Өлеңдер ✍️
Мен сені қайтсем қайта тірілтемін!?
Мен сені қайтсем қайта тірілтемін,
Өртеңнен мені өндірген түбіртегім!?
Атыңды аңыз етіп жел айтушы ед,
Жырыңмен жүздескенде... дірілдедім.
Босаңсып жанарымнан тамшы тамды,
Сағыныш сезімі бұл бүкіл деннің.
Таныстым енді ғана тағдырыңмен,
Пейілің егіз екен таң нұрымен,
Асылы алты алаштың ақын бабам,
Оятқан ел санасын жан жырымен.
Өлтірген сені азаптап хайуан жандар,
Білмейді –ау кемің жоғын нақ тіріден!
Ассалаумағалейкүм, Ғұмар бабам!
Төртінші ұрпақ сәлем берді саған,
Қазақтың теңдігі үшін басын тіккен,
Айналдым жүрегіңнен тұмар –ғалам!
90 жыл арамызды түнек жапты,
Тамырын тамырыңа ұлар балаң.
Мезгілсіз атқан таңнан қорыққаның,
Жат жұрттар сорады деп жердің нәрін,
...Елім деп бас көтерген елжандының,
Қиратты-ау белуардан орып бәрін!
Қылыштан өткір тілді ақындарға,
Білмейді- ау өлім жоғын тобықтағың!
Өнер мен білім сеуіп тұр-тұрладың,
Халқыңды оятсам деп жыр жырладың,
Қорықтың жатып ішер дені саудан,
Сүймедің даукес, мінез бұлтылдағын.
Меккеге 17 рет ғибадаттап,
Ғибраттың дәлелдедің нұр тұнғанын.
Айта алдың жалғыз қазақ ұлтың барын,
Өзгеге тәуелдінің жолы тарын,
«Өзің ту ұл тусаң да, қыз тусаң да,
Бермес,- деп,- ешкім саған қолда барын.
Наданды құл етсең де көндігеді,
Білімді таптатпас,- деп,- арын, жанын.»
... Болжаған бәрін дұрыс кемеңгерім –
Тәуелді, бодан елдің төмендерін.
«Алаштың жыршысы» деп өлім қаптың,
Тозаң боп бала- шағаң, өлеңдерің.
Аңсаған азаттықты Ғұмар Қараш,
Мен енді өзегіңе тереңдермін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter