Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  114


Автор: Баян Тіленшина

Заманам

Басымнан асты –ау көп қайғым,
Тірлікте бүгін жоқтаймын.
Күлінен басқа қорғансыз,
Қып-қызыл жалын шоқтаймын.
Барады өтіп жастық шақ,
Сағаттай қайта соқпайтын.
Көзіңді ащы, Заманам,
Не қымбат саған адамнан!?
Қолдайын десем, қылқынтып,
Аласың неге жағамнан?
«Қарабет, әрі кет!» деме,
Қорқамын осы жалаңнан.
Қыл арқаумен буылдым,
Сонда мен неге туылдым?
Тұтам болмай, ұзарды-ау,
Құйрығы сайтан қуыңның!
Өзім құрған Заманам,
Бұйырды неге жуындың?!
Өмірдің жазбай тармағын,
Шайнаумен семіп бармағым,
Шынымен өлім табам ба,
Зар жылап анам, жан-жарым?
Әділетті кесе ме,
Әділетсіз қанжарың?!
Өртендім, Заман, ұқпастан,
Өртендің, Заман, тіпті аспан!
Салмақты, салқын ой қайда?
Ылғи ми көрдім түк басқан!
Тап-тақыр сорға айналма,
Өртеңге көк шөп шықпастан!
Қатып қалған қандаймын,
Жүзге келген шалдаймын.
Бытыр-бытыр сындырдың!
Тісі жоқ тақыр таңдаймын!
Заманам, сенің Күніңмін,
Сөндірсең, қайта жанбаймын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу