18.07.2022
  207


Автор: Мұхтар Шерім

ӨРТКЕ АҚША ТӨЛЕҢІЗДЕР!

 


Құдай басқа салмасын, дүниеде не жаман? Өрт жаман. Шырт ұйқыда жат- қанда үйіңіз өртеніп жатса, сумаңдаған жалын ақырын келіп: «Ағай, тұрыңыз, мен өртпін ғой?» деп ескертпейді ,ғой. Өрт демекші, бір күні біздің бес қабатты үйдің үшінші қабатынан өрт шықты. Бала-шағамызбен далаға атып шықтық. Түн ішінде трусишең, мәйкішең шығып кеткен еркектер де жүр. Ұйқы қашып кеткен. Жұрт абдырып, өрт сөндірушілерге хабар беріп жатты. Жарты сағаттан кейін өрт сөндірушілер келді. Бірақ, бәрі машиналарынан шықпай отыр. Мұндай «қызықты» бірінші көрген жұрт өрт сөндірушілердің машиналарын төңкеріп жібере жаздады.


--Неге өртті сөндірмейсіңдер?


--Неғып тұрсыңдар?


--Қонаққа келдіңдер ме, немене?


--Өй, болсаңдаршы!


Өрт сөндірушілердің бастығы ма деймін, ырғалып-жырғалып:


--Су жоқ,--деді.


--Су жоғы қалай?


--Сол, Алматыда су жоқ.


--Онда неменеге келдіңдер?


--Жәй, әшейін...


--Өртті түкіріп сөндіремісіңдер? Ұятсыздар! Бетсіздер! Адам өртеніп кетсе, обалдары сендерге!


--Бізді қарғай көрмеңіздер,--деп қалды әлгі басекең,--су басқармасы су бермей қойды...


 


--Неге?


--Судың ақшасын төлеңіздер дейді...


--Масқара! Сіздерге де су сатылады ма, не?


--Енді..    Солай    болып    тұр...    Пәленбай    мың    теңге    қарыз    екенбіз. Министріміздің өзі «бір тиын төлесек, төңкеріліп қалайық!» деді...


--Бірдеңе етсеңіздерші, ойбай! Үйіміз жанып жатыр ғой!


--Өртке ақша төлесеңіздер, сөндіреміз...


--Немене?


--Енді...бәрі ақылы дүние ғой...


Жұртта ес қалмады. Бәрі жылап- еңіреп, көз жастарын шелекке төгіп, оны өртке шашып жатты... Тіпті жас балаларды күштеп шелекке дәрет сындырғызып жатты... Көп түкірсе көл деген сөз де рас екен. «Тфу, беттерің құрысын! Қоғам қайда бара жатыр?» деп түңілген халық бір мезгілде түкіріп еді, әп-сәтте көл пайда бола кетті. Өрт сөндірушілер тегін көлден су сорып алып, өртті сөндіруге кірісті... Қайран қазағым-ай, бұ сорлы қазақ не көрмеген қазақ?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу