
-Жо-жоқ ағатай олай демеші. Бәрі де жақсы болады. Бұл сенің сол жақсылықтың сүрлеуіне жөн сілтегенің болады. Мен бәрінде ойландым, толғандым. Жастықтың желігі шығар деме. Бүгінгі тәуекелім де, ертеңгі үмітім де кәзір тек қана саған байланысты. Көп кідірме ағатай. Бүгін күтем Белтұранды,-деді.
Көп ұзамай Дүрдінің аулынан аттанған зергер атын қамшылай желе жортып бара жатты..
***
Белтұран аспандағы жұлдыздарға қарады. Әлі сол қалпы жыпырласа жымыңдаған күйі. Таңға дейін біраз уақыт бар екен деді ішінен. Түн қараңғысына тесіле қарап отырған ол кенет өзіне бағыттап келе жатқандарды байқады. Кім болсада дайын тұрайын дегендей атының тұсауын алып еркелете мойнын сипады. Иесінің кеудесін иіскеп оқыранатын атының даусы шықпасын деді ме, тұмсығын алақанымен басты. Жан-жағына жалтақтай қарап асыға басып келе жатқандардың Ақшора мен Анар екенін білді. Көптен көрмей сағыныштан сарғайған ғашықтар бір-біріне ұмтылды. Бірақ Ақшора кеудесінен шығып кетердей аталақтай соққан жүрегіне тежеу беріп қасына келген жігіттің мойнына орала кетпеді. Айрылып қалардай ғашығының қолынан тас қылып ұстап тесіле қарады.
-Тағдырдың қайта табыстырғанына ризамын. Ендігі билік сенің қолыңда. Етегінен ұстаған арысымның жолы болғай деп тілеймін. Қалған
жердегі маңдайыма жазғанды сенімен бірге көремін-дағы. Ал, Анар,-деді қасында тұрған жеңгесіне бұрылып -Ауылдағы жалғыз тілекшім сен болдың. Мен үшін көп қиналғаныңды да, әлі де жаның жабырқап, күйзелетініңді де білемін. Рахмет жаным. Жүрегі құрғыр бір нәрсені сезетін сияқты...
-Жолың болсын. Ойыңды жақсылыққа бағышта, құдайдың құлағына шалынар. Ал аман болың,-деп қайынсіңлісінің сөзін бөлген Анар жігіттің қолын алып, Ақшораның бетінен сүйді. Тас қылып құшақтап бауырына енген Ақшораның бетінен сорғалай аққан жасының ашқылтым дәмін сезді.
Түн қараңғысына сіңіп желе жортып бара жатқан аттардың тұяғының анда-санда тасқа тиген даусы естіледі. Сол дауыс аңдушыларға хабар берердей жаны шыға үрейленген келіншек құдайдан әлі де түн қараңғысының созыла түскенін тілеп ауылға беттеді.
Үйге келген келіншек бәрібір жата алмады. Неге екенін білмеді жүрегі дүрсілдеп аузына тығылды. Бір жамандықты сезгендей орнынан тұрып жан жағына қарады. Кенет көзі Ақшораның жатар орнына түсті. Қарсы алдынан құбыжық көргендей шыңғыра жаздап барып алақанымен аузын басты. Шымылдық үзіліп жерге түсіпті. Жоғарғы жағына тағылған әшекейлері жаңы сызат беріп келе жатқан таң жарығында күреңітіп зорға көрінеді. Асығыс қамданып жүргенде шетін басып үзілді ме екен. Кезінде Бесқаладан әкелген мықты матадан ызып өзі жасаған еді. «Құдай-ау, мұнысы несі, түбі жақсылыққа бұйырғай» деп тілеген келіншек абдырап асығыс үзілген жіпті жалғауға кірісті. Бірақ сусыма жібектен жасалған шымылдықтан жібі шығып кереге басында салбырап тұр. Осы кезде ауыл алдынан елді басына көтере абалап иттер үрді. Дүсірлей шапқан көп аттардың даусы естілді. Қолына шымылдық пен үзілген жіпті ұстаған Анар сылқ етіп жерге отыра кетті.
***
Жаңа атып келе жатқан таң тыныштығын бұзып қуғыншылар артында сызылта шаң қалдырған екі аттының соңында қиқулап келеді. Жолына тор құрып қанша аңдығанмен ретін тауып қызды өңгеріп бара жатқан Белтұранның мына ісі намыстарын жанығандай бәрі де өршелене ұмтылады. Бірақ мына қаптап келе жатқан қалың қолдан олардың енді құтыла алмасы анық. Жан-жаққа бытырай шапқандар қалың елдің ортасына келіп қыз алғыш неменің кәзір қарақұрттың шатырына оралғандай дәрменсіз бұлқынысқа түсетініне көздері жетіп келеді. Астындағы аттарын қанша тепкілегенмен олардың енді баратын жері, сытылып шығар саңылауы жоқ. Алды құлама шың, арғы жағы теңіз. Кейін қайтар жолда бұлар келеді. Қарсы шапса ия соққыға жығылады, ия оқыс сілтеген қайқы қылыштың жүзіне туралады. Батырға да жан керек, басында былшырағы болса бір күн болса да тірлігін ойлайтын шығар. Аманшылық болса әке сөзін құлағына ілмей осыншама елді дүрліктіріп, бір қазақтың етегінен жармасқан қызды шашынан сүйреп, бүкіл түрікменнің еркегі басындағы сеңсең бөркін еріккеннен кигендей көрген жігітін ат көтіне өңгеріп қайтатын болар.
Бір кезде Белтұран қызды ілгері оздыртып атының басын тартты. Артта келе жатқандарды күтіп алып, шайқасқа түсуге ыңғайланған сияқты. Әп, бәсе
құдай берейін десе осылай болады ғой. Бұлардың көктен сұрағаны жерден табылды да қойды. Мына әумесер басын ауырлап жүрген болды. Шауып кетсе бір-екі жігітті аттан аударар, қалған көпке не қайрат қылар дейсің. Қуғыншылардың қай қайсысыда батыр жігіттің кәзір сілтенер соққысын сезгендей қылыш сабын тістене қысып келеді. Артына бұрылған Белтұран өзіне қарайлаған Ақшораға көзі түсті. Көздеріне қан толып, кең даланы дүсірлете шаңға бөгіп андыздап келе жатқан қалың қолдың ортасына ғашығын жалғыз қалдырғысы келмегендей. Бойы қызып, ауыздығымен алысқан сәйгүлік бір орнында шыр айналады. Аралары жақын. Бір-біріне көзі түскен қос ғашық кенет іштей ұғысқандай ат басын құлама шыңға бағыттады. Белтұран үзеңгі соғыстыра қатарласа шауып бара жатып өзіне қол созған Ақшораны жеп-жеңіл көтеріп алдына алды. Құлап қалмасыншы, қапыда айрылып қалмайыншы дегендей тас қылып бауырына тартты. Екеуі де өмір шіркіннің жалған екенін, бұлар үшін оның қамшының сабынан да қысқа болғанын сезді. Өзге жұрт сияқты жер басып, жапырақ жаюға тарлық жасаған тағдырдың тым қатал болғанын да білді. Бірақ сол қатыгез тағдырдың соңғы сәтте қайта кездестіргеніне, орны толмас өкінішті бірге сезініп, қас қағым сәттік бақыт сезімін бірге өткізетініне риза болғандай бір- біріне күлімсіреген қалпы, шың жиегіне келгенде өзін-өзі тоқтата алмай шыңғыра кісінеп көкке атылған ат үстінде төмен қарата қалықтап бара жатты...
Қуғыншылар шың басына келіп бір-ақ кідірді. Алдындағы Дүрді атынан түсіп тізгінін қасындағыға ұстата салып ілгері ұмтылды. Көзіне алдымен түскені құлама шыңның көк шақа тастарын жарып шыққан өрттей қызыл гүлдер болды. Өздері мұншама көп болар ма. Бір-біріне жалғаса сонау етекке дейін жайыла өсіпті. Ойына күздің жақындап қалғаны түсті. Соған қарамастан әлі өңін жібермей жайқала ырғалған гүлдерге қарап ''өміршеңдігін қарашы'' деді ішінен. Әр жерде өскен гүлдерді қуалаған көзі кенет етекте құшақтары ажырамай жатқан Ақшора мен Белтұранды көрді. Өзін-өзі зорлап қайта қарады. Омыраулары да қып-қызыл гүлге толы. Соның исіне еліткендей бір-біріне басын сүйеген қалпы тып-тыныш жатыр. Дүрді тұманданып ештеңе көрмеген көзін сүртті. Сонда барып қия жартастардың әр жеріне соғыла етекке барып түскендерін білді. Жаңағы гүл дегені әр жерге шашырай тамшылаған ғашықтардың бейкүнә қандары екен. Кенет көзі күн нұрына шағылысып жан-жаққа сәуле таратқан Ақшораның қолындағы сақинаны көрді. Санасына өткендегі зергердің қолынан шыққан асыл бұйым екені кірді. Құлағына алыстан талып мұңды әуен, үзіп-үзіп айтылған Ақшораның, төрт ұлдың ортасындағы жалғыз шынарының сөздері естілгендей болды. ''Мен ғашықпын, оның дертінен арыла алмаймын әке... Тағдыр тап қылған сүйгеніме деген махаббатым мәңгілік... Мен жол үстіндегі қарауыл төбедей үнемі ілгері қараумен, өмір бойы оны іздеумен боламын әке... Сүйегіміз құс қанаты талар шөлде қалса да біздің рухымыз мәңгілік жасыл бақ ішінде жасай бермек. Осыны түсін әке...''
Дүрді сонда барып өткендегі зергердің бұйымдарын қарап отырғанда есіне түсіре алмаған әуеннің баяғыда шешелері айтып отыратын ғашықтар жайындағы ''Айжамал'' әні екенін білді. Ұмыт болған сөздері де орала бастағандай. Бала кезінде кейде шешесіне қосыла ыңылдап айтатыны бар еді. Сол екен ғой жадында жатталып қалған.
Дүрді көкірегі айрыла күрсінді. Қызды алып кетті деген хабарды ести сала өзіне тоқтау бере алмай ашу үсті атқа қонғанына, мына қасіретті көзімен көргеніне өлердей өкінді. Өткенде көрген түсі бекер болмады. Әкесі марқұм осы Қаратаудың бойындағы бұлақ, жылғаның бойына ағаш өсірумен кеткен еді. Өмірден өткеніне біраз уақыт болған-ды. Сол екі-үш күндікте түсіне енді. Мұны ертіп биік төбе басына шықты. Етекте жайыла өскен қалың ағаш. Солардың қақ ортасында алыстан көзге түсіп жалғыз шынар тұр. Әкесі соны қолымен көрсетіп ''Шырағым, ана жалғыз шынарды солдырып ала көрмеші. Байқап тұрған шығарсың, көп ағаштың ішіндегі жалғыз шынар. Мына ағаштар менің саған тастар байлығым. Ал ана тұрған жалғыз шынар сол байлығыңның сәні. Солып қалмасын. Өзгенің көзі тимесін, абай бол. Ақылға тоқтамай асығып жүретінің бар еді. Соныңа салып жүргеніңде тамырын қиып ала көрме '' деп еді марқұм.
Құлағына тағы да әуен келгендей болды. Сонау ерте заманнан сүйгеніне қосыла алмай арманда кеткен ғашықтар әнінің әлі айтылып келе жатқанын, айтыла беретінін білді. Солардың жолына кесе көлденең тұрғысы келген қатыгездіктің мына жалғанға қасірет пен қайғы силағаннан басқа ештеңе де әкелмейтінін анық сезінді. Бүгінгі қаралы күннің бар кінәсі де, қарғысы да өзіне бағышталарын білген, опық жеген Дүрді көзі бұлдырап тағы да төменге қарады. Құшақтары қып-қызыл гүлге толы ғашықтар оның көз алдынан бірте-бірте алыстап бара жатты...
Қаработа-Дөңқара
Бірін-бірі жөңкіле қуған таудай толқындар жағадағы жартасқа келіп гүрс етіп соғады да кейін қайтады. Жолында кездескен қандай кедергі болсада өзімен бірге алып кетердей түнере келгенімен, жартасқа келгенде тауы шағылғандай мың сан тамшыға айналып жан-жағына әлсіз шашырайды. Бірақ қандай дүлей келседе міз бақпайтын жартас сол күйінде. Етегін жуып әлсіреген толқынның жағадағы уақ тастарды, шөп қиқымдарын өзімен бірге ала қайтқанына күле қарағандай маңғаз қалпынан айнымайды. Көп ұзамайды, қаһарына мінген ақ жал дүлейдің тағы да өршелене ұмтылып, бұрқылдай қайнап жағаға соғып жатқаны.
Жоғарыда биік төбе үстінде төмен қарап отырған Естөре ақ көбіктеніп жатқан толқын ішінен бірдеңе іздегендей тесіле қарайды. Тымық күндері ана көрініп тұрған Бозашы беттен қысылмай-ақ атпен кешіп өтетін шығанақ күз түсе терістіктен құтырына соққан желден кейін үлкен айдынға айналады. Және тек жатпайды. Сонау көкшулан теңіздің ортасында біреу қазан қайнатып жатқандай ернегінен асып осы жаққа қарата тау-тау толқындар үздіксіз жөңкілумен болады. Бұл кезде Бозашыдан Үстірт асатын жол да су
астында қалып байланыс тоқтайды. Жанынан күдер үзгендер болмаса екінің бірі осы кезде көп нартәуекелге бара бермейді.
Үн- түнсіз отырған Естөренің ойына сонау артта қалған балалық шағы түсті. Бұлардың ата бабалары осы Маңғыстаудың ойына құлағанда он жасар бала болатын. Үстірт үстінен еңкейгенде көз көрім жердің бәрінде шалқып жатқан теңізді көріп таң қалған. Жағасы у-шу. Базарға келгендей құлағың тұнады. Сонда жан-жағына әуестене қараған бала таудан аққан бұлақ бойында, төменде теңіз жағасында жыртылып-айрылып жатқан ақ жабағы құстарды көрген еді. Содан үлкендері сыпырылып түйенің мойнынан түсті. Бейтаныс жерге келіп тілерсегі дірілдеп тартыншақтанған түйелердің бұйдасынан тартып етекке түскен. Бір-біріне жалғаса шұбатылған ұзын көш пен оның артынан айдалып келе жатқан ірілі-уақты малдар түгел құлап болғанша қарайлап, шың басында найзасын кесе көлденең ұстаған батырлардың тұрысы жадында жатталып қалыпты. Көш сол қалпы өздері де, айдап келе жатқан малдары да шашау шықпастан Бозашыға жеткен. Содан бұл жер құт қонысқа айналды ғой. Кім-кімнің де алдындағы малының тұяғы өсті. Мал өскесін оның өрісі кеңейді. Бастапқы әзірде үрегейлеу күн кешкендерімен арттарынан жалғасып келіп жатқан ағайындардың қарасы көбейе түсті. Енді Бозашыны қойып бірі Қаратаудың етегіне, бірі Үстірттің үстіне қоныстанды. Құм сағаттай жылжыған уақыттың қайтіп өтіп кеткенін білмей де қалады екенсің. Алғаш келгенде он жасар бұл да кәзір пайғамбар жасына келіпті. Өмір болғасын қуанышы да, онымен қабаттасып қайғысы да қоса жүретіні белгілі. Жүрек жарды қуанышты сәттерде алақайлап шаттанған, жүзін мұң шалған уақыттарда қалғанына береке бере гөр деп тәубеге келген кездері де болды. Тағдырына, бәрін бір өзі үйлестіріп тұрған құдыреті күшті жасағанға өкпесі де жоқ еді. Қазақтың басына іс түссе қолын бірінші созары алдындағы малы емес пе. Сол малдан кенде болмады. Есебін білмеймін деп құдайға күпір болар жайы жоқ. Мұның алдындағы бір тұсақ қозы туса, өрісінен бір түп жусанның артық шыққаны рас. Бірақ аллатағаланың бұған деген жомарттығы балаға келгенде шолтаң етіп қысқарды да қалды. Бәрін үйіп-төгіп берді де ''осыған ғана риза бол'' дегендей көз алдына жалғыз Дөңқараны ғана көрсетті. Түпсіз тұңғиық үстінде қалт- құлт еткен аспалы көпірден өтіп бара жатқандай үйде жүрсе де, түзге кетсе де үнемі сол жалғыздың тілеуін тілеумен келе жатыр еді. Енді міне кез- келгенді алыстан өзіне тартар сымбатты теректей боп әркімнің көз сұғына ілінді де, жапырағын жайып үлгермей жатып солды.
Бұл білмепті, өлім шіркінді де адам екшейді екен ғой. Қайғыдан қан жұтып отырсаңда сол өлімнің шүкіршілік ететін жайы да болады екен. Қыршынынан кетседе артында қалдырған ісі, ел айтып жүрер ерлігі сол қайғыңды жеңілдетуге себеп болады екен ғой.
Ал мұның Дөңқарасына ер адамға лайық қай ерлікте бұйырмай қыз соңына түскен жастық желіктің құрбаны болды. Өзіне-өзі тежеу беріп, айтқанмен жүргенде әкесі әулиенің басындағы жалғыз ағаштай шошайып қалмас па еді,
кім білсін. Бірақ тағдырға не шара. Адамның басы алланың добы. Керек болған екен қақты да салды.
Естөре көкірегі айрыла күрсінді. Орнынан тұрып жоғары өрледі. Үлкейді ме, әлде өмірден өткеніне бес-алты айдың жүзі болған баласының қайғысы жеңді ме, әйтеуір соңғы кезде сәл биікке көтерілсе ынтығып қалатынды шығарды. Осы бір жүрісін, шың жиегіне келіп ақ көбік болып арпалысып жатқан толқындарға қарап отыруды әдетке айналдырған. Баласының қара жердің қойнына тапсырылғанын біле тұра сол арсы-гүрсі арпалысып жатқан толқын ішінен көңіліне демеу болар бір нәрсені іздейді. Анау түпсіз тұңғиыққа үйіріле шыр айналған су ішінен баласын көргендей болады. Қармап ұстар ештеңе таба алмай жағаға қарай тырбана ұмтылған қолын көргендей болады. Сол ақ көбік толқындарға қарай-қарай көзі қарлығып кейде судан шыға сала сілкініп иесін іздеген ақ боз атты көргендей, оқыранған даусын естігендей болады. Әйтеуір бір алдамшы дүние. Көзі де, жаны да әбден шаршағанда барып орнынан тұрып жоғары өрлейді. Биік төбе басында аспанмен таласқан төрт қырлы мазар көрінеді. Дөңқараның осында жатқанын, мынау сол жалғызға соғылған ескерткіш екенін тағыда есіне түсіреді. Қарсы алдына тәлтіректеп келіп тізерлей отырады. Жалғызына бағыштап құран оқиды. Кенет өзіне қосыла сөйлеген баласының даусын естігендей болады. Әкесінің тізесіне басын қойып еркелей сөйлеген баласы қартайған шағында жалғыз қалдырғанына кешірім өтінгендей, басынан өткенін айтып жатқандай әсерде болады...
***
Құдайдың біреу берседе, бірегей қылғаны шығар Дөңқара өз қатарларына қарағанда сүйекті, екі иығына екі кісі мінгендей ірі еді. Біреудің жалғызымын, әкемнің байлығы ішсемде, төксемде жетіп жатыр деген таяз ойдан аулақ болды. Елмен бірге түн қатып жылқы күзетті, шашау шыққаны болса түгендеді. Жастықтың қызығынан да шет қалмады. Болып жатқан той мерекелерде ''Дөңқараның аты келіпті'', ''Дөңқара бәленше деген палуанды жер қаптырыпты'' деген хабарды естіген әкесі төбесі көкке екі елі тимей тұрсада, сыртына шығармауға тырысатын. Ішінен мың қайтара тәубәсін айтып, жалғызының қызығы таусылмағай деп тілейтін. Үйлендіретін кез де келген. Бірақ неге екені белгісіз осы уақытқа дейін ешкімнің қызына барып белгі таққан жоқ еді. Бәлкім аллатағаланың бұйрығы солай болған шығар, бәлкім баласының көңіліме жаққан қызды ғана аламын дегені болар, әйтеуір ешкімге құда түсіп, құйрық бауырды бөле жеген жоқ . Онан басқа осы Бозашының құмында ыңырантып мал өсіргендер де, Қаратаудың бойындағы бұлақты жағалап, соның бойына өскен жүгері, тарысын ырзық қылып отырғандар да Естөре келсе төріне шығармас па. Бір марқаның басын қырқып келген шаруасын естігенше асық болмаспа еді. Бірақ Естөре ойында болсада баласынан асып өз дегенін істемеді. Ақылсыз емес қой, бір ойлағаны бар шығар деп артын күткен. Тірі жүрсе өзінің айтқан уақытында ойдағы Адайы бар, Үстіртті жайлаған Табыны бар, Арқадағы Әлімі бар әйтеуір біреуімен тағдыр байланыстыратын шығар деп ойлаған.
Бірақ соңғы кезде екі үй ара пыш-пыштаған әйелдердің әңгімесіне қарағанда мұның күтіп жүрген жері алыстап бара жатқан сияқты. Баласы қызық қуып Бозашының құмында жүргенде де, нағашылатып Арқаға барғанда да әкесінің ойындағы жоғын жоқтамапты. Көңілінің ауғаны, түн қатып барып қайтатыны анау Қаратүйе Манатының үстінде отырған балықшы түрікмендердің аулы көрінеді.
Түбектің күншығыс беттегі тұмсығы шығанақтың ішіне сұғынып жататын. Жан-жағы бірде тобықтан, бірде тізеден келіп күннің райына, желдің соғысына қарай өзгеріп отыратын көк су. Сол жіңішке түбектің ішіне кіргізіп жіберген жылқыны сыртынан бақылағаны болмаса, бағудың қажеті жоқ. Жылқының нағыз сүйіп жейтін еркегі мен ебелегі аралас, ұйыса өседі. Күзге таман қараоттың кезінде жусаны бөртіп белуардан келеді. Осы жерден Дөңқара арғы жағында көрініп тұрған түрікмендердің аулына ат ізін жиі салатын көрінеді. Қашаннан бері барып жүргенін бір құдайдың өзі білсін. Ел аузындағы әңгімеге кім қақпақ болыпты. Шамасы бірге жүріп, жастықтың буына бірге елітіп жүрген үзеңгілес жолдастарының бірінің аузынан шықса керек, әйтеуір осы әңгіме ауыл арасында тарағалы да біраз уақыт болды. Әкесі бастапқы әзірде баласына тежеу салғысы да келген. Артынан өзім жас болмағандай, қызды ауылдың итін үргізіп, кемпірін ұйқысынан тұрғызбағандай болмайын деп, өзіне өзі тежеу берген. Тек біреудің намысына тиіп, тыныш отырған екі ел бір-біріне бақан алып жүгірмесе болды ғой деп ойлаған. Баласының ақылсыз болмасада кейде өз дегенінен қайтпайтын мінезіне қанық әкесі осы бір көмейіне келген сөзді айтайын деп бірнеше оқталып, бірнеше кідірген-ді. Артынан сонысына өкінгендей де болған. Бірақ түбі қайыр, басы у-ду болғанмен арты насырға шапқан жоқ. Салмағының кейінде жатқанын, арты орны толмас өкінішке ұласарын бұл қайдан білсін. Сол тойдағы бір тентектің сәл қыжылды намысым тапталды деп кекке балап, бір бармағы ішінде бүгулі кеткенін ешкімде білген жоқ болатын. Білсе осындағы бүкіл қазақтың қызының ішінен біреуі бауырын жылытпайтындай, желісін жалғастырмайтындай көріп өз дегенімен жүрген баласының жолына кесе көлденең жатсада ол жаққа қарата өткізбес еді ғой.
Ойлап отырса бәрі сол өтіп кеткен тойдан басталыпты. Құдыреті күшті жасаған-ай, біреудің орны толмас қайғысы біреудің ақпа-төкпе тойынан басталыпты дегенді қайтіп ақылыңа сиыстырарсың. Алыстан, жақыннан келгені бар, арнайы алдыртып төрге оздырғаны, ел құлағынан естіп көптің қапталына ілесіп келгені бар, әйтеуір ығы-жығы ел көп жиналған той еді. Тойдың қызығы көп, сол көп қызықтың ішіндегі елдің араға жыл салып болсада айтып жүретіні палуандар сайысы емес пе. Әр ру өзінің бетке ұстарын алып келеді. Қарсыласын шаң қаптырып, аруағыңды аспандатып жатса жаныңа одан артық не керек. Ал адай мен түрікмен о бастан аралас- құралас отырғасын жеме-жемге келгенде бәйгенің алдынан, палуандар белдесер шаршы топтың төрінен өз қандасын көргісі келетіні, соның мерейінің үстем болғанын қалайтыны сірә белгілі. Бұл кезде Келінберді мен Құдайкеден тарайтын сегіз арыс адайда, Есен елінен тарайтын абдал, егдір,
шәудір, бұрыншық, бозашы болып бөлінетін түрікмендер де өз руларын ұмытып ұлтының намысын жыртып өзеуреп тұрғандары. Қолына қамшы ұстап, ат жалынан тартып мінер еркек түгілі шашы ұзын, ақылы қысқа саналатын төмен етек әйелдердің де өзінің сонау түп қан тамырына тартатыны болады.
Естөренің ойына бала кезінде көзі көрген Келдібай батыр түсті. Тіпті соның қай рудан екені де жадында қалмапты. Ел әйтеуір ''Батыр ата, батыр ата'' деп қолын қусырып төрінен орын беріп, алдында құрдай жорғалайтын. Соның бір айтқан әңгімесін әлі ұмытпайды.
-Ел мені батыр деп төбесіне көтереді. Бірақ менің батырлығым жат қолында жүрген бір апамыздың ерлігінің қасында айтуға да тұрмайды. Сол болмаса менде кәзір ел қолпаштап жүрген абырой, атақ та болмас еді. Жас кезімде қалмақтарға тұтқынға түстім. Қолыма қару алып бірде жеңіп, бірде жеңілісте жүрсекте атағымның досыма да, жауыма да белгілі бола бастаған уақыты. Батыр аңғал ма, әлде жастық аңғал ма кім білсін, жолымды торып жүрген аңдушының бар екенін білсемде баратын жеріме өзім кеттім. Айналма жолды алыссынып өзенді тіке кешіп өтейін деп қалың нудың ішіне кіре бергенімде дәл мені аңдып тұрғандай алдымнан қалмақтардың шыға келмесі бар ма. Екеуін аттан аударып түсірдім. Бірақ көптің аты көп. Аяқ қолымды байлап аулына әкелді. Есік алдында отырған селдір сақал, бітік көз біреуге мені көрсетіп шәлдірлеп бірдеңені айтып жатыр. Ия батыры, ия ақсақалы шығар деймін ішімнен. Ол маған тесіле қарады. Бірте-бірте өңі сұрланып, қабақтары түйілді. Ее, деймін ішімнен, мынау өткендегі қақтығыста қаза болған қалмақтың жас батырының әкесі болды. Менің ендігі тағдырымның билігі осының қолында шығар. Бармағымды шайнап өкініп те тұрмын. Ол шаңқылдай сөйлеп ауыл шетіндегі бір күркені көрсетті.
Содан қамаулы бірнеше күн жаттым. Алдыма ас-су әкеліп тастағаны болмаса әзір ешкімнің залалы тиіп жатқан жоқ. Жабықтың тесігінен сыртқа көз салам. Әлгі шалға жиылып келеді, жиылып кетеді. Шамасы маған тартылар жазаны ақылдасатын болса керек. Сол үйден анда-санда кіріп- шығып жүрген бір әйел мен жатқан үйге қарағыштаумен болады. Неде болса маған бір жанашыр адам екенін ішім сезеді. Тілдесудің ретін таба алмай жүрген адам секілді. Көз көп, еркек біткен атын қаңтарып ауылда жатыр. Шаруасы жай адамша бәрінің ешқайда шықпай жатқанына қарап өзіме қауіп төне бастағанын білдім. Сол күні түн ортасы ауа бере біреудің жайлап басып есік сыртына келгенін байқадым. Өзін аңдушы жоқ па деп жан-жағына қарайлап тұрса керек, бірден үйге кірмеді. Бір мезетте есік ашылды. Өткендегі әйел екен. Сыртына желбегей жамылған бешпетінің төс қалтасынан пышағын алып қолымды байлаған арқанды қиды.
-Әй, қарағым,-деді сыбырлап. Менің уақытым аз. Жаугершілік заманда қолды болған бір апаң едім. Қалмақтың бір батыры аулымызды шауып, арыстай болған екі ағамды өлтіріп мені өзімен бірге ала кеткен. Көп қатынының бірі болдым. Тірі жүрсем кегімді қайтарармын деп өзіме-өзім уәде бергенмін. Онымды орындадым да. Бір жорықты әлгі батыр байымның
зере сауытын тесіп өткен найзадан болған жарасын таңған болып шүберекке білдірмей у жағып жібердім. Найзасының ұшына, садағының жебесіне жағып жүретін уының қай жерде екенін білетінмін. Ажалы содан болды. Солай істегенмін шырағым. Қойнында жатып, содан ет сүйегімді жарып шыққан балалы болсамда баяғы елімді шауып, бауырларымды көзімше өлтіргенін кешірмедім. Тәнім оныкі болғанмен, жаным елімде еді. Әйел адамның күйеуге шыққаннан кейінгі құдайдан сұрары балалы болу ғой. Ал мен бойыма ештеңе бітпесе екен деп тілегенмін. Бірақ бұл құдайдың құдыретіне шара бар ма. Арыстай үш ұл туып бердім. Алды кәзір жігіт болды. У жағылған шүберек көп ұзатпады, аяқ-қолынан жан кетіп, тілінен айрылды. Өлер алдында көзі шарасынан шыға мені көрсетіп бірдеңе дегісі келгенмен оны түсінген ешкім болмады. Байғұстың қатынына, балаларына айтайын деп жатқан аманаты шығар деп ойласа керек. Ал мен болсам оның қойнымдағы қатыным жау болды, ананың көзін құртың деген сөзді айта алмай қиналып жатқанын білдім. Сені ертең өлтірмекші. Өзің көрген шал сол мен өлтіретін қалмақтың ағасы. Өткен жорықта баласының ажалы сендерден болды. Ал жолың болсын, таңға дейін өзен бойындағы нуға жетсең тығылып жан сақтарсың. Арғы тірлігің өзіңе байланысты. Құдайдан қолға түскен осы қандасымды құтқара көр деп жалынумен болып едім. Асылық болмағай, түбі қайырлы болсын,-деп есікті ашып ілгері оздырды. Содан аман қалдым ғой. Қанша заман өтседе өз қанына тартып, жүрегінің түбіндегі елге деген сағынышы, сүйіспеншілігі қып-қызыл шоқ болып жатқан сол апамыздың ерлігі ойымнан шықпайды,-деп еді батыр.
Туырлығын сыпырып, шаңырағын ортасына түсірген шапқыншылықты кешірмей кектеніп, қанға-қан қайтарған құдайдың бұйрығы ғой. Қарнының тойғанын ғана ойлайтын жетесіз, намыссыз болмасаң қолыңа қару алып кешегі көкірегіне нан пісіп, жігеріңді құм қылған жауыңды тәубесіне келтіру міндетің емес пе. Ал Дөңқараның өлімі ондай ел бүлінетіндей, намысы жыртылатындай даудан болған жоқ. Рас жығылған күреске тоймайдының кебімен екі жақтың да бастапқы әзірде бір-біріне қамшысын білемдеп, жағаларын жыртыса жаздағаны шындық. Ашуды ақылға жеңдіртіп, жасы үлкендерінің тәк-тәгінен кейін бәрі де қойылған. Бірақ жақсының ашуы жібек орамал кепкенше, жаманның ашуы басы жерге жеткенше деген сөздің жаны бар екен. Қазағы бар, түрікмені бар бүкіл елдің көзінше достасқан болып, қол алысып кеткенімен жас жігітттен жығылған әлгі палуанның зәрі артында жатыпты ғой. Шілдеде уы толысып әбден бойын кернегесін шыдай алмай жан-жағына бүркіп жіберер қарақұрттай кішкене реніштің үлкен зұлымдыққа ұласарын кім біліпті...
Ортаға шыққан еңгезердей түрікмен ешкімді шыдатар емес. Бір емес, екі бірдей қазақты әй-пәйға апармай шалқасынан түсірді. Жасы қырықтың үстіне шықсада әлі қайраты қайтпапты. Енді қайсың бар дегендей құйған шойындай болып ортада тұр. Манағыдай емес қазақтар жағының екпіні қайтқандай. Таласа тармаса шығып ұстаса кететіндей ешкім көрбейді. Көпшіліктің ортасында тұрған бір ақсақал ''япырмай, ешкімнің табылмағаны
ма'' деп жан-жағына қарады. Намыстанып айтты, таусыла айтты. Көзі жасаурап, белін буған белбеуін сығымдап ұстап қояды. ''Әттең қолдан қуат, белден қайрат кетірген ит кәрілік-ай. Аяққа тұсау болғанын көрмейсің бе. Бәрін бойынан сілкіп тастап мына жігері құм болған көптің еңсесін көтеретін құдыреттің жоқтығы-ай. Бұл түрікмен ең болмаса елі жасымда тап болмады- ау. Көрер едім сонда оның бәлсінгенін'',-деп тұрғандай.
Осы кезде қарияның күйінішін сезіп білгендей жолындағыларды итере ортаға Дөңқара шықты. Он сегізге жаңа толған жас жігіттің дене бітімін көрген көпшілік ''Е, бәсе'' деді гуілдесе шулап. Өзіне жақындап келе жатқан жас жігітке түрікмен еріне көз тастады. Миығына күлкі үйірілді. ''Жазған баланы сор айдап келген шығар. Мейлі өз обалы өзіне'' дегендей орнынан көтеріліп қасына келді. Бойлары қатар екен. Тек Дөңқара оған қарағанда әлжуаздау сияқты көрінді. Түрікмен қарсыласына сары ауыз балапан ғой, пысын басып алайын дегендей қабағын түіп, қатулана қарады. Өзіне қолын ұсына берген жас жігіттің алақанына шарт еткізіп қолын берді де жұлқа тартты. Бұрыннан істейтін дағдысы осы болатын. Қолының қажары жоқ, белі бостау немелер осындайда тізерлеп отыра кететін. Содан кейін-ақ жайы белгілі. Көзі қорқып қалғандар енді мұның уысынан шыға алмайды. Бірақ бұл жолы ол ойлағандай болмады. Шарт еткізе қолын қысқан жігіт оның жұлқа тартқанына мыңқ еткен жоқ. Сіңірлі қолдары бұған желімше жабысып қалғандай өзіне қарата үйіріп алып барады. Құшағына кірсе құрсаудай қысып еш нәрсеге мүмкіндік бермейтінін ойлап үлгерген түрікмен неде болса оның қолын жақындатпауға ьырысты. Бірақ жас жігіттің қажарлы қолдары оған мүмкіндік бермеді. Торға түскендей бұлқынған палуанды белінен қапсыра құшақтап өзіне тартты. Жаңағы ешкімді менсінбей құтырынған түрікмен палуаны омыртқасын сарүйек жылан қысқандай күтірлеп, демінің қысылып бара жатқанын сезді. Қанша тырбанғанмен, айла жасағысы келгенмен енді бәрі де кеш еді. Дөңқара қарсыласын гүрс еткізіп шалқасынан түсірді де, басынан аттап өтті. Жан-жақтан у-шу болып бөркін аспанға атқан көптің ішінен жасы сақалын жуып ''Аруақ, аруақ'' деп айқайлап тұрған ақсақалды көрді.
Орнынан тұра алмай шаң қауып жатқан палуанды сүйемелдеп алып кетті. Дау сол жерде басталды.
-Қазақтар намысымызға тидіңдер. Бір емес, бірнеше палуаның жеңілді. Жеңіс біздікі деп күресті тоқтатуға да болатын еді. Неде болса қапы қалмасын деп артын күттік. Шаршаған палуанды жас жігіттің жеңгені рас. О бастағы дағды бойынша жеңілген адамды да құрметтеп қолынан тартып тұрғызар еді. Арқасынан қағып құшағына алатын. Достықтың, сыйластықтың белгісі осылай болушы еді ғой. Ал сендердің мына көргені аз, білігі жоқ жігіттерің олай істемеді. Басынан аттап өтті. Аяқтың астында қалған бастың аман қалғанын, қадірлі болғанын көргеніміз жоқ. Бұл ненің белгісі. Осындағы қалың түрікменге көрсеткен қырларың ба, әлде айрандай ұйыған бірлікті іріту ме. Ата бабаларымыз жалаңдап келген қылыш алдында да басын иіп көрмеп еді. Әлде қанымызға сіңіп, жалғасып келе жатқан сол
ерліктің бізге келгенде дауасы қашты деп ойлайсыңдар ма. Әй, қарағым оның не, кейін қайт, ана палуаннан кешірім сұра деудің орнына тентектің қолтығына су бүркіп, аруағын шақырып тұрған ақсақалың анау. Тентекке тежеу болмай еркіне жібере берсек ондай қызылкөз біздің жақтанда табылады.
Ат үстінде қамшысын білемдеп сөйлеп тұрғанды қостап түрікмендер гу-гу етеді. Жаңағы өз жағынан шыққан палуаны жеңіске жеткен сайын ''әп, бәрекелді'' деп қуаныштан масайрап тұрған жүздеріне қатулық ене бастаған. Бәріде бастарындағы сеңсең бөріктері түсіп қалатын адамша қолдарымен басып-басып қояды. Көздері қызылтамырланып іштеріндегі қыжылы ашуға ұласып келе жатқандай. Сәл сылтау табыла қойса жолындағысын жайпап өтер тасқын селдей лап ете түсуге дайын. Осы кезде манағы ақсақал ортаға шықты.
-Уа, халайық,-деді жан-жағына қарап. Біреудің қызығын бүкіл елдің қайғысына ұластырмайық. Жан-жақтап алалап, бөлектемей бәрімізді шақырып төріне оздырғанда тойымның берекесі кетсін, артық жүрген бас болса жарылсын, ұмытып бара жатқан қотырын қайта қасысын демеген шығар. Күрес сол тойдың қызығының біреуі. Ортамыздан шыққан палуанды қоштасақ екі елдің арасына от жағайық деп қоштамаған шығармыз. Қай- қайсымызда өзіміздің бәйгеге қосқан адамымыздың мерейінің үстем болғанын тілейтініміз шындық емес пе. Осындайда аузыңа аруақ түспегенде енеңнің шонтайы түсуі керек пе. Жастың албырттығы, білместігі дейтін болмайтын ба еді. Кінәсі бар. Оны кәзір болып кетейін деп тұрған ұлы дауға сылтау қылмайық. Біздің де ата бабамызды намыссыз деп, біреудің қоқан лоқысына көне салады деп айта алмассыңдар. Іргені түріп малын көздеп, қарнын тыр-тыр қасып жатқанынан, түн қатып жортуылда жүргені көп болғанын, белдеуде аты, керегесіне найзасы сүйеулі тұрмаса көңілі қоңылтақситыны кім-кімге болсада белгілі шығар. Ендеше ана алды артын көп ойламас жастарды қиқулатып еркіне жібермелік, ешкімге опа бермес жарға итермелік. Итің қабаған болса көршіңмен, балаң тентек болса ауылдасыңмен жаманатты боласың. Әй, Дөңқара, бері кел. Мына ағаңның қолын ал. Қай-қайсыңда кеуделеріңді кернеп тұрған орынсыз ашуды сабырға жеңдіріп, ел бірлігіне бағыттар ақылға жол берің. Қатені мойындай білуде ерлік, алдыңа келгенді кеше білгенде ерлік,-деді.
Ақсақалдың сөзі бәрінің көкейіне қонғандай ел гуілдей сөйлеп қошамет білдіріп жатты. Жаңағы түйілген қабақтар жазылып, өңдері жыли бастағандай. Ортаға алдымен шыққан Дөңқара шетте тұрған бес-алты жігіт арасынан аяғын зорлана басып келе жатқан қарсыласын көрді. Қолын селқос ұсынды. Жанарлары тоғысты. Дөңқара өзіне қараған оның көзінен мына қаумалап тұрған қалың көпшіліктің шешімінен аса алмай амалсыз келгенін, бар зілін артына бүккен үлкен зұлымдықтың жатқанын оқыды. Қай ісіңе де мен дайынмын дегендей тайсалмай тура қарап қолын қысты.
***
Қаработаның теңіз жағасына келіп отырғанына да біраз уақыт болды. Бүгін аспан шайдай ашық, лүп еткен жел жоқ. Жағаға соғып аласұрып жататын толқындар да саябыр тапқан. Анда санда су бетіне ойнап шығып, қайтадан шолп ете түскен уақ шабақтардың даусы естіледі. Маңайда ешкім көрінбейді. Тек әріректе кешегі құрып кеткен ауына бағыттап бара жатқан балықшының жалғыз қайығы ғана жағадан ұзап бара жатыр.
Дөңқараның келетін уақыты болды. Екеуінің үнемі кездесетін жері де осы жарқабақтың қасы. Бір-біріне жалғаса жатқан сай-салалы жер. Таудан аққан бұлақ бойындағы кісі бойындай қамыстардан арнайы келіп іздемесе адам сырт көзіне түсе бермейді. Дөңқараны алғаш осы жерде кездестірген. Сол күні ауылдағы бойжеткен бес-алты қыз төмен құлап суға түсуге келіп еді. Кісі көзінен тасалау, қалқалайтын тастары көп жерді арнайы таңдап алды. Келе жатқан бейсауыт адам алыстан көзге шалынатын болса да сақтық жасап, іштеріндегі жастауын тас үстіне отырғызып қарауыл қаратқан. Жағадағы тастар арасына ұйыса өскен балдыр шөптерден өтіп тереңдеу жеріне барды. Мөп-мөлдір, салқын су. Жандары рахаттанған қыздар бір- біріне су шашып ойнап, сүңгіп барып қорқақтарының аяғынан тартып жағаны басына көтерген. Манағы сақтықты ұмытып кеткендей. Тас үстіне отырғызып қойған кішкене қыз шекесін тесіп бара жатқан ыстыққа шыдай алмай отырса керек, у-шу болған қыздарға қарап бірдеңе деп айқайлайды. Шамасы ''жаңағы кезектесеміз дегендерің қайда, менде суға түсейін'' деп тұрса керек. Бірақ оны естіп жатқан бойжеткендер көрінбейді. Қытығын келтіргендей әлсіз соққан толқынға денелерін төсеп, салқын су ішінде жүре бергілері келеді.
Кенет тас үстіндегі қыз жылан шағып алғандай айқайлап бұларға қолын бұлғады. Арқа-жарқа жүргендерін біреу аңдып, сығалап тұрғандай бәрі жағада, тас үстінде жайрап жатқан киімдеріне ұмтылды. Сасқалақтап жүріп киініп әлгі қыздың қасына келді. Ол тілі байланып қалғандай қолын шошайтып алдыңғы жақты нұсқады. Сонда барып қыздар ''Уһ'' деп демін алып тас үстіне қатарласа отыра кетті. Алыстан шығанақтың таяз жерін кешіп өтіп келе жатқан атты көрінді. Астында ақбоз аты бар. Киім киісінен- ақ оның түрікмен еместігі белгілі болды. Осында келіп жүретін, аралас- құралас жүрген адайлардың бірі шығар деп ойлаған қыздар жайбарақат отырып, су болған шаштарын қайта өруге кірісті. Жоқ қарап жүрген адамның кәзір қастарына келіп әр нәрсені бір сұрап, малының түсін түстеп, бағытын сілтеп, мазасын алатынын білетін қыздар тезірек келіп кеткенін тілеп отыр. Салқын суға құмарлары қанғанша жүре беруге бөгет болған жолаушыға деген реніштері де жоқ емес.
Жағаға шыққан жолаушы ат басын осыларға қарата бұрды. Астындағы аты ауыздығымен алыса бір қырындап басын шұлғиды. Сәйгүліктің құйрық жалы төгіле билей басқаны өзіне ерекше сән береді екен. Таза қанды тұлпарды мәпелеп өсіріп, баптай білетін әкелерінің малсақтығын кішкентайларынан көріп өскен қыздар мына сәйгүліктің кез-келгеннің
тақымына тие бермейтінін бірден аңғарды. Ат әбзелдері де ерекше. Сүйектелген ерге күмістен төгілте қазақы өрнек салған.
Қастарына келген жігіт атынан түсіп сыпайы амандасты. Жаңа ғана жоқ қарап жүрген жолаушы мазасын алатындай көріп қабағын шытқан қыздар алдарында тұрған жігітке таңырқай қарады. Ұзын бойлы, кең иықты екен. Бір қырым артық еті жоқ, бірақ қайратты екені көзге ұрып тұр. Ауыздығын шайнап, ойнақшыған тұлпардың жүгенін ұстап қасында тұрғанының өзінде бір жарасымдылық бар. Құдайтағала осы жігітке ғана арнап жаратқандай ақбоз ат құлағын тіктеп шұрқырай кісінеді. Ұзын аяқты малдың өрісі бір болып, аралас -құралас отырсада алдарында тұрған жігітті ешқайсысы да бұрын кездестірмепті. Аспаннан түсті ме, әлде ана ақбоз атымен бірге судың астынан шықты ма белгісіз. Бірақ ауылдағы қариялардың айтып отыратын өтірік-шыны белгісіз сиқырлы адамына ұқсамайды. Ұшқын шашқан жанарында адамды өзіне тартатын ерекше мейірім бар. Қыздардың ортасында отырған Қаработаға көзі түскен жігіттің бетіне ду етіп қан жүгірді. Әрбір қимыл қозғалысын қалт жібермей өзіне сынай қараған қыздарға білдіргісі келмегенмен жанары қайта-қайта Қаработамен түйісті.
-Жол болсын жігітім,-деді Қаработа өзін де, алдындағы бейтаныс қонақты да мына үнсіздіктен құтқарғысы келгендей. -Бұрын кездестірмеппіз, шамасы алыстан келесіз-ау.
-Ия, алыстан, жо-жоқ мына Бозашыдан ғой. Аңға шығып едім. Соның соңынан қуам деп осында келіппін,-деді абдырап.
Жігіттің сасқалақтап сөйлегенін қызық көрген қу қыздар сыңғырлай күлді. Шет жақта шашын өріп отырған қараторысы қарап отырмай;
-Алдыңыздағы киіктің шығанаққа келгенде балық болып кеткені қызық екен. Онда қанжығаңыз бос қайтатын болды. Ол кәзір анау көк теңіздің ортасында жүрген шығар. Әлде оған да істейтін амалыңыз бар ма. Қайдан білесіз, суға келгенде балық болып кеткен киіктер сіз оны кешіп өткеннен соң қыз болып түрін өзгерткен шығар. Нағыз аңшы болсаңыз осы отырғандардың ортасынан танып алыңызшы,-деді.
-Таныстықтың алды осы емес пе қыздар. Алдымнан қашқан киік мүмкін сиқыр болар, болмаса жөн сілтеген періште болар, әйтеуір бір түйсік осы жаққа жетеледі де отырды. Кім біледі, өмірімнің бір тіні осы жерден жалғасатын шығар,-деді Дөңқара тағы да Қаработаға қарап.
-Оһо,-деді әлгі қыз. Тым тереңдеп бара жатырсыз-ау жігітім. Еркіңізге салса осы бойда-ақ біреуміздің мойнымызға жіп тағудан тайынбайтын ретіңіз бар. Асығыстық болар. Жіпті жалғай ма, үзе ме ол бір тағдырдың иелігіндегі нәрсе ғой. Оданда жөніңізді айтыңыз, танысалық. Жоқ қарап жүрген адамға ұқсамайсыз
-Атым Дөңқара,-деді жігіт. Ана көрініп тұрған Бозашыда тұрамыз. Әкеміздің алдына біткен дәулеті мал болғасын оның жоғалатыны да, қайта үйіріне қосылып жататыны да болады. Ол шаруадан тыс қалмасақта дәл бүгін арнайы бағыт алғаным басқа еді. Жақсыны көрмек үшін деген сөз бар емес пе. Ел аузында айтылып, жан-жаққа желдей ескен әңгіменің соңын қуып
жүрген жайым бар. Қолдан келсе тілдесейінші, көрейінші деп шыққанмын. Аласұрған көңіліңе тұсау салсаң жастығың қайсы, биікке қол созбайтын болсаң арманың қайсы. Онымның сөкеттігі жоқ шығар арулар. Бірақ дәл алдымнан кездеседі деп ойламаппын. Бұл да бір жақсылықтың белгісі шығар. Мен білсем елдің аузындағы, көп жігіттің көңіліндегі сұлу осы болар,-деп Қаработаға қолын ұсынды.
Қаработа қолын беріп тура қараған жігіттің көзінен өзіне деген шексіз ынтазарлықты, өмірі кездеспесе де өзін ғана ойлап сарғайған сағынышты көрді. Сол сағынышты жеткізгісі келгендей жігіт алақанының қызуы бойына шым-шымдап тарап барады. Бұрын соңды болып көрмеген ерекше бір сезімге берілген жүрегі алқына соқты. Бойжеткен қыз баяғыдан бері көңілінде көмескі тартқан бейненің осы жігіт екенін білді. Тағдыр адастырмаған екен. Бір кезде көретініне, жылдар бойы іздеген сағынышын сыр қып айтарына сенімді еді. Қуаныштан көзі жасаураған қыз жатсынбай қасына келіп қолын, кеудесін иіскеген ақбоз аттың жұп-жұмсақ ерінінен, маңдайына төгілген кекілін еркелете сипады.
Жігіт қасында әр нәрсені бір айтып, біраз отырған қыздар қош айтысты. Қаработа бір-біріне уәде бермеседе онымен дәл осы жерде тағы да кездесетінін, сағына жететінін білді. Жолда келе жатып артына бұрылған қыздар ақ жал толқынның қасында әлі тұрған жаңағы жігітті көрді.
Содан кейін-ақ Қаработа мен Дөңқара осы жерде талай кездескен. Бірақ шама келсе сырт көзге білдірмей жасырын табысып жүрген екі жастың бұл жүрістері де ұзақ болмады. Қыз баланың, соның ішінде ертең біреудің табалдырығын аттап, түтінін түтететін бойжеткеннің қашанда көздің сұғында, тілдің ұшында жүретіні белгілі емес пе. Сәл ағат кеткен қылығың да, артықтау жүрісің де елге әңгіме. Жөнімен айтылып жатса құдайдың бұйрығы ғой. Аузын шешсе босап қоя беретін мес сықылды отыз екі тістің арасынан шыққан сөз, соншама елге жеткенше талай рет өңін өзгертетіні шындық. Оны естіген адамның ақылға салып, екшеп жататыны тағы жоқ. Екі араға жеткен әңгіменің арасында пенде шіркіннің бірін-бірі көре алмауы, өзгеде болмасыншы деген қызғанышы, сол арқылы жазықсыз жанды қаралау сияқты пасықтық жүрген шығар-ау деп те ойламайды. Ұшынып жеткен өсекке молда алдында отырған шәкірттей ұйып, қағынып түспесе көңілі көншімейді. Үйінің сәні болып мәпелеп отырған қызының шындығын айтып көз жасын көлдеткенінен, жан-жағына жалтақтай қарап, аузын алақанымен қалқалап сыбырлай сөйлеген өсекшінің сөзі артық сияқты.
Қаработаның әкесі қақ-соқпен ісі жоқ, әңгімеге әуестігі шамалы болатын. Күнделікті тірлігіне мұқият, бала-шағасының несібесінің шашылмай өздеріне ғана бұйырғанын тілейтін адам еді. Жасы үлкен деп арнайы шақырмаса той-томалақтың төріне, биліктің шетіне барып көрген емес. Ақыл сұрап алдына келгендерге көңіліне келіп, тілінің ұшында тұрған сөзді айтады. Аузы жыбырлақтау адам тап болса қоштағаны, не даттағаны белгісіз қалғып кеткендей бір нүктеге қарап мелшиеді де қалады. Әңгіме айтушы қашанғы сарнасын, сөзінің сорға кеткендей болғанын білгесін
жөніне кетеді. Екі елі ауызға бір елі қақпақ дегенді берік ұстағаны шығар, әйтеуір Аннадүрдіден естідім деп ешкім екінші жерге барып әңгіме айта алмайды. Көп адам оған барып сөз айтқанша, теңіз жағасындағы жартасқа барып айқайлағанды жөн көреді.
Бірақ ретін тауып айта білсең сөз шіркіннің қозғамайтыны болмайды екен. Көзіне көрініп тұрмасада сынған сүйекті сылап сипап орнына келтіретін сынықшыдай, айтар сөзіңді діттеген жеріңе жеткізе білсең баяғыда бұғып қалған намысты қайта тірілтуге болады екен. Қайрағың мықты болса осыдан ештеңе шықпас дейтінніңде жүзін шығаруға болады екен. Содан кейін-ақ оның жайы белгілі. Жұмсай білсе жауын жазым етеді, ұстай білмесе өз қолын кеседі. Ал екі ортада от жағып жүрген теріс пиғылдылар үшін бәрібір. Қай жағы жазым болсада ұпайы түгел.
Аннадүрдіге қызының ел көзінен тасаланып сонау Бозашыдан келген қазақпен әмпей-жәмпей болып жүргенін бастапқы әзірде ешкім құлағына жеткізе қоймады. Оған айттың не, айтпадың не, бойында намысы жоқ жүрген бір меңіреу емес пе еді. Алдына барсаң құлағына тас тығып, жорғалаған құмырсқаны санап отыратын шығар, сөзім шығын дегендер де болды. Бірақ осылай қолдарын сілтеп жүре беретін болса, ешкімнің қолы жетпестей болып жүрген сұлудың ана қазақтың қанжығасында кететін реті бар. Өзі тіпті осындағы бүкіл елді қайынжұртына айналдырып алған адам секілді. Түрікменнің жігіттеріне тесік моншақ болса болды деп ойлай ма, әлде олар жүзіктің көзінен өтетін сұлу мен баланы туа-туа жатыры төмен түскен кексе әйелдің арасын ажырата алмайды деп ойлай ма, әйтеуір ешкімді де қыртына қыстырмай күн аралатып осында келеді. Бәрінен бұрын жанға батқаны ешкімді менсінбей ақбоз атын қаңтарып емін-еркін сайран салатыны болып тұр. Онан басқа моншағы алтын болсада сол қызға бола ел ортасы бүлінбес еді. Беті жылтыр ұрғашы кімнің астына түспейді. Жаугершілік заманда талайы бұрымынан сүйреліп кеткен жоқ па. Басы өкініш болғанымен арты тез ұмытылмайтын ба еді. Тұтқынға түскен ұлың болса шаңырағымды ұстап қалар, жел жағымнан қалқан болар тірегім еді деп әр жерден сұрау салып, іздейтінің рас. Ал бірақ ұрғашыны жоқтаған адам кездеспепті. Көп болса соның бірі болар.
Ауылдағы жігіттер бастапқы әзірде көздің құртындай болған сұлудың әмейі бір қазақпен ашына болғанына шыдай алмай батырсынған немені тәубәсіне көрістіргісі де келген. Бірақ жеме-жемге келгенде ұрынатын сылтау таба алмады. Арымды аяқ асты қылды, жесіріме қол салды дейтіндей Қаработаның осындағы біреуге атастырылып, басы байланған жоқ. Елдің айтқандары рас болса үндемес Аннадүрді сонау Шағадам жақтағы біреуге баяғыда уәдесін беріпті. Ертеректе осы Маңғыстауда жұт болып өлмелі әке- шешесін осындағы ағайындарының қолына қалдырып, өзі сол жаққа талап іздеп кеткен. Жас жігіттің қайратына қызықты ма, әлде шынымен құдай деген жан ба, бір дәулетті саудагер қарауына алған екен. Бір-екі жылдан кейін тапқан табысына қылдай да қиянат жасамай қалтасына салып, еліне қайтарыпты. Содан бұл ел қатарына ілесті, біреуден ілгері, біреуден кейін
дегендей дәрежеге жеткен. Сол саудагер ана бір жылдары өзінің осы Қаработамен шамалас баласына құда түсіп кетіпті. Жұрт дұрыс айтса өзі кемдеу көрінеді. Бұған келгенде де баласының жайын ойлап, баяғы өзінің жасаған жақсылығын алдына салған көрінеді. Аннадүрді әрине кезінде қолтығынан сүйеген адамға жоқ дей алмайды. Онда Қаработа кішкентай, түйенің бақалшағынан жасаған ойыншығын ойнап көлеңкеде отырған. Алда оның бойжетерін, бүкіл елді аузына қаратар көркем боларын кім білген. Айтылған сөзі, берілген уәдесі бар. Біреудің аманатын ұстап отырған адамша анда-санда құлағын түріп сол жаққа қарайтыны бар. Соңғы кезде тырс еткен дыбысы да естілмейді. Өзіңнен хабар болмағасын уәдемді бұздым деуге құдайдан қорқады. Тыныштық бермей бірінің соңынан бірі келіп жатқандарға сырын ашпай, басы байлаулы деп кейін қайтаратын себебі де сол.
Бірақ айттырып қойған жері тірі болса қалыңдығы бойжеткесін келетін уақыты болды емес пе. Өзі кемістеу адам болса бейшараның дәм-тұзы таусылған шығар. Онан басқа көрген адамның көзін сүздіртіп қоя ма. Әйелдің көрікті болғаны да қасірет. Үлкен-кішісі жоқ, бәрінің көздері алдымен соған түседі. Содан кейін-ақ іштерінде бұғып жатқан ойлары ербиіп басын көтереді. Шөл далада өскен жалғыз тал гүлді көргендей қаумалаған көп еркек көз қуанышын қандырып кетсе құдайдың бұйрығы ғой. Жоқ, мұндай уақытта олардың бәрі де ызыңдаған ара сияқты. Қолдарынан келсе нәрін сорып кеткісі келеді. Жұлып алуға, болмаса бүлдіріп кетуге әуес.
Өзінің жайын, бағасын білетін Қаработа құдайдан кез-келген тентектің орынсыз қылығынан, тырнағы мықтылардың қаһарынан сақтай гөр тілейтін. Айтқаны құдыреттің құлағына шалынған сияқты да болған. Түсінде көріп, көңілінде жатталған Дөңқараны кездестірді. Бірақ бұл қуаныштың ұзаққа созылмайтын да реті бар. Қыңыр жүрмесе, аузынын күйдіргі сөз шықпаса басы ауыратындар әңгімеге ермейтін әкесін де көндірген сияқты. Әсіресе кешегі тойдан кейін жағдай ушығып бара жатыр. Екеуін сылтауратып ел арасындағы тыныштықты бұзатын реттері бар.
Басы дауға айнала жаздаған күреске ақсақалдар араласып атын тебініп, бір-біріне қыр көрсеткендерді сабырға шақырып татуластырған еді. Сол тойға көппен бірге барған Қаработа құрбыларымен бірге ауылға қайтқан. Көбі қыздар, орталарында көрші ауылдың үш-төрт жігіті бар. Тойда көрген қызықтарын, өткен-кеткенді айтып күлісіп келеді. Қасындағы құрбылары да, жігіттер де екеуінің арасындағы қарым-қатынасты білетіндіктен Дөңқара жайында әңгіме қозғамады. Ел ішінде болып жататын үлкен астарда, садақа тойларда үнемі кездесіп жүретіндіктен осы тойдыңда бас жарылып, қол сынбай тыныш тарағанына риза болып келе жатқандары белгілі. Күні кеше ғана күле амандасып жүріп, бір тентектің оқыс сілтеген қамшысынан кейін бір-біріне қан шашқандай болып, аяқ астынан алакөздену кімге оңай дейсің. Адам кімнің ішінде не жатқанын қайдан білсін. Бірақ манағы ортаға шығып тілін безегеннің шамасы келсе екі жақты бір-біріне айдап салғысы келгені анық. Қалың елдің намысын жыртқан сияқты көрінгенмен түпкі ойы басқа
еді. Көкейіндегі баяғыдан бері сөнбеген ескі кекті ақылынан қолы бұрын жүретін тентектің ойына салғысы келгенін Қаработа сезді. Сәл артық қимылдың үлкен өкінішке апаратыны белгілі. Ондайдың бетін құдай аулақ қылсын, егер бола қойса оның кінәлісі де, бастаушысы да Дөңқара болып есептелетінін ой елегінен өткізген бойжеткен жанұшыра Дөңқараны іздеді. Қарсы бетте қолын айқастыра ұстаған жігіт бар кінәні өзіне үйіп төккенге қарап сұрланып тұр. Қабағы қатулы. Кенет көзі Қаработаға түсті. Өзіне қараған ғашығының ''Екі елдің арасындағы жанжалға себепші бола көрме. Райыңнан қайт'' деп тұрғанын ұқты.
Ел ішінде аяғының астынан басқаны көрмейтін есер де бар, алдын болжап, кеңнен ойлайтын көреген де бар ғой. Сақалының ағына, жасының үлкендігіне қарамай көп алдында кішірейген ақсақал көпшілікті жөнге шақырып, жолға салған еді. Сәл жерден ұшқын алып кете жаздаған жалын сөніп, той қызығы әрі қарата жалғасқанды.
Содан қайтып келе жатқан беттері еді. Кенет арттарынан шаң көрінді. Жүрістері қатты, бірте-бірте жақындап келеді. Көп ұзамай ұйлығыса шауып қастарына келді. Ортада жаңағы Дөңқарадан жеңілетін Ешмат палуан. Өзінің де, қасындағы он шақты жігіттердің де жүздері қатулы. Қаработаның жүрегіне қорқыныш кірді. Мыналардың тегін жүрмесі белгілі. Әуелденде елге атағы шыққан тентектердің бастары қосылыпты. Осы келе жатқанда тағы бір сойқанды жасамаса олардың көңілі көншімейтіні белгілі. Ешмат бойы қызып ойнақшыған атының басын тартты.
-Біз іздеген батыр бұл жерден көрінбеді. Шамасы жүрегі дауаламаған шығар. Қолынан келгені ел көзінен тасаланып қызға келу ғана болды. Әттең, тағы бір күш сынасып көрейік деп едік. Жолымыз болмады. Ештеңе етпес. Үстірттің үсті кең ғой. Бір жолығысқанда ол кездесуді естен кетпестей қылармыз. Айтпақшы,-деді сәл кідіріп Қаработаға қарап. Сол жігітке біздің осы сәлемімізді жеткізе салшы. Қойын құрттап аулында жата бергені жөн шығар. Ендігі кездесуіміздің оған қиынға соғары анық.
-Кешірерсіз Ешмат аға,-деді Қаработа оның сөзін бөліп. Сендер кездесіп те, белдесіп те көріп едіңіз ғой. Оның бәрі елдің алдында өтпеп пе еді. Жығылғанды жер көтереді. Көптің көзінше, ақсақалдардың алдында артық кеткен ісін кешіріп қолын алғанда сияқты едіңіз. Жаңа ғана бірін-бірі арқасынан қаққан адамдардың ендігі кездесулерінің қиынға соғатыны қызық екен. Айып етпеңіз, мен сіздің сәлеміңізді жеткізе алмаймын. Ер азамат ерлікке тән қылығы болса өзі барып айтпайтын ба еді. Көп көзінен тасаланып ұрлық та жасалады, екі үй ара жүгіріп өсек те айтылады. Мен қай- қайсысынада жоқ адаммын. Лайық дегенін істеңіз. Тек орынсыз ісіңіз бүкіл елге сын болып жүрмегей. Сау болыңыз,-деп атын тебініп ілгері озды.
Артта тұрып қалған Ешмат ұзап бара жатқан Қаработаға өшіге қарады.
Жер басып жүрсе сол қазақтың түбіне жетуге уәде беріп, іштей қарғанды.
***
Ауыл арасы сумаңдаған өсек әңгіме ақыры өз дегеніне жеткен сияқты. Сөзге ермейді деген әкесі де оның жетегінде кетті. Қызын Дөңқарамен кездестірмеудің жолын қарастырып үй ішіндегілерге қатты тапсырма берді. Қаработа күндіз үйден шыға алмады. Бірақ қанша қамауға алсада олар оның басқа жолын тапты. Араға күн салып ұмыттырып ел ұйқыға кете төменге түскен Қаработа ғашығын жағадан күтетін. Түн қараңғысында су кешіп келе жатқан Дөңқара бағытынан адаспас үшін қойнына салып ала келген шырағданын жартастың ығына әкеліп жағады. Көзіне бірде көрініп, бірде жоғалған жарықты бетке алған Дөңқараның алдында Қаработа тұрады. Арада өткен азғана күн ұзақ жылдай көрініп сағынысып табысатын-ды. Шілденің ыстығы қайтып күн салқындай бастады. Көп ұзамай терістіктен үздіксіз соғатын жел тұрады. Бұл уақытта шығанақтың суы көтеріліп бергі бетке өтудің өзі мұң болады. Кез-келген адам түгілі атам заманнан бері балық аулап күнелтіп, көк теңіздің сырына қанық балықшыларда желді күндері үйінде отырғанды жөн көреді. Қаһарланған асау толқын үстінде қалтылдап жан кешкенше, ауын жамап тыныш отырғаны артық. Енді кездесудің қиынға соғатынын білген Дөңқара бір шешімге келген еді. Әкесіне Қаработа екеуінің жайын айтып, құда түсуін өтінді. Бірақ Естөре қыздың басы байлаулы екенін естігенде ''Қой қарағым, мына сақалыммен, Естөре атыммен барып біреуге берген уәдеңді бұз демекпін бе. Уәде құдай аты емес пе, не бетіңмен келіп отырсың. Басқаны былай қойғанда осы сөзің мұсылманшылыққа жатама десе не бетімді айтамын. Оның үстіне өткендегі тойдан кейін қанша білдірмейін десе де екі ара салқын тарта бастаған сияқты ғой. Біреудің ушықтырып жүргені белгілі. Қоя тұр шырығым. Менің айтқанымды тыңдасаң тіпті ұмытшы сол қызды. Өзің шетін қайырып, көзіңмен көріп жүрген малдың қай қыздыңда маңдайынан шертіп алам десеңде жететінін білесің. Қой қарағым, қой'',-деп азар да, безер болған. Дөңқара қарсы ештеңе айтпады. Содан бәрін ұмытқандай ауылда болып бұрынғы тірлігіне кіріскен сияқты еді. Баласының айтқанынан шықпай, сөзін жерге тастамағанына Естөре іштей риза болған. Бірақ Дөңқара әкесін көндіре алмайтынын білгесін неде болса Арқа жаққа, нағашы жұртына алып кетпек болды. Ол ойын тағы бір кездескенінде Қаработаға да айтқан. Тағдырдың енді маңдайларына жазғанын бірге көрмек болған ғашықтар уәделесіп, кездесетін күнін белгілеп тарасқан-ды. Бірақ олар бұл кездесудің соңғы екенін, бір-біріне жете алмай өмірден өтерлерін білген жоқ еді.
Қаработаның Дөңқараны күтіп алатынын білген Ешмат сол түні қыздың үйін сыртынан қатты қадағалауды тапсырды. Шырақты ағысы қатты, арнасы кең жерге апарып өз қолымен жақты. Үйіріле айналып, пышақтай өткір тастарға гүрілдей соғып жатқан толқынға қарап тұрып ''Қанша мықты болсаңда ана найза тастардың бірі ажалыңа жететін шығар'' деді ішінен.
Осы кезде алыстан жылтылдап көрінген шыраққа қарата жетегіне ат ерткен Дөңқара асыға жортып келе жатты...
***
Естөре орнынан тұрды. Айнала жым-жырт. Жаңағы құлағына еміс-еміс естілген баласының үні же жоқ. Биік төбе басында қарауыл мұнарасындай алыстан көзге шалынар Дөңқараның мазары ғана тұр. Шындығында да қарауыл мұнарасындай екен. Жан-жағың түгел көрінеді. Сағымға араласа Бозашының сілемі көзге шалынады. Етекте көкпеңбек болып шалқыған су. Күншығысқа қарата созылып жатқан шегі жоқ, шеті жоқ Үстірттің жазығы.
Сол мидай жазықтық ортасында Дөңқараның жатқан жерінен төрт-бес шақырымдай жерде қара тасты жарып шыққан үш түп қарағаш тұр. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда қасына жақындай бергеніңде-ақ жаныңды жабырқатар мұңды әуен естіледі екен. Көлігіңнен түсіп, тізеңді бүгесің. Анда санда өксік қысып, кідіре сөйлеген Қаработа өз жайын айтады екен дейді.
''Ей, адамдар-ай,-дейді екен сонда Қаработа. Мына жалғаншы өмірде сендердің қолдарыңмен істелетін қателіктер көп. Дөңқара екеуміздің бір- бірімізге деген адал махаббатымызды, ыстық көңілімізді көре алмай қолдарыңды қандағаннан ұтқандарың қайсы. Көктеменің кезінде анда-санда терістіктен соққан қарасуыққа құлап қалмай, күнге бой ұра өсетін гүлден де оны өмірге деген ынтазарлығын көрмеп пе едіңдер. Қанша нәзік болса да, жол ортада талай дауылды көрсе де сол гүлдің ғұмыры әлі жалғасып келе жатқан жоқ па еді.
Бізді сол гүлден де осал көрдіңдер-ау. Дөңқара асау толқынмен арпалыса жүріп, қанжар тастарға шаншылып өлгенде бағзы заманнан бергі кектерің қайтқандай, зұлымдық жайлаған жүздеріңде ұятсыз күлкі оралып еді. Мені айлап үйге қамағанда жаныммен беріліп, қалтқысыз сүйген Дөңқараны ұмытады, сендердің айтқандарыңды ғана орындайды деп ойладыңдар-ау шамасы. Жоқ, дүниедегі ең қимас асылымнан айрылғаннан кейін мен енді сыңар аққудай ғұмыр кеше алмасымды біліп, оған жетуге асықтым. Құшағыма алып мәңгілік сүйіспеншілігіміздің таусылмас жырын айтқым келіп еді. Бірақ сендер тым қатыгез екенсіңдер ғой. Дөңқараның текке төгілген қанынан қорқып, тәубәсіне келер десем қателескен екенмін. Ретін тауып қашып шығып, түн жамыла Дөңқарама қарай құстай ұшқан маған да қан аңсаған қанжарларыңды сескенбей сілтедіңдер. Осымен бәрі де бітті деп ойладыңдар. Бірақ сол сәтте менің жаным Дөңқарамен тілдесіп те үлгеріп еді. Жапырағын жая алмағаныма кешірім де өтіндім. Ең болмаса мүрдесіне жете алмай арманда кетіп, жылаған жүрегімнен тамшылап ағып жатқан қан жалғыз менікі емес еді. Онда Дөңқараның, оның өмір жалғасының да қаны бар еді. Үшеуміздің бейкүнә қанымыздың төгілген жерінде ел айтып жүрер бір белгінің қалатынына көзім жетіп кеткен еді. Көп нәрсе көзден де, көңілден де кетер. Бірақ Дөңқара екеуміздің арамыздағы бітпеген жыр, аяқталмаған әңгіме жалғасын таба бермек'',-дейтін көрінеді.
Ең болмаса жалғызымның бейіті көз алдымда болсын, қалған азғана ғұмырымда ол да болса демеуші ғой деп Естөре Бозашыдан осы жерге, шың жиегіне біржолата көшіп келіпті дейді. Содан жал басындағы мазар мен
қандыққа шыққан қарағаш арасына күн сайын бірнеше рет барып қайтады екен. Екі ара үлкен сүрлеуге айналыпты. Ер адамға лайық бір ерлік іс бұйырмай өмірден өтті деген бұрынғы ойынан да арылыпты. ''Е, бұлар жастық желіктің құрбандары ғой '' дейтіндерге ''Оттапсың. Менің Дөңқарам мен Қаработам екінің бірінің қолынан келмейтін үлкен істің жолында қаза тапты. Қандай қиындық болсада жігерлері жасымай қарсы тұра білді. Махаббат деген ұлы ұғымның мәңгілік екенін, оған кедергі жасап, жолына тұрудың мүмкін еместігін тағы да дәлелдеп кетті. Нанбасаңдар өздерінен сұраңдаршы'',-деп биік мазарды аялай сипап, көз ұшындағы қарағашқа елжірей қарайды екен. Сол кезде қарттың жүзінде әлденеге деген мақтаныш сезімі тұратын көрінеді.
Асалы-Көкетай
Күн тал түстен ауып барады. Әріден сыр шерткен қартты қоршай отырғандар оның айтқан әңгімесінен жалығар емес. Көлеңке ауып күн көзінде қалғандар ығыса-ығыса ақсақалдың қапталынан орын тепті. Мана әңгіме басталарда-ақ қор ете түскен жүргізуші жігіт ұйқысынан оянып тершіген маңдайын сүртті. Көзі қызарып әлі әңгіме тыңдап отырған жолдастарына, тұқшыңдап қағазына бірдеңе жазған журналист жігітке қарады. Өз-өзінен мырс етіп жүзіне күлкі үйірілді. ''Істеріңе болайын'' дегендей әркімге бір қарап отырды да, орнынан тұрып ішек-қарны шашылғандай алды арты ашық қалған машинасына беттеді. Бұлардың шаруасы түгел ғой, мен көлігімді қамдайын деген болуы керек, машинасын айналып қарап шықты. Капотын ашып ішіне үңілді.
Бір әңгімеден соң екіншісіне көшкен ақсақал бабына жаңа келгендей. Әңгімені айта білуде, оны тыңдай білуде өнер. Ол жағынан келгенде қасындағы жігіттерге ренжитін орны жоқ сияқты. Жұмыстарының бағыты солай ма, әлде біліп қалайық дей ме, әйтеуір ара-арасында сұрақтар беріп, қағаздарына түртіп алып отырғандары. Әсіресе ана өзін жорналшымын деп таныстырған жігіттің қолына тыным жоқ, сұрақты көбірек беретін де сол. Өзі сыпайы. Сөзін бөлгеніне алдын-ала кешірімін өтініп алады. Қоятын сауалы да әртүрлі. Қай ру қай жерді мекендеді, белгілі адамдары кімдер еді, өзге рулардан олардың беделі қандай еді, аналарға қарағанда бұлардың дәулеті қандай еді, әйтеуір жағына да, қолына да тыным жоқ. Бұл неғыл десін. Білгенін айтады, білмегеніне басын ауыртып жатпайды.
-Айтыңызшы ақсақал,-деді ол тағы да. Бір-біріне ғашық болып, құлай сүйгенімен сонау атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрді бұза алмай кеткендер баршылық қой. Кейбір қарсы тұрғандар жазаға ұшырады. Мұндай жағдайлар қазақ жерінің қай жерінде де кездеседі. Ал бірақ біздің Маңғыстау жерінде дегеніне жете алмай кеткен ғашықтарға орнатылған ескерткіш көп. Оның тарихын өзіңізде айтып отырсыз. Осында бір сыр бар сияқты көрінеді де тұрады маған.
-Қайдан білейін қарағым,-деді қария ойланып. Сен шындығында да дұрыс байқаған екенсің. Өлкенің қай жерінде де мұндай ескерткіштердің көп екені де рас. Ал ескерткіш болмаса да халық аузында айтылып жүрген өткен
кезеңнің ғашықтары туралы әңгіме, аңыз жетерлік. Оның сыры дәл мынада деп айта қою қиын да шығар. Бірақ ата-бабаларымыздың үнемі ат үстінде жүріп, кенеттен тап болар дұшпандарымен үнемі арпалысып өткені шындық. Құрық ұстағанынан қару асынғаны, қой қайырғанынан жау қайтарғаны көп болды ғой. Ал ел басына төнген сондай қауіп-қатерді апа-шешелеріміздің еркектермен бірдей көтергені, керек кезінде орамалын шарт түйіп, найза ұстап жауға қарсы шапқаны тағы шындық. Бойында өрлік болмаса, қанында өжеттік болмаса солай істер ме еді. Мүмкін олардың өз сүйгеніне ғана қосылуды мақсат тұтып, соның жолында құрбан болуы да осындай ерекшеліктен шығар. Олардың бұл істерін халықтың салт дәстүрлерін сыйламады, әке-шешесінің қарғысына ұшырады деп қысқа қайыруға да болмас. Айтқанға басын шұлғи берсе өрлігі қайсы, сәл нәрседен жүнжісе ғашықтығы қайсы. Мен осылай ойлаймын шырағым.
-Ия, сөзіңіздің жаны бар ақсақал. Кезінде ашуға жол беріп қаталдыққа барғанмен артынан оларға өшпестей ескерткіштер қалдырған демексіз ғой.
-Түйдектеліп келген ашуды сабырға жеңдіруде оңай емес. Пенде шіркіннің опық жеген жерлері аз ба. Сөзін қолдап араша тұрар ешкімді таба алмай, бұл жерден болмаса басқа жерден пана табармыз деп, жұптаса ұшқан ғашықтардың қанатын кескенмен орнына келген ештеңе жоқ. Одан намыстың түгенделмесі, кектің қайтпасы белгілі. Өйткені құрбан болып айдалада қаны төгілгендер өзгеге титтейде қиянаты жоқ бейкүнә жастар емес пе. Қолымен істегенді мойнымен көтергісі келгені шығар, мүмкін рухы риза болсын дегені шығар, әйтеуір тіріде көрсете алмаған қамқорлығын өліде жасап, бастарына сыңғырлатып зәулім ескерткіштер салған ғой. Сондай ескерткіштердің бірі Төңірекшыңның етегіндегі Асалы мен Көкетайға салынған мазарлар.
-Осы жерде басын ашып алатын бір нәрсе бар сияқты ақсақал. Көкетайды біреулер Табынға айттырылып қойылған әлімнің қызы десе, екіншілері жоқ оның руы мамыртай, қарашқа атастырылған дейді. Нақты бір деректің жоқтығыда тығырыққа тірейтін секілді. Осыған уәж айтатын жайыңыз бар ма?,-деді жорналшы.
-Әй, қарағым-ай, уәж айтатындай мен сол оқиғаның ортасында болыппын ба, болмаса көзі көрген адаммен дидарласыппын ба. Құм сағаттай сырғыған уақыт талай нәрсені ұмыттырды емес пе. Ол заманда мына сендер құсап естігенін қағаз бетіне түсіріп отырған кім болды дейсің. Одан бері талай ұрпақ ауысты. Ауыздан ауызға жеткен әңгіменің құбылып жететіні сірә белгілі. Сен айтып отырған әңгімені мен де естідім. Көкетайды біреу табынның, біреу қараштың жесірі дейді. Әлімнің қызы дейтіндер де, мамыртай руының қызы екен деушілер әлі де табылады. Бірақ қай-қайсысыда Асалыға келгенде қателеспейді, оны жеменейдің жігіті дейді. Анауы қате, мынауы дұрыс деуден аулақпын. Бірақ бір нәрсеге мән берген дұрыс сияқты. Қазақтың қай жерге табан тіреседе өз руымен отыратыны белгілі. Өлгенінің жамбасы тиер өз қауымы, малына өз жайылымы, өз құдығы болады. Қараштар осындағы арғы жағы Желтау, Ырғызбай-Қарасай, Құланды сайды
мекендеп отырған қалың ел. Табындар болса Доңызтауды, Борсықтың құмын, Аспантай Матайды жағалай орналасты. Жеменей руынан тарайтын елге келсек бұлар әр жерге шашыраңқы қоныстанып бір жағы Жем бойына қыстап, жазға қарата Маңсуалмас Есетке келетін. Бір бөлігі мына Шопан-ата, Қызылсу, Шетпені жағалап отырды. Ал мамыртай ағайындар олардан арасы алшақтау Оңтүстік Маңғыстауда болғаны белгілі. Әрине мұның бәрі менің өз топшылауым. Өйткені сол жерлерде олардың қауымы, кезінде білімдар адамдары бала оқытқан мешіттері болған. Бұдан жаңағы жерлерде басқа рудан ешкім болмаған екен дейтін тұжырым шықпаса керек. Аралас-құралас отыру қай кезде де болған.
Осы жайларды ескере отырып Көкетай кезінде қарашқа айттырылып қойылған жесірі емес пе екен дегенде ой келеді. Жаңа айттым ғой, бұл тек менің топшылауым. Онан басқа алдына дәулет біткен Адайлардың ол кездегі байларының ұлан байтақ жерді жайлағаны белгілі. Нұрым ақынның ''Ойыл да, Қиыл, Жем, Қайнар, көлденең өтіп ел жайлар, жаз ортасы болғанда, күн зауалға толғанда, қонушы еді қарыштап, Маңғыстаудың ойына, сия алмай шыққан көп байлар'' дегені текке айтылмаған. Малдың жайында жүріп бірі Маңғыстаудың ойына құлауды әдетке айналдырса, бірі кей уақытта күннің райына, қонысына қарай Жем, Ойыл, Қиыл маңын қыстап қалып отырған.
-Сонда сіз Көкетайды мамыртайдың қызы дегенненде көп қашқақтап отырған жоқсыз ғой шамасы.
-Ол да бар. Жер ала, бұлт шала деген бар емес пе. Қуаңшылық болып, қоныс болмаған уақыттарда алдындағы малының жайын ойламайтын адам бола ма. Көкетай мамыртайдың қызы екен дегеннен қаша алмай отырғанымда сол. Оңтүстік Маңғыстауда қоныс болмаған жылдары аталған жерлерде өзге рулармен қоңсылас отырған уақытта болған оқиғада болуы мүмкін.
-Рахмет ақсақал. Қолға ұстайтын ештеңе болмасада біраз жайдан хабардар еттіңіз. Енді әңгіменің желісін Асалы мен Көкетай жағына қарата бұрсаңыз.
-Е, олда бір өткен заманнан қалған ескерткіштің бірі ғой. Ана Құркөлден (Опорныйдан) күншығысқа қарата жүргенде көп ұзамай көзге шалынады. Аралары әудем жер. Қанша кедергі кездесседе, қандай қиындық көрсекте бірге болайық деп, тәңіріне жалбарына ат жалынан ұстап Маңғыстауды бетке алғандардың жолдары болды ма. Ештеңені айырып жіктемейтін қатыгез қолдың қаруы айдалада мерт етті ғой. Бір-біріне әлі қарайлап, әлі жете алмай жүрген сияқты екеуі екі төбе басында қала берді емес пе...
***
Ауыл шетіндегі өзгелерден аласалау, қоңырқай тартқан киіз үйдің ішінде жүн түтіп отырған әйел ыңылдап бір әуенді айтқан болып отыр. Алдына жайылған шүберектің үстіндегі түтілген жүн көлемін көбейтіп жарытпапты. Қолы шабан. Көзі алдындағы жүнде болғанмен көңілінің басқа жақта екені, жанын ауыртқан мазасыз ойдан шығар жол таба алмай
қиналғаны білінеді. Анда-санда көкірегі айрыла күрсінеді. Сәл босаңсыса арғы жағынан түйдектеліп келіп тұрған өмірге деген наласының көл болып ақтарылатынын біліп өзін-өзі зорға тежейді. Түрулі есіктен қайта-қайта далаға қарайды. Көзге алдымен шалынатын Есеттің құлауы күн ыссыда толқынданған сағымға астасып кеткендей зорға көрінеді. Қатты ыстықтан үйдің іші құрым сасып кеткен. Әр жері тесіліп ылжыраған үзікке қарады. ''Қашанғы шыдасын,-деді ішінен. Қолына түскен кенеппен жыл сайын жамағаны болмаса жаңалауға мүмкіндік болмай тұр ғой. Көлеңке болыпта, жаңбыр жауса ықтасын болыпта жарытпайды. Осы әулетке келін боп түсіп табалдырығын аттағанда жұмыртқадай аппақ, домаланған үй еді. Енесі марқұм жалғыз баласы үйленетін болғанда тыным таппай жүріп жасаған екен. Арманы көп еді байғұстың. Жаңа түскен келінімен абысынындай сырласатын. Құдай дегенге жеткізсе бірі мойнына шығып, бірі иығына асылып етегіне оралып жататын, иін тіресе өсіп келе жатқан немерелерін көргісі келетін. Үйдің іші шуға бөленсе екен дейтін еді. Сонда сіңірі созылып жүрген ана шал бірін өрістегі атына, бірін құдыққа жұмсап тайраңдар еді-ау деп алдын-ал сәуегейлік жасайтын. ''Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас'' деген рас екен шырағым дейтін келініне. Атаңның елден асып кетпеседе үй алдында дөңгеленген азын-аулақ жиған тергені бар. Шайтан емес қой, ертең кеткенде о дүниеге өзімен бірге ала кетпейді. Сендерге қалады. Бір-бірінің қолтығынан сүйеп жүретін, сырт көзге күдірейіп көрінетін тумаластың көп болғанына не жетсін. Ағайынның қараңғыда даусы зор. Шал екеуміз бір-біріміздің көзімізге ашып айтпасақта, өзімізден өрбір ұрпақтың көбейгенін тілеп іштей дөңбекшумен болатынбыз. Бірақ құдыреті күшті жасаған бір баланы берді де қойды. Оғанда шүкір. Енді қарағым осының бәрі сенікі. Құдай құп көріп жатса әулеттің желісін ұзартуда сенің мойныңда. Ер адам үй қожасы дегенмен түздің адамы. Бәрін үбістіретін де, шашау шығармау да саған байланысты,-деп еді марқұм.
Бірдеңені біліп айтқандай болған екен, жалғыз немересі Асалы жасқа толмай жатып атасы екеуі бірінің соңынан бірі кете барды. Енесі марқұм соңғы сәтінде қиналып жатып Асалыны қасына алдыртқан. Ештеңемен ісі жоқ, омырауына қадап қойған моншақпен пысылдап ойнап отырған немересіне елжірей қарады. Көзінен аққан жасы сырғып барып жастыққа тамды.
-Құлыным-ай,-деп еді сонда баланың омырауын құшырлана иіскеп. Сенің ең болмаса атқа мінгеніңді де көре алмай барамын. Тоқым қағарыңды өзім жасап, атаң өз қолымен ер үстіне қондырса деп едім. Көрмейсің бе, арманға ажал күле қарайды деген рас екен. Көзіңде мұң бар ғой жаным-ау. Періште көңілің бірдеңені сезіп отыр ма. Онсызда көп емес едік, енді мына шаңырақ астында шүлдірлеп қалатын болдық-ау деп отырсың ба. Күлші құлдығым. Сенің үнің дем беретін сияқты. Бағытталған жағыма қиналмай кетейін. Сендердің қызықтарыңды көрсетпей бұғауын салған тағдырдың қатал екенін білдім. Бірақ қиындық көрсеңдер демеуші болар, араша түсер
жаным ақ көбелек болып талай келетін шығар. Өркендерің жайылсын,-деп еді үзіп-үзіп сөйлеп.
Бибатпа өзін-өзі ұстай алмады. Солқылдап әрі-бері отырды. Ойым бөлінер ме екен деп ұстап отырған жүнін шүберекке орай салды. Қай- қайдағыны есіме түсіріп оным не дегендей жаулығының ұшымен көзін сүртті. Асалының келетін уақыты болды, алдынан суын дайындап қояйын деген болуы керек орнынан тұрып есік алдындағы ошаққа беттеді. Бірақ баяғыдан бері тығырыққа тіреген ой бәрібір есінен шықпады. Тәуекелге бел буған баласына қой дерін де, қоштарында білмей басы даң болды. Кімге барып ақыл сұрар. Осы күнгі жұрт айтқаныңда жанымен ұғынса бір сәрі, ''Ойбой сормаңдай-ай, тең-теңімен, тезек қабымен болмаушы ма еді. Ол кім, сен кім. Мына жаман шатпаңа ат ойнатып келсе шаңырағыңды ұстап тұрар уығың мықты ма еді. Болмаса керегең кеңге жайылып па еді. Дүйсенбайдың ана Маңсуалмастың бауырында кетіп бара жатқан кесірткені көзі шалатынын білесің. Сенің балаңа келгенде жанарын шел қаптап кетеді деп ойлайсың ба. Ал жақсы солай-ақ болсын. Соңынан қумай-ақ қойсын. Бір мінезділігіне басып кетер қыз кетті. Асалының етегін ошаған жыртқан жаман шекпені қамсау болады десе өзі білсін. Байлық пен бардың арасын ажырата алмаса обалы өзіне. Менің қалың малымды алдыма әкел десе не істейсің. Ана есігіңнің алдындағы ыңғыршағы айналған жаман қоспағыңды апарасың ба. Менің ақылымды тыңдасаң қоя ғой. Өзің теңдес қойшы-қойманшының жалаңбұт қызынан артық болмас '',-деп ұрсып отырып ақылын айтқан болғанмен, теріс айнала бере ернін шығаратынын да біледі.
Ел арасы дуылдап тұрған әңгімені одан әрі өршітпей ме онда. Әзір ''солай екен, сөйтіпті, бүйтіпті'' дегендері болмаса Асалының Көкетайды сонау Бозашыға алып қашқысы келетін ойын ешкімде білмейді. Баласы өз шешімін өткенде айтқан. Бас сауғалап бара қойса қамқор болатындай, артынан келген қуғыншыға жүрегі шайлықпай тура қарай алатындай кім бар екенін сұраған. Аузына бірден ешкім түсе қойған жоқ. Қайдан түссін. Күйеуінің де алыстағыны жақын қылатындай, жақынды төріне оздыртып тізе соғыстыра отыратындай ет тірлігі шамалы болды. Әке-шеше өмірден өткесін бұрын көзі көріп жүрген осы Маңсуалмас Есеттегі, Жем бойындағы Жеменейлерді ғана білді. Бұлардың ішінде Дүйсенбайға қарсы тұрып шабыспаса да айтысатын, жөнге шақыратындай ешкім жоқ. Пәленшеге барып ақылдассайшы дейтін отағасының бар қиындықты мұның мойнына артып тастап, өмірден өткеніне де төрт-бес жыл болды. Жаулығы желбіреп бұл кімнің алдына барсын. Барғанда еститіні жаңағыдай екенін біледі. Өздері келіп бөліп бермеседе тығырықтан шығар жолын көрсетіп, жөнін сілтеп жатқан ағайын тағы жоқ. Бәрі де түкірігі жерге түспей шалқақтаған Дүйсенбайдың қызы малынып киініп, осы үйдің босағасынан кіріп-шығып жүргендей жабықтан сығалап, пыш-пыштаудан әрі асар емес. Кейбіреулерінің көкейлеріне әлі болмаған істің қызғанышы бұрын барып қонақтапты. Жұрт Дүйсенбайға құда түспек түгілі маңайына жолай алмай жүргенде, мұның жалғызы Көкетайдың қойнынан өріп жүргендей ''дәмесінің
зорын'' дейтіндер де бар көрінеді. Кімнің аузына қақпақ болып жағасына жармассын. Баласының басқа жердегі ағайындарды емес, Бозашы бетті таңдағанында да өз есебі болған шығар. Жер шалғай. Қолға түспей бір сытылып кетсем, араға күндер түссе кім болсада райынан қайтар, арты оңышып кетер деген әйтеуір бір далбаса үміт екенін білді.
Бибатпа не істерін білмеді. Мұныңды қой шырағым, ішкен қара суымыз бойымызға дұрыс сіңсін. Әуелденде көп өрбімеген әулет едіңдер. Біреудің қате сілтеген қаруының құрбаны боларсың, ия қарғысына ұшырарсың, қой шырағым дегенмен баласының райынан қайтпасы белгілі. Жасаған жар болғай деп тілейді дағы енді. Басқа қолынан келер не бар. Баласының келер жағына тағы қарады. Көзі жасаурап тұр ма, әлде күннің ыстығы әлі қайтпаған ба сағымданған даладан ештеңе көрінбеді.
Дәл осы кезде Асалы жылқыдан қайтып келе жатты. Құрығын беліне қыстырып алған. Астында үйірден жаңа ұстап мінген аты. Ауыл арасы болып жататын тойларда ғана болмаса көп тақымын сала бермейтін. Өзі алымды. Қандай қашаған болсада мұның алдынан құтылып көрген емес. Өткен жылы ит-құс көбейіп малға да, адамға да тыным бермегенде осы құланың қайырын көрген. Төбе астында жасырынып келіп шашау шыққан тай, жабағыны жәукемдеп жаман үйренген талай қасқырды алған. Олардың артынан аңдыған қуғыншы көрсе таудың сай-саласы, жыра-жықпылына бағыттайтын әдеті. Бірақ дегеніне жеткізбей алдын орап етектегі жазыққа шығарғасын-ақ құладан құтылу мүмкін емес-ті. Енді міне сол атына тығырыққа тірелгенде аяқ артқан еді. Сонау Бозашыға дейін қиналмай жеткізетініне сенімді.
Көкетай екеуінің көп көзінен тасаланып, бір-бірімен кездесіп жүргендеріне де біраз уақыт болды. Көргенін көбейтіп, естігенін зорайтып айтпаса бұл қазақтың көңілі көнши ме. Алғашында ошақ басы, бір-екі әйелден басталған әңгіме кәзір бүкіл елге жайылды. Даладағысының да, үйдегісінің де айтары сол. Бұрын қолды болып кеткен мал, құдық басында қауғаға таласып қалған пәленше мен түгенше, қайымай қалған құнанша, жайылымы азайған өріс, не керек кез-келгенді әңгіме қылып отыратындардың ендігі ойы да, айтар сөзі де Асалы мен Көкетай болыпты. Бұл хабар тіпті әңгімеге әуестігі жоқ, алдындағы малын ғана білетін қасындағы қарт жылқышыға да жетіпті.
Сол күні ай сүттей жарық еді. Екеуі қос алдында оны-мұны әңгіме қылып отырған. Бір кезде әңгіме Асалыға бұрылды.
-Әй, Асалы қарағым,-деді жылқышы. Менің әңгімеге әуестігімнің жоқ екенін басқа білмеседе сен білесің. Бірақ жұрт солай екен деп тілінің ұшындағы сөзін менің көзімнен таса жерге барып айтпайды. Қанша тыңдағың келмеседе құлағың тесік болғасын естисің. Сенің ана Дүйсенбайдың қызымен кездесетініңді айтады жұрт. Біреу көзімен көргенін, біреу естігенін әңгіме қылады. Сол әңгімеден кейін менің де тынши алмай жүрген жайым бар. Өзің ештеңе демедің. Түсінікті ғой. Ақыл сұрайтындай, саған жол көрсететіндей менде қай бір дерек бар. Қолымдағы бар билік мына жылқының үйіріне түн жамылып келген дала тағысына айқайлап, құрығымды сілтеу ғана. Айтайын деп отырғаным саған берер ақыл ма, әлде
шыр-пыр еткен жанашырлық көңіл ме оны өзімде білмеймін. Әкең марқұмды көзім көрді. Ешкіммен жаманаттаспай өтті, ''әй, кәпір'' атанған жоқ. Маңдай терімен азын-аулақ жиған тергені өзіне жетті. Тірі болып жүре берсе осы күндері дөңгеленген шаруасы болар ма еді деп те ойлаймын кейде. Ол кеткесін қолдың кіріндей болып желі басындағы малдың құмалақтарының азайғаны белгілі. Сен есейдің. Менің қасыма алғаш келгеніңде ''Е, орны бар оңалар деген қатарға қосылып кетеді ғой'' деп ойлағанмын. Ойым дұрыс екен, істеген ісің көңілден шықты. Не болсада икемің бар. Бірақ соңғы кезде сенің артыңнан ерген сөз рас болса оған кәзір қандай ақыл айтарымды білмей отырмын. Менің білетінім Дүйсенбай қызын саған оңайлықпен бермейді шырағым. Қарсы тұрар қауқардың сенде жоғы тағы белгілі. Оның көп нәрсені ақылға салмайтыны, қолынан келсе өзін көктегі құдаймен қатар қойғысы келетінін ел біледі. Ақылына, қайратына, адамгершілігіне риза болып астындағы тағын тазша балаға ұсынатын хан көресің бе оны. Тіпті сондай өмірде болды деймісің. Ертегінің аты ертегі шығар. Ал менің бұл өмірден көргенім, солардан түйгенім байлықтың буына мастанған адамның көп қайырымды бола бермейтіні. Ел шулап айтып жүрген хабарды Дұйсенбай естімеді деп ойлайсың ба. Мен тіпті соның осыны ести сала бір шатақ шығармай жүргеніне таң қалам. Сақалды басымен жамандық шақырғаны несі деп сөге көрме, осының артында бір қитұрқы іс жатпасын. ''Тимең, ештеңе демең. Әбден шегіне жетсін. Омыртқасын үзе қою қиын емес'' деп жүрген сияқты. Манағы келіп кеткен екі-үш жігітттің аң қарап шығып едік деген сөзінен олардың ұры пиғылдарын неғып байқамадың. Аңғалсың-ау қарағым. Ия мылтығы жоқ, ия қапталында қақпаны жоқ, болмаса соңына ерткен иті жоқ, ол не қылған аңшылық. Шетінен сүйреп ала беретін бұл даланың қарақұйрығы мен киігін қораға қамап қоймаған шығар. Әсіресе ана ортадағы қараның сенің астыңдағы құлаға қарап ''таң асырдың ба'' деп сұрағанынан секем алдым. Алдын-ала барлап, ертең артыңнан дойыр ала шабатын осылар болмасын. Тәуекел ер жігіттің жолдасы. Алған бетіңнен қайтара алмаспын. Онда жолыңа кедергі болғандай көрінермін. Тек жалғыздығың жаныма батады. Дүйсенбай тапа тал түсте қызын саған жетектетіп жібергісі келмесе, қалың малын беріп қойған жағы жесірлерінен айрылып жер шұқып қалғысы келмейтіні анық. Ашудың ақылға жол бермейтіні де, қазақтың намысының қозатыны да осы тұс қой. Сондықтан сақ бол қарағым,-деген еді.
Асалының ойына осылар түскен. Шешінген судан тайынбас демейтін бе еді. Нартәуекел. Бозашы беттегі ағайындарға жетсе елдің елдігі бар емес пе, қанатының астына алар. Бір-біріне көңілі құлап, жанымен берілгендер жалғыз бұлар дейсің бе. Мұңын түсінер. Тіпті басқасын былай қойғанда кезінде ел алдында беделі болған, талайдың қиын кезеңде қолтығынан сүйеген аталарының шапағатын ойдағысы да, қырдағысы да көргенін ел әлі айтпай ма. Ең болмаса соның әруағын сыйлайтын шығар.
Жігіт басқа жолын таба алмады. Ендігі кідірудің кеш екенінде білді. Өткенде түн жамылып ауыл сыртындағы төбе астында Көкетаймен кездескен.
-Асалы,-деді Көкетай иығына еркелей басын сүйеп. Неге екенін білмеймін соңғы кезде сені алғаш көргенім есімнен кетпейді. Бердібайдың баласының үйленген тойын айтам. Той қызығы жаңа басталған. Жан-жақтан ағылып келіп жатқан адамдардың шегі жоқ. Біз ертелеу барғанбыз. Өзімізге арнайы тігілген үйде сағынысып қалған көп қыздар әңгіме айтып отырдық. Есік ашылып бізбен көршілес ауылда тұратын Бибінұр келді. Отырған жерін күлкіге көміп, қашанда көңілді жүретін ол бәрімізге қарап;
-Қыздар-ай,-деді аптыға сөйлеп. Мен жолда бір жігіт көрдім. Байдың баласы ма, әлде бір бардың жалғызы ма білмеймін, көрерге көз керек жігіт осы тойға келе жатыр. Өзгелерден ерекшеленіп алдымен көзге түседі екен. Неліктен екенін білмеймін. Онан басқа астына сәйгүлік мініп, үстіне барын кигендер көп емес пе. Құдай-ау қалай деп айтсам сендерге жеткізе алам. Астындағы құла аты да, ер тұрмандары да ерекше. Өзгелерден ірі ме, әлде еңсесі биік болып көріне ме білмеймін. Әсіресе, жанарын айтсаңшы. Бірден өзіне баурап алатын, бұлқынтпайтын ерекше көзқарас. Бұл жақтың тойына Ұлытау асып жер түбінен кім келе қояды дейсің. Әрі кетсе Әлімнің, болмаса Табынның бірінің мәпелеп өсіргені шығар. Біреудің бағы ғой шіркін. Ондай жігітке тап болсам Таскентау кетсемде риза болар едім.
-Әй, сен Бибінұр өзің көрмей жатып ғашық болғаннан саумысың. Немене сонша жігіт көрмегендей. Байқа, басың байлаулы екенін ұмытпа,-деп төменде отырған қараторы қыз қағыта сөйледі.
-Е, сол ноқта сенің мойныңада ілініпті деп естідім ғой Ақсұлу. Басымның байлаулы екенін ұмытып кетті ғой деп ойлайсың ба. Қайта осы сөзді сол ноқтадан енді мойнымды босату мүмкін болмағасын айтып тұрған жоқпын ба. Қыз байғұсқа жан-жақтан жасалар тиырым көп қой. Соның ішіндегі ең қасіреттісі өзіңе ұнаған жігітке ойыңды білдіре алмауың. Өйткені әлдеқашан бәрі шешіліп, жүрер жолың белгіленіп қойылған. Тағдыр шіркіннің қызға дегенде осыншама тарлығы-ай. Ал қыздар мен сендерге көргенімді, көз қуанышымды айттым. Айтпады демеңдер тап сол жігіт бүгін біреуіңнің жүрегіңе шоқ салады. Ендігі келіп те қалған шығар. Біз олардан озып кеткенбіз,-деді Бибінұр қыздарға.
Бәрі далаға шықты. Аттарынан жаңа түсіп жатыр екен. Ортасындағы құла аттыға көздері алдымен түсті. Бибінұр көрсеткен жігіт шындығында да өзгелерден ерекшеленіп көрінеді. Орта бойлыдан жоғары, жіңішке мұрт қойыпты. Сыртын қызыл барқытпен тыстаған бөркі де, арзан қолдау матадан тігілген киімдері де өзіне жарасымды. Қонақ күтуші жігіт жол бастап іргелес тігілген киіз үйге қарай беттеді. Әлгі жігіт қастарынан өтіп бара жатып басын изеп сыпайы амандасты. Көкетай жігіт жанарының өзіне келгенде кідіргенін байқады. Бірден өзіне баурап алатын, ерекше бір мейірім төгілген жылы көзқарас. Көкетай өзін-өзі қаншама тежегісі келгенмен еркінен тыс бір күштің соңынан ертіп бара жатқанын сезді.
Асалымен осылай танысып еді. Қасындағы жолдастары сияқты әзіл- қалжыңға икемі жоқ болғанмен жұртты өзіне қарататын өнері бар екен. Қалың көпшіліктің қошаметтеп, қайта-қайта сұрауымен жылқышы жігіт әнге басты. Тұла бойыңа шым-шымдап тарап балқытып барады. Көкетай бір- біріне жалғаса айтылған әннің өзіне бағышталған сағыныш екенін, осы әуенді, жылқышы жігітті елегізе іздеп, талай түнді ұйқысыз өткізетінін білді.
Бір-бірімен әзілдескен, көңілді жастар қайтар жолда біраз жерге дейін бірге келді. Жол айрыққа да жақындады. Үзеңгі соғыстыра қатар келе жатқан Асалы Көкетайға қайта-қайта қарайды. Осы жерде өзінің қалатынына, тағыда көптен жырақ жылқы соңында күн кешетініне өкінгендей жай күрсінді. Бірақ екеуі де бұл айрылысудың ұзаққа созылмайтынын, бірін-бірі іздеп көп кешікпей-ақ кездесетініне сенімді еді. Қош айтысып бірте-бірте ұзап бара жатқан қыздар кенет алыстан талып естілген әнді естіді. Бұрылып арттарына қарады. Биік төбе үстіне көтерілген Асалы көрінді. Кеудесін самалға тосып ''Айнамкөзге'' салған жігіт әнін Маңсуалмастың шыңдары бір-бірінен қағып алып жарыса жалғастырып жатты..
-Төбе басындағы сол тұрысың есімнен кетпейді. Кейде тіпті түсімде көрем. Саған жеткім келеді, қасыңа барғым келеді. Бірақ сен сол қалпыңда, астыңда құйрық жалы төгілген құла атың бар, мен жақындаған сайын алыстай бересің. Артыңнан жүгіре, жүгіре өкпем өшіп айдалада құлаймын. Орнымнан тұрсам көз ұшындағы сені көремін. Қорқамын жаным. Бүгін міне қасымда отырсың. Келесі кездесуіміз болмай қалатындай, осы ең соңғысы сияқтанады да тұрады,-деген еді сонда Көкетай.
Түсінде көргені шындыққа ұласатындай, айрылып қалатын адамша Асалыны тас қылып құшақтады. Кішкене үнсіздіктен кейін сөзін тағы жалғады.
-Әкем тым қатал ғой. Екі сөйлегенді жаратпайды. Ақылынан ашуы басым екені, қолының алдымен қамшы ұстауға бейім екені жұртқа белгілі. Екеуміздің арамыздағы жайды білмейді деп айта алмаймын. Жандайшаптары әлдеқашан жеткізген де болар. Әшейінде аржағында келген ашуын сол бойда сыртына шығармаса, жан-жаққа қаһарын төгіп, дегенін сол бойда орындатпаса көңілі көншімейтін адамның осы жолы дым білмегендей тым- тырыс жүргенінен қорқам. Өткенде ауылдағы ұрлықты кәсіп қылып, барымтаны күнелтіс көзіне айналдырған тентектерді жинапты. Үстеріне ешкімді кіргізбей біраз әңгімелескен көрінеді. Сұратқан қымызын алдарына қойып кері шыққан жеңгемді ұзап кетті деп ойласа керек:
-Әзір сыр алдырмаң. Уақытын өзім айтам. Өз жолын өзі ажырата алмаса құдайына өкпелесін. Дүйсенбай қызын қу кедейдің қанжығасына байлап жіберетіндей әзір басына ат тепкен жоқ, ия ақылынан алжасқан жоқ. Салмағын өзім көтерем,-дегенін естіпті. Қорқамын. Осының артында үлкен бір қатер бар сияқты болады да тұрады,-деген.
Содан неде болса Асалының ағайындарын сағалап Бозашы бетіне кетуге бекінген-ді. Енді кідіруге болмайтынын түсінген олар бүгінгі түнде бірін-бірі күтетін болып тарқасқан-ды.
***
Түн жамылып Бозашыны бетке алған Асалы мен Көкетай суыт жүріп келеді. Ауылдан ұзағандарына біраз уақыт болды. Әзір секем алатындай ештеңе байқалмайды. Бұл жердің ой шұқыры Асалыға бес саусағындай белгілі. Түн қатып жылқы күзетіп талай шарлаған. Арттарынан қуғыншы шыға қалатындай болса із жасыруға ыңғайлы жерлермен келеді. Көп ұзамай ай туады. Соған дейін Есеттің құлауынан шығып кетсек көп қауіп бола қоймас деген ойда. Араға күн салса Бозашыға да жетіп қалады. Сол жерге тұяғы ілінсе көңілдерін қобалжытып жүрген қауіптен құтылатындай аттарын тебіне түседі. Көліктерінің жол ортада қалдырмай бір қараға жеткізетіндеріне сенімді. Бірақ көңілдерінде қорқынышта жоқ емес. Қызынан айрылған Дүйсенбайдың ашуға мініп жан-жаққа ат шаптыратыны да, осы уақытта іргеде жатқан қызды пері көтергендей көздері көр соқыр болған қарауылдарға да қаһарын төгіп жатқаны белгілі.
Ай туып келе жатқан сияқты. Тастай қараңғы аспан түндігінің асты қызыларайлана бастады. Көңілдерін қорқыныш пен ертеңге деген үміт қатар жайлаған қос ғашықтың жұптаса шапқанын көргісі келгендей жан-жаққа шапағын шашып бірте-бірте көтеріліп келе жатыр. Әліде сәл кідіре тұрғанын тілеген бұлардың дегені болмады. Амал қанша. Тағдырдың маңдайғ,а жазғаны болады да. Бәлкім олар басқа бағытпен кетер. Қуғыншылар жол ортада кездесе қалса жылқышы қарттың шама келсе оларды кідіртудің, бағытын бұрудың жайын қарастыратыны анық.
Қарт жылқышы бұларды жол ортада күтіп алып еді. Атынан түсіп алдындағы екеуінің қолын алды. Толқып тұрғаны, баяғыдан бері қасында жүріп баласындай болған Асалының тәуекелге бел буып жалғыз кетіп бара жатқаны жанына батқаны білініп тұр.
-Қарақтарым-ай,-деді даусы дірілдеп. Біз сияқты мал соңында жүріп дала кезген адамдарды біреулер көргені жоқ, білігі аз дейді. Рас та шығар. Елдің ортасынан, көптің қызығынан тысқары жүретінімізде шындық. Көретінің алдыңдағы малың мен даланың аңы ғана емес пе. Бірақ сол далада жүріп байқағаным тірлік иесінің бәріде жұп-жұбымен ғана күн кешеді. Тіпті ана жұдырықтай құс екеш құс та жұбымен қанат қағыстыра ұшқанды, бір бұтаққа қатар қонғанды ұнатады. Жанына жақынмен бірге болғысы келеді. Екеуіңнің бір-біріңе деген ыстық ықыластарыңның ерекше екенін сеземін. Ел аузындағы әңгімеде солай дейді, сүйсініп айтады, қызыға қарайды. Бірте- бірте бұлыңғыр тартып сонау артта қалған жастық шағымызда біз де оны басымыздан өткергенбіз. Бірақ мына сендердей тәуекелге бара алған жоқ едік. Бәлкім жасық болдық, бәлкім шын ғашық бола білмедік пе, оны бір құдайдың өзі біледі. Кәзір сол жылдарым қайта оралса мен қиналмай-ақ сендердің мына істеріңді өзіме үлгі қылар едім. Қастарыңда қатарласа шауып ғашықтық бақыты дегенді басымнан өткізер едім, қайдан келер қауіп болсада бірге көтерер едім. Қайтесің енді, артта қалған жылдарды қайтару ешкімнің де қолынан келмейді. Ендігі қолдан келері құдайыма жалбарынып сендерге тілекші болу ғана. Ал жолдарың болсын. Ата-баба, әулиелер бар ғой.
Қатыгездің қолынан, зұлымдығы артында бұғып жатқан теріс пиғылдан сақтасын. Түн қараңғысын пайдаланып Есеттің құлауынан шығып кетсеңдер құтылғандарың. Одан арғы жер бедері өзіңе таныс. Сол жолмен жүрің. Негізгі тіке жол Күйкен тұмсығын айналып өтіп Айрақты арқылы Өрмеліден құлау ғой. Қуғыншылар сенің Бозашыға кететініңді білсе міндетті түрде осы жолдың сүрлеуіне салады. Ал мына жолмен кетсеңдер ел іші деп көп ат басын бұрмас. Бір-екі күнде діттеген жеріңе де жетесің. Жеменейлердің Жем бойын, Маңғыстауды да жайлайтыны қуғыншыларға белгілі. Сол бағыттарға ат шаптыратыны да шындық. Маған келіп сұрап жатса сенің ойың Жем бойы еді дермін. Сендерді құтқару жолындағы өтірігім періштенің құлағына шалынса екен деп тілейік. Көп кідірмең, уақыт бір тұтам ғой. Ай туғанша біраз жерге барып та қалатын шығарсыңдар. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Арттарыңнан қуғыншы көрінсе құтылудың жолын ғана ойлаң. Асалыжан, сенің кейде қызбалыққа салынатының бар. Сойылды көздеген жеріңе жұмсай алатыныңды, түн жамылып келген талай барымташыны атынан аударғаныңды жақсы біледі. Сондықтанда олар қамданып келеді, қаумалаған көп соққының ішіне алғысы келеді. Осы есіңде болсын. Ал, аман болың,- дегенді.
-Сау болыңыз,-деді Көкетай. Алдымызды болжап білмесек те кетіп барамыз. Біздің тәуекелден басқа амалымыз қалмады. Бұл қазақтың қыз баланы үкілеп өсіріп келіп, бойжеткесін басын дауға тастайтыны өкінішті-ақ. Ертеңгі болар ел арасындағы қақтығысқа, біреудің шаңырағын ортасына түсіріп, туырлығын сыпырар жанжалға себепші болатынымызды біліп жанымыз күйзеліп те барады. Біреу түсінер, біреу түсінбес. Айтылатын қатты сөз де, салмағы ауыр қиындық та бізге түссе ештеңе емес. Тағдырдан соның бәрінде көтереміз деп барамыз ғой. Жылы пейіліңізге рахмет. Ақжолтай тілек айттыңыз қабыл болатын шығар. Аман болыңыз ағасы,-деп атына мінді.
-Халық кешірімді ғой шырағым. Пендешілікпен артық кеткен жері болса көп ұзамай-ақ өзі түзеп алады. Пейілі тар, қолы қаралыны тез ұмытсада, үлгі қылар өнегені жылдар бойы жыр қылып айтудан жалықпайды. Тірі пендеге титтей де қиянаттарың болмаған сендерге орынсыз сөз айтылмас. Әулие емеспін ғой. Бірақ екінің бірінің қолынан келмейтін мына істеріңді, сыңары болмаса сонау көк аспанда жоқтау айтып өмірден жалқы өтер аққудай болғандарыңды бұл ел талай айтар. Кел еңкейші айналайын, маңдайыңнан сүйейін. Құдай дегенге жеткізсе қолыңнан талай рет күрең шәй ішіп, Асалының әнін талай тыңдармыз. Сол күнге аман жеткізгей,-деп ат үстіндегі Көкетайдың бетінен сүйіп, баласындай болып кеткен Асалының қолын қысты.
Асалы біраз жүргеннен кейін бұрылып артына қарады. Дүсірлеген тұяқ даусынан ақсақалдың үйірлі жылқыны сай жағалай өскен жыңғылға қарата бағыттатқанын білді. Арттан келе жатқан қуғыншыға ай астынан қарауытып алдымен көрінсін, бағытын өзгертсін, сай-саланы тінтіп шыққанша біраз уақыт өтсін деп әдейі істегенін сезді. Неге екенін білмеді көз алдына өткендегі аң қағып жүрміз деген жігіттер келді. Жөніңді айтпадың деп жан-
жақтан қабаған иттей арпылдап жылқышы қартқа қамшы сілтеп жатқандай сезінді. Ат жалын құшқан, қансыраған қартты тастай сала соңдарынан шауып келе жатқандардың ішінен өткендегі ''атыңды таң асырып па едің'' деген қарасұр жігітті көргендей болды. Оның бар арманы Асалыны аттан аударып, қолынан келген қарсылығын білдіріп арпалысқан Көкетайды алдына өңгеріп, жау қайтарғандай Дүйсенбайға апару екенін де білді. Соңынан өкшелеп келе жатқан қауіпті анық сезген жігіттің жүрегі дүрсілдей соқты. Бірақ бұл қаптаған қолдан шайлыққан қорқыныш дүрсілі емес еді. Бұл қандай қиындық болсада бірге көрем, тағдыр айырмаса, адам айырмас деген ғашығын жат қолына жібермей қайтіп қорған болам деген қиналыстың дүрсілі еді. Маңдайына тап болар қандай қатер болсада тайсалмай күтіп алуға бекінген Асалы Көкетайға елжірей қарап, сойылын тақымына қыса түсті.
Тып-тыныш, жанға жайлы мақпал түн. Маңсуалмас жақтан анда-санда әлсіз самал соғады. Аспандағы жұлдыздар ыдырай бастапты. Қапталдарында қалып бара жатқан жыңғылы мен қарағаны қабаттаса өскен сай бойынан қасқыр ұлыды. ''Көптен бері көрінбей кетіп еді, тағыда оралыпты-ау мына көкжалдар'' деп ойлады Асалы. Өзінің болмағанына, жылқышы қартты жан- жағынан тартқылар бөрілердің көбейгеніне ренжігендей болды.
Кенет түн тыныштығын бұзып дүсірлете шауып келе жатқан көп атты көрінді. Жаңа ғана маужырап жатқан дала ат тұяғының дүбірінен, сүттей аппақ ай жарығында жұлдыздай ағып бара жатқан екі аттының соңынан айқайлай лап қойған қуғыншылар даусынан тітіреніп кетті. Соңында келе жатқандар бытырай шапты. Ойлары белгілі. Астарына алымды ат мінген қыз бен жігітті құтқармау. Тек анау ай жарығында түксиіп көрінген тау басына шығып кетпесе болғаны. Шығып кетсе күдер үзе беруге болады. Түн жамылып жылқы күзетіп, бұл жердің аң-құсына қақпан салып, тұзақ құрған жігіт оның кез-келген сай-саласын көзін жұмып отырып табады. Шиырлап із тастап, бір орныңды айналдыра жүргізіп басыңды даң қылу оған қиынға соға қоймайды.
Жаңа ғана қол созымдай жерде болып көрінген тау тұмсығы жеткізер емес. Оның есесіне қуғыншылар мен екі орта бірте-бірте қысқарып келе жатқан сияқты. Асалы қайта-қайта кейіндеу қалған Көкетайды ілгері оздырумен келеді. Бір аласа төбеден аса бергенде Көкетайдың астындағы аты сүрініп қайта тұрған. Шамасы оппаға түссе керек. Жануар күрең аттан қалғысы келмей қанша ұмтылғанымен бұрынғыдай емес, бауырын жаза алмай келеді. Ендігі шабыстың құр далбаса екендігі, арттағылардың құтқармасы белгілі болды. Құла ат алдынан кездескен жырадан қиналмай секіріп арғы бетке түсті де, шыр айнала шұрқырай кісінеп артына қарады. Соңғы күшін салып жардан қарғыған серігінің қасына келгеніне риза болғандай оқырана иіскеді.
Асалы атынан түсті. Қасына келген ғашығының қолынан аялай ұстап көз алмай қарап тұрды да бауырына қысты. Жігіт кеудесіне басын қойған Көкетай бір сәт бәрін ұмытқысы келгендей, ана анталап келе жатқан қуғыншыларды көрмегендей көзін жұмып үн-түнсіз біраз тұрды. Асалының
қандай шешімге келгенін де білді. Кенет басын көтеріп жігітке қарады. Жанары жасқа толыпты. Дүсірлей шауып жақындап қалған қуғыншыларға көзін салған Асалының омырауын өзіне жұлқа тартты;
-Жоқ, Асалы, олай болмайды жаным. Оны ойыңнан шығар. Сені жау қолына тастап мен қайда кетпекпін. Сен жоқ жерде мына дүние шіркіннің қандай мәні болмақ. Не көрсекте бірге көреміз деген уәдеміз қайда. Әлде ол мына баянсыз өмірде айтыла салған тұрлауы жоқ бос әңгіме ме. Жоқ жаным. Тағдырдың бізге тым тарлық жасағанын, өмір шіркіннің соңғы сәтінің жақындағанын да біліп тұрмын. Мүмкін мен әйел бақытының қандай екенін сезіне де алмай бара жатырған шығармын. Мүмкін маған бұйырған соңғы бақыт арпалыста жау қолынан қаза болған жарымның қанға малшынған басын сүйеу ғана шығар. Біле білгенге ол да зор бақыт қой жаным. Әттең, өз шаңырағымыз болып, мен соның астында жоқтау айтып, арыстай болған денеңді құшақтап отырып шығарып салған болсам, бұл өмірде өкінішім де болмас еді. Бірақ бізге ондай құтханада бір түн бірге болуда жазылмапты ғой. Адайдың еркегіне әйелдері жол көрсетпейтін еді. Сол үрдістен менде аспаспын, азаматымды қай уақытта да қадірлеп өтермін деп едім. Болды ма ол арман. Бірақ осы жолы қолымнан қағып, кеудемнен итермеші. Ең алғашқы, ең соңғы бақытымнан айырмашы. Тәтті өмірдің ақырғы сәтін өзіңмен бірге өткізейін.
Асалы артына қарады. Қуғыншылар төбе басына көтерілді. Көзді ашып-жұмғанша бұларға да жетеді. Сонда не болмақшы. Соңғы рет тұяғын сермейтін мал құрлыда болмай, қан аңсап келе жатқан пышақ жүзіне мойныңды тосу ма. Кәзір олардың бойында адамшылық та, аяушылық та жоқ екенін білген жігіт Көкетайды ілгері оздыртып жіберіп, қарсы шығуға бекінді.
-Тыңда мені Көкетай. Кәзір мына өмірдің ащы, тұщысын салмақтап жататын кез емес. Біз екеумізде тірі қалуымыз керек. Сол үшін, ертеңгі өміріміз үшін мен жалғыз болсамда ана келе жатқандарға қарсы шығам. Өздері көп те емес екен.
Тілі байланғандай көзі шарасынан шыға өзіне қараған Көкетайды тағы да бауырына қысты. Содан кейін қарсылық білдіргеніне қарамай қолтығынан сүйеп атына мінгізді.
-Артыңа қарайлама. Мен көп ұзамай қуып жетем. Бір-екеуін аттан аударса көздері қорықпас дейсің бе. Басқа амал жоқ Көкетай. Қолымды қаншама қандағым келмегенмен болды ма, амалсыздан қару көтеруге тура келді. Астыңдағы атыңның ұзаққа шыдамайтыны белгілі болды. Шыңға иек артсаң ескілікті қалашықтың орны бар. Сол жерден күт. Артымыздағы қуғыншылар тек осылар болса үмітімізді үзбейік. Ал тез аттан,-деді.
Асалы кетіп бара жатқан Көкетайдың артынан қарап тұрды да, жалт бұрылып қуғыншыларға қарсы шапты. Жылқышы жігіттің ерлігіне әуелден сыралға олар шабыстарын тежеп, қаруларын ыңғайлай бастады. Қаһарына мінген жігіттің жұлдыздай ағып келе жатып сілтеген соққысына тап болмайық деген ойда. Бір-біріне жақындап қалды. Асалы қарсы келе жатқан
топтың ішінен өткендегі қараны айнытпай таныды. Бәрінің бастаушысы да, негізгі қарсыласы да осы екенін білді. Ол шауып келе жатып қасындағыларға айқайлап бірдеңе деді. Топ екі бөліне бастады. Асалы олардың ортадан өткізе беріп соққысын артынан жаудыруға ұйғарғанын ұқты. Жақындай бере тақымын қысып, тізгінін тартты. Даланың көкжалымен талай арпалысқа түсіп, талай қуғынды басынан өткізген құла ат иесінің ойын бірден түсінді. Жалт бұрылып қапталға шықты. Алдындағы қараның бір сәт абдырап қалғанын пайдаланып сойылын сілтеп үлгерді. Кәнігі қол қате жібермеді. Топ бастаушы қатты екпінмен сілтенген сойылдың ысылдап келіп қалған даусын естісе де бұғып үлгермеді. Орай тиген соққыдан қабырғалары күтірлей сынып ат жалын құшты. Ағып өткен құланың басын тартып қайта бұрылған Асалы қалғандарының өзін қоршай бастағанын көрді. Бір-екеуін құлатып ортасынан жарып өтсе олардың енді бата алмасын да, өзінің құтылатынын да білді. Осы кезде құлағына ''Қорша, жіберме'' деген дауыс естілді. Қапталына көзі түскен ол дүсірлеп келе жатқан тағы да көп аттыны байқады. Енді сытылып кетудің мүмкін еместігін білген жігіттің қаны басына шапты. Көзі ештеңені көрмей қалың топқа араласты да кетті. Ат үстінен құлап жатқандарды, қарына тиген соққыдан қолын көтере алмай шетке ығыстағандарды көрді. Бірақ өзініңде құлашын сермеп сойылын сілтей алмайтын тар қоршауда қалғанын сезді. Тебініп ілгері ұмтылды. Осы кезде алды артынан бірнеше соққы қатар тиді. Айқайлаған, ышқынған дауыстардың бірде-біреуі естілмей дүние тым-тырыс қызылжалынданып кеткендей болып құлап бара жатты. Құла аттың шыңғыра кісінегені алыстан талып естілді.
Бұл уақытта Көкетай ұзап кетпеген еді. Қолтығынан сүйеп атына мінгізген Асалының жалт бұрылып көпке қарсы тайсалмай шапқанын көрген. Кәзір қуып жетеді деп өзін-өзі қаншама сендіргісі келгенмен көңіліне қорқыныш кіріп артына жалтақтаумен болды. Көп ұзамады атының басын тартты. Қолынан ештеңе келмеседе ғашығын тастап кеткісі келмегендей. Жаңа атып келе жатқан таң тыныштығында бір-біріне сартылдай тиген сойылдың, оқыс тиген соққыны ауырсынған адамдардың даусы, қарулы қолдардың күшіне шыдай алмай кісінеген жылқының даусы қосылып ызы- қиқы болды. Бірақ ортасынан сытылып өзіне бағыттаған Асалы болмады. Кенет топ жылқының ішінен ойнақшып шыққан құланы көрді. Бәрінің де біткенін, үміттің үзілгенін, енде Асалыны көру онымен бірге жүру мүмкін еместігін білдірген бір ой санасын шарпып өтті. Бір сәт тыныштық орнады. Қуғыншылар үймелеп бір жерге жиналды. Көкетай олардың Асалының денесін қоршап тұрғандарын білді. Ортасында тұрған біреуі қасындағыларға тапсырма берсе керек, төрт- бесеуі қайтадан асығыс аттарына міне сала артына қарайлап тұрған бұған қарата шапты. Көкетай орнынан қозғалған жоқ. Қаумалаған құзғын қарғадай жабылып жүріп Асалының түбіне жеткен қатыгездердің ендігі мақсаты өзін қолға түсіру екенін білді. Айрылып қалардай дүсірлете шауып келе жатқандар қасына келгенше қозғалмады. Асықпай атынан түсті. Бойында баяғы қорқыныштың, үрейдің ізі
қалмағандай, енді мына өмірдің асты үстіне төңкеріліп түсседе ештеңе әсер етпейтін мәңгүрт адамдай тұр.
-Тоқтаңдар,-деді олар қасына келгенде барып. Адамшылықтан ада, аяушылық дегеннің не екенін білмейтін сендермен Асалы мен үшін арпалысып еді. Түн жамылып Бозашы бетке аттанғанда шама келсе қиянатқа бармайын, не қиындық көрсемде ауырлығын өзім көтерейін деген еді. Бірақ сендердің қаралы қолдарың оған жеткізбеді. Жол ортады қыршынынан қидыңдар. Енді міне қорғанышы жоқ мағанда жеттіңдер. Қанша әлсіз, төмен етек әйел болсамда бұл жолы дегендерің бола қоймас. Мүмкін сендер бірін- бірі сағына іздеп, сарыла күтетін ғашықтық дейтін ұлы сезімнің болатынын бастарыңнан өткізіп көрмеген де шығарсыңдар. Оның жолында қандай кедергі кездесседе тайсалмай тура қарай алатынын, сол үшін соңғы демі қалғанша арпалысып өтетінін білмейтін де шығарсыңдар. Қорқау қасқырдай жан-жағынан қаумалаған сендермен жағаласып өмірден өткен Асалы, көзсіз ерлікке сол үшін барып еді. Қару асынған нағыз ер қарсыласының батырлығын бағалар еді. Ал сендерден бейкүнә қанға малшынған арам қолдарыңның қатесін түсініп, соңғы сәтінде оның басын сүйеп, кешірім сұрауда келмеді. Өйткені дәл кәзір мойындағыларың келмегенмен бірін-бірі шексіз сүйген біздердің адал махаббатымыздан қорықтыңдар. Сол қорқыныш жетегінде міне мені де қоршап тұрсыңдар. Қара ниеттеріңнің ауыртпалығын осы түнге артып тастағыларың келеді. Әуреленбең. Асалының соңынан мен ешкімнің көмегінсіз-ақ кетем. Өзім бара алмасамда мәңгілік бірге болуды тілеген жанымның онымен бірге болатынына сенем. Басынан сүйеп отырып маған арнаған сағыныш әнін тыңдаймын. Ол әннің ұзақ екенін, оған мына Маңсуалмастың шыңдарының қосыла жырлайтынын да білемін. Сендер ойлағандай біздің ғұмырымыз осымен аяқталған жоқ, қайта ел аузында жыр боп айтылар ән осы сәттен басталады.
Қуғыншылар байқамапты. Көкетайдың қолында қанжар бар екен. Бәрі де абдырап шынымен соған бара ма, тәуекелі жете ме дегендей демін іштерінен алып қызға қарайды. Көкетай асықпай өзін қоршап тұрғандарды көзімен шолып өтті. Қыз жанарынан тайсақтаған кейбіреулері шегініп теріс айналды. Ат үстінен ұмтылып қолына жармаса да алмады. Ғашығының артынан қара жерге бірге кетуді ойлаған қыз алдында бірте-бірте еңселері төменшік тартып бара жатты.
Алмас қанжар көз ілеспес жылдамдықпен жарқ ете түсті. Теңселіп барып қайта түзелді. Жүрегін басқан қолының арасынан жылымшылап қан қөрінді. Асалының жатқан жеріне тағы бір қарап қалайыншы дегендей атының жалынан ұстап ілгері қарады. Жанары жасқа толыпты. Асалы алыста қасында құйрық жалы төгілген құла аты бар төбе басында тұрғандай болып көрінді. Құлағына ғашығының сағыныш әні келіп, құшағына алып аялай түскендей. Қасына барғысы келгендей ілгері аттады. Күлімсіреген қалпы қолдары ат жалынан сусып құлап бара жатты.
Құрымсы-Кежек
-Міне шырақтарым,-деді ақсақал өзінің жан-жағынан қоршап отырған тыңдаушыларына қарап. Менің бұл айтып отырғаным өзімнің алдымдағы үлкендерден естігендерім. Ауыздан ауызға жалғасып келе жатқан әңгімелер. Әрине көп ешкімге бағына бермейтін уақыт дейтін құдырет бар. Ол өз дегенін жасамай қоймайды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңыздар бір кездегі өзінің желісінен айрылады, кей уақытта тіпті басқа сарынға түсіп кететіні де болады. Өйткені әңгімені айтушы адамның тарапынан қалай болғанда да өзгерістер болатыны анық, бұрмалануы заңды. Жаңағы айтып өткен ғашықтар туралы әңгімені күні кеше болды деседе болады. Себебі оларға соғылған ескерткіштер желдің өтінде, жаңбыр, қар суының астында тұрды десекте әлі көп бүліне қоймаған. Бұл олардың беріде салынғанының бірден-бір дәлелі. Ал бұл өлкеде олардан да әрірек өмір сүрген, өздері туралы артында ауыз толтырып айтатын деректер қалып жарымаған ғашықтарға арналған ескерткіштер бар. Соның бірі Құрымсы мен Кежекке арналған.
Шетпеден шығып Қызанға бара жатқаныңда қапталыңнан әудем жерде Сердалы атты қыстақ көрінеді. Оны көп уақыттан бері жылқышылар мекендейді. Айналасы бес-алты үй. Терістік бетінде Бекет-атаның тағы бір жер асты мешіті орналасқан Тобықты бар. Халық басы ауырып, балтыры сыздаған уақытта әлі күнге дейін басына барып түнейді. Ұлы қасиет иесінен жанына шипа тілейді. Атамыз кезінде Мекке, Мединаға сапар шеккенде осы жерге келіп кідіріп, намазын оқып кетеді екен дейді үлкендер.
Сол Сердалыдан күншығысқа бет түзеп жүргеніңде аралары бес-алты шақырымдай болып орналасқан екі әулие тұр. Алғашқы тап болатының Кежекке соғылған ескерткіш. Бір заманда өткен-кеткенді өзінің салыну ерекшелігімен таңқалдыра тартқан еңселі ескерткіш болғаны көзге ұрады. Бірақ уақыт өз үстемдігін жасапты. Кәзір соның артқы жары ғана қауқиып тұр, қалғаны құлаған. Күйдірілге қызыл кірпіштен қаланған жарының қалыңдығы бір метрге жуық. Көбі құм астында қалған. Мен әрине оны кезінде мынадай болған екен, көлемі осыншама жерді алып жатыпты деген әңгімен айтудан аулақпын. Себебі біріншіден оның салыну ерекшелігіне қарап көз алдыма елестете жобалайтын құрылыстың маманы емеспін, екіншіден содан бері қаншама уақыт өткені тағы белгісіз. Тынымсыз соққан желден ескерткіш топырақпен көміле-көміле төбешікке айналған.
Халық арасында бұлар туралы да аңыз айтылады. Егер айтыла салған әңгімеге басымызды шұлғи бермей жүйелеп қарайтын болсақ өтіп кеткен уақыттарға көз жіберуге болатын сияқты. Маңғыстау жерін адай тайпаларының мекендеуі, қоныстануы жайында әртүрлі деректер бар. Соңғы кезеңдері өз ойын айтып, осылай болған екен деушілерде көбейіп кетті. Бәрі бірдей көңіліңе ұялай бермейді. Бірақ көптеген жазба деректер де, кезінде ел басындағы жайды жырлап өткен ақын-жырауларда адайлардың Сауран айналып ХҮІІ ғасырдың бірінші жартысында Жем сағасын, Сам, Аспантай- Матай құмдарын жайлағанын айтады. Артынан мал жаны өскесін бірте-бірте Маңғыстаудың ойына құлап ХІХ ғасырдың 30 жылдары Бозашыда
түрікмендермен аралас отырғаныны да көпке белгілі. Ол кезде түрікмендердің Есен еліне жататын абдал, егдір, шәудір, бозашы, бұрыншық рулары мекендеген еді. Тілі жақын, діні бір елмен алғашқы жылдары жер суды ортақ пайдаланған. Бірақ мал басы өсе келе жайылымға, суға бола екі ру арасында реніш басталады. Оның соңы бірін-бірі таяққа жығу, барымта сияқты адам өліміне апарған қасіреттерге апарады. Міне осыдан кейін араларына қара мысық жүгіріп өткендей алакөздіктің туындауы бұл жерден түрікмендердің біржолата өкшесін көтеруіне әкелді. Бірақ бәрі бірдей кетпегенін де ұмытпау керек. Түпқарағанда орнығып қалғандары да болды.
Құрымсы-Кежектің оқиғасын сол түрікмендердің Маңғыстаудан кеткен уақыттарымен шамалас қылып айтып отыратын еді ақсақалдар. Құрымсы осы Бозашыны мекендеген адай жігіті. Ал Кежек болса түрікмен қызы. Бірін- бірі ұнатқан жастарға қандарының басқа екені, өзге ұлттан екендігі кедергі болмаған. Бірақ түрікмендердің бұл жерден қоныс аударуына байланысты олардың дегені болмады. Сүйген қызы артына жалтақтай қарап өзіне беймәлім жерге кете барды. Қолынан ештеңе келмеген, қарсы тұрар дәрмені жоқ Құрымсы Бозашыда қалады. Ертең кетеміз деген күні ретін тауып жолығысқан екі жас жердің түбіне кетседе бірін-бірі іздеп табатынына, өмірлік бірге болатынына серттесіп аттанған еді. Бірақ екеуі де дегеніне жете алмай екі жерде қаза табатынын білген жоқ болатын.
-Ақсақал,-деді осы кезде жорналшы жігіт. Кешірерсіз. Сол жерлерде жұмыс бабымен болғаным бар еді. Құрымсы мен Кежектің ескерткіштерін де көргенмін. Ол жерде одан басқа да әулиелер баршылық қой. Төбе сайын кездеседі десек өтірікші болмаспыз. Анау үлкен қауым Ауыз орпа. Жаңағы өзіңіз айтып отырған Тобықты. Оның қасындағы Тасымның мазары, сөйтіп жалғасып кете барады. Басындағы жазуларға қарағанда көбі адайлардікі сияқты. Соның ішінде осы сіз айтып отырған оқиғаға қатыстылары бар ма?,- деді.
-Ее, қарағым-ай,-деді ақсақал. Дұрыс байқаған екнсің. Әулие көп. Біреулерінде кім жатқанын айыруға болатынындай ру таңбалары, берідегілерінің құлпытастарында жазу да бар. Сенің сұрағыңа жауап беру үшін айтып отырған әңгімемізден сәл де болса ауытқуға тура келеді. Осы жерлерді Жары баласы Тастемір мекендеген көрінеді. Ақсақалдар әңгімесіне қарағанда құдайтағала Тастемірден байлықты да, баланы да аямаған көрінеді ғой. Дәулеті өскесін әр баласының алдына малын салып анау Қошақ, Шебір, Төртқұдық маңына орналастырған. Ол кезде жағалау бойы, кәзіргі Қаламқастың маңайындағы теңіз сулары тұщылау болыпты. Оның себебін ақсақалдар Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінің кәзіргідей емес, сулы болғанымен түсіндіретін. Ал жаңағы сен айтып отырған Ауыз орпа әулиесінде жатқан адамдар жарының қай тақтасынанда кездеседі. Кейде дұрыс айтылмағаннан жер, су аттарының қате жазылып кете баратыны бар. Ол үлкен қорым. Негізінде Ауыз орпа жер аты болатын. Әулиенің аты Бес шейіт еді ертеде. Олай аталатын себебі Маңғыстаудан кеткен түрікмендердің адайларға дүркін-дүркін шабуылы болып тұрды. Баяғы жер үшін ғой. Елді алты рет
шапқыншылыққа ұшыратқан. Соңғысы күні кеше кеңес өкіметі орнаған 1921 жылы болды. Хан Жөнейіт десе болды, оны бәрі де түсінеді. Тобанияздың Хорезм республикасына арнайы барып бітімгершілік жасайтыны бар еді ғой. Оның мақсаты осындай жаугершілікке тиым салу еді. Түрікмендердің алғашқы шабуылдарының бірі 1832 жылы Бозашыда отырған Сүйінқараның аулын шапқанын, көптеген адамдардың қанын төгіп, Сүйінқараның қыздары Айсалқам мен Жансалқам бастаған көп қыз-келіншекті тұтқындап алып кеткенін сендер білесіңдер. Сол ауылды шауып келе жатып осы Ауыз орпада отырған Тастемірдің баласы Балтаны екі баласымен және руы беріш бір көршісін өлтіріп кетеді. Артынан Құлбарақ батыр бастап қуғыншылар шығады. Құлбарақ бұл кезде қырықтың үстіне шыққан, құдайға құлшылық еткен, молда болып бала оқытқан кезі екен. Бірақ ел басына түскен ауыртпалықтан қашып үйде жата алмай ат жалынан тартып мініп, жау соңынан кетеді ғой. Қуғыншылар ішінде Балтаның ағасы Ақеділдің баласы Баймағанбетте бар еді. Жорықта ту ұстаған дейтін еді ақсақалдар әңгімесінде. Қырғын сайда болған соғыста Құлбарақ та, Баймағанбетте қаза табады. Баймағанбеттің денесін жаңағы тумаластарының қасына қояды. Әулиенің Бес шейіт аталатыны содан еді. Кәзір ел Бес шейіт атын жадынан шығарып Ауыз орпа деп жалпылай атайды. Жалпы бұл оқиғалар біз айтып отырған Құрымсы-Кежек оқиғасынан кейін болған.
-Рахмет ақсақал. Мұны біліп қойғанның да бөтендігі болмас. Сонда Құрымсы-Кежекке орнатылған ескерткіш бұл шапқыншылықтан бұрын болған болды. Әңгімеңізді жалғастыра беріңіз,-деді жорналшы.
Сүйгенінің сонау Хиуа жаққа кеткеніне Құрымсы ұзақ шыдамайды. Бесқалаға аттанған керуеншілермен бірге сапарға шығады. Әрине қамсыз болмайды. Қамданып барады. Өзімен бірге ұзақ жүріске шыдамды атты жетегіне алады. Содан не керек көздеген жеріне жетеді. Қызының бар ойы сонау алыста қалған Маңғыстаудағы Құрымсы екенінен секем алған әкесінің оны үнемі бақылауда ұстауына қарамастан ретін тауып босап шығады. Екі ортаның қаншама жер екені өздеріңе белгілі. Қасына ертіп жүрген қалың қолы жоқ Құрымсы тезірек ұзап кету жайын ойлап бастапқы күндері суыт жүріп отырады. Ел шетіне аяқ басқасын келдік қой деп ойлады ма, әлде астарындағы аттары болдырды ма өздерін еркін сезініп асықпай келе жатады. Осы кезде арттарынан қуғыншыларда көрінеді. Көліктерінің ендігі шабысқа шыдамайтынын білген Құрымсы Кежекті ілгері оздыртып жіберіп арттағылармен айқасқа түсіпті. Алда келе жатқан екі-үш атты ғой деп ойлаған Құрымсы олардың соңындағы көп қолды байқамаған. Ажалы сол жерде болады. Бұлдырап Түлкілі Бөкенбайдың төрткүлі, Аманқызылит, Ауызбастың таулары бірте-бірте көз алдынан алыстап бара жатады. Соңғы рет көзін салғанында Кежектің өзіне қарайлап төбе басында тұрғанын байқады.
Сүйген жігітінің қаза болғанын білген Кежек өзін-өзі мерт қылыпты. Сөйтіп қос ғашыққа туған жерге келу бақыты бұйырғанмен, бірлесе өмір сүру маңдайларына жазылмапты. Екеуі екі төбе басында қала берді.
Кежек дәулетті жердің қызы еді. Артынан өз істеріне өздері өкінген әкесі сонау Бесқаладан итініп-тартынып келіп, бармағынан бал тамған айтулы шеберді алдыртып көрерге көз керек осы ескерткішті орнатқан екен.
Шындығында да асқан дәулеттіліктің белгісі болар, Кежектің басына салынған ескерткіш таза күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Өлкеміздегі көптеген күмбез, кереге тамдардың сырты осы жердің ұлутасынан кесіліп алынып, бір-біріне сұғына кигізіледі де, арасы уақ тастармен толтырылады. Оны бір жағы опырылып, ара жігі ашылған мазарлардан көріп жүрсіңдер. Маған әңгіме айтушы үлкендер өздерінің жас кезінде оның күмбезді болғанын көргенін айтып еді. Құлашқа жуық қалыңдықтағы күмбезді мазарға қаншама тастың кеткенін кім біліпті. Әйтеуір күн жыли бере шебері бар, көмекшісі бар бір қауым ел қолға алған осы жұмысын сонау қара күзде барып аяқтапты. Сол жерден онша қашық емес Бес шейіт әулиесінің қасында арнайы тас кесіліп алынған орын әлі сақталған. Кежекке мазар салғанда оны білмеді, көрмеді деп ешкім айта алмас. Неде болса олар қызыл кірпішті қолданған.
Адам баласы істеген қатесін артынан түсініп, соңынан опық жеп жататыны бар емес пе. Уақытында ақылға жеңдірмеген ашу үстіндегі өзінің орынсыз істеген қылығыңа өкінгенмен не пайда. Болар іс болды. Дегенінен жете алмай арманда кеткен қызының алдындағы өзінің күнәсінен арылғысы келді ме, әлде кезінде бағалай алмаған екі жастың сүйіспеншілігіне көрсеткен құрметі ме, Кежектің әкесі осы мазарды салдырған. Күн сайын төбе басына шығып жападан жалғыз салынып жатқан күмбезді мазардан көз алмай отырады екен. Ешкіммен сөйлеспепті де. Көңілін аулайық деп қасына барғандар қабағынан кірбің арылмаған шалмен әңгімесі жараспай төмен түсіп кететін көрінеді. Мазар бітуге жақындағанда бұрынғыдай емес құрылысшылар қасына келіп оны-мұны айтатын болыпты. Сұңғыла шебердің қойған әрбір тасына риза болғандай басын изеп тұрады екен. Аспанмен таласқан зәулім мазар да бітіпті. Әкесі қайта-қайта ішіне үңіліп топырақ көрпені жамылып жатқан қызына қарап ;
-Кежекжан, сен өмірге келгенде неге екенін білмедім, осындағы шеберлердің бірде бірінің жасаған бесігі көңіліме ұнамай арнайы барып Бесқаладан алып едім. Еркін жатсын, жазылып өссін дегенім болар өзін үлкендеу қылып жасатқанмын. Әулетімізге келген балаларды келіндер сол бесікке жатқызуға әуес еді. Бірақ менен бата алмайтын. Өзіңе арналған дүниені өскесін өзіне силармын деуші едім. Міні құрымаған бесік әлі сол күйінде.
Бірақ дегенім болмады. Мен өз қолымды өзім кесіппін. Кінәмнің ауырлығы еңсемді көтертер емес қызым. Соңғы күшімді салып мәңгілік бесігіңді соқтырдым. Мені кешір деуге аузым барар емес. Әкеңнің соңғы ісіне риза бол қызым. Қалған ауырлығын, жазасын құдайтағала өзі бере жатар,-деген екен жасы сақалын жуып.
Құдай жолына, өлілерге арнаған садақасын тарқатып еліне қайтыпты. Әудем жерге барып артына қарапты. Аспанды бұлт торлаған екен. Күздің
жылауық жаңбыры басталыпты. Төбе басында күмбезді қызыл мазар алыстан мен мұндалап көзге шалынды.
Арада ондаған, тіпті жүздеген жылдар өтті. Қос ғашықтың басына салынған ескерткіш өткен кеткенге өз жайларынан хабар бергендей болып әлі тұр.
Дәнданайдың дауы
Түн жамылып терістікке қарай жүйткіп келе жатқан поездың төменгі қатарында жатқан Дәнданайдың көзі ілінер емес. Уақыт біраз болды. Қатарында, үстіңгі бөлігенде жайғасқан адамдар әлдеқашан ұйқыға кеткен. Әрлі-берлі сапырылысып жүрген адамдардың аяғы да сиреді. Вагон ішіндегі жарық та әлсіз, қаракөлеңке. Шағын ғана бекеттерге сәл тоқтаған поезд қайтадан бұрынғы жүрісінен таймай ішіндегі адамдарды ырғала тербетіп келеді. Көзін қанша жұмғанмен ұйқы келмеген Дәнданай түрегеліп отырды. Терезеден сыртқа көз салды. Бұрынғыдай көсіліп жатқан дала емес, қапталдаса қалып бара жатқан шоқ-шоқ ағаштарға қарап ''жақындап қалған шығармыз'' деді ішінен. Бұрын Маңғыстаудың ой-қырынан әрі шығып көрмеген адамға бара жатқан жері қайдан таныс болсын. Бірге келе жатқан адамдардан естігені ғой. Бүкіл вагонды көтеріп жіберердей болып қорылға басқан қапталындағы етжеңді әйелмен таныса келе бағыттарының бір екенін білген. Өзі әңгімешіл екен. Салдырлап басынан кешкендерін айтты. Өмірден көрген тауқыметі көп пе, әлде көңілі бос па, әйтеуір әңгімесінің арасында қорсылдап жылап та алады. Бұл бара жатқан Қостанайдың түрмесінде оның да жалғыз бауырының сартап болып жатқанына он шақты жылдан асыпты. Ойхой, дүние-ай,-дейді көзі жасаурап. Әкеміздің маңдайына біткен байлығының арқасында ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміміз артымызда шалқып өстік қой. Бетімізге жел боп тиген ешкім болған жоқ. Жиған-тергені бір ұл, бір қызға қалай шашсада жететін. Менің бой жетіп, қылтиып қыз болып көзге түсе бастаған уақытым. Шешем байғұс шүберектің тәуірін үстіме жамап, моншағы болса кеудеме тағатын. Алдымдағы әлі үйленбеген ағаммен ісім жоқ, үйге келген қонақ болса құда түсетіндей көрем. Өтіп бара жатқан жігіт көрінсе өзі қандай екен деп жабықтан сығалаймын. Бірде бетін, бірде артын көрсеткен қу дүние-ай. Көп ұзамай дүниенің астан-кестен болатынын, кешегі байлықтың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететінін қайдан білейік. Алдыма келген тамақтың ұнағанын аузыма салатын еркетотай болып өскен мен байғұс көп ұзамай-ақ бір сындырық нанға зар болып тентіреп кететінімді біліппін бе. Талтақтаған аруананың шұбатын талғап ішетін мәтөк арқасын тасқа үйкеген қотыр ешкінің желініне қарап қалды дегенді қайтіп ақылыңа сиыстырарсың. Бірақ бұл да ештеңе емес екен. Шұбат ішпесең шалап ішерсің, ол болмаса жұтқан жұтамас қара су ішерсің, елмен біргесің ғой. Алдыңдағы малыңды сыпырып алғаны аздай, бір кездегі адыра қалған байлығыңды еске түсіріп ''кедейді қанадың, жалғызды сордың'' деп әкемді соттады, ағамды итжеккенге айдады. Қай жердің топырағы
бұйырғаны белгісіз, әйтеуір бір естіміш хабардан әкеміздің өлгенін естідік. Жалғыз бауырымның қайда екенін білмей құдайыма зарлап ''аман қыла көр'' деп тіледім. Көз жасымды көргені болар, екі-үш жылдықта осы Қостанайға келіпті деп естідім. Аштан өлмес үшін етегінен ұстаған бір жаман шал бар еді. Әйтіп-бүйтіп соны көндіріп, үш-төрт қойын сатып қаржы қылып келіп кеткенмін. Енді тағы да көріп қайтайын деп жолға шыққанмын,-деп барын жайды да салды.
Дәнданай ауыз жаппай сөйлеп отырған көршісінің әңгімесін үн-түнсіз тыңдап отыр. Кімнің басынан өтпеген қасірет дейсің. Елді жарылқайды деген үкімет алдына бес-он тұяқ артық біткен адам болса түрмеге қамап, қатын- баласынан айырып жер түбіне айдаған жоқ па. ''Қайта біз шүкір екенбіз'' деді ішінен. Жоғымыздың хабары шығып соңынан іздеп келеміз. Бас сауғалап басқа жаққа үдере көшкендердің көбінің айдалада шашылып қалғандары аз ба. Аман қаламын деп жүргендерінде даланың аң-құсына жем болды ма, әлде бір жерде әлі тірі жүр ме сол кеткен адамдардың көбі белгісіз. Мына байғұс өлмес үшін бір жаман шалдың етегінен ұстадым дейді. Қайтсын енді. Айтысына қарағанда қалтасын асынып, қайта-қайта жол шығуыда сол шалдың арқасы көрінеді. Бір хабары шығар деп үмітін үзбей жүре беруге қойнынан өріп, қасынан аттанған күйеуі болмағасын шалға тимегенде қайтеді. Өлі тірісінен хабарсыз болсада ешкімнің етегін ұстамай күйеуін күткен адамдарға да оңай тиген жоқ. Соның бірі өзі емес пе. Жұрттың айтатын әңгімесіне арқау, өсегіне өзек боласың. Өсіріп айтпаса, қосып сөйлемесе бұл қазақтың көңілі көнши ме. Бойыңда намысың, қарсы тұрар жігерің болмаса онда сол өсекке көміліп қалғаның. Құрмаштан қалған жалғызды жетістірем, қатарға қосамын деп талай қиындықты басынан өткермеді ме. Өмір қиындығы ештеңе емес екен. Көптен артық емесссің. Бәрінен бұрын жаныңды жаралап, орынсыз тағылған кінәнің соққысы қиын болады екен. Қай қисық ауыздан айтылған сөзді түзетемін деп арпалысасың. Бірақ ''ит үреді, керуен көшеді'' деп жүре беруге тағы болмайды екен. Оған бойыңдағы қаныңмен бірге біткен намысың жол бермейді екен. Ойына осылар түскен Дәнданайдың қабағына кірбің кірді. Көршісі оның жүзіндегі осы өзгерістерді байқаса керек :
-Шамасы сен де күнінде болған, толған адам шығарсың. Біреудің жүзіне қарап ия өткенін, ия болашағын айтатын балгерлігім жоқ. Мен құсаған бор кемік еместігің бірден көзге ұрады. ''Еркек қырыққа дейін ақыл кірмесе қасіреттілігі, әйел қырықтан өткенше өңін жібермесе қасиеттілігі'' деген бар еді. Жасың біразға келіпті. Әлі сырың да, сының да кетпеген көрінеді. Үріп ішіп, шайқап төккен адам шығар дейін десем, сонау Маңғыстаудан ит арқасы қияндағы Қостанайға арқаланып келе жатқаның мынау. Бұл жақта жатқанның бәрі кезінде бай болған, үкіметке жақпаған адамдар. Ал күйеуі соның бірі болған сені ол жақта маңдайыңнан ешкімнің сипамасы тағы белгілі. Соның бәріне шыдап күнге күйген шүберектей оңып кетпей бәз қалпыңды сақтауыңа қарағанда әй, тегін емес шығарсың. Асылдың сынығы, текті тұқымнан шыққан боларсың,-деді.
Біреу өзіме жылы сөз айтты екен деп басынан өткен жайдың қайсысын жыр қылып жатсын. Талай мақтауды да, даттауды да көрді емес пе. Бір- бірімен атыса шабыса жаздаған екі рудың дауының себепкері өзі болғанын, әкенің қол беріп келіскен шешімін аттап өтіп өз дегенімен сүйгеніне кеткенін қайтіп айтсын. Маңдайға біткен дәулеттен кезінде өзінің де, барған жағының да құр болмағанын айтты да қойды. Әңгімені басқа жаққа бұрғысы, жанын қинаған, ұзаққа созылған жайды есіне қайта түсіргісі келмеді.
Көршісі мұның ойын түсінгендей басқа ештеңе демеді. Көңілінде қаяу жоқ, аңқылдаған адам екен. Өзінің бұрын барып жүргенінен көңіліне тоқып қалғандарын айтып, іздеп барған адамымен қайтіп жолығудың жолын сілтеді. Түрменің бастығыныңда тамағы тесік пенде екенін, қолына бірдеңе ұстатса жібитінін айтты. Онан басқа сенің жер түбінен апталап, айлап азып-тозып келгеніңді неғылсын, темір тордың арғы жағынан тілдестіреді де қайқай дейді. Барғасын ең болмағанда бір-екі күн қасында болып баяғыдан бері тұрса ойынан, ұйықтаса түсінен шықпай жүрген елдің хабарын айтып мауқын басқанға не жетсін. Осы есіңде болсын. Күйеуің сондай екен, мұндай екен деп сұстана сөйлегенінен қорқып қалып жүр ме. Бәрі өтірік. Төрт қабат тордың аржағында жүрген адамның қолынан не келеді. Абалаған иттерін соңына ертіп, қит етсе мылтығын кезейтіндерге жанынан безбесе қайдан қарсылық білдірсін. Аузына бірдеңе жалатсаң өздері дегеніңе көнеді,-деген.
Содан оны-мұны айтып отырып көп ұзамай ұйқыға кетті. Өзін боркемік, бостаумын деп отырсада өмір көп нәрсеге үйреткен сияқты. Колхоздың шөбіне де, қойына да салатын жаман қосбағындай көнбісті адам болса керек, мөшегін жастанып бірден қорылға басты.
Тағы да кішкене бекетке тоқтайтынын білдіріп аңырай боздаған поезд жүрісін бәсеңдетіп барып тоқтады. Көп ұзамады, қайта қозғалды. Жол жиегінде шамы әлсіз жылтыраған бір үй тұр. Есік алдындағы қолына фонарын ұстаған кезекші жүруге белгі жасады. Қасынан өтіп бара жатып көзі түскен Дәнданай олардың бір плашты жамылып тұрған екі адам екенін байқады. Шамасы жастар болса керек өтіп бара жатқан поезға күле қарап қалып барады. Бақытты жандар ғой,-деді ішінен. Үйі де, жұмысы да осында. Бір-бірінің қолтығынан сүйеп ажырамай бірге жүргенге не жетсін. Күн сайын олардың алдынан әрлі-берлі қаншама поезд өтпейді дейсің. Ішінде отырған әр адамның әр түрлі тағдыр жетегінде бара жатқандарынан олар бейхабар. Жастардың ың-шыңсыз, бір бұрышта бұйыға тірлік қылып жатқандарына қызыққандай да болды. Түн қараңғысына сіңіп өзінің үйреншікті дүрсіліне басқан поезд ішінде тербетіліп келеді. Елден шыққалы да біраз күн өтті. Уақыт деген қандай жылдам. Іздеп келе жатқан Құрмашты көрмегелі де жиырма жылдай болыпты. Осы сапарға аттанарда онысын құптағандар да, бұрын барып көрмеген жеріне тәуекел еткеніне ризашылығын бермегендер де болды. ''Қой шырағым'',-деген соңғылары. Басыңа бейнет тілеп не қыласың. Тірі болып босап жатса өзі келер. Жұрт біліп айта ма, әлде ажалы жеткен көп әңгіменің бірі ме, оны аяқ үстіне шығыпты дейді ғой. Тіпті біреулері көзімен көріп, қолымен қосқандай оны сол жақта үйлендіріп те
қойды. Жындының айтқаны келмейді, сандалағаны келеді деген бар емес пе. Өліп талып барғаныңда алдыңнан бір мәтірөшке есік ашып тұрса қайтесің. Баяғыдан бері күткенің, сол үшін көрген қиындығыңның қайтарымы сол болмақ па. Балаң болса ержетті. Енді сені алар жау жоқ. Қайғысыз қара суға семіреді деген бар. Онанда құдайдың басқа салғанын көріп үйіңде тыныш отырмайсың ба,-деген.
Бірақ Дәндан ғаларды қозғайды. Ер азамат елде жоқта ауылға тиіп, бұралып бой жетіп оң жақта отырған талай сұлуды шашынан сүйреп өңгеріп кеткен жәуміттердің жауыздығын тыңдап отырған үлкен -кіші күрсініп, әйелдер жаулығының ұшымен көзін сүртіп отырғандары. Бірақ Адайдың азаматтары бойында намысы, қолында қаруы тұрғанда жауға есесін жіберіп көріп пе еді. Азғантай болсада жүздеген жаудың соңынан тайсалмай шауып сыңсып бара жатқан апа-қарындастарын құтқарып алады. Сол шайқастың ішінде жүргендей теңселе отырған жыршының даусы өзін қоршап отырған, орын тимей үй сыртында отырғандарды баурап алады.
... Бұл хабарды есітіп,
Қуып шыққан қырық жігіт, Қойсуы мен Қамаудан, Алпыс екі тараудан.
Дүние өтті талайдан,
Көп өтіп дәурен азайған, Тоғыз ауыл шабылды, Толықсып жүрген Адайдан. Қатын-бала, қара орман Еріксіз кетіп барады
Жау қолында қарайған..
...Бурабайқұдық шыңырау Ноғайлының қазған құдығы Сол жәуміттің қашқан жер, Ақыл бір таппай сасқан жер, Жауды қара басқан жер,
Ер шайқының атқан жер, Екі жүз елу жәуміттің Қатарынан жатқан жер, Еснияз батыр ішінде Адайдан төрт ақсұңқар Бір шәйттік тапқан жер. Сол кісінің ішінде Ықылас пен Төленді
Қабыл батыр сол өлді... дегенде шейіт болған батырлардың ерлігіне риза болып ''О, дүние-ай'' деп күрсінген шешесі қасында отырған Дәнданайды бауырына қысады. Әр кімнің көз құртына айнала бастаған қызын сондай қасіреттен сақтай гөр деп ішінен тілейтін. Бой жеткен қыз елі үшін ештеңеден тайсалмай қаза тапқан батыр Қабылдың өзінің атасы екенін
мақтаныш тұтатын. Жыршы іші боқ, сырты түк малын ғана біліп, ел намысы дегенді сезінбеген қорқақтар туралы айтқанда қаралай жиіркеніп, сол қырғынның ішінде өзінің болмағанына өкінетін еді.
Кімнің сондай атақты адамдармен ілік-шатыс болғысы келмейді. Келушілерде көбейген. Көп ұзамады. Әуелден аралас-құралас отырған, бұрыннан да құда-жекжаттығы бар Қамысбай руының ақсақалдары келіп, қол байласып кетті. Болашақ жарының қандай екенін көрген Дәнданай жоқ. Онымен ешкімнің ақылдаспағаны сірә белгілі. Шаруасы бітіп, көңілі жайланған құдалардың ішіндегі үлкені қарқылдай күліп өзін шығарып салып тұрған әкесіне;
-Көп рахмет Жөке, сөзімізді жерге тастамадың. Сөйтетініңді біліп те келіп едім. Қабыл батырдың тұяғы, асылдың сынығы екеніңді көрсеттің. Бұл Көрпе ағайындармен, соның ішінде Аралбай аулымен құда болғанымыздың өзі мәртебе ғой. Сөзіміз сөз. Хабарласып тұрармыз. Малға кендешілігіңнің жоқтығы белгілі. Сонда да әріден келе жатқан жөн-жоралғысы ғой көп ұзамай қалың малыңды айдатып та жіберерміз. Ал қош,-дегенін үйде отырып естіген. Неге екенін білмеді, артынан қонақтар кеткесін өздерінің шешімін айтқан әке-шешесіне де, оң болсын айтқан құрбыларына да ештеңе демеді. Көңілінде өмірінде көрмеген Сәркенге деген жылылықтың жоқ екенін өзі ғана біліп, өзі сезген еді.
Бірақ әкесі Жолымбай кенеттен тап болған аурудан көтеріле алмай ұзақ жатты. Тірі әруақ сияқты салдырлап сүйегі ғана қалды. Қол жетер жерлердегі тәуіптерді алдыртып қаратқанмен бәрібір, беті бері қарамады. Жан-жақта ағайын туыс көп болғанымен үйдегі бас көтерері Дәнданай болатын. Інісі жас. Соған бола ма, әлде өр мінезді қызына сенім артты ма, әкесі үзілер сәтінде қызының қолын тас қылып ұстап бұл есімей қалатын адамша өзіне тартып;
-Ана тентекке қайда жүрсеңде бас-көз бол,-дегенді үзіп-үзіп зорға айтты.
Дәнданай әке сөзін аманат деп түсінді. Әлі жастау інісі ержеткенше қасында болғысы келген. Қайта-қайта адамын жіберіп дігірлеген құдаларға қолынан келген сылтауын айтумен болды. Әуелі әкемнің жылы өтсін деді. Содан кейін тұяқсыз қалған ештеңесі жоқ, ертең орны жоғалап кетер, басын қарайтамыз деді.
Сөйтіп жүргенде осы Құрмашқа тап болды. Орта бойлы жұқалтаң жігіт екен. Бірден көңіліне ұнады. Оң солын айыра алмайтын албырт шағы емес, жиырманың үстіне шыққан кезі. Ауылға сылтауратып жиі келеді. Ішіндегі бар сырларын түгел ақтармағанмен екеуіде бір-бірін жақын тұтып келе жатқандарын сезді. Қанша дегенмен көп көзіне түсе берудің түбі жақсылыққа апармайтыны белгілі. Сондықтан жасырын кездесетін. Дәнданай өзі туралы елдің құлақтанып бетіне айтылмасада әңгіменің тарай бастағанын білді. Тік мінезді қыздың тура айтатынынан көбі тайсақтайтын. Бір күні болмаса бір күні осы әңгіменің айтылатынын да, басы байлаулы қыздың бұл жүрісін ағайын туғанның кешірмейтінін де сезетін. Ондай жағдай бола қойса
қолынан келгенінше қарсы тұруға да бекінген еді. Бірақ ''Кезінде әкеңнің қол беріп, баталасқан уәдесі қайда, әлде көзі жұмылғасын оны ұмыттың ба. Осы ісіңе оның әруағы риза болады деп ойлайсың ба'' десе не айтам деп тағы қиналатын. Өткенде құдалар адамдарын тағы да жіберіпті. Неге келгені белгілі. Төрде отырған елші алдына келген күрең шәйді сыздықтата ішіп келген шаруасын айтты.
-Кезінде айтылған сөзіміз, келісілген уақытымыз бар еді. Сол күнге жетсек дедік, екі жастың қызығын екі рулы ел болып тойлайық дедік. Бірақ арманға ажал күле қарайды деген рас екен. Екі ортада құдамыз Жолымбай қаза болды. Оған тірі пенденің қолынан келетін шарасы бар ма. Құдай өзі береді, керек кезінде өзі алады. Кәзір сайрап отырғанмен қай күні жасағанның қаһарына ілінетінімізді өзімізде білмейміз. Артын күттік. Бәрін түсінеміз. Қайғымен қан жұтып отырған адамдарға өмірден өткен Жолымбайдың топырағы ұшпай жатып жесірімізді әкел дей алмадық. Басын қарайтамыз дедіңдер. Е, оның да бөтендігі жоқ, өлінің тіріден көрер бар рахаты артында берілер садақасы мен басына қойылар белгі ғой дедік. Одан беріде біраз уақыт болды. Енді кідіретін, тағы да созбалайтын ештеңе қалмаған сияқты. Жолымбайдың да аруағы риза болсын. Тойымызды өткізіп екі жастың басын қосайық,-деп сөзді өзі түйіндеді.
Дәнданай Құрмашқа осыны айтты. Неде болса нартәуекел деп қол ұстасып кете беруге оларды кідірткен тағы бір жай болды. Ол Құрмаштың да Қамысбай руынан болғандығы еді. Бір рудың екі тайпасынан болғанымен араласып отырған ағайындардың арасына біле тұра шоқ салудың оңай еместігі белгілі. Қай жағыда ''Е, солай болған екен, ештеңе етпес'' деп басын шұлғи салмасы анық. Енді қайтпек. Бірақ арада болған бір оқиға екі ойлы болып жүрген оларға тәуекелге баруға мәжбүр етті.
Созғылай берсе Дәнданай мен Құрмаштың арасындағы жайдың қай жаққада жақсылық әкелмесі белгілі. Сондықтан ауыл ақсақалдары осы күзем жүн алысымен-ақ оны құтты орнына қондырып, мына өршіп тұрған өсекті сөндіргісі келді. ''Абырой деген қырыққан тоқтымен бірдей. Бір сәтте еңсемізді көтере алмай шер шұқып қалмайық. Қыздан айрылсақ Нияз аулының әпербақан жігіттеріне таптырмайтын сылтау. Әуелден қайда тегін төбелес бар екен деп іздеп жүретіндер сойылын сүйретіп мұнда шабар. Ал Көрпе аулында да ақ-қарасын ашып алайықшы, сабыр сақтайықшы дейтіндер шамалы. Ішіме ана ауылдың бақаны тиді деп атқа қонар. Сөйтіп тыныш отырған екі ел бүлінер. Көзі қанталап дойырын сығымдаған қай тентек ''Әй қарағым, қой'' дегенді тыңдар. Сондықтан қызға сақ болың,-деген.
Осы әңгімеден соң көп ұзамай-ақ Дәнданайға келген Құрмаш оны күтіп ауыл сыртында төбе астында жатады. Барлық жайды өткенде естігенмен көңілінде бөтен ой жоқ, жан-жағына көз тастап қояды. Сонадай жерде ойнап жүр ме, әлде қозы қайырып жүр ме, белгісіз екі-үш баланы көреді. Оларда көп ұзамайды, көрінбей кетеді. Кенет өзіне қарата шауып келе жатқан төрт- бес аттыны байқайды. Орнынан тұрып үлгергенше жетеді де, амандық саулық жоқ түйгіштеп алдына салып ауылға алып келіпті. Бәрі де жау
қайтарғандай едірең-едірең етіп үнсіз тұрған Құрмашқа тап-тап береді. Жұрт естісін, соның ішінде Дәнданай естісін дей ме дауыстары көтеріңкі. Осы кезде үйлерінен шығып төрт-бес ауылдың ақсақалдары келді. Бәріде елдің шырқын бұзып жүрген тентекті көрейік дегендей Құрмашқа қарады. Қысылатын ол көрінбейді. Еркіне салса қамшының астына алғысы келіп тұрған Көрпенің жігіттеріне тайсалмай қарайды. Бірақ ақылсыз көрінбеді. Қасына келген ақсақалдарға сәлемін берді.
-Ал шырағым бұл не жүріс,-деді ортада тұрған біреуі.
-Ақсақал соны өзімде түсінбей тұрмын,-деді Құрмаш. Құдайдың жері кең, сол кең жерге шашырай орналасқан адамдардың жоғын іздеп, шаруасы шығып жатса бір-біріне қатынасатыны әуелден бар емес пе. Өрісімізді еншілеп, құдығымызды меншіктеп ру-ру болып отырғанымызды біз білсекте, ұзын аяқты мал білмейтін шығар. Оты мол жерді іздемей ме. Жоқ малымды іздеп таңертең шыққанмын. Содан атымның белін босатайын, өзімде демалайын деп айдалада жатқанымда мына тентектерің әй-шәйға қаратпай осында әкелді. Өрістегі түйені, ия үйірінен бөліп жылқы қуғаным жоқ. Жігіттерің шамасы түн жамыла атқа қонатын ұры мен бейсауыт жүрген жолаушыны айыра алмайды-ау,-деді.
-Па, шіркін, оттайды екен. Нағыз суайттың өзі ғой мынау,-деді қасында тұрған жігіттердің бірі. Ау, қарағым демалғың келсе осы ауыл тиіп тұрған жоқ па. Жөніңді айтсаң қай үй саған бір шәйнек қара суын бермейді. Сенің жоғың белгілі. Ол мына бәрімізді әуре сарсаңға салып қойған Дәнданай. Төбе астынан бұғып сен келмесең, жабықтан сығалап ол тұрмаса бәрімізде тыныш болар едік,-деп бар ауыртпалық өзіне түскендей тоқтар емес.
Манадан бері үн-түнсіз екі жақтың әңгімесін тыңдап тұрған ұзын бойлы, аққұба кісі сөзге араласты. Бұл осы ауылдың силы ақсақалы Жұмағазы болатын.
-Ал бұл бала Дәнданайға келді делік. Сонда оның жазасы не болмақ,- деп әлгі жігітке қарады.
-Жұмеке, оның жазасы ия ат көтіне сүйретіп жіберу, ия жонынан таспа тілу. Екінші жоламайтындай болсын. Маған салса үрпіне ши жүгіртседе бөтендігі жоқ. Сонда көрер едім,-деді кіжініп.
-Ойдойт дерсің,-деді Жұмағазы. Аузыңнан шыққан сөз ақылыңның шарықтаған жері ғой шырағым. Көзімізді жұмып сен айтқандай жазалай салатын артының сұрауы жоқ па еді мұның. Қой қарағым. Жоқ жерден шатақ шығарма. Жастық желік кімнің басында болмады дейсің. Атын алдыртып, аулына қайтарың. Замандарың бір адамдарсыңдар, ертең-ақ бір-біріңді көресіңдер. Мырзалықтарың жетіп жатса өзің айтқан бір шәйнек суларыңды ұсының. Ақылсыз емес шығар. Осыдан көп нәрсені көкейіне түйер. Елдің бағытын түсінген шығар,-деді.
Ия, Құрмаш түсінді. Енді жұрт көзінен тасаланып Дәнданайға жолығудың мүмкін еместігі белгілі болды. Айтқан өтірігіне біреу сенді, біреу сенбеді. Ашуды ақылға жеңдіріп, тентекке тежеу берген ақсақалдардың арқасында ғана ештеңеге ұрынбай аман кетті. Үнемі солай бола бермес.
Қыздан секем алған ауылдың оны көзінен енді таса қылмасы анық. Бірақ қай жақты да бір-біріне ала көз қылмай бұл жүрісті тоқтату күші енді екеуінде де жоқ еді. Күзем жүннің алды басталды. Алынып болысымен-ақ өткендегі уәделі тойға кірісетіні белгілі. Осы кезден-ақ алыстағы ағайындарға хабарланып жатыр.
Құрмаш көп ойланды. Ақыры өзін бақылаушылардың босаңсыған кезін пайдалынып үйден сытылып шыққан Дәнданайды алды да кетті.
Манаштың ауылы келінді түсіргенмен артының жайлы болмасын сезді. Біреудің қалың малы төленіп, айттырулы адамын баласының алып келіп отырғаны мынау. Күні ертең-ақ Нияз аулынан шапқыншы келетіні және салмақ сала келетіні белгілі. «Апыр-ай»,-деп қиналды Манаш. Бұл елдің басынан талай-талай шапқыншылық та, жерге, суға бола өрбіген дау да, намысқа салып жесірін іздегендердің қақтығыстары да өтіп еді. Сырттан келген жау болса кеудесін төсеп қарсы тұрды. Ел ішіндегі алды артын ойламас тентектердің қолынан өрбіген дау болса араға ақсақал қарасақалдары кірісіп басу айтты, қате тиген соққыдан басы жарылып, көзін шығарғандары, тіпті қаза болғандары болса сөзге келмей құнын төледі. Сөйтіп бәрі де басылатын. Даланың заңы ғой. Бәрі де соған бағынатын еді. Ал енді Құрмаштың мына ісі тіпті қиынға соғатын реті бар. Ертеңгі айтысатының да, айтқанға түсінбей қару ала жүгірсе шабысатының да өз ағайның болмақ. Құдай оның бетін әрмен қылсын, түбі бір кісіден тараған қандас ағайынның бір-біріне қару сілтеп, қазанын төңкеріп жатқанын білсе ата-бабаның аруағы да кешірмейтін болар. Енді не істеу керек. Айтса да, атысам десе де олардыкі жөн. Бәлесінен аулақ деп табалдырығыңды аттаған келініңді тағы жетектетіп жібере алмайсың. Олай істеуге балаң келісе ме. Ешкімнің айтқанын тыңдамай алып келген сүйгенінің артынан шаппай ма. Жалғыз кетпейтіні сірә белгілі. Бұл ауылда да оны қостайтындар жетерлік. Бәрібір бас жарылып, қол сынатыны анық. Анда барсаң арба сынады, мында келсең өгіз өледі деген осы болды. Қамсыз болмайық. Үлкендермен ақылдасып қалай болғанда да ел ішінің бүлінбеу жағын қарастырайық,-деп ойлаған Манаш ауылдағы ақсақалдарды жинауға тапсырма берді.
Бірақ бұлар күткендей Нияз аулынан шапқыншы келе қоймады. Бір-екі күн өтті, әлі тым-тырыс. Жан-жаққа құлағын түріп жүргендер де, мал соңындағылар да бейсауыт жүрісті байқамапты. Манаш бәрін түсінді. Ол жақтада айтыс-тартыстың болып жатқанын, қолына дойырын алып, сойылын сүйретіп елеуреген көп тентектің жолында ақсақалдардың кедергі болып отырғанын ұқты. Бойын ашу қысып, қаны қарайған адамдарды ұстап тұрудың оңай емес екенін біліп отыр. Сәл босаңсыса болды тасқын селдей лап ете түсерін, онда оларды тоқтату, ақылға салу мүмкін еместігін білді.
«Күшті болсаң менікін кесіп ал» деген адамша өздерінің жатып алғанының бір қатерге апаратынын алдын-ала болжаған Манаш, қасына үлкендерін ертіп Нияз аулына бару керек деп келісті. Өздерінің шешімін Көрпе аулына да жіберді.
-Ақсақалдарына дұрыстап жеткіз,-деді хабаршы жігітке. Кінә қай жағымызда да бар. Көрпелер қыздарына ие бола алмады. Кезінде Жолымбай марқұмның Нияз аулына берген уәдесі, қолын жайып баталасқан сөзі далада қалды. Ол тірі жүрсе ел арасын шабыстыруға апарайын деп тұрған мына дау болмас еді. Әлде Көрпе аулында Жолымбай кеткесін аузында дауа, сөзінде пәтуа бар ешкім қалмады ма. Біреудің тұнығын лайлаған баламызды да, өзімізді де ақпыз деп отырған жоқпыз. Түбі бір адамның кіндігінен тараған Қамысбай едік. Болар іс болды. Бауырымыздан өрбіген бала үшін қай жағымызда күйеміз. Шырылдатып отқа сала алмайтынымыз, ия көзіне қан толған тентектің сүйретіп алып бара жатқанын сыртынан қызықтап тұра алмаймыз. Құлап бара жатқан балапанының астына қанатын төсейтін торғай құрлы жоқпыз ба. Бірақ ел іші бүлінбесін. Бұл Адайдың қай уақыттада арқа- жарқа демалғаны, емін еркін көз шырымын алғаны шамалы еді. Сырттан келген жау болса амал жоқ. Ішіміздегі дауды тоқтатайық. Басымызды иіп, бірге барып бір келісімге келейік,-деді.
Обалы не керек, оларда сөзге келмей баратын бағытымыз бір ғой, жолда кездесерміз депті. Содан өздерін кінәлі санаған жақ түске таман Нияздікіне жетті. Жақындай бере байқағандары ауыл үсті қара-құрым адамға, қаңтарулы тұрған көліктерге толы екені болды. Далада жүрген біреулер хабар берсе керек, біраз адам сыртқа шықты. Бірақ сол қозғалмаған қалпы тұра берді. Аттарынан түсіп өздеріне бағыттаған он шақты адамның алдындағы Манаш пен Жұмағазыны әуелден танитындары олардың қатесін мойындап, бітімгершілікке келе жатқандарын айтпай-ақ түсінді. Алдарынан шыққан біреуі ауылдың үлкендері отырған үйге бастады. Топтасып тұрған, тістене қарағандардың арасымен келеді. Үзілуге айналған домбыраның шегіндей тек тұрғандары белгілі. Қате басып, артық сөйлесең болды ернегіне жеткен ашу-ыза ақтарылуға дайын тұр. Бұлар өздерінің дәл уақытында келгенін білді. Егер бітіп болмас ақылшының сөзін тыңдап жата бергенде мұндағы үлкендердің де шаршап, қолын бір сілтейтіні анық еді.
Амандық саулық алысып та жарытпады. Жарылардай болып отырған Нияз сөзді алдымен бастады.
-Ағайын,-деді. Басымызға іс түссе бір-біріміздің қолтығымыздан сүйеп, демеуші болушы едік. Қорғаным бардай көретінмін. Басқа жақтан қауіп күтсемде сендер бетім ашық болатын. Бір атадан тарайтын ағайындарым отырғанда неден сескенем деуші едім. Титтейде бөтен ойым болсайшы сірә. Көзімді бақырайтып қойып істеген мыналарыңды көргенде құдайыме ренжиін бе, әлде бармағымды шайнаймын ба өзімде білмей отырмын. Егер бұл бөтен біреудің қолынан жасалған болса, сол бойда-ақ қиналмастан атқа қонып, ана үй алдында елеуреп тұрғанғандарға қолдарыңнан келгенін істең дер едім. Бірақ бұл жолы олай істей алмадым. Екі күн болды тәк-тәкпен зорға ұстап отырмыз мына елді. Бойын намыс буған адамға ешнәрсе кедергі бола алмайды. Бұл не, басыну ма, әлде Нияз аулына осы лайық деген ой ма. Бұған ағайным Қамысбай сен не дейсің, күні кеше құйрық-бауырды бөле жеген Көрпе сен не айтасың,-деді түнеріп.
Үй ішінде тыныштық орнады. Жағалай отырғандар бұлар не айтар екен дегендей төрдегілерге қарады. Есік алдында, үй сыртында тұрғандар да осылардың аузынан шығар әңгімеге құлақ түріп тұрғандары белгілі. Манаш пен Жұмағазы кезектесіп әңгімесін бастады.
-Нәке,-деді Манаш. Алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген бар еді. Жердің үстімен келді деген атағымыз болмаса бізде сіздерге қарсы айтатын сөз, елге тура қарайтын бетіміз жоқ. Сонау атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрді бұзып, біреудің қалың малы төлеулі, басы байлаулы жесірін жол ортада ұрлап алған болсақ біздің сөзімізде не пәтуа болмақ. Адам алдында да, құдайшылыққа салғанда да кінәлі екеніміз анық. Сол кінәмізді мойындап алдыңа келіп отырмыз. Тентекке жел берсе алды –артына қарамас. Қолына түскенін, көзіне көрінгенін бүлдірер. Сенің соны ақылға салып отырғаныңды да білдік. Ел ішіндегі бірлікке, тыныштыққа жетер ешнәрсе жоқ. Не айтсаңда, қандай талап қойсаңда орындайық,-деп қасындағы Жұмағазыға қарады.
-Манаш екеуміздің де ойымыздағыны айтты. Ол өзінің кінәлі екеніне бір өкінсе, мен екі өкініп отырмын. Оның ең ауыры Жолымбай марқұмның көзі тірісінде саған берген уәдесінің орындалмауы, біздің аға аманатына қиянат жасағанымыз еді. Басымызға қауқитып бөрік кигеніміз болмаса кәзір біздің сөзіміздің салмағы болмай тұр. Қарап жүрмей тыныш жатқан аруақты қозғадық. Әлдеқашан пәктеніп о дүниеде жатқан адамның сыртынан сөз айтып отырмыз. Ендеше оның осы дауға риза болып орнынан аунап түсіп жатпағаны белгілі. Жанымызға батып отырғаны да сол. Өлімізде, тірімізде риза болайық десек сенің намысыңа тиген, бізді жерге қаратқан мына дауды бірлесіп шешейік. Қанша қиын болсада келіп тұрған ашуды кідіртіп, ақылға жол берейік. Бұл түптеп келгенде кәзір жер басып жүрген тірілеріміз ғана үшін емес, кейінгі ұрпақтарымыз үшін де қажет. Бір кездегі шалдарымыз сөйткен екен, ана ауылда өшіміз кетіпті, мына ауылдан қарымтамыз қайтпапты деп бір-біріне ала көз болмауы үшін керек. Өз руына айтылған сөзге намыстанбайтын қазақ жоқ. Бүгінгі дауға ақсақалдың әңгімесін, ел риза болатын шешімін айта алмасақ онда артымызда жалғасын табар ұрпақтарымыздың қарғысына қаламыз. Біліп істеген, білмей істеген қай ісінің де басында біз тұрамыз. Біреудің туырлығын сыпырып, аулына ат ойнатқаннан кектің қайтпасы белгілі. Ат тұяғының астында қашанда қасірет қалады.
Кінәмізді мойындаймыз. Сені де, ана сыртта тұрған жігіттеріңді де атқа мінуге итермелеген Көрпе аулына айдалып барған қалың мал, ия Манаштың баласының етегінен ұстаған біздің қызымыз емес екенін де білеміз. Қол аяғы бүтін жігітке маңдайынан шертіп жүріп қай қызды да алып беру қолыңнан келетінін бүкіл адай айтпаса да біледі. Аяқ асты болған намыстарыңды қорғау үшін, кез-келгенге бастарыңды шұлғи бермейтін өрліктеріңнің қозғағаны белгілі. Біріміз қызымызға ие болмағанымыз үшін, екіншіміз жол ортадағы ұрлығымыз үшін ғана емес, оған қосымша намыстарыңды да қоздырып, тыныш жатқандарыңда ауылдарыңды бүрліктіргеніміз үшін де
кінәліміз. Сол күнәнің өтеуі болсын, Көрпеге берген қалыңмалыңа қоса Манаш сондай малды үстемелеп қоссын. Осымен бітімге келейік. Ел арасы бүлінбесін,-деді.
Манағыдай емес үйдегілерде, сырттағыларда ешнәрсеге келіспейтіндей көрінген райларынан қайтқандай. Ағайынның бірлігі туралы айтылған әңгіме көкейлеріне қонған сияқты. Бір-бірімен мал соңында, құдық басында кездесіп жүретіндер болып кете жаздаған мына қырғыннан құдайдың сақтағанына риза болғандай Жұмағазының сөзін қостап «әп бәрекелді»,»дұрыс қой» деп қостап қояды. Манағы қамшысын білемдеп, сойылын қапталына қыстырып едіреңдеп тұрғандар ат үстінен түсіп, жайбарақат молдасын құрып отыр.
Осы кезде ауылға жақындап қалған екі атты көрінді. Бірі әйел адам сияқты. Ешқайда бұрылмай туралап келеді. Кенет қарап отырғандар өз көздеріне өздері сенбеді. Дәнданай. Анадай жердегі қаңтарулы тұрған көп аттың қасына келіп көліктерінен түсті. Кең етекті ақ көйлектің сыртынан зерлі қызыл камзол киіпті. Жұқа ақ жібек орамалды маңдайына түсіре тартқан. Аяғында шоңқайма етік. Бұрыннанда ажарлы адамға бәрі де жарасып тұр.
Бірден үлкендер отырған үйге беттеді. Іштегі әңгімеге құлақ түріп есік алдында отырғандардың қасына келіп кідірді. Босағаға сүйеніп тұрған жігіт өзіне тура қараған Дәнданайдың көз жанарына шыдамағандай кейін шегініп жол берді.
Үйге кіре бере үлкендерге иіліп сәлем етті. Әңгіме тізгіне өзіне тиіп сөзін бастай берген Нияз кіріп келген Дәнданайды көріп қалт кідірді. Ойынан шатасып қалғандай «бұл не» дегендей жан-жағына қарады. Әңгіме үстіне, әлі ақ-қарасы шешіліп болмаған даудың үстіне екі рулы елдің сол ренішіне себепкер адамның өзі келеді деп ешкімде ойламаған еді. Бәрі де тым-тырыс. Тек сақалын тарамдап не істерін білмей сасқалақтаған Манаштың «апырмай қарағым-ай, апырмай қарағым-ай» деп бір сөзді қайталай берген даусы ғана шықты. Бірте-бірте иіліп, жөнге келе бастаған бітімгершілік үстіне біреу қайта май құйып жібергендей, сөнуге айналған оттың қайтадан енді ешкімге күш бермей лап ете түсетінінен қорыққан адамша, араша түсер біреуді іздегендей жан-жағына қарады.
-Аталар,-деді Дәнданай. Ертеден келе жатқан қағиданы бұзып үстеріңе баса көктеп кіргеніме кешірім өтінемін. Ел ішінде болып жататын дауға, ия біреудің қыл үстіндегі тағдыры шешілер қиын мәселеге шашы ұзын, ақылы қысқа әйелдің ортаға шығып, жөн сілтегенін көрген де жоқ шығарсыңдар. Ақсақалдың сөзіне әйел араласпақ түгілі, алдынан кесіп өткен ақ жаулықтыны көрмеген сендерге менің мына жүрісім не айтсада жарасатын, білігі жоқ, түйгені аз адамның ғана қолынан шығар іс болып көрінген болар. Қаншама қиын болсада осы жерге тәуекел деп ешкімнің рұқсатынсыз келіп тұрмын. Күні кеше біреудің табалдырығын аттап, өзінің соңынан екі рулы елді қырылыстырар үлкен дауды ілестіре келген менің кәзір қай жаққада қадірім артып тұр деп айта алмаймын. Жан-жағымнан қараған көздерден
жаңа түскен келінге деген жылылықты емес, «осының кесірінен сорлап қалмаймыз ба» деген салқындықты байқаймын. Жаңа түскен келін сызылып шәйін құйып, бетін көлегейлеп үлкенін төрге оздырса, мен бетімді ашып, әр рудың ақсақалдары алдына шақырусыз өзім келіп тұрмын. Осы жерге дейін қолтығымнан сүйеп келген бір ғана жақтасым бар. Ол Қабыл атамның аруағы, соның рухы.
Бұл келгенде жиналған ел басымдағы жайды өз аузымнан естісінші деп келдім. Біреуді таба қылып, біреудің мәртебесін көтерейін деген пиғылдан аулақ болғанымды көрсетейін деп келдім. Әкемнің кезінде осы ауылмен құда боламын деп қол беріп анттасқаны да рас. Онысын білмедім, естімедім деп жатқан аруақты қозғап, құдай алдында күпір бола алмаймын. Өз шешімін айтқан. Сол бойда қарсы сөйлеп, қарсы пікір білдірмедім. Бірақ көңіліме ұнаған жігітке ғана тұрмысқа шығам деген сөзімді өткізетініме сенімді едім. Көп ұзамай ұзақ ауруға шалдыққаны көпке мәлім. Төсек үстінде жатқан адамның жанын қинай алмадым. Ол өмірден өтті. Көзі тірі болса мына даудың болмасы анық еді. Ауылдың өзге ақсақалдарына Қамысбай аулына барып араға реніш салмай бас бостандығымды алып берің деп айта алмадым. Айтқан күнде де менің жайымды әкемдей сезініп, әкемдей түсінетін, қол ұшын беретін адам табылмайтыны белгілі еді. Басы кеткесін сөйтеді ғой, үйіндегі ана қатын не бітіріп отыр екен деп шешемді қаралайтынын білдім. Амал жоқ осы шешімге келіп Құрмашпен қол ұстасып кетіп едім. Көңілімнің құлай сүйгені болмаса оны Сәркеннен артық еді, тауы биік еді деп айта алмаймын. Бұл әулеттіңде байлығының ешкімнен кем емес, босағасының берік екенін, ергенегінің қанша заман өтседе әлі қажалмай келе жатқанын білемін. Келін боп түсіп оң аяғыммен аттамасамда бұл шаңыраққа даулы босаға бола көрмеші деп тілеймін. Айтпағым осы еді аталар. Атам Қабыл еліне орынсыз тиген, айрандай ұйыған бірлігіне қол салған жауларымен арпалысып өтіп еді. Тұқымның азғаны ғой, оның немересі елді бітістірмес дауға салды демең. Қатты сөздеріңді, ауыр сындарыңды мен көтерейін. Ел арасы бірліктеріңнен айрылмаңдаршы,-деп тағы да сәлем етіп, шегіншектеп шығып кетті.
Жұрт сілтідей тынып отырып қалды. Мына тыныштықты ешкімнің де бұзғысы келмегендей. Адамдардың бей-жай өміріне қызыққандай, олардың мұңсыз тірлігіне қуанғандай аспанда бозторғай ғана шырылдайды. Орамалы желбіреп бірте-бірте ауылдан ұзап бара жатқан Дәнданайдың соңынан қарап тұрған көптің ішінде Сәркенде бар еді. Жүзінде баяғы қатулықтың, қалыңдығынан айрылып жігері құм болып намыстан жарылардай болғанның ізі де қалмапты. Кез-келгеннің қолынан келе бермейтін Дәнданайдың батылдығына, Адай қызына тән ерлігіне, өрлігіне риза болғандай сезімде тұр. Бір кезде манағы тыныштықты бұзып «айналайын-ай, сөйтпесең
Қабылдың тұяғы болар ма едің» деген Нияздың даусы шықты. Қарсы алдында отырған бітімшілерге қарап отырды да;
-Келінің құтты болсын Манаш, ұзағынан сүйіндіргей,-деді.
Екі оттың ортасында қалғандай болып отырған Манаш орнынан сүріне- қабына тұрып, қос қолын соза Ниязға жетуге асықты.
-Рахмет Нәке, айтқаның келсін. Келін Қамысбай руына ортақ. Қуаныш, қызығын бірге көрейік,-деді абдырап.
Қалың елдің арқасынан жүк түскендей бәрі де бір-біріне оң болсын айтып, қол алысып жатты. Қарқылдай, сыңғырлай күлген дауыстар естілді. Қате басып сүріне жаздаған қауіптен сақтап қалған ата-баба аруағына бағышталып күңірене құран оқылды. Есік алдында бірлік жолына, той бастамасына арналған ақсарбас қошқар шалынып жатты.
«Ойхой, дүние-ай, бәрі де күні кеше сияқты еді »,-деп ойлады Дәнданай анда-санда түн тыныштығын бұза боздап келе жатқан поезд ішінде тербеле отырып. Ағайындар татуласты. Бір-біріне қару ала шабыса жаздаған үлкен дау басылып, бұрынғы тірліктеріне көшті. Бірақ Құрмаш екеуінің арасындағы осы бір оқиға талай адамға әңгіме болды. Артынан жылдар өтседе біреулер баяғы даудың басы-қасында болғандай кейбір жерлерін өсіре жыр қылып айтып отыратын. Тіпті жаңа түскен келіндері «Жеңеше сол кезде қызыл өңеш болып айтысып, бір-біріне қамшысын білемдеп отырған көп алдына жүрегің дауалап қалай бардың» деп өтіп кеткен жайдан әңгіме айтқанын өтінетін. Дәнданай көзінен ұшқын ата, қиыла сұрап отырған жас келіншектің жүрегінің бір түкпірінде бұғып жатқан өзге біреуге деген ынтазарлықты байқайтын. Өзін-өзі қаншама зорлап ұмытқысы келседе анда- санда ойына түсіп, елес боп көрінетін, өзіне ғана мәлім бейнені ұмыта алмай жүргенін сезеді. Кезінде жалыны шарпып барып сөнген оттың астында қалған, көп ешкім байқай бермейтін ыстық қоламтаның әлі жатқанын біледі. Неғыл десін. Өзін-өзі көтермелеп не айтсада жарасатынын білседе «Ой, шырағым-ай, өткен-кеткен бір оқиға дағы. Елді дүрліктіріп, ақсақал- қарасақалдарының алдына барып айтысып жүріп келгенім осы жұдырықтай ағаларың ғой. Неге сөйттім екен, өзім де білмеймін» деп артын күлкіге айналдырып кететін. Сүйгеніне қосылу жолындағы өзінің жігерін, үлкендердің шешіміне тайсалмай қарсы шыққан батылдығын айтам деп отырып, өзгенің ұмыта алмай жүрген сағынышын қоздырып алудан қорқатын. Бұл өмірде кез-келгеннің ойлағаны болып, арманы іске асып жатыр ма. Тағдыр шіркіннің біреуге түзу, біреуге бұралаң жолы кө емес пе еді.
* * *
Одан кейінде біраз уақыт өтті. Елді дүрліктіріп жаңа үкімет орнады. Құдай басқа бермесін дүние асты үстіне төңкеріліп түскендей, адам түсініп болмас кезең болды ғой. Кешегі елге силы адамдардың бәрін байсың деп, бірін молдасың деп қудалады. Не керек алдындағы малынан айырып бір күнде шұнтитты да шығарды. Түрмеге тоғытты. Сол қасірет бұларды да айналып өтпеді. Баяғы атадан балаға жалғасып келе жатқан маңдайға біткен дәулетті әркімнің қорасынан жинап алдына салған адамша Құрмашты қара
тізімге ілестіріп ұстатты да жіберді. Қайда кетті, мойнына іліп бара жатқан жазасы қанша жылда бітеді, оны білген бұлар жоқ. Үстіне былғары күрте киіп, қапталына салпаңдаған ағаш қабы бар шолақ мылтығын шошаңдатқан бір пысықай нөкерлерімен келіп Кетікке айдап жөнелді. Дәнданай олардың артынан шауып ештеңе бітіре алмасын білді. Сөзге тоқтап, жөнін айтатын ешкімнің жоғына көзі жеткен. Басқа түскен қиындықты елмен бірге көтеретініне, алда әлі талай сергелдеңнің болатынын сезген. Байлықты қолдың кірі дейтін рас екен. Үй алдындағы төбе астында жыртылып айрылып жататын уақ жандық та, желіні бауырына симай өрістен келіп ыңырсып тұратын түйелер де жоқ. Сол малдан ештеңе қалмағанның белгісі емес пе, бір шәйнек қара суыңды қайнату үшін тезек іздеп, дорбаңды арқалап төбе асып кетесің. Басқа байлықтың бәрі сірә адыра қалды ғой. Өзге түгілі бір кезде асып-тасқаныңа, бәрін кешіп ішінде жүргеніңе өзің де сенбейсің. Көрген түс сияқты өтті де кетті.
Ендігі қалғаны Құрмаштың көзі жалғыз Сәбидолланы адам қатарына қосу ғана. Жол ортада жоғалтып алмаса болды. Тапқан таянғанын соның аузына тосты, үстіне жамады. Ата-енесіде Құрмаштан кейін көп ұзамады.
«Шырағым қалған тірлігіңді өзің жаса. Саған қамқор болып жарытпасбыз. Мына заманыңды біз түсінбедік. Жассың ғой, сонда да бір өтінішіміз бар. Мына бір тесік өкпе өзге жерге барып тегін білмей, көз түрткі болып жүрмесінші. Аруағымыз риза болсын десең соны орындашы. Қалғанына арғы бетте жатып өкпе артпайық»,-деген адамша екеуі де өмірден өтерінде бір жапырақ болған Сәбидолланы ғана аймалап, жалғыз өзін қалдырып бара жатқандарына өкінгендей Дәнданайдан көздерін айырмай кетіп еді.
Жалғыздық құдайға ғана жарасады деген рас екен. Әлі оң-солын айыра алмаған бала қайбір қара болып жарытады. Сонда да әйтеуір алданышы сол. Екеуден екеу отырып әңгіме айтқан болады. Құлағына құйыла берсін деп өзі білген жерге дейінгі тегін айтады. Алыстағы әкесін айтады, әйтеуір кешегі бес қанат үйдің қалдығы, жаман шатпаның ішінде отырып күңкілдесіп отырғандары. Ер бала дейтіннің жаратылысы солай бола ма, мұның қасында болғаннан гөрі далада көбірек жүргенді ұнатады. Өзі құралпы балалардың ортасында, ия болмаса қауқылдасып әңгіме айтып отырған еркектердің қасында тәлтиіп тұрғандары. Шақырғанына келе қоймайды, содан өзі барып тамағын ішсін деп қолынан жетектеп келе жатқанында баласы жалтақтап артына қарайды. Өзі шамалас баланың әкесінің тізесінің үстінде отырғанына қызығатын сияқты. Баласының есейген сайын әкесін іздейтінін, жадында сақталмасада ойша көз алдына елестететінін сезеді. Өткенде оны-мұны шаруасымен үйге кіріп-шығып жүрген Дәнданай сыртта есік алдында тұрған баласына көзі түсті. Анадай жерде бір атты кетіп барады. Әкесінің алдында ердің басынан тас қылып ұстап мәз бола күлген балаға қарап тұр екен. Шешесіне ештеңе білдіргісі келмей теріс айналды. Бірақ даланың борпылдақ шаңына ойнап келген баласының бетінде сорғалаған жастың ізі қалыпты. Дәнданай жүрегі қарс айрыла күрсініп баласын бауырына тартты. Әлгілерге қызыға, қызғана қарап тұрғаны белгілі еді.
Не көрмеді. Күнелтіс үшін қажыған, талған тірлік қиындығы ештеңе емес қой. Қорғанышы жоқ әйелдің одан басқада көрер қасіреті көп болады екен. Соның ішінде бетінің әрі кетпеген әйелге сөз салушы да, көз салушы да көп. Жанына жалау болайын деп жүрген ешқайсысы жоқ. Бәрініңде көкейлерін тесіп, құртын қоздыртып жүргені қолдарынан келсе сені құшағына алу, құмарларын қандыру. Рас бірлі-жарлы жөнін айтқандары, бірлесіп өмір сүрейік дегендері болды. Қай-қайсысынада келісімін бермеді. Жөнін айтқанға рахметін айтты, құдай қосқан қосағының төсегінен жеріп келгендерге әйелдігіне салып шабалаңдаған жоқ. Өткір сөзімен бетін тілді, онысы өтпесе өрлігіне салды. Қолынан ештеңе келмегендер құйрығын бұтына қысып, артына жалтақтап қашқан жаман төбетше алысқа барып үрді. Онысына, өзіне қарата ақтарылған жала сөзге жаны күйзеліп қапаланғанмен, әлдебіреулер құсап мырқылдап жылап жүнжімеді. Құдайына ақ екенін білді. Ата-енесінің аманатының аяқ асты болмағанына, қай жерде жүргені белгісіз жарына ақыр түбі табысатынына иманындай сенді.
Қайыра соққан толқындай бірінен соң бірі келіп жатқан ауыртпалықтың шегі көрінбеді. Жаңа-жаңа ес жия бергенде соғыстың бұрқ ете түскені. Апыр-ау,-дейтін колхоздың шегі жоқ таусылмас жұмысының соңында жүріп. Бұл дүние не боп кетті өзі. Өмірден көрген рахатынан, көрген қиындығы, шеккен қасыреті көп болды ғой бұл елдің. Малыңды алды, ортаға салды. Көнбесіңе қарамай колхозға біріктірді. Одан кейін осының қолынан бірдеңе келеді-ау, алды артын болжай алатын осының көзі ашық-ау дегендерді жегі құртша біртіндеп алып тауысты. Енді міне жығылғанға жұдырық дегендей аяқ асты қызыл қырған басталды. Баяғыда кеткен Құрмаштар түгілі күні кеше көз алдыңда жүрген арыстардың бірінен хабар келсе, бірі үшті-күйлі хабарсыз кетті. Жұрт біліп айтса Құрмаш сияқты түрмеде бұрыннан жатқандарды үкімет қара нанын беріп, сонау Сібірдің орманының ішінде талтаңдатып қоймайтын көрінеді. Қаптап келе жатқан жаудың алдына бірінші соларды салады екен. Құдай көтеріп кетпесе одан ешкім аман қалмайды ғой дейді әлгі әңгімені айтушылар. Бәрі де құрысыншы,-дейді қажыған Дәнданай. Тезірек аяқталса екен мына соғысы құрғыр. Күйеуін күтіп бір хабары болар деген үмітте ұзаққа созылып, шаршата бастады. Енді жігіт болып қалған Сәбидолласынан айрылып қалам ба деп қорқады.
Ауылдағы ер азаматты селдіретіп, әр шаңыраққа орны толмас өкінішін арқалатып барып аяқталды ғой бұл соғыс. Тірі адам шүкіршілікке тоймайды екен. Қалғанына береке бер, бұған да тәуба десті. Әйел қырық жанды деген рас-ау. Кешегі төрт жылда көрген тауқыметтері аздай елге оралған ақсақ- тоқсақты сүйемелдеп жүріп тағы да таңның атысы, күннің батысы еңбек етті. Дәнданай сөйтіп жүріпте жолға қарайтын. Алыстан сапар шегіп келгендер болса Құрмаштың бір хабарын естіп қалатын адамша, әлгінің аузына қарап телміріп отырғаны. Сонда кейбір қатарлас абысындары «Әй, Дәнданай, күні кеше өз қолымыздан аттандырып, хабарсыз кеткен байымызды күтіп жүрген біздікі ештеңе емес, сенікі не. Құдай-ау Құрмаш осы соғыстың алдында
бәленбай жыл бұрын кеткен жоқ па. Тірі болса келетін, ең болмаса хабарын беретін уақыты болды ғой. Әй, жеңеше-ай, балаң болса ержетті. Байсырайтын жастан сірә кеттің. Соны күтем деп өзіңе-өзің тұсау салдың, жастық жалыныңды өзің өшірдің. Ұмытсаңшы соны»,-дейтін.
-Жүрегі құрғыр сезеді. Көр де тұр, бір хабары шығады,-дейтін сонда. Әлгі абысыны теріс қарап ернін шығарады. «Әдірәм қалсын,-дейді күңкілдеп. Келе қойған күннің өзінде жиырма жыл бойы Сібірдің айғырдай масасы шағып, қандаласы сорған Құрмашта ел көретін не көрік қалды дейсің. Баяғы жас күніндей көре ме екен »,-дейтін. Айтуын айтқанмен әлі жігері жасымай жүрген осы бір өр әйелге таң қалатын.
Жүрегі шынында да алдамаған екен. Түбі бір қуанатынына, әке мен баласын табыстыратынына сенімді еді. Дегені болды. Құрмаштың қанша жердің топырағын басып, дәмін татқанын бір құдайдың өзі білсін, айналып келіп Қарағандыдан шығыпты. Басы дауға түсіп, сергелдеңге түскен қазақ аз ба. Бір түрмеден соң, бір түрмеге ауысып дәмі таусылмаған сондай қазақтың біріне тап болыпты. Соңғы жылдары сол жердің сылдыр көжесін бірге ішкен көрінеді. Анда-санда барып «мен осындамын, қашқаным жоқ, пысқаным жоқ» деп тіркеліп тұратыны болмаса еркін көрінеді, аяқ үстіне шығыпты. Алғаш кездескенде мұныңда Маңғыстаудан екендігін білгенде өзін-өзі ұстай алмай ұзақ жылапты дейді. Содан басынан кешкен қиындығын, көрген қорлығын айтыпты. Екі сөзінің бірі Дәнданай екен. Елден хабарсыз болсада түрменің есігі құр тұрмайды. Күн сайын шиқылдап ашылып арғы беттен келген біреуді қабылдап жатады. Солардан болып жатқан жайды естиді. Елдің босқанын, тұрымтай тұсына, балапан басына тентіреп кеткенін естігесін, Дәнданайдың маңдайынан кім сипады дейсің, ия аштан өлген шығар, ия босқан елмен бірге Иран асты ма, Ауған асты ма кім білсін дейтін көрінеді. «Ай, білмеймін, елге қайтатын реті жоқ-ау»,-депті әлгі. Әке-шеше өлді. Дәнданай мен жалғыз баланың қайда екені белгісіз, ет жақын ағайын- туманы байсың деп, барсың деп құртқан болар. Енді барғанда кімді паналайсың. Әулиенің басындағы ағаштай состиып барғанда кімге сиям. Аңдушы әлі де көп дейді ғой. Көре алмаған біреулер тағыда ұстатып жібере ме деп қорқам. Осы жер тыныш сияқты. Барып жатсаң елге сәлем айтарсың,- деп тағы да босапты. Ол кісіні Дәнданай көре алмады. Өзі кеткенде артында қалған тумаластары Түрікменстан ауыпты. Тірі болсам тауып алам, бір хабарын шығарам деп соңынан кеткен. Жол үсті қонған үйінде Құрмаштың осы жайын айтқан екен.
Сол күні Сәбидолла жұмыста еді. Аузы аузына жұқпай хабар айтушы әйел қашаңғы отырсын. Боп-боз болған Дәнданай ия қуанғаны, ия қайғарғаны белгісіз бір нүктеге қарап мелшиді де қалды. Қолындағы ұршығы домалап алдына түсті. Дуаланған адамша тек қана Құрмашты айтып, соның соңына қарап телмірумен болып еді. Мына хабарды естігесін есі ауып кеткен шығар, бәлесінен аулақ деп ойлады ма, меңіреу адамдай болып отырған Дәнданайға қарап отырды да ығысып шығып кетті.
Содан кейін туласын келіп. Өзін-өзі тоқтата алмай ағыл-тегіл жылады. Өзін аяды ма, әлде оны аяды ма білмейді «ай, сормаңдай-ай,-деп қояды арасында. Жұмыстан келген баласына өмірінде қатты келгені осы болар біраз сөз айтты. Сәбидолла өзіне сөйлеп отырған шешесінің аузынан шыққан сөздің баяғыдан бері жиналып қалған шері екенін де, жылдар бойы сарыла күткен сағыныш сөзі екенін де білді.
-Құдай-ау бұл не болдым дегендегісі. Ел басынан өткен аумалы-төкпелі заманның ауыртпалығы тек соның ғана арқасына түсіп пе еді. Бір жерде аштан өлгенде, ия болмаса бір мылтықтың қарауылына ілінгенде қайтер еді. Артының сұрауы жоқ еді ғой. Баяғы өз дегенімен жүретін, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын бір беткейлігі қайда қалған. Ондай жасық сияқты емес еді ғой. Әлде мен жастықтың желімен күйдім, жандым деп жүріп онысын білмедім бе. Ал жақсы, жасымайтын жігер, қайтпайтын қайрат болмайды делік. Бір жыл емес, бес жыл емес, жиырма жыл бойы қамшының астына, тепкіге салып, шүріппесін қашан басады деп үрегейленіп өткен өмір бәрін де өзгерткен шығар. Бірақ кебін киген келмейді, кебенек киген келеді деген бар емес пе еді. Мында оның кіндік қаны тамған туған жері бар емес пе, ата-бабасының мүрдесі жатқан жоқ па. Апыр-ау ең болмаса желісін сағына боздап жететін аруана құрлы болмағаны ма.
Бізді өлдіге санапты-ау балам. Өмір үшін арпалыста қаншама қиындық көрсекте сол Құрмашты медет қылып тірі қалғанымызды сезінбепті-ау ол сорлы. Менің қызығы басылмаған жастығымды соның жолына қарап қартайтқанымды, сенің әкем келеді деп үмітпен есейгеніңді неғып білмеді. Тағы да ұстатып жібереме деп қорқам дейтін көрінеді. Туған жеріме барып мауқымды бір басайын, ең болмаса табаным бір тисінші, одан кейін өртеп жіберседе мейлі деп неге мына селеулі далаға сағына жетпейді.
Ол солқылдап жылап әрі-бері отырды. Ұзақ жылдар жол бойына қарап сағына күткен үміттің жібі үзілгендей. Осыншама жылдарға созылған сағыныштың, соған деген адалдықтың бәрі де бос кеткеніне өкінгендей. Сол үшін, соған деген сүйіспеншілігі үшін бұл не көрмеді. Бәріне де көніп, бәріне де төзіп еді ғой. Елдің ішінде жүрді дегені болмаса, мұның көрген тауқыметі, темір тордың аржағындағы оның көргенінен он есе, тіпті жүз есе көп болмады ма. Соның артында қалған жалғыз үшін тығырыққа тіреліп, босаңси бастағанда алыстағы Құрмаш көз алдына елестеп, өршелене қайта ширыққан еді ғой.
-Жоқ,-деді кенет баласына. Амандығын білдік қой, келмесе обалы өзіне деп жата бермелік балам. Қажыған, талған шығар, ұзақ жылғы түрме өмірі денсаулығына зиян да келтірген болар. Айдалада тастамайық. Осындағысы бар, Шағадам жақтағысы бар Қамысбайларға барып, жайыңды айтып көмек сұра. Ағайын бір өліде, бір тіріде. Әкең соның кәзір қай-қайсысына да жатады. Елге келуге оған тағы да алдына ұстар қалқан керек болған шығар. Баяғыда екі елдің арасындағы дауға оны қасыма ертіп, алдына өзім түсіп барып едім. Бұл жолы да көрмеген жерім болсада, өзім барам, өзім ертіп келем. Кідірме енді,-деген баласына.
Содан келе жатқан еді Дәнданай. Таң сарғайып атып, жан-жаққа жарық түсе бастады. Вагондар бірін-бірі солқылдай итеріп, поезд жүрісін азайтты. Жапырайған аласа үйлердің шеті көріне бастады.
-Келіппіз ғой,-деді шашы қопыраған көршісі жан-жағына есіней қарап.
Түсіп қалған жаулығын алып басына қайта тартты.
-Түрмесі қаланың шетінде. Бір жақсысы ол жаққа баратын көлік тез табылады. Соның біреуіне ілесіп тез барамыз. Менің кешегі айтқанымды ұмытпа. Барғасын бастығының отыратын жерін өзім көрсетем. Менде шамам келсе екі-үш күн болатын шығармын. Білмегенің болса қолымнан келген көмегімді аямаймын ғой,-деді.
Бұлар жиналып болғанша поезд вокзал алдына келіп тоқтады.
***
Құм сағаттай сырғыған уақыт бір орнында тұра ма. Арада біраз жылдар өтті. Ел Дәнданайдың ерлігін жыр қылып айтудан жалықпады. Бұрын бір- біріне шабыса жаздаған рулы елдің дауының ортасына өзі барып ақсақалдарын елдікке шақырғаны, өзіне еркіндік алып, сүйгеніне қосылғанын айтушы еді. Енді қандай қиындыққа да төзеп бергенін, ұзақ жылдар түрмеде отырған Құрмашқа деген адал махаббаты да әңгімеге арқау, елге үлгі болды. Ал жиырма жыл бойы әр жердің топырағын басып, дәмі таусылмаған Құрмашты өз аяғымен барып алып келгені, әке мен баланы табыстырғаны тағы да ел арасында айтылып, оның ерекше жігеріне риза болатын-ды. Біреу
«Әй, бұл Дәнданайдың жаратылысы бөлек қой» дейтін, екіншілері «Ойбой қарағым-ай, несін сұрайсың. Ол асылдың сынығы, тектінің тұяғы ғой. Кешегі елі үшін арпалысып өткен, қара бұлттай төніп келген көп жаудан тайсалмай қарсы шапқан, сөйтіп қаза болған Қабыл батырды білмеуші ме едің. Бұл соның ұрпағы. Ерлік істеу тек Адайдың жігіттерінің маңдайына жазылған екен десең қателесесің шырағым. Сонау атадан балаға жалғасып келе жатқан сол үрдісті бойына сіңіріп, қиын кезеңде ерлермен бірге үзеңгі соғыстыра қатар шапқан апаларымыз көп болған. Дәнданай соның тамшысының біреуі ғана ғой» дейтін.
Мәңгілік ештеңе жоқ. Жетпісінші жылдардың аяғында сол Дәнданай апамызда өмірден өтті. Өз өтініші бойынша Қабыл атасының қасына қойыпты. Ұлы бабасымен бірге жатқысы, ол дүниеде мәңгілік тірлікте бірге болғысы келген болар. Артынан барған баласы Сәбидолла да, жары Құрмаш та Дәнданайдың іргесіне барып жайғасты. Темір жол бойындағы Төлеп елді мекеніне жолы түскендер оларға бағыштап дұғасын оқып өтеді. Содан кейін кейінгілерге өнеге болсын дегендей асықпай отырып осы әңгімені шертеді екен.
Ақбөбектің соңғы әні
Ай сүттей жарық. Түннің біраз уақыты болды. Күні бойы тынымсыз тірліктің соңында жүрген жұрттың бәрі ұйқыға кеткен. Қапырық ыссыға шыдай алмай есік алдында жатқандардың анда-санда ұйқысырағандары, кейбіреулерінің қорылдаған даусы ғана шығады. Ақбөбек есік алдында отыр. Жасы келген адамның сәл сыбдырға оянып, құс ұйқы болатыны белгілі. Бірде
қалғып, бірде ояу төсегінде әрі-бері жатты да, орнынан тұрып есік алдына келіп отырған. Жан-жағына қарайды. Ай астында қарауытып көрінген тау жақтан әлсіз соққан самалдың белгісі бар. Бірақ денеңді сергітердей салқын емес. Ыстық леп онсызда күйіп жанған адамдарды дөңбекшітумен болды. Үстіндегі жұқа жамылғыны аяғымен теуіп аунап жатқан баласына көзі түсіп аяп кетті. Таңертең ерте тұрып қараңғы түскенде барып бір келеді. Басы байлаулы жұмысы жоқ. Біреудің шөбін орады, біреудің жерін тырнайды. Кейде үш-төрт күн бойы көрінбей кетеді. Бәлен деген жерге бардық, көтерме жұмыс жасадық деп келеді. Қайсысы есінде қалсын. Есінде қалатындай бұл жерде баяғыдан бері тұрып келе жатыр ма. Қазақтың жері болып, жер-су атаулары қазақша болса бір сәрі. Қызылбастың қай сөзі есіңде қалсын, болмаса түрікменнің қай атауына тілің оңай келеді. «Е, аман болсаң болды»,- дейді де әкелгеніне шүкіршілік етіп, қайтадан өзінің алдына қояды. Біз өлмеспіз өзің тойып ал деп отырғаны. Дастарханды жағалай отырған адамдар бір-біріне елжірей қарайды. Ортада бір шөкім болып тұрған тағамды әркім өз жұтқыншағынан әрі асырғанша бөле жегісі келеді. Көп әңгімеге де жоқ. Ештеңені ашып айтпасада ойлары белгілі. Қай-қайсысыда шертіп қалсаң ағыла жөнелейін деп тұрған туған жерге деген сағынышты, іштегі лықсып келіп тұрған шерді алдымен бастағысы келмейді. Онда өздерін өздері тоқтата алмай, көкіректері қарс айрыла жас болып ақтарылатынын біледі. Адам баласы қырық күннен кейін тамұққада үйренеді деуші еді. Тамұққа үйренсе үйренетін шығар, ал бірақ шақшадай басың сергелдеңге түсіп, туған жерің көзіңнен бұл-бұл ұшып жат жерге келгенге ешкім үйрене қоймас. Бәлкім өлмегесін жүре де беретін шығар. Ал бірақ жусан исі бұрқырап бір уыс топырағы мойныңда тұмар болып жүрген туған жер ұмытылмас. Дастархан шетінде отырғандардың бірін-бірі аяп, елжірей қарап отыратыны сол. Баяғы аман қалсақ болды деп жөңкіле көшкендеріне өкінетін де сияқты. Мүмкін ол жақта жүрседе дәмі таусылмаса өлмес еді ғой. Өле қалсаңда жаныңа жақын өзіңнің далаңда қалғанға не жетсін.
Ұйқысы келмей әр нәрсені бір ойлаған Ақбөбек әлі отыр. Тесіліп арғы жаққа қарады. Жанары қайта бастаған көзін алмайды. Ай жарығында бұлдырай көрінген сілемнің арғы бетінде туған жері басталады. Ол жақтада кәзір дәл осындай түн екенін ойлады. Онда да дәл осындай болып ай нұрын төгіп тұрған шығар. Бірақ ол жақта бұл жерге ұқсамайтын бір ерекшелік бар екені анық. Көкірегін бірдеңе шымшып өткендей болды. Кернеп келе жатқан өксікті зорға тоқтатты. Ешкімнің көрмейтініне, өзімен қоса өзгенің көңілін бұзбайтынына көзі жеткендей асықпай жасын сүртті.
«Шіркін-ай»,-деді ішінен. Жарықтық Үстірттің үстінде дәл осындай түні бір ұйықтап оянсаң болды дыңылдап шыға келетін едің-ау. Желпи соққан самал анау керіліп жатқан далада ұйыса өскен жусанның, изеннің, шағырдың исін кеудеңе құюмен болады. Өрістен түнделетіп келген түйеден де, үй алдында күйіс қайырып жатқан уақ малдардан да, сүтке тойып секіріп қасыңа келген лақтан да даланың исі бұрқырап тұрмайтын ба еді. Қой соңында күзетте жүрген қойшы, әлде түнделетіп келе жатқан жолаушы ма,
кім екені белгісіз, алыстан талып айтқан өлең естіледі. Төбе астында шәуілдеп үрген қарсақтың, ауыл алдындағы ескі мазар үстінде отырып құмыға шақырған байғыздың даусы шығады. Осылардың бәрін естіп жатып қалай ұйықтап кеткеніңді білмей де қаласың. Кішкенеден кейін бойың тоңазып, көрпеңді қымтай түспейтін бе едің. Бәрі де жаныңа нәр беретін дәрі сияқты еді ғой.
Дәрі демей басқаша қалай айтады енді. Өткенде өзін іш тартып қолы босаса айналшықтап қасынан шықпайтын, шама келсе қол ұшын беруге бейім бір келін бар еді. Осы қызылбастардың ортасына Ақбөбектерден үш- төрт жыл бұрын келген. Жаста болса өмірден көрген тауқыметі көп пе, әлде құдай әуелден сезімтал қылып жаратты ма, әйтеуір бір нәрсені айтады да жылайды. Жылап отырып енді көрер, көрмесі белгісіз туған жерге деген сағынышын тағы айтады. Өзі Байбоз руынан көрінеді. Апалап қасынан шықпайды.
-Біздер отызыншы жылдардың басында келдік қой апа,-деп еді сонда. Жаңа өкіметтің қысымына шыдай алмай көп ел түстікке қарай босқан жоқ па едік. Әуелі Түрікменстанға келіп кірдік. Басында тыныш сияқты көрінгенмен артынан ол жерде қолайлы болмады. Құрығы ұзын қызылдар ол жерге де келді. Бұрынғымыз аздай тағы да алдымызда қарайған азаматтарды ұстай бастады. Содан жылай-жылай осы бетке өттік қой. Апа-ау, имандай сырым, егер осы жеменей аулына келін болмай басым бос қыз болғанымда аяғымды аттап та баспас едім ғой. Тіпті әйел болсамда ретін тауып қалып қояр ма едім, егер жалғыз балам болмағанда. Тұңғыш немересін бауырына қысып үн-түнсіз түйе үстінде тербеліп кетіп бара жатқан енемнің қолына жармаса алмадым. Артыма жалтақ-жалтақ егіле қарап соңдарынан ердім ғой. Туған жер болса жүрегімді қып-қызыл өрт болып өртеп көз ұшында бұлдырап қалып барады. Содан шұбатылып шекара астық. Осы күні ғой арғы бетте, бергі бетте мылтық асынып қай жақтыңда адамдарының жүргендері. Ол кезде ашық болатын. Сондықтан шығар бізден кейінде бірінен соң бірі көп ел келді ғой. Бірақ босқан елге бұл топырақ құт болып жарытпады. Үлкендердің айтуы рас болса сол жылдары екі мыңдай үй келіпті. Соның тең жартысының шыдамы бір жылға да жетпеді. Өлсекте туған жерге барып өлейік деп қайтадан кері кетті. Апатай-ау әлі есімде, бұл жарықтық туған жер дейтіннің құдыреті бөлек пе, білмедім, әлгі қайта кеткендердің жүзінде қорқу, үрегейлену деген болған жоқ. Ертең барған бойда түрмесіне қамайды-ау, ия болмаса сұрауы жоқ ата салады-ау деген ой болсашы сірә. Бәріде тойға асыққан адамша бір түнде қайта көтеріліп кете барды. Қалғанымыз бір қапталымыз үңірейіп қала бердік. Қандасыңа не жетсін, басың ауырса да, балтырың сыздаса да бір- біріңе демеу боласың ғой. Азайып қалдық-ау деп көп уайымдадық. Бұл уақытта әлгі шекара дейтінді жаба бастаған кез. Ендігілер қашып-пысып, түн жамыла жасырынып келетін болды. Оның несін айтайын өз бастарыңнан өтті ғой. Бұл да ештеңе емес екен. Тағдырдың бізге силайтын тауқыметі, ауырлығы алда көрінеді. Үйрене алмадық бұл жерге. Қапырық ыссылығы да, суы да, ауасы да жақпады ғой. Әсіресе Маңғыстаудың кең ауасына үйренген
балаларға қиын болды. Алды шетіней бастады. Соның бірі менің жалғызым еді. Алтыға аяқ басқан. Енем байғұс кішкентай Нұрлыбектің денесін қара жерге бергісі келмей тас қылып құшақтап зарлады дейсің.
-Біліп едім-ау,-дейді теңселіп отырып. Әжетай деп еді өткенде. Мен қызық түс көрдім. Баяғыша-а-а Уәлінің биік жалының басында отырмыз екен. Көп құдығы бар ойды ұмытқан жоқсың ғой әже. Үнемі барып мал суаратын едік. Сендер метейге құйып су әкелетін едіңдер ғой. Қатты шөлдеппін. Су ішіп келейін деп ағакемнің жуасытып берген құла тайы бар емес пе еді, соған міндім. Есіңдеме, атына оқ тиіп өлген бір дәу орыс менің жылап, жабысқаныма қарамай соған мініп кетіп еді ғой. Сол тайға мініп төмен қарата шаба жөнелдім. Бірақ жете алмадым әже. Бір қара бүркіт мені алды да кетті. Содан оянып кеттім. Қайтайықшы әже. Мылтығы бар орыстар енді кеткен болар. Сен атам мен ағама айтшы. Құдықтың мұздай суын сағындым,-деп еді бейшара бала. Дәмінің таусылатынын білген екен сормаңдай,-деп көз жасын көлдетті дейсің. Елдің бәрі жылаған. Ана төбенің етегінде жатыр,-деп өкісіп отырып иегімен нұсқады. Ол ештеңе емес, сол жылдары басқаны қойғанда жас келіншектерде бала көтермеді ғой. Құдай-ау ел болып отырып жас нәрестенің даусы шықпағанда қиын екен. Өміріміз тоқтап қалғандай көрінген. Мұның туған жерден айрылған қасіреттен екенін білдік. Бүкіл ой-жүйеңді, тамырыңды байлап тастайды екен ғой уайым деген. Соңғы кезе үйрендік пе, әлде көз жасымызды, зар мұңымызды жаратқан көріп, сезді ме баланың алды көріне бастады. Менің бойымда да сондай түйіншек бар. Тірлігін білдіре бастаған сияқты. Бірақ бір нәрсеге аңсарым ауып, ойыма түссе сілекейім шұбырып қоя береді. Шымыраудың суын сағындым. Тісіңді сындырар мөп-мөлдір су елестейді де жүреді көз алдыма. Жан-жағына жібек тамшыларын шашыратып тереңнен шыққан қауғаны әйкел үстіне қоя сала ішерме еді шіркін деп ойлаймын. Маңғыстаудың қара суы да дәрі еді ғой. Оған қол жетер дейсің бе. Соңғы кезде ең болмаса сол жақтан, Маңғыстау беттен бұлт шықса екен деп тілейтін болдым. Баяғыша, елде жүргендегідей түйіліп келіп, найзағайын шатырлата ойнатып, ағыл-тегіл төксе екен деп ойлаймын. Ай, ақымақ басым-ай. Найзағайдан өлердей қорқушы едім. Күн күркірей бастаса болды үйге тығылатын едім. Неге сөйттім екен. Ұшы-қиыры жоқ кең даламда рахатқа батып, өз топырағымның көктен төккен нәр суына неге шомыла бермедім екен. Шіркін-ай, сол тілегім кәзір орындалса, мұздай жаңбыр сүйегімнен өткенше астында тұрар едім. Жаурадым деп айтпас та едім. Туған жердің сәлемін алып келген ақ жауынға адам жаураушы ма еді. Солай емес пе апа,-деп көз жасы төгіле еркелей басын сүйеп еді. Ақбөбек кеудесін сағыныш кернеген сіңлісін бауырына баса отырып өзі де иығы селкілдеп әрі-бері отырған.
Ауыл итінің құйрығы қайқы деген осы ғой деп ойлады Аөбөбек. Сүйеніші жоқ азғана ел кімге арқа сүйесін. Бұрын көрмеген, естімеген елдің салтымен, заң зәкүнімен хабары болмағасын әуелден де таныс халық қой деп түрікмендер отырған жерді сағалады. Айтса түсінесің, көкейіңдегіні жеткізу қиын емес. Мұсылман еді дегенмен парсы тілі алыстау ғой. Үйреніп, кір
қоңымыз сіңіп жатса оны да көрерміз деген. Бірақ сол түрікмендердің де құшағын аша қойғаны шамалы. Көбі атам заманнан сол жерде тұрып, тамырын жайғандар. Парсылармен иық тіресіп қатар отырмағанмен өздері тұрып жатқан аумақта дегені болып, сөзі жерде қалмайды. Сол уақытта бүкіл Иранның терістігінен түстігіне дейін темір жол тартылып, үлкен-үлкен қалаларының арасына тас жол төселе бастаған. Оларды салушыны олар алмандар дейді. Батыстан келген немістер екен. Әрине осындай ауқымды жұмыс болғасын оған адам күші керек. Ал Маңғыстаудан келген бұлардың қайбір маңдайы шылқып тұр дейсің. Алдына салған малы, ия сандығының түбіне сақтаған байлығы жоқ. Өлмес үшін әркімнің тап болған жұмысын істеп, бергеніне риза болып жүргендерге мына жұмыс құдайдың жіберген ризығындай көрінген. Бірақ сол ағайын санаған түрікмендер осы жерде өздерінің босып келген қазақтарға жаны ашымайтындығын көрсетті. Жұмыстың ауыры қазақтарға тиді. Сондағы беретіні күніге екі реал. Барған әзірде парсының ақшасының құнын кім айырып біліпті. Осыншама табыс табасың деді. Бұлар болса «Әп-бәрекелді, әйтеуір қолымызға күніге тапқанымызды ұстатсаңдар болды. Алла риза болсын» деп әлі қолына тимеген ақшаға мәре-сәре болды. Артынан барып білді. Бұлар ақшасын түмен деп атайды екен. Әлгі реал дегені сол түменнің оннан бір бөлігі көрінеді. Бір жылқының құны үш, төрт түмен болғанда бұлардың табар табысының көлемі белгілі болды. «Қой құрысын. Бүйтіп табыс таппай-ақ қоялық. Өйткенше біреудің есігінің алдын сыпырайын. Біреудің егістегі өнімін жинасайын. Құр қайтармай қолыңа бірдеңе ұстатып жібереді ғой. Соны ақшаға бағалағанда да әлгі темір жол төсеп, топырақ үйгеннен артық қой. Жайыма жүрейін» деп көбі жұмыстан бас тартқан.
-Е, қошың білсін, біздікі тек айту ғана,-деген түрікмендер болмады. Таң атпай үй-үйді аралап бармасыңа қоймай зорлап алып кететін. Қарсылық білдіріп тайталасқандарды қамшының астына алуда кездеспей қалған жоқ. Содан әсіресе жастар жағы қашып-пысып жасырынатын болды. Қашпағанда қайтеді. Өз жерінде жүрсе орынсыз тиген бір қамшыны көтерер ме. Атысса атысар еді, шабысар болсаң тұратын жеріңді айт деп қасқая қарсы тұрмас па. Азғана қазақ ызғындай елге не істесін. Мұндай қорлықты көргенше жастығымды ала кетейін деп ақкөздігіне басқандарды үлкендері әке-көкелеп тоқтатқан. «Тоқта шырағым, тоқта,-деген. Артыңды ойла. Кәзір бір түрікменнің басын кескенмен одан сенің кегің қайтпас, мына бізге тыныштық болмас. Айып бізден болған екен, кешіре гөр батыр-еке деп түрікмен сенің алдыңа келіп басын имес. Арғы беттен азып-тозып келгеніміз кеше емес пе. Әлі сонда көрген қорлығымызды, жол ортадағы қиындығымызды ұмытып, есімізді жиып та үлгерген жоқпыз. Керегеміз мықты деп айта аламыз ба. Қатты дауылға төтеп берер күй бар ма бізде, айтшы шырағым, көзіңді ашып қарашы. Жаңа аяқтанған лағын ертіп сай- саланы паналаған қарақұйрық сияқты емеспіз бе. Жан сақтау керек қарағым. Бұл әсіресе артымыздағы ұрпағымыз үшін керек. Біреудің сөзіне бола жағасына жармасқанша ана әр жерде бытырап жүрген елдің басын біріктірің.
Қара су ішседе бір жерге жиналып күнелтсін. Сонда тілің де, ділің де ұмыт болмайды. Кез-келген батып төріңе шыға алмайды»,-деген.
Қанша қаның қарайып, намысың қозғанмен не істерсің. Ақылға тоқтап ақсақалдардың айтқанын тыңдауға тура келді. Қолыңнан қашқаннан, пысқаннан басқа не келіп тұр. Кәзір бұл ұрпақтың маңдайына жазылғаны осы болып тұр ғой. Кім біледі заман түзелер. Елге қайтатын күн туар. Шіркін-ай сонда бұл қызылбастар басыңнан төмен қарата сауылдатып алтын төксе де артына қарайламай, ана бұлдырап көрінген туған жерге аттанар еді-ау.
Осы жерден онша қашық емес Алтын Тоқпақ деген әулие бар. Неге олай аталғанын ешкім де білмейді. Түнделетіп қасына баруға көп адамның жүрегі дауалай бермейді. Бірақ өтіп бара жатқан талай адам соның басынан лаулап жанған көп отты үнемі көретін көрінеді. Оның рас екенін өткенде Ақбөбекке баласы Мұқашта айтып еді. Сол күні жұмыстан кеш қайтыпты. Еңбегіне деп берген орта қапшық тамағын арқалап келе жатады. Әлгі әулиенің қасына жақындайды. Ішінен күбірлеп білгенін оқиды. Кенет адамның жан дүниесін ауыртып зарлаған, айқайлап сөйлеген адамдардың даусы естіледі. Бір-бірімен ұрысып жатқандай сартылдаған дыбыстар шығады. Өзін-өзі ұстай алмай жүгіре жөнеліпті. Артында қалған дауыс біраз жерге барғанша естіліп тұрады.
-Құдай басқа бермесін,-деген сонда Ақбөбек баласына. Өткен-кеткенде дұғаңды оқып, бетіңді сипауды ұмытпа. Осындағы адамдардың айтқаны рас болса онда жатқан адамдардың көбі жаңа үкіметтің тепкісіне шыдай алмай, осында бас сауғалап келгендер көрінеді. Алғашқылар болса керек. Осы жерге жеткенде түрікмендермен ұрысыпты дейді. Бейтаныс елге келіп маңдайымыздан сипап, жылы қарайтын кім тап болады деп келгенінде қарулы түрікмендер бас салыпты. Қайтсын жан беру оңай ма. Соңғы демдері қалғанша шайқасыпты ғой сорлылар. Содан қыз-келіншектерін алдына салып айдап кетіпті. Ер азамат әр жерде жайрап-жайрап қалыпты. Көбінің беті жабылмаған. Артынан құдай деген біреулер сол жерге жерлепті ғой. Қапыда кеткен, арманда кеткен арыстардың даусы ол. Мына заманның қиындығынан алып шығамын, құтқарамын деп жүргендерінде жау қолында кеткен бала- шағасын әлі іздеп зарлаған аруақтардың үні шығар. Артында қалғандардың өмірі қасіретке толы болса өлілер де қиналады, арпалысып өтеді,-деген.
-Бізді қойшы,-деді әлі ояу отырған Ақбөбек. Асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Өмір шіркіннің қызығы да, шыжығы да өтті ғой. Ақбөбек десе осындағы елдің бәрі біледі. Бүкіл Адайды, Маңғыстауды дүрліктірген Қайып екеуін білмегенде енді кімді біледі. Адам дейтін қызық қой. Осында босып келіп қалт-құлт етіп өмір сүріп жүргендер кейде суыртпақтап отырып басынан кешкен жайларды айтуын өтінеді. Сол сұрап отырғандарын өздері де біледі. Сонда да өз аузынан естиік дейтін шығар. Бірақ бәрі де артта қалған, жүрегінің бір түкпірінде әлі күнге дейін сақталған Қайыпқа деген ыстық көңілін қайтіп қозғап жатсын. Кәзір Ақбөбектің де жанын күйзелтіп жүрген бір ғана уайым бар, ол қайраты қайтып, жалыны әлсіреген шақта туған жерден жырақ кеткені. Қайтып орала алмайтыны, жат
жердің топырағында мәңгілік қалатыны. Өкінетіні сол. Әйтпесе алақанына салып әлдилеген бұл елге өкпесі жоқ. Алақанына салды, әлдиледі демей басқа не дейді, егер күні бүгінге дейін бүкіл Маңғыстаудың ой-қыры Қайып екеуінің сүйіспеншілігін әлі жыр қылып айтып жүрсе. Көңілдері жарасып бірін-бірі іздеген ғашықтар Қайыптың әнін әлі айтады. Сол арқылы өзінің сағынышын жеткізеді. «Ақбөбек» әні арқылы табысып, сол ән арқылы тілдесіп жатады. Кейде өз-өзінен отырып өтіп кеткен өкінішті кезеңдерге риза болатыны да бар. Баяғы жас кезінде екі үйдің арасындағы еркесі болған мұның атын сыртынан естіп, сыртынан ғашық болғандар ғана емес, сырын жасырмай айтатын жеңгелері де «Кімнің бағы екенсің еркем» деуші еді. Бірақ бүкіл елді дүрліктіріп «Қайыппен ғана болам, бақытымды содан табам» деп бірнеше рет түн жамыла қашқанмен дегені болмады. Екі рулы ел шабысты, Ақбөбек үшін бірін-бірі сойылға жықты, өрісін өртеді. Қанша арпалысқанмен қолынан ештеңе келмеді. Маңдайыңа жазылғаннан асып кете алмайды екенсің. Содан бері Есбергенмен бірге ғұмыр кешіп келе жатыр ғой. Мүмкін Қайып екеуі бірін-бірі көріп жүрсе бұл жайдың қаншаға созыларын, арты немен аяқталарын кім біліпті. Тағдыр екеуін екі айырды. Қайып болса Тескентау асып Тәжік жеріне кетті. Сол жақта жүріп өмірден өтті. Бұл болса басынан өткен тәлкегі аздай, міне қызылбастардың жерінде сергелдеңмен жүр. Ертеңгі күні белгісіз. Жас болса келді. Енді ештеңені қайтара алмайтының белгілі. Бірақ әлі күнге дейін мұның есігінің алдынан өтіп бара жатқандар кідіріп өзіне көз салып өтеді. Біреулерінің «Құдай-ау, Ақбөбек дегенге алыстағыны арбап, өзіне еріксіз тартатын мөлдіреп тұрған сұлу ма десек, мынау жасы келген кемпір ғой» деп өтетінін де, біреулердің «Қайран дәурен-ай, сен де дегеніңе жетіп кешегі Ақбөбекті қартайтыпсың-ау» деп елжірей қарайтынын да біледі. Былай шыққасын «Ой, дүние-ай, кімнің басынан не өтпеді. Жаңағы айтулы Ақбөбек қой. Оның Қайыпқа ғашық болып, бір-бірімізбен табысамыз деп көрмегендері жоқ. Басын тасқа да ұрды, тауға да соқты. Жете алмады армандарына. Қайтесің, енді мынау. Маңғыстауда Қайыптың әнін айтпайтын адам болмаушы еді. Бәрі де өтті, кетті. Бәлду-бәлду бәрі өтірік болып қалды ғой»,-деп қасындағыларға білгенінше бұлардың басынан өткендерін айтатынын да іші сезеді. Бірақ Қайып екеуі туралы әңгіменің әлдебіреулер айтқандай өтірік еместігін, оның артта қалған уақытпен бірге естен шығып көміліп қалмайтынын, ұмытылмайтынына, қайта жыл өткен сайын жаңғырып, ауыздан ауызға жалғаса беретінін анық білді. Тіпті басқасын былай қойғанда кешегі жолына қарсы тұрғандардың да әлгі әңгімеге қосылатыны белгілі. Ақбөбектің өкініші көп өткен күндерге риза болатыны да осы еді. Қайып екеуінің бір-біріне деген шексіз сүйіспеншілігі көпке өнеге, кейінгілерге үлгі болыпты. Ел өзінің айтқан әңгімесінде, салған әнінде Қайып екеуін әлдилеп отырады екен, ыстық сезіммен еске алып отырады екен ғой.
Кетіктің түрмесінен босап араша түсе алмаған ағайындарға налыған Қайып кеудесін кернеп бара жатқан әнге ерік берген. Бұл әнде ғашығына деген сағыныш та, ағайынға деген өкпе де, белден басқан озбыр заманға
қарсы тұра алмаған дәрменсіздігі де, туған топырағымен қоштасуы да бар еді. Көше бойындағы көп халық бірте-бірте ұзап бара жатқан Қайыптың артынан қарап тұрды. Бірақ сол уақытта өмірге жаңа келген осы әннің жалғасын таба беретінін ешкімде ойлаған жоқ еді.
Содан кейін Қайыптан көп хабар болмады. Артынан барып естіді. Алғашында Бесқалаға барғанмен ондағы ел жұтқа, аштыққа ұшырайды. Содан шұбырып Жиделі, Байсын арқылы түстіктегі жылы жаққа, Тәжік жеріне жетіпті. Қорғантөбеде бұлардан да бұрын келген қазақтар бар екен. Соларға қосылады. Осы жерде руы қырықмылтық Аққали деген деген қызға үйленіп, балалы-шағалы болған екен. Неде болса Маңғыстауға қайта оралмады Қайып. Беріректе сол елді жайлаған тырысқақ дейтін аурудан қайтыс болыпты. Мүрдесі Қорғантөбеден онша қашық емес «Қызылшарық» дейтін жерде көрінеді.
-Құдай деген адамға тап болған екен,-деп еді Ақбөбекке әңгіме айтушы. Аққали Қайыптың бетіне жел боп тимей, өмірден өткенінше мәпелеп өтіпті. «Бүкіл Маңғыстауға жыр болған Ақбөбектің Қайыбы ғой бұл. Өткен күндерін еске алса пендешілікке салынып қызғаныш білдірмедім. Шаңырақтың шырқын бұзып шабалаңдағанмен үлкен-кішінің аузында аңыз боп айтылған Ақбөбек пен Қайып жырына кедергі бола алмайтыным белгілі. Қайта өзіне қосылып сол әнді менде айтатынмын. Кіршіксіз көңілге, адал махаббатқа арналған әнге қосылмау мүмкін емес қой. Қасыңдағы жарыңның жанын сезіне білмесең сенің әйелдігің қайсы, кісілің қайсы. Әттең, мен Ақбөбекті көре алмадым. Көрсем төріме шығарып бүкіл елге аңыз болған, өз сертіне берік ғашықтық дегеннің құдыретіне айналған сол адамға қызмет қылсам өзімді төменшік санамас едім»,-деген екен Аққали.
Қайыпқа деген адал көңілі болса керек, ол өмірден өтседе Ақбөбек пен Қайып туралы оқиғаны, оның өлеңдерін ауыл-аймаққа, ел жұртқа үнемі айтып, дәріптеумен болыпты.
Ақбөбек сол отырған қалпы орнынан қозғалған жоқ. Соңғы кезде ойына қай-қайдағы түсетін болыпты. Жүріп өткен жолдарын көз алдына елестетеді. Бірақ төбе баурайындағы тайғанақ жолға тап болғандай көбінде сырғып келіп ойы Қайыпқа тіреледі. «Апыр-ау,-дейді сонда. Қайыпты көрмегелі, оның өзі түгілі даусын естімегелі де отыз жылдың үстіне шығыпты ғой. Қанша қаламасамда жақсы, жаманды басқа адаммен отастым. Өмірге балалар келді. Кәзір солардың тірлігін ойлап, мына болашағы белгісіз өмірлеріне жаныңның қиналатыны бар. Солай бола тұрсада баяғы бір елестің қапталдан қалмай әлі келе жатқаны. Жасы келген адамның қызығы басылған, әріде қалған кезеңдерін еске алғаны біртүсті екен. Ой жетегінде отырсада кейде өз-өзінен ыңғайсызданып жан-жағына ұрлана қарайтыны бар. Үлкейгендіктің белгісі болар, осы күндері әлі ұмытылмай жүрген сол Қайыпқа деген жылы сезімін көптің ойынан алшақ ұстағысы келеді.
Жақында бір түс көріп еді. Шұбатылған ұзын көш. Соның артында келеді. Неге екенін білмейді, алда кетіп бара жатқан шеті жоқ көліктің біреуі бұйырмағандай жаяу келеді. Шаршапты. Аяғын әлтек-тәлтек әр жерден
басады. Алдыңғы беттен у-шу болған дыбыс шықты. Біреулердің көмекке шақырғаны естілгендей. Бар күшін салып ілгері ұмтылды. Қараса сарқырап ағып жатқан бір жойқын қара су. Ее, әлгі Этрек деген өзені осы болды ғой деп ойлады. Соған түскен түйелердің бірі арғы бетіне шықса, біреулері өзен ағысымен төмен қарата кетіп барады. Соларға қарап ат үстінде біреу тұр. Жазбай таныды, Қайып екен.
-Қайып-ау, неғып тұрсың. Құтқармайсың ба аналарды,-дейді бұл жаны шыға ышқынып. Ол бұрылып артына қарады. Өзгермепті. Сол баяғы қалпы.
-Ұзақ сапар қашанда осылай болады Ақбөбек,-деді ол жайбарақат. Жол ортада жүгі де ауады, таныс емес жердің ой-шұқыры көліктерін мертіктіріп, адамдарды қатерге де ұрындырады. Соның бірі ғой бұл. Сендер мұнда ұзақ жүріп жеттіңдер ғой. Қартайыпсың. Шашың да ағарыпты. Көп нәрсені ұмытқан да шығарсың,-деді.
-Жо-жоқ, Қайып, о не дегенің. Сені, сенің әніңді ұмыту мүмкін бе. Нанбайсың ба. Тыңдашы, айтып көрейін,-деп тамағын кенеп әнге салды. Бірақ өңеші жабысып қалғандай үні шықпайды.
-Айттым ғой, Ақбөбек сен қартайдың деп. Өзіңді зорлама. Ол әнді жүрегіңде сақта, жүрегіңмен ғана айт. Мен соған да ризамын. Жүр өткізіп жіберейін,-деп қолтығынан демеп әлгі судан шығарды да көзден ғайып болды.
-Қайып неге мені жалғыз тастадың,-деп жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді. Жаңағы Қайып екеуі өткен Этрек өзенінің арнасы тіпті кеңейіп кетіпті. Арғы жағалауы көзіне зорға көрінеді. Қарауыл мұнарасы ма, әлде адам ба, белгісіз бір қарайған алыстан бұлдырайды. Тау-тау толқындар жағаға гүрілдеп соғып жатыр. Енді өте алмаймын-ау деп уайымдады. Кенет өзіне көзі түсті. Шашы аппақ жағада бүрісіп отыр. Сүйектері салдырлаған кемпір болыпты. Орнынан тұрып баяғы селдіреп қалған көштің соңынан ерді. Шаршап қалған екен. Сүрініп кетті. Биік жардан құлап бара жатқанында оянып кетті. Тамағы кеберсіп шөлдеп қалған екен. Жып-жылы арықтың суы жүрегін айнытты. Шіркін-ай құдықтың суы болар ма еді деп ойлады.
Ол кезде ештеңеге мән бермеген еді. Күбірлеп кәлимасын қайырған. Ұйқысыз өткен талай түнде ойында болып, талай рет түсіне енген Қайып емес пе. Соның бірі шығар деп ойлағанда қойған. Ойына оралған сол түстің шешуін енді тапқандай болып отыр. Шаршап, шашырап келген елдің елдің қай жерге барып тоқтайтынын көре алмайтыны анық болды. Туған жерге оралу сірә мүмкін емес. Жат жерде қалатыны, туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмайтыны белгілі еді.
Ақбөбек сөйтіп отырып таңды да атырды. Күндегіше қайтадан күйбің тірлік басталды. Тағы да баласына шәйін беріп, қолына кешке дейін талғажау қылатын тамағын ораған түйіншегін ұстатты. Ұйқының шалалығы ма, әлде түні бойы отырып әр нәрсені бір ойлап шаршады ма, бойы ауыр тартып ешнәрсеге қошы болмай отыр. Көңілің көтеріңкі болғанда да қолың қарап отырмайтын қайбір бастан асып жатқан шаруа бар. Елде жүргенде екен ғой кезек күтіп тұрған көп жұмыстың шетіне шығып бола алмайтының. Малың
бар, оның сүті бар. Біреуін пісіріп, біреуін ұйытып жүргенің. Үлкен-үлкен қанарға қапталып жатқан жүнің өз алдына. Су тиіп, біте түсіп, құрт-құмырсқа жеп тастамасын деп аяғына жету үшін соның да жұмысы жеткілікті. Атына аяғын артып бір ауылға келіп әңгіме айтпаса, өзіне арналған бір малдың басын мүжіп, болмаса сыбағалы жілігін жеп кетпесе қазақтың көңілі біте ме. Әрқайсысына бір жүгірем деп жүргенде кеште батады. Сол тынымсыз тірлік, таусылмайтын жұмыс алдыңда малың болғанда ғана екен ғой. Ал мында оның бірі де жоқ. Малдан сірә қол көтерді. Үкіметтен қашып байғыз құсап түнделетіп жүрген адамға мал қайдан жолдас болсын. Астындағы көлігіне, жетегіне еріп, айдағанына көнетін ұзын аяқты малмен шыққан. Бірақ шұбыртып, шаңытып бара жатсаң алыстан көзге түсіп, қарауылға ілінетін болғасын «осы уақытқа дейін сенен көрген қайырыма құдай береке берсін, тап болған біреу далаға тастамас, жетектеп есігінің алдына апарар» деп айдалаға оларды да тастады. Арттарынан сызыла боздаған сол түйені қимай жалтақтап бара жатты бұлар. Қайдан қисын. Талай жыл бауырын тартып, рахатын көрді емес пе. Содан кейін өздерімен бірге осында келген бір-жар түйенің де, жылқының да кәзір көзі жоқ. Маңғыстаудың кең даласының өзінде үйренген жеріне тартып отыратын олар парсы жеріне қайдан үйренсін. Шөп жемей, су ішпей көз жасы мөлтеңдеп артына қарап, сай-сүйегіңді езе зарлап, боздады да тұрды. Аяғындағы тұсауын алсаң сол бойда-ақ елге тартатыны белгілі. Ақыры ең болмаса балаларға сорпа болсын деп сойып алды. Елді жайлаған сүзекте көп адамның аман қалуына сол елден келген малдың етінің пайдасы тиген еді. Енді міне, алдында да, артында да қарайлайтын ештеңе жоқ, соқа бастары қалды. Кәзір мұндағылар балшықтан соғып алған жаппаны ғана паналап отыр. Қолынан іс келетін ер азаматтар, шыбыртқыға ілінетін балалар таң атпай жұтқын тамағы үшін түрікмендерге, қызылбастарға жалданады. Басқа не істесін енді. Қарап отырып өле ме. Жеріне келіп отырсада бұл елдің үкіметінің саған жаны ашып, қамқор болайын деген ойы жоқ. Келді деген жоқ, кетті деген жоқ. Тірлігің болса күнелтерсің, болмаса аштан өлерсің, онда менің шаруам жоқ деген адамша үн-түнсіз жатып алды. Күштіден зорлық, тентектен қорлық көрсеңде маңдайыңнан көресің, олардың араша түспейтіні белгілі. «Қой қарап тұрып өлеміз бе, үлкен ұлықтарының алдына барайық, басымызды алып қалмас. Жайымызды айтайық. Бізде құдайдың жаратқан пендесіміз ғой. Дініміз бір. Ел басына күн туды, шыдай алмай осында келдік. Мұсылманбыз ғой, жайымызды түсінер деген ойдамыз. Мал соңында күнелткен қазақ едік. Қолымыздан басқа келмеседе мал бағу келетін еді. Соның шетін қайырып күнелтейік деуге сендердің үйлеріңнің алдында екі-үш ешкіден артық ештеңе көрінбейді. Көзапара өлтіресіңдер ме. Екі қолға бір жұмыс тауып берің. Ана жолымызға қарап тілін жалап, тісінің кірін сорып отырған қатын-баламыз аштан өлмесін»,- деп айтуға жау қайтарардай болып кеткен, елде молданың алдын көрген, сауаты бар дейтін екі-үш адам кешке мойны салбырап қайтып келді. Сөйлесіп те жарымапты. Әр нәрсені бір сұрап отырыпты да, бірін-бірі
түсінбегесін қолын бір сілтепті. Содан әркім өзінің өлмес қамына кіріскен. Тап болған темір жол салуда түрікмендердің істеген қиянаты анау.
Үйде отырған әйелге не жұмыс табылы қойсын. Бала-шағасының үстін жамайды. Әлгі балшықтан салынған жаппаның алдын сыпырады. Әйтеуір қарап отырмай кіріп-шығып жүргендері. Көп бастарын да қоса бермейді. Әйел жүрген жердегі айтылатын әңгіменің көбі тағы да баяғы дүрлеп тұрған кездегі дәурен болып келеді де, арты туған жерге деген өксікке ұласып кетеді. Содан бұлар серттесіп қойғандай ол жайлы әңгіме қозғамайды.
Күн түске таянды. Дем жетпейтіндей қапырық ыссы. Жаман жаппаның көлеңкесінде отырған Ақбөбектің құлағына шыңылдаған дыбыс естілгендей болды. Басындағы жаулығын көтеріп әлгі дауыс шыққан жаққа құлағын тосты. Төске тиіп жатқан балғаның даусы екен. Ақбөбек өз-өзінен жымиып күлді. Жүзінде ризашылық белгісі бар. Мына тал түсте шыңылдатып темір соғып жатқан жеменей бала Бердібек қой. Ақбөбекке үнемі сырын айтатын сіңлісінің қайнысы. Қолының місекерлігі бар. Домбыра тартып, әу деп ән айтады. Жақсы, жаманын Ақбөбек қайдан айырсын өлең де шығарады екен. Өткенде шытынап жарылып ортасынан бөлінуге шақ қалған аққұманын шандытып алуға барған. Сонда жіп-жіңішке қылып кескен жез сыммен құманды орап отырып бір өлең оқығаны есінде.
Төнген соң үкіметтен басқа қауіп, Біз кеттік туған жерден қоныс ауып. Сағыныштан шерменде күйге түстік, Өмір кештік жат елден пана тауып.
Пір Бекет талайларға медет болған, Еңіреген ел жұртын желер ме екен. Тұс-тұсқа тарыдай боп шашылғандар, Күн туып елге айналып келер ме екен.
-Сағыныштан туған бір өлең дағы. Онан басқа ақындық біздің әулеттің әрі-берісінде жоқ,-дегенді қасында отырғандарға. Бірақ қолы шебер. Осындағы қазақтардың баратыны осы Бердібек. Өзі жүрегі жұқа. Ешкімге қарсы сөйлемейді. Сол Бердібек жеңгесінің аяғы ауыр екенін, жерік болып жүргені басқа емес, Маңғыстаудың шымырау суы екенін естіпті. Бауыры Нұрлыбектің де әжесінің бауырында әлсіреп жатып «құдықтың суын сағындым» деп тілім-тілім болып жарылып кеткен ерінін жалап жатқаны есінде. Тумаласы кетіп, көзі қорқып қалған бала жеңгесінің жерік суын қалай тауып берем деп қиналыпты. Содан бір күні «Жеңеше мен шымыраудан су тартар қауғаны жасап, дайындап қоямын. Тіпті доғалақ, оның құлығы, қауға сабына дейін өз қолымнан шығатын болады. Жүрегім сезеді, көп ұзамай туған жерге ораламыз. Маңғыстауға аяқ басқан бойда сол қауғамен алғашқы тап болған құдықтан өзім су тартып берем. Құмарың қанғанша ішесің. Бірақ байқа, түстік беттегі Қарынжарық, Сақсорқаның сулары алғаулау болатын. Ұрсып жүр ме»,-депті. Сонда жеңгесі «Айтқаның келіп, аруақ қолдасын. Кенжем-ау, сол суға, Маңғыстаудың топырағына жеткізші, көзіме көрсетші
сол жерді. Талғамай ішуге уәде берейін. Жарықтық Қарынжарықтың суы бір ұрттасаң ішіңе тиетін парсының жылымшы бұлағы деп пе едің. Кенже-ау, сен сол Қарынжарықтың жусаны мен тітірі белуардан келер шөпке жайылып, құдығының суын ішкен малдың сүтінің де, етінің де дәрі екенін білмеуші ме едің. Жарықтық-ай мал дегенің бір күнде шаялап қалатын еді-ау. Ренжімеймін кенжем, ренжімеймін»,-депті.
Бұл сол уәдесінен шығу жолында шыңылдатып балға соғып жатқан Бердібек. Ақбөбек тілеуі алдындағы жастың туған жерге деген сағынышын түсініп, соған жету жолында ырым қылып қауға жасап жатқанына риза болып отыр. Кенет қалықтап ән естілді. Баяғыдан таныс, жадында жатталып қалған Қайыптың әні.
...Көшкенде жылқы айдаймын Қараменен, Бір құрық кесіп алдым араменен.
Адайдан таңдап алған Ақбөбекті, Ит кедей алып кетті-ау параменен...
Ән жан дүниесін ерітіп, елітіп соңынан ертіп барады. Көз алды бұлдырап сағымның ішінен Қайып көрінгендей. Қолында сыртына ақ жездермен өзі әдемілеп өрнек салған домбырасы. Даусы да сол баяғы қалпы, арада қаншама жылдар өтседе өзгермеген, ескірмеген. Қуаныштан кеудесіне симаған жүрегі бұлқына соғып, аузына тығылды. Баяғыдан бергі қажыған, талған денесі рахатқа бөленіп ерекше күйге түсті.
Ән қалықтап барып тоқтады. Қайтадан шыңылдаған балға даусы естілді. Ақбөбек сонда барып өзінің кәрілік жеңген жарықшақ даусымен әнге қосылып отырғанын білді. Пора-пора болып егіліп жылап та отыр екен.
Ия, адайдың аруы Ақбөбекке туған топыраққа оралу бақыты бұйырмады. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай сол жақта өмірден өтті. Түсі алдамаған екен. Ол уақытта кез-келгенді Этректің асау толқыны өткізе бермейтін-ді. Елге деген сағынышын, туған топыраққа деген сүйіспеншілігін өзімен бірге ала кетті. Бірақ өзі туралы Маңғыстаудың ұмытпайтынын, Қайып екеуінің махаббатын ғасырлар бойы жыр қылып айтудан жалықпайтынын біліп кетті. Тағдыр тәлкегімен Иран жеріне барып табан тіреген олардың ұрпақтарына елге қайту бақыты араға елу жылдан астам уақыт өткеннен кейін ғана бұйырды. Осыдан он жыл бұрын 1995 жылдың күзінде Ираннан шығып Баку арқылы қандастарымызды алып алғашқы кеме келді. Кеме трапынан түсе сала туған топырақты сүйіп, қасиетті жерді аймалап еңкілдеп жылап жатқан кез келгеннің төгілген көз жасында аталарының армандап кеткен аманаты, сонымен қатар сол уақытта жат жердің топырағын жамылып жатқан мыңдаған қандастарымыздың сағынышы да бар еді. Өздерінің қолы жетпеседе артындағы ұрпақтарының өз елімен қауышқанына риза болған олардың сол күні аунап түсіп жатқаны да шындық еді. Солардың ішінде біз әңгіме қылып отырған Маңғыстау аруы Ақбөбек апамызда бар еді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter