Өлеңдер ✍️
ҚАЙТА ТУҒАН ҚАЗАҚ
Ел тілегін берген кезде, а, құдай,
Еңсе тіктеп,жұрт Көкшеге ағылды-ай,
Абылайдың тойын бастап айтыспен
Күнге ұмтылдық,ақ маңдайға тағып ай,
Ақ ту сүйіп, ұрандады ұл-қыздар
Жерде, көкте, ауада да – Абылай!!!
Шешен біткен сөйлейді кеп сілкініп,
Ретті-ретсіз мінбелерге ұмтылып,
Сөз берілді Жұмабеков Маратқа
Жас хатшыңыз тұрмаса да жұлқынып.
Батыр еді барып қайтқан Ауғанға,
Қаймықпаған таудан мина жауғанда,
Жазып алған сөздерінен жаңылды
Қаракөздер күрт қадала қалғанда.
Бірдемені айтқан болды балдырлап,
Басы айналды тыңдағанның қаңғырлап,
Туған тілдің түгін қоймай таптады
Түйе жүгін тартқандай боп қалжырап!
Екі сөзді әрең-әрең құрады,
Орысшалап кешірімді сұрады.
«Мен қазақша білмеймін!» – деп қарап тұр,
Қазақтардың үміт артқан шырағы.
«Масқара!» – деп қыздар бетін шымшыды,
Ер-азамат үнсіз ернін қыршыды,
Ал жас жігіт Абылайлап жатқанда ел
Ана тілін білмегенге қысылды.
Жігіт еді қышқылы бар, намысқой,
Астаң-кестең етіп жанын алысты ой.
«Әлемдегі не ғажапты білеміз
Ана тілі дәп солардан алыс па, ей?
Қалай түстік бұл масқара жат күйге,
Мәз болыппыз міндік-ау деп ақ күйме»,
Абылайлап Алаш әнге басқанда
Жігіт жалғыз қайтып бара жатты үйге!»
«Сорлымын ба соншалықты, қормын ба,
Тұяқ ем ғой қалған тұлпар орнында,
Ата сөзі кірмейтұғын миына
Мен миғұла, әлде мәңгүрт болдым ба?
Жолбарыстар арылдаса, ит үрер,
Қой маңырап, қырда жылқы кісінер,
Адам түгіл, мысық екеш мысық та
Мияуласа, бірін-бірі түсінер!
Темір қақпан жабысқандай топайға
Айналдық па нақұрысқа, ноқайға,
Ана тілін,ата сөзін білмесең
Адаммын деп жүргеніңнен не пайда?!
Табиғаттың сыйын ұққан жүрегім,
Адамзаттың күйін ұққан жүрегім,
Өз халқыңның сырын ұқпай не болды
Әлде менің боркемік пе сүйегім?!»
Үміт артып жүрер шақта әр таңға
Айналды ма жалтаңдаған қартаңға?
Қаһарланып,қалш-қалш етіп бурадай
Қара терге түсті жігіт қаңтарда.
«Өзгеше ойлап, қайтіп ойнап-күлермін,
Қазақпын деп қалай ғана жүрермін?
Басқа ештеңе білмесем де жалғанда
Ана тілім, сені алдымен білермін!!!»
Сөйлеп кетті, қиналса да барын сап,
Оңашада кітап оқып дауыстап,
Ана тілден алғаннан соң ақ бата
Жұмысы да алға басты қарыштап.
Қазір жігіт кібіртектеп тұрмайды,
Ана тілде ән салады, жырлайды,
Үйренгені соншалықты, кей-кейде
Қазақшалап өзіңді алдап-сулайды!
Балуан жігіт балпаң басқан жалғанда
Қайта туып, жеткендей бір арманға,
Ата жырдан артық, сірә, ән бар ма,
Ана тілсіз өміріңде мән бар ма?
Осы жайды ой салар деп жырладым
Өз тілінен үркіп жүрген жандарға!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter