Өлеңдер ✍️
Жыр –жұлдыз Баянға
Жұлдыз жүрек жыр тілеп,
Дүрсілінен танбайды,
Жауатын күндей күркіреп,
Найзағай шабыт ойнайды!
Қырандай қағып қанатын,
Қиялмен көкті шарлайды!
Тағдыры солай. Ол –ақын!
Басқаша, сірә, болмайды!
Ақ жауын болып сіркіреп,
Артынша шайдай ашылған,
Жұлдыз –жүрек жыр тілеп,
Бұрқанып барып басылған.
Алай да дүлей құлпырған,
Қызық-ау ақын мінезі.
Алам деп Айға ұмтылған,
Бала да дана бір өзі!
Сөзді Тәңір жаратқан,
Ұқпасаң мәнін –сол қайғы,
Өнерге өрлік жарасқан,
Мінезсіз ақын болмайды.
Жай адам емес, жыр адам!
Қайран қап қарап тұрарсыз!
Ақын –бастыққа шыдаған,
Әріптестеріне мың алғыс!
Жұмыс деп тыным таппаған,
Шындықты енді ұққайсың,
Ақындықтан Ақ Баян,
Зейнеткерлікке шықпайсың!
Күркіреп келген көктеммен,
Тарқамас жырдың базары,
Бастық Баян кеткенмен,
Ақын –қыз Баян қалады!
Көмештен шыққан ақын қыз,
Шайырлардың шоғысың!
Өнерде саған жақынбыз,
Өзіңді сүйем сол үшін!
Толғанып, толқып мың рет,
Жазайын деп ем жақсы өлең,
Тіл жетпейтін құдірет,
Ақындық әлем –басқа әлем!
Шабытымды шақырып,
Шамырқандым босқа мен,
Тіс батпайтын тақырып,
Ақын жүрек –басқа әлем!
Өмірдің шықтың өріне,
Қиыспай қарап тұрмыз біз,
Поэзия көгінде,
Жайнай бер, жайна, жыр –жұлдыз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter