Өлеңдер ✍️
БАҚТЫБАЙ МЕН ƏСЕТ айтысы
Бақтыбай:
Менің атым Бақтыбай,
Домбырамды қақтым-ай.
Ақын Қабан əулие,
Өлең берген бақтыма-ай.
Құдай берген өнермен,
Ел-жұртыма жақтым-ай.
Есе бермей ешкімге,
Өрге, қырға шаптым-ай.
Жаяу тұрмақ жел сөзге,
Жеткізбедім аттыға-ай.
Қиуадан келтіріп,
Сөз нақысын таптым-ай.
Қаусырма жақ тілімнен,
Жерім де жоқ сүрінген,
Шығар өлең шапшып-ай.
Үйсін, Найман бас қосқан
Алмалының тобында,
Арналсын сөзім жақсыға-ай.
Заманымда жел сөзге,
Сан ақыннан астым-ай.
Сөз қадірін білгенге
Меруерт, маржан шаштым-ай,
Жақсыны көрмек деген бар,
Лебізін естіп көрелік,
Болмағын, Əсет, ақынсып,
Ел қыдырған бақсыдай.
Əсет:
Ай, жұлдыз болмас, сірə, күнменен тең,
Мың надан білер болмас бірменен тең.
Жол сілтер қараңғыда жарық жұлдыз
Болса да заты жұлдыз, күнменен тең.
Бір ауыз халқыңа айтқан даналық сөз,
Жарқырап сəуле түсер нұрменен тең.
Жүрекке аталы сөз орнап қалса,
Сақтаған асыл пышақ қынменен тең.
Бастығы халық қамын ойламаса,
Ел-жұрты жесір қалған тұлменен тең.
Аңғарлы жөн білетін ойлы адамның,
Терісі жуан елі пілменен тең.
Шынайы шыны туған азаматтар,
Істейді ел жұмысын құлменен тең.
Жақсымен сұхбаттасқан бір күніңіз,
Болмай ма жұтымырлы жылменен тең.
Жоқтықта жоқшылықтан киген бөзің,
Барлықта мың теңгелік пұлменен тең.
Қайырсыз қайрат қылып жиған малың,
Ұшатын желді күнгі құмменен тең.
Жақсы қыз жат жұрттық боп кетсе-дағы,
Болады қайда жүрсе ұлменен тең.
Ептейлеп біріктірген жалған сөзін,
Болса да заты өтірік шынменен тең.
Əйелше жырлап айтқан Жалайырға
Дегенге шыдайын ба жынменен тең.
Бақтыбай:
Құдай үлкен бəрінен
Он сегіз мың ғаламнан.
Адам-Ата пайғамбар
Топырақтан жаралған.
Мұсылман, пенде бəрі де,
Сол адамнан таралған.
Жерде туып, жерде өсіп,
Жерден адам нəр алған.
Еңбек етсе емізер,
Кем емес туған анаңнан.
Лəуқұлда жазылған
Ризық жерден алардан.
Біразырақ айтайын,
Ұққанға есте қалардан.
Жан бақпақ парыз əзалда
Жинаған жақсы адалдан.
Жылан боп өзі шақпақ дүр
Жиналған малдар арамнан.
Естіген соң айтамын,
Шариғат сөз хабардан.
Үлгі сөзді айтқанда,
Үлгі алар адам адамнан.
Халқым айтса дайынмын,
Білгенімнен қаша алман.
Жақсысы болса алады,
Жаманы болса қалады.
Айтқаныма ақы алман,
Есімбек пен Маманнан.
Елден туар ел бастар,
Елді əділ ер бастар,
Келе жатқан жоба ғой,
Заман, заман, заманнан.
Ондай ақын мен емес,
Қадалғаннан қан алған.
Білгеніңді халқыңа айт,
Тықпай, бүкпей, жарқын айт,
Оқығансың, Əсетжан,
Сен құсап мен шам алман.
Жас кəртейіп, кəрі өліп,
Адамзат солай жаңарған.
Кем көрмедім сөзіңді,
Жарығы түскен панардан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter