23.07.2022
  959


Автор: Отыншы Көшбайұлы

ТОҒЫЗ АУЫЛ

(повесть)


 


Қарт жыраудың алты қанат ақ орданың төрінде өзімен өзі отырғанына біраз уақыт болды. Қолтығынан сүйеп атынан түсіріп, қаумалай қоршап қасына тізе бүккендермен амандық саулықтан әрі аспады. Қабағы қатыңқы, жүзі мұңды. Ашық тұрған киіз үйдің есігінен осы жердің қара тасынан қырнап салынған, бір-біріне жақын орналасқан төрт құлақты үш-төрт там көрінеді. Жанары қайтып жасаураған көзін орамалымен сүртіп жаңадан бой көтерген әлгі тамдарға қайта-қайта қарайды. Көкірегін кернеп бірін-бірі қуалап түйдектеліп келе жатқан сөзге ерік беретіндей қозғалақтап қасындағы домбыраға қолын созды. Қай уақытта да бабында тұратын домбырасының пернесін қуалап қолын жүгіртіп өтті. Ұлы ақынның өмірлік серігі болып келе жатқан қара домбыра әп дегеннен-ақ жаныңды жабырқатып, сай-сүйегіңді езер мұңды мақамға басты. Күні кеше ғана өткен, әлі жарасы жазылмаған орны толмас қасіретті, шаңырақтың тірегі болар соңғы боздақтың қазасы, арысын жоқтап ұлан далаға зарын айтқан жесірдің даусы, иесіз қалып құйрық-жалы түйілген арғымақтың арқырай кісінегені, тірілердің өліге көрсетер ең соңғы құрметі-ескерткіш құлпытасты аялай сипалаған қарындастың көз жасы, әлі оң-солын айырмаған қорғансыз қалған жетімнің ертеңгі күнге деген үміті, бәрі, бәрі де домбыра шегінен шыққан мақамнан ақтарылып өзін қоршап отырған көпшіліктің орны толмас өкініші мен арман тілектерін дөп басқандай. Осы бір мұңды әуеннің көп ұзамай-ақ нақылға толы жырға ұласатынын, әйгілі жыраудың жүрегінен жарып шыққан сөздері бірде кешегі қасіретке жетелеп көзіңе жас келтірсе, бірде ақтарылған сол асыл сөздің ертеңге деген сенім жүгін арқалатынын білген көпшілік «қапы қалмайық, әрбір сөзін жадымызға тоқып алайық» дегендей оған жақындай түсті. Сексеннің сеңгіріне шығып аяғына кәріліктің тұсауы түссе де ақыл- ойы бұрынғы дария қалпынан айнымапты. Тереңнен тебіреніп шыққан сөз өзін ынтыға тыңдап отырғандарды аялай тербеп бірте-бірте ел басынан өткен қилы кезеңдерге жетелеп бара жатты...


«Менің көргенім, өзіме дейінгі сұңғылалардан естігенім көп еді жарқыным. Қарасаң көз жетпес көсіліп жатқан осы даланы мекендеген ата бабаларымыз үнемі аттың жалында, атанның қомында күн кешіпті. Тыныштықпен өткізген күні, алаңсыз жатып атқызар таңы аз болыпты. Жан- жақтан анталап келіп бірде ұйқыңды, бірде күндізгі шырқыңды бұзар жауға қай кезеңде де дайын тұрып тойтарыс беру үшін бұл адайдың қаруы белінен түспепті. Оған ер азаматы түгілі оң жақта бой жетіп отырған қызымыз да, ат жалын жаңа тартып мінген баламыз да үйренген. Қапталымызда қару жүрмесе, оның сыңғырын естімесек еркегіміздің көңілі құлазып, ошақ басында жүрген әйелдеріміздің де ісінде береке болмайды екен. Тіпті желіні сыздап өрістен қайтқан ұзын аяқты малымыз да жолындағы жантақты жұлып жеп тұрып жан-жағына елегізе қарауды жадына сіңірген. Өмір бойғы арпалыс, бірде мерейің үстем болатын жеңіс, бірде бармағыңды шайнап


 


өткен өкініш бізді соған үйреткен. Қай уақытта да ел намысын қарақан басымыздың амандығынан жоғары қойыппыз. Туырлығымызды турап, қызымызды күң, ұлымызды құл қылуға ұмтылып бейқуат жатқан елге кенеттен тап болар жауға үзеңгіге аяғы ілінер үлкен-кішіміз бірдей қарсы тұрыппыз. Адай елінде, бізден бұрынғы өткен ақсақалдарымыздың айтып кеткен қағидасы бойынша қандай қиындық болса да кіндіктен жалғызды жау жолына жібермейтін-ді. Ол қағиданың түпкі мақсаты-сол жалғыздың шаңырағының құламай, өмір желісі тоқтап қалмасын, ұрпағын жайсын дегендіктен туындаған еді. Алайда ертеден қалған сол заңды кесе-көлденең тартып ұрыс даласынан өзін аулақ ұстаған бірде-бір жігітті менің кәрі көзім көрген жоқ, құлағым естіген жоқ. Оның есесіне жалғызы жаудан қаза болған қорғансыз қарияның ел алдында өзін жоғары ұстап, мәртебесінің тасығанын талай көрдім. Жеке басының емес, елінің намысы үшін кеудесіне кіршілдей қадалған мың сан оқтан өлген жалғызының өнегесін кеудесі сырылдап отырып мақтаныш тұтқан талай қарияны көрдім.


Менің содан түйгенім-бұл топырақтан қаумалаған қалың жауды көргенде тұла бойын қорқыныш билеп тек өз басының қамын ойлайтын ез кездеспепті.


Бұл топырақтан бойындағы бар қайратын қатын мен балаға, болмаса үй белдеуіне сүйкенген қотыр тайлаққа ғана жұмсайтын есер тумапты.


Бұл топырақтан ошақ пен қазан арасын өлшеп, соның буына елтіп отыратын жетесіз жаратылмапты.


Бұл топырақтың басқа түгілі шашы төгіліп тілерсегін қаққан, үлде мен бүлдеге оранып отырған аруы да керек кезінде ауыздығымен алысқан арғымақ үстінде жауына қарсы қару жұмсай біледі екен. Елін шапқан, әкесі мен ағасын қапыда мерт қылған жауының төсі астында жаншылып күңдікпен күн кешкенше, ерлермен бірге ұрыс даласында қаза тауып, туған топырағының бір тасына басын сүйеп жатқанды жаны қалайды екен.


Сондықтан да шығар, Маңғыстаудың қара ойы мен Үстірт үстін мекендеген Адайдың қай руының да кейінгі ұрпаққа айтар өнегесі мен көрсетер тәлімі жетерлік. Олар жайлы халық жадында ән болып айтылып, жыр болып төгілуде.


Бұл туған топырағының пұшпақтай жерін де жау қолына бергісі келмеген, ертеңгі ұрпақтарына қалдырар атадан қалған ең асыл мұра-ұлан даланы сақтап қалғандарға деген мәңгілік ескерткіш. Сендердің бастарыңнан өткен, бүкіл Адайға опық жегізген кешегі қасіретті де ұмытпай жадымызға сақтауға міндеттіміз. Әрине «Орны жоғалмасын, басына келіп тәу етіп тұрайық» деп белгі салдыңдар. Ол қай мұсылманның да әке алдындағы борышы, ұрпақтық парызы. Бірақ жасанған жауға жан-жақтан келер көмекті күтпей-ақ азғана қолмен қарсы шапқан, аңызға бергісіз ерлік көрсетіп кәзір жер қойнында тыныс тапқан мына жатқан батырлар жайлы одан да үлкен ескерткіш соғу керек сияқты. Ол ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берер жыр туынды болмақ. Қызыл тілден толғанып шыққан, орынсыз мадақтан, әсіре қызылдан ада сөздің терең тамырлы ағаштай ұзақ жасары


 


анық. Арада ондаған, тіпті жүздеген жылдар өтсе де олар көрсеткен ерлік елінің мақтанышы болып ұрпақ тәрбиесіне қызмет етеді. Мен осында, батырлардың там байғазысына келер алдында осыны ойлап көп толғандым. Өзіммен бірге арнау жырымды да әкелгім келген. Толғандым, тебірендім, бірақ өз ісіме өзім риза болмадым. Ішінің мағызы жоқ сырты жылтырақ сөзбен өзімді де, өзгені де жұбатқым келмеді. Ең бастысы мына жатқан аруақтар алдында арымды таза ұстағым келді. Жасы келген адамның сөзі де, ойы да шашыраңқы тарта бастайды екен. Соған көзім жетті. Бірақ, қолдан келіп жатса үлкен жыр арнау керек деп шешіп, өзіммен бірге мына отырған аға баласы Нұрымды ерте келдім. Адайдың басына түскен бұл оқиғадан хабарлы, бірақ, сол жорыққа қатысқан ағайындардың ара жігі, қоныс мекені, жер-су атаулары бұған бейтаныс. Орталарыңда болсын, көзі көрген адамдармен пікірлессін, оқиға болған жерлермен таныссын деп арнайы өзіммен бірге ертіп келдім. Жүректен шыққан сөз тыңдаушысын сағым қуалатпай шындыққа жетелей білсе ғана өміршең болмақ. Алдамшы жылтырақты көп ұзамай тот басады. Оның қайтадан көз тартуы мүмкін де емес. Сондықтан жыршы о бастан да шындыққа жүгіне білсе және ол қанына сіңген қасиеті болса өзін қаумалаған тыңдаушысының көкейінен шығары анық. Бұл айтылғандар Нұрымның бойында бар. Қасыма ертіп жүріп осыны байқадым. Сондықтан да оған сенім арттым. Ел сенімі ауыр жүк, оны көтере алады деген үміттемін. Бірақ бұл бәйгеден қалыспаймын, менің де қақым бар дейтіндер болса жолына кесе-көлденең тұрмайық. Алдағы бір кездесуімізде көкейіндегі сөзін жаратып, ұлы додаға қосылам дейтіндердің жарысын көрелік. Ол кездегі әділ бағаны жалғыз Абыл бермейді, көп береді.


Осыны айтқан ұлы жырау тағы да үнсіз қалды. Жасы келген жыраудың ақ ниетімен айтқан сөзіне риза болған көпшілік бір-бірімен дуылдаса сөйлесіп жатты. Бұра тартқан ағайын көрінбейді. Сөз қадірін Абылдай ұғынып, Абылдай жеткізе білетін, онымен сөз тізгінін жарыстыратын адамның бұл өңірде жоғы белгілі. Ендеше оның сенім артып қасына ертіп келген шәкірті Нұрым ақынға «кідіре тұрсын» деп кім қарсы келер дейсің. Сөз бәсекесі базардағы бөз бәсекесі емес. Оны орынсыз көтермелеп пұлдай да алмайсың, қапталдан қосыла шауып бәсін төмендете де алмайсың. Естігенін саралап, көзімен көргенін бағамдап, өткен күндер еншісін жанымен сезіне білгенде ғана қызыл тілден ұлағатқа толы сөз шықпақ. Ақынның сөзі уақыт өте келе көзден кетіп, көңілден ұмыт болатын бәйге аты емес, болмаса көп тұрса ашып кететін таяз құдықтың алғаулы суы да емес. Халықтың мәпелеп төбесіне көтерген нағыз ақыны әйгілі құдықшының таспен шегендеп өрген шымырауымен бірдей. Қауғалап қанша алсаңда сарқылмай құмарыңды қандырумен болады. Осыған тоқталған көпшілік Абыл ақынның баталы сөзін қабыл алды. Әруақтарға бағышталып оқылған құранның мақамы отырғандардың тұла бойына шым шымдап тарап, бірте-бірте әлі орны жазылмаған кешегі қайғылы оқиғаға жетелеп бара жатты.


 


***


 


Қабыл батырдың өзімен қатарласа келе жатқан топтан озып ілгері кеткеніне біраз уақыт болды. Оның сырына қанық жолдастары ауыздығымен арпалысқан аттарының тізгінін тартып артта келеді. Неге екені белгісіз кешеден бері батырдың қабағы қатыңқы. Әшейіндегі аңқылдай күліп, жарқылдап сөйлеп отыратын күйінен айрылған. Өзімен өзі. Төрт құбыласы түгел, шаруасы жай батырдың аяқ астынан осындай күйге түскеніне қасынан бір елі қалмай жүретін үзеңгілестері де, от басындағы жанұя мүшелері де түсінбеді. Неде болса оның көңілінің қобалжуында бір сыр бар. Бүгін таңертең жігіттерін шақырып жол жүріп қайтатынын айқан еді. Қай жаққа баратынын да ескертпеді. Неде болса кейінгі қалдыруға болмайтын шаруасы болса керек, бағыты Сүгірәлі ауылдары сияқты. Онан басқа кәзір той-томалақ қуатындай реті жоқ. Елдің бәрі ойға құлап кеткен. Бір-бірімен қатарласа көшіп келе жатқан Бәйімбет ауылдары ғана асықпай артта келеді. Үстірт үсті биыл іріп тұр. Құдайтағаланың берейін десе бәрі қолында емес пе. Жаз бойы мал жайылмай тұяқ кесті болмаған, оның үстіне қайта-қайта төгіп жауған жаңбырдың әсері ме, әйтеуір Арқадан құлап төсінде бытырай жайылған ірілі- уақты мыңдаған малға құт болып тұр. Оның үстіне ақырап айы аяқталып қалса да күн әлі жылы, май тоңғысыз. Бұл ауылдардың әзірге ойға құлап кетпей артта қалуларына себепші болған жайлар осы еді. Мал соңындағы қазақ әрбір күнін тиімді пайдалануды жөн көрмей ме. Тағы да он-он бес күннен кейін төмен құласақ та кеш қалмаспыз деп ойлаған.


Осы жаққа аттанар алдында отағасыға таңғы шәйін бабымен беріп отырған бәйбішесі бірдеңе айтар ма екен дегендей бетіне сұраулы жүзбен қайта-қайта қараған. Қабыл сол күйінде үн-түнсіз отыр. Арасында кереге басында ілулі тұрған қаруына көз салып қояды. «О, жасаған, өзің жар бола гөр» деді ішінен Ақсырға кезекті тас аяғын ұсынып жатып. Осы әулеттің табалдырығынан аттап, түтінін түтеткеніне бірнеше жылдардың жүзі өтіпті. Осы уақыт ішінде қасындағы жарының мінезіне, сыртына шығармаса да өзін толғандырып жүрген ой-пікіріне қанық сияқты еді. Ығына қарай жығылып, жолына керек-ау дейтін жабдықтарын алдын-ала дайындайтын. Тіпті оған қыр асып, ел қорыған жарының кенеттен тап болар ұры-қарымен де, болмаса жасанған жаумен де арпалыс кезінде қолына ұстар қару жарағы да таныс еді. Қай-қайсысында қанжығасына байлап, киіз үйдің есігін көтере ашып өзі жолға салатын. Сол сәттегі өзінің бойындағы алай-түлей толғанысын да, тәңірден жарының амандығын тілеп жалбарынып тұрғанын да білдірмейтін. Күлімсіреп шығарып салатын. Батыр үзеңгіге аяғын салып ат үстіне қонады. Соны күтіп бір орнында шыр айналып тұрған арғымақ шұрқырай кісінеп көкке шапшиды. Жарықтық, атасы мал демесең Ақбоз ат алдағы болар жайларды алдын-ала сезетін. Кейде сонау ұлы дөңнің үстінде бірін-бірі жөңкіле қуған сағым іщінен найзасын шошаңдатып жау келе жатқандай, өзіне беймәлім жат иісті сезгендей көзін алысқа қадап танауын қусыра кісінесе, кейде аяғымен жер тарпып оқыранумен болады. Арқасын босатып, жүгенін сыпырып жіберсе де малдығына басып өріс куаламай, дүсірлей шауып келіп үй іргесіндегі  төбе басында тұратын. Тұлпарының тұяқ


 


дыбысына дейін жадында жатталған Қабыл осы кезде үйден шығады. Ақбоз ат сонда барып «Бекем бол батыр, қапы қалмайық» дегендей иесіне қарап басын шұлғиды. Оның асықпай жайылғанына қарап тұрған Қабылдың жүзінен қашанда қасынан табылып, қанаты болған атына деген сүйіспеншілікті байқауға болатын.


Кешеден бері осы Ақбоз аттың әлденеге елегізіп тыным таппай тыпыршуын Ақсырға жақсылыққа жори алмады. Көңілі құрғыр өрекпіп, жүрегі аузына тығылғандай әсерде болды. Неге екенін өзі де түсінбейді. Осы жасының ішінде батырды талай жорыққа аттандырып, талай таңды ұйқысыз атқызғаны бар. Бірақ сол кездің қайсысында да дәл осындай күйге түсіп көрмеген-ді. Әлдебір құдырет жарының аман келетініне, от басының, ошақ бұтының бүтін болатынын сендірумен болатын. Талай рет сан етін тесіп өткен найзадан, болмаса қиялай шапқан қылыш жүзінен еті жалбыраған Қабылды төсекке жатқызып жатып «Жараң құтты болсын батырым» деуді де ұмытпайтын. Қабыл болса жарының осы сөзі өзіне дем беріп, қолтығынан сүйейтіндей қанша ауырсынса да қабағын шытпай мейірлене қарап рахметін айтушы еді. Бірін-бірі іштей ұғысып, іштей тілдесетін. Азамат болып аяғыңды үзеңгіге арта білмесең, жан-жағыңнан қаумалаған жауыңа жүрегің дірілдемей қарсы тұра білмесең, бетпе-бет келген қарсыласыңды дегеніне жеткізбей бірде сұлатып, бірде оның қапысын тапқан найзасына ілінбесең несіне ер болғаның. Жарыстың сәні оза шауып бейге алғаның болса, шайқастың сәні күтірлей сынған қабырғаңның ауырғанына қарамай соңғы демің қалғанша қылышыңды сермеп өту емес пе. Енді сені ала алмасына көзі жетіп, бас амандығын ойлап тұра қашқан жауыңның артынан қаның сорғалап, арыстандай ақырып ұмтылғаннан артық бақ бар ма еді ер азамат үшін. Жеңістің де, жеңілістің де орны бөлек, дәмі өзгеше. Ерлікті бағалай білген адам жеңіліс бәсін де бағамдай біледі. Жаңа ғана дулығасының астынан көзі шатынап өзіңе тістене қылыш сермеген жауыңның ерен қимылын сағына еске алатын күндер де болады екен. Тобыр санын көбейтіп, ұлы дүрмекке ерген көптің бірінің емес, елінде атағы шыққан сол батырдан алған жарақатың да өзіңе ыстық болады екен. Жараңа айтылатын «құтты болсынға» мәртебеңнің өсетіні де сондықтан екен.


Ақсырғаның батырға қосақ болып бір шаңырақ астында өмір сүрудің қайғы мен қасіретке, азапқа толы жылдарында ұққаны осы еді. Ойлап отырса елі үшін арпалысып өткен батыр да бір екен, оның жолына үмітпен қарап тілегін тілеп отыратын әйел де бір екен. Майдан даласындағы бірін-бірі кескілеп жатқан ұрысты көзіңмен көріп, өкпе-бауырыңды қопара кірген найзаның ұшындағы соңғы сәттегі жан тәсілімді басыңнан өткермесең де, соның бәрін жаныңмен сезінеді екенсің. Сол ұрыс, сол шабыс, дүниенің бәрін ұмытып    бір-біріне                   өршелене               ұмтылғандардың                қылыштарының      тістесіп шыңылдай тигені дәл іргеңде, көз алдыңда болып жатқандай бұтыңды қысумен           болады                       екенсің.          Ондай                кезеңде   таразы      басында                тұрғандай қалтылдаған     екі     ұдай                сезім        жаныңды қинаумен         болады.      Бірі-


қыршынынан қиылғандардың мүрдесін артып найзасын ер үстіне кесе-


 


көлденең байлап, орны толмас өкініште келе жатса да жеңіс туының жоғары болуы болса, екіншісі-сол майданда бәрі де қаза тауып, мерейі үстем болған жаудың қорғансыз қалған ауылға жан-жақтан қиқулап шабуы. Жеңіс болса ел үшін мерт болған арыстарға жоқтау айтып, қара жер қойнына тапсырып ертеңгі күнге үміт артасың. Жеңіліс болса туырлығыңды турап, шаңырағыңды ортасына түсірген, көгеніңді қиып мал-мүлкіңді, өзіңді алдына салған жауыңның қол астында болып, дегеніне көнесің. Әйел үшін екеуі де қасірет. Қай-қайсысының жолында да шаңыраққа тірек болар, төмен етектіге қорған болар ер азаматтың құрбандығы болады. Бірінің-бірі малын барымталап, болмаса осал жеріңді тап басып алма кезек елін шауып, мал- мүлкін айдап кететін жайлар адай мен жәуміт арасындағы болып жататын үйреншікті көрініс. Бұған адайдың түздегі еркегі де, ошақ басындағы әйелдері де үйренген. Солай бола тұрса да қай әйел қара жамылып, жоқтау айтқанды қалайды дейсің. Ақсырғаның ішінен «Жасаған жар бола көр» деп тәңірден тілек тілеуі кейде бірдің басын жұтып, кейде бүкіл рулы елге қасірет жүгін төге салатын орынсыз қантөгістен сақтағай дегені болатын.


Қабыл болдым дегендей ишара білдіріп тас аяғын төңкерді. Өзіне жалтақтап қарап отырған Ақсырғаның аржағында қандай сұрақ жатқанын айтқызбай-ақ біліп отыр. О бастан қанына сіңген қасиеті өзінің ой-пікірімен бөліспейтін. Онысы қасындағы жарын төмен етекті санағандығы емес, басқа түскен ауырлықты еркек өзі көтеріп, әйелдің маңдайына тап болар қасіретті өзі көтерсін дегендік болатын. Ертеректе, онда мұның әлі жастықтың желігінен шыға ламай жүрген кезі, әкесінің тапсырмасымен кетіп бара жатып әлденені сылтауратып үйіне қайта оралған. Есіктен аттағанда өзіне шаншыла қарап төрде отырған әкесін көрді. Үй ішін жинастырып жүрген Ақсырға орнынан атып тұрып «неге келдің» дегендей аңтарыла қарады. Күйеуінің бұл жүрісіне өзі кінәлі адамдай атасының бетіне жалтақтай қарайды. Ақсақал иегін қағып келініне «шығып кет» дегендей белгі берді де, қолымен нұсқап баласын қасына отырғызды.


-Жастық жалын, жаңадан қосылған адамдардың бір-біріне деген ынтықтығы кім-кімнің де басынан өткен. Кәзір жасым келіп қалтылдап отырғанмен ондай сезім бір кездері менде де болған. Бірақ ер азамат түздің адамы. Маңдайыңа біткен дәулетің-малыңды даланың ит-құсынан, болмаса оңай жерден олжа іздеген, барымтаны кәсіп еткен ұры-қарыдан қорғау да, арнайы жасанып келген жауға қарсы тұру да ат жалын тартып мінген азаматтың маңдайына жазылған. Ондай кезде артыңа қарайлап екі ойлы болсаң мақсатыңа жетуің неғайбыл. Жарыңның тәтті қылығы жол ортада емес, алдыңа қойған міндетің орындалғаннан кейін есіңе түссе қымбатырақ болады. Бір-біріңе деген ыстық ықылас сонда ғана мәңгілік болады. Жастықтың жөні осы екен деп ошақ басын айналшықтай берсең бәсіңнің кеткені, бәрінен бұрын азаматтығыңа үміт артқан әке сенімінің жоғалғаны. Бұл біздің әулетке жат қылық. Сен кәзір қызылға тояттап болмаған жас бүркіттейсің. Жемтігіңе қайта айналып соғатыныңды біле тұра әдейі осы алыс сапарға жұмсап едім. Менің әкем, сенің атаңның айтқанының қате


 


кетпейтіні, алдын болжайтын көріпкелдігі бар еді жарықтықтың. Сен өмірге келерде шешең қатты толғатқан. Жастық па, әлде ондайға әу бастан мән бермейтін қасиетім бе, білмеймін, ол уақытта мен көрші ауылдағы тойға кеткенмін. Екі-үш күннен кейін оралсам сен өмірге келіпсің. Сонда дастархан үстінде отырған әкем:


-Шырағым, құдайдың бізге дегенде көзі түзу екен. Келін босана алмай қатты қиналды. Осы бір шарана өмірге аман келсін деп құдайыма жалбарынумен болдым. Дегенім болды, келін аман есен босанып өмірге арыстай ұл әкелді. Тәңірім тілегімді қабыл алды ғой деп атын Қабыл қойдым. Еншалла, әулетімізді ұятқа қалдырмас азамат болар. Мен оның бес қаруын асынып ел шетінен жау қорығанын көре алмаспын. Оны жолға салу да, қанатының қатайып биікке ұшуына ақыл-кеңес айтатын да өзің боларсың. Алғашқы қадамының теріс жолға түспеуін басты назарыңда ұста. Өмір жолы бұралаң дегенмен негізгі бағыттан ауытқымауына сеп болатын да сол алғашқы әкелік ақыл-кеңес болмақ,-деп еді.


Кәзір сол есіме түсіп отыр. Жолдан қайта оралғанды ешкім де жақсылыққа жорымайды. Басқасын былай қойғанда жорыққа аттанып бара жатқандарда жау күшінің көптігін білсе да екі ойлы болып кейін қайтпайды. Құдайдың маңдайына жазғанын көретін. Қару асынған адамға екі жаққа тартар ойдың серік болмайтыны, опа таптырмайтыны белгілі. Атқа міндің екен, алған бағытыңнан ауытқымай тура тарт. Соңыңнан ерген қолыңның аздығына көңілің қобалжып, көңіліңді қос үрей билемесін. Алдыңнан қарауытып көрінген мың сан найзалы жауыңның үрейін қашыратын да, ортасына аспаннан найзағай түскендей берекетін кетіретін де сенің өзіңді аямай тура шапқаның болмақ. Батырға ажал бір күнде келеді. Ол дәл кәзіргі қанды майданда келе ме, болмаса айдалада қапы кетер жеріңді аңдып бұғып келген әлдебір әумесерден келе ме, оны бір құдай біледі. Сондықтан қай кезде де белбеуің босап, тақымың әлсіремесін. Белбеудің бостығы артыңның әлсіздігін білдірсе, тақымның бостығы тыз етпе шабыстан әрі аспайтындығыңды білдіреді. Ондай адамнан қол бастайтын батыр да, елді соңына ерте білер көшбасшы да шықпайды. Сен кәзірден бастап елдің аузына іліне бастадың. Көп біліп айтады, әділ қазы да сол халық. Оның орынсыз мадақтап, орынсыз көтермелемейтінін өзің де білетін шығарсың. Әке балаға сыншы. Сыртыңнан айтылған әңгімеге, берілген бағаға мен де сын көзбен қараймын. Тәубе етерім көп. Оның бәрін тізбелеп жатпайын. Бар айтарым елі үшін қорған бола білу, қол бастайтын батырлық біреудің ақылымен, көрсетуімен келетін нәрсе емес. Оған туа біткен өжеттік, қандай қатерден де тайсалмайтын салқын жүрек керек. Осы өжеттік пен жүректілік тар жерден жол табар ақылмен қосылып, бірікенде ғана батырдың жолы болып, мәртебесі өседі. Осы есіңде болсын шырағым. Бірде ойға құлап, бірде Арқаға шығып жүрген Адай елінің қаруын іргеге сүйеп «Біраз шаптым ғой, енді қараусыз қалған шаруамды күйттейін» деп қамшы ұстағанын сен де, мен де, тіпті бізден бұрынғылар да көрген жоқ. Бәлкім осы ер жастанып, тоқым төсеніп жүре беру әлде де жүз жылға созылмасына кім кепіл. Олай болса әлі


 


талай қылышыңды қайрап, найзаңды суаруыңа тура келетін шығар. Батырдың тек көзі көреген, қолы қаруда ғана болмау керек. Жан-жағыңдағы елдердің, анау Қаразымның ойындағы хиуалықтардың, түстіктегі түрікмендердің, мынау Жайықтың іргесіндегі қалмақтардың тіршілігінен хабарлы болып, түпкі мақсатын сезінгенің жөн. Сырттан келер жау үйірге қосылған бейтаныс айғырды қуалап, қайырып тастау емес. Іргеңнен әрі ысырып тойтарыс бергеніңе оның қырты да қисаймайды. Қабаған итше қайта-қайта етегіңнен тартып әлсіретеді. Сондықтан оның бір ғана жолы-енді қайтіп беттеместей қылып тәубесіне түсіру. Бұл елдің қандай екенін, қасиетті топырақ үшін оның кез-келген тұрғынының жанын аямай, арын арлайтынын көрсету. Сондай кезеңдерде туралып келген ажал құрығына ілінсең Аллатағаланың өзіңе жіберген ерекше құрметі, бағы деп есепте. Оның артының өкініші жоқ. Өйткені батырға елі үшін өмірін құрбандыққа шалып, шейіт кету асыл қасиет болмақ.


Жастыққа қисайып жатқан Қабылдың ойына әкесінің бір кездері айтқан осы сөздері түскен еді. Одан бері де бірнеше жылдардың жүзі өтті. Талай рет өмір мен өлім арпалысқан сәттердің ортасында болуына тура келді. Соның қай-қайсысында да көңілі қобалжып, бойын үрей билеген жоқ. Шындығында да бір кездері әкесі айтқан «батырға ажал бірін-бірі аямай шабысқан қан майданда келе ме, әлде бейбіт күндегі бір әумесердің қолынан келе ме, ол саған емес, бір құдайға аян»- деген сөзінің растығына талай рет көзі жетті. Осы Маңғыстаудың ойы мен қырын мекендеген Адайдың қай руы болса да хабар жетсе біріне бірі қол ұшын беруге, қиын кезеңде қолтығынан демеуге ұмтылатыны белгілі. Ал, екі күннің бірінде болып жататын шашау шыққан малыңды иемденетін барымтаның, болмаса түн жамылған қарақшының жолына қарсы тұрып, тірлігіңді істеу өз міндетің. Өткен жылы жылқы соңында жүрген бір інісі таң ата дүсірлей шауып үйге келгені бар-ды. Басын таңып алған орамалының сыртына қан ұйыпты. Қабағын шытып бір қолын ауырсына қозғайды. Қабыл айтқызбай-ақ не болғанын бірден түсінді.


-Қабеке, құла айғырдың үйірінен айрылып қалдым. Ұйқыда жатқанымызда бас салды. Қорғанып та үлгере алмадық. Арпалысып жүріп астымдағы атыма аяғымды зорға іліндіріп осында шаптым. Қасымдағы көмекшілерімнің екеуі де атқа мінуге жарамай күркеде қалды,-деді.


Ағасының өзіне қатулана қарағанына шыдамаған інісі төмен қарады. Мінезі өзіне мәлім. «Мал ашуы-жан ашуы» дегендей өзгелерге ұқсап қолына қамшы алмайтыны белгілі. Бірақ, сол қамшыдан да қатты сөздермен жоныңнан таспа тілетіні аян. Арада біраз үнсіздік өтті. Бір уақытта барып Қабыл:


-Әй, жетесіз, бері қара,-деді. Құла айғырдың, оның үйірінің мен үшін орны бөлек, қымбат болғанымен шындығына келгенде сырты түк, іші боқ малдың бірі. Оны қасқыр жеп кетсе де істейтін амалың қайсы. Бірақ сол өкінішке жеткізбеудің амалын алдын-ала алуың керек еді. Соңғы кезеңдері даланың тағысы өз алдына, мына іргеңде жатып әлсіз жеріңді аңдыған жәуміттердің бұл жаққа әлденені сылтауратып қайта-қайта ат ізін салғанынан


 


секемденетінімді айтқан жоқ па едім саған. Біресе жоғын қараған болып, біресе әлдеқашан сүйегі қурап қалған ата-бабасының басына келген болып жүргенін өзің де көрдің ғой. Солардың артында бір жымысқы ойдың жатқаны белгілі еді. Әйтпесе өрісі бөлек, суы бөлек оның түйесінің лағып бері асып келетін несі бар еді, болмаса олардың өздері түгілі әкелері ұмытқан ата бабасының сүйегін іздеу соларға қарап қалып па еді. Біле білсең құла айғырды, оның үйірін олар «жолымызда тап болған пайданың бірі ғой, далаға тастамайық» деп айдап кеткен жоқ. Бұл олардың көптен бері көкейлерінде пісіп жетілген ойларының бірі. Әрі-бері жүргенде сенің жылқыңа көз салып өтетін болған. Сонда олардың мал тани білетін кәнігі көздері құла айғырдың, оның тұқымының қанының бөлек екенін байқаған. Түрікмендер өздерінің ахалтекесіне адай жылқысының қанын араластыратыны әу бастан белгілі. Міне, олардың түн жамылып келіп айтулы айғырдың үйірін алдына салып айдап кетуінің мәні осы еді. Ал сен болсаң «қара басып ұйықтап қалыппыз» дейсің. Сен ұйықтап қалсаң, мен «әй, баланың бір білместігі болған шығар» деп маңдайыңнан сипасам көп ұзамай алдымыздағы малымыз түгілі, қойнымыздағы қатынымызды сол жәумітке бере салатын шығармыз. Жоқ, дәл кәзір аттанамыз екеуміз солардың артынан. Ауылың шабылмаса да малыңның асылы кетті солардың қолында. Мен жер басып жүрсем сол жәуміттерге осы далаға тиесілі бір мысқалдай затты да бермеймін. Құла айғырды солардың қолына беру деген сөз ертеңгі еліңе шабар қалың қолдың тақымына басар жарамды аттарды өз қолыңнан дайындап беру деген сөз. Олар әлі ұзап үлгерген жоқ. Мен білсем сендерді аттан аударып таяққа жыққаннан гөрі, құла айғырдың үйірін айдап кету жәуміттерге оңай соқпайды. Құла айғыр олардың ойын да, пиғылын да түсініп арпалысумен бара жатыр.


Содан ауылда қалған үш-төрт жігітті ертіп атқа қонған. Осыдан бір апта бұрынғы төгіп өткен нөсер жауынның әсері ме, әлде барымташылар шынымен-ақ біраз жерді артқа тастады ма, белгісіз, көз көрім жерден шаң көрінбейді. «Мүмкін емес»,-деп ойлады алда келе жатқан Қабыл. Ауылдан шыққалы да бір қозының еті пісетін уақыт болды. Әлде олар інісі айтқандай таң ата жылқы жусап жатқанда емес, іңір қараңғысы түсе келіп тиді ме екен. Неде болса сонау көрінген төрткүл төбеге жету керек. Аспанға құс боп ұшып кетпесе сол жерден бәрі көрінуі тиіс. Ақбоз ат төркүл төбеге шыға сала күншығыс бетке қарап арқырай кісінеді. «Көрдім, көрдім»,-деді Қабыл атына риза болып мойнынан сипап. Төрткүл төбеден төрт-бес шақырым жобасында жан-жақтан қоршап үйірді қуып бара жатқандар да көрінді. Ақбоз аттың кісінегенін естіді ме, әлде өзін қаумалаған қуғыншылардың осал жерін байқап қалды ма, осы кезде құла айғыр да «соңымнан ерің» дегендей кісінеп топтан жырыла қашты. Бағыты оң жақ беттегі бір-біріне жалғаса тарамданып кететін терең сай. Оған жетсе құла айғырдан да, оның соңынан ерген бүкіл үйірден де айрылатынын білген қуғыншылар «жіберме», «алдын ора» дегендей бір-біріне айқайлап соңдарынан шапты. Осы кезде төбеден құлап өздеріне  қарсы  шауып  келе  жатқандарды  да  көрді.  Адайлардың  қарап


 


жатпасын алдын-ала біліп жоспарлаған болуы керек, олар тез арада екі бөлінді. Бір тобы қашып бара жатқан жылқы соңына түсті де, қалғаны өздеріне жақындап қалғандарды қарсы алуға дайындалды.


Алда келе жатқан Қабылды түрікмендердің қаруына қол созбай күтіп тұрғандары таңқалдырды. Бұл не? Қарсы шауып келе жатқан қуғыншыларды менсінбегені ме, әлде азғана топты жақындатып қоршауға алып шауып тастау ма? Әлде қолдарында сойылдан басқа қаруы жоқ қазақтардың жалаң қылышқа тура шапқан ақкөздігіне, ия өлтіріп, ия өліп тынбай арпалысатын алдағы болатын шайқасқа жүректері дауаламай тұрғаны ма? Осыны ойлап тас түйін болған батыр неде болса артын күтуді жөн көріп қолын қылышына созбады.


Бұлар жақындай бергенде алда тұрған сылыңғыр қара қолын көтерді. Қасындағы қатарласа тұрғандар найзаларын төмен түсіріп бей-жай қалып танытты. Бұл кезде құла айғыр жан-жаққа бытырай қашқан үйірін арқырай кісінеп жинақтап сай бойына сіңіп бара жатты. Ендігі қуғынның пайда әкелмесіне көздері жеткендей, қолдарынан сусып бара жатқан қып-қызыл байлықтан айрылып қалғандарына өкінгендей бастарын шайқап бір-біріне қарап ұйлығып тұрғандарға беттеді.


-Тоқта, батыр,-деді сылыңғыр қара қолын көтеріп. Өзіңнен екі-үш есе көп жауыңа тайсалмай қарсы шапқаның ақкөздігің емес, батырлығың болар. Біз бес қаруымызбен жасанып шықсақ, сен сол жасанып келген жауыңа емес, даланың тағысының соңына түскендей сойылыңмен шығыпсың. Қарамызды көріп райынан қайтар, жер басып жүрер тірліктен кім қашар дейсің деп ойлаған едік. Бірақ олай болып шықпады, сен көзсіздікке бастың. Осыныңнан-ақ, қақпанға түсіп жатса да арпалысып өтер арланды көргендей болып тұрмын. Ақылды кейінге ысырып қылышқа жол берсек екеуміздікі де жөн болып көрінуі мүмкін. Өйткені сен ақ адал малыңды қуып келдің, ал мен болсам өзімді осы сапарға арнайы жұмсаған ханның тапсырмасын орындауға келдім. Жеке құлқынның қамы емес, бұйрықпен келгеніме аспандағы құдай куә. Бірақ, осы сапар алдында көпті көрген әкем бір аманатын айтып еді.


-Ханның тапсырмасы адайдың асыл тұқымды жылқысын айдап келу шырағым. Шамаң келсе қолыңды қанға былғама. Түн жамылып бар, түн жамылып қайт. Жылқы малы түрікмен үшін де, ана иен даланы мекендеген адай үшін де ең қымбат байлық. Оңайлықпен қолыңа ұстата салмас. Құс ұйқылы біреу тап болса аузын тығындап, қолын байлап кет. Күшіңді одан әрі асырма. Қолыңның бұрын ақылыңа жүгін. Ойлағаның орындалып жатса тіпті жақсы, болмаса адай мен түрікменнің біріне-бірі жасап жатқан барымтасының алды-арты осы емес. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, төрімнен көрім жақын. Біліп айтса ертең Аллатағаланың алдында өзің үшін ғана емес, ұрпағың үшін де жауап береді екенсің. Әкеңнің жаны қиналып, тәңірдің тозағына түспесін десең қолыңды қандама. Билік тұтқасын ұстағандар біреудің қолымен от көсегенді жақсы көреді. Іргелес жатқан бұл екі елдің арасының онсызда тыныш таппай келе жатқаны өзіңе аян. Сылтау


 


іздеп отырғандарға таптырмас ертеңгі қантөгістің күнәкәрі өзің болып жүрме,-деп еді.


Сол әке сөзінен, айтқан аманатынан аса алмай тұрмын. Екіншіден, екеумізде бөрік киген намысымыз бір адамдармыз. Ерлікті жасау да бар, оны мойындау да бар. Жекпе-жекте кездесіп күш сынаспасақ та еліңнің бетке ұстар бір батыры екеніңді біліп тұрмын. Қапы кеткен жерің жоқ болар. Малың түгел, адамың аман. Тағы да кездесіп жатсақ көрерміз. Онда төс соғыстырамыз ба, әлде күш сынасамыз ба, ол тағдырдың қолында,-деп атының басын кейін бұрды.


-Айтқаныңның бөтендігі жоқ сияқты,-деді Қабыл. Азғана ғұмыры қалған әке сөзін жерге тастамай аманатын орындағаныңды перзенттік борышың деп саналық. Бірақ, қолында билігі бар, құрығы ұзын ханның бұйрығын орындау жолында тағы да аяғыңды үзеңгіге салатының анық. Оның осы келген сапарыңа риза болмайтыны өзіңе белгілі. «Айдап келе жатқан малымнан айрылдым, сойылын сүйретіп соңымнан шапқан төрт қазаққа ақыл айтып кейін қайтардым» дегеніңе «Е, бопты, кісілік жасаған екенсің» деп кеңпейілділік танытпайтыны тағы аян. Хан тырнағын батырар, сен оның ашуын бейкүнә халықтан аларсың. Тағдыр жазса тағы да кездесерміз деп тұрсың. Қай кездесуден де біз қашпаспыз. Бірақ бір нәрсе есіңде болсын. Бұл жердің тұрғындары ақ ниетімен келген адамдарды жатсынбай бауырына тартады. Ал, әлдеқалай жымысқы ойы артында жасырынып тұрған, пиғылы бөлектерді ата-бабасының сүйегі қалған қасиетті жерде тайраңдатып қоймайды. Қол жинап үлгермей екі-үш жігітті ертіп арттарыңнан келуіміздің себебі де сол. Мына далада қазақтың да, түрікменнің де моласы жетерлік. Соның көбі құдайдың жіберген ажалынан емес, зордың күшімен, біреудің айтағымен болған осындай барымта, қақтығыста көз жұмған. Оның арасында қасіреті әлі ұмытылмаған ірі-ірі шайқастар да болды. Бірақ соның қай-қайсысында да сырттан келген шапқыншының дегені болып, төрге озғанын көргенім жоқ. Ендеше, осы даланы иемденем, байлығын бауырыма басып, адамдарын құл қыламын деген ойдың орындалмайтыны анық. Маған қапы кеткен жерің жоқ шығар дейсің. Қателесесің. Өте көп.


Қапы кеткен жерім-ана әр төбенің басында жатқан, қандастарымның орынсыз төгілген қаны.


Қапы кеткен жерім-күні бүгінге дейін Маңғыстауға қарап көз жасын төккен, кәзір сендерде күң болып жүрген апа-қарындастарымның зары.


Қапы кеткен жерім-ұрпақ жалғастығын таппай құлаған шаңырақ пен сөнген ошақ еді. Кәрі жүрегі сырылдап отырып әлі күнге дейін жалғызының жолына қарап үмітін үзбеген, төрінен көрі жақын қарттардың зары еді.


Осы қасірет пен қайғы бізді әлі күнге дейін ат үстінен түспеуге, қай уақытта да қырағы болуға, туған жер құдыретін қастерлеп өтуге үйретті. Бәлкім, кейінгі ұрпаққа біздің де айтар өнеге-өсиетіміз бар шығар. Осы айтылғандарды көкейің түйіп кетесің бе, әлде өз дегеніңмен кетесің бе, өз


 


еркің. Енді кездесіп жатсақ қай-қайсымызда өкініште болмайық,-деп қош айтысқан.


Қабыл сол сылыңғыр қараны есіне көп алатын. Бір жағы ханның бұйрығынан әке сөзін жоғары қойған мәрттігіне риза болса, бір жағы сол кезде қаруы жоқ төрт адамды жер жастандырып кетпегеніне әлі өкінетіндей болып көрінеді. Бірақ оның ханның «алып кел, шауып келіне» жұмсайтын көптің бірі емес, өзіндік салмағы, беделі бар адам екендігін сол кезде-ақ білген. Өйткені қарапайым көп жасауылдың бірі болса өзіндік шешім қабылдамас еді. Ханға сөзі өтпейтін болса соңынан ерген жиырмаға жуық сеңсең бөріктілер барғаннан кейін ретін тауып оны сүріндіруге тырысатыны белгілі. Ол ешкімнен де қыңбады. Өзі айтты, өзі шешті.


Өткенде күзем жүн алынғасын ауылдарының адамдары Бесқалаға базаршылап барған. Жылдағы дағды ғой. Күз түсе мал қоңданғасын Бесқалаға барып оның өнімін өткізетін, өздеріне керекті қыстық азық-түлікті де, киім-кешектік матаны да сол жерден артып қайтатын. Қолыңдағыны беріп керегіңді алып қайтсаң құдайдың бергені емес пе. Бағзы заманнан-ақ хиуалықтар осында анда-санда өздерінің шабармандарын жіберіп «ханның бұйрығы» деп әртүрлі алым-салықтар салатын. Бұл жерге өздерінің билігін жүргізетін. Бірақ ол дәурен ұзаққа созылмады, орыстар келіп анау Үстірт үстіндегі Қызылтасқа әскери бекінісін салды. Бұл хиуа ханына қайдан жақсын. Шамасы келгенше қазақтарды орыстарға қарсы айдап салғысы келді. Қаратау мен Ақтау бойындағы қазақтарға бекініске жақын көшпеңдер, орыстармен байланыс жасамаңдар деп қоқан-лоқы көрсетті. Бұлардың тарапынан бәлендей қозғалыс бола қоймағасын осыдан бес-алты жыл бұрын Қызылтастағы олардың бекінісіне шабуыл жасап та көрген. Бірақ аузынан от шашқан зеңбірегі бар орыстар оларға қайдан алдырта қойсын. Тәубесіне түсіріп кейін қайтарған. Келесі жылы сол бекініске қайта шабуыл жасады. Бұл жолы жүздеген адамынан айрылып, көбі орыстардың қолына тұтқын болып түсті. Қалай болғанда да орыстар олар үшін оңай шағылар жаңғақ болмады. Артынан теңіз суы қайтып кемелері тоқтауға қолайлы болмады ма, әлде көп әскерін ұстап тұруға ол жер қолайсыздық танытты ма, әйтеуір, оны тастап Түпқарағаннан жаңа бекініс салды. Содан кейін-ақ «таз ашуын тырнап алады» демекші олар бар өшін өздерінің уысынан бірте-бірте шығып, орыстардың қолтығына кіріп бара жатқан адайлардан алатын өнер шығарды. Енді базаршылап барғандарға малды айдап барғаны үшін де, тіпті сол жерден астық алғаны үшін де салық салатын болды. Тіпті кей кездері алыстан ат сабылтып барғандарында сауда жасауға да тиым салған кездері болды. Бұл уақыттарда осы Хиуа жерінде тұрып жатқан адайларда бар еді. Олар Қоңырат, Хожелі, Көне Үргеніш аумағында қоныстанған болатын. Ханның салығы оларға да оңай тимеді. Мал ұстағаны үшін бес тілләдан зекет, жайылымды пайдаланған үшін шөп пұлын төлейтін. Ал, Маңғыстаудан жылда көктемде, күзде барған базаршыларды қасында қорғаушысы болмаса тонайтын қарақшылығы өз алдына. Оларға «Әй, дейтін әже, қой дейтін қожаның» жоқтығы сірә белгілі. Бірақ амалың жоқ. Маңғыстау қазақтарының


 


баратын жері сол Бесқала. Арқа асып сонау Көкжар, Орынбор барудан түстіктегі Бесқаланы қолайлы көреді.


Өткен жолы сол базаршылап барғандарға қосылып жылқышы Қаржаубай да барған. Солар Хиуа базарында өздерінің алып барған малдарын өткізіп, керек-жарағын іздеп жүргендерінде былтырғы сылыңғыр қараға тап болыпты. Әлдебір шаруасы болды ма, әлде өзінің дағдысы ма, кім білсін, «хан келеді, хан ием келе жатыр» деп жасауылдар жолындағыларды ат кеудесімен қаға шауып базар ішіне келеді. Адамдарды бір шетке ығыстырып жол ашылады. Бір уақытта жан-жағын қоршаған көмекшілері, нөкерлері бар хан да көрінеді. Өзіне құрмет көрсетіп иіліп-бүгілгендерге маңғаз көз тастап, болар-болмас басын изейді. Алдында құрдай жорғалап асыға, аптыға бір нәрсені айтып келе жатқан базар басшысының әңгімесін де селқос тыңдап келе жатқан сияқты. Ханның нөкерлерінің алдында келе жатқан қараны Қаржаубай бірден таныпты. Өткен жылғы сылыңғыр қара. Жан-жағына жіті көз тастап келеді. «Ия, Қабыл ағам бекер айтпаған екен. Бұл неде болса ханға ең жақын, ең сенімді нөкерлерінің бірі болды» деп ойлайды Қаржаубай. Ол жақындай бере қасындағыларға «өте берің» дегендей белгі беріп ат басын іркеді. Қаржаубайға қарап неге екені белгісіз жүзіне күлкі үйіріледі.


-Міне, біз тағы да кездестік жігітім. Өткен жылғы қасыңдағы батырың көрінбейді ғой. Хиуа базары қалай болғанда да сендер үшін күнелтіс көзі. Қолтығына кірген орыстарың сендерді дәл Бесқаланың базарларындай қамтамасыз ете алмайтынын өздеріңде білетін шығарсыңдар. Оның үстіне ана созылып жатқан далаларыңа олар әлі толық иелік ете алған жоқ, яғни біраз жер әлі хиуаның ықпалында деген сөз. Сондықтан сендер үшін бізден қол үзуге, іргені аулақ салу әлі ерте. Осының бәрін ақылға салып екшей білу ру басы ақсақалдарыңа да, қол бастаған батырыңа да, тіпті сен сияқты қара халыққа да қажет. Діні бір, тілі ортақ елміз. Айтқанға көніп, жөнге түспесеңдер хан иемнің құрығы ұзын, әлі уысы мықты. Ал, батырыңа сәлем айт. Тағы да кездесерміз,-деп жүріп кеткен.


Қалашылардың осы әңгімесін естігеннен кейін Қабылдан тыныштық кетті. Соңғы кезеңдері көңілі қобалжып жайының болмай жүргені де сол еді. Былтыр кездесетін сылыңғыр қараның «Хан иемнің құрығы ұзын» дегенімен хиуалықтар да даланың тағысы сияқты. Төрт құбылаң түгел, басың бүтін кездері олар іргеңді бұзып жармайды. Ұры тазы сияқты ер азаматтың ауылда жоғында, көші-қонның кезінде тап беріп, кездескенді қылыштың жүзіне турап, қолына түскенді алдына салып айдап кетуге әуес. Әсіресе орыстардың орнығып бекініс салғанынан кейін бұрынғы батырлығы қалды. Өткендегі сылыңғыр қараның базаршылап барған Қаржаубайға айтқан сөзі ханның болашақ алдына қойған мақсатынан хабар бергендей. Қабылдың жүрегі алда болар, қапы кетірер бір жайды сездіргендей болды.


Осыдан бір ай бұрын Балуанияз батырмен кездескені бар еді. Өзімен қатар батырдың бұл уақытта ерлігімен атағы шығып жан-жаққа жайыла бастаған кезі. Қабылға Балуанияздың әлдебіреулердей сол атаққа малданып,


 


көп ортасында желкесін күдірейтіп кесек сөйлемей, не айтса да ақылға салып отыратыны ұнаған. Көргені, түйгені көп сияқты. Адайлардың ру-руының арасын терең білгені өз алдына, іргелес жатқан елдердің де жайларынан мол хабарлы екенін сол әңгіме үстінде байқатқан.


-Көктем шыға сонау Арқаға дейін көшіп-қонып, одан Маңғыстаудың Қаройына, аржағы Жаңғақтың ойына дейін құлап емін-еркін жайлаған ел едік. Соның өзі алдымыздағы малымызға тарлық қылғандай кей кездері көш жолындағы құдық суына бола, кейде сол тұяқтың өрісіне бола ренжісіп, бір- бірімізге сойыл жұмсаған кезеріміз де болып тұрады. Мұның бәрі адайдың алауыздығы емес, мал баққан көшпелі елдің басында болатын ертеден келе жатқан құбылыс. Ата-бабаларымыздың, әр рудың өзіне меншікті ата қонысы, жер-суы болғанмен иен дала бәрімізге ортақ еді. Болмашы нәрсеген қабақ шытқан пендешілігімізді, артық кеткен жерімізді ақсақал, қарасақалдарымыз бетімізге басып тура жолға салатын. Бұл Адайдың осы аймақтарды мекендеп, табан тірегендеріне жүздеген жылдар өтті. Құдай көпсінбесін, ұрпақ көбейіп желісін тартты, мал саны мыңғырып өсті. Бірақ жыл өткен сайын мына ұшы қиырына көз жетпейтін дала тарлық жасап келе жатқандай. Ата бабамыз мыңғыраған мал өсірсе де бұл дала бүкіл адайға жетіп еді. Ал кәзір басқаша болып тұр. Терістіктен орыстар келіп әр жерге бекініс, қорғанын сала бастағаны аздай, бірте-бірте өзінің заң-зәкүні бойынша отырып-тұруымызды талап ете бастады. Олардың ықпалы әзірге теңіз жағалаған елден бері аспағанымен, уақыт өте келе күш ала беретіні белгілі болып отыр. Сол орыстарды біз шақырып әкелгендей түстіктегі хиуалықтардың бейбіт елге қайта-қайта жасағын аттандырып бірде малымызды, бірде жанымызды қолды қылып отырғаны тағы бар. Бірақ олардың қай-қайсысына да басымызды иіп


«айтқаныңа құлдық» деп жатқанымыз жоқ. Бірде жығылып, бірде тұрсақ та жолына қарсы тұрумен келеміз. Шамамыз келгенше өз жерімізде өзгенің билік жасағанына, атадан қалған мұра-жерімізде жат жұрттың тайраңдап жүргеніне қарсы тұрып, күресуді парызымыз санадық. Сонау 1832-ші жылы Бозашыдағы Сүйінғара ауылын шапқанда «енді адайдың бас көтеруге дәрмені болмайтын шығар» деп ойлап тек Бозашы ғана емес, жолында кездескендерін қылышымен турап өткен жоқ па еді. Болмаса осыдан бес жыл бұрынғы Маяның ұлы Бәйменбеттің ауылын шапқаны да есімізден шыға қоймаған шығар. Бұл нені білдіреді? Бұл хиуалықтардың өзінен күшті орыстардың Маңғыстауға келіп табан тірегеніне үндемей қала алмайтынын, әлі де болса осы өлкені өзіме қаратсам деген үмітінің жоғалмағанын білдіреді. Олардың орыстармен ашық айқасқа шыға алмайтыны анық, бірақ оның қол астына кірген адайлардың шет жақтағы ауылдарына тыным бермейтіні белгілі. Сондықтан олармен іргелес қоныс тепкен Қабыл саған да, маған да әзір тыныштық бола қоймас деп ойлаймын. Хиуаның кәзір тізгінін ұстап отырған ханның ретін тауып бұл жаққа тағы да қол аттандыратыны және оның жақын арада болуы тіпті ықтимал. Өзімізге тиесілі ауыл-аймақ, мал-жанымыздың соңында жүре бермей, бір-бірімізден қол үзіп қалмау жайын ойластырғанымыз абзал. Бәрін алдын-ала болжайтын әулие емеспін


 


ғой. Бірақ біздің маңдайымызға үнемі ат үстінде болуға, бүгін хиуалықтармен арпалыссақ, ертең орыстармен жағаласуға тура келетін шығар. Орыстар кәзір бізді қамқорсып қолтығына алғанмен оның салмағы, зілі, керек десе қасіреті артында жатыр деп ойлаймын. Бүгін арқамыздан сылап сипағанмен күндер өте келе маңдайымыздан аямай сілтейтін дойыры артында жасырулы тұрғаны анық. Сондықтан олардың қай-қайсысымен де арпалысып өтерміз, жағаласып күн кешерміз. «Әттеген-ай» деп өкінішпен бармақ шайнайтын кездеріміз де болатын шығар. Неде болса тағдырдың маңдайымызға жазғанын көрерміз,-деген еді.


Қабылдың бүгін көршілес көшіп келе жатқан Сүгірәлі Құрман, Тағанның ауылына бет алғаны осыған байланысты еді. «Малдың жайына бола ел соңында отыра бергеніміз жараспас, ойға құлайық» деп айтпақ.


«Балуанияз дұрыс айтады» деп ойлады ауыздығымен алысқан ақбоз аттың басын тежеп. Бұл адайға хиуалықтардың да, орыстардың да қылығы оңай тиіп тұрған жоқ. Әр жерге бекініс-қорғанын салған орыстар анда-санда адайдың бетке ұстар билерін шақырып алып өздерінің бұйрықтарын тапсырады. Ал, хиуалықтар болса әпер бақан шабармандарын жіберіп өткен жылдан алынбай қалған, тіпті келесі жылдың алым салықтарын жинайды. Екі жаққа бірдей жарылып күн көре алмасың белгілі. Ана бір жылдары қырымқұл Қалби Кетіктегі бекініс бастығына барып: «Ау, қарағым, мына жан-жағы биік дуалмен қоршалып, зеңбіректері үңірейген бекініс ақ патшаның бұйрығымен салынды емес пе. Сені осыған басшы бол деп жіберді. Айтқандарың рас болса құдайдан бір саты төмен тұрған сол патшаларың ақымақ емес шығар. Саған «бекініс ішінде отыр, ешқайда шықпа, жыл он екі айда бір келер менің хатымды оқып отырсаң болғаны» демегенін ілім-білімнен хабары жоқ, мал соңында жүрген біз де білеміз. Сенің міндетің патшаның қамқорлығына алған біздерге деген бұйрығын, біздің оған айтар мұң-мұқтажымызды жеткізу емес пе еді. Сендер қолдарыңда билік те бар, күш те бар елсіңдер. Біз болсақ сендерге қарағанда әлсізбіз. Ақ патшаның сол әлсіз халықты мына түстіктегі Аллақұлдан қорғайтыны, қорған болатыны шындық па еді, соның ақ-қарасын ашып бер. Патшаң «құдай алдында да, адам алдында да екі сөйлемеймін, айтқаным айтқан» десе біз екі жарылмай, екі ойлы болмай соның айтқанын ғана орындайық. Шақшадай басымыз шырғалдаңға түсті шырағым. Аллақұлға бағынып, соның бұйрығымен жүрер болсақ сендерге зиян келтіретініміз белгілі. Ондай кезде сендердің де маңдайымыздан сипамайтындарың анық. Екі арасын ашып бер» деген көрінеді.


Сонда оқалы пагон тағып шалқайып отырған бекініс коменданты Қалбидің бетіне сынай қарайды. Өзін осындағы жарты патшадай сезінген комендант алдына келіп отырған дала қазағының ойына келген сөзін қысылмай-қымтырылмай тура бетіне айтқанына таң қалған сыңайлы. Өзімен тең адамдай сөйлесіп, қамшысын білемдеп ұстап отырған бидің сөзі қытығына тиіп қатулана қабағын түйді. Бірақ артынан ештеңе естімегендей


 


жүзін жылытып сүтке тойған мысықтай беті жылтырап, ұшы ширатылған жез мұртына қайта-қайта қолын апарып отырыпты да, біраздан соң барып:


-Бұл өлкеге Аллақұлдың емес, патша ағзамның ғана билігі жүріп, дегені болады. Ұлы мәртебелім өзінің қарамағындағы бағынышты елін далаға тастамайды,-деп көзін жағаға аласұра соғып жатқан теңізге аударыпты. «Айтарым осымен бітті, енді мазамды алма» дегені сияқты.


Сол қала комендантының екіұшты жауабынан кейін де араға бірнеше жыл түсіп үлгерді. Бірақ орыстар хиуалықтардың шет жақтағы қазақ ауылдарына келіп анда-санда жасап кететін қоқан-лоқысына кедергі бола алмады. Олардың нені ойлағанын бір құдайдың өзі білсін. Әлде хиуалықтар қолдарынан келгенін істей берсін, сыныққа сылтау іздеп отырған бізге осы жақсы, бір күні тәубесіне түсіреміз дей ме, әлде осы жаққа қайта-қайта қол аттандырып күші азая берсін дегені ме, кім білсін, әйтеуір ештеңе көріп білмегендей тым-тырыс жатып алды. Шеткері шығып елдің тыныштығын күзетіп жүрген әскері жоқ. Көк теңізді тіліп жарып анда-санда келген кемесінен керегін алады, сол кемемен бірі кейін қайтып жатады. Алдындағы малының жайына бола бірде Арқаға шығып, бірде Жаңғақтың ойына құлап жүрген адайлар болса тап болған жәумітпен бірде келісімге келсе, бірде бір- бірінің басын шауып қолын қандаумен келе жатыр. Әйтеуір тыныштық жоқ. Екі оттың ортасында қалып зорлықты да, қорлықты да көріп жүрген адайлар. Неде болса бір жағында болам деп орыстарға арқа сүйеген Сүйінғараның қара жердің қойнына кіріп, топырақ жамылғанына да он шақты жылдың жүзі өтті. Бірақ орыстардан қолдау көріп бұл елдің тыныштық тапқаны жоқ. Бұл арпалыстың қай күні жөнге түсетінін ешкім де білмейді.


Ат үстінде келе жатқан Қабыл Балуанияз батырдың тектен-текке сақтанбағанын ойлап келеді. «Қиын кезеңде бір-біріміздің қолтығымыздан сүйеп, қасымыздан табылып жатсақ қай жауға да алдырмаспыз. Біздің осал жеріміз алдымыздағы малдың жайына бола өріс қуалап кетуіміз ғой. Хиуалықтар оны жақсы біледі. Кенеттен тап беріп опық жегізетіні де осы тұс. Ондай кезде сырттан көмек келеді деп уақыт өткізгеннен басыңды бәйгеге тіккенің абзал. Ал, аман болайық. Бір-бірімізді жоғалтып алып жүрмейік» деп қош айтысқан еді. Ендеше созылып керілмей аяқ-қолымыздыц жинақтағанымыз жөн болар. Баяғы сылыңғыр қараның қалашылардан сәлем айтып «тағы да кездесерміз» дегені олардың осы жаққа көп ұзамай қол аттандыратынынан хабар берсе керек. Сондықтан мына жайбарақат жатқан елді ойға құлатқанша жан-жаққа шолғыншы жіберіп қауіптің алдын алмаса болмас деп шешкен-ді.


Биікке көтерілген Қабыл аралары бір-бірінен онша қашық емес төбе етегінде жағалай орналасқан ауылдарды көрді. Ошақ басынан аспанға шаншыла көтерілген түтін Сүгірәлі ауылдарының еш нәрседен қаперсіз бейбіт тіршілігін көрсеткендей.


***


Дәл осы мезгілде Мұхаммед Әмин ханның тапсырмасымен жолға шыққан жәуміттер де суыт жүріп келе жатқан еді. Екі жүзден астам қалың


 


қолды бастап келе жатқан сылыңғыр қара алдағы төрт-бес күнде қазақ ауылдарына жетуді жоспарлаған болатын. Ханның қайта-қайта қадап айтқан сөзі жадынан шықпай, алда болатын үлкен шайқаста өзінің дегені болатынына көзі жеткендей тақымын қыса түседі.


***


Мұхаммед Әмин хан бүгін ешкімді де қабылдамады. Еңсесі биік ат шаптырым сарайдың ішінде өзімен-өзі отыр. Қай уақытта да қасынан табылатын ханның сөзі түгілі, қимыл қозғалысынан оның қандай тапсырма беретінін білетін көмекшісі қожасының жүзінен ондай пиғыл байқалмағасын қолын кеудесіне қойған күйі шегіншектеп шығып кетті. Мұхаммед Әмин есік сыртында өзінің шақыруын күтіп тұрған уәзірлерінің кәзіргі тұрған күйін көз алдына елестетіп қаралай жиіркенгендей болды. Қолыңды көтеріп белгі берсең болды, бәрі де бір нәрседен құр қалғандай жорғалай жүгіріп мұның алдына келіп қатарласа тұрар еді. Жүздеріне қарасаң болды иіліп-бүгіліп құрмет көрсеткен болады. Айтар сөздері де, қосар ақылдары да шамалы. Аузыңнан шыққан сөзіңе «Ләббай тақсыр» деп бетіңе жарамсақтана қарайды. Ағаш басына секірген маймылдың ойынын көргендей олардың қимыл- қозғалысына қашанғы қарайсың. Әрқайсысы өзіне тиесілі тапсырмасын алып есікке беттейді. Артын беріп шығып бара жатқан уәзірлердің желкесіне көзі түскен Мұхаммед Әмин кейбірінің өзіне риза болмай бара жатқанын да, есіктен шыға бере хан тапсырмасын талқылаған болып бір-бірінің ішкі сырына кіргісі келетін қитұрқы мінездерін де біліп отырады. Осылардың ішінде өзіне ақ ниетімен беріліп, қызмет жасайтындардың санаулы екені де белгілі. Бірақ көзіңмен көріп, қолыңмен ұстамағасын оларға не істерсің. Хан тағының өзін иемденген адамды шексіз шаттыққа бөлейтін бағы да, сонымен бірге қосарлана жүретін соры да болатыны сонау ықылым заманнан белгілі. Кезінде қолпаштап «Бұл таққа сен ғана лайықсың» деп қолтығыңнан сүйеп төрге оздырғанмен уақыт өте келе «Менің ата-бабамның да, өзімнің де кемдігім жоқ қой» дейтіндердің болатыны рас. Сол жымысқы ой санасына кіргендер өзінің мақсатына жету үшін бірден қарсы шабуылға шықпайды. Жан-жағына білдірмей жайылар ін түбінен шыққан індеттей әуелі өзіне жақын бірін, содан кейін екіншісін азғырып алдағы болатын үлкен айтаққа дайындайды. Әбден күшін жинап алғаннан кейін әлсіз жеріңді білсе сүріндіруге ұмтылады, керек болса Бұхардың қайқы қылышымен кәлләңді қағып тастауға дейін барады. Сондағы қырқыстың, сондағы қантөгістің барар жері құдайдың іргесіне жақындап, болмаса пайғамбардың жанынан орын алу емес, ешкімге опа таптырмаған баянсыз ханның тағы. Бірақ кім-кімнің де сол таққа байланып мәңгілік иеленгенін ешкім де көріп, білмепті. Ойлап отырса Хиуаға билігін жүргізген арғы хандарды айтпағанда өзінің атасы Мұхаммед Рахимхан да, одан кейін ел тізгінін ұстаған әкесі Аллақұл мен ағасы Рақымқұлы хан да өздеріне бұйырған тақ пен тәжді ұзақ ұстамапты. Оларға құдайдың ажалы келді ме, әлде кәзір өзін қоршап жүрген уәзірлер сияқты көзіңе күлімсіреп, теріс айнала бере басқа ойда жүретін көмекшілерінің зияны тиді ме, әйтеуір «болдым, толдым» демей ерте кетіпті. Бірақ олардың


 


қай-қайсысы да осы Хиуа хандығының өркендеп, күшті мемлекет болуына қолдарынан келгенше қызмет жасаған көрінеді. Атасы Мұхаммед Рахимханның уақытында ел ішінде шарап ішуге, нашақорлыққа қатты тыйым салынды. Бұл заңды бұзған адамның аузынан бастап құлағына дейін кесіп тастау туралы бұйрық шығарды. Кезінде мұсылманшылықты қатты ұстаған атасына білдірмей қарсы шыққандар да болған. Өз мемлекетіндегі қалаларды өркендету жолында да көп қызмет жасаған. Айтулы ғалымдар мен елге белгілі ақындарды сарайға шақырып кездесулер өткізуді үрдіске айналдырып, жүрген жерлеріндегі әулие-қорымдарға зиярат жасап жүруді өзінің міндеті санап, соңынан ергендерден де осыны талап ететін. Жан- жағындағы мемлекеттермен қарым-қатынас жасауда ел тізгінін ұстаған ханның көңілі ояу, көзі көреген болуын басты назарда ұстаған ол өмір бойы оқумен, ізденумен өтіпті. Араб, парсы, түркі тілдерін еркін меңгеріп, жаза білгені үшін халық оны азан шақырып қойған атымен емес, «Ахун хан» деп атайтын. Көзі көрген адамдардың айтуы бойынша өте аз ұйықтап, уақытының көбін ізденумен өткізетін рухы биік адам болған екен. Өзінің қарамағындағы адамдарды лауазымына қарап емес, істеген жұмысына қарап әділ бағалағаны біреуге жақса, біреудің қарсылығын тудырыпты. Өз мемлекетінің ішкі жағдайын көзімен көріп жүруді дағдыға айналдырған хан Қоңыратқа барған бір сапарынан қайтып келе жатып Хожеліде науқастанып қалады. Хиуаға келгесін науқасы күннен-күнге күшейе береді. Қаладағы білгір дейтін тәуіптер де, бір дауасы түссе осының шипалы қолынан қайтар деп жан-жаққа ат шаптырып алдырған дәрігерлер де аурудың емін тауып, ханның ажалына қарсы тұра алмайды. Небары елу жыл ғұмыр кешіп, оның жиырма жылында Хиуаға хан болған Мұхаммед Рахимхан 1825 жылдың 7 мамырында өмірден өтті. Ханның тағы Аллақұлыхан, Рахманқұл, Құдайқұл, Сейіт Мұхаммед, Сейіт Ахмет, Сейіт Махмұт және Тәңірқұл атты жеті баласының ішінде мұның әкесі Аллақұлға бұйырып еді.


Отыз жасында таққа отыраған Аллақұл қолынан келгенінше мемлекетін күшейту жолында қызмет жасады. Хиуа билігін қолына алғасын бір жылдан кейін 1826 жылы Хорасанның Ақдарбант жерін жаулап алып халқын Хорезмге көшіріп, Хиуаның солтүстік батыс жағынан жер бөліп берді. Жаңадан су арналарын қаздырып егіншілікті дамытты. «Хорезм мемлекеті мен оның астанасы Хиуадағы көптеген көрерге көз керек құрылыстар салуға Аллақұлдың көп еңбегі сіңді ғой» деп ойлады Мұхаммед Әмин екі қабатты 99 бөлмеден тұратын медресеге қарап тұрып. Алайда Аллақұл хандық құрған он сегіз жылының көбін Маңғыстауға келіп табан тіреген орыстармен арпалысумен өткізді емес пе. Орыстардың Үстірт үстіндегі Қызылқала жерінен бекініс салып жатқаны оған кеш естілді. Олардың Хоремнің ықпалындағы жерлерге өздігінен келіп бекініс салғаны аздай, жергілікті қазақтарға да қамқорсып қолын соза бастады. Үндемей жата берсең бірте-бірте Хиуаға да келетіні белгілі. Аллақұл сондықтан шама келсе оларға кедергі жасауға, жолына қарсы тұруға бекінген-ді. Оның ойлағаны болды да қойды. 1839 жылы генерал-губернатор Перовскийдің басқаруымен


 


екі мыңнан астам атты әскері, зеңбірегі бар жасақ артынып-тартынып Орынбордан жолға шығады. Жорыққа қажетті оқ-дәрі кемемен Форт- Александровскіге әкелініп, одан әрі түйеге артылып Жем өзені бойындағы Ақбұлаққа жеткізілуі тиіс болатын. Бірақ жорыққа қажетті түйе жиналмады. Орыстардың мақсатын білген адайлар бұрыннан тырнағы батып қалған хиуалықтардың көз қырына қалмайық деді ме, әлде бұларда қайбір маңдайымыздан сипап, көсегемізді көгертер дейсің деп ойлады ма, әйтеуір олар жорық жолынан алдын-ала көшіп кетеді. Тап болған халықты қорқытып, үркітіп азын-аулақ түйе жинағандарды хиуалық әскербасына тапсырады. Оның үстіне керуенші қазақтар да бүлік шығарып әрі жүруден бас тартады. Бұған ерегескен генерал олардың көзін қорқытпақ болып жеті түйешіні атып тастайды. Ақыры боранға ұрынып бірнеше жүздеген түйе, атынан, жауынгерлерінен айрылған Перовский амалсыз Хиуаны жаулап алу сапарынан бас тартып еді.


Осыдан кейін-ақ Аллақұл Каспийдің шығыс жағалауындағы бұрынғы ықпалынан айрылып қалмауға бар күшін салды. Ал орыстар болса сәтсіз аяқталған жорығына мән бермегендей 1841 жылы Хиуаға елшісін жіберіп Аллақұлдан теңіздің шығыс жағалауын орыс иелігіндегі жер екенін мойындауды талап етті. Олардың дегеніне көне қоятын Аллақұл ма. Орыстардың талабына үзілді-кесілді қарсы тұрғаны өз алдына, олардың айтағына еріп танауын көтеріп жүрген адайларға «Жайық өзенінің оң жағы орыстардікі, ал сол жағы Хиуа иелігінде. Сондықтан оларды мойындамау керектігін, болмаған жағдайда көмейлеріне қорғасын құюдың қиын еместінін» ескерткен. Екі жағындағы екі күштінің бір-біріне деген көзқарас, қатынастары жақсарсын деп аңдысын аңдыды ма, әйтеуір осыдан кейін бұл түбекті мекендеген адайлар мен түрікмендердің бекініспен байланысы азайды. Бірақ Аллақұлдың да айтқанына еріп кете қоймады. Оның сонау Хиуада жатып «Бекіністі құртыңдар, шабуыл жасаңдар» дегенін түрікмендер де, адайлар да қолдамады. Шақыртумен алдына келгендері де, жіберген шабармандарына да айтар сылтауы көбейді. Бұған ерегескен хан арнайы қол аттандырып бекініске жақын орналасқан ауылдарды шабумен болды. Аллақұлға сәтсіздікке ұшыраған Перовский жорығынан кейін бұл орыстардың қарап жатпайтыны, ерте ме, кеш пе, Хиуаға қарсы соғыс ашатыны айдай анық еді. Оның тор ішіндегі жаралы жолбарыстай арпалысуы да сол болашақтағы қатерге байланысты болатын. Хандық таққа отырған алғашқы жылдары жастықтың желігі ме, әлде шынымен-ақ соған қол жеткізсем деген арманы ма, көз алдына бір кездері дүрілдеп дәурені жүріп тұрған Хиуа хандығының шығысында Бұхар эмираты, түстігінде Парсы еліне дейін, терістігінде Ресейге дейін созылып жатқан кезі елестейтін. Соны қалпына келтіріп билігімді жүргізсем деген оймен талай түнді ұйқысыз өткізгені бар. Бірақ бәрі де адыра қалды. Кімнің дегені болып, арманы орындалыпты. Құдай құп көрмесе қолыңнан келер не шара бар. Ол өзінен кейінгі тақ пен тәжді ұстап қалатын балалары Рақымқұлы ханға да, Мұхаммед Әминге де дегені болып тұрған Хиуаны емес, бірте-бірте жері


 


қусырылып бара жатқан, жан-жағынан анталаған уысы мықты елдердің негізгі нысанасына айналған, болашағы бұлдыр Хиуаны тастап кетті.


Мұхаммед Әминге өзі билік басына келгеннен кейін Ресеймен келісім шартқа отыруына тура келді. Ол келісім бойынша Хиуа Ресейден келген товарлардың бес процентіне кеден салығын алғанмен, бұл негізінен Ресей үшін тиімді болатын. Шарт бойынша Хиуа хандығы Ресейдің сауда-саттық істеріне көмек көрсетуге және орыс саудагерлерін өз жерінде қорғауға алуға тиісті еді. Орыстар бұл келісім шартта сонымен қатар хиуалықтардан баяғы Аллақұлға қойған талабы-Каспий теңізінің шығыс жағалауын Ресей иелігіндегі жер екенін мойындауын да талап етті. Мұхаммед Әмин бұл шартқа келіспейтіндігі өз алдына, оларға Ново-Александровск бекінісін жоқ қылу туралы өз талабын кесе-көлденең тартқан еді. Алайда оны қыстырған орыстар жоқ, бұрынғы әніне салып ойына келгенін істеп бағуда. Сөзіңді сөз деуден қалып барады.


Бұл текетірестің ұзаққа бармайтыны, күндердің күнінде орыстардың тек Маңғыстау мен Үстірт үсті ғана емес, Хиуаға үстемдік ету жолындағы мақсатына жету үшін жасырын жұмыстанып жатқаны Мұхаммед Әминге белгілі еді. Қазақтардың Хиуа мен екі ортадағы шекараны анықтап беріңдер деген бірнеше өтініштеріне басын шұлғығанмен, үнемі кейінге қалдыра беруінде бір гәп бар. Сонысына қарап олардың сызатын сызығы, тартар жолы әлі де алда жатқан сияқты. Олардың еркінсігені сондай, кәзір хиуалықтар осы күндері дала кезіп әлдебір темірден сығалап қарап, алабажақ қағаздарға түртіншектеп жазу жазып, белгі соғып жүрген орыстарды көп кездестіретін болды. Жөн сұрай қалсаң болды «мына даланы картаға түсіріп жүрміз» дейді. Сенер-сенбесіңді білмей дал боласың. Бір жағы ілімі көп халық қой, айтқаны рас шығар дейсің, бір жағы ана айдалада тіккен шатырының қасында жинастырып қойған жәшіктерді көріп ертең өзіңе қарсы атар оқ-дәрі емес пе екен деген күдігің тағы болады. Қалай болғанда да хиуалықтар бұл далада бұрынғыдай емін-еркін жүре алмайтын болды. Мұхаммед Әминге бұрын өздері иемденіп, өздері билігін жүргізген далада орыстардың дегені болып тұрғанына өкініп, өз бармағын өзі шайнағаннан басқа амал қалмады. Өкінбей қайтесің, бұл орыстардың қазақтың жерімен шектеліп қалмайтыны, бірте- бірте мойнын созып баяғыдан бері көкейін тесіп жүрген Хиуа, Қоңырат жаққа қарағыштай бергені артта жатқан бір зілді байқатқандай. Ерте ме, кеш пе бұл орыстардың дегеніне жететіні анық. Ханның алдына қойған мақсаты түн жамылып барып бірде бекінісіне, бірде сол орыстарға арқа сүйеген қазақтарды шауып әлсірете беру болатын. Кім біледі, қолы батса екі ойлы болып жүрген қазақтар өзіне қарата аунай салса дегені болмай ма. Болмаған күннің өзінде орыстардың Хиуаға жасалар жорығы бірте-бірте кейінге қалмайды ма. Сондықтан орыстардың ертеңгі жоспарына кедергі жасау үшін, өзінің дегеніне жету үшін болашақ адайларға жіберер қолы оларды тәубесіне түсіріп, енді Хиуа жаққа үрейлене көз тігетіндей болуы керек.


Арнайы жасақ дайындап Құрбанды сол жасаққа басшы қылып аттандырғаны жаңа ғана. «Олар межелі жерге төрт күнде жетеді»,-деп


 


ойлады Мұхаммед Әмин көшеде әлденеге қапылып шауып бара жатқандарға қарап тұрып. Осы жолғы жорыққа қолбасы Құрбан екеуі көптен бері дайындалды десе де болады. Кәзір күз түскенімен адайлардың бәрі бірдей ойға құлап кетпегені белгілі. Малының жайын ойлап әрбір түп жусанды есепке алып отыратын дала қазағының әлі ырғалып-жырғалып отырғаны анық. Құрбанға берген тапсырмасы соларды шауып малын да, жанын да мұрнынан тізіп осында айдап келу болатын.


-Маңғыстауды жайлаған адайларға қол бастап бара жатқан сен бірінші емессің,-деп еді аттанар алдында Құрбанға. Бұдан бұрында талай-талай шапқыншылықтар болған. Бірақ солардың қай-қайсысында да Хиуаның дегені болып, мақсаты орындалды деп айта алмаймын. Қолынан келер дәрмені болмай жігері құм болған адайларды тағы да көргенім жоқ. Бұдан жиырма жыл бұрын Аллақұл хан сонау түбектің бір бұрышында ханның тапсырмасын қыртына да қыстырмай аспанға түкіріп жүрген Сүйінғараны тәубесіне түсірем, итше қаңсылатып алдыма әкелдірем деп Мәмбетниязды үш мың қолмен қыстың көзі қырауда аттандырып еді. «Хан ием, жолымдағыны жайпап өтіп, Бозашының әр төбесінің астында бұғып жатқан ауылдарды шауып, Сүйінғараны дәл алдыңа тізерлетіп әкелемін» деген Мәмбетнияздың уәдесі де, адайдың сол батырына қана қарайып жүрген Аллақұлдың да дегені болмады. Қалың қол елін шапты, қолына түскенді алдына салып кейін қайтты. Бірақ көздеген мақсаттарына жете алмады. Өздеріне қанша сенімді болғанымен күндіз тыныстап, түнді алдына салып келе жатқан қолдың жолын құдайтағала әу бастан да қолдамаса керек. Сүйінғараның ауылын бүгін шабамыз деген күні жол бастап келе жатқан қазақтар өздеріне төнер қауіпті біле тұра көзсіз ерлікке барыпты. Қараңғыны пайдаланып бір шегі жоқ, шеті жоқ сорды айналдыра беріпті. Маңғыстауда не көп, бір-біріне жалғасып жатқан бұйра құмдар мен көзге ілінер кедергісі жоқ сорлар көп. Қайсысын жадыңа сақтарсың. Тек таң атып жарық болған соң ғана сор үстінде түсіп қалған қоржынды көрген иесі жолбасшылардың өздерін алдап бір жерді айналдыра бергенін біледі. Ашуға булыққан қолбасы әңгімеге бармай қылышын екі сілтеп екі басты кеудесінен ұшырып түсіреді. Содан бір-бірінен хабарсыз жатқан ауылдарды шауып, дүние мүлкін олжалап, қыз-келіншектерді шулатып алдына салып қайтқанымен негізгі керегі Сүйінғара ұстатпай кетіпті. Мәмбетнияздың өзі қателесті ме, әлде қанға былғанған басты Аллақұл танымайтын шығар деп ойлады ма, әйтеуір,


«Хан ием, дегенің орындалды» деп бір басты домалатып алдына тастайды. Бұл шындығында жолындағысын жайпап келе жатқан қол Үстірт үстіне шыққанда арттарынан қуып жеткен, сегіз жүз адамнан тұратын қуғыншыларды бастап келе жатқан Құлбарақтың басы болатын.


Қоржыннан домалап түскен басқа көзі түскен Аллакқұлдың жүрегі дір ете түсті. Неге екенін білмеді, Мәмбетнияздың қолынан шыққан басқа жан біткендей домалап келіп дәл Аллақұлдың алдына келгенде барып тоқтады. Мойылдай қап-қара сақал-мұртын жаңа бастырғандай теп-тегіс. Жүзінде кекесінді күлкі бар, қырықтың ар жақ, бер жағындағы адам сияқты. Сақал-


 


мұртын осылай баптап жүретіндер ия сәнқой адамдарға, ия дін жолында жүретін тақуа адамдарға тән қасиет болушы еді. Бірақ ондай адамдардан қолына қару алып жауға қарсы шабатын батыр шықпаса керек-ті. «Неде болса тегін болмады, бес уақыт намазын қаза жібермей құдайын ұмытпаған адам шығар» деп ойлаған Аллақұлдың көзі сақалды қуалап жоғары көтерілді. О, тоба, өзіне тесіле қараған көздің өткірлігі сондай, Аллақұл шыдай алмай жанарын басқа жаққа аударды. Адам баласында осындай өткір, ішкі сырыңды, не ойлап отырғаныңды біліп, аяқ-қолыңды матап тастағандай құдыретті жанар да болады екен ғой. Сол жанарда өлген адамға тән қасиет болсашы сірә. «Е, Аллақұл деген сен бе едің» дегендей тесіле қарайды.


Біресе ханға, біресе жансыз басқа қарап тұрған уәзірлері де әлдебір құдырет желкелерінен басқандай мойындары салбырап қалыпты. Бұлардың қай-қайсысы да өлген адамның басын алғаш көріп тұрған жоқ. Өзгелерге қорқыныш ұялату үшін кеудесінен бөлектеніп шабылған бастардың ағашқа ілініп тұрғанын талай көрген. Бірақ, неге екені белгісіз мына бастың салмағы қай-қайсысында езіп барады. Тыныштықты бұзған ешкім жоқ. Біраздан соң барып біреудің ауа жетпей қылғынғаны, іле-шала гүрс етіп құлаған даусы естілді. Бәрі де жалт қарады. Жаңа ғана ханнан мадақтау естимін бе деп дәмеленіп тұрған Мәмбетнияз еденде құлап жатты. Осы дауыс, Мәмбетнияздың осы құлағаны өздерін мына тесіле қараған көзден, тұла бойларына әлдебір қорқыныш ұялатқан жансыз бастан құтқаратындай бәрі жапырлап аяқ-қолы құрысып жатқан қол басына ұмтылды.


Аллақұл зорға дегенде барып алақанын бір-біріне соқты. Тамағына мың сан ине қадалғандай қылғына жұтынып:


-Сүйінғараның... Сүйінғараның жансыз басы болмай осы жерде өзі тұрғанда бәрімізде жүрегіміз жарылып құдайдың жіберген ажалынан бұрын өлер ме едік, қайтер едік. Әшейіндегі «Ана жерді қол астымызға қаратсақ»,


«Ана мемлекеттің иемденіп отырғаны бір кездегі бізге қараған ұлыс екен» деп маған ақыл қосқанда сендерден артық білгіш жоқтай көріп, еліміздің мүддесі үшін уәзірлерімнің кез-келгені жанын құрбандыққа шалатындай көруші едім. Қате екен, бәрі де бекер екен. Мына бас, елінің ертеңі үшін құрбан болған мына белгісіз батырдың басы өлі кезінің өзінде біздің жүрегімізге қорқыныш ұялатып, санамызды сандалтып жіберген жоқ па. Осы сияқты ең болмаса жалғыз батыры бар елде, оның тұтқасын ұстаған басшы да арман бар ма екен. Қараңдаршы, жүректеріңді орнына келтіріп қайтадан бір қараңдаршы мына батырдың жүзіне. Қиналу, ауырсыну, өлім алдында мына жарық дүниені қимай пендешілікке салыну сияқты белгіні көре аласыңдар ма. Жоқ қой ондай белгі. Қайта жауына деген өшпенділік, қарсы алдынан тура келуге тайсақтап, жасырынып артынан келген ажалға деген келемеш, күлкі бар емес пе. Адай елінде жүрегіне жүн біткен, көзсіз батырдың жалғыз бұл емес екені белгілі. Өздерінен бірнеше есе көп жауының соңынан анау Үстірт үстінде қуып жетіп қырғын салуда сол батырлықтың, ерліктің белгісі емес пе. Маған кәзір бір нәрсе айқын. Мына бас Сүйінғараныкі емес. Бұл сол


 


Сүйінғараның соңына ерген көп жасақтың бірі ғана. Маған адайдың белгісіз батырының басы емес, астамсып жүрген Сүйінғара керек еді.


Бәлкім Сүйінғараның қол-аяғын байлап алдыма әкелгенмен табаныма жығылмас. Бәлкім ол да мына жатқан батыр сияқты жүзі қан тілеген қылыштан сескенбей бәріміздің бетімізге тура қарар. Мүмкін қолымызға тұтқын болып келе қалған күннің өзінде оның «әттеген-ай» дейтін өкініші қапыда қолға түскені болар.


Бірақ менің дегенім болмады. Сүйінғара ұстатпай кетті. Ол кәзір жанын сауғалап Бозашының арым-арым құмдарында жасырынып жүрген жоқ. Ол көп ұзамай Хиуаның үш мың қолының жүріп өткен жолындағы қасіреттің есесін қайтаруға тырысады. Осы жорықпен адай еліне тойтарыс бердік, енді бас көтеруге күші келмейді деген ойды ұмытың. Ал мына батырды ақ жуып, мұсылманның барлық қадесін жасап, арулап көмің. Әттең... әттең сендер мына жансыз бастың қасиетінен қол-аяғы байланған Мәмбетниязға емес, денесі өз жерінде қалған өлі басқа құрмет көрсеткен болсаңдар бір-бірімізге деген сенім жоғалмас еді ғой,-деді қалжырап.


Ханның тапсырмасы орындалды. Белгісіз батырдың басы Пахлаван Махмут мавзолейінің сыртына қойылды. Бұл жерде Хиуа хандығына ертелі- кеш билік жүргізген хандар мен белгілі адамдар жерленген болатын. Мұхаммед Әминнің есіне әкесі Аллақұлдың өзін қасына ертіп сол қойылымдықтарды аралайтыны түсетін. Мемлекет ісінен қажып шаршаған уақыттарында ма, болмаса сенімді деген уәзірлерінің екіжүзділіктерін көріп, сезген уақыттарында ма, әйтеуір, мәңгілік тыныштық тапқан қойылым арасында жүріп қайтушы еді. Кейбірінің қабіріне үн-түнсіз көз салып өтсе, біреулеріне отырып дұға оқитын. Ал, тек басы жерленген батырдың қабіріне келгенде тізесін бүгіп ұзақ отыратын. Оның қасында өмірден ерте кеткен, болашағынан көп үміт күткен баласы жатыр.


Сырт қараған адамға хан баласының басына келіп отырған сияқты болып көрінгенмен, денесі жоқ батырдың да оның жанына маза бермейтінін қасында еріп жүрген Мұхаммед Әмин жас болса да сезетін. Әкесіне ұрлана қараған бала оның жүзінен бірде мұңды байқаса, бірде жан-жағына ызғарын шаша бастаған қатыгездікті көретін-ді. Мұхаммед Әмин ол кезде сарай ішінде сыпсыңдап айтылатын әңгімелерді еститін. Мұны бала көре ме, әлде естісін, айтып барсын дей ме, әңгіме айтушылар өзара сыбырласқан болғанмен бәрі де құлағына жететін. Сол әңгімелерден бірде атысып, бірде шабысып жүрген қазақтардың бірінің шабылған басын әспеттеп жерлегеніне, құрмет көрсеткеніне көңілдері толмайтынын байқайтын.


-Мұсылман екеніне дауымыз жоқ,-дейтін олар. Бірақ Хиуаның іргелес жатқан қай көршісі шоқынып, шошқаның етін жеп жүр еді. Бәрі де мұсылман, Алласы аузында, құраны қолында. Жер бітіп, су аққалы бірінің тағына, бірінің жеріне көз алартумен келе жатқан жоқ па еді. Күші келгені әлсізін талап, қарсы шыққанының басын шауып жатушы еді ғой. Қалғанына сабақ болсын дейтін шығар, талайының басының қадаға қағылып көшеде тұрғанын талай көрдік емес пе. Баяғы дүниені дүрілдетіп билеп тұрған Ақсақ


 


Темірде осындай қаталдығы арқасында ойлағанына жеткен жоқ па еді. Ол керек болса өзіне қарсыласқандардың басынан Иран жерінде мұнара тұрғызып еді ғой. Тіпті әріге бармай-ақ ана бір жылдардағы Бекович- Черкасский дейтін шоқынды неменің өзімен қоса мыңдаған қолын Порсы түбінде бауыздаған Шерғазы хан есімізде ғой. Содан кейін-ақ орыстар бұл жаққа қарата қасқырша ұлуын қойған болатын. Ал біздің ханымыздың ісі бұрынғылардың ісіне қарама-қарсы болды. Денесінен бөлінген басты қадірлеп баласының қасына қоятындай ол соншама кім болып еді. Ұшарын жел, қонарын сай білетін арда қазақтар осыны естігесін тұмағы жалпылдап тағы шаппасына кім кепіл. Балақтағы битімізді басымызға шығардық деген осы,-дегендерін талай естіген еді.


Бұл әрине Аллақұлдың да құлағына жеткені ақиқат. Кейде өзіне-өзі


«Осыным дұрыс па еді» деп сұрақ қоятыны бар еді. Екі түрлі ой келіп, шешуін табуы қиын екі сұрақ мазалайтын. Бірі өзгеге үлгі болар ердің ерлігін бағалай білгенің хан басыңа лайық десе, бірі «Ол сенің ежелден өштесіп келе жатқан жауыңның басы еді ғой. Сондықтан құрметті орыннан алып лақтырып тастауыңа да болады. Әлі де кеш емес» дейтін ойлар еді. Осы ойлар салмағы тең түскен таразы басындай қатарласа тұрып жанын қинайтын. Бірақ күн өткен сайын батырға деген құрметінің салмағы бірте- бірте өсе түсті. Сол бастың қасында отырып «Әй, белгісіз батыр, әулие болмасам да әр келген сайын сенің мәртебеңнің өсе түскенін байқаймын. Әлдебір құдыретіңмен менің жігерімді үнемі үгітумен келесің. Бірақ есіңде болсын, менің адайларға деген жорығым аяқталған жоқ. Тағы да шығам, шығарам, өз қолымнан келмей жатса кейінгілерге соны аманат етем. Найзаның ұшы мен қылыштың жүзінде көп сөзділік жоқ. Не шабу, не шабылу екенін өзің де білесің. Айызың қана шаба білсең дегеніңе жеткенің, ал өзің шабылып, найза ұшына ілінсең үмітіңнің үзілгені. Сондықтан ия шік, ия бүк түскенше арпалысып өтем» деп тістене сыбырлайтын. Мұхаммед Әмин әкесінің жүзінен ызғар шаша қатуланғанын көргенде өзі жұмсаған Мәмбетнияз жорығының сәтсіздігіне әлі күнге дейін өкінетінін байқайтын.


Құрбанды шығарып салып терезе алдында тұрған Мұхаммед Әминнің ойына осылар түскен еді. Қолбасына өткендегі өкінішердің егжей-текжейін асықпай отырып түсіндірген. Жолында кездескендерді аяуды, аяушылық білдірмеуді қатты тапсырды. Сонымен қатар бұл жорыққа өзінің баласын да аттандыратынын айтты.


-Оның мерген екенін өзің де білесің,-деді Құрбанға қарап. –Қанша қарсылық білдірсем де айтқаныма көнер емес. Әлі де өсе түссін, өнерін шыңдай түссін деген ойыммен келіспейтін сыңайлы. Кешеден бері ойланып оған қарсы тұра алмайтынымды, егер жібермей қалсам өзіме деген сенімін жоғалтатынымды білдім. Баламның кішісі екенін білесің. Оның жанын өзгелерден артық көргендіктен айтып тұрғаным жоқ. Болашақ орнымды басар, тақ иесі болады деп үміттеніп жүргенімді сезетін де шығарсың. Сондықтан  шамаң  келсе  қолдап,  қорғай  жүр.  Албырттыққа  салынып


 


қарауылға алдымен ілініп жүрмесін. Бәлкім бұл саған айтып тұрған өтінішім де, салмағым да шығар. Ал, жолдарың болсын,-деп шығарып салған.


***


Төбеден төмен түсіп келе жатқан Қабыл ат басын ауыл ортасында оңашалау тігілген үйге бұрды. Бұл Сүгірәлі тақтасынан тарайтын Құрмандікі. Өзіне қараған ағайындарға сөзі мен ісі қатар жүретін басшысы. Анау бір- бірімен қатарласа тігілген жолым үйлер де, өркеші баладай болып төбе асып бара жатқан, бір-бірінен айырып алғысыз өңкей бір түсті аруаналар да, бытырай жайылып жатқан қойлар да осы ауылдың, Құрманның байлығын көрсеткендей. Бұл ауыл шөбі бітік өскен Күйкеннің үстінде әлі де отыратын сыңайлы. Бір-екі күн ерулеп ілгері қозғалатын көшке ұқсамайды. Алдағы бір болатын той-думанға дайындалып, қадірлі қонақтарын күтіп отырдай әсер қалдырады.


Қонақтарды қолтығынан сүйеп аттан түсіріп құрмет көрсеткен қызметші жігіт үй иесінің ауылда екенін айтып, Қабылға еріп келген өзі қатарлас жігіттермен амандық-саулық сұрасып жатты.


-Е, батыр төрлет, Ел қорыған батырлардың қатарласа көшіп келе жатқан ағайынның ауылынан бір хабар алмай жатуларына қарағанда көңіл қобалжитындай ештеңе жоқ шығар деп ойлап едім. Анда-санда шапқыншыларын жіберіп қолынан ештеңе келмесе де бұрынғы қоқан- лоқысын көрсететін хиуалықтар да тым-тырыс жатыр. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар демекші олар енді орыстарға не істей алушы еді,-деп кеңкілдей күлген Құрман қонағын төрге оздырды.


-Ия, дұрыс айтасың ағасы. Хиуалықтардың бұл орыстарға істер шарасы қалмай бара жатқан сияқты. Орыс қанша дегенмен күшті мемлекет. Көріп жүрген құқайы Қаразымның ойындағы жәуміттер емес қой. Іргесіндегі бұлар түгілі сонау мұхиттың арғы бетіндегі елдермен де қару түйістіріп, солардың кейбіріне дегенін жүргізіп тұрған жоқ па. Бірақ «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген бар емес пе еді. Арқаны кеңге салып жайбарақат көсіле жатуды уақыт көтермес деп ойлаймын. Күздің күні алдамшы. Кәзір жазға бергісіз болып қылымсып тұрғанымен аяқ асты құбылып шыға келмесіне кім кепіл. Күнге сенем деп алдындағы малынан, соның соңын қуған адамынан айрылған жайларды көріп те, естіп те жүрміз ғой. Оның үстіне кәзір тым-тырыс жатқанымен сол хиуалықтарға менің сенімім шамалы. Өткенде базаршылап барған жігіттерге олардың сес көрсете сөйлеуі тегін болмаса керек. Сондықтан біріміз ілгері кетіп, біріміз кейін қалмай қатарласа жүріп ойға құлағанымыз абзал ғой деп ойлаймын. Малдың жайына бола кідірістеп отырғаныңды байқап отырмын. Мал айдаса жаудікі, үрлесе желдікі екенін есімізден шығармағанымыз дұрыс. Қапы қалсаң қай- қайсысының да мерейі үстем болады. Соны айта келдім,-деді Қабыл өздеріне арналып кең жайылған дастархан үстінде.


-Апырай, батыр қайным-ай, сенің де үрегейленіп секем алатын күнің бар екен ғой. Мына отырған ағаң әшейінде екі кісінің басы қосыла қалса Жандай, Медеттің әріде өткен, берідегі батырларын тізіп айтып мақтанғанды


 


жақсы көреді. Қай уақытта да қасымнан табылып қорған болар Қабыл мен Есенияз, Ықылас пен Доспамбет сияқты інілерім тұрғанда біздің ауылды жау алмайды деп күмпілдеп отырады. Күздің қысқа айналар азғана шуақты күнін пайдаланып осы жерде бес-он күндей аялдасақ қалай болады деп отырған еді. Енді сенің асықтырып отырғаныңа жол болсын,-деді әлі сыры кетсе де сыны кетпеген Құрманның әйелі. Кезінде болған-толған, осы өңірге өзінің сұлулығымен белгілі болған Ажаргүл еді бұл.


-Әй, жеңеше-ай, батырлықтың белгісі тек жау шапқанда көрініп, қару түйістіргенде ғана байқалады деп ойлайсың-ау. Қай қатердің де алдын алып дайын болсаң оның арты өкінішке ұласпайды. Соны сезіне біліп өзіңе үміт артқан елдің ертеңі үшін сақтыққа барғанымыздың несі айып. Жаңағы өзің айтқан батырлардың қай-қайсысы да артына жалтақтап қоян жортаққа салынатын адамдар емес. Қандай қатер болсада қарсыласына тура қарап, тайсалмай шабатындар. Бірақ біздің қазақта «Батыр аңғал» деген сөз бар. Ол сөздің де шығу тегі алды-артын ойламайтын, сақтыққа бармайтын адамдарға байланысты шықса керек. Ал, мен білсем аңғалдықтың соңы өкінішке, өкініш түбі орны толмас қасіретке апарса керек. Өзін орынсыз нысанаға іліндіріп, елін оңай олжаға айналдырған батырдың алар абыройы жоқ екені белгілі. Сондықтан сендерден озыңқырап бара жатқан ауылдарға артымыздағы өзге ағайындар келіп жеткенше кідірі тұруды тапсырып келген едім. Көшіміз қатарласа жүрсін. Кәзір кейін қайтам. Ертеңнен қалмай қозғалғандарың дұрыс,-деді Қабыл.


-Болсын, батыр-еке,-деді Құрман алдына келген шайын сораптап отырып. Жарықтық, биыл осы Күйкеннің үсті, ана ойдағы Борқұдықтың маңындағы шөпті мал емес, адам жейтіндей болып іріп тұр екен. Оның үстіне күнніңде ерекше бір жадырап малға да, жанға да жайлы болып тұрғаны. Соған байланысты жаңағы жеңгең айтқан бес-он күн болса да кідіре тұралық деп шешкен едік. Бір нәрсені сезіп айтып отырған шығарсың. Сіздің үйдегі ағамыздың алдын болжап айтатынын, қате кетпегенін көрдік қой. Соның ұшқыны сенің бойыңда да бар шығар. Ертең қозғалуға тапсырма беремін. Бізге бола өзге көштер кідіріп жолынан қалмасын. Жеделдете жүріп қуып жетерміз,-деді.


Қабыл қош айтысып ауылына беттеді. Қонақтарын шығарып салған Құрман төбе басында арттарынан қарап әлі тұр. Неге екенін білмеді жүрегі өрекпіп аузына тығылғандай болды. Тұла бойынан әлдебір діріл жүгіріп өтті.


«Ауырып тұрған жоқпын ба» деп ойлады. Еңкейіп бара жатқан күнмен таласа күншығыс жақтан жел есті. Көп ұзамай жан-жағы түбінен суырылып жарыса домаланған ебелектерге толып кетті. Әлдебір ызғарды сезгендей ұйыса өскен еркек шөптер жаныңды жабырқатар мұңды әуенге басыпты. «Ауа райының бұзылатын реті бар сияқты. Көптен бері май тоңғысыз болып тұрған күннен салқындық байқалады. Қабыл дұрыс айтады, мал айдаса жаудікі, үрлесе желдікі. Оның мәңгілік рахатын көрген пенде аз шығар. Бірде бетін, бірде артын көрсететін боқ дүниенің артын қуа беруге болмас. У ішсең руыңмен бірге болып, қайғыны да бірге бөліскен дұрыс» деп ойлады төмен түсіп келе


 


жатып. Алыстан төбе құйқаңды шымырлатқан қасқырдың ұлыған даусы келді. Үй алдындағы сарала төбет неге екені белгісіз қыңсылап қожасының етегіне тығылды. Әшейіндегі бөтен аттының қапталынан арпылдай үріп, қанжығасына жабысатын, даланың тағысымен тайсалмай арпалысатын төбеттің мына қылығы Құрманға ұнамады. Әлдебір қатерді, қауіпті сезгендей дір-дір етеді...


***


Дәл осы мезгілде сылыңғыр қара бастаған қалың қол қараңғыны пайдаланып ауылдан онша қашық емес төбе астына келіп кідірген еді. Біраз уақыт аялдап, ел ұйқыға кете бұйқыт жатқан ауылды шабуды алдын-ала жоспарлаған қол басы ат үстінен түсіп астына төселген кілем үстіне қисая кетті. Қасына көмекшілерін шақыртты. Құдайдың күні бұларға қарасқандай бірте-бірте қоюланып даланы тастай түнек басты. Кеш түсе көтеріліп бірте бірте күшейе түскен желдің де бұлардың пайдасына шешілетін реті бар. Әшейіндегі ай астынан бұқпантайлап келіп малға шабар қасқырдан секем алып, жан-жағына жіті көз тастап отыратын қойшылардың кәзір алдындағы малының өріп кетпеуін бақылап отыратыны анық. Мана алдын-ала жіберген шолғыншысы бұл ауылға жеті-сегіз аттының келіп, көп ұзамай қайта аттанғанын жеткізген. Өрістегі емін-еркін бытырап жайылып жүрген қалың түйелердің ішіне кіріп аттарынан әрі-бері бақылаған шолғыншы секем алатындай ештеңе байқамапты. Әлгі аттылар желе жортып көз ұшында көрінген тау тұмсығынан айналып кетіпті. Бұлар алда кетіп бара жатқан басқа көштің адамдары болса керек. Төбе астындағы мына ауылмен олардың арасы біраз жер екені белгілі болды.


-Ендеше,-деді жұмсаған жансызының әңгімесін өзінің ой-елегінен өткізген қолбасы. Бізге әріге шабудың қажеті де шамалы. Бұлардың бірінің әрі, бірінің кейінде қалғаны біздің пайдамызға шешілетін реті бар. Алдымыздағы ауылдың малы мен жаны да жетеді. Ең бастысы ауылдан бірде-бір адамның сытылып кетпеуіне жол бермеу керек. Әр ондықтан бір сарбаз бөлінсін, олар малды айдап жүреді. Елу сарбазға қолға түскен адамдар тапсырылады. Қалғанымыз кейінде жүріп арттан келер қуғыншы болса дегеніне жеткізбей жер жастандыруымыз керек. Бірақ, қуғыншы келе қояды деген ойдан аулақпын. Алда кетіп бара жатқан көштің таң ата қозғалып әрі қарата жүре беретіні анық. Манағы аттылар бұл ауылды арттарымыздан қуып жетеді деп кетті. Егер біздің ойлағанымыздай болып олар жол ортада кідірмесе жолымыздың болып, дегеніміздің орындалатыны белгілі. Олар әрі кетеді, біз бірте-бірте арамызды алшақтатып Хиуаға беттейміз. Араға күн салып соңымыздан шапқанымен бізге жете қоюы екі талай. Оның үстіне бөлектеніп көшіп бара жатқан адайлардың бір-біріне хабарласып, әр ауылдан қол жинай қоюы да оңай шаруа емес. Бірақ қазақ деген өмірі ат үстінде өтіп, ауы ерде тозатын халық екенін де ұмытпауымыз керек. Олар ат үстіне аяғын артып жау көрсе болды делебесі қозып, қылышын сермеуге асық болады. Көзіне қан толып атойлап шапқан оларды ол кезде тоқтату қиын. Жалғыздығына,  қолының  аздығына  қарамайды.  Адайлардың  бұл  кезде


 


ақылға салғандығынан, ақкөздігі басым болады. Осы естеріңде болсын. Тағы бір қатты ескертетінім баяғыдан келе жатқан үрдіс бойынша шабылған елдің байлығы мен адамының олжаға түсетіні белгілі. Бірақ осы жолы аяғымыз өз жерімізге жеткенше бірде-бір адам сол олжаға «мынау менікі» деп қолын созбайды. Бұл жолымызға кедергі болады. Өз жерімізге жеткеннен кейін ғана байлықты бөлісіп, ұрғашы аңсаған құмарлықтарыңа жол беріледі. Бұған қарсы келетіндер болса енді сөйлейтін мен емес, қылыштың жүзі мен найзаның ұшы болады. Ауыл ұйқы құшағына енгеннен кейін шабуылды бастаймыз. Әр үй қатты есепке алынсын. Шама келсе бас көтертпей бір- біріне көмекке барып, айқайлап көмек сұрай алмайтындай, іргедегі қаруына қолын жеткізбейтіндей қылып басып қалуды жоспарлаң. Қайталап айтамын, ауылдан тірі жанның қашып шығуына жол бермең. Қарсылық білдіргендерге аяушылық болмасын. Өш алудың жолы осы екен деп от жағып, өрт салуға рұқсат берілмейді. Бұл қазақ дейтін халық түнде жағылған отты, алыстан алаулап көрінген жарықты көрсе ел басына түскен қатер деп түсінеді. Оны көрген бойда атының жалына жармасып сол жарық шыққан жерге жеткенше асығады. Сондықтан қолыңа түскенді ал, көңіліңе ұнағанын көлігіңе артып, алдыңа келген сұлуларын жіпке тізіп тезірек аттанып кетудің жайын ойла. Бұл жолғы жорықта қолымды қандамадым, қылышымды айызым қана еркін сілтей алмадым деп өкінбе. Шаңырағын ортасына түсіріп, қара қазанын төңкеріп, оң жақта толықсып отырған сұлудың зары мен бармағын шайнап өкінішпен өкірген азаматының даусына айызың қанатын болсын. Біле білсеңдер олардың өкініші осы түнмен, осы жорықпен ғана аяқталмайды. Қол аяғы байланып Хиуаға барғаннан кейін де сол зар мен сол өкініш ұзақ жылдарға созылады. Сенің мәртебеңнің өсіп, айызыңның қанатыны да сол кез болмақ. Артта қалған адайлардың жылдар бойы ұмытпай өкінішпен айтып жүретіні де осы жорық болмақ. Сондықтан біздің осы түнгі жорығымызды адайлардың ертеңге деген үмітінің жоғалып, белінің үзілгені деуге болады. Қол жинап Хиуаны шабу олардың қолынан келмейді. Қолтығына су бүркіп айтаққа салғанмен олардың бұл қасіретіне орыстар да қиналмайды. Екі ортада қолынан келер қайраты болмай өзегі өртенетін де сол адайлар. Ханның бізге берген тапсырмасы да сол болатын,-деді.


Қолбасыдан тапсырма алған қалың қол шабуыл бастайтын кезеңді күтіп жатты. Бір нәрсені сезгендей анда-санда үрген иттердің де даусы басылды. Даланы тылсым үнсіздік басқан. Тек әудем жерде қарауытып көрінген ескі мазардың үстіндегі байғыздың құмыға шақырған даусы ғана естіледі.


***


Түнектен қайтқан жылқышы жігіт ауылға беттеп келеді. Жетегіне алған аты бар. Інісі Бердібекке деп кешкісін үйірден ұстаған. Соны түнделетіп апарып тастап кейін қайтпақ оймен шыққаны жаңа ғана еді. Ауыл осы жерге азғана күн кідіреді дегенмен бұлар алдындағы жылқысын асықпай айдап ойға беттей беруді ойлаған-ды. Бірақ түс ауа ауылдан келген қасындағы жолдасы Бердібектің  мініп  жүрген  атының  ақсап  қалғанын,  ауылдың  да  ертең


 


ертелетіп жолға шығатынын айтқан. «Аяқ астынан Құрман неге бұрынғы ойынан айныды екен. Әлдебір асығыс шаруа шығып қалды ма. Бой жетіп отырған қызын ойға құлағаннан кейін ұзатпақшы болып, құдаларымен солай келіскен сияқты еді ғой. Көкжардан келген зергер жігіт жаз бойы қона жатып, сол қыздың әшекей бұйымдарын жасады. Мұның өзі бір емес, үш рет қызға керекті жасау үшін базарға жылқы айдап апарып ақшасын қолдарына тапсырған. Қызының ертеңгі барар жерінің салмағы ауыр ма, әлде осы қызын ерекше көре ме, әйтеуір Құрман Құралайға дегенде байлығын аяп қалған жоқ. Базарға апаратын малды бұрынғыдай өзі іріктеп, өзінің көз алдынан өткізуді қойды. Тапсырмасын береді, өзгелер орындайды. Ауыл арасы әйелдердің сыпсыңдаған әңгімесіне қарағанда бәйбішесіне қыз жасауының ерекше болуын қатты тапсырған көрінеді. «Мен мына байлықты өзіммен бірге көрге алып кету үшін жинағаным жоқ. Мал баланың шашуы. Қолынан іс келетін қай шеберің болса да алдырып сұрағанын қолына ұстат. Пендешілікке салынба. Бірде бетін, бірде артын көрсететін боқ дүние емес пе. Ана бір жылдардағы жұт есіңде ме. Сол кезде жалғыз біз емес, талай


«мен» деген байлар таяғын ұстап қалған жоқ па еді. Бірақ құдайдың көзі түзу болса көңілі адал пенделеріне жақсылығын аямайды екен. Біреулер сол жұттан қайта оңалмай қалса да, маған дәулет қайта бітті, өрісім қайта кеңейді. Алдымдағы малымның қарасы бұрынғымнан да асып түсті-ау деп кейде шүкіршілік етемін. Ана иен далаға малы симай жүрген Құрманның қызының жасауын қарашы, несін аяды екен деген әңгімеге қалмайық» дейтін көрінеді.


Осыны ойлап келе жатқан жылқышы жігіттің кенет аты осқырынып, құлағын қайшылады. Тастай қараңғы түнде көзіне ештеңе ілінбесе де жан- жағына тесіле қарады. Ауыл алдындағы төбенің аржағында әудем жерде. Дүсірлеген дыбысқа құлағын түрген жігіт бұлардың көп атты екенін аңғарды.


«Бұл қалай» деп ойлады атын тебіне түсіп. Өзге ауылдар ілгері кетіп барады. Бұл ауылдың жылқылары өздерінің алдарында. Мінгі аттардың көп әріге кетпей тұсаулы жайылатыны белгілі. Ендеше бұл қайдан келген көп жылқы. Әлде бұлардың жылқысына қасқыр тиіп, содан безініп келе ме. Мүмкін емес. Мына дауыс бұл келе жатқан жақтан емес, күншығыс беттен шығады. Неде болса тегін болмады. Қараңғыға көзі үйренді ме, әлде ай көзін көлегейлеген бұлт тарқады ма, белгісіз, аласа қырқатқа көтерілген жігіт алдында кетіп бара жатқан қалың қолды көрді. Бағыттары тура Құрманның ауылы. Жақындаған сайын бірте-бірте қанаттарын жазып барады. Жылқышы жігіт олардың алдын-ала жоспарлап ауылды қоршауға алуды көздеп келе жатқанын бірден ұқты. «Жау келе жатыр» деп хабарлауға кеш. Шапқыншылар бұл уақытта ешнәрседен қаперсіз жатқан ауылды қоршап та алды. Бойын қорқыныш пен өкініш билеген жігіт не істерін білмей, дүсірлеген тұяқ дыбысына делебесі қоза ауыздығымен алысқан атының басын тежеумен болды. Көз алдына мына дүниеде не болып жатқанынан хабарсыз, шешесінің бауырында пысылдап ұйықтап жатқан баласы елестеп жаны ышқынып кетті. Туралған туырлық, шаңырағы ортасына түскен үй, анасының жылы құшағынан жұлқа тартып


 


далаға лақтырылған сәби...Ат тұяғы арасында анасын іздеп шырылдаған баласы... Осылардың бәрін көз алдына елестеткен жігіт өкініштен күйініп, көзіне қан тола ат басын ауылға беріп тура шапты. Ең болмаса бір жауының өңешіне жалаң қолмен жабысып, ат тұяғы астындағы сәбиін көтеріп алуға ұмтылғандай тақымын қыса түседі. Біраздан соң барып өзінің мына шабысы құр далбаса екендігіне, жалғыз өзінің қолынан найзаның ұшына ілінгеннен басқа ештеңе келмейтінін, ешкімге де ара түсе алмайтынын сезді. Мына шабылған ауылға, ат тұяғы астында жаншылып, көктей солған жалғызына, аңыраған үлкен-кішіге тигізер жалғыз көмегі уақыт өткізбей ілгері кеткен ауылдарға хабар жеткізу екенін ұқты.


Жылқышы жігіт атының басын тау тұмсығына бұрды. Бір уақытта барып жетегіндегі атының жоқ екенін білді. Қай уақытта, қай жерде қалғанын да есіне түсіре алмады. Шамасы мана өзін-өзі тоқтата алмай ауылға қарата шапқанда қалса керек. Таудың етегін ала тегіс жермен жүру керек екенін ойлады. Әйтпесе жаңбырдың, қардың суынан тілімденген ойлы-қырлы саласы жолына кедергі болады. «Тезірек, тезірек жетіп хабар беру керек» деп ойлады жан-жағына қарап. Мұны байқап артынан қуып келе жатқан қуғыншы жоқ. Бар есіл-дерті өздерінен екі-үш күн бұрын кеткен ауылдың кәзір қай жерге барғанын шамалап уақыт оздырмай жету ғана. Тастай қараңғы түнде оларды іздеп табудың да оңайға түспесі анық. Бірақ көңіліне демеу қылып келе жатқаны көп ұзамай таң атады. Малдың жайымен асықпай келе жатқан ауылдарды ұзай қоймаған шығар деп те келеді. Жаңағы жан- жақтан құйылған қалың қолдың жолындағысын кескілеп, қолға түскен мал- жанды алдына салып тезірек кейін қайтатынын білген жігіт онсыз да құстай ұшып келе жатқан атын тебіне түсті. Кенет алдындағы тап болған терең жыраны байқағанмен атының басын бұрып үлгермеді. Жануар «басқа амалым жоқ» дегендей шұрқырай кісінеп жардан секірді. Неде болса атпен бірге болуды, сыпырылып түсіп қалмауды ойлап тақымын қыса түсті. Кенет көз алды қызылды-жасылды жалынға толып кетті. Құлағына атының алыстан кісінегені келгендей. Қай жері екенін де айыра алмады, бір қапталы жанын шығара ауырып барады. «Әттеген-ай, аттан түсіп қалдым-ау» деп ойлап үлгерді. Бірте-бірте бәрін де сезінуден қалып жан-жағын тыныштық басқандай тым-тырыс болды.


...Үйінде жатыр екен дейді. Күні-түні жылқы соңында жүріп анда-санда ауылға келгенде өсіп кеткен сақал-мұртын сипалап сықылықтай күлетін кішкентайы сол өнеріне басыпты. Алақаны қандай жұмсақ. Мойнына мініп алып жұпар исін аңқыта, сілекейін ағыза қайта-қайта бетін сипалайды. Анда санда отыра қалып кеудесінен тартқылайды. Кішкентайының қол қажарына риза болған әкесі «Міне, жігіт. Жылқышының баласы осындай болса керек еді. Ертең-ақ, аспанға шапшыған талай асауды құлағын бұрап тырп еткізбейтін нағыз жігіт боласың» дейді. Баласы неге екенін білмейді, үндемейді. Күйеуі келгенде тыным таппай сөйлеп, ошақ пен кішкене қараша үйдің екі арасында жүгіріп жүретін келіншегі де көрінбейді. Кәрілік әлдеқашан келсе де ақылынан алжаспаған, баласының амандығын сұрап


 


отыратын шешесі де үнсіз. Қоламтаға қақталғандай бір жағы ысып, еріндері жабысып шөл қысып барады...


Бір уақытта барып зорланып көзін ашты. Үстінен төніп жұп-жұмсақ еріндерімен бетін жалап, иесін тұрғызғысы келгендей кеудесінен тістелей тартқылап тұрған атын көрді. Ешнәрсеге түсінбей әрі-бері жатты. Ат қапталына байланған жұмырды көріп кезерген ернін жалады. Орнынан тұра бере аяғының ауырғанына шыдай алмай сылқ етіп қайта жатты. Биік жыраның қасында жатыр екен. Сонда барып осы жерден аты секіргенде сыпырылып түскенін білді. Қайтадан тістене зорланып басын көтеріп жан- жағына қарады. Күн бесін ауып барады екен. Жанын ауыртқан жарасына ма, әлде әшейінде қандай асауға мінсе де желімдеп тастағандай құламайтын өзінің дәл мына қиын кезеңде мертігіп жатқанына өкінгені ме, жұдырығымен жерді ұрып ыңырсыды. Өзінен он шақты қадамдай қашықтықтағы жыраға қалай болғанда да жетуді ойлады. Соған бір жетсе атының шақырғанда келетіні анық. Жанын шығара ауыртқан аяғына қарамай ілгері жылжыды. Тұла бойын тер жуып кетті. Тек аяғы ғана емес, қабырғалары да зақымданған сияқты. Бір қолымен алдындағы шөптің түбірінен тартып, екінші шынтағын тіреу қылып қозғалса да қол созым жердегі жыра жеткізер емес. Ентігіп екі ортада бірнеше рет демалды. Жанын қинай отырып ақыры жетті. Дәл осыны күткендей ақылды жануар сай бойын қуалап келіп жарға қапталын бере тоқтады. «Қайтадан жығылып қалма, ер үстіне аяғыңды артсаң болды» дегендей ақ тер, көк тер болып өзіне жақындап қалған иесіне қарап оқыранды. Ақыры итшілеп жүріп ер үстіне де мінді. Бірақ ортан жілігінен үзілген оң аяғы шыдатар емес. Зорланып отырып қапталына байланған арқанды алды. Бір шетін тұзақтап табанына іліп ауырғанына қарамай өзіне жайлап тартты. Бүгілген тізесін бірнеше қайтара орап байлап тастады. Салмақ түсіп салбырамағасын ауырғаны басылған сияқты болды. Сайдың бойын қуалай шығып жүріп кетті. Күн батуға таянды. Қатты жүріске шыдамай тағы да аттан түсіп қалатынын білген жігіт атының басын тежеумен келеді. Арада өткен бір күн ішінде шапқыншылардың ұзап, өзі іздеп келе жатқан ауылдардың да біраз жерге барғаны есіне түсіп «әттеген- айлап» келеді. Бір кезде алыстан жылт етіп от көрінгендей болды. «Басым айналып әлдеқалай көрінген елес шығар» деп өзіне-өзі сенбей қайта қарады. Жоқ, шындығында да от сияқты. Бірте-бірте жақындаған жігіт бұлардың түнгі күзеттегі малшылар екеніне анық көзі жетті. Кішкене қостың алдында қара шәугімге тамақ пісіріп отырған адамды көріп шөлден құрғап қарлыққан дауысымен айқайлаған болды. Қолына бақырашын ұстап қазан сапырған жігіт дауыс шыққан жаққа селтие қарап, үйдегілерге хабар бергенін көрген жылқышы жігіт есінен танып ер үстіне құлады.


***


Матай Есенияз батырдың түннің ортасы болса да әлі көзі ілінер емес. Аяқ-қолы сырқырап, мазасы кетумен болды. Қайта-қайта дөңбекшіп әлдебір дыбыс шыға ма дегендей далаға құлағын тосады. Бірақ анда-санда алыстан шәуілдеп үрген түлкінің бе, қарсақтың ба дауысынан өзге ештеңе естілмейді.


 


Арғы жағы ата-бабасынан жалғасып, тіні үзілмей келе жатқан қасиет болар, Есенияздың кейде сынық ұстайтын да өнері бар еді. Өзі соны арнайы кәсіп қылмаса да туралап келген адамдарды қайтармайтын. «Менің қолым емес, ескілердің қолы, өткендердің жолы» деп сылап-сипап жібереді. Көзі көріп тұрмаса да әлдебір құдырет қолынан жетектегендей алдындағы адамның ауырған жеріне апарады. Шатынап сынған, орны ауған сүйектерді көңілімен көріп жігіне апарған болады. Жаңа ғана жанын қоярға жер таппай сарнап келген жолаушы да сүйегі орнына келгесін «Уһ» деп демін алып, қапталындағы жастыққа қисая кетіп, көп ұзамай қор ете түседі. Есенияз да манадан бері тыныштық бермей, сергелдеңге салған беймазалықтан тұла бойын жуған терін сүртіп демалады. Сынықшылыққа бұрын жастықпен мән бермей келгенімен, күн өткен сайын бойына сіңіп, біржолата орнығуға бет алған сыңайлы. Осы күндері қатерге ұрынған адамды алдын-ала сезіп отырады. Сездіретін біреудің сыбыры, алыстан жеткен хабары емес, өзінің аяқ-қолы. Сырқырап ұйып, мазасы кете бастайды. Сынған адам жақындаған сайын өз сүйегі сынып, өз сүйегі уатылғандай күшейе түседі. Есіктен аттап, қасына келгенше әлгі адам көрген бар ауырлықты өзі көтеріп, өзі сезінеді.


Бұл жолы аяқ-қолының сырқырап өткені болмаса бұрынғыдай жалғасып, күшейе түспеді. Бірақ қатты тиген шаншудай анда-санда ұстағанының өзі ауыр тиіп жатыр. «Айдалада жалғыз қалып мертіккен адам болмаса игі» деп ойлады. Әлде түн қараңғысы тарқап, таңның атуын күтіп жатыр ма екен бейшара, кім білсін. Есенияз шыдай алмай жадағайын жамылып тысқа шықты. Айналаға қарағанмен тастай қараңғы түнде көзіне ештеңе ілінбеді. Шөп басына қонған ылғалдан көкірегіңді ашар жусанның исі шығады. Ойына неге екені белгісіз әкесі Қожабек түсті. Артық, ауыс сөзі жоқ, аузынан Алласы түспейтін момын адам еді. Матай ауылы жаз Арқаға шығып, күзде Маңғыстаудың ойына құлағанда Торты алқабын қоныстанатын. Сол Тортыда матайлар мен түрікмендер қатар тұрып, ағайындай араласып кеткен еді. Белгілі түрікмен молдасы Хатам ишан өзінің медресесінде бәйімбет ауылының балаларына да дәріс беріп, имандылық жолын көрсететін. Сол бір ғұлама адамды жас кезінде Есенияз да көрген. Қашан көрсе де кітабын ашып, құс қанат қауырсынмен әлденені жазып отыратын. Кейде қасына келген балаларды көрмегендей қолына қаламын ұстаған қалпы алысқа көз тігіп отыратын. Молданың қараған жағынан қызықты бірдеңе көрінердей бұлар да сол бетке қарайды. Бірақ бірін-бірі жөңкіле қуған сағым ішінен бұлдырап Шоқырақтың тауы ғана көрінеді. Басқа ештеңе жоқ. Көздері талғасын қайтадан молдаға қарайды. Хатам ишан сол қалпы, қозғалмайды. Бір уақытта сол сағымның ішінен әлденені көргендей, іздегенін тапқандай жүзі жылып, алдындағы қағазына жылдамдатып жазып жатады. Ойын балалары молда қасында қашанғы отырсын. Үн-түнсіз көтеріліп, аяқтарының ұшымен басып алыстай береді. Молда құран ұстайды деп түсінген Есенияз бірде әкесінен:


-Әке, Хатам ишан үнемі құран жаза ма?-деп сұрады. Сонда әкесі баласына барлай қарап:


 


-Е, балам, есіңде болсын. Құран құдай сөзі, оны ешкім де жазбайды, болмаса толықтырмайды. Құранға өзгеріс енгіземін деген адамды Аллатағала құп көрмейді. Хатам ишан тек дін жолындағы молда ғана емес, ол ғұлама адам. Өзін толғантқан жайларды қағаз бетіне түсіреді. Өлең, жырлары да жетерлік. Өзімен-өзі отырғанда соны жазып отырады. Тыңдасаң жаныңды тербетеді. Жарықтық, тегін адам емес қой, айтқан сөздерінде қателік болсашы,-деген-ді.


Бірде құлағына қала берсін деді ме, әлде баласының ат жалын тартып мініп, бес қаруын асынғанында ел басынан өткен белгілі оқиғаларды жадында сақтап, содан тәлім алсын деді ме, сол Хатам ишаннан естіген бір әңгімесін айтқан. Сол жылы жаз бойы жаңбыр жауып Үстірт үсті белуардан келетін шөпке толды. Әкесі екеуі көрші отырған ағайындардың ауылына бағыт алған. Танауыңды жарған жусан мен шағырдың, сүттігеннің хош исі ішпей-жемей мас қылғандай. Әкесі ат бауырын қаққан жусанды іліп алып құшырлана иіскеді. Біраздан соң барып:


-Мына дала біздің ата қонысымыз. Ілгеріде өткен үлкендердің айтуы бойынша адайлардың бұл жерге табан тірегендеріне жүздеген жылдар өтіпті. Соның белгісі ана көрінген, төбе үстінде мүлгіп тұрған әулиелер. Бірі батыр, бірі би, бірі жайсаң дегендей кезінде болған, толған адамдар көрінеді. Бірақ Маңғыстау топырағына алғаш жамбасы тиген ескелді Бердалы батыр екен. Осы жерге адай елінің қоныстануы үшін алғаш қол бастап, елшілікке келген адам да сол. Маған Хатам шахир сол кісінің қапыда, қаралы қолдан қаза тапқанын айтып еді. Ол кезде Маңғыстау жерін түрікмендер мекендеген. Сырттан келер жаушы, жолаушыларды, қарулы қолды бақылап тұратын сақшылары Манатыдан құлап келе жатқан елшілерді ұстап ханға алып келеді. Хан алдына келген Бердалы батыр:


-Тақсыр, бәрімізде түбі бір түріктен тараған қандас, дініміз бір ел едік. Ел басына күн туып жоңғар шапқыншылығынан шашырадық, азып-тоздық. Қарауыңа келдік, қолтығыңа ал, қанатыңмен қорға деп айта алмаймыз. Оған адай елінің қанымызға сіңген намысы да жібермейді. Маңғыстау жері айладырға да, адайларға да жетеді деп келдік. Көңіл тарлығыңды жасамай жер мен суды ортақ пайдалануға рұқсат берсең деп келдік. Шаруамызды түзеп, жыртығымызды бүтіндегесін сырттан келер қандай жау келсе де тізе соғыстырып, бірлесе соққы берейік деп келдік. Рұқсат берсеңіз қалың адай бері қарай көш басын бұрады. Бұған не айтасыз хан ием,-деді тура қарап.


Ханға елшімін деп келген Бердалы батырдың сөз саптауы да, бітім болмысы да ұнамады. Азған, тозған, қорлық көріп босқан ел болса өзін паналатар елдің ығына қарап сөйлер болар еді. Мына елшінің сөзі өктем, аяқ алысы еркін. Алдындағы ханнан қаймығу, қай жағынан шығам деген ой да жоқ сияқты. Сөз төркініне үңілсең, өзіңе шаншыла қараған көзінен «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегенді оқығандайсың. Кәзір-ақ кәлләсін қағып тастауға болар еді. Бірақ, түрікмендердің қандай жауы келсе де үйінде қан төкпейтіні белгілі. Оның басқа жолы бар.


 


-Маңғыстау жерінің кең екені рас. Бірақ хан ел мүддесін шешерде, әсіресе сырттан келген өзге жұртты қоныстандыру мәселесіне келгенде ақылдасатын ақсақал-қарасақалдарымыз бар. Жауабын өзіміз береміз, бара беріңіз,-деді.


Бердалы ханның көзқарасынан ішіне бір нәрсені бүгіп қалғанын сезіп қасындағы жолдастарына:


-Сақ болайық. Артымыздан қуғыншы да шығып қалатын шығар. Ханның алдына барған елші менмін. Сондықтан артымыздан қуғыншы келсе оны күтіп алатын да мен болайын. Егер дәм-тұзым таусылып, олардың қолынан қаза тапсам аманат деп денемді ана бір төбенің басына қоярсыңдар. Елге сәлем айтың, бағыттаған көш тоқтамасын. Маңғыстаудың айладырға емес, түбі адайларға құтты мекен болатынын сезіп тұрмын,-деп қош айтысқан. Жалғыз өзі жау тобын қарсы алып, тау құйрығындағы Үшкөз қайнарының басында қаза табады.


Артынан ханның осы бір ессіздігіне қатты налыған Бектұрды ишан қапаланып:


-Сендер жазықсыз бір мұсылманның, соның ішінде елшінің қанын төктіңдер. Қазақтармен арғы жағымыз бір туыс ел едік қой. Олар мұсылман заңы бойынша өлген адамын қаны төгілген жерге жерлейді. Сосын басына күмбірлетіп күмбезін салады. Ау, қарағым, сонда мынау кімдікі дегенде қазақтың елі үшін жанын қиған бір батырының, елшісінің мазары демей ме. Көшпелі елдің заңы бойынша жеріміздің шекарасын ата-бабамыздың сүйегі қалған, соған қойылған белгімен ажыратпайтын ба едік. Сонда сенің адайларға жер бермегенің қайсы, хан ием. Жерді мен емес, өзің, өз қолыңнан беріп отырған жоқсың ба? Сонау ықылым заманнан қай елде елшіні құрметтеп, өз жерінен шығып кеткенше оның амандығын өз мойнына алмаушы ма еді. Бұл құдай кешпес, пенде естімес хабар болды. Біле білсең жалғыз сенің емес, бүкіл түрікмен елінің бетіне жағылған қара күйе болды бұл ісің. Енді осы жер түбінде бізге опа берсе болар еді. Бізде ойланып- толғанып көшімізді Балқан тауға қарата дайындай бергеніміз мақұл шығар,- депті.


-Бектұрды ишан алдын-ала болжай білетін көреген адам еді ғой,-депті Хатам шахир. Ол Бекет атамен замандас, ойы бір жерде тоғысқан, жас кездерінде Хорезмде бірге оқыған адам екен. Бір ғұлама екеуіне де өмір шындығы мен аспан әлемінің құпиясы туралы дәріс берген. Елге оралғаннан кейін Бектұрды ишан Каспий теңізінің жағалауында, Бекет ата Үстірт үстінде халыққа дін жолын үйреткен. Ең негізгі мақсаттары халық арасындағы бейбітшілікті орнатып, орынсыз қанның төгілуіне жол бермеген.


-Хатам шахирдің сол айтқаны болды. Адайлардың Маңғыстауға келіп қоныстанғанына түрікмендердің біреулері көңіл тарлығын жасамаса да, кейбір бай-манаптарға ұнамады. Орынсыз жерден ілік іздеді, екі ортада болып жатанын қақтығыстарда адам шығыны болды. Ақыры баяғы Бектұрды ишан айтқандай бұл жер адайлардың мекені болып қалды ғой,-деді әкесі ат үстінде тербеліп келе жатып. Мана жұлып алған бір түп жусанды әлі


 


тастамай анда-санда иіскеп қояды. Содан бері де талай ұрпақ ауысты. Олардың кіндік қандары осы жерге тамды, жамбасы осы топыраққа тиіп, сүйектері осы топырақта жатыр. Сондықтан біздерге осы өлкенің тау-тасы да, тіпті мына (әкесі қолындағысын көрсетіп) бір түп жусан да қымбат. Үңіле білсең көктем шыға бүр жарған жусанның өзі саған өткен күндердің тарихын айтады,-деп еді.


Әкесінің сол айтқаны Есенияздың жадында сақталып қалды. Жыл сайын Үстіртке шығарда, ойға құларда ат басын тау тұмсығындағы Бердалы жатқан қауымға бұрады. Құранын оқып отырып елінің ертеңі үшін жаны сыздаған, сол үшін тайсалмай келіп жау қолынан қаза тапқан батырдың аруағына басын иеді.


Көкірегін ашқан жусан исі ойына осыларды түсіріп еді. Таңның бозарып белгі беретін уақыты болғанымен әлі қараңғы. Аспанды құрсап алған қою бұлттан ештеңе айырып болар емес. Күншығыс жақтан соққан жел сәл саябыр тапқан сияқты. «Мына жел ақыры жаңбырды жаудырмады-ау. Мұндай уақытта ит-құста әлсіз жеріңді аңдиды. Қойшылар алдындағы малынан айрылып қалмаса игі. Көші-қонға ол да кедергі болып жолыңнан қалдырады ғой» деп ойлаған Есенияз мана Қабылдың жол үсті соғып кеткенін есіне алды. Ағарған ауыз тиіп отырып өз көштерінің тоқтамай жүре беретінін, Сүгірәлі ағайындардың да ертең жолға шығатынын айтқан.


-Ең болмаса шәй ішіп кет. От ала келгендей асыққаның қалай. Көші- қон бұл елдің жыл сайынғы кәсібі емес пе. Малдың малшысы, көштің жетекшісі бар. Сендерге қарап қалған ештеңесі жоқ шығар,-деген мұның әйеліне:


-Рахмет жеңеше. Сенің шайыңды да, арнайы сақтаған сыбағалы жілігіңді де талай жеп жүрміз ғой. Аман-есен ойға құласақ әдейі қонақ болып кетерміз,-деді Қабыл.


-Қой әрі, қайдағыны айтпай. Аман-есен жетсек дейтіндей төрінен көрі жақын, қалтылдап отырған кәрі емессің. Қай уақытта келсең де бұл үйдің саған деген дастарханының жиегі қайрылып, қазаны оттан түсіп көрген жоқ. Елдің қысылғанда арқасын сүйер азаматтарына деген пейіліміз азаймасын,- деді.


-Құдайдың ауызға салған әңгімесі ғой жеңгесі. Одан шошымай-ақ қой. Әзір қайратымыз бойымызда, ауру-сырқаудан аманбыз. Асығып отырған себебім мына Құрман, Таған ауылынан келе жатқанымызда артымыздан хабаршы келген. Бәймембет бидің бүгінгі бағыты біздің ауыл көрінеді. Қонағасыға дайындала берің деп тапсырма бергенмін. Ағалығы өз алдына, адайдың бетке ұстар биі емес пе. Орыс ұлықтарына да бізден гөрі бір табан жақын адам. Қонақты күттіргенім жараспас. Оның үстіне қолында билігі бар ағамызға айтар назым да бар еді. Назым жеке басымдікі емес, біздердің қай- қайсымызды да толғандырып жүрген мәселе. Орал, Орынбор жаққа жолы түскенде өз аузымен болсын, болмаса хат арқылы болсын адайды көп сергелдеңге салдырмай орыстар қамқорлығына алар болса, дұрыс пиғылмен алсын демекпін. Бұл әңгіме бұдан бұрын да айтыла-айтыла сартап болған


 


мәселе емес пе еді. Бірде Арқадағы орыстарға, бірде түстіктегі хиуалықтарға қарап жалтақтай күн кешу шаршатты ғой. Ал, аман отырың,-деп қоштасқан.


Ойына әр нәрсе түсіп далада тұрған Есенияздың бойы тоңазыды. Осы кезде құлағына бір-екі аттының дүбірі естілген сияқты болды. Дауыс шыққан жаққа тесіле қараған батыр жақындап қалған аттыларды байқады. Көп ұзамай әлгілер туралып қасына келді. Танып тұр, аттан сыпырылып түскен өзінің қойшыларының бірі. Қасындағысын сүйемелдеп атынан түсірді. Манадан бері өзіне маза бермей сүйектерінің бекер сырқырмағанын білген Есенияз жақындап барып қолтығынан сүйеп үйге кіргізді. Қараңғыда кім екенін ажырата алмады.


-Батыр аға, кешіріңіз, жайсыз хабар жеткізіп тұрмын,-деді қойшы жігіт. Кеше түнде Сүгірәлі ауылына жау шауыпты. Соны елге хабарлаймын деп келе жатқанында мына жігіт аттан құлап аяғын сындырған. Әйтеуір бейшараны аты далаға тастамаған. Бізге түн ортасында келді. Содан сізге келгенім осы.


-Не дейді? Өткен түнде дейсің бе? Әттеген-ай, қапыда соққан екен жауыздар. Бұл хиуалықтар қашанда осылай қапы кетер жеріңді аңдып, дөп басады. Не тұрыс енді. Ауылды оят, өзің кідірмей ана Көрпе, Байбоз ауылдарына шап. Жеткіз осы хабарды. Қолына қару алуға жарайтындар түске дейін осы жерге жиналатын болсын. Ешкім де көшке, малға қарайламайтын болсын. Оған қатындар да жарайды. Олардың да көріп жүрген құқайы жалғыз бұл емес. Жаулар Құрман, Таған ауылдарын шауып кідірместен Хиуаға бағыт алған болды. Қап, әттеген-ай. Арада өткен екі түн, бір күнде біраз жерге ұзап та кетті-ау. Жетегіңе екінші атты да ал. Қабылға, Доспамбетке, Ықыласқа бәріне, бәріне тез хабар жеткіз,-деді ақырып.


Қапаланған, жаралы арыстандай ақырған батыр үйге бір кіріп, бір шықты. Бір уақытта есіне бірдеңе түскендей үйге кіріп төр алдында сұлап жатқан жігіттің қасына келді. Қынынан қанжарын алып жігіттің балағын дар еткізіп тіліп өтті. Ортан жілігін ұстап отырып күректей алақанымен бірте- бірте салмағын сала жайлап сипай берді. Сырт еткен дыбыс шыққандай болды. Жаны жай тапқан жігіт өзінен сұрақ сұрағандай «Түсті аға» деді. Есенияз үндеген жоқ. Аяғын тұзға малынған шуда жіппен орап берді де:


-Шама келсе әзір бұл аяққа салмақ салма. Тірек болар бір таяқ табылар. Пәлен күн деп шерттейтін жайдың жоқ екенін біліп отырсың. Таң атқанша дамылдай тұр. Сосын осында қалған елге басшы боп көшті ойға бастай бересің. Айтпай-ақ қой, бәрінде біліп, сезіп отырмын. Құдай дегенге жеткізсе соңынан жетіп, өзіміз сол жерде қалсақ та, елді кейін қайтарармыз. Бекем болғаның мақұл,-деп өзінен бұйрық күтіп сыртта тұрған жігіттердің біріне:


-Қасыңа бір-екі адамды ертіп Құрманның ауылына шап. Не болғанын көзіңмен көр. Шапқыншылар қарайған елді түгелдей алдына салып айдап, болмаса тігерге тұяқ қалдырмай турап кетпеген шығар. Жодарына кедергі болар кәрі мен жастың аман қалғандарының бар екені анық. Қаза тапқандары болса Борқұдықтағы әулиеге жерлеп, жаралы болып жүруге жарамайтындарға  сол  жерден  көмек  ұйымдастырың.  Шапқыншылардың


 


бағыт-бағдарын, жүріс жобасын білу үшін бізге көп ұзатпай хабар жеткізуді ұмытпаң,-деді.


Жан-жаққа бозамықтанып жарық түсе бастапты. Таң тыныштығын бұза артында сызылтып шаң қалдырған жаушы жігіттер бірте-бірте ауылдан ұзап бара жатты. «Тезірек, тезірек» деп күбірледі арттарынан қарап тұрған Есенияз.


***


Күн түске таянды. Есенияз батыр қаншама салқын қанды болғанымен шыдай алмай қайта-қайта сыртқа шығып алысқа көз тігеді. Сағымға араласып көрінген кез келген қараға үміттене қарайды. Біраздан соң барып олардың ұзын аяқты мал екенін білгеннен кейін қайтадан үйге кіреді. Уақыт көз ілеспес жылдамдықпен өтіп жатқан сияқты. Ойлағаны болды. Хиуалықтар Құрман, Таған ауылын шауып, басқа ешқайда бұрылмастан ат басын кері бұрған болды. Олардың ендігі біраз жерге ұзап кеткені анық.


«Апыр-ай, бұлар неге кідірді. Ендігі алдының көрінетін кезі болып еді ғой. Әлде бірін-бірі күтіп уақыт оздырумен жүр ме. Қатарласа көшіп келе жатқан бәйімбет ауылдарынан басқа Үстірт үстінде ешкімнің жоғы белгілі. Ойға құлаған адайларға хабар жіберу де, ол жақтан келер көмекті күтіп жатудың ақылға сыймайтын іс екені кім-кімге де белгілі. Ағайындар ондай шешімге келіп жатса Сүгірәлі ауылын құрбандыққа шалумен бірдей болады емес пе. Бірақ ол мүмкін емес. Қабылдың да, Ықыластың да ондай ойға бармайтыны анық. Азғана қол болса да, азғана топ болса да артынан шауып елді құтқарып қалу жолын іздестіру керек еді ғой. Неге, неге кешігіп жатыр» деп ойлаған батыр тыным таппай аласұрумен болды.


-Батыр аға, алды көрінді,-деген көмекші жігіттің даусын естіген бойда сыртқа шықты. Алыстан шаңытып келе жатқан қолды көріп олардың елу шамалы адам екенін аңғарды. Бірте-бірте жақындай түскен олардың алдындағы Қабылды, Доспанбетті, Төленді танып көңілі жайланғандай болды. Әрқайсысы әр төбе, қатарласа шауып қару сілтегеннің өзі жаудың үрейін ұшырып, өздерін жеңіске деген құлшынысқа ұмтылдыратынын білген батыр «Уһ» деп демін алды. Манадан бері жанын жеген, тыным таптырмай әр саққа жетелеген ойлары да сол сәтте ұмыт болғандай. Бір кезде сол Хиуадан алдырған қылышының күміс сабын құшырлана қысып қасында тұрған көмекші жігітіне «Атты әкел» деп бұйырды. Көп ұзамай олар да жетті.


-О, батыр, армысың,-деді Жамбоз Төленді қолтығынан сүйеп, атынан түсіріп ізет көрсеткен Есениязға.


Жауға шаптым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап. Өлім деген ойда жоқ,


Жалынды жүрек қан қайнап. Ерлер жұртын қорғайды,


Өлімге жүрміз бас байлап,-деген екен бізден бұрын өткен Ақтамберді жырау. Бұл қазақтың басынан нелер өтіп, нелер кетпеді. Жау тағы да қапыда бас салды. Ағайынның басына түскен қасірет, қарындастың зары, қорғансыз


 


қалған кәрінің мұңы аяғымызды үзеңгіге салдырып, қолымызға найза ұстатты. Қалың адайға хабар тиіп үлгермеді, оған қарайлауға мұршамыз да болмады. Барымыз осы көрініп тұрғандар. Тағдырдың маңдайымызға салғанын көрерміз. Уақытты өткізбейік,-деді.


-Дұрыс айтасыз ағасы. Ендеше біз жауға бастасақ, көпті көрген сіз қол бастаңыз. Талай көрген жау емес пе. Азбыз деп көңілді үрей билемесін, осы жорықта сызығымыз таусылады деп үміт үзілмесін. Қысылғанда қолтығымыздан сүйейтін, қолы қараның жолын кесіп, қай уақытта да әділеттің ақ туын жоғары көтеретін Бекет атам бар емес пе. Тәңірге жалынып, Бекеттен жәрдем сұрайық. Доспанбет аға, жаңа ғана байқап тұрмын. Мына тұрған сіздің үйдегі қарындасымыз Қанапия екен ғой. Қолдың саны аз дедің бе, әлде қашанда батырлықты ту қылып жоғары ұстаған адайдың қызына тән қасиетің бе, мұның не айналайын. Біз көретін қиындықты, алдымызда тап болар ауырлықты сен көрмесең етті,-деді Есенияз.


-Жоқ ағасы, азғана қолға қосылған жалғыз әйелдің ертеңгі жойқын соғыстың тағдырын шешпейтінін де білемін. Кескіленген шайқас үстінде осы тұрғандардың «Қанапия аман ба екен» деп мен жүрген жаққа жалтақтай қарап жүретінін де сеземін. Бірінен соң бірін аттан аударып ер азаматтан асып кетпесім де құдайға аян. Бірақ артта қалып, сіздер кеткен жаққа жалтақтай қарап құдайыма жалбарынудан гөрі орталарыңда болуды жөн көрдім. Әйелге тән әлсіздігім болса да, ерлерге тән өрлігім бар. Қолымнан басқа ештеңе келмесе де сендердің осы тар жол, тайғақ кешулеріңде жаралы болсаңдар бастарыңды сүйеп, жебе жырған қандарыңды тоқтатып таңып берсем де пайдам тиер деп атқа қонғанмын. Ана жаудың тұтқынында кетіп бара жатқан көптен жаным артық емес болар. Тұңғыш рет әкенің айтқанын, ағаның бұйрығын орындаудан бас тарттым. Оныма қай-қайсың да өкпе арта көрмең. Белімді будым, осыған ойымды бекіттім. Енді өзімді көп жауынгердің бірі деп бұйрықтарыңда ғана күтемін. Мына Ықылас ағам ұстап тұрған Адайдың туының құламауына септігім тисе, тіпті соның жолында шейіт кетсем де енді арманым болмас еді. Ел басына төнген қиыншылықта ат жалын тартып мініп, ер азаматпен бірге шайқас төрінде табылған әйел жалғыз мен емес шығармын. Бұл өлкенің талай қызы мен әйелдерінің қол бастамаса да қатардан табылып, аңызға бергісіз ерлік жасағанын өздерің бала кезімізден құлағымызға құйдыңдар ғой. Байқап отырсам оларды атқа қондырып, қолына қару ұстауға мәжбүр ететін «пәлен дейтін әйел жауға қарсы шауып ерлік көрсетіпті» дейтін арзан атақ емес, туған топыраққа деген сүйіспеншілік, ата-бабаның аруағына деген перзенттік борыш, жау қолында күң болуды қаламайтын еркіндік екен ғой. Әйелдің міндеті ошақ құты болып, ұрпақ жаю екенін де білемін. Өздерің айтқан сызығымыз таусылмай, Адай туын құлатпай желбіретіп қайтсақ ұрпақ та жайылар, түтіні өшкен ошақ қайта жағылар, құлаған шаңырақ қайта көтерілер. Соның төрінде отырып мақпал мен жібекке оранып, алтын сүзбе сырғаны жалтыратып аналық ақылымызды айтып, әйелге ғана тән билігімізді жүргізетін кез де келер.


 


Кейіннен болар, артынан көрер қызығымды кәзіргі қиыншылыққа қиналмай ауыстырғаным да сол. Менің сізге айтар жауабым осы Ес-аға,-деді.


-Алда айналайын-ай, сөзіңе құлдық. Досеке, сіздің үйдегі жеңгеміз қыз туса да ұлға бергісіз перзент әкелген екен. Адайдың сырттан келген қай жауымен болған шайқаста да мәртебесінің өсетіні осындай ұрпақтарының арқасы ғой. Қарындасымыз жолымызға кедергі, өзімізге артық салмақ болмас. Ал, Төленді аға, хиуалықтардың Сүгірәлі ауылын шауып кері кеткеніне міне, екі түн, екі күн болуға айналды. Ендігі біраз жерге барған да болар. Олардың адай қол жинап артымыздан келгенше өз жерімізге барып та қалармыз деген ойда болатыны анық. Бәлкім сол ойдың жетегінде болып асықпас та. Дегенмен менің шамалауымша біз оларды Құланқақтың маңайында ғана қуып жететін шығармыз,-деді қол басына қарап.


-Әй, ағайын,-деді осы уақытта қолына ту ұстап тұрған Ықылас батыр. Әуелден де айбарлы, зор дауысты Ықыластың бұл жолғы дауысы түстік жерге жеткендей құлағыңды тұндыра шықты. Құланқағы болар, мүмкін оған жетпей, мүмкін одан өте болар, әйтеуір сол шақшабастарды қуып жетіп бір қырғынды саларымыз анық. Мен сіздерге осы жорық алдындағы өзімнің шешімімді айтайын деп тұрмын. Таңертең осында аттанарда кәрі сүйегін қыздырып ошақ түбінде жатқан әкем «Құдайдан сұрарым сендердің жолдарыңа мен садақа болайын» деп батасын беріп отырып мынаны айтып еді.


-Азғана топпен аттанып бастарыңды оққа байлап бара жатырсыңдар. Құдай жар болсын дегеннен басқа не айтайын. Соғыстың шығынсыз болмайтыны белгілі. Кімнің дәмі таусылады, оны бір құдай ғана біледі. Өзегімді жарып шыққан балам аман болсын деп жалғыз сенің тілеуіңді тілемеймін. Жау қолында зар илеп еріксіз кетіп бара жатқан қатын-бала, қара орманның амандығын ғана тілеймін қарағым. Қарсыласың қанша көп болғанымен тек қылыш пен найза ұстаған жәуміт емес пе. Бұл адайдың бұрынғы өткен батырлары жәуміт түгілі зеңбірегі қардай бораған орыстың да бетін қайтарып, тәубесіне келтіріп еді ғой. Соны есіңнен шығарма. Тар қолтықтан жарып өтіп жүрекке қадалар найзаның ұшы сені де, сенің қасыңдағы өзгені де адаспай табуы мүмкін. Ұрыс даласында шәйіт кетсең арманың жоқ. Егер құдайтағала маңдайларыңа соны жазып жатса дәм таусылар соңғы сәтте өкінішпен емес, мақтанышпен кеткеніңді сұрар едім. Қасиетті құранда елі үшін шәйіт кеткен адамның дәрежесі әулиеден де, әмбиеден де артық депті ғой. Ақырет күні келгенде жұмақтың төрінен бірінші орын тиетін де сол шәйіт кеткен адам болмақ. Осыны жадыңа мықтап түйіп кет. Тағы бір айтарым сен қай жорықта да ту ұстаушы болып келесің. Мұның өзі екінің біріне тап бола бермейтін үлкен мәртебе. Ата-бабамыз әу бастанда бұл туды жорықтағы әскердің киесі санаған. Сондықтан да шайқас кезінде оны ұстауды ең батыр деген адамдарға тапсыратын. Шайқас төрінде ту желбіреп тұрса ана жан берісіп, жан алысып жатқан жауынгерлерге дем береді, рухын биіктеді. Туың құлай көрмесін қарағым. Тудың құлауын біздің қазақ жақсы ырымға бағаламаған. Қолыңдағы көк туда өзін еркін сезінген,


 


біздің Маңғыстаудың тау-тасында кездесер барыстың суреті, ер қаруы қылыш пен адайдың таңбасы бейнеленген. Жоғарғы бұрышында қасиетті құранның сөзі жазылған. Осының бәрі де сендерді жеңіске жетелемек. Тіпті басқасын былай қойғанда бейбіт күндері ауырып-сырқаған, әртүрлі кеселге ұшыраған адамдардың осы үйдің төріне келіп, қасиетті туға маңдайын тигізіп шапағатын алып жатқанын талай көрдің емес пе. Міне, көрдің бе, жорық тағдыры негізінен сол туда болмақ. Өзіңе түсер салмақ пен сенімнің қандай екенін сезіп тұрған шығарсың. Жорыққа алғаш рет қатысып, алғаш рет ту ұстаушы болып тұрғаным жоқ қой, әкемнің мұнысы несі деп ойлап та тұрған шығарсың. Оның да бір себебі бар. Аз қолмен аттанып бара жатырсыңдар. Көп көптігін істеп бара жатса орныңды ауыстыратын адам керек. Туды құлатпаймын, болмаса жау қолына бермеймін деп жалғыз өзіңнің майдан төрінен кетіп, кейін қайтпайтының белгілі. Өзің жолдастарыңа көмекке кеткенде туды қорғай алатын, құлатпайтын адамның болғаны жақсы,-деп еді. Мен соған лайық деп Қанапия қарындасымды қасыма аламын. Еншалла, бұл ойымызды құдай құп алар. Кел, айналайын, қасиетті тудың қасына тұр,-деді даланы жаңғырықтыра гүрілдей сөйлеп.


Көп ортасынан өзіне көрсетілген үлкен сенімге қысылғандай Қанапияның бетіне ду етіп қызыл қан жүгірді. Бірақ абыржымады, атын тебініп Ықыластың қасына барып тұрды. Астындағы аты да түрікмен арғымағы мен адай жылқысының ортасынан шыққан, соғыс тауқыметін көтеретін, аштыққа да, суыққа да төзімді қазанат. Ұзын шашы төгіліп кедергі келтірмесін дегені болар, басына жеңіл тымақ киіпті. Үстінде торғай көзді кіреуке сауыт. Кезінде жасаған шебер әдемі болуы үшін сауыттың жағасына, жеңінің және етегінің астын екі-үш қатар қылып жез шығыршықтармен өріпті. Белінде хиуаның қайқы қылышы. Мұны Доспанбет ер балаға бергісіз қылып ерке өсірген қызына арнайы тапсырма беріп жасатса керек. Қылыштың балдағын жалтыраған алтын жалатқан темірден жасатып, сүйектелген сабын бекіткен жез шегелері де оймышталып қағылыпты. Қызыл шашақты бүлдіргісі де қыз баланың қаруы екенін көрсеткендей.


-Дұрыс шешім қабылдаған екенсіз Ықылас аға,-деді Қабыл Қанапияға сүйсіне қарап. Қарындастың қолына қару ұстап қан майданның төрінде жүретінін көреміз деп ойлап па едік. Оның орны үлде мен бүлдеге оранып оң жақта отырып бой жетіп, ертеңгі бір әулеттің желісін ұзарту еді ғой. Бірақ қорқау қасқырдай төбе астынан бұғып келген ұры жау дегенімізді болдырмады. Қол жиып төрт құбыламызды түгендеп баруға уақыттың тарлығы тағы мүмкіндік бермеді. Амалсыздан барымызды жиып «Қыл құйрық» жасауға тура келді («Қыл құйрық» атқа жарамды адамдарды жинап майданға шығару). Соның ішінде мына тұрған қарындасымыз да бар. Бірақ оның сөзі, ер жігітке татырлық ісі ешкімнен кем соқпайтынын көрсетіп тұр емес пе. Ықылыс аға сені қасына бекер шақырмағанын біліп тұрған шығарсың. Тудың құламауы міндет. Қаншама қиындық келсе де, тіпті жан- жағынан қоршауға түссе де оны құлатпай, сол ортадан алып шығу ту ұстаушының қасиетті борышы. Ту ұстаушы еліне, туған жеріне шексіз


 


берілген, сол үшін жанын құрбандыққа қиналмай беретін адам болуы керек. Шежіреші қарттардан естіген бір әңгімемде әйгілі Ақсақ Темір айқас басталардан бұрын өзінің қарсыласы Тоқтамыстың ту ұстаушысына адам жіберіп, шайқас кезінде туды өтірік құлатқызған көрінеді. Сөйтіп Тоқтамыс әскері жеңіліске ұшырайды. Міне, көрдің бе, кейде үлкен шайқастың тағдырын бір адамның шешетін кездері де болады екен. Елді шапқан жаудан халық кегін алу-батырлардың басты міндеті. Соның ішінде сен де барсың қарындасым. Өмір бойы елдің кегін кектеп, аттан түспеген батырларын халық мәңгі ұмытпайды. Бәлкім біздің осы сапарымыз да бір кездері ұрпақтар жадында сақталып, олардың айтар жырына айналып, аттарымыз елдің ұранына айналар. Ал, Төленді аға, жорық алды бата беріңіз,-деп тізерлей отырды.


Бәрі де аттан түсті. Төленді тізесін бүгіп күншығысқа қарап отырып қолын жайды.


 


Қол жайың бата берейін, Қас батыр, арлы өренім.


Жолыңды Аллам қолдасын, Ісіңді бабаң қолдасын,


Намысың болсын жолдасың. Жібермей жауға есеңді


Құтқарың жан мен мал басын. Екі жүз елу жәуміттің Барлығы бірдей ер емес.


Толықсыған Адайдан


Қатын бала, қара орман Еріксіз кетіп барады, Дұшпанға болмаң келемеш. Қырқыңа жолдас қолдағы Егеулі найза, ақ алмас.


«Ия, Бекет» деп шапқанда Дұшпаның сабыр таба алмас. Толарсақтан саз кешің


Жандарыңнан баз кешің, Салыңдар егес ұрысты, Төгілмей қалса арларың Сапарың болар дұрыс-ты. Адайдың туы жығылмай


Желбіреп қайтсын жеңіспен Үстем боп жаудан мерейің. Қосыңды түгел айырған


Қырқыңды аман көрейін,


Аумин!-деді   күңірене   сөйлеп.   Бәрі   де   Төленді  батырдың  батасы өздеріне дем бергендей, жігерлеріне жігер қосылғандай тыпыршып тұрған


 


аттарының жалына қолын созды. Бірте-бірте ауылдан ұзап бара жатқан батырлардың соңынан қарап тұрған Құрман ауылының жылқышы жігіті өкініштен басын шайқайды. Аяқ астынан тап болған мына кеселге ұрынбағанда өзінің де осы батырлармен бірге аттанып, жау қолында кетіп бара жатқан ауылының адамдарын құтқаратыны анық еді. Ойына барған сайын төсіне шығып, әлденені былдырлап айтып отыратын баласы түсіп, өзегі өртенгендей қолындағы сүйеніш таяғын сықырлата қысады.


***


Қабыл мен Есенияз үзеңгі соғыстыра қатар келеді. Әр төбеге, әр қырқаға көтерілген сайын мал-жанды айдап бара жатқан шапқыншылар шыға келетіндей алдарына үміттене қарайды. Бірақ сазарып жатқан далада әзір көзге шалынар ештеңе жоқ. Төбе баурайында қолын кеудесіне қойып шықылықтап тұрған саршұнақтар өздеріне жақындап қалған қолдың дүбіріне шыдай алмай індеріне қарата домаланып барады. Сонау көкте қалықтаған қарақұс иен даланы шаңға көмген аттылардың олжасынан қаққанына ренжігендей шаңқ етіп басқа жаққа қарата ауысты. Саршұнақтардың илеуінен күн сайын өз нәпахасын тауып жүрген, жүні жылтырай құбылып әбден семірген түлкі ғана аяң бүлкілге салып олардың жолынан аулақ кетіп анадай жерде шоқиып отыр. Қапталынан өтіп бара жатқан аттылардың өзімен шаруасы жоғын білгендей танауын жыбырлатып ауаны иіскеледі. Ауада қалықтап әлі тарқамаған адамнан, жылқыдан шыққан ашқылтым тер иісінен өз жемтігі саршұнақтардың әзір сыртқа шықпасын сезіп әудем жердегі қырқатқа бет алды. Қуғыншылар келесі бір төбеге көтерілгенде алдарында жайылып жатқан екі үйір жылқыны көрді. Оның Құрман ауылының жылқысы екені айтпаса да түсінікті болды.


-Бері қараң, Қабыл, Есенияз,-деді Төленді алдына барлай қарап. Олар көп ұзамайды, анау көрінген қырқа астынан ендігі көрініп те қалар. Арада өткен үш күнде артынан қуғыншылар көрінбегесін бұрынғыдай емес, жүрістерін жайлататыны анық. Біздің қарап қалмайтынымызды, аз қолмен болсақ та соңдарынан келе жатқанымызды білетін тұтқындар да әртүрлі сылтаумен жәуміттерді кідіртуге жұмыстанады. Оның үстіне тек тұтқындар ғана емес, алып келе жатқан дүние мүліктері де көп. Әрбір жерге дем алған сайын түйенің белін босатып, тиеп-түсіру де біршама уақыт алады. Басымызды бәйгеге тігіп келе жатқанмен біз азбыз. Көзсіз ерліктің жеңіске жетелейтіні де, дегеніңе жеткізбей жолда қалдыратыны да болады. Сондықтан оларға аздығымызды білдірмей, алыстан үрей туғызатындай болып көрінуіміз керек. Бойын үрей билеген адамның жүрегін тоқтатып қайтадан қарсы шабуылға шығуы екіталай нәрсе. Ол үшін осы азғана қолды үшке бөлуіміз керек. Екі топ ана жылқыларды өздерімізбен бірге айдап жүреміз. Шашырамауын, ортадан бөле жарылып қашып кетпеуін қадағалаң. Мен бірінші топты бастаймын. Біздің қарамызды көріп олар еркінси бастайды. Бірден ұрыс салмаймыз. Баяғыдан бері келе жатқан үрдіс бойынша жекпе-жектің болатыны, оны хиуалықтардың бастайтыны белгілі. Өйткені олар бар қуғыншы мен бастаған топ қана деп есептейді. Оған біздің жақтан


 


Әлмен шығады. Оның қай әдіспен де найзаны шанши білетіні, қолының мүлт кетпейтіні қай-қайсымызға да белгілі. Құдай дегенге жеткізіп қарсыласын құлатқан бойда Есенияз өз тобымен төбенің етегін орай шаңытып көрінуі керек. Ал, Қабыл сен үшінші топқа басшылық етіп кейінде тұрасың. Үлкен шабуыл басталғанда ғана көмекке келесің. Қызу қандылығыңа басып тұра шаппа. Сенің келуің соғыс тағдырын шешетінін бір сәтте жадыңнан шығарма. Сенің қолың көрінген бойда олар тағы да көмек келе жатыр деп ойлап, ұрыс даласынан тайғанақтап, шегінуді ғана ойлайды.


***


Қолды бастап келе жатқан сылыңғыр қара әзір өз дегенімен келеді. Тұтқынға түскен қазақтарды айдап келе жатқан жауынгерлерін қатты қадағалауда. Әсіресе ана топ алдында келе жатқан, көрерге көз керек адай сұлуларымен шама келсе сөйлестірмеуге, жақындатпауға қатты тапсырма берген. Өз еркімен емес, зорлықпен, қарудың күшімен айдалып келе жатқан әйел түгілі, қойныңдағы қатыңа сенудің қажеті шамалы. Бұл ұрғашы дейтін халық өзінің пері қасиетіне басса басыңның қалай айналып, соның дегенімен қалай кетіп бара жатқаныңды өзің де білмей қаласың. Қалың ел ұйқыға кете бере шабылған ауылдан алдына салып келе жатқандары алпыс шамалы адам. Сылыңғыр қара өз дегенін орындатты. Жолына кесе көлденең тұрғысы келетіндермен уақыт ұттырып тәжікелесіп тұрған жоқ. Бар еркіндікті қылышқа берді. Жылы төсектің астында бұйығып жатқан, ешнәрседен қаперсіз адам не оңдырып қарсылық білдірсің, найзаның ұшына шаншылып, ат тұяғы астында тапталып жатты. Бірақ сол түнгі бір көрініс әлі есінен кетпейді, ойына оралған сайын қаралай жон арқасы мұздап, бойын қорқыныш билейді. Көрген соғысы, өз қолымен төгілген адам қаны жалғыз бұл емес еді. Соның қай-қайсысында да дәл осындай күйге түсіп көрмеген-ді. Көрген түстей арада уақыт өте келе бәрі де ұмыт болатын. Сондықтан өткен күндерін қорқынышпен емес, мақтанышпен еске алатын. Ал, сол түнгі көрініс әлі жанын жегідей жеумен келе жатыр. Қанша ұмытайын десе де, өзін-өзі зорлап басқа ойды ойлағысы келсе де дегені болмады. Қайта айналып келіп сол күйі көз алдына тұра қалады.


...Бір қолына екі-үш жасар баласын ұстап арпалысқан келіншек өзіне тура сілтенген қылыш жүзінен тайқып кетті. Бұл кедергіге тап болмай бар күшімен сілтенген қылыш пен аттың екпінінен ер үстінен ауып кете жаздап, қайтадан түзеліп отырды. Қолбасы атымен өзінің қапы кеткеніне, қарсы келген жауының емес, әлдебір төмен етекті әйелдің айласын асырғанына намыстан қаны қарайып атының басын кері бұрды. Осы жолы тек келіншекті емес, қолындағы баласын қоса шабуды ойлады. Шашы төгіліп тілерсегін қаққан келіншек жақындап қалған бұған тесіле қарап, баласын бауырына қыса шегіншектей берді. Қылыш көтеріле бере ең соңғы шешімі болар, баласын ию-қию араласқан ат тұяғының астында қалмасын дегендей анадай жерге лақтырып жіберіп бұған қарсы ұмтылды. Кәзір қиып түсер жалаң қылышқа қарсы ұмтылған келіншектің қолы мұның білезік қоспасынан тас қылып ұстап өзіне тартты. Кеудесімен қаққан ат екпініне де құлаған жоқ.


 


Бірте-бірте сығымдай тартып мұны ат үстінен аударып барады. Әйел адамда осындай күш болады деп кім ойлаған. Қылышпен шаба алмасын білген қолбасы басқа амалы қалмағасын арпалысып жүріп оң аяғын үзеңгіден шығарды. Ойы кеудесінен, жанды жерінен тебу. Осы кезде қолбасына көмекке келген бір жауынгері оның артынан келіп қайқы қылышпен желкесінен қиялай тартып өтті. Өзіне тесіле қарап боп-боз болған келіншек бойын найзағай ұрғандай қатты да қалды. Бар күшін салып тістене жабысқан қолы құрысып қалғандай мұның білезігінен айрылар емес. Біраздан соң барып сылқ етіп ат тұяғы астына құлады. Қолбасы шашы жайлып жатқан келіншектен бес-алты қадамдай жерде әлгі баланы бауырына қысып отырған бір кемпірді көрді. Бала қорқыныштан...жо-жоқ, өмірі ұмытпай жадында сақтап, түбі бір кек алар өшпенділікпен бұған тесіле қарап қапты. Қолбасы неге екенін білмеді, кемпір мен балаға қайта айналып келіп қолын көтере алмады. Бойын билеген әлдебір үрейден бірін бірі құшақтап отырған оларға көзін салмай тезірек өтіп кетуге тырысты. Кемпірдің «Қарғыс атсын сендерді, қарғыс атқырлар. Орынсыз төгілген қан мен Бекет атамның аруағы құр жібермес сендерді. Жолыңа жуа біткір, сенің де мен сияқты анаң мен балаң бар емес пе еді» деген сөзі құлағынан шыңылдап кетер емес.


Осыдан екі-үш жыл бұрын, онда да осы адайларға түнделетіп келіп шетте жүрген жылқыларын барымталап айдап кеткендері бар еді. Жалғыз емес әрине. «Сен тұр, мен атайын» деген он шақты жігіт болатын. Келгенде алдынан шығып, кеткенде артынан қуған ешкім болмады. Үстірт үстінде жыртылып-айрылып жатқан көп малының есебін білмеді ме, әлде ауыл- ауылды қыдырып, күніге екі-үш қойдың басын мүжіп, кекірігі азып жүретін адайлар өздерінің салбөкселігіне салды ма, әйтеуір онда жолдары болған. Айдап әкелген табыстарына лепіріп сөйлеп отырғандарында осындағы өзбек, түрікмен түгілі, сонау шеттегі адайлардың да ру-жігін жатқа айтып сарнап отыратын бірі:


-Адам шығыны болмай қайта оралғандарың абырой болған екен. Адайлардың орынсыз қан төгілсе оның есесін қайтарғанша тынбайтын әдеті бар. Мына Махмут Палванның әулиесі ішінде жерленген денесі жоқ батырды білесіңдер ғой. Баяғыда Мақтымқұлы хан өзінің қолын сол жаққа аттандырғанда «Маған адайлардың мал-мүлкінің, қыз-қырқынының қажеті жоқ. Айтқаныма көнбей аспанға түкіріп жүрген Сүйінғараның басын әкелсеңдер болды» деген ғой. Бірақ Мәмбетнияз қателесіп руы беріш Құлбарақтың басын әкеліпті. Сол Бозашыдағы Сүйінғараның ауылын шауып жатқанда қолбасы Мәмбетнияз бір үйге кірген жауынгерлерінің қайта шықпайтынын көзі шалып қалады. Дәл ертегідей «Аузы бар да, мұрны жоқ». Қолына қылышын жалаңдатып кіргендер жеті қат жердің астына түсіп кеткендей зым-зия, қайтадан көрінбейді. Осында бір гәп бар шығар деп қасында тұрған он шақты жауынгерге үйді қоршауды тапсырады да, келесі біреулеріне киіз үйдің жамылғы киізін сыпырып тастаң деп бұйырады. Олар әп-сәтте кездікпен қиып киізді сыпырады. Не болды дейсіңдер ғой. Құдай басқа бермесін, бұл адайлардан бәрін де күтуге болады. Қараса ортада бірінің


 


үстіне бірі текшеленіп, әлдеқашан бұл өмірмен қоштасқан өз адамдары жатыр. Бір кішкентай бала дыммен ісі жоқ, әлгі өлген адамдардың қасында ойнап отыр. Есіктің екі бұрышында қолдарында қан-қан болған қанжарлары бар екі адам. Жасы жиырманың ар жақ, бер жағындағы жас келіншек өлген адамдарды ортаға үюмен болған. Сонда қалай дейсіңдер ғой. Әлгі екеуінің бірі Сүйінғараның інісі де, қасындағысы соның баласы екен. Есіктің қайрылысында тұрып кіріп келе жатқан адамның шұрқылтайынан (өңешінен) пышақ салатын көрінеді. Егер қателеспей шұрқылтайға дәл сала білсе, адамның даусы шықпайды екен. Қаны қарайған қолбасы әкелі-балалы екеуінің басын қағып тастайды да, көп тұтқынмен бірге әлгі келіншекті де алып жүреді. Бірақ өліктердің қасында ойнап отырған баламен ісі болмайды. Қолға түскендерді бір жерге топырлатып жинап жүргенде келіншек ретін тауып баласын төңкерулі жатқан үлкен қара қазанның астына тығып кетеді. Сонымен қолды болған көп жесірді улатып-шулатып Хиуаға беттейді. Күн суық, қарашаның кезі. Жолда бір түрікменнің үйіне қоналқыға кідіреді. Сол түні біреу көмектесті ме, әлде өзі ретін тапты ма, әйтеуір келіншек қашып шығады. Ай жарық екен. Содан ауылдан екі-үш шақырым ұзағанша жер бауырлап жылжыған келіншек баяғы шабылған ауылдың орнына келеді. Қазанды төңкеріп қараса тығып кеткен баласы ауа жетпей өлудің алдында талықсып жатады. Не керек, сол бала ержеткесін «Әкем мен атамның кегін қайтарам, олардың жеті мүшесіне жеті жәуміттің қанын ішем» деп ант беріпті дейді. Қасқыр мінезді халық қой, сол бала ақыры қасқырлығын істепті де қойыпты. Осы жаққа келіп тап болған жеті жәумітті қойша бауыздап өлтіріпті. Ей, Алла, сондай қанышерге тап қыла көрме, әлгі найсап өлтірген адамының уыстап қанын ішіпті. Ол ештеңе емес-ау, «Әлі де іше беретін едім, жүрегім айнып одан әрі іше алмадым» дегенін қайтерсің. Бұл адай дегендер сондай халық, күшігін өлтірсе кек алмай тынбайтын қасқырдан айырмашылығы шамалы» деп еді. Аузы аузына жұқпай, соның бәрін көзімен көріп, қасында болғандай қылып әңгіме айтушыны олар үнсіз тыңдаған. Сол кезде сырттарына ештеңе шығармай оның айтқандарын ажалы жеткен көп әңгіменің бірі ретінде қабылдаған сияқты болған. Бірақ қай- қайсысы да жүрек жұтқан келіншектің жаңағыдай ерлік жасауы, бір кездері шешесінен естіген әңгімені ұмытпаған баланың өсе келе ескі кекті қайтаруы екінің бірінің қолынан келмес қасиет екенін мойындаған. Дәл сол сәтте өздерінің де сондай кекшіл адамға тап болмауын іштей тілеп отырғандары шындық еді.


Кешегі өзіне өшпенділікпен тесіле қараған үш жасар баланың көзінен де күндердің күнінде ата кегін ұмытпай, соны қайтару үшін есейіп, ержететінін көргендей тұла бойы түршігумен болды. Бір жағынан бар қарғысын төгіп сарнап отырған кемпір екеуінің басын қағып тастамағанына өкінумен болды. Сөйтеді де, әлдебір құдыреттің сол сәтте қолын байлағандай қозғалтпай тастағанына, солардың көз жанарына түспей тезірек кетіп қалуға итермелегенін тағы да есіне түсіреді. Бұл не? Құдырет пе, әлде орынсыз төгілген қанның қасиеті ме? Біле алмады. Жүрегі дүрсілдеп кәзір келіп біреу


 


басын шабатындай, болмаса қол-аяғын байлап ойбайлағанына, жалынғанына қарамай тізесімен желкесінен басып, жалаңдаған селебесін өңешіне тақағандай шошумен болды. Жанын жеген сан қилы ойдан түйгені-осы сапарға бекер шыққаны болды. Баяғы Мәмбетниязды айтақтап жұмсаған Мақтымқұлының да, өзін жұмсаған Мұхаммед Рахим ханның да адайларға жасаған қай жорығының да әділетсіз екеніне көзі жетті. Әлдебір сезім өзінің де еліне мәртебесі өсіп бармайтынын білдіргендей. Тезірек Хиуаға жетіп адамның қанына да, дүние-мүлікке де өмірі тойып көрмеген, қанағаты жоқ ханға мына алдындағыларды апарып беріп жаны жайланғанын қалайды. Бірақ қаншама асықтырса да жүрістері өнер емес. Тұтқындар әр нәрсені сылтауратып кідірумен келеді. Оның үстіне осы тұтқындарды айдап келе жатқандар да еркіне салса айдалаға шатырын тігіп, адайдың бір-бір сұлуын бауырына алып құмары қанғанша жата беруге бар. Әумесер немелер үш-төрт күннен бері артынан ешкім көрінбегенге дегеніміз болды деп келе жатқан сияқты. Кешегі өздері сияқты санынан жарылып бара жатқандай, ұрғашы аңсаған біреуінің ажалының неден болғанымен де хабары жоқ. Дәуде болса сол байғұстың өлімі ана сырын сыртына шығармаған адай сұлуынан болды. Таңертең бұған тұтқындарды күзеткен жауынгерлердің бірінің өліп жатқанын хабарлады. Барса ештеңемен ісі жоқ бырт-бырт күйсеп жатқан түйеге сүйеулі қалпы басы салбырап отыр. Қатты шаршап ұйықтап кеткен адам сияқты. Қасындағы көмекшісі мұның ымын түсініп әлгінің басын көтерді. Көзі бақырайып, аузы қисайып кетіпті. Қиналып өлгені білініп тұр. Бірақ еш жерінде көгерген, соққы тиген белгі жоқ. Алдындағы үш-төрт қыз мұны жаңа көргендей, «Бізді неге шақырдың» дегендей қолбасына қарайды. Қолбасы әлденені ұққысы келгендей әрқайсысының қасына барып беттеріне, үстеріне тесіле қарайды. Үш сұлудың жүзінен бір жымысқы күлкіні байқағандай. Әсіресе ана ортасында тұрған сұңғақ бойлысы сол өр қалпында. Кірпігін қақпастан қолбасына тесіле қарайды. «Сенің, сенің қолыңнан шықты бұл өлім» деп ойлады қолбасы оған жақындап келе жатып. «Ия, біз өлтірдік, мен ұйымдастырдым. Енді қалай ойлайсың. Елімді шауып, жазықсыз кәрі, жасты найзаға шаншып, байлығымды алдына салып келе жатқан жауымды құшағыма алып, еркіне көніп, соның құмарын қандырады деп ойладың ба? Оның орнында өзің болсаң да дәл осылай болатын еді. Біле білсең бұл сен үшін сәтсіз жорықтың бастамасы ғана. Есіңнен кетпес ауырлығы әлі алда жатыр. Оны кезінде көрерсің. Бірақ дәл кәзір маған кінә арта алмайсың. Дәлелің жоқ. Өлімтігің әне жатыр, қол-аяғы бүтін. Қайтадан қарашы» дегенді оқыды.


Енді тұтқындарды өз көзінен таса қылмауға бекініп, түстігін ішкеннен кейін іле қозғалуды ойлаған-ды. Дәл осы кезде төбеден төмен қарата жайыла құлап келе жатқан қуғыншылар да көрінді. Тез атқа қонуды тапсырды. Неге екенін білмеді, атына үш ұмтылып зорға мінді. Қапылып жүріп келе жатқан қуғыншылардың қарасының онша көп емес екенін байқап үлгерді. Ұзын қарасы жиырма шақты адам сияқты. Тек осылар болса жарасы жеңіл. Бірақ бір-біріне хабар тиген адайлардың қорқау қасқыр сияқты ана тілім- тілім


 


болып жалғасып жатқан аңғарлардың арасынан андыздап шыға келмесіне кім кепіл. Сондықтан арттағылары келгенше мына топты әріге апармай жер жастандырғандары дұрыс. Алдында келе жатқан төрт-бес атты жақындап та қалды. Әсіресе ана бір шойыннан құйғандай шымыр, күнге күйіп қап-қара болып тотығып кеткен біреуі басқа ешкімді емес, тек қана өзін іздеп келе жатқандай атының басын бұған бағыттапты. Тұла бойын қуалап бір діріл жүгіріп өтті. Бұл қорқыныш па, әлде ұрыс алдындағы кез-келгеннің басынан кездесер жай ма, оны айыра алмады. Алақтап жан-жағына қарады. Қолбасының ойын ұғып артында тұрған еңгезердей біреуі қолындағы найзасын білемдеп алға шықты. Күшті деген батырын жекпе-жекте аттан аударса қай жақтың да құтының қашатыны белгілі. Бұлардың ойын білген Төленді батыр қолын көтеріп арттағыларын тоқтатты. Бойы қызып ауыздығымен алысқан аттары бір ортада шыр айналады.


Ортаға шыққан батырларын қолпаштаған хиуалықтар найзаларын шошаңдатып айқайға басты. Адайлардан манағы қолбасына қарап тура шапқан шойын қара көрінді. Өзі маңғаз. Жекпе-жекке дайындала бастаған қарсыласын менсінбегендей немқұрайлы көз салып өтті. Содан кейін барып жәуміттерге қарап:


-Тоқтаң түге, бөрінің көтінше шуламай. Ана сеңсең бөріктеріңнің ішіндегі шақша бастарыңда торғайдың миындай былшырақтарың болса алдымен екі жақта өз батырларын сайлап шығарар еді. Бұрынғы заманда ортаға шыққан батырлар өзін таныстырушы еді ғой. Өйткені жекпе-жекке шыққан адамның кімді жеңіп, кімнен жеңілгені кейінгілер үшін маңызды. Бұл болашақта батырлары өлген жақтың кек алуы үшін керек емес пе еді. Содан кейін ғана оларға дем беру үшін аруақ шақырып, Алласына сыйынбаушы ма еді. Мен Адайдың Көрпесінен тарайтын Әлмен деген боламын. Батырмын деп кеудемді қағар жайым жоқ. Елімнің намысы атқа мінгізген көптің бірімін. Қай-қайсымыздың да қолымызға қару алып, соғыс дәмін татқанымыз бүгін емес шығар. Бізден бұрын өткендерден естігеніміз, көргеніміз бар, жекпе-жекте кейде тек екі адамның ғана емес, күллі соғыстың тағдыры шешілетін. Әй, қолбасы, бері қара. Сол бұрынғы заңдылыққа қалай қарайсың. Батырыңды аттан аударсам, тек аударып қана қоймай дәл мына топырақта мәңгілік қалдырсам айтқанымды орындайсың ба?-деді Әлмен ойқастап.


-Сонда не айтқың келеді,-деді қолбасы.


-Мен жеңілсем сенің айтқаның, батырың жеңілсе менің айтқаным орындалады. Яғни алдыңа салып айдап бара жатқан адам мен малды қалдырып, өздерің кейін қайтасыңдар. Одан әрі қан төгілмейді.


-Жоқ,-деді қолбасы жан-жағына қарап. Бәлкім сенікі де дұрыс шығар. Бұрынғы кездерде соғыс тағдыры жекпе-жекке шыққан батырлар арқылы шешілгенінен мен де хабарлымын. Бірақ дәл осы жолы оны орындаймын деп айта алмаймын. Батырға ажал шынайы айқастан да келеді, болмаса қаңғырған оқтан да келеді. Сондықтан аттан құлаған батырдың «Жауымның күші шындығында да басым болды» дегенінен гөрі, «қапы кеттім» дегені көп


 


болады. Ата-бабадан қалған соғыс заңы ғой, жекпе-жекке шыға бер, қай- қайсыңда қапы қалмаң. Одан арғысын көре жатармыз,-деді.


Әй, Әлмен,-деді осы уақытта Ықылас даусы гүрілдеп. Үш күн, үш түн соңдарынан шапқанда осы шақша бастармен айдалада сөз жарыстырайын деп келмеген шығармыз. Намыс пен ерліктің тоғысар жері кәзіргі пәтуасыз әңгімеде емес, жан беріп, жан алысуда ғана жатыр. Уақыт оздырма, аттан түйреп түсір де, келесісіне шап. Көрмейсің бе, ана қыр асып кетіп бара жатқандарды. Олар өзің іздеп келе жатқан адамдарың мен қара орманың. Солардың амандығын тілеп, соларды құтқаруымыз керек. Бұлар көптігіне сеніп тұрған шығар. Бірақ ел тыныштығын бұзған бұлардың жолы бола ма, әлде аз болсақ та біздің мерейіміз үстем бола ма, оны ана тұрғандар емес, аспандағы құдай ғана біледі. Ал, баста батырым. Уа, Бекет бабам, аруағыңмен қолдай гөр, қолтығымыздан демей гөр,-деп даланы жаңғырықтыра айқайға басты.


Зың етіп қынаптан қылыштар суырылды. Талай қырғынды, талай текетіресті көрген кәнігі аттар аспанға шапшыды. Қарсы шапқан аттарға кәзір қатарласа бере жүздері тістесіп бір-біріне шыңылдай тиетін қылыштың үні де таныс. Иесінің сілтенген қаруды денесіне дарытпай жалт бұрылар ойын да оның тақымы арқылы біледі. Тіпті иесінің қиялай тартқан қылышынан қорғана алмай мүрдем кеткен қарсыласының соңғы сәттегі арпалысын да әлдебір түйсік арқылы сезеді. Жалына шашыраған жылымшы қан исінен жекпе-жектің аяқталып, үстіндегі иесінің мерейінің үстем болғанын біліп арқырай кісінейді.


Қалқанға келіп сарт ете түскен найзаның екпіні жәумітті ат үстінен ұшырып түсіре жаздады. Абырой болғанда Әмудің мықты тал шыбығынан өріліп, сырты өгіздің терісімен қапталған, ортасына темірден күмбезше орнатқан қалқаны жанын сақтап қалды. Темір күмбезшеге тиген найзаның ұшы тайып кетпегенде кеудесін тесіп өтетіні анық еді. Қарсыласының қол күшінің ерекше екенін білген жәуміт шама келсе енді найза екпінін денесіне дарытпауды ойлап үлгерді. Дәл кәзір, қас қағым сәттен кейін қайта түйісер қақтығыстың бірін аттан түсіріп, болмаса үстіндегі жеті қабат сауытты да тесіп өтер сүңгіге шаншыларын білген екеуі бір-біріне қарсы шапты. Әлмен жақындай бере өзіне бағытталған жәуміттің найзасын қағып үлгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен қапталынан өтіп бара жатқан жауының бүйіріне найзасын толғай салды. Еменнен жасалып, мықты болуы үшін түйе терісінің тарамысымен оралған, қатты екпінмен түйрелген найза ұңғысына дейін кіріп кетті. Жәуміт бір сәт ат үстінде қалқиып отырды да, кейін суырылған найзамен бірге гүрс етіп жерге құлады. Иесінен айрылғанын білген ат кісінеп бір шетке ойнақтай шықты. Әлмен қатарласа шауып бара жатып еңкейіп жүгенін қолына алды. Жануар қашқақтамай оқырана кісінеп жетегіне ерді. Сол бойда анадай жерде тұрған бір жігітке барып:


-Мына арғымақты ұстай тұр қарағым. Соңыра соғыстан кейін, мына шақшабастардың кәлләсын қағып болғаннан кейін өзім мінемін. Жарықтық,


 


тек өзіме ғана лайық мал екен. Құдайдың қайдан тап қылатыны бар, бұл жорықтан алған олжамның басы осы болсын,-деді.


Осы сәтті күтіп тұрған екі жақ бір-біріне лап қойды. Жан-жақтан қоршай шапқан жәуміттер азғана қазақты кәзір-ақ турап тастайтындай сеніммен шапса, қазақтар ең болмаса екі-үш жастығын ала кету үшін арпалысуда. Көздеріне қан тола, дүниенің бәрін ұмытып тек алға шауып, өздеріне жан-жақтан сілтенген қылышқа шама келгенше төтеп беруге тырысуда. Шыңылдап тиген қылыш, шұрқырай кісінеген жылқы, адамдардың соңғы сәттегі қинала шыңғырған, қарсыласын екілене боқтаған дыбыстары арасынан Төленді батырдың жауынгерлеріне дем бере айқайлаған даусы қоса естіледі. Бір сәт хиуалықтардың қолы селдірегендей, жан-жақтан сілтеніп жатқан қылыш саны азайғандай болды. Төбенің екінші жағынан көрінген Есенияз тобы олардың арт жағынан келіп тиісті. Хиуалықтардың бір сәт абдырап қалғандарын Есенияз батыр шебер пайдаланды. Өз-өздеріне келіп, бастарын қайта біріктіргенше бірнеше адамды аттан аударып та түсірді. Қазақтарға көмекке екінші топтың келгенін түсінген жәуміттерге енді екі бөлінуге тура келді. Бірақ бұрынғыдай емес, екпіндері азайған сияқты. Қарсыласқан қазақтармен айқасқа түскенінен гөрі, жан-жақтарына үрейлене қарағандары көбейді. Әсіресе бар қолын төртке бөлген қолбасының ойы он саққа бөлініп, бойын үміттен гөрі үрей билеп бара жатқандай. Алғашқы отыз шамалы адамды шабылған ауылдың малын айдатып жолға салған. Жолдарына кедергі болмасын деп айдағандары тек ұзын аяқты жылқы мен түйе. Екінші бөлінген адамдары алпыс шамалы тұтқындарды алдына салып, әне көз ұшында кетіп барады. Қайта-қайта сол жаққа қарағанымен ұзап кете қоймапты. Тұтқындарға өздерінің арттарынан іздеп келген қуғыншылардың ұрыс салып жатқандары белгілі. Сондықтан шама келсе оларды кідіртіп, қарсылық білдіретіндері анық. Қалғандары міне, екі бөлініп өлімнен басқаны ойламай қырғынды салып жатқандармен айқасуда. Шайқастың басталғанына да біраз уақыт болған сияқты. Бірақ әзір үстем түсіп жатқан жағы көрінбейді. Адайлардың қолтығынан құдай демегендей берілер емес. Қайта бірте-бірте күш алып бара жатқан сыңайлы. Көзіне солай көрінді ме, әлде шынымен-ақ солай ма, айыра алмады, майдан даласынан арқырай кісінеп шетке ойнақтап шыққан өздерінің аттары сияқты. Ат тұяғы астында жаншылып жатқандар да өз адамдары. Егер адайларға тағы бір көмек келер болса жағдайдың қиындай түсетіні, онда бас амандығын ойлаудан басқа амалдың жоқтығын ойлаған қолбасы төбе басындағы ту жанында тұрған екеуге көзі түсті. Біреуінің манағы жекпе-жектің кезінде даланы басына көтере сөйлеген зор дауысты екенін таныды. Екі аттының қасында бұлардың батырын шаншып өлтіретін қазақтың «соғыстан кейін өзім ғана мінемін» деп тапсырған арғымағы. Жалы төгіліп иесін іздегендей анда-санда кісінеп қояды.


«Апырай мына қазақ шынында да нағыз түйсіксіздің өзі екен ғой» деп ойлаған сонда. Жекпе-жекте бір адамды аттан аудардым деп осыншама асып-тасқаны несі. Өздері жиырмаға жетер-жетпес адам. Әлде жауымның


 


біреуін өлтірдім, маған сол да жарайды, қалған жұрт не қылса, о қылсын, ретін тауып сытылып кетем деп тұр ма. Сөйте қойған күнде жан-жағынан қоршап тұрған мұның жауынгерлері қазақ түгілі, ортасынан жорғалап бара жатқан  кесірткені  тірілей  өткізер  ме.  Бәрінен  бұрын  әумесер  неменің


«мыналардың кәлләсын қағып болғаннан кейін өзім мінем» деп танауын көтере сөйлеген қорлығын айтсаңшы. Айтқаным құдайдың құлағына шалынар-ау, асылық болар-ау деп ойласайшы шіркін. Қой соңында қаңғып жүріп ақылын айдалаға төгіп алған неме шығар. Әйтпесе жан-жағына көз жүгіртіп қарамай ма. Ана қоршап тұрған қарсыластарын көрмей ме. Дені сау болса құдай қолдап жекпе-жекте бір адамды өлтіргеніммен, алдағы шайқаста көп қылыштың бірі тиіп жазым болармын-ау деп ойламай ма. Кәзір-ақ бір найзаға шаншылып бұл дүниемен қош айтысатын шығарсың» деген іштей.


Қанына қарайған қолбасы сонда астамсынған қазақтың басын басқа емес, өзі шауып тастауға бекініп ұмтылған. «Біздің де шешеміз ұл туған шығар. Біз үшін жылқы ішінен арғымақ таңдап, бармағынан бал тамған Хиуаның шеберіне арнайы қылыш соқтырған болар. Біздің әке-шешеміз де ұлдарының кереге басында ілулі тұрған қару-жарағын асынып, аспанға шапшыған арғымақтың жалына жабыса кетіп бара жатқанына сүйсіне қарап, болашақта қол бастайтынына сеніммен қараған шығар. Құдайдан намысты қыла көр деп тілеген де шығар. Сол намыс бойымда болса, сен қазақты тәубеңе келтірмесем Құрбан атым өшсін. Кәзір біздің кәлләміз емес, сенің ана қарбыздай домаланған басың шабылатын шығар» деп қолына қоршай ұрыс салуды тапсырған. Өзі топ ортасына кірген Әлменнің соңына түсті. Бірақ найзагерлерін қос бүйіріне ұстап қатарласа қылыш сермеген адайларды ортасынан бөлу мүмкін емес. Олар сол қалпы топты жарып өтті де, көз ілеспес жылдамдықпен екі бөлініп ортада қалған мұның әскеріне екі жақтан келіп тиісті. Осы кезде Есенияз бастаған екінші топ арт жақтан келіп тиіскен еді. Ортада қалып ұйлыққан мұның жауынгерлерінің бір-біріне көмегінен гөрі, кедергісі көп болды. Өзін қорғауға алған көмекшілері арқылы әупірімдеп шетке зорға шыққан. Дәл осы мезгілде төбе басында, ту қасында тұрған манағы зор дауысты «Бекет, Бекет» деп даланы жаңғырықтыра ұран салып төмен шапты. Қолбасы жалт қарады. Төбенің етегін орай тағы бір топ көрінді. Алдындағы аққбоз атқа мінгенді айнытпай таныды. Өткен жылы жылқы соңынан келіп бір-біріне қару жұмсамай тарқасатын батыры-Қабыл. Сонда осы Қабыл «Енді кездесіп жатсақ қай-қайсымызда өкініште болмайық» деп қоштасқан еді. Міне, тағдыр оларды қайта жолықтырды. Бұл жолы сөзге келмей кезекті қылышқа беретінін, ал «қылыш мұрасы-кесу» екенін екеуі де сезінді. Хиуалық қолбасы Әлменді қолға түсіре алмаса да Қабылмен қару түйістіретінін, оның да дәл кәзір басқаны емес, өзімен есеп айырысуды ойлап келе жатқанын білді. Неге екенін білмеді, бүгінгі соғыста жүрген адайлардың бәрі де тек мұны нысанаға алып, мұны өлтіруді ғана мақсат етіп жүргендей жүрегін қорқыныш биледі. Шайқас басталар алдындағы тұла бойын қуалап өткен діріл әлі басылар емес. Қарсы алдыңнан келіп өзіңе тура сілтенген қылыш жүзінен қорғанып өлмес үшін, ертеңгі


 


тірлігің үшін тірескенде бәрі де ұмыт болатын сияқты еді. Өзіңді аттан аударып, болмаса ащы тер исі мүңкіп, тісі шақырлап өңешіңе жабысқан жауыңды көргенде сенің де көзіңе қан толып, дүниенің бәрін ұмытып одан бұрын қарманып, одан бұрын қару жұмсауға ұмтылатынсың. Бұл жолы олай болмады. Өзін-өзі қаншама қайрап, зорлағанмен қолбасыға тән ерлік көрсете алмады. Қаралай жігері жасып, әлдебір жымысқы ой қылыш жүзіне туралмай аман қалу жолына жетелегендей. Өткендегі адай сұлуының «Біле білсең бұл сен үшін сәтсіз жорықтың басы ғана. Есіңнен кетпес ауырлығы әлі алда жатыр. Оны кезінде көріп, кезінде өкінесің» дегені мен алғаш кездескендегі Қабылдың «Сендерде менің қапы кеткен жерім көп. Қапы кеткен жерім-ана әр төбенің басында жатқан, қандастарымның орынсыз төгілген қаны.


Қапы кеткен жерім-күні бүгінге дейін Маңғыстауға қарап көз жасын төккен, кәзір сендерде күң болып жүрген апа-қарындастарымның зары.


Қапы кеткен жерім-ұрпақ жалғастығын таппай құлаған шаңырақ пен сөнген ошақ еді. Кәрі жүрегі сырылдап отырып әлі күнге дейін жалғызының жолына қарап үмітін үзбеген, төрінен көрі жақын қарттардың зары еді.


Осы қасірет пен қайғы бізді әлі күнге дейін ат үстінен түспеуге, қай уақытта да қырағы болуға, туған жер құдыретін қастерлеп өтуге үйретіп еді» дегені есіне түсті. Өзіне тесіле қарап шауып келе жатқан Қабылдың жүзінен


«Міне, тағы да атқа міндім. Сен бұл жолы да қорқаулығыңды істедің. Мына қырған шайқастан аман қалмайтыным да белгілі. Бірақ маңдайыма тап болар сол өлімді сен құсап үрегейленіп емес, сабырмен, мақтанышпен қарсы аламын. Өйткені аз болсақ та сендерге естеріңнен кетпес соққы беріп, қолдарыңда кетіп бара жатқан адамдарды аман алып қалатынымыз белгілі. Біле білсең біреудің барын ұрлап, зорлық жасап күн кешкеннен, туған топырақ үшін жан беріп, соның құшағында қалғаннан артық бақыт болушы ма еді» дегенді тағы да оқыды.


Қабыл бірте-бірте өзіне жақындап қалды. Жалаң қылышының сабын сындырардай тістеніп, ашуға булығып, бойына бар қайратын жиып келе жатқаны бүлкілдеген жақ етінен көрінді. Сол бойын кернеген ашу, қапыда бас салған жауға деген өшпенділік кәзір жолына кесе көлденең тұрған кімді болса да таптап өтетіні анық еді. Әлдеқашан жайрап жатқан қазақтарды, қаны сорғалаған кейбіреулерінің соңғы сәттерінің өзінде қару сілтеп жатқандарын көріп оларға қол ұшын беруге асықты. Сол құйғытып келе жатқан бойы алдынан шыққан екі жәумітке қылышын екі сілтеп өтті. Бірі ат жалын құшып, бірі орып түскен кеңірдегінен қаны атқылаған күйі атына сүйретіліп бара жатты.


Қолбасының Қабылман бетпе-бет келуге жүрегі дауаламады. Бейбіт күндері Хиуаның шет жағындағы әскери жаттығу өткізетін жерде талай рет болатыны бар еді. Кейде ханның өзі де бала-шағасымен барып бірін атқа мінгізіп, біріне кәзір қолданыстан қалып бара жатсада садақ тартқызатын. Бірақ қай-қайсысының да көбіне көп жаттығатыны қылыштасу өнері болатын. Жаттығуға арналған жүзі тойтарылған қылышпен ханның балаларына әртүрлі қимыл қозғалысты, қорғану жолдарын өзі үйрететін.


 


Сырттарынан бақылап анадай жерде тұрған хан мұның шебер қозғалысына, өзін жан-жақтан қоршаған әлгі балалардың жапырлай сілтеген қаруларын денесіне тигізбей оларды ауа қаптырғанына сүйсініп қол соғатын. Артынан балаларын қасына жинаған хан Құрбанның әрбір қимыл-қозғалысын, қорғану тәсілдерін жалықпай үйренуді тапсырып, мұндай «қылышкердің» Хиуада санаулы екенін айтатын-ды. Хан тегіннен тегін мақтамайды ғой деп, кейде пендешікке салынатыны да рас еді. Бірақ кәзір өзінің сол мақтаулы қылышкер екенін Қабылға көрсете алмады. Айдарын жел, қонарын сай білетін тамыры әлсіз ебелектей біресе ойға құлап, біресе қырға шығып мал соңында жүрген қазақ қылыш өнерін жете меңгереді деп кім ойлаған. Ұшып келе жатқан арғымақ үстінде екі адамды екі сілтеп бірден құрдымға жіберу кез келгеннің қолынан келер іс емес. Манағы жекпе-жекке шыққан шойқарадан да ондай жылдамдықты, дәлдікті күтпеп еді. Бұлардың азғантай қолмен өздерінен төрт-бес есе көп хиуалықтарға тайсалмай шабуының сыры осында жатса керек.


Қабыл баяғы сылыңғыр қараны бір көргеннен таныды. Бірақ неге екені белгісіз ол тайқып кетті. Сонымен кездесуді ойлап қаншама тістенсе де соңынан қуа алмады. Анадай жерде жан-жағынан қоршаған жәуміттердің ортасында қалған Есениязға ұмтылды. Қаншама ұрыс салғанымен көптің аты көп, Есениязды тықсырып барады. Тезірек жетіп қол ұшын бермесе бір қатерге ұрынары анық. Бірақ әуелден де жаратылысы бөлек, қайратты адам атын тебініп екі жағынан бірдей сермелген соққыға шыдап беруде. Әттең жердің тарлығы-ай. Бір-біріне үзеңгі қағыстыра сығылысқан жәуміттер оның құлашын кең сермеуіне мүмкіндік берер емес. Кенет Есенияз өзіне қарата ұмтылып келе жатқан Қабылға көзі түсіп, күшіне күш қосылғандай алдындағыларды екілене шапты. Жарықтық, астындағы аты да осы бір қиын кезеңді сезінгендей, иесінің тар жерде еркін қозғала алмай жүргенін білгендей арқырай кісінеп алдындағы атты кеудесімен қағып, қатарласа берген екіншісінің жалына күректей тісін қадады.


Бірақ, қырқысып жатқан топқа қосылмай бір шетте тұрған жиырма шамалы жәуміттердің арасынан анда-санда атылған мылтық шетке шыққан қазақтарды сұлатып жатыр. Есенияз оның бір мылтық екенін, қасындағылардың оны қорғаушылар екенін білді. «Әттең-ай,-деп тістенді жан-жағына алақтай қарап. Егер сол мылтық атып тұрғанды ретін тауып жер жастандырса жеңістің бұлар жаққа қарата ауатыны белгілі. Тек қылыш пен найзаға ерік берілер болса бұл жәуміт қанша мықты болса да қазақтарға қарсы табан тірей алмайтыны оған белгілі еді.


Есенияз осы кезде даланы жаңғырықтыра айқайлаған Ықыластың зор даусын естіді. Адамдардың ырсылдап тістене боқтасып айқайлағаны да, бір- біріне шыңылдай тиіп жатқан қылыш үні де, жылқылардың кісінегені де әлгі зор дауыстың астында көміліп, жұтылып кеткендей болды. Оның астындағы атақты Сарқызылтай атын көргенде осы бір қысылтаяң кезден құтқарып, бірте-бірте үстем алып бара жатқан жәуміттердің пысын басар көмек келгендей сезінді.


 


-Шыда Есенияз, шыда Қабыл. Іргесі сөгілді иттердің. Әне, көз ұшында қалың шаң көрінді. Бекет атам қолдаған шығар, бізге қосымша күш келе жатыр. Олар келгенше шыдаң, шыдайық батырлар,-деді Ықылас топқа кіріп келе жатып.


-Ықылас ана тұрған топ ішіндегі мылтықтының көзін құрту керек. Одан құтқарар жол тек Сарқызылтай ұшқырлығы ғана,-деп айқайлады Есенияз өзіне қатар сілтенген қос қылышты тойтарып жатып.


Есенияз Сарқызылтайды аузына бекер алған жоқ еді. Жалғыз мергенді ортасына алған жәуміттердің міндеті оның атуына жағдай жасап ешкімді маңайына жолатпау. Бұл жерде аузынан от шашқан мылтыққа тайсалмай қарсы шабатын батырлық өз алдына, ең алдымен мергеннің мылтығын қайта оқтауына мүмкіндік бермейтін ұшқыр ат керек еді. Есенияздың «Бұдан құтқаратын Сарқызылтай ғана» деуі оның ерекше ұшқырлығына байланысты болатын. Ықылас батырдың жас кезінен бірге келе жатқан жолдасы еді бұл Сарқызылтай. Оған кез-келген уақытта емес, жауға қарсы шапқанда, болмаса екінің бірі шыдамас алыс сапарға аттанғанда ғана аяғын артатын. Ықыластың нағашысы руы Бегей Үсенұлы Ақжігіт Елек, Қобда жерінде жаз жайлап отыратын. Құдай берейін десе өз пендесіне таршылық жасап көріп пе. Ақжігіт өзіне біткен дәулеттің, жыртылып-айрылып жататын малының есебін де білмейтін. Керек болса соны білейін деп ұмтылмайтын да. Қолы ашық, парасатты адам маңдайына біткен дәулетті көппен бірге бөліскенді жөн санап, алдына кім келсе де мәселесін қайтарып көрген жоқ болатын.


Бір жылы Ықылас ағасы Тоқсанға еріп сол Ақжігіт нағашысының ауылына барады. Көпті көрген ақылды нағашысының әңгімесін тыңдап, аунап-қунап біраз жатты. Қайтар уақытта нағашысы:


-Ал, жиенжан, арнайы келіп сәлем бергеніңе риза болып отырған жайым бар. Қасымда болдың, жас болсаңда көзің ашық, көңілің ояу екеніне көзім жетті. Осы жасымда көрген-білгенімді, түйгенімді айттым. Жассың ғой, соның бәрі болашақ өміріңе пайдасы тиер деп ойлаймын. Нағашысының ауылына келген жиенге көрсетілер құрмет те болады. Қапталыңдағы қоржыныңды толтыруды, болмаса қалы кілем жауып нар жетектетуді білмей отырғаным жоқ. Жас жігітсің ғой. «Ер қанаты ат» деген бар. Бірақ өзіңе арналған сол атты есік алдына ноқталап әкелдірмедім. Алдыңдағы төбе астында, өзен жағалай жайылып жатқан қалың жылқы нағашыңдікі. Біреулер рас айтса Ақжігітке бес мың жылқы біткен дейтін көрінеді. Өзім соның есебінде білмеймін, білгім де келмейді. Құдай өзі берді, керек болса өзі алады. Сол жылқыларды асықпай арала. Көңіліңе ұнағанын ұста да кете бер, болмаса үйірімен айдап кет. Жолыңа ешкімнің қарсы тұрмайтыны белгілі,- деді.


Содан ағасы Тоқсан екеуі байдың көп жылқысын аралайды. Шетте бір сарқызылтай тай жусап тұр. Тоқсан інісін қасына шақырып «Ықылас не көріп тұрсың» деп сұрайды. Ықылас алдындағы көп жылқыны көріп тұрғанын, бірақ солардың ішінен көңіліне ұнаған жылқыны таба алмай тұрғанын айтады. Сонда Тоқсан:


 


-Олай  деме  Ықылас.  Ана  көп  жылқының  ішіндегі  сарқызылтай


«Болашақта жер басқанның жүйрігі болам, керек болса ұшқан құсты да қуып жетемін» деп тұрған сияқты. Сал құрықты соған. Өміріңдегі ең сенімді жолдасың болатынына, қандай тар жерден де алып шығатынына мен кепілмін,-дейді.


Айтқаны айнымай келді. Міне содан бері Сарқызылтай Ықыластың астында. Оның ұшқырлығы сондай қатты шапқанда кеудеңнен соққан жел шыдатпай кейін ысырады. Ықыластың өзі болмаса кез-келген адам әлгіндей желге шыдамай артынан сыпырылып түсетін. Есенияздың сілтеген жағына көзі түскен Ықылас жиырма шамалы жәуміттің ортасында тұрған жас жігітті көрді. Оның шындығында да мерген екені белгілі болды. Оқ жетер жерден көлденең өткен адамды жібермей сұлатып тұр. Ықылас онсызда ауыздығымен алысқан Сарқызылтайдың басын мылтық атылған бойда босатты. Орнынан ырши атылған жануар иесінің ойын ұққандай оқшау тұрған топқа қарата аға жөнелді. Жәуміттер мылтық даусынан сескеніп араларын оқшау ұстаған қазақтардың бір қапталынан шыға келген Ықыласты жаңа көрді. Мергенге айқайлап көз ілеспес жылдамдықпен ағып келе жатқан Сарқызылтайды көрсетті. Алдарында ат емес, әлдебір найзағай жарқылы келе жатқандай көз тоқтатуға да мүмкіндік бермей әп-сәтте жақындап та қалды. Мерген сәл кешіксе болды өзінің мына қазақтың құрбандығына айналарын сезді. Абдырап мылтығының ұңғысына оқ салумен әлек. Бірақ ойлағаны болмады. Ықыласты тоқтатуға ұмтылып алдынан шыққан жәуміт әлдебір соққының екпініне шыдай алмай шұрқырай кісінеген атымен бірге құлады. Дәл осы сәтте кеңірдегіне қысқаштай жабысқан әлеуетті қол мергенді қаңбақ құрлы көрмей ат үстінен жұлып алды. Сол екпінімен топты жарып өтіп кеңірдегін мылжалап екі рет сықты да ат тұяғы астына лақтыра салып, топ ортасында қалған Есенияз бен Қабылға қарай ұмтылды.


Ықыластың кез-келген адамның жүрегін дір еткізер зор дауысы мен қосымша күш келе жатыр деген хабар хиуалықтарды абдыратып тастады. Өздеріне алдыртпай жүрген батырды қалай болғанда да аттан құлатуды көздеген мақсаттары орындалмады. Иен даланы дүсірлетіп майдан алаңына қарай бағыттап келе жатқан қалың шаңды көрген қолбасы ендігі шайқастың өздері үшін тиімсіз екенін білді. Адайлар алдыртпады. Алдыртпады емес, азғана қолмен келіп мұның қолына қырғидай тиді. Қазақтардың жүрегіне қорқыныш ұялатады деп сенгені мылтық еді. Бар сенім артқан сол мергеннің де жатысы анау. Мұның да, сонау Хиуадан өзін қолпаштап жұмсаған ханның да дегені болмады. «Бұл шапқыншылықта адайлардың есінен кетпей өкініп, ұрпақтары айтып жүретіндей қасірет орнатам» деген ойы да адыра қалды. Айдап келе жатқан ана мал мен артынған дүние мүлік небары үш күн ғана көз қуаныштарына айналып, көңілдерін тойдыртыпты. Хиуаға барғаннан кейін осы шапқыншылықта жасаған ерліктері хан тарапынан мадақталып, дүние мүліктің бөліске түсетінін, әсіресе ана тізіліп келе жатқан, иненің көзінен өткендей адай сұлуларын қолынан жетектеп иемденетін күндерді аңсаған тәтті ойлары да быт-шыт болды. Дүние бірде бетін, бірде көтін


 


көрсетеді деген осы екен. Басыңа қонған бақтың баянды болуы өзіңнің емес, маңдайыңа жазылған тағдырдың, аспандағы құдайдың қолында екен ғой. Кешегі асып тасқан көңілдің, найзаң шошаңдап қатын-балаға көрсеткен, жол бойында жасаған қорлығыңның құйрығы шолақ, бір тұтам болып шықты. Қазанның ернегінен асып төгіліп, астындағы қызуы басылғасын ортайып қалар қара судай қадірің болмады деген осы. «Дүниеде көргеніңнен, көрмегенің көп» деп отыратын шалдардың айтқаны рас екен. Даланың аң- құсы түгілі қара жердің өзін тітірентіп барған қалың қолы адайдың азғана қолына төтеп бере алмай тоз-тозымыз шығады деп кім ойлаған. Бұлардың құдайы бөлек пе, әлде өлген шалдарының аруағы артық па, болмаса екі аяқты пендені бірдей қылып жаратқан құдайтағала бұларға келгенде өзінің ойынан, жасап жатқан жұмысынан жаңылып жүрегін түкті, күш-қуатын ерекше қылды ма, оның арасын ажырата алмады. Бар білетіні тасып барды, төгіліп қайтты. Жеңілсең де, жеңіске бергісіз қылып айтып жүретін ер адамға тән ерлікті жасай алмапты. Оның есесіне тісі тимесе де үстінен секіріп өткен қасқырдың үрейінен пері соққандай болып, орнында тұралап қалған қойдай болыпты. Енді есің барда бас амандығын ойлаудан басқа ештеңе қалған жоқ. Бір-біріне арқасын беріп қорғана соғысып жатқан Есенияз, Қабыл, Ықыласты әлі ала алмай жүрген өз жауынгерлеріне тістене қарап қасындағыларға:


-Тезірек ана үшеуінің көзін құртың,-деді.


Бұл қолбасының осы жорықтағы ең соңғы бұйрығы екенін, өздерінің де адайлармен ең соңғы шайқасы екенін қасындағылар да біліп тұра ұмтылды.


Сақалы қауғадай болған қарсыласының аяғын үзеңгіге тіреп көтеріле, бар күшін сала сілтеген қылышын Қабыл қағып үлгерді. Бірақ бір қапталына жақындап найзасын ыңғайлап келе жатқан екіншісін байқамады. Қызумен шабысып жүріп қасындағы жолдастарынан арасын алшақтатып алғанын енді білді. Тезірек шеткері шығуды ойлап тақымын қысты. Алдынан шыққан хиуалықтың өрімдей жас екенін көріп «Бейшара, ана сүтің аузыңнан кетпеген жас екенсің. Бұл жаққа қандай ажал айдап келді сені. Өліміңе мен себеп болмайын» деп ойлады. Өзіне қарсы келе жатқан батырдың сұсынан сескенді ме, әлгі жігіт қылышын көтергенімен сілтей алмады. Қорыққанынан көзі шарасынан шыға, кәзір орып түсер алмас жүзін сезінгендей боп боз болып кетіпті. Қабыл өтіп бара жатып қолынан қылыштың қырымен қағып өтті. Бірақ осы уақытта арқасының жанын шығара ауырғанын, оның салмақтай салған найзаның ұшы екенін сезді. «Әттеген-ай, қапыда кеттім-ау...Жаңағы келе жатқан қалың қол Бәйменбет болды-ау, жеткен екен ғой ақыры» деп ойлап үлгерді. Құлағына Доспамбеттің бе, Ықыластың ба «Қабыл...Қабыл» деген сөздері алыстан талып естілгендей болды. Ер үстінен шалқақтап құлап бара жатып соңғы рет зорланып көзін ашты. Біресе қалың қолдың алдындағы Бәйменбетті, біресе сонау түу көкте шаңқылдап шақырған дала қыранын көргендей болды. Бірте-бірте көз алды көгіс тартып, біресе қызылжалқылданып жанары сөніп бара жатты...


 


***


Құрманның ауылына келе жатқан Қабыл жол үсті Есенияздың үйіне соққанда Бәйменбет бидің ауылына келіп жатқанын айтып еді. Бір жағы ел сыйлайтын адайдың биі келгенде үйінде болуды, екінші жағынан орыс ұлықтарына кездесіп жүретін, қолы ұзын ағасына өз ойында жүрген базыналығын айтып қалу еді. Ол ойын Есениязға да ескерткен-ді. Шәй үсті көші-қонның, алдағы қыстақтың жайы мен өткен-кеткен әңгіме болды. Көбіне көп сөйлеп отырған Бәйменбет. Өзіне әңгіме кезегі келгенде Қабыл:


-Ағасы біресе орыстарға, біресе Хиуаға қарап шаршадық қой. Сіз орыс ұлықтарымен кездесіп, олардың берген тапсырмаларын бұлжытпай орындау жолында жұмыстанып жүрген адамсыз. Қарсы келген жеріміз жоқ. Біздің жайымызды өзімізден артық білетін шығарсыз. Осы бір сергелдең өмірдің тыншитын күні бола ма. Хиуалықтар етектен тартуын қашан қояды, орыстар олардан құтқарып басымызға толық еркіндік алып беремін деген уәдесін қашан орындайды. Екі байға тиген қатындай біресе анаған, біресе мынаған жалтақтауды қашан қоямыз?-деді.


-Не дейді,-деп шаңқ ете түсті сонда Бәйменбет. Әуелден сары өңді адам ашудан қып-қызыл болып кетіпті. «Би айтса бидікі жөн, құл айтса құлдыкі жөн» деген осы екен ғой. Орыстардың зорлығын, хиуалықтардың қорлығын мен көрмей, мен білмей жүргендей бұл қай сөзің шырағым. Менің қолымда билік болса, мен дегенімді қай жаққа да орындатып өз билігіммен жүретін болсам, сол хиуалықтардың бұл адайға салған, салып жүрген салығына қарсы тұрмас па едім. Мен күшті болсам өзегімді жарып шыққан баламды сол хиуалықтардың қолына апарып аманатқа тапсырып кетер ме едім. Мен мықты болсам ана бір жылдары Қызылтастағы бекіністі мен салдырғандай болып, кінәні менен көрген сол хиуалықтарға ауылымды шаптырар ма едім. Құдайтағала маған билік берсе, өз дегеніңмен ғана жүр десе бұл адайдың жеріне жәуміттердің аяғын бастырып, орыстардың итініп-тартынып келген адамдарына бекініс салдыртып не жыным бар еді. Құйрығын түріп дүрелеп, қыл шылбырды салмас па едім солардың қай-қайсының мойнына. Осыны неге түсінбейсің шырағым. Әлде мені өз жайын ғана ойлап, бір күндік жұтқыны үшін күн кешіп жүрген біреу көрдің бе? Біресе Орынборға, біресе Кетіктегі ұлықтарға барғанда қапталыма солардың қыстық соғымын артып, көмейімді арам ақшамен толтырып жүр деп ойлайсың ба?


Күшті күштілігін істейді шырағым. Көніп келеміз, көнбеске амалымыз қайсы. Бірі етегіңнен тартып, малыңды алдына салып, адамыңды құл етуге ұмтылса, бірі маңдайыңнан сипаған болып, арқаңнан қағып барыңды білдірмей соруға әуес. Оны мен де білем, мына сен де білесің. Маған жолын тап дейсің. Бізге жайлы жолын мен таба алмадым, ертеңіне көзім жетпейді. Бір ғана нәрсе айқын. Орыс сол хиуалықтардың өзін қол астына қаратқанша бізге қолын созбайды, хиуалықтарға «Әй, қарағым, қолыңды тарт. Мұның да арқа сүйер адамы бар» деп айтпайды. Олар үшін өздері әбден кемеліне келгенше екі ортада біздің қорған есебінде қала бергеніміз, сонымен қатар бірте-бірте  әлсірей  бергеніміз  керек.  Күндердің  күнінде  орыстар  сол


 


хиуалықтарды ақыры қол астына қаратады. Оған дейін елімізді қорғау, тар жерден жол табу сені мен менің міндетіміз, құдай алдындағы борышымыз болып қала бермек,-деді.


Өмірден көрген, түйгені көп би қасында отырған Қабылға өз заманының тыныс-тіршілігінен біраз жайды айтып түсіндірген болатын. Қатарласа жатып түннің біраз уақытын өткізген. Таң ата дүсірлей шауып келіп үй іргесіне түскен жаушы жігіт Құрман, Таған ауылының шабылып, жау қолында қалғанын, өзін Есенияз батырдың осында жұмсағанын айтып еді. Қабыл төсек үстінде шаншылып отырған Бәйменбетке қарады. Би тездетіп киініп өзінен сөз күтіп отырған Қабылға:


-Уақытты ұттыруға болмайды. Бар адамды жина, жау соңынан тезірек аттанбасақ болмайды,-деді.


-Жоқ, Бәйеке,-деді Қабыл. Біз аттана берейік, сіз алға кеткен елге хабар беріп, қол жинаңыз.


-Онда қолыңа қару ұстайтын жігіттерді ертіп тез атқа қон. Менің қасыма ұзақ шабысқа шыдайтын жарамды ат пен бір жігітті қос. Тақымы мықты қыз болса да жарайды. Қасымдағы көмекші жігіт екеуін екі бағытқа ойға құлаған елге жұмсаймын. Үстірттен құлағанмен әлі асықпай жол үсті кетіп бара жатқандары бар шығар. Әрісі бір күн, күн жарымнан қалмай мен де арттарыңнан жетермін. Бірақ, Қабыл мынау есіңде болсын. Сендер қанша адам жинайсыңдар, қатарласа көшіп келе жатқан ағайындардан қандай көмек болады, ол жағы белгісіз. Ең болмаса жүз қаралды қылыш болса деп едім, бірақ, әй қайдам, ондай адам табылмайды ғой. Бар адаммен жау соңына түсің. Құдай қолдар, жалынып, жалбарынғанымызды Бекеттің аруағы қолдар. Менің қол жинай қалғанымды өзің ғана білерсің. Өйткені артымыздан көмек келеді деп жауынгерлерің екі ойлы болады, ол жолдарыңа кедергі. Ал, арттарынан үміт жоғын білген соң қолды болып кетіп бара жатқан адам үшін тайсалмай күреседі. Ал, аманшылықпен жолығысайық,-деп сыртқа беттеген. Бар жиналған жігіттерімен атқа қонған бұлар қозғала бергенде:


-Әй, Қабыл,-деп кідіртті. Қасына келіп қолын Қабылдың тізесіне қойды.


-Асығыс жүріп сауытыңды да кимепсің. Бұрынғы батырлар садақ жебесінен қорғану үшін сауыт киген. Болмаған жағдайда аталарымыз бір айла ойлап тапқан. Ол ту биенің қылынан есіліп, қатты ширатылған шылбыр болатын. Сол шылбырды жүрек тұсынан бастап, кіндіктен төмен екі еліге дейін бірнеше қабаттап орап жауға шабатын. Өте жақыннан болмаса әлгі


«сауыт» алыстан жеткен оқты да дарытпаған. Жақыннан атылған оқтың да дөп келгені болмаса, қисық-қыңыр келгені денеге жетпей қыл шылбырдың тіндері арасында тұрып қалатын. Хиуалықтарда мылтық та болуы мүмкін. Артық жүк болмас, сондай бір бума шылбыр ала кет. Дәл кәзір болмағанмен бір аялдағандарыңда, жауға жақындағанда әлгіндей қылып орап алсаңдар пайдасы тиер. Аман бол батырым. Тар кезеңде бір-бірімізді жоғалтып алмайық,-деді.


 


Қабылға Бәйменбет бидің дауысы дірілдеп, жарықшықтанып шыққандай болды. Шауып бара жатып артына қарады. Бұл кезде үш жаққа бағыт алған үш атты да көз ұшында кетіп бара жатқан...


Бірақ Бәйменбеттің ақылын орындауға Қабылдың да, қасындағы жолдастарының да мүмкіндігі болмады. Ажал жетіп жатса қара жердің астына тығылсаң да тауып алады, ал дәмің таусылмаса басыңды көздеп шапқан айбалтаның да жүзі қиыс кетеді деп ойлаған. Ықыластың «көмек келеді, көмек» дегенін естігенде Қабылдың ойына Бәйменбеттің түскені сондықтан еді. Бірақ бұл қырғынға оның жетісе алмай кешігетінін, ағайынның мәртебесі өсіп, қолды болған адамдарын құтқарып жеңіспен келе жатқанында алдынан шығатынын, адайдың басына түскен қиындыққа жаны күйзеле, бір жағынан олардың аңызға бергісіз ерлігіне шаттана жылағанын көрмей де, сезбей де кетті.


Алыстан көрінген шаң соңғы күштері қалғанша арпалысып жатқан адайларға дем беріп жеңіске жетелесе, шапқыншыларға үрей туғызып жолындағысын тастай сала бас сауғалауға мәжбүр етті. Бірақ бұл адайларға келе жатқан адам көмегі емес еді. Бұл осы даланың еркесі құландар болатын. Топ алдында келе жатқан айғыры үйірін соңына ертіп сағымға араласа ұшып келе жатқандай әсер қалдырады. Бір нәрседен үркіп шығынып келеді деуге келмейді. Арттарынан көптен бері қызыл көрмей аш құрсақ болған қасқыр да, құланның етін аңсап тісі қышыған қуғыншы да көрінбейді. Кең далада жазыла жарысып келеді. Әшейіндегі ық жақтағы төбе астынан бауырымен жорғалап келе жатқан, өздеріне қауіп төндірер жыртқышты да, алыстан орағытып жүрген аңшының ойын да алдын-ала сезіп, артындағы үйірін аман сақтауға ұмтылатын айғыры бұл жолы өзінің бұрынғы сақтығынан жаңылғандай. Алдарындағы кескілесіп жатқан адамдарды көрмегендей, маңайын түгел жайлап алған олардың ашқылтым тер исін сезбегендей тура бағытынан таяр емес. Анда-санда соңындағы үйірін түгендегендей айнала шауып, көп ұзамай тұтасқан қалың шаңның ортасынан қайта көрінеді. Табиғатпен біте қайнасып, оның ажырамас бір бөлшегіндей болған, ерекше жаратылған қасиетті аңды әлдебір құдыреттің өз дегенімен жүргізіп келе жатқаны анық еді. Бұл не? Сезімтал аңның әлдебір түйсік арқылы орынсыз төгіліп жатқан қанға қарсылығы ма, әлде адайлардың ұлы қасиет иесі Бекетке жалынып, жалбарынғанына байланысты оның жіберген көмегі ме, оны бір Алла ғана біледі.


Жақындап қалған қалың шаңға үрейлене көз салған хиуалықтар ешкімнен бұйрық күтпестен кейін қарата бытырай қашты. Енді олар үшін қолбасының да, оның бұйрығының да құны қара бақырдай еді. Аттан ауған жаралы жолдастарының адайлардың қолына қалдырып кетпеуін өтініп, жалынғандарына да қарамады. Бәрі де өз бастарының амандығын, ана артта келе жатқан жүздеген қылыш жүзіне туралып қалмауды ғана ойлауда. Енді қолбасына бытырай қашқан өз жауынгерлеріне еруден басқа амал қалмады. Кенет өзінің соңынан құйындата шапқан аттыны көрді. Бұл Есенияз болатын. Оның артында манағы ту қасында тұрған балаң жігіт келеді. «Әй, қорлық-ай.


 


Бұлар біздің майдан даласын тастап бас сауғалағанымызға місе тұтпайтын болды. Ойлары соңымыздан қуып найзаға ілінгендерін түсіріп қалу ғой. Бірақ дәл осы сәтте мені қуып жетіп қылыш жүзіне іліндіруің екі талай шығар батырым. Мені астымдағы атым құтқарар, ал саған оқ бұйыратын шығар» деп ойлап қапталынан қос ұңғылы шолақ мылтығын алды. Оқтаулы екі оғы бар. Жақындап қалған Есенияз:


-Әй, әкеңнің...Қатын болмасаң атыңның басын тарт. Қылыш дейсің бе, найза дейсің бе, оны қалауың білсін. Тоқта. Қаза тапқан жолдастарымның кегін алмай мен бәрібір сені аман жібермеймін. Құтылып кетем екен деп ойлама-деп айқайлап келеді.


Қолбасы атының басын ірікті. Есенияздың айтқан сөзіне намыстанып ұсынысын қабылдайтындай кейін бұрылды. «Бәсе, қанша айтқанмен басыңа бөрік киген еркексің ғой. Намысқа тартқаның ұнады. Мен де сөзімде тұрып алдымен жолды саған берейін» деп аңғал батыр жақындай бергенде өзіне бағытталған мылтықтың ұңғысын көрді. Бұрылып үлгермеді. Тарс еткен дыбыспен бірге кеудесін күйдіріп бара жатқан әлдебір ыстықты сезіп үлгерді. Көз алды бұлдырап қалың тұман ішінен сақылдап күлген жәумітті...арғымақ үстіндегі ұзын бұрымы жайылған әлдебір қызды көргендей болды. Әлгі көрінгендер бірте-бірте алыстап, дүние шыр айналып бара жатты...


Сылыңғыр қара Есениязды атып түсіргеннен кейін өз ісіне өзі риза болғандай  жан-жағына  қарап  сақылдап  күлді.  Бірақ  оның  маңайында


«қолбасының ерлігіне» басын иіп қолпаштайтын ешкім де жоқ еді. Соңына ергендер мұны жалғыз тастап, адайлардың қырғынынан аман қалғандарына сүйінші сұрағандай бірін-бірі қуалап әлдеқашан қыр асып кетіпті. Ия, әскері жоқ, ия, билігі жоқ қолбасы өзіне таяп қалған екінші аттыны күтті. Шолақ мылтық тағы да атылды. Бірақ бұл жолы ол мүлт кеткен еді. Оқ оның көздеген кеудесіне емес, жігіттің басындағы тұмағын ұшырып түсірді. О, тоба, ұшып түскен тұмақпен бірге білектей қос бұрым тарқатылып әлгінің арқасына құлады. Сылыңғыр қара сонда барып өзінің «әлжуаз жігіт» деп келгенінің қыз екенін, ұзын шашын тұмақпен бастырып алғанын білді. Аптығып қалтасына қолын салды. Бірақ қайта оқтағанша өзіне қарата тістене шапқан қыздың жоғарғы жағына ту байланған найзаны түйреп те үлгеретінін біліп жалт бұрылып атын тебінді.


Он төрт, он бес жастағы өрімдей қызға қарсы тұрып айқаса кетуге шынында да намысы жібермеді ме, әлде ат жалын тартып мінер азаматы түгілі, төмен етекті әйелдерінің де жауымен тайсалмай арпалысқа түскенінен қорықты ма, ол жағы белгісіз, атын тебініп қашумен болды. Бірақ найзасын кәзір шаншуға бейімдеп ілгері ұмсынған қыз артынан қалар емес. Төбе басында ұрысқа араласпай өздеріне дем берер қасиетті туын көтеріп тұрғандықтан болар, аты әлі шаршамаған алымды, бірте-бірте бұған жақындап қалды. Көп ұзамай-ақ қуып жететіні белгілі. Қолбасы қалың қолды бастап өзі көш ілгері келе жатқан кешегі күні мен соңына түскен аңшыдан қалай құтылуды ойлап сай-салаға, жыра-жықпылға қашқан жаралы қасқырдай кәзіргі бейшара күйін ойлап та үлгерді. Жоқ, болмайды. Қасқыр


 


да соңғы сәтінде өзіне ғана тән жыртқыштығын істемей ме. Ендеше бұл да кәзір өз амалын жасайды. Алғашқы сілтенген найзаны денесіне дарытпай өткізсе болғаны. Қалғаны қиын емес. Қыз қанша әулие болса да мұның қылышына төтеп бере алмайды. Бүкіл Хиуаға белгілі қылышкер деген аты бар емес пе еді. Алмас қылышпен басын шауып тастауға да болады, болмаса қолға түсіріп ана ат бауырында шұбатылып келе жатқан өз бұрымымен буындырып өлтіруге де болады. Бәлкім сол сала құлаш бұрымымен қолын байлап қызды қанжығасына таңар. Сылыңғыр қараның бойында сөнуге айналған жымысқы ой қайта тіріліп басын көтергендей болды. Жаңа ғана бас амандығын ойлағанын ұмытып, дүниеге деген тойымсыздығы, қатыгездігі қайта жанданғандай. «Әттең, бұл жорықтың дәл осылай сәтсіз аяқталарын білгенде ғой. Білгенде адай сұлуларын тізіп айдап келе жатқан жасақтарына ойына келгенді жасауға рұқсат бермес пе еді. Сонда бұл соғыста жеңіске жеткенімен, қыз намысын ел намысы деп білетін адайлардың жер шұқып қалары анық еді ғой. Бұлардың қолынан тұтқындарды құтқарып, айырып алғанымен бәсі түскен алтынын енді кімге көрсетер еді. Мұның жасағының астынан өткен, абыройы төгілген сұлуға «жаугершілік заманның қасіреті ғой шырағым, ештеңе етпес» деп кім маңдайынан сипар еді. Бір-біріне кінә артып, құйрық, бауыр жескен құдалар онда бірін-бірі көрмей кетер еді ғой. Сөйткенде мұның жасақтарының сідігі су боп нәрінен айрылмаса, сол сұлудың бірі ертең-ақ бұл дүниеге шар еткізіп бір шарананы әкелмес пе еді. Сол баланың өсе келе, адайлар өзгеге білдірмей қанша мәпелеседе, ертең қанына тартпасына кім кепіл бола алады. Әттең, әттең. Өкініштің үлкені жеңіліп қайту емес, айдың күнінің аманында қолыңа түскенді өз пайдаңа жарата алмаған жетесіздігіңде екен ғой. Ендеше мен де батырсынып соңымнан шапқан мына сұлуды аттан аударып абыройын төгіп кетейін» деп ойлап артына қарады. Дәл осы мезгілде өкшелеп келе жатқан қыз найзасын сілтеп, көз ілеспес жылдамдықпен ат үстінен аударып тастады. Қара санынан кірген найза ұшы жанын шығара ауыртқаны сондай айқайлап жіберді. Қолындағы қылыш анадай жерге ұшып барып шаншылды. Орнынан тұра бере қайтадан жығылды. Аттан түскен қыз асықпай найзасының ұшын төмен ұстаған күйі бұған қарата жақындап келеді. Көп сөзге келмей кәзір шаншиды деп ойлап шалқасынан жатқан күйі құйрығымен жылжып шынтақтап шегіне берді. Тесіле қараған көздерінен бір-біріне айтар сөзді іштей ұғысты.


«Жоқ, сенің дегенің болмайды қолбасы. Мені Хиуа мен Бұқардың хан сарайында үлде мен бүлдеге оранып, ертеден қара кешке дейін опа мен далап жағып отыратын еркетотайдың біріндей көрдің-ау шамасы. Қателесесің. Мына дала маған тек ауыздығымен алысқан арғымаққа мінуді ғана емес, ер азаматпен бірге қару ұстап, оны сілтей білуді де үйретті. Дала заңына сәйкес өз арымды қорғай білуді жастайымнан жаныма құйды. Жауға деген өшпенділік, солардан келген қасіретті ұмытпай кек ала білу де борышымыз екенін білеміз».


«Қап, әттеген-ай, осының қолынан не келер дейсің деген аңғалдығым болды. Әйтпесе қолыңнан қағып аттан түсірген болар едім. Бұл уақытта


 


батырсынған сені өз астымда умаштап та жататын едім. Қапыда кеткенім рас».


«Мүмкін,-дейді Қанапияның көзі. Қолымнан найзаны қағып түсіруің де, арам ойыңды іске асырғың келіп маған ұмтылуың да мүмкін. Бірақ жастайымнан асау ұстап, аспанға шапшыған оның жалына жабыса мініп, қарасаң көз жетпес далада желмен жарыса өскен мені көлеңкеде күн кешкен қаланың ұрғашыларындай жыға салу бәрібір қолыңнан келмейтін еді. Өз қайратымның, бәрінен бұрын өз намысымның оған жол бермейтіні анық».


«Әрине, қолыңда қаруы бар сенің орнынан тұра алмай жатқан жаралы адамға не айтсаң да лайық шығар,-дейді қолбасының көзі. Мен кәзір аяғыңның астында жатырмын. Қарусыз адамға қол көтеру батырлықтың белгісі емес екенін білетін шығарсың. Ата-бабаң осы бір ескіден келе жатқан қағиданы айтқан да болар. Қыз болсаң да ер адаммен бірге жауға шауып, еліңнің туын құлатпай ұстадың. Мүмкін батырлардың сол қағидасына орай аман қалдырарсың».


«Жоқ,-дейді Қанапияның көзі от шаша. Сенің бейбіт жатқан ауылды шауып, жазықсыз бала-шағаның бейкүнә қанын төккеніңді қалай кешірем. Елімнің бетке ұстар азаматтары, қиын кезеңде қорған болған батырлары Амантұрлы, Есенияз, Қабыл, Түмен, Жәнет, Ықыластардың өлімін көре тұра сен малғұнды қалай аман қалдырам. Қаза тапқандардың ішінде өз әкем Доспанбет те бар. Осы кезде жауына тесіле қараған Қанапияның көзін мұң шалып жасқа толып, бойын ыза кернеді. –Сол әкем бар уақытта, ол қасымда жүргенде мен балдыр тартқан бала қаз сияқты емес пе едім. Қоғалы көлде әлі құмарым қанғанша жүзіп болған жоқ едім ғой. Біле білсең мен бойжеткен қыздың дәуренін де, түн жамыла ғашығыммен оңашада сырласатын тәтті кезеңді де басымнан толық өткізіп көрген жоқ едім ғой. Сондай бақытымды сен ұрладың, сен тамырына ерте балта шаптың. Артымнан ерген інім Сақижан тек әкемнің ғана емес, біздің әулетіміздің жалғызы еді. Енді оның да қабырғасы қайысты, омыртқасы майысты. Алдымызда екеуміз көрер қаншама қиындық, жетімдіктің зары жатыр. Солардың бәрін біле тұра, көре тұра сен жауызды қайтіп тірі қалдырам. Дүниеде қарғыстың зоры «Көмусіз қал» деген сөз еді. Сол саған бұйырсын».


Аман қалам ба деген үміті үзіліп шегіншектей берген қолбасының жүрегіне салмақтай ұрған найза кірш ете түсті. Көзі шарасынан шыға аяқ- қолы дірілдеп барып, көп ұзамай басылды.


Қанапия төгіліп тілерсегін қаққан бұрымын жинақтап төбесіне орады. Қолынан иіскеп басын шұлғып қасында тұрған атының жалынан сипады. Жас кезінен үлкендерден естігені ме, әлде «Итте болса мұсылман баласы ғой» деп ойлады ма, жерден бір уыс топырақ алып әлдеқашан денесі суыған қолбасының үстіне септі. Атына қарғып мініп жаңа ғана жан алып, жан беріскен майдан даласына, артта қалған жолдастарына беттеді. Көз алдында өткен қанды қырғыннан қаза тапқан адамдарды ойлап, жаны күйзелген сұлу қасында ешкімнің жоғын пайдаланып ағыл-тегіл жылап келеді...


 


***


-Уа, қасиетіңнен айналайын Бекет атам. Астамсып кеген жаудың көкірегі басылды, жігері жасыды. Жолындағысын жайпап өтер қалың қол болып келді, тарыдай шашылып кейін қайтты. Жер қайысқан қарамызды көргеннен адайдың құты қашады деп еді, бірақ сол адайлардың қиын сәтте қайралған намысының жүзіне шыдап қарсы тұра алмады. Туған топырақ үшін қанымыз судай төгілсе де елдігімізді сақтап қалдық, туымызды жықпадық. Тәубе, жасаған, тәубе! Мырза құдай адайларға тар жерде қолтығынан демесін деп Бекетті беріпті. Жан қиналған соңғы сәтімізде сенің аруағың қалың қол болып көрінді, жаудың бізге сілтеген қылышы қиыс кетті, найзасы қаншама ұзын болғанмен діттеген жеріне жетпей қысқарды. Әулие емеспін ғой жан бабам. Бірақ сенің аруағың, сенің құдыретің әлі де жылдар бойы ұрпақтарын демей беретіні анық. Әлі де түн жамылып келген талай жауды Оғыланды жақтан от болып келіп шарпитыныңды білемін. Соғыстың құрбансыз болмайтыны, орны толмас өкінішін арқалатып кететіні тірі пендеге аян нәрсе. Оның орны толып, сыздауықтай жаныңды ауыртқан жарасының жазылып кетуі үшін де талай жылдар керек болар. Бірақ сол өкініштің, сол қасіреттің жылдар өте келе ұрпақ мақтанышына айналары анық. Өйткені дәл бүгін мына жайрап жатқандар өзі үшін емес, ертеңгі күн үшін, артымыздан жалғасар ұрпақ болашағы үшін жанын пида еткен жоқ па. Өзінен төрт есе көп жаумен арпалыста бұл жатқандар ерліктің өшпес өнегесін көрсетті. Бәлкім бұл соғыста бар ауырлық бізден гөрі осыларға түскен шығар. Біздің аман қалуымыз үшін сілтенген қылышқа, түйрелген найзаға кеуделерін бұрын тосқан болар. Қасындағысын қорғап, топты бұзып өту Есенияз бен Қабылға ғана тән ерлік еді ғой. Көпке қол ұшын беру Доспанбеттің де, Түменнің де, Жәнеттің де әу бастан қанына сіңген қасиет емес пе еді. Байбоздың Ықыласының тірі пендеге бітпеген зор даусын енді ести алмайтынымыз қандай өкінішті. Бұл ерлер кәзір жер басып жүргендер үшін шәйіт кетті. Бірақ ер өлгенмен оның артында қалған ел өлмейді. Ел қай кезеңде де өзінің арын арлап, жоғын жоқтайтын ерді өмірге әкеліп, шыңдап, қайрап жолға салады. Көптің тезінен өткен адамның жүзі мұқалмас болар. Шыңдалған болаттай ұрпақтың артымыздан жалғаса берері анық. Ендеше ертеңге деген сенім, үміт жоғалмасын деп тілейік ағайын.


Ана жайрап жатқан жаудың бетін жабың. Мұсылман баласы ғой ит- құсқа жем болмасын. Өзіміздің арыстарымызды көлікке артың. Әркім ата- бабасының жатқан жеріне жеткізілер,-деді Әлмен бір нәрсені іздегендей жан- жағына қарап.


Манағы басқыншылардың құтын қашырып алыстан қараған адамға қалың қол болып көрінген құланның үйірі ғайып болыпты. Олардың артынан тұтасып ерген шаң да көрінбейді. Соларды іздеген адамдардың көз алдында әлдебір селдір тұман сияқты нәрсе Оғыланды жаққа қарата бірте- бірте алыстап барып көрінбей кетті. Әлмен де, оның қасындағы өзге адамдар да көрген түстей болған осы бір көріністің өздерін қолдаған Бекет атаның қасиеті екенін, Ұлы Құдыреттің қысылғанда кезде жәрдем беріп жүздеген


 


құлан болып көрінгенін білді. Бәрі де іштерінен «Аруағыңнан айналайын Бекет бабам» деп тұрды.


Жаңбыр келе жатқан сияқты. Көп ұзамай жып-жылы болған алғашқы тамшылар тама бастады. Иен даланы жусанның ба, шағырдың ба хош исі алып кетті. Бұл дүниеде ештеңе болмағандай, жаңа ғана адамдардың бір- біріне өштесе қылыш сермеген қанды қырғыны болмағандай дала тым- тырыс. Қайдан келгені белгісіз, адамдардың жан-жағы жер бауырлап ұшқан айыр құйрық қарлығаштарға толып кетті. Тек иесінен айрылған арғымақтар ғана олардың қасынан кетпей тұяғымен жер тарпып, шұрқырай кісінейді...


***


Жүзден астам адамды бастап келе жатқан Бәйменбет қанша асыққанмен өздерінің басқыншыларға, оларды құтқару үшін соңынан кеткен адамдарға жете алмайтынын сезіп келеді. Шабылған Құрман, Таған ауылынан хабарлы болғанымен, қолды болғандарды құтқаруға кеткендердің жайы белгісіз. Арттан келер көмекті күте алмай бастарын бәйгеге тіккен қырық жігітті ойлаған сайын қиналумен келеді. Тең салмақты баса алмаған таразы басындай үміт пен уайым бойын қатар билеп алған. Бір ойы адайға белгілі батырлар бастаған қол жеңіске жетеді деп үміттендірсе, екіншісі қанша мықты болғанмен көптің қоршауында қалып барлығы да қаза тапқан шығар деген қорқынышты ойға жетелейді. Осындай қиын кезеңде олардың ортасында болып ауырлықты бірге көтермегеніне өкініп те келеді.


«Халық алдында би атанып қолымыздан келгенше қызмет жасап жүргеніміз рас,-деп ойлады ат үстінде келе жатып. Ағайынға бұра тартып, әділдіктің ала жібін аттаған жеріміз жоқ сияқты. Бидің қолына ұстайтын қаруы да, көздейтін нысанасы да сөз. Сөз қадірін ұғатындар қаншама қиыс кетіп бара жатса да сол баталы сөзге тоқтайды. Ол үшін тура айтылған сөз, туралап келген оқпен тең. Тіпті одан да қиын. Өйткені денеңе дарыған қойдың құмалағындай қорғасыннан жаралы болғаныңмен, ажалың жетпесе өлмеуің де мүмкін. Сол сәтте тәніңді ауыртқанмен уақыт өте келе жазылып кетеді, ұмыт болады. Ал, кінәңді бетіңе басып, тура айтылған әділ бидің сөзі өміршең, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете барады. Қазақ сондықтан сөзге тоқтай білген. Бірақ түн жамылып келген ұры жауға бидің сөзінің құны қара бақырдай. Керек десе оны қажет етпейді де. Оған бидің тілінен шыққан сөзден гөрі, қылыштың жүзі түсінікті. Өз дегенімді қалай да өткізем деп келген талай әупірімді бидің тілі тоқтатып, сабасына түсірсе, тұтқиылдан келген басқыншы үшін бәрін де ұзаққа апармай кесіп түсер қайқы қылыштың жүзі мен найзаның ұшы тиімді. Бидің сөзінің пайдаға аспай қалатын кездері де болады екен. Ол адам қанын аңсаған басқыншылық соғыста екен. Елі үшін, оның жат жұрттықпен тәуелсіздік жолындағы күресі үшін батыр қандай рөл атқарса, биге түсер салмақтың одан аз болмайтыны белгілі. Жаным кешегі кеткендерден артық па еді. Өзімнен үміт күткен халыққа дәл кәзір қандай пайдам тиді. Жан қиналып ақыл қашқан сәттерде олар үшін бидің сөзінен гөрі, топтың санын көбейтер бір қылыш артық еді ғой. Әй, Қабыл-ай, батыр аңғал дейтін осы-ау. Көп алдында сөйлеп, өз дегенін


 


орындатар ағаңды құдайдай көргенің қалай. Бәйменбет Манатының үстінен үңіліп ойда кетіп бара жатқандарды айқайлап шақырып тез жинап әкелетіндей көрдің бе. Бәлкім әлдеқалай күн туа қалса ел бетіне ұстар сөз тізгінін ұстаған ағам аман қалсын дегенің бе бұл» деп ойлады.


Адайдың әйгілі биі жанын жегідей жеген мың сан ойдың құшағында келеді. Бұл Маңғыстау мен Үстірті мекендеген адайдың анда-санда бір соғып өтер түстіктегі қызылбастар мен терістіктегі қалмақтармен болған соғысы өз алдына, осы хиуалық жәуміттердің талай рет жасаған зорлығын бастан кешіріпті. Олар осыдан жүз жылдан астам бұрын 1783 жылдар шамасында Үстірттегі Қарашымырау жерінде отырған қырықмылтық Ыстыбай, Сары ауылдарын қалың әскерімен келіп таң алдында келіп шабады. Жасы келген кәрі мен жас баланы өлтіріп, қыз-келіншекті олжалап, талай малды алдына салып кетті. Жарықтық балықшы Қармыс батырдың ерлігі өз алдына, қасиетті адам ғой. Жасы келген қарттығына қарамай «Аттандап» әлгі жаудың соңынан шабады. Онда да дәл осылай арттан келер көмекті күте алмайды. Аузына түскен сөзі «Әнеттің ұлы Төлепке хабар берің» болыпты. Бір хабар жетсе Төлептің қарап жатпайтынын, құдай ерекше жаратқан батырдың астамсынған жауды жеріне жеткізбейтінін білсе керек. Қарттығына қарамай топ ортасына қойып кеткен Қармыс жолына кесе-көлденең тұрған бірнешеуін түйреп аттан құлатады. Бірақ қол-аяқтан алған ит кәрілік жас кезіндей көсіле сілтеуге қайдан мүмкіндік берсін. Көп ұзамай өзі де ауыр жараланып аттан құлайды. Қасында әкесі Әнет, тумаластары Бабақұл мен Қоштан, құнанорыс Шабай бастаған алпыс шамалы адаммен Төлеп әлгі жаудың артынан қуып жетеді. Одан арғысы белгілі ғой. Төлептің қан майданда жеңіліс тапқанын, болмаса жаудың қарасынан көңілі қобалжып кейін қайтқанын кім көріпті. Сөйткен Қармыс анау «Қыземшекте» жатыр.


«Ертегідегі батырлардан кем соқпайтын, мақтасаң да, мақтануыңа да тұралық, өзге алдында мәртебеңді көтерген талай ерлер өтті ғой бұл адайдың ішінен»,-деп ойлады Бәйменбет. Сүйінғараның ауылының шабылғанына небары жиырма жыл ғана өтті емес пе. Бұл енді Бозашыны жайлаған жалғыз Сүйінғараның емес, қалың адайдың қабырғасын қайыстырған үлкен соғыс, қасіреті мол шапқыншылық болды. Орыстар Маңғыстауға алдымен ұры тазы сияқты жылмаңдап, іші-бауырыңа кіріп бара жатқан адамдарын жіберді. Даланы, суды, жерді зерттеп жүрміз дейді. Бұл адай құдайдың берген, көсіліп жатқан даласын аясын ба? «Е, қарағым, зерттесең зертте. Анау су ішетін құдығым, анау жаз жайлауым, сонау төбе басында бұлдырап көрінген ата- бабама қойылған белгі. Соның етегін ала орналасқан үлкен ойда пәлен жылы әкемізге дүрілдетіп ас бергенбіз» деп ішінің тігіндісіне дейін ақтарып салды. Қалбалақтап әлгілерге жолбасшы болды, керек жарағына көмектесті. Шатыр ішінде жез мұртын сипалап әр нәрсені сұрап отыратын әпесердің қолына ұстатқан ауыс-күйісіне мәз болысты. Әлгі әпесердің басқасы ештеңе емес, бұл адайдың ру жігіне дейін жазып алып отырған көрегендігіне аузын ашып, көзін жұмды. Қай рудың беделді, қай рудың әлсіз екенін, олардың бетке ұстар батыр, билеріне дейін жатып өргізді. Даланың арда қазағы орыстардың


 


қулығының артында жатқанын, «соған көмектестің» деп хиуалықтардың қылыштарын қайрап жатқанын қайдан білсін. 1832 жылы қыс түсе үш мың қолмен келген жау Бозашыда ойына келгенін істеді. Аллақұл ханға Сүйінғараның айтқанын бірде орындағанмен, бірде құм ішіндегі бат-баттай айқұлағын шығарғаны ұнамады. Қолбасы Мәмбетниязға «Болса өзін, болмаса басын әкел» деп тапсырмасын береді. Бірақ елді шапқанмен, қыз-келіншекті алдына салып айдап кеткенмен Сүйінғараны қолдарына түсіре алмайды. Жәуміттердің зорлығымен жол бастап келе жатқан Ақбота Балкөт пен Шотан Күсеп бастарына төнер қатерді біле тұра, соңындағы мыңдаған қолды батырдың ауылына туралап апармай, түн жамылып үлкен сорды айналдыра беріпті. Ретін тауып солар хабар берді ме, ол жағы белгісіз, хиуалықтардың негізгі мақсаты өзін қолға түсіру екенін білген Сүйінғара ұстатпай кетеді. Сонда түн жамыла кетіп бара жатып ауылдағыларға «Қашты деп қате ойламаң. Мен өлсем адайдың белі сынады, сендер өлгенмен адайдың буаз қатыны тағы бір ұл туады. Жер басып жүрсем сол Аллақұдан, сол хиуалықтардан кегімді алып, есемді қайтарамын» депті-ау. Сөйткен Сүйекең де 1841 жылы өмірден өтті. Бәйменбет бүкіл адайға сыйлы ағасын Сисем атаға өз қолымен жерлескен. Батырды қара жердің қойнына тапсырып, күңіренген құран сүрелерін тыңдай отырып оның «Мен өлсем бүкіл адайдың белі сынады» деген сөзінің растығына көзі жеткендей болып еді. Жау келсе жаудың алдында, дау туса соның төрінде көрініп, кең далаға сыймай жүретін батырға ата-бабасының мәңгілік тұрағынан ұлтарақтай ғана жер бұйырды. Жалғыз Бәйменбет емес, сол қаралы жиынға жиналғандардың қай-қайсысы да сонда өздерінің қорғансыз, жетімсіреп қалғандарын ұққан.


Бірақ сол шапқыншылықта қол бастайтын Сүйінғара болмаса да қалған адай қарап қалған жоқ еді. Тез арада 800-дей қол жиналып хиуалықтардың жер қайысқан әскерінің артынан қуады. Анау Үстірт үстіндегі «Ұлы қырғын» мен «Кіші қырғын» деп аталатын жерлер сол қантөгістің белгісі, адайлардың өмірі ұмытылмас жан жарасы.


Сүйекең өле өлгенінше жалпылдап орыстардың аяғына жығылған да жоқ, қабаған иттей арпылдап етегіне жармасқан да жоқ. Бірте-бірте мысықтабандап жақындаған олардың түпкі ойын да ұқты, үй іргесіндегі Хиуаның негізгі мақсатын да білді. Сондықтан қай жағына да жығылмай, шама келсе елінің еркіндігін, ешкімге тәуелді болмай жүрген бұрынғы күйін сақтап қалғысы келді.


Аллақұл да қарап жатпады. Түлкібұлаңға салып жүрген Сүйінғарадан қалай да өш алуды көздеді. Баяғы шапқыншылықтан кейін арада сегіз жыл өткеннен кейін 1840 жылы Маңғыстауға қайтадан қол аттандырды. Осы уақытта ағылшындар да өздерінің сауда жолдарын ұлғайту мақсатында Хиуа хандығымен байланыс орнатқан. Орыс үкіметі 1839 жылғы сәтсіз аяқталған Хиуа жорығының алдында сылтау іздеп Хиуа хандығынан олардың қолындағы орыс тұтқындарын босатуды талап етіп, өздері Орынборда хиуа саудагерлерін ұстап отырған. Оған келіспеген Аллақұлдың ағылшындардан көмек сұрауына байланысты олар Джеймс Абботты жібереді. Маңғыстауға


 


келген хиуа қолының ішінде сол ағылшын тыңшысы да бар еді. Оның мақсаты орыстардың боашақ жоспарын біліп, жергілікті халықтардың оларға деген қарым-қатынасының қандай екенін анықтау болатын. Бірақ бұл жолы адайлар қапы қалмады. Алдын-ала дайындалып Сисем-ата маңында хиуалықтарды талқандап, адамдары мен қару-жарағын қолға түсіреді. Олардың ішінде жаңағы Джеймс Аббот та бар еді. Оны қамал комендантына тапсырады, олар артынан оны Орынборға жібереді. Сөйтіп Сүйінғара өлерінен бір жыл бұрын баяғы айтқан «Түбі кегімді қайтарам» деген уәдесін орындап кетті.


Осыдан бес жыл бұрын Бәйменбеттің қамал қасына жақын отырған өз аулын да төрт жүз қолмен келіп тапа тал түсте шауып кеткен. Міне, тағы да шапқыншылық, тағы да төгілген қан. Алда келе жатқан Бәйменбет бидің жанының қиналып келе жатқаны да осы еді. «Үнемі арпалысып өтуді, үнемі қаруыңды қапталыңа қыстырып бірде жәумітпен, бірде қалмақпен шабысып, орыстардың зорлығынан құтылуды көрер күн бар ма екен. Әй, қайдам, әзір оның ұшығы көрінбейді. Мен білсем адайдың көрер қиындығының соңы осы емес болар. Тек біз емес, бізден кейінгілер де талай сойқанды басынан өткізетін шығар. Бәлкім маған да құдайдың жіберген ажалы емес, алды артына көз жүгіртіп, ой тоқтатпайтын әлдебір әумесердің оғы бұйыратын шығар. Бірақ мен білетін жерде қандай шапқыншылық, қандай қырғын болса да бұл адайдың намысы тапталмапты, ата-бабасының сүйегі қалған жерге өзгелер келіп тайраңдамапты. Бәлкім адайға құдайдың берген бағы осы болар. Баяғы Төлеп батырдың «Жау қолынан өлгенді» бақыт санап, армандап кеткені жалғыз соның ғана емес, ұрпағымыздың қанына сіңген қасиет шығар. Итаяқтан жуынды ішкен кәрі төбеттің күніндей жалтақтап өмір сүргеннен, жауыңның өңешіне азу тісіңді айқара салып өтетін қасқыр мінезге не жетсін. Сол қасқыр мінез, ешкімнен сескенбейтін арлан жүрек ұрпақ санасынан жоғалмаса, жасық темірдей майыспаса, соққы тиген сайын шыңдала түсетін болат қасиетінен айрылмаса-бізге берілген бақыттың шыңы сол болар»- деп ойлады.


Өмірден көрген түйгені көп, аузынан шыққан қай сөзі де бейбітшілік жолын нұсқайтын би, манадан бері жанын ауыртып келе жатқан сансыз ойдың шешуін тапқандай болды. Бейбітшілік төбеден түспейді екен, оған жету үшін тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізіп, талай қасіреттің дәмін татып, талай арыстарыңды майдан даласында қалдыруға тура келеді екен. Кейінгі ұрпақтарың мақтан тұтып, айтып жүретін өнеге жолы да осы кездерден басталады екен. Ендеше жігеріміз жасымай, қайрақ тиген сайын ұштала түсетін алмас қылыштай болғанымыз жөн деп шешті. Қабыл мен Есенияз бастаған топты қуып жете алмайтынын білсе де, қолды болған адам мен малдың қайтарылғанын, соларды құтқару жолында көптеген адамдардың, әсіресе бетке ұстар батырлардың сол қырғынның құрбаны болғанын адайдың айтулы биі анық сезді. Өйткені қара қалды қақ жарған әділ сөз терең ойдан шығады, ал терең ойдың алды-артын болжай білетін


 


көрегендіктен туындайтыны белгілі. Бәйменбеттің ойын қасында келе жатқан жігіт бұзды.


-Бәйеке, сонау алыстан көрінген солар болды. Алла жар болған шығар, қатары сиремеген сыңайлы,-деді.


-Е, қарағым-ай, ел басына күн туса оның қайғысы мен қасіреті қатар жүреді ғой. Кәзір бірін көрсек те бірімен дидарласа алмайтынымыз анық. Көмекшіңе тапсырма бер. Ас-суын дайындай берсін. Қажыған, жаралы адамдарға көмек көрсетіп, осы жерде біраз уақыт дамылдатармыз. Бірақ көп кідіруге тағы болмайды. Шәйіт кеткендерді бұйырған жеріне табыстауымыз керек. Біз алдынан шығалық,-деп тебініп ілгері кетті.


Бәйменбет оларға бірте-бірте жақындап келеді. Жүрістері баяу. Алда Әлмен келеді. Бес-алты аттың еріне найзаларының ұшын төмен қарата байлап жетегіне алыпты. «Есіл ерлер-ай, дәмі таусылған кім болды екен. Есенияз да, Қабыл да көрінбейді. Басына түскен қандай қайғы болса да қиналмай, үнемі жарқылдап жүретін Доспамбет қайда. Апыр-ау, ен даланы жаңғырықтыра сөйлейтін Ықылас неге топтың алдында жоқ. Ту ұстап келе жатқан ана бір әлжуаз жігіт кім болды екен. Тәубе, жасаған, тәубе! Еңсең биік, мәртебең жоғары екен ағайын». Бәйменбет өзін-өзі ұстай алмай көзі жасаурап атынан түсіп, жақындап келе жатқан Әлменді күтті.


-Ассалаумағалейкум, Бәйеке,-деп Ықылас ауырсынып қабағын шытып атынан түсуге ыңғайланды. Бәйменбет қолтығынан сүйеді.


-Қанатымды қомдап ұшып едім, жете алмадым Әлменжан. Қылыштың жүзі маған жат, найзаның сабы мен ұстауға лайық болмаса да орталарыңда болғанды тәңірден тілеп едім. Кескіленген ұрыста бидің сөзі пәтуасыз, данагөйдің ақылы ат тұяғы астында қалатынын білсем де, көптің бірі болып қараларыңды толтырсам деп едім. Оныма да жете алмадым. Ең болмаса шетте тұрып жараланғанның басын сүйеп, тәңірден жеңістеріңді тілеймін ғой деп арттарыңнан шауып едім. Бірақ мен дегенде құдайдың жолы ұзарды, атымның алымы қысқарды. Ағаңның кәзіргі жайы «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» болып тұр. Кешегі төр алдында көсіліп сөйлеп, елге билік айтатын Бәйменбеттің жігерінің кәзір құм болып тұрған жайы бар шырағым. Тар жерде қолтықтарыңнан демей алмадым, кезерген еріндеріңе сусын ұсына алмадым, жау қолынан қаза тапқан батырлардың соңғы сәтінде басын сүйей алмадым. Әкем Маядан ауысып маған келген биліктің кешегі жан берісіп, жан алысқан сәттерде құнының қара бақырдай болғанына көзім жетті. Бірақ, тәубе жасағанға! Адайдың ұлдарының ерліктеріне, уыздай ұйыған бірліктеріне көзім жетті. Адамға берілген көз алдындағы басқаны емес, шындықты ғана көреді. Көрген шындығың екі үрей болып келе жатқан ойыңды шарықтатып, биікке шығарса тәубе демегенде не дерсің. Қай көштіңде жол ортасында кідіріп шаршататыны, қажытатыны әлімсақтан белгілі. Бірақ керуен тоқтамаған екен, барар жеріне деген үмітін үзбеген екен. Көңіл шіркін соған риза болып тұр. Тәубе деп тұрғаным сондықтан. Уақыт емші ғой, жара да жазылар, қайғы да тарқар. Белге түскен ауырлықты бүкіл адай бірігіп көтерер. Алдағы күнге үміт сенімі жетелер. Денеге түскен


 


жара қан майданның ер жігітке берер сыбағасы. Ол сыбаға да екінің біріне бұйыра бермейді. Жүрегі түкті, арлан азулы, өз тірлігін кейінге ысырып, ел болашағы үшін «Жаным арымның садағасы» деп тайсалмай шайқасқандарға ғана бұйырады. Сол сыбаға-жараларың құтты болсын. Орнына біткен тыртығың кейінгі ұрпақтарға айтар өнегең, көрсетер жолың болсын.


Адайдың қызын ер жігіттің шаңырағын шайқалтпай ұстап отыратын тірегі ғана көруші едім. Ол менің сырттай берген бағам екен, әйел жанына үңіле білмеген «соқырлығым» екен. Ол жігіттің құдай қосқан қосағы ғана емес, керек кезінде қасынан табылып дем беретін, жігерін қайрап биікке ұмтылдыратын қос қанатының бірі екен ғой. Ұлдарымызға біткен өжеттік,


«Елім» деп мың сан оққа кеудесін тосар батырлық ана бойында жүргенде, солардың қанынан нәр алған кезеңдерде бітеді екен ғой. Сені көріп бойымды қуаныш кернеп тұрған жайы бар қарағым. Адайдың басына бізден бұрын да талай қасіреттің кездескені, соған қарсы ошақ басындағы әйелдердің де қолына қару алғаны маған бұрынғы үлкендердің айтқан әңгімесінен белгілі болатын. Бұл соғыста сол жалғасып келе жатқан ерлікті жалғастырған сені көріп тұрмын. Мәртебеңнің өскені, ел үшін жасаған еңбегің тек осымен аяқталмас, тағдыр тарлық етіп жатпаса оны да көрерміз,-деді.


-Бәйеке, пенде шіркіннің бір-біріне айтар назы да, өкпесі де ел аман, жұрт тыныштықта ғой. Түн жамылып қапыда бас салу жәуміттің қашанғы әдеті емес пе еді. Хиуа ханы бұл адайды тұқыртып аяғымның астына таптап, дегенімді істетем деген ойын жасанып келіп, жариялап айтса мұндай күйге түспесіміз құдайға аян. Арттан келер көмекті күте алмағанымызда сол уақыттың тарлығы еді. Бұл хабарды естіген елдің артымыздан келері де белгілі болатын. Сол көмек келгенше астамсынған жауды уысымыздан шығарып алмайық деп аттанғанбыз. Ата-бабаның аруағы қолдады, Бекет атам сол жұдырықтай жұмылған қырық жігітке дем берді. Қолды болған мал- жанды кейін қайтардық. Соғыс заңының құрбандықты қажет ететінін өзің де білесің,-деді ат үстіне таңылған мүрделерге қарап тұрып.


-Орны толмас өкініштің әлі жылдар бойы өзегімізді өртеп жүретіні анық,-деді Бәйменбет. Бірақ тағдырдың маңдайымызға салғанын көріп, ауырлығын көтермеске тағы шарамыз жоқ. Артымыздың қайырын сұрап, алдымыздың амандығын тілейік. Адамдар ас-су ішіп демалсын. Ал, сен шырағым,-деді қасындағы жігітке бұрылып:


-Сен шырағым, елге шап. Сүгірәлі ауылының бір хабарын біле алмай екі көзі төрт болып отырған елге сүйінші хабарыңды жеткіз. Қаптаған қалың жаудан тайсалмай қарсы шапқан қырық жігіттің ерлігін айт. Олардың қарақан басының амандығын кейінге ысырып, елі үшін жанын шүберекке түйген батырлығын айт. Кеудесіне қадалған мың сан оқтан қансырап жатса да ертеңге деген сенімдерінің жоғалмағанын айт. Жау қолынан мерт болған батырлардың ұрпақтарына қалдырған аманатын жеткіз. Бұл соғыста әйелге тән нәзіктігін қаруға ауыстырған, ел намысын өз намысым деп есептеген қыздарымыздың өжеттігін айт.


 


Отпан таудың басында ұран оты жағылсын. Елдің бар жақсылары мен жайсаңдары сол жерден табылсын. Осынау аңызға бергісіз шындықты өмірге әкелген батырларын құрмет тұтып, ұрпақтарына осыны үлгі етсін. Сол қасиетті Отпан таудың басында жылдар бойы айтып жүрер ерлікті ақыны өлеңге қосып, күйші қолындағы домбыра ұлан далаға сағыныш күйін төксін. Және осы үрдіс бізден кейінгі ұрпақтар бойында жалғасын тапсын. Ал, аттан, тоқтама шырағым,-деді.


Көп ұзамай қаралы көш орнынан қозғалды. Алдыңғы бетінде қарулы жауынгерлер келеді. Бірте-бірте кешегі ақ шағаладай тізіліп отырған ауылдың орнына да жақындады. Кәзір онда туралған туырлық пен күлдіреуіші қираған шаңырақ, жетесі үзілген бесік қана жатыр. Желіні сыздаған аруана үйренген өрісіне келіп әлдекімді іздегендей жан-жағына қарады. Қап-қара мөлдіреген көзінен жасы парлай ағып, сызылта боздап өткен күндерге деген сағыныш сазын төкті. «Талқан қазанның» келгенін білдіргендей дір-дір еткен өсімдіктер тұқымын іргесіне төге бастапты. Бірақ олардың алдағы қаһарын төгер қыстан қаймықпай өтіп, күні ертең-ақ сол тұқымның тамыр тартып көп ұзамай бүр жаратыны, бір-біріне жалғаса өсіп, жан-жағына жапырағын жаятыны белгілі еді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу