Өлеңдер ✍️
ОРАЗАДА ҚАЙТҚАН ӘЖЕ
Бұл өмірдің көрген бейнет, қызығын,
Аппақ әже, күткен тағдыр сызығын,
Ниет қылып, аузын елде бекітіп,
Келді үйіне қаладағы қызының.
Осал жас па, ойлап көрсең, сексен бес,
Қайта оралмас көкжиекке жеткен көш,
Жайлы пәтер төріне мол жайғасты
Кәрі сүйек көр жуық деп сескенбес.
Ауыз ашса батқан күнмен таласып,
Қас қағымда қалар қысқа таң атып,
Күн ұзаққа нәр татпаған әжейге
Ақыл айтты кенже қызы жаны ашып.
«Аузың берік... Абай болшы шілдеде,
Мұндай ыстық оңай емес пілге де,
Он баланың ортасында жүре бер
Оран дағы үлде менен бүлдеге!
Бір мың айдың жүзін көрген анасың
Жұмаққа сен онсыз дағы барасың,
Жиырма сағат ас-су татпай жүргенде
Бостан-босқа өлесің де қаласың!»
Әжім басқан кәрі иегі кемсеңдеп,
Әжей айтты: «Сенде түзу өлшем жоқ,
Рамазанда тәубе қылып риясыз
Оразамды ұстап өлем өлсем де.
Алла жазған ұзақ ғұмыр-көргенім,
Ниетімді, қызым менің, бөлмегін,
Күпірлік қып шікірейіп жүргеннен
Артық, деді, шүкірлікпен өлгенім!»
Қызы қайтсін: «Айттым, деді, ойымды ақ,
Амандық пен саулығыңды уайымдап,
Қабыл болсын», – деп анасын күтті әбден
Ауыз ашар, сәресіні дайындап.
Раббымыздың рахымы ғой ораза,
Хақ мұсылман тура жолдан жаза ма?!
Қадыр түні озды өмірден жарықтық
Оразада шығарылды жаназа.
Аулақ болған күйкілік пен күйіктен,
Ақ пейілді әже неткен сүйікті ең,
Қарапайым үлгің қандай керемет
Түспей өлген мұсылмандық биіктен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter