Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  343


Автор: Майлықожа Сұлтанқожаұлы

ЖАРАТҚАН ҚҰДАЙ ПЕНДЕСІН

Жаратқан құдай пендесін,
Аманат жан тəн десін,
Мақлұқат дейді алымдар
Бір тəңірден өңгесін.
Өткінші жалған дүниенің
Ойлағын қайтып келмесін,
Атаның жүрген жолына
Бала бір не қып көнбесін!
Екі лəшкер жанасса,
Елеулі болған ерге сын.
Тарпынып тұрған бедеу ат,
Талас болған жерде сын.
Жақсымен сұхбат болмаған,
Не парықұты тергесін!
Ишарат қып айтқан сөз,
Көкірегі көрге сын.
Құлақ салып тыңдаңыз,
Майлықожа термесін!
Мұңлық қадірін не білсін,
Көңіліне жалын түспеген?
Ыстық қадірін не білсін,
Байқамай қалып ішпеген?
Мəртті пысық елемес,
Алдына кірсе іспенен.
Өз өнерім – қызыл тіл,
Бағасын артық таңлаймын,
Көп ішінде сөйле тіл,
Қам сүт емген таңдайым.
Əдемі сөз жайылсын,
Лəззаты шырын – балдайын.
Осындай кезің келгенде,
Əңгіме айтқын дегенде,
Ысаптап сөзді жамғаймын.
Ел аралаған ақынға,
Болады əр кез той дайын.
Лашын құстай шүйіліп,
Ителгідей үйіліп,
Сұңқар құстай самғайын.
Жастықта көңілім басылмас,
Дүние масы паңдайын,
Тұлпар басы қайта ма
Тіремей тасқа маңдайын.
Не жақсы өтті дүниеден,
Қалған жоқ орны бірінің.
Ақылмен əр іс аңларсыз,
Жақсылар болса білімің!
Аплатон өтті дүниеден,
Əлемнің білген ілімін!
Ойламас ешкім өткенді,
Болған істі көз көрмей.
Қисық ағаш түзелмес,
Қозға салып тездемей.
Шəйі киіп мас болған,
Басылмайды бөз көрмей.
Жаратқан қанша мақұлық
Тұра алмайды өзгермей.
Ақын жыршы тоқталмас,
Насихат – үлгі сөз бермей.
Осындай кезім келгенде,
Мен емеспін сөз кедей,
Сапырмалы езбедей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу