Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  398


Автор: Майлықожа Сұлтанқожаұлы

АҚЫННЫҢ АЙТҚАН НАҚЫЛЫ

Пасыл сөзбен өлең қып,
Ақынның айтқан нақылы.
Сөз мəнісін аңдайды,
Адамның болса ақылы.
Жаман дейді пейілі тар,
Дүниеге бақылды.
Молдалар мақтар нұсқада,
Мейман күткен сақыны.
Жаман адам білмейді,
Алыс пенен жақынды.
Екіталай іс болса,
Намысқа шабар ата ұлы!
Мақтағанмен болмайды,
Болмаған ердің татымы.
Алыс та болса жақын бол,
Жақсы болса нəсілі.
Жаманға ісің түскенде,
Шатып кетер басыңды.
Арқасында өнердің,
Құрмет етіп өз елім,
Халықтың болдым ақыны.
Опасы жоқ дүние
Талайларды көшірген,
Біреудің алып баласын,
Шамшырағын өшірген.
Дүниеге талай мас болып,
Аяғын шіреп көсілген.
Көрген істі ақылды
Шығармас əсте есінен.
Дəулетке мас боп кейбіреу,
Көтеріліп есірген.
Менің малым артық деп,
Салтанатты сəнім деп,
Мақтан қағып ісінген.
Дəулетіне мас болып,
Дүниеге көңілі бекінген.
Бір күні ажал келген соң,
Мұны да демнен түсірген.
Қай жаққа кетті ата-ана
Алақанда өсірген?
Пəруəнə болып айналып,
Бала үшін өкпе тесілген?
Қайрауы жеткен не əсіл,
Жүзінен сынып кетілген.
Бұрынғы өткен санада,
Не жақсы келіп өтілген,
Өлместен кім жетілген?!
Бір күні ажал кез келсе,
Дүниеден көшерсің,
Гүлің солып сарғайып,
Шамшырақтай өшерсің.
Жас кетіп біреу дүниеден,
Арт жағына қалдырған
Əкесі мен шешесін,
Қартайып жетсе қазасы,
Төлейді бала есесін.
Анадан туып бір күні,
Бұл дүние дүркін-ді.
Сөйлеп қалшы тіл, жағым,
Қаумалап тұрса жан-жағым,
Бəйгеге қосқан бедеудей,
Сөзге мен де самғадым,
Ерінбей сөйле, қызыл тіл,
Ешкімге түспес салмағың.
Қолымдағы домбырам,
Өзімнің əбзел-сайманым.
Бұлбұлдай бүйтіп сайрау жоқ,
Аңсызда өстіп жүргенде,
Ажал кеп салар қармағын!
Насихат сөзді аңламас,
Адамның жаман ғапылы,
Бұл дүние белгісіз,
Өтеміз бір күн ақыры,
“Арғымақ — жалсыз, Ер — малсыз”,
Бұрынғының нақылы.
Бақытына жігіттің,
Себепші болар қатыны.
Тақыс2 пенен нəкүста3,
Айтқанмен алмас, ақылды.
Тыңдасаң, халқым, құлақ сап,
Аз əңгіме құралы.
Денсаулық — үлкен дəулет, бақ,
Талап — кісі мұраты,
Өнер қалмақ артында,
Дүниенің өшпес шырағы.
Тілден берген бағым бар,
Қауіпте көңіл тұрады.
Кісіге қылған жақсы ісің,
Алдыңнан барып шығады.
Барымта, ұрлық істесең,
Жағаңнан əркім буады.
Насихат артқа сөз беріп,
Ия күміс, ия жез беріп,
Аз əңгіме қылалы.
Шаршамай, талмай сөйлеуге,
Алладан пəрмен сұралы.
Бір күні ажал келген соң,
Кетермін мен де дүниеден,
Ажалдың болып лағы.
Ата-анадан пайда боп,
Себеппен дүниеге келгенің,
Туғаннан соң өлім ақ,
Ақиқат рас өлмегің!
Не адамдар жоқ болды,
Таса боп көзден көргенің.
Аплатон өткен дүниеден,
Айтайын несін өңгенің!
Себебімен өлеңнің,
Сіздерменен кез келдім.
Талай елді таныс қып,
Əуелі жүрдім намыс қып,
Өнермен елді кезгенім.
Ұстынсыз аспан жаратқан,
Алланың күшті жарлығы,
Аллаға егер жалынсаң,
Болмайды дейді арлығы.
Кəрілік, кедей қабаттап,
Ұласса дүние тарлығы.
Дүниеден өтеді,
Мақұлықтың барлығы.
Батырлығы жігіттің
Дəреже ол бір хандығы.
Осындайда өлеңнің,
Ашылсын қазына сандығы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу