Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  123


Автор: Баян Тіленшина

Мен –сөйлейтін рухани Махаббатпын

Өлең деген өлкеде шапақ аттым,
Шуағынан жаралдым шапағаттың.
Туған Жерден Өнер боп өнген Жырмын,
Мен –сөйлейтін рухани Махаббатпын.
Лебін жебеп тап-таза аспан , көктің,
Тегін демеп қылтиып шыққан шөптің.
Тамыр, діңгек, дарақтың дүрсілінен,
Дүниенің толқуын жазған леппін.
Тегім біреу – халықтан жаралғанмын,
Перзентімін бір тілді адамдардың,
Бабаларға сәби боп саналсам да,
Солар үшін бәріне бара алғанмын.
Тілім жетпей кей- кейде айта алмаймын,
Қат- қабатты өзек бар байқалмайтын,
Аққулардың нәзігі ұшар жерден,
Кейде үйрек барқырар қайқаңдайтын..
Самалыңмен тал-шашты тарақтадым,
Өрнегімін тап-таза парақтардың,
Таңбаланып сөйледім кітаптарда,
Сәбиімін мәңгілік Жаратқанның.
Шөлдесем де шырылдап ұқтырғанмын,
Қасиетін іздедім түп тұлғамның,
Інжу тағып, мінгізді ұлыс тауға,
Сол сенімнен елім деп тік тұрғанмын.
Туған халқым, Сен үшін туылғанмын,
Қаным ортақ, жаныммен буырқандым,
Мен сен болып сөйлеуден тіл үйренгем,
Қазаныңда Намысты қуырғанмын.
Сен қамықсаң, жанарым бір жылаған,
Сарқыраймын өзіңмен бір жырадан,
Апта ғұмыр қызғалдақ –қыз –Қызырмын,
Туған елге Ұлылық, нұр сұраған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу