Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  455


Автор: Манарбек Ержанов

ЛЕНИН ТУРАЛЫ ƏН

Жырым бар көкірегімде жалындаған,
Ұлы адам, бердің соның бəрін маған.
Өзіңнің шұғылаңның аясында
Бақытты тауып алдым табылмаған.
Күйім бар көкірегімде дөңбекшіген,
Күйім бар тасқын судай ағындаған.
Сайрайды бұлбұл құстай тілім менің,
Өзіңсің сүйенгенім, жүгінгенім.
Көрдім де сен көтерген қызыл туды
Таңдағы ақ шуақтай күлімдедім.
Бақыттың базарына бара жаттым,
– Мен өзім қайта тудым бүгін! – дедім.
Жан көсем, жүрегімде тұрсын жайнап,
Өзімдей мəз-мəйрам боп күлсін аймақ.
Жан көсем, өзің салған сара жолмен
Ғасырдың шыңына да шығам ойнап.
Қолыңды күн қасынан сен созасың,
Отанда кеше туған баланы ойлап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу