Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  343


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН СҮЙІНБАЙ айтысы

Бақтыбай:
Аман-есен жүрсіз бе,
Атақты ақын Сүйінбай?
Дидар ғайып, дəм ғайып,
Жүруші еді бұйырмай.
Сыртыңыздан сұрар ем,
Көріспекке құмар ем.
Келеді деп Сүйінбай,
Жатырмын күтіп жиында-ай.
Шапырашты елінде,
Сүйінбай ақын бар деген.
Қатағанмен айтысқан,
Кеткен даңқың қиырға-ай.
Айта алмаймын өлеңді,
Қабекеңе сиынбай.
Мен едім өлең іздеген,
Кезікпедім сізбенен.
Абақ пенен Тарақты,
Кезсем-дағы шиырлай.
Адамзаттың парқы бар,
Əр нəрсенің шарты бар.
Қысқа жіп келмес күрмеуге,
Барға дүние қиын ба-ай!
Көнеріп қалған ақынмын,
Бара алмаймын қиынға-ай.
Өлең болды баққаным,
Бұл бір мұңым шаққаным.
Осы күндер орнымнан,
Əрең тұрам сиырдай.
Өтірік деме мұны бір,
Ақындардың мұңы бір.
Сүйінбай ақын сенсің ғой,
Өлеңді соғар құйындай.
Ақын ақын болар ма,
Сол ақынның миына
Алғыр сөздер құйылмай.
Мен бір салақ ақынмын,
Хат білмейтін пақырмын.
Төсек-орны өлеңнің,
Қала берер жиылмай.
Айтқан жерде қалып жүр,
Айтқан өлең-дастаным.
Керек қылған мен жоқпын,
Жинап жүрген бұйымдай.
Жүйрік бопты желқобыз,
Ақын бопты елге аңыз.
Үйсін менен Найманға
Сөзім болды сиымды-ай.
Ұмытылмас ғанибет.
Болады деп ойлаймын.
Сеніменен, Сүйінбай,
Кездескенім бүгінгі-ай.
Сүйінбай:
Уағалайкүміссалам,
Жүрмісің есен, Бақтыбай?
Тіршіліктің кезінде
Мен сияқты өзің де,
Аман-сəлем көріспек
Ғанибет-ай, шаттық-ай.
Естіп ем сенің даңқыңды,
Жалайырдан артылды.
Жасым үлкен болған соң,
Амандықты өзі іздеп,
Келсін деп үйде жаттым-ай.
Баспаған тағы жерім жоқ,
Мен бармаған елім жоқ.
Қазақ пенен қырғыздың,
Бəрінің дəмін таттым-ай.
Бақтыбай ақын сен едің,
Сүйінбай десе, мен едім.
Үш ғайыптың бірі ғой,
Дидарласпақ жақсы ғой.
Жақсы деген жақсы сөз,
Бақсы деген тапшы сөз.
Азаматында алшақтық,
Жақсының жоқ жаттығы-ай.
Мен жайымды айтамын,
Шапырашты елінде
Сүйінбай ақын мен болам,
Жаяу тұрмақ өлеңнен,
Сөз бермеген аттыға-ай.
Көріскенге хошалмын,
Құштар болған інімді
Жақсы күні таптым-ай.
Мен де өзіңдей ақынмын,
Ақын болсаң жақынмын.
Мініп алып жел сөзді
Өрге-қырға шаптым-ай.
Өтіп кетті өтер шақ,
Ел қыдырған есер шақ.
Аз жыл болды ұлғайып,
Үйде тыныш жаттым-ай.
Байшегірдің елінде
Ұлы дүбір ас бар деп,
Келген соң еріп келіп ем
Ел басқарған жақсыға-ай.
Дастарқандас дəм татып,
Дидарласып сөз қатып,
Осылай болып, Бақтыбай,
Насыбай бөліп аттық-ай!
Бақтыбай:
Сүйеке, хошал болдым көргеніме,
Құрметтеп, аман-сəлем бергеніме.
Төседім өлеңменен төсенішті,
Бұ жаққа қадам басып келгеніңе.
Өлеңнің ұлы дария мұхитысың,
Жел сөзге кім пар келер желгеніңе.
Салысып бай мен бекті мақтағаннан,
Айтысқан екі ақынға өнгені не?
Сүйеке, сізбенен мен айтыспаймын,
Жеңіліп бірін-бірі жеңгені не?
Ел қамын, ердің қамын ойлайтұғын
Бұл сөзім үлгі болсын зерделіге.
Күшіген, қарға-құзғын түгел ұшар
Алыстан тоят қызыл көргенінде.
Жер жұтқан Қарынбайды кім құптайды,
Малының азабымен өлгеніне.
Жүргенде өлең қуып, көңіл суып,
Өмірдің ауып кетті өрмегі де.
Сүйеке, дүниеде кім қалмақшы,
Шырт етіп сынар бір күн шөлмегі де.
Шындығы Ұлықпанша бір жасадым,
Өзіңдей Əз-Ағаны көргеніме.
Сүйінбай:
Дəм-тұз тартып, кеп қалдым
Бəйшегір деген еліңе.
Көбелеген Балқашты,
Қамау деген жеріңе.
Жалайырда Жəлменде,
Ел бастаушы жақсының
Сəлем бердік көбіне.
Албан, Суан, Дулатпен
Шапырашты, Жаныстар,
Ақын дейді мені де.
Кем демейді Жалайыр
Бақтыбай ақын, сені де.
Ел болған соң ақын бар,
Ақын бар елде нақыл бар.
Ел мұқтажын айтқанның,
Артығы не, кемі не?
Жаман атқа жал бітсе,
Жамандарға мал бітсе,
Аспандай қарап көздері,
Нан піскендей деміне.
Сол ақынды ақын дер,
Сол ақынды мақұл дер,
Жараса сөзі елінің
Керегіне, еміне.
Шабытында əрбірі
Тастүлек құс шаңқылдар
Түспей қоймас жеміне,
Қарға байғұс қаңқылдар.
Көн тартылса барады,
Қалыбына баяғы.
Əр нəрсенің заты бар,
Тартпай қоймас тегіне.
Қайырымы жоқ байлардың
Жаһанда жиған сан малы,
Көрінбейді көзіне.
Жиған мүлік, мал-жанын
Өле қалса ешбірі,
Əкетпейді көріне.
Бай мен кедей демейді
Төрт кез мата бұйырар,
Таусылған дəмі өліге.
Өлеңнің болдым саяғы,
Заманым жоқ баяғы.
Болсын сөздің аяғы.
Біз де келдік, Бақтыбай,
Өмірдің биік теріне.
Көрсетуге жүзіңді
Тағдыр шығар Бақтыбай,
Кезіктірген сені де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу