Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  228


Автор: Майлықожа Сұлтанқожаұлы

СЫПАТАЙ БАТЫРДЫҢ АСЫНДА АЙТҚАНЫ

Сыпатайдың асына айтылған сауынның хабарын алған Сыр еліндегі Қоңырат ішінен он кісі Шымкент маңына
келіп, Жаныс пен Сиқымнан асқа баратындарымен кездесіп, «е» дескен болды. Ұзақ жол жүріп, асқа барғанда,
алдынан шыққан даяшы бұларды басқа бір жақтан келген қонақтардың үстіне түсіреді. Той иелерінен ешкім
келіп, жол болсын, қош келдіңіздер деген адам болмайды. Майлықожа шайдан соң, келіп-кетіп хабар алып жүрген
жігіттерге мына өлеңді айтқан:
Ботбай деген туғаным,
Мүбарак болсын думаның!
Атқа мінген жау болса,
Соңынан іздеп қуғаның!
Ала жаздай дүңкілдеп,
Төрт ата ұлы Дулаттың,
Баласының ауылына,
Ұрыс-думан қылғаның!
Ер Сыпатай батырға,
Жолдас қылсын иманын!
Жай отырар жүз кісі,
Сая перде шатырға,
Ноғай мырза, ер Айтқұл,
Бірімқұл батыр, Тоқтағұл,
Мырзалық қылып жатырсыз,
Ер Сыпатай батырға!
Ала жаздай дүңкілдеп,
Ел есітті даңқыңды!
Ғанибет қыл бұл күнде,
Екі келіп жатыр ма,
Киік атар сұр мерген,
Дүниеде өтпес кімдерден?!
Өкініші қалар бенденің,
Өтіп кеткен күндерден.
Өлген батыр Сыпатай,
Қайтып келіп тіріліп,
Қайта думан қылдырмас,
Бұл бір дəурен бір келген!
Тегіс білген атыңды,
Жақын менен алысың,
Үш Алашқа жайылды,
Жүз түйе тіккен дабысың!
Саналы батыр деуші еді,
Бермеген жауға намысын.
Мерекеңнің қызығын,
Бұл Дулаттан оздырдың,
Есіткен жанның бəрінің,
Арқасын жаман қоздырдың!
Жиырма күн жол жүріп,
Келіп едім даңқыңа,
Бес-алты ауыз сөз қылдым:
Сырдан өттік бастан кеп,
Сыпатай батыр асқан деп,
Сырдан арғы жолдасымыз,
Таудан арғы үш болыс,
Қасымбек, Ыса, Тастанбек.
Қырық Сиқым бар, он Қоңырат,
Бір жортуыл жол жүріп,
Көмештен шығып аттандық,
Азғана емес мол жүріп,
Келіп қондық Арысқа.
Жұма күні жол жүріп,
Киіз басқан бір ауыл,
Асып берді сүр етті.
Шайға сусын қандырмай,
Шөлдеуменен түн өтті,
Онан келіп біз қондық
Аманбай мен Қабанбай,
Үш ауылға жайғастық,
Қоналқы ауыл таба алмай,
Онан бері бет қойдық
Құлан, Жылан тауына,
Асып келіп біз қондық,
Тəйтелі болыс ауылына.
Алпыс атқа жем беріп,
Алпыс адам қайқайды,
Қант пен науат, шайына,
Құйрық, бауыр мен майына.
Онан келіп біз қондық
Сармолданың қорғаны,
Саудагерден нан алып,
Қоржынға мейман болғалы,
Бесінде астық Күйіктен,
Ақкөлдегі отырған,
Бантанаға жетіп қонғалы.
Жабыла қонған адамның
Бір болмай мазасы,
Ертең тұра қарасақ.
Болып қапты назасы,
Кезі келіп қонып ек.
Шыныменен ит екен,
Ақмырзаның бажасы.
Бажасына жақ болып,
Ақмырза бізбен дауласты.
Қарашыған Қыпшақтай,
Ала болып жауласты,
Алпыс адам топ болды,
Ақкөлден бері сауласты.
«Алпамысты» айттырып,
Алпыс адам топ болды,
Опыр-топыр ұрының,
Атқа жайы жоқ болды,
Дабыл қойып Қасымбек,
Екі құсын салғызды,
Оспанбектің құсына,
Бір дуадақ алғызды.
Үмбетəлі тырқылдақ,
Ілдірмейді жалғызды,
Іздеп жүрдік алысқа,
Соңғы қалған дабысқа,
Қарабақыр бойынан,
Біз бөліндік қожаға,
Қасымбек отыз Сиқыммен,
Бұлар барып қоныпты
Сеңкібай рулы – Жанысқа.
Біздің қонған ол қожа,
Қоңыр тоқты сойғызды,
Жақсы сыйлап бейшара,
Атты жемге тойғызды.
Шақырып алып Қасымбек,
Əбдірақым мырзаның,
Ауылына мейман болғызды.
Əбдірақым мырзаның,
Мырзалығы өткені-ай,
Алпыс адам қонғанда
Үш күн бірдей күткені-ай!
Онан келіп біз қондық,
Сарыкемер бойына.
Семіз, күшті, мырза Есей,
Келіп тұрды үйіне,
Оңлы көңіл толмайды,
Сойып берген қойына.
Сұлуланып қойылды,
Бауырсақтың ұсағы,
Ұстағаннан ұялды,
Қисыекемнің пышағы.
Əбдірақым мырзаның,
Ауылына жаман үйреніп,
Біздің-дағы адамның
Кеткен екен нысабы...
Мазақ болды Қисыеке,
Пышағын қайтып салмайды,
Дастарқанның үстінен,
Бір сүйекті таппайды...
Өкінішпенен аттандық,
Өзіміз берген бірталай,
Безгелдекті ала алмай.
Онан келіп біз қондық,
«Саза менен Шыныбек,
Іздеп барып қоналық
Қайда болса мұны» – деп.
Шыныбек пен Сазаның,
Өзі үйінде жоқ болды,
Ер ұл тапқыр қатыны,
«Адамымыз жоқ болды» – деп,
Алпыс атқа жем беріп,
Зиярат сойыс көп болды.
Əйелдері жақсы екен,
Санасы бар зерделі,
Алпыс адам қонғанда,
Төрт сойысты бергені,
Таң азанымен мен кеттім,
Алты орыс алған,
Қошқарбайды көргелі...
Бізден қалған көп адам,
Құмарыққа қоныпты,
Сатып алып сойысты,
Өзіне мейман болыпты.
Ертең барып Тартыдан,
Көңілдері тойыпты,
Бұрын барып қоныпты.
Құдайберген майырға
Фатиқа дұға оқыпты,
Қасымбек сөзі шын болса,
Бəйеттен өткен жасамал,
Бір қара қой сойыпты.
Қонарға майыр мырза деп,
Бəрі шулап мақтады.
Тоқ екен деп қазаны,
Үш бүгіліп Сопыекем,
Айта алмайды азанын,
Біздің адам жол жүріп,
Көп мырзаны айырды,
Аққойлының елінің
Мырзалығы зайыр-ды.
Қарын ашса іздеңіз,
Шыныбек пен Сазаны.
Көпті дертің бар болса,
Іздеп барып қоныңыз,
Құдайберген майырды.
Онан қондық Меркіге,
Адам жатты еркіне,
Сəрсенбі күні кеп қондық,
Меркінің көркіне.
Тағасыз аттар ақсайды,
Бөктер таудың тасына.
Жиырма күн жол жүріп,
Жиылып келіп біз қондық
Сыпатай ердің асына.
Сырдан арғы ел едік,
Ер Ноғай деп кеп едік,
Елемейді келіп ек,
Кепес мырза Ноғайға
Енді келдік деп едік.
Даладан арғы ел едік,
Жұрт əруағын ескерсең,
Көрісіп кетсең болмай ма?
Жеті атасы бек өткен,
Немересі Əсілдің,
Қасымбек мырза кеп еді...
Жеті атасы бек өткен,
Қоңырат жұрттан даңқы озған,
Ергөбек ұлы Жамантай,
О да мұнда кеп еді.
Жұрт əруағын ескерсең,
Көрісіп кетсең еп еді,
Жақсы жаман айырған
Сарап мырза деп еді.
Мейман келсе алыстан
Осылай ма еді жолыңыз?
Ер деуші еді Дулаттан,
Ботбай деген тобыңыз.
Мейманыңыз көп болып,
Тимеді ме қолыңыз?
Қаз ойламас тойғанын,
Қисап қылар орғанын.
Жиырма күн дегенде,
Енді келдік ауылыңа,
Он Қоңыратқа еп пе еді
Бір үй бермей қойғаның?
Жол ойласақ бар ма еді,
Бізден алыс мейманың?
Біздің елдің қонысы,
Бұқар шəрім дариясы,
Төрт ата ұлы Дулаттың,
Сыпыекем еді қариясы.
Көп те болса өз жұртың,
Дулатың мен қырғызың.
Қырық Сиқым мен он Қоңырат
Нендей сойдақ көрсетті,
Ноғайға Құдай жұлдызын?!
Даяшылар осылайда осылай деп айтып барған соң, Есім мырза қасына бір-екі жігіт пен Сүйінбай ақынды алып
сəлемдесуге келгенде, өз алдына үй бермей, бұларды тау аталы бидің жатқан үйіне түсіріп, бұнда он күндей жатып
қалған. Бұлардың үстіне Сыпатайдың елінің үлкені Есімбек, Пірімқұл, Тоқтағұл келіп амандасқанда, Майлықожа
ақынның айтқаны:
Əлейкум ассалаума, Есім аға,
Ас бердің сауын айтып несіне, аға?
Астыма киіз салып, тамақ бермей,
Бар ма еді ала алмаған өшің, аға?
Ат жабу түнде болды төсегіміз,
Көзге айтқан сырттан айтпай өсегіміз.
Жиынға біз келгелі он күн болды,
Он табақ ботқа болды есебіміз.
Сырдан өттік бастан деп
Хан Сыпатай өткен деп.
Қасымбек, Ыса, Тастанбек,
Онан шығып біз келдік,
Құлан, Жылан тауына,
Тəйтелі болыс ауылына.
Алпыс атқа жем берді,
Алты сойыс тек берді,
Алпыс адам қайқайды,
Қант, науат, шайына.
Онан шығып біз келдік,
Ақ бүлінің жағасы,
Хан Мəмбеттің баласы,
Қалабайға қонып ек,
Қылып берді қатырманы,
Қатырманы қылып беріп қатырғаны.
Сүдігердің үстіне төсек салып,
Кесекті жамбасыма батырғаны.
Онан шығып біз келдік,
Алғы артының бойына,
Келіп қондық Құдайберген майырға,
Бір қой сойды қайырға,
Бата берген Тоқтас ер,
Келген қойды таныр ма?
Кессе пышақ өтпейді,
Артымызға жетпейді,
Оның түбін сұрасам,
Топ ақсақтың бірі екен,
Бəйеттен үлкен жануар
Əлі де тірі жүр екен.
Құлжан төрем сабыр қып,
Жақсылық болғай Құдайдан,
Көп Дулаттың тұзы еді
Дастарқанды кішіртіп,
Келіспейді шұнайған.
Онан шығып біз келдік,
Мынау тұрған Меркіге.
Адам жатар еркіне,
Сəрсенбі күні кез болдық,
Тамашаның көркіне.
Ботбай деген туғаным,
Құтты болсын думаның.
Ел шетіне жау келсе,
Сыпатайлап қуғаным.
Кешегі өткен Сыпаекем,
Тағы келіп, тағы өлмес,
Тағы думан қыл демес,
Пірімқұл мырза, ер Айтқұл,
Ноғай мырза, Тоқтағұл,
Атыңның басын бұра тұр,
Кеңесіңді ары сал,
Құлағыңды бері сал,
Қаз ойламас тойғанын,
Есеп қылар орғанын,
Он Қоңыратқа оң ба еді,
Бір үй бермей қойғаның? – депті.
Майлықожа елден шығып келгендердің ішіндегі ел ағаларына, көзге ілмеген ас иелеріне өкпесін білдіреді. Жалпы сөз саптауына қарағанда, Сүйінбай осы жерде киліксе керек. Бұл кəдімгі ақпанның дауылындай бұрқыраған
Сүйінбай ғой, бас-аяғына қарамай біраз жерге барғаны көрініп тұр. Амандасу, жол болсын айту, ел ішінің
амандығын сұрау жоқ.
Сүйінбай:
Дулатта төрт есім бар білесің бе,
Төрт үстемнің ең алды дəу Сыпатай.
Дəу Сыпатай дүниеден ғайып болды,
Түп қайырып берсін Ысрапыл, Ноғай.
Сексен беске келгенде,
Дəу Сыпатай дүниеден өткенде,
Ысрапыл, Ноғай, Пірімқұл
Қырық жігітті атқа мінгізді,
Қыналы қыжым кигізді,
Қырғыз бенен қазаққа
Өлігін жұртқа білгізді.
Төрт құбыланың бəріне
Қырық жігітті шапқызды,
Қоқаннан бері жинатып,
Асылды қимай тапқызды.
Екі жігіт жіберді,
Өрдегі жатқан Албанға,
Бір туысқан елім деп
Албаннан шыққан Төре Тезекке,
Əулиелі қанған өзекке.
Шақырудан қалмасын
Қызылбөрік Атымғұл,
Бейхабар боп қалмасын,
Абақтың жəне Жайнағы,
Түркі, Саурық, Тазабек,
Бұл шақырудан қалмасын,
Екі кісі жіберді,
Найманның жатқан еліне,
Естемес, Санжар бегіне.
Екі кісі жіберді,
Жалайырдың халқына,
Əбжыландай тығылып,
Өлең келді алқымға.
Тегіс хабар жіберді,
Қырғыз, қазақ халқына.
Екі кісі жіберді,
Қара үңгірді жерлеген,
Талай таудан өрбіген,
Елдің шетін бермеген,
Сеңкібай мен Шойбекке,
Ат кетпеген көрмеден.
Екі кісі жіберді,
Шымырдан шыққан тас Қосмамбетке,
Жаңабай мен Сəбитке.
Екі кісі жіберді,
Арқада жатқан Арғынға,
Дыбысы кеткен əркімге.
Екі кісі жіберді,
Шапырашты еліне.
Екі кісі шаптырды,
Ыстының жеке Шоқай бегіне.
Екі кісі жіберді,
Қаңлы, Шанышқылы еліне.
Дұғай сəлем жіберді,
Молда Мұжық бегіне.
Екі кісі жіберді,
Қырғыздың жатқан халқына,
Тілеуберді, Қанайға.
Сыпатайдай батырды,
Беріп еді маңдайға.
Бір кісіні шаптырды,
Саяқтан шыққан Садырға.
Сəлем қағаз жіберді.
Қара бота Нəдірге.
Екі кісі шаптырды,
Сарбағыз Ниязбектің бегіне.
Дұғай сəлем жіберді.
Үмбетəлі Сарғынға.
Қарабекұлы хан Жантай,
Шақырудан қалмасын.
Бары-жоғын жидырды.
Төрт жүз қара жаназаға сайлатып,
Бұлбұлдарын сайратып,
Сексен қожа молда жиып,
Үйдің ішін жинатып,
Көр бəйгесін шаптырып.
Шаһардан асыл қойдырмай.
Бары-жоғын таптырып,
Шынарда асын қойдырмай.
Қылған қызметін,
Жер жаһаннан асырды.
Сыпатайдай батырды,
Құдайым сүйтіп жеткізді.
Төрт Дулаттың баласы,
Ақылдасып тұрды да,
Қызметін өткізді.
Майлықожа:
Ассалаумағəлейкум, Ботбай туғаным,
Мүбарак болсын думаның.
Сыпатайдай батырдың.
Жолдас қылсын иманын.
Ысрапыл, Ноғай, Пірімқұл,
Жүз кісі Сиқым, Жаныстың бегінен,
Он бесі Қоңыраттан,
Майлықожа ішінде,
Келіп едік төменнен,
Мақұл ма батыр бұл ісің,
Жол болсын демей тұрғаның.
Сыпатай батыр асы бұрынғы
Көкетай ханның ат шапқанындай.
Болады болады дегенмен,
Жол болсын деген кісі жоқ,
Мейманменен ісі жоқ.
Халқына қарасаң,
Ел сыйлайтын кісі жоқ.
Ернімізді жалап біз тұрдық,
Құры шөлдеп келгеннен,
Дыбысы бар, парқың жоқ,
Ел сыйлайтын шарқың жоқ.
Келіп едік бұл жерге,
Сыпатайұлы Ноғайға,
Алыстан келген мейманға,
Жол болсын десең болмай ма?
Келіп едік төменнен,
Төменнен Қара еменнен,
Еменнен ары Шыңыраудан,
Шыңыраудан, Шеккіден,
Əзіреттің сыртынан,
Келіп едім бірігіп,
Сиқым, Жаныс мұртыммен.
Мақтаулы елдің жұртынан,
Білуші едім сыртыңнан.
Атасы өлсе мал-мүлік
Қалады екен балаға.
Баласы жаман туғанның
Мейманы түнер далада.
Жүз атан, түйе тікті деп естиміз,
Сырлы күмбез молаға.
Жүз кісі шықты бастан кеп,
Алыстан келген үш болыс:
Қасымбек, Иса, Тастамбек,
Біз үйімізден шыққанда,
Біз үйімізден шығып едік,
Дəу Сыпатай асқан деп.
Кешкі бесін болғанда,
Көмейдегі біреуге,
Келдік тағы түнедік.
Есірік туған ер болсаң,
Түскелі тұрмыз есіне.
Мейманыңды күте алмай,
Туғаныңды күте алмай,
Ел шақырдың несіне?
Текті атаның баласы,
Əзір қадыр тұтпаған.
Жолығады кесірге.
Міндет алған мейманбыз,
Бекер демей сөзімді,
Ашып қара көзіңді.
Елерме, батыр, елерме,
Кешке жуық болғанда,
Келдік те қондық отарға,
Еркегінің бəрі де,
Ат шапқанға кетіпті.
Киіз басқан қатындар,
Сау қой сойып бермеді.
Сақтап қойған біздерге,
Асып берді сүр етті.
Ат бағып келген біз байғұс,
Шайға сусын қанбады.
Шөлдеуменен түн өтті.
Сыпакем жетпесе дүниеге
Түбіне енді кім жетті?
Сексен беске келгенде
Сыпатайдай батырды,
Қызыл Алтай түлкідей,
Ақыр бір күн індетті.
Ысрапыл, Ноғай. Пірімқұл
Мейлің алғын тілімді.
Мейлің алма тілімді,
Айтып өткен біздерге сүндетті.
Ертерек атқа міндік те,
Біз келдік Қара көл деген жерге,
Саза деген елдерге.
Қара көлдің сазасы,
Шойбек бидің немересі.
Оспанбек бидің бажасы,
Ала қоржын қапшықтай,
Үйіне келген мейманмен,
Түніменен дауласты.
Сол күні мейманның,
Болмай шықты мазасы.
Ертерек атқа міндік те,
Оспанның құсынан,
Бір дуадақ ілдірдік.
Кешкісін біз келдік,
Құлан, Жылан ауылына,
Тəйтелі болыс ауылына.
Алты қой сойылып,
Қонақтар тойып қалыпты,
Құйрық пенен бауырға.
Ертеңіне біз келдік.
Құдайберген майырға.
Осы сөзім Құдай біледі зайырды,
Құдай берген майырың,
Ат шыққанда кетіпті,
Түбі бізге тұт ба еді,
Сол күні бізді оңды күтпеді.
«Қой отарға кетті» - деп,
Əкесі Бəйіт бір кəрі қойды,
Əкеп бата тіледі.
Қасында бірге түнеген,
Сеңкібай, Шойбек,
Таңсық қожа, Мəмбеттің ұлы еді.
Мұны естісе Дулаттың баласы,
Артын ашып күледі.
Алып келіп сойдырды,
Қызылға салып қойдырды.
Сойған қойдан май шықпас,
Тырнағымыз құрады.
Шай ішіп жатқанда,
Екі жігіт шөп ұрласып,
Ауылы жау келгендей шулады.
Құмғандары құлады,
Балалары жылады,
Ауылыңды ұры қылды деп,
Мына отырған дəу Батырбек,
Бөлтірік жеген қойдай боп,
Өрге қарай зулады.
Мерке қарап шаптырды,
Бір сағаттан таптырды.
Қазандарын түсірді,
Ұрыс қылып ауылы,
Керемізді ішірді.
Етін тегіс сылып алып,
Бізге қу сүйекті қойғаны,
Бір кісі де тоймады.
Жая беріп құшағын,
Алды салып сүйекке,
Бұлай салып сүйекке,
Ұстағаннан түк таппай,
Кесебай деген қария,
Ыржиып күлді де,
Қынына қайтып салды пышақты.
А, бұл кісіге таң атпас,
Ат арығанға күн батпас,
Сахардан атқа міндік те,
Келіп түстік Меркеге.
Шай-палауды бастырып,
Атқа жоңышқа-жемді,
Сатып алып шаштырып,
Қарнымыз тойды еркіне.
Ысрапыл, Ноғай, Пірімқұл,
Біз де келіп тұрмыз,
Жиыныңның көркіне.
Атың болса тартыңыз,
Шапаның болса жабыңыз,
Қоямыз ба еркіңе.
Сүйінбай:
Сыпатай жұртын биледі,
Ақылы дариядай,
Шалқып жатқан көл еді.
Құдай берген Майыр датқа.
Үш бағы Мапмыл шапқанда.
Үш күн түнеп жатқанда.
Сыпатай батыр үйіне,
Түнде жаяу келгенде,
Ақ қылымды бергенде.
Сонда соған Құдай берген.
Сыпатай батыр не деді?
Сыпекем Құдай қылған кісі еді,
Ақылы дария көл кісі еді,
Жаныстан өтіп кеткен Əзіз төре,
Сеңкібай, Шойбек, Таңсық, Қосмамбет,
Сүйегі соларменен тең кісі еді.
Сүйінбайым топ болса шуылдай бер,
Үшеуіңнің қасыңда тең кісі еді.
Сиқымбай өзің атың Əйтбен
Сен бір болат кездіксің асып өткен.
Бойыңда қылпылдаған мінезің бар,
Айтпаса озар едің барса көптен.
Сыпатай Құдай қылған кең кісі еді,
Алды тар, арт жағы кең кісі еді.
Жаныста өтіп кеткен əзіз Төле,
Шымырдан етіп кеткен Байұзақпен,
Сүйегі соларменен тең кісі еді.
Ноғай мырза атаң өліп бұл жұмыс,
Басыңа түсіп қапты, қимылдай бер.
Болысың Тілеуберді анау отыр,
Ақылы жоқ тыртыңдаған,
Ашушаң жан кісі еді.
Əбілез Ұлы Жүздің төресі еді,
Шымырдан Байұзақ өткелі жоқ,
Тұңғиық қара судың кемесі еді.
Жанысты өтіп кеткен əзіз Төле
Өңге жан үшеуіңдегі емес еді.
Шапырашты етіп кеткен ер Саурық,
Қырғыз-қазақ жапсарын жібермеген
Алтыннан тон-тұрманы шегесі еді.
Екі үстін дүниеден көшіп кеткен,
Баласы Ұлы жүздің кеңесі еді.
Шынқожа Түркістаннан шықпайды білесің бе?
Қарап тұрған біздерге жөн болмайды,
Айтқыш болсаң Қожеке, сөйле бұлай.
Қожаны ап кепсің дəу Батырбек,
Қожаңа тиіседі бұл Сүйінбай.
Аузын буған өгіздей қарап тұрмай.
Қожеке, соғысамын, шықшы былай.
Сонда дəу Батырбек: «Шапырашты басыңмен қалай айтасың? Осы үніңмен, осы түріңмен азғана Шапыраштыға тиіп тұрсың ау. Дариға-ай, Дулаттың бірінен туар ма едің!» – депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу