Өлеңдер ✍️
Жыр тұмары
Мақтан тұтып сыртыңыздан жүруші ек,
Текті әулеттің ұрпағы деп білуші ек,
Сіз жайында жылы лебіз айтылса,
Ықыласпен сөзге құлақ түруші ек.
Асыл жансыз білімге өзін арнаған,
Биік самғап, қанатыңыз талмаған,
Жырларыңыз- сырларыңыз қалықтап,
Поэзия әлемін нық шарлаған.
Өр мінезге іскерлігі жарасқан,
Өзіңізбен үлкен-кіші санасқан,
Ұстаздардың ұстазы деп білеміз,
Игі істердің иін тауып жанасқан.
Алғысына шәкіртердің бөленіп,
Абыроймен сый- құрметке кенеліп,
Зейнеткерлік жасқа келіп жетіпсіз,
Асқар таудай еңбегіңіз еленіп.
Ел алдында есеп беріп нұрланып,
Ақ қайыңдай тұрсыз бүгін ырғалып,
Әріптеске ізгі ниет білдріп,
Ұсынайын жүрек жарған жырды алып.
Ақын қыздың асқақтатып мерейін,
Тұңғиықтан сөз маржанын терейін,
Сізге арнаған жыр моншағын кестелеп,
Тұмардайын алқа тағып берейін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter