Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  121


Автор: Баян Тіленшина

Өмір – керуен екен-ау ауысымды

Бәрі бітті!
Тоқтамақ тіршілігім,
Қауқарым жоқ күшіндей бір шыбынның,
Дем де кіріп-шықпайды емін-еркін,
Жапырақтай сарғайған бір шығынмын.
Жеткізбеді-ау тіршілік мен тілеген,
Ту тұғырда тұрсам-шы желпіп өлең!
Бала мінез, нар тұлға Жүрегім-ау,
Не кінәрат жасап ең мен білмеген!?
Есте бәрі – пейілдің тізімдері,
Өмір-өрнек ізі тұр жүзімдегі,
Ұшсаң атар қанаттан қызғаныш-оқ,
Жүз жығылтып, ұмтылдым жүз ілгері.
Бәрі бітті!
Енді ешкім қызғанбайды,
Қырын қарап еш қабақ сызданбайды,
Аянышпен аялап нұр жанарлар
Мен ішетін дәрі мен тұз-дәм қайғы.
Расымен-ақ, жүрегім, тоқтайсың ба?
Қызыл қаным, тамырмен ақпайсың ба?!
Жанар, өкпе, миым-ау!
Төртке бөлдің,
Бақ қайсыңда, білмеймін тақ қайсыңда!?
Бітті бәрі!
Талқаным тауысылдыІ
Естімейді енді ешкім дауысымды!
Ата- баба керуені ілестірмек,
Өмір – керуен екен-ау ауысымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу