Өлеңдер ✍️
Шежіре
\Молдалы Қолдасұлы ағама\
Шежіре тарқатайын, Молдан аға,
Бақ –дәулет есігіне қонған аға,
Қара би Асанұлы өзегіміз,
Сәулесін шашқан мына сор далаға.
Ташкенттің қолбасшысы, биі болған,
Тәуке хан серік етіп, жиі қонған,
Жазғанда «Жеті жарғы» ақылдасып,
Болашақ бағдарының иі қанған.
Сағасы Ангреннің Күлтөбеде,
Жиналған кеңес құрып би-төрелер,
Заң түзіп, әділетті шешім жасап,
Керілген бар қазаққа бір кереге.
«Басында Күлтөбенің күнде кеңес»,
деген сөз сол заманнан қалған елес,
«Ханаваз» ордасында әз Тәуке хан,
Шешімін Қара бисіз кескен емес.
Мәліктей батыр одан туылыпты,
Жігері от, жасынмен жуыныпты,
Келгенде тоғыз жасқа атқа мініп,
Беліне алмас қылыш буыныпты.
Сиқымда қол бастаған Қара батыр,
«Аңырақай» шайқаста дара батыр,
Әке туын құлатпай, қазадан соң,
Мәлік батыр қол бастап бара жатыр!
Ташкентте ол билік құрып, ту ұстады!
Шыршықтан су ішіпті ел қуыстағы.
Қоқан ханы шегініп қолбасшыдан,
«Ұр-рә-лап» дулат- сиқым туыстары.
Жоңғар- жау елді ордалап отырғанда,
Жау жанын Мәлік жерге батырғанда,
Көмеш- нан берген екен сарбаздарға,
Ат қойып «Көмешбұлақ» осы маңға.
Ташкенттен Бұхар жаққа көшкен екен,
Сол маңды «Мәлік шөлі» дескен екен,
Теміржол станциясы Мәлік атын
меншіктеп, тарих бетін кестелеген.
Ұл көрді Босмойындай Мәлік батыр,
Мәліктің сегіз қыры терең жатыр:
Ташкенттің басқарушы, қолбасшысы,
Жоңғар-жау орнатқанда заман ақыр.
Қыз беріп ақсүйектер жыр арнаған,
Дулаттар «Босмойын!» деп ұрандаған,
Қолбасшы жұмылдырып қалың елін,
Ұранмен өмір аққан бір арнадан.
Бесіктен өрген пенде жолаушы ма?
Не көрмес жеткенінше сона-ау шыңға!
Бейітке сыпырылып дымсыз келер,
Қалдырып бәрін Өмір-тонаушыға.
Дүние сағымданған көш екен-ау,
Адамның артық-кемі ес екен-ау.
Хат өлмес, жақсы істің аты өлмес тек,
Өмірді жалған деген осы екен-ау...
Қыраннан қарға тумас қарқылдаған,
Заты алтын сазда жатса жарқылдаған,
Адамның бар –жоғында не айырма,
Пайдасы жеке бастан артылмаған?!
От жүрек Қасымбектей қорған аға,
Мен Сізге қосылғам жоқ жолдан, аға,
Әсіл мен Жәнәлінің әкесі бір,
Босмойын –ұлы бабам болған, аға.
Айдын да жетім аққу жүзбегенде,
Руханият өсер ұрпақ іздегенде,
Мұсылман заңы теңдік бермегенмен,
Үш жұртқа мерей тілер қыз деген де.
Көш –керуен. Жинақтап арт несібеңді,
Ұрпақтың жоқ түгендер кезі келді.
Қолбасшы Сіз боларсыз осы күнгі,
Қыз –қыдыр нүктелейді сөзін енді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter