Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  184


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН БƏЙЛІБЕК айтысы

Бəйлібек:
Өлеңімді айтам табандап,
Əлкіменен амандап.
Жетпеген соң, қу бала,
Сыртымнан жүрсің жамандап.
Бақтыбай:
Өлеңімді айтамын,
Əуелі құдай оңласа,
Хақ тағала жар болып,
Əруақтар қолдаса.
Жамандаған жоқ едім,
Мақтағаным болмаса.
Бəйлібек:
Өлеңімді айтамын ырымдатып,
Атымды айдап, ауылдан қырындатып.
Сен көк қоян болғанда, мен көк қаршыға,
Отырмын ілейін деп шырылдатып.
Бақтыбай:
Сұрасаң арғы атамды Асан-Сиық,
Ақын өлең айтады жанға тиіп.
Сен көк қаршыға болғанда, мен бидайық,
Көк желкеңді кетермін бір-ақ қиып.
Бəйлібек:
Өлеңімді айтамын ырыңдатып,
Атымды айдап, ауылдан қырындатып.
Сен көк тоқты болғанда, мен көк бөрі,
Отырмын сүйретпекке дырылдатып.
Бақтыбай:
Уай, уай, уай...
Алты атаның ұлы Андаспын,
Жеті атаның ұлы желдеспін.
Сен айтты деп Бəйлібек,
Намысты жерге көмбеспін.
Бөрі болсаң қайтейін,
Өгіз соққан тоғайдан,
Мен бір жортқан жолбарыспын...
Бəйбегім, түрікпенсің, түрікпенсің,
Жағалап Сырдың бойын үріккенсің.
Түбінде Сарыөзектің арбаң қалып,
Мырзаға қайдан келіп біріккенсің?
Атқанда, əуел сенің атаңды атқан,
Арбасын атаң сенің жаяу тартқан.
Жаяудың шаңы шықпас, соры қалың,
Сөйтіп жүріп Жарболдың қойын баққан.
Айта берсем, Бəйлібек, сорлатармын,
Аузымды қыздырмағын құдай атқан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу