Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  150


Автор: Артюр Рембо

Естелік

 


І
Тұп-тұнық су бала шақтың көз жасындай тым кермек,
Әйелдердің ақ тәндері ұмтылады күнді аңсап.
Жалаулардың жібегіне торын сәуле құрған шақ,
Жасырынған жар астына қызды лала гүл көмбек.
Жыбырлап жүр періштелер. –
Жо-жоқ... алтын ағыс па? –
Шөп ішінде жатыр оның ылғал қолы көз қарып,
Оған түк те етпейді әсер –
төніп келген қозғалып –
Үстіндегі көлеңке ме, әлде түпсіз ғарыш па?!


ІІ
Көз алдында ылғал әйнек,
сабын көбік бұрқаған,
Су шаяды бар төсекті алтын құсап бозамық,
Қыздың жасыл бөз көйлегі ерікті алып тозаңып,
Сәмбі талға қатты ұқсайды құстың әнін қымтаған.
Сарғыш қабақ көне ақшадай бедерлі екен.
Қызған қан.
Лала гүлдей ашылады жұбайыңның пәктігі,
Кешкі арайды дірілдетіп тұр бөлмеде тәтті үні,
Күңгірт айна шақырды оны –
батар күннен қызғанған.


ІІІ
Көрші орманның алаңқайы.
Жас әйел от тұтатты,
Қолында оның қолшатыр мен езілген гүл...
Пәк талғам.
Ал балалар шөпке отырып,
сафиянмен қапталған
Қолдарына ап оқып жатыр қасиетті кітапты.
 Әттең...
әлгі кетіп қалды...
Сәл қысты да қолынан.
Жол үстінде қош айтысқан періштедей елесі.
Төбе артынан көрінбейді...
Үрей буған денесі
Барады еріп әлгі суық қарайғанның соңынан.
ІҮ
Сәуірдегі Ай,
бұл киелі төсекке алтын құй бүгін,
Кім ұға алар қалың,
таза қайғыларын шалғынның?..
Жағадағы иесіз қорған –
моласындай бал-күннің,
Оған бүгін жазғы кештер жүргізеді билігін.
Жел сыбдыры.
Жылайды үнсіз қорғандағы бөрене,
Сыбыс аулап тынып қалған сақшы-терек тынысы.
Сұп-сұр жазық, –
еш елестің білінбейді сыбысы.
Ал шал болса,
етеді еңбек –
қайраңдағы кемеге.
Ү
Күлгін судың ойыншығын жасаймын деп қапылман,
Қолым қысқа,
тәнім әлсіз,
жылжымайды қайығым.
Сарғыш гүлді жұлудың да таба алмаймын ылайығын –
Күл төгілген су түбінен көкпеңбек боп шақырған.
Тал қанаты кетті қозғап өрмекшінің шатырын,
Қамыс, құрақ жаншып кеткен көнді гүлдер тағдырға.
Таңар екен қатал тағдыр қай батпақ, қай балдырға
Қайығымды –
су түбіне батып кеткен ақырын?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу