Өлеңдер ✍️
Жыр – жүрек
Сөйлеген сөзім де шын, сезім де шын,
Құрметім, не өкпелі кезім де шын.
Шынайы кәусарлықтан құралғанмын,
Аярды сондықтан-ау кешірмесім.
Құны мен шегі бар-ау шаманың да,
Мұңайсам, тамшы тұнар Қаламымда.
Бұлақ боп көзден ақпай, сөзден ақсам,
Кеңейер Кені осы-ау сананың да.
Жүрегім тілім-тілім бөлінгенде,
Шағынып сыр айтпаймын көрінгенге.
Сынаптай шашылғанда жыр-жүрегім,
Сомдалар ақ қағазға төгілгенде.
Асаудай сезім туар ойнақтаған,
Орауы жібек болмай, байлатпаған.
Жауқазын гүл сезімдер жусатпаса,
Қауқарсыз қылышың мен қайрақ маған.
Сезімнің адамилық қазанының,
Сезіндім шыны тектес ғазал үнін.
Соқса да дауыл, құйын,аптап ыстық,
Тілектің өзгерте алмас тазалығын.
Шындық деп талай-талай соққы көрдім,
Құйқасын шымырлатқан қара жердің.
Бірақ, мен аттамадым Адалдықтан,
Құранмен теңестіргем Адам сертін.
Өзіне сыйынбай ма жетім пенде?
Мен сырттай күліп тұрам өкінгенде.
Райымнан ешкім мені қайтара алмас,
Сол жолы бір шешімге бекінгенде.
О баста адам – қалып жаралғанда,
Тамшы-су, өмір-өзек нәр алғанда.
Бас иіп тағзым етем, жалғасың боп,
Жан бабам, жаратқан нұр, Саған ғана!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter