Өлеңдер ✍️
Күдік
Денем ұйып, сезімім қатып барад,
Бал уақыттың дәмі су татып барад,
Мақпал түн де тарылтып тынысымды,
Мамық төсек жамбасқа батып барад.
Құмға айналып құрышқа балағаным,
Құсалықтан құрысты-ау алақаным.
Сиқыршы ма ең шынымен жан арбаған,
Білмей қалдым уытың тарағанын.
Ұйықтап қалай жатырсың төсегіңде?
Не қайырып, жібердің есе кімге?
Секілдісің дәл қазір айсберг,
Қаншалықты шындық бар кешегіңде?
Қайда бүгін кеуделі жанар тауың?
Біткені ме сезімің «бие сауым»?!
Мәстек пе едің тұлпарға теңегенім,
Жазды жұтар дауыл ма ең қара жауын?
Төнді-ау тағы Уақыттың от табаны,
Семді-ау күлкім жаз күнін жоқтағалы.
Қайта-қайта қан тамып, шыжғырылмай,
Жақсы-ақ бұдан жүректің соқпағаны!
Денем ұйып, сезімім суып барад,
Сенбеу деген сайтаннан уыт тарап.
Ой түбінде атырдым аппақ таңды,
Қан базарлы тірлікке суық қарап
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter