Өлеңдер ✍️
Мылтықсыз майдан
Мылтықсыз майдан шебінде,
Жүрген бір біздер әскерміз.
Мықтылық керек тегінде,
Қалдыру үшін қастерлі із.
Қаламмен қағаз бетіне,
Жазылмаған заңдар көп.
Айтар ем саған өтіне,
Ниеттің түсін аңғар деп.
Адалдық пен арамдық,
Аңдысып келген қашаннан,
Көлгірсіп кіріп жамандық,
Көздеп бір атар тасаңнан.
Адалдық пен аңғалдық,
Аруанадан бір туған,
Буырқанса \таң қалдық\–
таймайды жаға жыртудан.
Көшеде көрген бөгденің,
Қасіретіне қайысып,
Қолынан келсе көктемін
қайтарар еді сайысып!
...Аярдың ісі бір басқа:
Аяңдай келіп жолдасқа,
сыбырла-а-ап бір сөз айтады,
Орнынан қайта тұрмасқа!
Жезтырнақтың қызындай,
Төңкеріп көзін сызылды –ай!
Көз емес, көңіл көретін,
Бетперде сөйлер ызыңдай!
Досың боп қатты күйінген,
Тістейді бауыр, бүйірден.
Сүйгенің суық көрініп,
Қашарсың безіп үйіңнен.
Бетіңе тіке келмейді,
Сөзіме сенбе, сен мейлі:
Ажалға айла табатын,
арамза ниет өлмейді!
Өзгермейді, өшпейді,
Бір шүйліксе кешпейді.
Шөп жыланы –шырмауық,
Білдіртпей сорар, кеспейді.
Мылтықсыз майдан осылай,
Тағдырдың жолын торлайды.
Жығылсаң, тұршы жасымай,
Жасысаң, күлер Сор –Қайғы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter