Өлеңдер ✍️
Мектепке әке есімі берілгенде
Көмештен өсіп, түледің,
«Ел-ел» деп соқты жүрегің.
Қоңырау-күлкі сәбимен,
Бір жасап мәңгі жүр енді!
Мектептің илеп балшығын,
Санасын елдің аршыдың.
Халқым деп қанша қан жұттың,
Кеткенше ұшып жан- шыбын.
Рушылсыз елдің ағасы,
Қазақтың сары баласы.
Мектеппен айтқан атыңды,
Халқыңа бүгін қарашы!
Той жасап жатыр қуанып,
Көңілін нұрмен суарып.
Көшіңнен ерген азамат,
Білімді сыйлар ну халық.
Өлім мен өмір арасын,
Өлшемсіз еткен дарасың!
90-нан жасың асса да,
Халқыңа мәңгі баласың.
Тау жаңғыртқан күлкің-ай!
Арыстан сынды тұрқың-ай!
Туған ел білген бағаңды,
Көтерген әруақ, бір Құдай!
Ысырып бала, жар қамын,
Ізіңді қайда салмадың?!
Халқыңның қамын жеймін деп,
Тозағын көрдің жалғанның.
Зылихадай жан жарың –
Анасы болды баршаның.
Періштедей көтерді,
Қысқанда зауал-тар шағың.
Жеткіншекке дем беріп,
Жетімді жүрдің теңгеріп!
Адами жақсы-жаман мен
Білім – нұр бердің меңгертіп!
Періште көңіл баланың,
Баланың таудай талабын.
Сүйеп жүр, әке, рухыңмен,
Ордасын білім, сананың.
Өшпейді атың, тарланым,
Жебеп жүр ұрпақ арманын.
Жұмақта жасар шын рухың,
Тозағын кешсең жалғанның!
Шашу боп терген-жиғаның,
Бұйырды жарқын иманың!
Мәңгілік ғұмыр емес пе,
Көңіліне елдің сиғаның!?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter