Өлеңдер ✍️
БЕКЕТ АТАНЫҢ ҮЙІ
Сапарға ең әуелгі үлкен себеп
Кемел аға Тоқаев алпысқа кеп.
Маған қолқа салғаны.»Бірге жүріп,
Сыншым да,жыршым да өзің боласың,» - деп...
Маңғыстау – түйелі жер, киелі жер,
Жолынан жығылмаған жүйелі жер,
Көргендер жердің түбі, судың түбі,
Ғажайып екі әлемнің жиегі дер,
Көнекөз,жел мүжіген домбырадай
Шанағы-жыр, шегі-сыр, тиегі-шер,
Суреті, серті бөлек, сұсы басым,
Тасы-ою, құмы -өрнек, сүйегі-зер,
Әуесіне әулие рухы сіңген
Тегіннен тегін басын иеді ме ел?!
Керемет дүниемен кеп таныстым,
Дүбірін естіп талай аттаныстың,
Түбінде Қарақия ойға батып
Басынан Шерқаланың құстай ұштым,
Адайдың қыздарымен әзілдесіп
Апайтөс ұлдарымен төс қағыстым.
Жігіттер шежіреші, жөн біледі,
Айтылды аңыз, жырдың дәмділері,
Кездесіп көпшілікпен,елді аралап
Қонғалы бір ауылға келдік енді,
Бірінші секретары аупарткомның
Бастады бір келеңсіз әңгімені.
«Түзету қиын екен бұл халықты,
Басына Бекет ата үй салыпты,
Орталық бізден талап етіп отыр
Жағдайды ұстаңдар деп бір қалыпты!
Сол үйге жұрт жиналып, түнейді екен,
Сиынып, көп жақсылық тілейді екен,
Дәл мұндай советке жат соқыр сенім
Цекаға жақпайтынын білмей ме екен?!»
Қабағын қатулана түйді райком,
Барлығын бір уысқа жиды райком,
\Қазір ғой оп-оңай жұрт жамандайды
Ол кезде салмағы ауыр сыйлы райком\,
Қыпылдап отыр ерлер алқақотан,
Дегендей «амал жоқ-ау, енді қайтем?»
Қадалып селсәбетке.» Анау үйді
Жойыңдар жылдамырақ,» – деді райком!
Селсәбет, Сәкең деген ақсары адам,
Ат-тонын ала қашып масқарадан.
«Қауқарсыз, дәнемесіз, құр қағазбен
Мен қалай бұл міндетті атқара алам?
Құрал-жабдық қолында, қуаты мол,
Бұл істі сұраған жөн басқармадан!»
Басқарма шоршып түсіп,селсәбетке.
«Дауласып неғыласыз, – деді, – текке,
Ағасыз, ақыл табар қысылғанда,
Қалыс қап, қия тартып, қиыс кетпе,
Құрал-сайман, кісіні мен берейін,
Қаулыны өзің шығар, өзің ретте!»
Сәкең айтты: «Сенде ғой қолбасылық,
Хатшы саған сеніп тұр, алға ұсынып!»
Басқарма ытқып кетіп деді сонда.
«Кетпеңіз тым ойнақтап, жарға шығып,
Зиратқа мен жауапты бола алмаймын,
Міндетім мойындағы шаруашылық,
Тәртіпке тікелей сіз жауаптысыз,
Өзіңсіз алмайды ешкім қолға шыбық!»
Бұларға хатшы біраз құлақ түрді.
«Басқарма, бер кісі мен трәктірді,
Қаулыны сен шығар да, селсәбетім
Құрт үйді, жұмыс қой ол бір-ақ түнгі!»
Жаны алқымға келгенде селсәбеттің
Жүзінде арпалысты сұрақ түрлі,
Саңқ етті сәлден кейін.» Жоқпыз ба – деп,
Түнекке сәуле берер шырақ құрлы?!
Әулие ғып жаратқан бір құдайым
Ер Бекет аруағы ғой ел адайдың,
Селсәбет, партбилетті қазір тартып
Алсаң да зорлығыңа көне алмаймын,
Атамның басындағы үйді бұзып
Халқыма мен қарабет бола алмаймын!»
Тым-тырыс отырған жұрт іштен тынды,
Хатшының түсі қашып, сағы сынды,
Мұндай сөз ол заманда өліммен тең
Болсаң да неше батыр, неше жынды,
Апырмай, арты қалай болады деп
Жандайшап кей жолдастар жанұшырды,
Кемел аға екеуміз құшырлана
Қол соқтық, қорғадың деп намысыңды,
Үндемей жалғыз қалды қатал хатшы
Бөлінген қауызынан тары сынды!
Өзгенің қасиетін тегіс құртқан
Теперіш аз емес-ау теріс жұрттан,
Аруағынан айрылған ел азады,
Соны біліп, ілімін теліп сырттан,
Жаныңды улап, жұтатып, жұтпақ болып,
Майдалап айналдырса не бір мыстан,
Аруағыңнан айналдым Бекет Ата,
Соларға тосқауыл боп, жеңіп шыққан!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter