Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/c4ca4238a0b923820dcc509a6f75849b-2.jpg)
Сәуегей
Сарғайды санам,
Әсті... мен енді алжыдым,
Етпейді әсер думанды дүние, қалжыңың.
«Тағдырды әркім қолынан жасар» деуші едім,
Сәуегейлігін тыңдағым кеп тұр балшының.
Бал ащы, қане.
Қайда жүр менің дұшпаным?
Алдымда не тұр?
Меңзейді қай жол тұспалың?
Жасайын нені? Жасамау керек қандай іс?
Көрсетіп берші мінездің артық тұстарын.
«Жазмыш солай» деп қусырып қолды тұрсам ба?
Атқылап таспен атамның аузын ұрсаң да?!
Турасын айтып, туғанға жақпас ғаламда,
Намыс пен Кеңдік таласпай симас бір санға.
Өзімнен қымбат, өмірден тапқан Жалғызым,
Өртеніп сүйдің өртеп бір ішін бар қыздың.
Балгерді қайтем сәуегей өзің тұрғанда,
Жүректі сөйлет, сол болсын алар алғысым.
Жүрегіңдегі жасының қайда? Жасының?
Көңілің тұман.
Жылайсың неге жасырын?
Найзағай осып, аршылса күнің бұлттан,
Септігім тисе болайын құрбан, асылым.
Батыл да едім, батыр да едім.
Қорқақпын.
Қайсар да едім, жайсаң да едім.
Ортақ мұң.
Миы да біреу, сыйы да біреу кісінің,
Жалғыз-ақ Басты басқара алмай Сор таптың!
Тамшыңмын сенің табынтқан тентек теңізім,
Жалшыңмын сенің жанымды қосқан егізім.
Алжыдым бүгін.
Білмеймін ненің не екенін,
Бал ашсаң сен аш, тағдырдың қалап негізін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter