18.07.2022
  183


Автор: Мұхтар Шерім

МҰРТЫМ «ГҮЛДЕП» КЕТТІ...

 


Қожайынның бес жүздей қойын бағып жүргенмін. Бір кезде аспанға көтерілген сопақ бірдеңенің арты жанып көтерілді де, «ішіп алған ба?», білмеймін, бір кезде біздің тентек қошқар сияқты, ары-бері қисаңдап барып, ортасынан бөлініп кетті. Содан анода-ай жерге барып, гүрс етіп құлап, арты жалынға айналғаны... Темекімді тұтатуға сіріңке таппай тұрған байғұс басым, жүгіріп барып, жалынға темекімді тұтатып алдым. Қалтамнан айна шығарып қарасам, бетім күйіп қалыпты. Бір кезде, ойеба-ай, басыма жоңышқа өсіп шықты... Қойлар жаққа қарасам, бәрі төңкеріліп жатыр. Аяқтары аспанға қарап қалған... Енді қайттім? Сары уайымның қайығына мініп келе жатқанымда, алдымда, құм арасынан бөтелкенің ұшы көрінді. Бір тептім.


«Неге тебесің-ей?» деген дауысқа селк етіп, желкемді жалмауыз тістеп алғандай болды. Бөтелкені алып, анадай жерге лақтырып жіберіп едім:


--Ей, адам емес екенсің ғой, Путин сияқты...—деген дауыс зорайып шықты. Шықшытыма дейін шып-шып терлеп, басымды түлкінің ініне тыға салдым. Жасырынған түрім. Бір кезде біреу құйрығымнан түртті. Қарасам, ақ сақалды шал тұр. Бірақ аяқтары жоқ, оның орнына салбыраған шашақтар...


--Сіз.. сіз кім боласыз?--деп сұрадым қорыққанымнан иегім «билеп» кетіп.


--Аса мәртебелі әміршім! Мен мына бөтелке ішінде жатқан сиқыршы жын боламын! Не бұйырасыз?


--Мен әмірші емес, жәй, қожайынның қойларын бағып жүрген қойшы едім...


--О, әміршім! Білемін, білемін... Жаңа ғана Байқоңырдан ұшқан «Протон» апатқа ұшырап, жерге құлап түсті. Қойларың қуырдақ болып қалды...


--Айналайын, жын ақсақал... мына қойларды тірілітіп берші... Менің өмірім қой бағумен өтіп келеді. Өмірімде мына тұрған Қызылордаға барып көрмеппін... Екінші өтінішім, мені Астанаға апаршы. Сыртқы істер министрі етіп қойшы...


 


--О, әміршім, дипломың жоқ болса да, әміріңізге құлдық! Дипломды министрлер Ресейге «нота» жіберуге жалтақтап отырғанда, сіз нағыз қазақ патриоты екенсіз!—деген жын, «Ібідә, сібідә, мібідә, гібідә!» деп күбірледі де, бөтелкенің ішіне кіріп кетті. Басым қышып барады екен. Қасиын деп жатсам, ұятсыз бір қой басымдағы жоңышқаны жеп тұр екен! Жыным келді. Жын жоқ. Бөтелкені бір тептім, ішінен түтін шығып, артынша жын көтерілді.


-О, әміршім, не бұйырасыз?—деп сұрады ол.


--Жындысың ба, ештеңе өзгерген жоқ қой?


--Ә-ә, кешір әміршім! «Протонның» әсері ғой. Қарашы, төңіректе қызғылт бұлт пайда болды... Сендер қазақтар осының бәріне төзіп келесіңдер!


--Енді?


--Сиқырымның күші әлсіздеу болып жатыр... Ресейдің Қазақстандағы полигондарын жаппасаңдар, мына Байқоңырды өздеріңе алмасаңдар көретін күндерің осы!


--Ғарыш айлағын жалға беріп, жетісіп жатырмыз! Қырғыз құрлы жоқпыз! Радиодан есіттім, Атамбаев Америка базасына бата бермей қойыпты.


--Оны үгіттеп үтіктеліп жүрген Путин деген бала. Ал, өзі неге Байқоңырдан бас тартпайды? Не, Ресей жері жетпей қалды ма? Жо-оқ, қазақ қырыла берсін...


--Бірдеңе істесеңші?


--Ібідә-сбідә, мібідә, гібідә...


Бір қарасам, Астанада жүрмін-әй... Сұлу қыздар қоршап алыпты... Қойлардан басқа түк көрмеген байғұс басым, басым айналып барады. Сыртқы істер министрі екенім есіме түсіп, кабинетіме келдім. Қойшы болғандықтан ба, қабырғаларға қойлардың портреттері ілінген. Қолымда қойшының таяғы. Өзім шырттай киінгенмін. Жынға бұйрық беріп, Путинді екі жасар балаға айналдырып жібердім. Әне, мойнында галстуг, бірақ


«әпшуі» әйгіленіп, жартылай жалаңаш Путин балақай шауып ойнап жүр. Осыны пайдаланып, «Байқоңырдан кетсеңдер қалай болар екен?» деп сұрадым. «Ікке. Қойшы-ей!» деп басын шайқайды, басына салып қалдым. Сол екен, Путин президент қазіргі қалпына келе қалды. Ыңғайсызданып қалдым... Жынға қарап едім, «Протонның» әсері. Гептилдің әсері. Сиқырым әлсіз...» деп күбірледі. Жынға жыным келді... Баяғы қойшы қалпыма қайтадан түстім... Қойларым артқа қарай жүріп, біртүрлі жайылып барады екен. Басыма қайтадан жоңышқа өсіп шықты...О, тоба, мұртым «гүлдеп» кетті! Атаңа нәлет протон! Атаңа нәлет сайқал саясат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу