Өлеңдер ✍️
От
Отқа өртер алдында Джордано Бруно*
алаңға жиналғандарға сөз сөйледі:
Күлімді менің Құдайдың алдына жиып қойыңдар,
Соттаушыларға ол, сірә, ыразы деген ойым бар.
Бүгінгі жанған алауға қарар ол шығып құмардан,
Қасиеті мол шіркеуге – үкімімді менің шығарған.
Еңсемді бүгіп соңғы ірет сұраймын, халқым, сендерден,
Көп емес! –
Көпті сұраса, жұрт едіңдер ғой кем берген:
Адамдар, маған үйшік сап беріңдер аспан төрінен,
Тірлігің мені жылытсын үйіңнің түтіндерімен.
Көзімді отқа жақпаңдар,
балалар көрсін олармен,
Шіркін-ай, сәби көзімен жалғыз-ақ сәтке қарар ма ем?!.
Ақырғы демім біткенше ісімді біліп келгем-ді,
Мен егер кетсем аспанға, үйретпек кім кеп сендерді?
Кім саған түнгі жұлдыздың қозғалыстарын көрсетпек?
Кім саған жердің қимылын бере алар айтып бөлшектеп?
Жүрегімді де жақпаңдар, жақсаңдар егер оны да,
Сен үшін кімнің жүрегі ауырмақ, айтшы, соңыра?
Барселона мен Римнің тақуалары, естіңдер:
Сендерді мен де қарғаман,
айыптамасын ешкім де!
Күллі Көк күлге көміліп, көрінбей күннің шуағы,
Тұтанып күлден от сонда,
сол оттан адам туады.
Алданғандарға бүгінгі,
қызықтаушыларға мына көп
Алаудың күлі жабысып жүрмегей, тіпті, кінә боп.
Жалынмен, міне, қауыштым,
Ақиқат тартар сотына,
Әзірше жақын келіңдер –
жылыныңдаршы ОТЫМА!
-------------------------------------------------
Бруно Джордано* Филиппо (1548 – 1600) – итальян философы, ақын, астроном. Католик
шіркеуі оны діннен безген деп айыптап, сегіз жыл түрмеден соң отқа өртеп жіберген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter