Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  193


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН ЖҮСІПБЕК

Жүсіпбек:
Бұл елді санаушы едім нағашы деп,
Жолы үлкен ұлы жүздің баласы деп.
Жүсіпбек Шайхысламов, қожа заты,
Бақаңа сəлем берді ағасы деп.
Қорықпай, ақын аға, сəлемімді ал,
Бұл бізден қырық шұбар тай аласы деп.
Мен сізді сыртыңыздан естіп едім,
Ішінде ақындардың сарасы деп.
Жиенмін, бөтен жанға санамаңыз,
Өлеңмен тиісуін қарашы деп.
Көрмекке жүзіңізді құмар едім,
Естігем көп ақынның ағасы деп.
Бақтыбай:
Сен бе едің сəлем алдым, азаматым,
Шығардың қисса жазып қазақ атын.
Жүсіпбек Шайхысламов жəне болсаң,
Əулеті əулиенің, қожа затың.
Жиенжан, сəлем беріп, сəлем алдың,
Болған соң ақылың дана, таза затың.
Болсам да қара сөзге жан салмаған,
Өзіңдей өнерім жоқ жаза алатын.
Белгілі бөктергіден сұңқар тумас,
Аспаннан каңқылдайтын қаз алатын.
Жиенін пайғамбар да сыйлапты ғой,
Сүреде айтыпты ғизалатын
Мен-дағы қуанамын көргеніме,
Бұл жаққа дəм-тұз айдап келгеніңе.
Шырағым, рахмет, жолың болсын,
Ағаңа сыйлап сəлем бергеніңе!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу