Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  149


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН БƏЙБЕК

Бəйбек:
Ей, Бақтыбай, бер қара,
Əліке деп амандап,
Айтысалық табандап.
Сен балаға не жаздым,
Өсек айтып сыртымнан,
Қатындарша жамандап?
Бəйбек өлең айтады сырылдатып,
Жасауылдың атындай қырындатып.
Сен кеше туған арық тоқты емессің бе,
Мен сені жеп кетпеймін бе,
Сүйретіп, дырылдатып.
Сен – тоқтышақ болғанда,
Мен – көк бөрі.
Қабырғаңды сөгетін бырылдатып.
Бақтыбай:
Ісімді құдай оңласа,
Ескелді бабам қолдаса,
Сізді жамандаған жерім жоқ еді,
Жақсылағаным болмаса.
Бəйбек, сен мырза емессің,
Қарақалпақ-түрікпенсің.
Сыр бойынан үріккенсің.
Арбаңды атың тарта алмай,
Елден, жұрттан ұялмай,
Жаяу өзің тартқансың.
Қыйшоматқа жатқансың.
Қайыр тілеп, қаңғырып,
Бір байдың қойын баққансың.
Күнің үшін күн жебелеп,
Біздің елге біріккенсің,
Өз тегіңді іріккенсің.
Төсте тұрған арық тоқтыны
Ала алмай тұрған
Кəрі бөрі – сен болсаң,
Мен – тоғайдағы
Өгіз соққан жолбарыспын.
Атағым бар алашта,
Азуы алты қарыс арыспын!
Бақтыбай менің атым желдей ескен,
Қандай сорлы менімен ерегіскен.
Мырзада Шегір деген шошқа пішкен,
Ақысын бермей кеткен орыспенен,
Тіресіп, күні бойы төбелескен,
Өмірі кедейлікпен күні кешкен.
Қадірің бір қатынды алып қашып,
Шоқынып, күні бүгін орыс болып,
Діннен шығып, дінсізің елден кеткен.
Кісі еді Болтай молдаң қасиетті,
Өмірің кімнің баласы ед, аузы епті?
Қарадан сұрап алдың шошқа бағып,
Қошанның қасиеті қайда кеткен?
Тұрысбек те қалыспай шошқа бағып,
Кейіннен болыстыққа қолы жеткен.
Дүниеден сүйек теріп Саңқы өтті,
Сол Саңқының түбіне сүйек жетті.
Бəйбек:
Саңқыға сүйек терген Бұлаңбайың,
Қор болған жыны кептеп күн-күн сайын.
Үшкемпір, Бүйенбайды пері соқты,
Жындыны сеніменен санасайын.
Қатынын Алтынбектің Сарман алды,
Шариғат естіп пе едің осындайын?
Байқошқар, Бабаназар, Мəмбет, Қайып,
Киеді бозбаласы сəнді сарық.
Жаңғыз-ақ Байқошқарда болса болар,
Айтады Бəйбек өлең тауға барып.
Бақтыбай:
Айтады Бəйбек өлең бірден, бірден,
Ақындар онан кейін түрлендірген.
Ақындықтан айырылған Əти солдат,
Оңашасын тапқанда Бегалы үрген.
Сиыршы қойды болыс Қарекесін,
Надандық оқымаған жау екенсің.
Досқа күлкі, дұшпанға таба қылып,
Тұманшы жалшы ғып жүр кəрі əкесін.
Үлкен сыйлап көрмеген ел екенсің,
Еліңнің дəқ ұрайын берекесін.
Еліңнің бір биі бар Сатыпалды,
Жүре, жүре əркімнен ақыл алды.
Мұрындықсыз бұқадай Ізбасарың,
Көрінгенге көргенсіз артылады.
Кигені Бейсен бидің қапталы ішік,
Тұрсынның бəрінен де сөзі пысық.
Жабылды Үйсін, Найман Бопау ерге,
Құлынбайлар жіберді тышып, тышып.
Созбалап босқа сөзді не ғыласың,
Қаза бер арығыңды көтің қысып.
Бəйбек:
Біздің ел малды айдаған,
Жүйрікті мініп сайлаған.
Сұлуды сүйіп жайлаған.
Сен емес пе едің, Бақтыбай,
Орыстың арбасын майлаған?
Бақтыбай, саған айтайын,
Жақсы көріп орысты,
Іргелес салып қонысты,
Еншілес қып алыпсың
Бір-бір хохол орысты.
Орыстың орып орағын,
Астыңа міндің шолағын.
Мұсылман дінін ұмытып,
«Іздрəсти» – үйреніпсің сəлемін.
Іздеп жүріп ішесің,
Орыстың арақ, шарабын.
Мас болған соң білмейсің,
Хал-ахуалын, жағдайын,
Үйдегі қатын-баланың.
Бақтыбай:
Өзің айтшы ғаділін,
Жайлау бар ма еліңде,
Арасан мен Қостастай,
Бақаң өлең айтады,
Құнан қойдай бой тастай.
Тегін емес Бақтыбай,
Түсінде қыдыр айқасты-ай.
Менің атам – Сиыршы емес, Байбөкен,
Сиыр бағып тұрғанда
Ақсақал шал келген.
Шұбардан қоныс ал деген,
Ақ бидай салып, нан жеген.
Қыдыр бабаң мен деген,
Бай боларсың сен деген,
Сөйтіп ісін жөндеген.
Бəйбек:
Жоқтайсың, сиыршының малын жоқта,
Шамалап өз еліңе лайықта.
Алланың бес парызын түгел білсең,
Боласың шын мұсылман сол уақытта.
Ойласақ бұл дүние өтер деймін,
Басыңа кəріпшілік жетер деймін.
Алланың бес парызын білмеген соң,
Мұсылманмын дегенің бекер деймін.
Талаптан бұл сөзіме ақын болсаң,
Əйтпесе, ақындығың бекер деймін.
Бақтыбай:
Естіп ем періштенің тірі екенін,
Əйтеуір, тірі жанның бірі екенін.
Бес парыз өмірімде естігем жоқ,
Білмеймін, Мұхаммедтің кім екенін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу