Өлеңдер ✍️
«Сезім сананы тыңдамайды» деген ініге
Сұлу көп мына жалғанда,
Арманның бәрі арман ба?
Санасыз, сұлу суретке,
Табынба, інім, алданба.
Бос күннен өткен жоқ қайғы,
Минут та қайта соқпайды!
Адасқан жанды жәукемдеп,
Әзәзіл ғана жақтайды.
Тақырда жеміс өспейді,
Шындықпен жарқын дос кейпі,
Арнасын басқара алмас
жүректі Өмір кешпейді.
Санаңды жарға ұрғылап,
Бір тұрып, қайта бір құлап...
Адасқақ, лайсаң тірліктен,
Аға ма мөлдір жыр-бұлақ?
Санасыз жүрек доптай-ды,
Секіріп кімге соқпайды!?
Айшықты арман-қайықты
қайраңға тіреп... Тоқтайды!
Асыпсың орта белесті,
Жеңісің немен теңесті?
Өмірде үлкен мақсатың –
елесті қуу емес-ті?
Айналаң гүлзар, толы гүл,
Сендік боп соның бірі тұр.
Жұлмашы... Тоқта! Ойланшы...
Не үшін сүйдің? Соны біл.
Жақпаса алау жаныңа,
Жансұлу болмағаны да,
Өзіңді шөлдеп таппаса,
Сағынба, інім, табынба!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter