Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.07.2022
124
Көгершіні Көмештің
Көгершіні Көмештің,
Қатарласа тең өстім,
Мұңшыл еді десе де,
Жырсыз демес сені ешкім.
Ұста -жырдағы Баянсың,
Ұстаздықта аянсың,
Керекеңнің атына,
Шырқата арнар сай әнсің!
Сүйесің сала-сайыңды,
Басшысың дара, пайымды,
Қалам қарымын таниды,
Оқыған «Қиямет -қайымды».
Пір тұтар сені арлы жас,
Көп болды-ау қармар қайғы, жас.
Қолынан қиянат келмейтін,
Көремін сені «Қарлығаш».
Ұмтылар жүрек жыр құя,
Өрелі өнер –бір қия.
Ақ шаңқан шайыр сезімін,
Ұғынбас сұм мен «Сұрқия».
Ұстаз әкенің жобасын,
Жалғадың лайық, о да шын.
Бөктердің өнер көкпарын,
Қақыратып додасын.
Ғашықтық –сүю амалы,
Махаббат –ардың қамалы.
Жан сарайын жаңғыртар,
Оқыған «Ғашық-наманы».
Аналық мейірім, тілекпен,
Өркенге өшпес нұр еккен,
Ұстазсың ұлағатың мол,
Нәр алған «Жұлдыз жүректен».
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter