Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.07.2022
1565
Жан жұлдызым –әжетайым
Өмірде сен болмасаң, қайтер едім?
Нәр берген тамырыма бәйтерегім!
Ұшар ма ем самұрық боп көк аспанға?
Білер ме ем, білмес пе едім қай керегін?!
Бәйтерегім!
Жүрегім, жан жұлдызым – әжетайым,
Жүремін сағынумен сені дәйім,
Қартайма, қамықпашы, қалықташы,
Қасыңда айналады сенің Айың.
Әжетайым!
Тұлпарды мінер ме едім асыл ойдан?
Іздер ме ем періште-дос жұлдыз, Айдан?
«Ақылдым, ақылдым!» деп ақыл берген,
Айналдым, дәл өзіңдей әжетайдан!
Асыл айдан!
Астынан ақ шашыңның сезем уайым,
Алыстап кете көрме, әжетайым,
Өзіңсіз өгей өмір еркелетпес,
Ән салып, тәуір өлең жаза алмаймын,
Әжетайым!
Кеудеме күн орнатқан бала шағым,
Мен –сенің болашақтан алашағың,
Кемеңгер әулием сен, арнасы кең,
Жан анам –әжем менің, жан ошағым!
Жан ошағым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter