Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  137


Автор: Баян Тіленшина

Жұпар иіс, жырың бал, Баян ақын

Сахабалар сусындап төккен бата,
Ақтан, Көлкен, ем бұлақ – Көктен ата,
Ақын мешіт, Мыңшұқыр, Төрткүл төбе –
Тіленші би, Қасымбек өткен жота.
Гүлдеріндей сан алуан боянатын,
Жұпар иіс, жырың бал, Баян ақын,
Көмеш- Қайнар шәрбәтті бұлағы сен,
Жұтып қанар емеспін, тоя алатын.
Мұң- сырларың, сиқырлы сезімдерің,
Жібек, Еңлік, Баян қыз, өзің дедім,
Оқи бергім келеді оқи бергім,
Теңіз суын ішкендей төзім- демім.
Ұстаз, ана, ақындық қабаттасып,
Отау құру заңымен сабақтасып,
Жүргенде һәм шәкірттер әлегімен,
Зейнет жасың кеп қалды қабақ қасып.
Тіленшин Керім атанған мектебіңде,
Басшы болып, құрметке жеткен міне!
Беделіңмен құттықтап келді ақындар,
Куә достар өткен жаз, көктеміңе.
Күліп тұрсың болса да көзіңде мұң,
Сан түн жылдар кітаппен көз ілмедің,
Ұстаз, ана, ақынның күйін кешкен,
О, не деген жігерлі, төзімді едің!
Томағасын сыпырған баптап ақын,
Шәкірттер көп мектебім мақтанатын,
Жайбарақат кез келді жазба өндірер,
Түйгеніңді түгелдеп ақтаратын.
«Жыр додасы», «Қарлығаш», «Ғашық -намаң»,
Оқығанның барлығы ғашық саған,
«Қиямет- қайым», «Сұрқия», «Жұлдыз жүрек»,
Өрлеуге жол беріп тұр ашып саған.
Оқырманға қаламгер, аян атың,
Ұлағатты ұстазым –Баян ақын,
Ғасыр жасап, жасыннан жыр шатынат,
Шалақазақ намысы оянатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу