18.07.2022
  657


Автор: Жақсылық Рахматулла

ҚОҒАЛЫ

 


– Кіруге рұқсат па, аға?
Талғат жартылай ашылған есіктен кіріп келе жатқан тобылғы торы, жанарында ибалық пен батылдықтың ұшқыны маздаған қызға қарап, жазып отырған қаламсабын қағаз үстіне тастай берді.
– Кел, кел, Гүлнәр айналайын, төрлет...
– Мазаңызды алғаным үшін, кешіріңіз, аға...
Ол әдеппен жымиды. Өзінен үлкен кісінің орнынан тұрып сәлем алғанына кәдімгідей қысылып қалғаны білініп тұр.
– Келгенің тіпті жақсы, – дейді Талғат оның бұнысын байқамаған болып. – Иә, жағдайың қалай. Әке-шешең бақуат па?
– Жақсы. Шеберханада жүр едім, сізге мектептің жағдайын айта- йын деп...
Осыдан үш ай бұрын мектеп директоры Өмірбек келіп шаруашылық есепте тұратын оқу үйін күрделі жөндеуге қаржы бөлінбей жүргенін айтып, көмектесуді өтінген еді. Талғат бұл мәселе жөнінде совхоз деректірі Ибрагиммен сөйлесіп көрді.
– Білім ордасына қамқорлық жасау міндетіміз ғой, – деген сонда деректір, жағдайдан хабардар екенін білдіріп. – Мектеп үйі ескі, класс бөлмелері тар, ал оқитын бала саны көп. Туасы таяу жылдарда жаңа мек- теп салмасақ болмайтын шығар. Мұнан кейінгі кезекте клуб, бала бақша, стадион құрылысы тұр. Бәрі қажет. Ал, ол қаржысыз шешіле ме?..
Талғат деректірдің осыншама құрылысты салу үшін ауылдың эко- номикасын көтеріп, мол қаржы табу керек деген ойын құптады. Сон- да қалай, шаруашылық мемлекет алдындағы миллион сомнан астам қарызын өтеп, қосымша қор жинап, жаңа құрылыс салғанша ескі мектепті естен шығарамыз ба?
Деректірдің бұл сұраққа жауабы әзір екен.
– Амал жоқ, Өмірбектің өтінішін орындауға тура келеді, – деді ол қиналып. – Қарыз сұраймыз, біздің қырсыздығымызға балалар кінәлі емес қой...
Деректір уәдесін орындап, мектеп үйін жөндеу жұмыстарын бастағанда, депутат Гүлнәрға да бірқатар шаруа жүктелген еді. Содан бері де біраз уақыт өтті. Міне, енді атқарылған жұмысты баяндауға қыздың өзі келіп отыр. Талғат ойыңды айта бер дегендей қызға қарады.
– Мектеп жаңа оқу жылына дайын, – деді ол. – Комиссия жөндеу жұмысының сапасына жақсы баға берді... Десе де, ескі үй ескілігін көрсетіп тұр, қанша сылап-сырлағанымен сәні кірер емес, бірақ бұрынғыдан тәуір.

– Жаңасын саламыз, – деді Талғат қыз көңілін жұбатып. – Әуелі етек-жеңімізді жиып алайық, мен есептеп көрдім, екі жыл қатарынан мемлекетке жүз мың центнерден астық берсек қарыздан құтылып, пайдаға шығады екенбіз. Әне, сонда ауыл қалашығы сәнді ғимараттарға толады.
– Жүз мың центнер беруге болады-ау... – Гүлнәр әлденеге мазасыз- данып, сөзін бөлді. Талғат «иә, неге тоқтадың, ойыңды ашып айт» де- гендей оған тағы қарады.
– Жүз мың центнер астық сатуға көшсек, ол үлкен абырой ғой, аға, – деді қыз сөзін жалғап. – Алайда ол межеге жету қазіргі жағдайда қиын тәрізді... Мен егіншінің жұмысын көріп жүрмін, алатын өнімі сіңірген еңбегін өтей алмайды. Есенәлиев, Қожауов басқарған бри- гада диқандарымен сөйлесе қалсаңыз алдымен агрономдарға, со- сын басшыларға наразы. Себеп, егістік алқапқа қамқорлық жоқ. Қазір пайдаланылып жүрген танаптар тозып, бүлінген. Топырақ құнарын арттыратын ауыспалы егістің көлемі аз. Қайда қарасаңыз да көзбояушылықты көресіз. – Қыз қабағын шытып тағы да кідірді. – Күріш егістігінің көлемі ақпарда кем жазылған. Содан шілдеде су тапшылығы туады. Екіншіден, есепте жоқ гектарлар механизаторларға қосымша жүк болады. Оларға еңбекақы көрсетілген жұмыс көлемі бойынша төленеді де, артық өнім диқанның үлесіне тиеді. Және де артық жерді өңдеуге, егінін жинауға қаншама күш, қосалқы шығын жұмсалып жатыр десеңізші. Бір сөзбен айтқанда басшымыздан бастап бәріміз бірімізді-біріміз алдап жүрміз. Осындай жағдайда жүз мыңды қалай аламыз? Қарыздан қашан құтылып, сіз айтқан құрылыстарды қашан саламыз?
– Үлкен әңгіме қозғадың-ау, шырағым-ай, – деді Талғат еңсесін тіктеп. – Деректір жаңадан келді, істің анық-қанығын білгенше ол не дей қойсын. Пікіріңізді жазып беріңіз. Басшымен кеңесіп, бұл жағдайды арнайы талқылайық, елге, жерге жанашыр кісілермен ақылдасайық.
Гүлнәр шығып кетті де, Талғат еріксіз ойға шомды.
... Ол механизатор қызды бұл ауылға келместен бұрын білуші еді. Бірер мәрте ауданда өткен жиналыста көрді. Топ алдындағы сөзін де тыңдады. Сол кездің өзінде қыздың бейнеті мол кәсіпке жүрексінбей барып, ел аузына іліге бастаған болмысына іштей сүйсінген. Міне, тағдыр жолы мұны Гүлнәрдің туған жеріне бастап әкелді, енді ол атағына сырттай қанық қарындастың өмірін тереңірек білуге, оны- мен қызметтес боп, ауылдың қуанышы мен ренішін бірге бөлісуге мүмкіндік алды. Сондағы көңілге түйгені – механизатор әулетінде өсіп, ата-анасы мен ауылдың тәрбиесіне қанып жетілген балаң қыз өзі

қалаған мамандықты өзге кәсіптен ала-бөтен құрметтейді екен. Кісіге тура қарамайтын ұяңдығы байқалғанымен көзі жетіп, көңілі сенген мақсатын орындауға келгенде ештемеден тайсалмайтын өжеттігі де байқалады. Қыстың бораны мен көктемнің жауынында, шілденің ап- табы мен күздің қара суығында күн-түн демей ер азаматтармен қатар жүруі соның дәлелі емес пе?
Талғат қыздың осындай қасиетін бағалап, оны түрлі көпшілік жұмысқа баули бастады. Топтың алдында пікір айтуға үйренбеген қызды әдепкіде механизаторлардың слетін ұйымдастырып, мектеп бітірушілермен кездесулер өткізуге жұмсады. Аудан мен облыста жиі болатын әр алуан жиындарға жиі жіберіп отырды. Және де бекерге ба- рып қайтпай көп алдында ойын, ұсынысын білдіруді тапсырды. Осының бәрі Гүлнәрдің қоғамдық белсенділігін оята бергендей-ді.
Талғат табиғатында қандай жағдайда да кісімен терезесін тең ұстап, ашық әңгімелесе білетін адамдарды ұнататын. Гүлнәрдің бойындағы бүгінгі еркіндік оның сол ұстанған жолымен орайласып жатты. «Ауыл экономикасын көтерудегі кедергінің бірі – көзбояушылық» деді-ау, жаңа мына бала. Сол сөзімен ел басқарып жүрген ағаларының алдында тұрған үлкен істі мегзеп кеткен жоқ па?
Парторг алдындағы жұмыс күнделігінің бетіне «Әлекееваның ұсынысы бойынша...» деп жаза бастады.


* * *
Октябрь колхозы аудандағы ертеден келе жатқан шаруашылық болатын. Тұрғылықты халықтың ежелгі кәсібі – дария суын жетелеп апарып жазыққа егін салу, азын-аулақ мал өсіру еді. Бертін келе, ол совхозға айналып, оған жыр алыбы Жамбылдың есімі берілді. Енді мұнда бірыңғай егіншілік орнықты. Мың гектардай алқаптың жері инженерлік әдіспен тегістеліп, тақта-тақтаға бөлінді, арықтар темір то- спалармен ауыздықталды. Бұл күрішшілердің қол еңбегін жеңілдетіп, дақылды агротехника дейтұғын ғылыми шараларға сай өсіруге жағдай туғызды. Осыдан алғашқы жылдары совхоз мемлекетке алпыс бес мың центнерге дейін астық сатты. Бірақ, жыл өткен сайын дақылдың түсімі көбеюдің орнына кеми берді.
Шаруашылық басшысы жиі ауысып, деректірлік жұмсақ орын- дықтың сиқы қашты. Әр бастық өзінше тәртіп орнатып, білгенін істеді. Жер тамырының соғысын біліп, байлықтың көзін ашатын кәнігі диқандарды тыңдар құлақ болмады. «Айттым бітті, кестім үзілді» де- ген шексіз билігі бар деректір де, ауданнан келетін уәкілдер де кет-

пен ұстаған диқан мен таяқ ұстаған малшыға қодаңдауын қоймады. Жоспарды, оған қоса көтеріңкі міндеттемені орындауды заң деп білді. Астықты көп бергенді «партияның шын солдаты» деп, ал әртүрлі се- бепке байланысты жоспарын орындай алмай қалғандарды адам сана- тына қоспады.
Еңбек бөлісіндегі осындай теңсіздіктер көп адамды ақиқат жолы- нан адастырып, әлеуметтік әділетсіздікке ұрындырды. Гектар көлемін көрсетпей, аз жерден «рекордты» өнім жинаған базбір пысықтардың бір жылда қалтасы қалыңдап, тұрмысы түзелді, дастарқаны аққа толып, кеудесіне нан пісті, ал маңдай терін сыпырып, адал еңбек еткендердің айлығы айлығына жетпей жоқшылықтың зардабын шекті әрі жиналыс сайын нақақтан-нақақ сыналды.
Әр түрлі құйтырқылықпен егіннен көз көріп, құлақ естімеген өнім жинау бәсекесі жердің бағын тайдырды. Инженерлік тегістеуден өткізілген танаптарды ауыспалы егіске көшіріп уақыт кетіргеннен гөрі жаңадан жер игеріп бір жыл болса да пайдаға қарық болған артық деген көзқарас орнықты. Мамандардың қолында билік болмады. Агротехни- ка заңдылығын сақтаудың орнына олар оқтын-оқтын өзгеріп жататын жоспарларды қалайда орындаудың талабымен жалған әдістерге барды. Топырақ, су уланды, одан өскен дән де тәтті дәмін жойды.
Бірыңғай егіншілікке көшкен қоғалыкөлдіктер сегіз жылда осы- нау құрдымға тартып бара жатқан асыра сілтеудің, көз бояушылықтың зардабымен аурушаң баладай аяғын әрең басып тұрды. Жері, суы, күш-көлігі бірдей көршілес Тереңөзек ауылының диқандары жылына жүз мың центнер күріш өндіріп, қазаны қаспақтанып жатқанда бұлар қатықсыз қара көже ішті.
Мамандығы мұғалім болса да Захман істің көзін білетін деректір еді. Үш-төрт жылда ол қыры кеткен шаруаның кем-кетігін түгендеп, елдің бетін күрішке бұра білді. Алайда, қар жастанып, мұз шайнап жүрген қайратты жігіт әлдекімдерге жақпады да биліктен ығысып қалды. Оның орнына келген деректір өндіріс жүйесін қайта құрмақ болып орта буын кадрларға қырғидай тиді. Көңіліне жақпағанды қудалады, ақыл айтқанды дұшпан көрді. Егіншіліктің сырын үйренуге талпынған жоқ, диқандардың тұрмысын көтеруге ықылас та білдірмей, мәшинеге мініп, қыдырумен дәурен кешті. Шаруашылықтың саяси жетекшісі болса «сен тимесең мен тименге» көшіп, соның шылауында кетті. Саяхатшыл деректір басшыларға жаққанымен ауылға сіңісіп кете қоймады. Шаруаның қыры кетіп, бірліктің пәтуасы қалмады. Осының бәрін көріп, біліп отырған елдің бас көтерер үлкендері бұдан әрі шы- дамады, сыпайылықты былай қойып, ауданға қиғылық салды. «Көп

қорқытады, терең батырады» деген, амал жоқ, аудан дөкейлері ауылдың талабымен амалсыз санасты.
Аудан басшылары енді Жамбылға «суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін» деректір іздеп жан-жаққа сұрау салып көріп еді, он- дай кісі ауыл шаруашылығы басқармасының өзінде жүр екен. «Жас десең жас, пысық десең пысық, Жамбылға мұнан артық кім барады? Бұл жолы іздегенімізді таптық» десті әкімдер. Енді кадрды елеп-ек- шеп отырғандар «жақсы басшының қабатына жаңа хатшы қосу керек» деген ұйғарымға келді. Бірақ, «астында мәшинесі, қолында мөрі жоқ» қызметке баруға тәуекел етушілер шыға қоймады. Осы жерде «бас ке- спек болса да тіл кеспек жоқ» деп, ойын ортаға жайып салып оты- ратын, «бір бет» мінезімен жақпай жүрген Жүнісовтың есімі аталған болатын.


* * *
Жүнісов орта мектеп бітірген соң жастықтың арман арғымағын ерт- теп мініп, педагогикалық институтқа барды. Оқу бітіргеннен кейін со- нау Ақмола қаласында бірер жыл жұмыс істеді. Содан Ақарықта қалған анасы Бердікгүлге қарайлап Сырға, елге оралды. Туған жерге табан тіреп, ұстаздық қызметіне алаңсыз кіріскені сол еді, ауылға келіп-кетіп жүрген комсомол басшылары оның жаңалыққа жаны құмар жастармен қарым-қатынасын ұнатты білем, аппаратқа жұмысқа шақырды.
Талғат мансапқа құмар емес-ті. Бірақ жұбайы Қадиша анасымен екеулеп мұны аудан орталығына баруға иліктірді. Осыдан былай оның ұстаздық мамандығы өмірбаянында жазылғаны болмаса, ауыз-екі ай- тылудан қалды. «Комсомол хатшысы Жүнісов, саяси жетекші Жүнісов, атқару комитетінің төрағасы Жүнісов, кәсіподақ Жүнісов...» дегендей атауларға өзінің де құлағы үйренді. Алайда, «Басшының міндеті – ақыл айту, бұйыру, өзгенің міндеті – оны орындау» дегендерге әуел бастан жұлдызы қарсы болған жігіт адамдардың бір-бірінен айырмашылығы лауазымында емес, адамгершілік қасиетінде деп түсінді. Және де осы сенімнен жығылмады.
Соғыстың алдында өмірге келген Жүнісовтың әкесі майданнан ора- лысымен дүние салды да, шаңырақ тауқыметін анасы көтерді. Талғат бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласты. Табанын талай тас тілді, маңдайынан күн өтті. Ұлының халі қабырғасына батқан анасы «Өмірдің өзі майдан ғой, құлыным. Аш-жалаңаш жүрсек те деніміз сау болсын. Алла қолдаса мың күн көрген бейнетің бір-ақ күнде ұмытылады, шы- дамды бол, балам!» дейтін.

Мектепте жүргенде оншалықты аңғармапты, қызметке араласқалы бергі жолына ой жүгіртсе бір күні де қиындықсыз өтпепті.
Талғат комсомол жұмысына барған сәттен-ақ жан тыныштығын ұмытқан еді.
Ол аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Алайда, «атқарды» деген аты болмаса жастармен бірге жүр- генінен гөрі аупартком нұсқауымен қайда жұмсаса сонда шапқылаған жүрісі көп еді. Кейде комитеттің кезекті мәжілісін өткізбек түгілі пле- нум шақыруға да уақыт таппайтын. Бір шаруашылықта жоспар орын- далмай жатса, «барып кел, жағдайды біліп кел, мәліметін алып кел» деп мұны жібереді. Тапсырманы орындап, енді кеңсесіне кіре берген- де тағы бір шұғыл бұйрық алдын орайды. «Жоғарыдан уәкіл келетін болды. Кәне, комсомол, көзге түсер кезең осы, ұмтыл. Пәленшеге бар, қонақ күтуге әзірленсін, өзің малын жайғас, дастарқанын әзірле» дейді аупарткомдағылар. Науқанды жұмыс та көп, келетін уәкіл де, әртіс пен жазушы да көп. Оларды құрметтеп күтіп алып, шығарып салуға астында зырқыраған мәшинесі бар, қол-аяғы жеңіл Талғаттай қағылез жігіт керек. Қолбала болып онда-мұнда жүгіре-жүгіре за- разап болған Талғат кезекті бір әңгімеде «Комсомол жұмысы қалып қойды. Хатшы емес, қонақ күтушіге айналдым» деп үшінші хатшыға қыңқылдап еді, ол өзіне тарпа бас салды. «Патша басымен біріншінің өзі уәкілдің шылауында жүргенде сенікі не кергу, шырағым? Мұндай мырыңыңды менен басқа ешкім естімейтін болсын» деді түсін суы- тып. Бұл қайтадан «мамандығына» жегілді. Бірақ, «қап түбінде біз жатпас» дегендей еркіндікті сүйген жігіт ақыры тәуекелге бел буған. Партия конференциясында сөз алып, өзін толғандырып жүрген ойын айтты да тастады. Осыдан кейін, «басшылардың ығымен жүрмей, жел жағынан шықтың... Енді комсомол мен қоштаса бер» десті бірқатар үзеңгілестері.
Әділ сөзін айтса да мұның аяғы не боларын білмей жүрген Талғатты екі айдан соң ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі шақыртты. «Жасың комсомолдан өтіп барады, – деді ол солғын сөйлеп. – Орынды жастарға босату керек. Бюро сенің еңбегіңді, белсенділігіңді дұрыс бағалап, со- вхоз партия ұйымын басқаруға ұсынды».
Жүнісов қуанды. Тіпті қайда, қашан бару керектігін де сұраған жоқ. Ол арыз-шағым өрттей қаулап жатқан Абай совхозына осылай келді. Келген күннен ауыл өмірін білуге, адамдармен жақын араласуға барын салды. Ұзамай оң сөзін айтып, адалымен кеңесетін аға, жолдас, іні тапты. Партия жұмысы да шаруашылықтың, оны басқарып отырған кісінің аужайына қарай өзгере береді екен. Жиналыстың күн тәртібін

бекітіп, оны өткізу үшін деректірдің келісімі керек. Мемлекет мүлкін ішіп-жеп, алшаңдап жүрген мамандардан жауапкершілік сұрауға кіріскенде ауданнан телефон шалына бастайды. Телефон соғушы анау- мынау емес, аупартком немесе ауаткомның белді қызметкері болып шығады. Оның бер жағында көңіл жақындары да базыналық жасап, өтініп жатқаны...
Жас хатшы мұның бәріне де иліге қоймады. Өтініш, тілек біл- діргенге де, бұйырып, күш көрсетуге тырысқанға да жағдай айтып, қипақтамай, шындықты нақпа-нақ баяндап береді де, «Міне, осылай. Мен арыма қайшы келе алмаймын» деп әңгімені келтесінен бір-ақ қайырады.
Осы ақиқат жолы Жүнісовты талай рет от пен судан аман алып шықты. Аупарткомның бірінші хатшысынан былайғы адамға жөнді сәлемін бермейтін деректірдің партия жиналысында есебін тың- дап, бет-жүзіне қарамай сынағанда Талғат қимылы көпшілікті таң қал- дырды. Артынша аудан басшысы телефон соғып, мұнысына кейістік білдіргенде, көптің пікірін арашаға ұстады және шаруашылық жетекшісі халық арасында беделсіз екенін ашық айтып, өз пікірін дәлелдеуге тырысты. Бірақ, анау бұған «бағытыңыз дұрыс. Адалдық, тазалық – партия кадрының ең абзал қасиеті. Ауылды жікке, топқа бөліп, бүлдіріп жүргендерді тәртіпке шақырғаныңыз жөн болған екен» демеді, қайта «Алтау ала болса ауыздағы кетеді». Бармай жа- тып басшыға ауыз салғаның қалай? Балалықты таста, кеңесіп, келісіп жұмыс істеңдер» деді зілденіп.
Қолдаушысы мықты деректір өзін сынаған алқалы жиынның шешімінен аяғын тартқан жоқ. Баяғыша шалқып-тасып жүре берді.
Егін орағы аяқталып қалған кез болатын. Қырман басындағы қызыл мүйісте отырған Талғатқа маманның бірі жайсыз хабар жеткізді. Деректір бір механизатормен төбелесіп қалыпты. Таяқ жеген жігіт шағым айтуға ауданға кетіпті. «Ал, деректір өлердей мас көрінеді, астық бастырып жүрген біраз кісі мәшинеге зорға мінгізіп, үйіне жөнелтіпті» деді әлгі кісі.
Ол бұл хабарға сенерін де, сенбесін де білмеді. Әйтсе де, жанын- дағыларға сыр бермей. «Істің жай-жапсарын өзіміз анықтап, кінәліні өзіміз жазалаймыз. Анау азамат ашуын бассын, ел-жұртқа күлкі болмайық» деп хабар айтушыны таяқ жеген механизатордың соңынан жіберді. Болған жағдаймен құлақтанып қалған ауылдық Кеңес төрағасы мен партком мүшесінің бірін деректірдің үйіне жұмсады. «Артық сөз айтып, отбасының берекесін алмаңыздар. Деректір үйіне барып па, біліңіздер. Демалсын, кейін сөйлесерміз» деді оларға.

Ертеңінде елең-алаңда қырманға келген Талғат деректірге жо- лықты. Бет-аузы күлтілдеп іскен, шекесіне қызыл дақ түсіпті, оны білдірмеуге тырысып, бас киімін қисайта киіп алыпты. Ол Талғатпен салқын сәлемдесті де, егінжайға баратынын айтып, мәшинесіне отыр- ды. Екеуінің кездесуі қас қағымда болғаны сондай, бұл оған бір ауыз сөз айтып үлгере алмады.
Сол күні ол деректірмен де, механизатормен де сөйлесті. Деректір болған жайды мойындамағаны былай тұрсын, «Сіз осы тырнақ асты- нан кір іздегенді қашан қоясыз. Ағайын арасындағы майда-шүйдеге араласпағаныңыз жөн» деп мұның өзіне одырайды. Механизатор бол- са төбелесіп қалғанын жасырмады, «бас жарылса бөрік ішінде» де- ген. Деректір ат-тон айыбын жауып, кешірім сұрады. Болған іс бол- ды, оны қайтып қозғамай-ақ қойыңыз» деді ол. Жазбаша да, ауызша да шағым болмағандықтан оқиғаны жылы жауып қоюға тура келді. Оның бер жағында партком мүшелерінің көбі: «басшының бір еркелігін көтермесек елдігіміз қайсы» деп мәселені жиналыста қарауға ырық бермеді. Кейін ол сол дәрменсіздігінің сазайын тартты да. Бір жина- лыста ауылдағы жас мұғалім мұны принципсіздігі үшін оңдырмай сынады. Ол да осы Гүлнәр тәрізді періштедей таза, қулық-сұмдықты білмейтін, аңғал әрі ашық мінезді жан тұғын. «Ағаға қарап іні өсер...» деген сөз бар. Біздің үлгі алар үлкеніміз өздеріңіз. Біріңіз мас болып жұдырық жұмсап, екіншіңіз қылмысты бүркемелеп тастасаңыздар, өзгеден не үміт, не қайыр...» деген еді ол. Сонда бұл ұялғанынан жерге кіріп кете жаздаған.
Осыдан былай қарай жас жігіт пен қыртысы қырық қатпар шаруашылық басшысының арасы ашыла түсті. Жазықсыз жәбір көріп, көмек сұраған кісілер көбейген сайын екеуінің әңгімесі де шиеленісе түсті. Бұл «адамды қорламаңыз, жіберлемеңіз» десе, деректір «Жыл- тыр сөзбен коммунизмге бара алмайсыз, жігітім. Үгіт-насихаты- ңызды мен сияқты деректір болғанда пайдаланарсыз» деп, бұрылып кетеді.
«Мың асқанға бір тосқан» деген рас-ау. Жоғарыдағы мықтыларға май асатып, ауылдағы жұртына қан құстыруға айналған деректір бір күнде бақ құсын қолынан ұшырып алды, арыз тексеруге келген ревизормен шатасамын деп өз былығын өзі қоқытты. Тексеру ба- рысында мемлекет байлығын талан-таражға салған көп қылмысы ашылмай қалды. Егер аудан басшылары істің бетін бері бұрмағанда, ол жауапқа тартылып кетер ме еді, әлде қайтер еді. «Аш құлақтан тыныш құлақ» дегендей деректір орнынан босады да бықсыған шала тұтанбады.

Деректірді орнынан түсірген аупартком бюросы Талғаттың да маңдайынан сипамады. Бюро мүшелерінің бірі оны «кадр тәрбиесін бетімен жібердің» деп айыптады. Кінәлі ме, жоқ па, басшылардың алдында оны дәлелдеудің жөнсіздігін қызба мінезді жас жетекші сол сәтте ұмытты. «Кадрды тәрбиелей алмағаныма кінәлімін, бірақ деректірді қанатының астына алып, дандайсытып жіберген аупартком да кінәлі» деп жасқанбай қарады. Оның сөзі жараның аузын тырнап алғандай болды. Бұрын-соңды мұндай сөзді естімеген бюро мүшелері дуылдасып кетті. Алайда, көпшілік «бюроны менсінбей сөйлегені үшін партиядан шығарып жіберейік» деген базбіреулердің ұсынысын қостамады.
Бюро мәжілісі қайнаған судай бұрқ-сарқ етіп басылды. Мәжіліс төрағасы: «Деректір Сіз басқарған ұйымда есепте тұрады. Оның тағдырын аупартком емес, ауылдағы коммунистер шешуге тиіс. Мұны білмесеңіз қалай жұмыс істейсіз? Аңдамай сөйлеп, арындап кетесіз... Шаруашылықтың кемшілігіне де, оны басқарған кадрдың жауапсыздығына да партия ұйымы тікелей кінәлі. Сол үшін қатаң жаза беруге болады, бірақ жастығыңызды ескереміз...» деп ақтық сөзін айтты.
Талғатты енді көрші ауылға кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп жіберді. Қызметім төмендеді деп намыстанған жоқ, бұл саланы да білуге ықылас қойды. Партия ұйымының хатшысы болып жинаған азды-көпті тәжірибесі кәдеге асып, мұнда да іскер жігіт деген атқа іліге бергенде халық оны ауылнайлыққа лайық көрді. Бұл қызметте де ұзақ отыра алмады, бірақ...
Бірде аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі ша- қыртты.
– Абай атындағы ауылда жіберген қателіктен қорытынды шығарып келесің, – деді ол Талғатқа сынай қарап. – Аупарткомға қарсы шыққан мінезді қойған боларсың... Иә, «бекіре балықтың басы тасқа тимей қайтпайды» деген сөз бар, жастық кісіге не істетпейді... Ақсақал (ол біріншінің атын атамай әмсе осылай айтушы еді) кешірімді адам, қателескен кадрға да сенім білдіре алады. Сені Жамбыл ауылына жіберсек деп едік. Байқа, бұл соңғы мүмкіндігің, солай, жігітім!
– Мен қайда жұмсасаңыздар сонда барамын, – деді Талғат оның намысқа тиердей әңгімесін одан әрі естуге шыдамы жетпей. – Тек жұмыс істеуге ерік беріңіздер.
Талғат жаңа ортада жұмыс істеу оңай болмасын білді. Абайға алғаш барғанда жастық қызбалықпен кез келген іске араласа кетіп, ар- тынша опық жеп қалушы еді. «Әр жердің өз ерекшелігі бар, оны еле-

мей бәрі де «кітапқа жазылғандай, қаулыда көрсетілгендей» болсын деп сірескеніңмен дегеніңе жетпейсің. Әсіресе, рушылдық, жершілдік байланыстар сақталып, оның ықпалы жүретін жерде лауазым күшімен ұжмақ орнату қиын. Ұзақ жылдан бері тұрмысқа еніп, сананы шырмап алған теріс құбылыстарға қарсы күресудің тәсілін табу керек. Насихат пен үгіттің қаруын көптің ортасындағы сыйлы азаматтардың қолына ұстату қажет. «Жалғыз ағаш орман емес», бұқараның жанын түсінбеген басшы да сол жалғыз ағашпен тең».
Талғат саяси жетекшілікке екінші мәрте келгенде осылай сан ойла- нып, сан толғанды. Ол жұмысты бастағанда «Парткомның келісімінсіз аяқ баспайсыз» деп деректірдің шамына тимеді. Партком мүшелерін қайта іріктеуге де асыққан жоқ. Кімнің неге қабілетті екеніне көз жеткізбей тұрғанда әділ шешім қалай туады. Үш-төрт айдағы білгені коммунистердің көбі қоғамдық өмірден шет қалыпты.
– Партия мүшесі ең әуелі көптің арасында, жеке отбасында үлгі көрсететін адам. Партбилетті қалтасына салып алып тәртіпсіздік жа- сап, жұмысқа шықпаса, жиналыста ортақ іске пайдалы ұсыныс айтпай ұйықтап отырса, кемшілікке көз жұмып қараса ондай адамды комму- нист деп айтуға бола ма? Өкініш сол, бізде мұндайлар бар, – деді Талғат кезекті бір жиналыста. – Сондықтан, бірінші міндет өзімізді-өзіміз қолға алайық.
Сонда Ленин орденді Бейсен ақсақал сөз алды.
– Хатшының талабын құптап отырмын, – деді ол, – аулымыздың айнасы да, абыройы да коммунистер деп жүрміз. Олай болса «Жамбыл олай, Жамбыл бұлай», «Жамбылда береке жоқ» деген сөзге күйетін де, жанатын да әуелі солар ғой. Белден күш, қолдан іс кетіп, тілге қарап қалған қарттар дым білмейді, түк сезбейді демеңдер, олар бәрін көріп, біліп отыр. Бірлігіміз, ынтымағымыз сұйылып барады. Ол болмаған жерде береке бола ма? Келген бастықтарды сынап-мінеуге, қит етсе үстінен шағым жазуға дайын тұрамыз. Ал, өзіміз қалаймыз, туған ауылдың дәм-тұзын ақтап жүрміз бе. Бірлесе осы сұрақтың төңірегінде ойланып көрейікші.
Талғат егіс бригадирі Жаңбырбайды да осы жолы таныды. Зор тұлғалы, қалың қабақты жігіт ардагер сөзін тірілтті.
– Соңғы жеті-сегіз жылда коммунистің адалдығы жайында бүгін- гідей аталы сөзді естіген емеспін. Жиналыс өтіп, қаулы қабылданып жатады, оған өкпеміз жоқ, бірақ әңгіменің бәрі жұмыс қақында болады, ал сол жұмысты орындайтын адамдардың жағдайы қалай, көйлегі көк пе, тамағы тоқ па, отбасы аман ба, көңіл күйі дұрыс па, оны біліп жатқан тірі пенде жоқ. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп, былық пен

шылыққа төзе береміз. Соның бірі өзіммін. Бұл – менің осалдығым. Ендігі тұста олай болмайды, Қоғалының тағдыры бәрімізге ортақ. Адал еңбекті ауылдың дәулетін көтеруге, бала-шағаның тоқшылықта болуы- на жұмсайық. Бірлік бар жерде береке бар...
Осы жиналыстан соң Талғат Жаңбырбай мен Гүлнәрді жанына ертіп ауылды аралады. Оларға ауылдық кеңестен кісілер ерді. Мұның пайдалысы, ауыл белсенділері адамдардың үйдегі тірлігімен танысты, олардың әл-ауқатын, тұрмысын көрді. Осыдан кейін-ақ жаңадан кел- ген хатшының ізгі қадамына тілеулестік білдірушілер көбейіп жатты.
«Көргенді бала екен, – десті қарттар жағы. – «Кіммен тұрсаң сонымен көгер» деген, елге келген соң оның жай-жапсарын білмесе несі адам».
Әр шаңырақтың талап-тілегін, жағдайын дәптерге түртіп алған Гүлнәр кеңсеге келгеннен кейін:
– Білмейді екенбіз, – деді таңданысын жасыра алмай, – үйінде бірде-бір кітабы жоқ, газет-жорналға жазылмайтын коммунистер бар деп кім ойлаған...
Жаңбырбай да көңілге түйгенін айтты.
– Жатақханаға әп-әйдік монша берілген, бірақ шаштаразы жоқ. Ал- дымен осыны да реттеген жөн-ау...
Ауыл мұқтажын шешу туралы партком мүшелерінің ұсыныстарын оқығанда деректір сыр берді.
– Мына жазғандарыңды түгендеуге шаштың түгі жетпес. Бәрін бізге қаратып отырған екенсіздер де... Көше салу, құрылыс жүргізу қаржысыз орындалмайды. Алдымен жұмысты ретке келтіріп алалық, сосын көре жатармыз.
Арада көп өтпей бұрынғы деректірмен ортақ тіл таба алмай шет- теп жүрген Жаңбырбай мінезі ашық Талғатқа үйірсек болып алды. Ал, жаңадан келген деректірді агроном ретінде іш тарта бастады. Сөйтіп жүргенде басшының сөзі көңіліне жақпады. Мұндайда кішірейе қала- тын Қожауов қайда, деректір екен демей әдетінше қарсыласа кетті.
– Көптің талабы орындалмайтын болса, онда несіне әуреге салдыңдар. Халықтың құлағын көтермей «өз қотырымызды өзіміз қасып» жайымызға жүрмедік пе?
Талғат сөз ушықтырмай қақтығыстың алдын алды.
Кеңесіп әлеуметтік даму жоспарын жасаймыз. Қаржы таппасақ, мемлекеттен қарызға алу жағын ойласармыз. Ең әуелі, қызмет көрсету саласын мықтап қолға алу керек. Деректір жолдас, «қалауын тапса қар жанар» деген ғой, сіздің ықыласыңызға иек артамыз.
Бірақ деректір бұл сөзді қозғаған жоқ. Екі күннен кейін монша- дағы төсек-орынды алғызып, жөндеуге тапсырма бергенін естігенде,

Талғат оны «қайтымы жылдам жігіт болды» деп бағалады. Күзге салым ауылды көркейту айлығы жарияланып, спорт кешенін жаб- дықтауға, көшелерге тас жолдарын тартып, көшет отырғызуға, үйлерді жөндеуге техника, материал бөлінді. Әкімшілік тұрмысы төмен үйлер мен ардагерлерге тегін отын дайындап беріп, азық- түліктен қарасты.
Бірақ экономикасы бауырын көтере алмаған шаруашылық мәдени- тұрмыстық қажеттікке қаржы таба алмай қатты қиналды. Оның бер жағында, басшылар жаңарғанымен шаруашылық өндірісінде бірден өзгеріс байқала қоймады. Бұрынғысынша әр бригада жерді қалауынша пайдаланды. Қаржының қайтарымы бар ма, жоқ па, оған басын ауыртқан деректір де, агроном да, экономист те болған жоқ. Бригадир Жаңбырбай шаруашылықтың су жолдары жүйесін өзгерту жайында бір емес, бірнеше рет ұсыныс жасады, бірақ оны әкімшілік қабылдамай тастады.
Диқандар егіске суды сонау бір қиянда жатқан Шіркейлі ка- налынан алды. Күріш бас алып, қауызына дән тола бастағанда әрдайым судан қорлық көрді. Осы қиындықтан құтылу үшін совхозға сағасын бірден дариядан алатын еншібас канал қажет еді. Бір кез- де іскер атанған деректір Захман бұл мәселені ауданның алдына қойып, пікірін өткізгендей болған. Мемлекет тарапынан мол қаржы бөлініп, Жаңарық каналының құрылысы да басталған еді. Алайда, ол жамбылдықтардың егістігіне он шақырым қалғанда тоқтап қалды. Құрылыс десе жар құлағы жастыққа тимейтін Захман жоқ, оның ерттеулі атына мінгендер босқа күн өткізді. Игілікті істі қайта қозғап, құрылысты қайта жүргізу жаңа деректірдің үлесіне тиген кезде ол аудандық мекемелерді жағалап, басшыларының оң қабақ бермегенін байқады да үнсіз қоя қойды. Аузы батыл Жаңбырбай кездескен жерде
«Жаңарықтың жағдайы қалай?» деп тықыраңдай бергесін «Бөлінген қаражат басқа мақсатқа жұмсалып кетіпті. Келген басшылармен жағаласа бергенше, каналды қолыңмен қазсаң да аяқтамадың ба?» деп бригадирдің өзіне соқтықты.
Талғат деректір билігіне араласпаушы еді. Бірақ ол ауылдың болашағына қатысты мәселеге мән бермей тұра алмады.
– Жаңбырбайдың бригадасы қиындыққа қарамастан күріштен мол өнім жинап жатыр. Бұл облыстағы үздік көрсеткіш, – деді Талғат деректірмен оңаша әңгімеде. – Оның жақсы ұйымдастырушы екеніне шүбә келтірмейміз. Олай болса, оның арық құрылысына жанашырлығын орынсыз деп айта алмаймыз. Абзалы, бұл мәселені көппен кеңесіп шеш- песе болмас...

«Күрішін егуді біліп жайына неге жүрмейді Қожауов? Совхоздың шаруасына ие болар адам бар ғой!» деп әдепкіде ашуланған деректір хатшының сөзінен кейін сабасына түсті.
– Егіннен бұрын малдың жағдайы жаныма батып тұр, – деді шағынып. – Малдың өлім-жітімі көп. Малшылардың сөз әлпеті жа- ман. Бұрынғы деректірді жамандағым жоқ, ол да өзіміздей азамат қой, әйткенмен ферма тарап кетуге айналған екен, не бар, не жоқ, біліп болмайды.
Деректірдің бұл сөзі тегін емес еді. Жыл аяғында жүргізілген санақта екі жүз елу сиыр зым-зия жоқ болды, сондай мөлшерде өлім- жітімге ұшырағаны және бар.
Фермадағы былықтың бетін ашуға жедел комиссия құрылып іске кірісті.
Бұл хабарды естіген облыстық партия комитеті қарап жатпа- ды. Мал басын аман сақтаудағы партия комитетінің жұмысы жайлы Талғаттың есебін бюрода талқылауды ұйғарды. Бірақ бюро мәжілісі басталғанда партком хатшысы болып істегеніне төрт ай болған Жүні- совтен гөрі жауапкершілікті совхоз деректірі мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығынан сұраған жөн деген пікір туды. Осы бюрода «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» деректір есеп кітапшасына жазылған қатаң сөгіспен қызметінен босаған болатын.
«Деректір болғанына бір жыл толмай жатып ол қыруар малды қалай құртып үлгірді? Егер ферма меңгерушілерімен ауыз жаласып ішіп-жесе айыптылар заң жолымен неге жазаланбайды? Мүмкін, бұрынғы совхоз басшыларының қылмысқа қатысы бар шығар? Сонда партия комитеті қайда қарап отырған? Мұнда бір сыр бар... Қылмыстың қайталанбауы үшін сол сырдың бетін ашу керек...»
Осындай пікірге келген партия комитеті тексеру комиссиясының жұмысын одан әрі жалғастыруды қажет деп тапты.
Жүнісовтің бұл әрекеті сол күні-ақ аудан басшыларының құлағына тиді. Ертесіне хатшы «кінәлілер жазасын алды, іс жабылды. Парткомның ендігі қимылы «жау кеткенде қылышыңды боққа шаппен» барабар. Ко- миссия таратылсын. Коммунистерді обком мен аупартком бюросының қаулыларын орындауға жұмылдыру керек» деген нұсқау алды. Ол бұған қанағаттанбай, мәселенің анық-қанығын ашып алғанымыз жөн тәрізді, тексеріп көрейік» дегенде оның обком бюросынан сүттен ақ, су- дан таза шыққанына наразы болып жүрген аудан басшысының бірі «Әй, Жүнісов, – деді даусын көтеріп. – Мен не деп тұрмын, сен не деп был- жырап тұрсың? Саған аудандық, облыстық партия комитетінің шешімі

аз ба? Жоқ, демократиялық централизмді ұмытқың келе ме? Жоғары органның шешімі төменгі ұйымға заң деген емес пе? Отпен ойнама, бала, өртеніп кетесің...»
Талғат амалсыз комиссияны таратты.
– Бұл хабарды естіген соң Жаңбырбай Жүнісовке келіп: Ауданды билеп-төстеп отырғандардың ішінде қылмыстың себебін ашудан жал- таратын адамдар бар. Өйткені, олардың да ары таза емес. Әйтпесе біздің белімізді басып мәселені неге аупартком бюросында, одан обкомда қарады. Осыдан соң әділдік бар дегенге кім сенеді, – деді қатты түңіліп. Талғат бұл жайды басқаша ойлайды екен.
– Жоғары органдардың шешіміне сәйкес мал шаруашылығының тіршілігін ашық партия жиналысында талқылаймыз, сөйтіп кеңейтілген жоспар жасаймыз. Сол кезде ойыңызды бүкпей айтасыз – деді ол бұл істі мүлде жауып тастауға қарсы екенін аңғартып.
Жүнісов сөзінде тұрды. Комиссия шығарып дабыра қылмай-ақ мал шаруашылығындағы қиындықтардың бетін Бейсен, Жаңбырбай, Гүлнәр тәрізді коммунистер арқылы ашып алды. Ауылға жаңадан деректір бо- лып келген Ибрагим екеуі кеңседе ұзақ отырып, ферманың өткен әр жы- лына талдау жасады, малдың әр басына жұмсалған қаржы мен оның қайтарымын шотқа салды. Есептеп көргенде соңғы бес жылда ет, сүт сатудың жоспары бірде-бір рет орындалмаған екен. Ферма жылына жеті жүз мың сомның үстінде шығын беріп, күріштен түскен болмашы пай- даны жұтып жібереді екен. Мал тұқымы ала-құла. Бір кездері қымбат бағаға сатып алынған сүтті, етті сиырлар жекенің меншігіне өтіп кет- кен де, табындарда атасы зеңгі баба демесең ешкінің сүтін беретіндер қалған. Мал азығы үшін дайындалған жемшөп ақпанның аяғына жет- пей таусылып, ауыл көршіге алақан жаятын көрінеді. Шаруашылықта жоңышқа, жүгері егілмейді, егілген кезде онан жөнді өнім алынбайды.
– Алдымен жоңышқа егелік, – деді Ибрагим. – Бұл әрі малға тап- тырмайтын азық, әрі күріштік жерді тыңайтады.
– Дұрыс. Мал тұқымын асылдандыру, ферманың күш-қуатын нығайту туралы ойыңызды қостаймын, – деді Талғат оған. – Менің айтпағым малшылардың қатарын жастардан, байырғы шаруалардан толықтырып, еңбек ақысын көтермесе дым шықпайды. Жақсы идеяның бәрі тамақ бола бермейді.
Деректір Талғатты құптады.
– Иә, бұл орайлы мәселе. Малды бас пайдасына жұмсап, ағайын- туысына жетектетіп жібере беретін дарақы бақташыларды басқа шаруаға ауыстырамыз. Парткомның бұл ұсынысына екі қолымды көтеремін. Ал, өз тілегімен малға баратын коммунистер бар ма?

– Бар. Олармен күні ертең кездестіруіме болады.
Сол күннің ертеңінде қос Еңбек Қызыл Ту орденді механизатор Қаһар мен Гүлнәрдің ағасы, аудан жеңімпазы Сағынтай деректірдің ал- дында отырды. Бұлардың қатарына тағы да бес жігіт қосылды. Ибра- гим мал шаруашылығына баруға тілек білдірген жастардың шаңырақ басына бір бұзаулы сиыр мен бес қой бергізді және екі жылда жаңа пәтермен қамтамасыз етуге уәде байласты. Ол уәдесін жұтпады. Со- вхозда құрылыс жұмыстары жолға қойылды. Бұдан бұрын бес жылда бес пәтер салынса, енді жылына тоғыз үй салынды.
Ибрагим Талғаттан сегіз жас кіші еді. Онжылдықты осы Жам- былда бітіріп, ауыл шаруашылығы институтында оқыды. Оқуды біті- ріп, инженер-механик мамандығын алған соң туған ауылына келген. Өндірісте екі жыл істеді де, аудандық партия комитетіне қызметке шақырылды. Осында көпшілікпен жұмыс істеуді үйренді, мінезі са- бырлы, сөзі орнықты жігіт бірте-бірте үлкен-кішінің назарын өзіне аударды. Жамбылға деректір тұрақтамай, кадр таңдаудан аупартком- ның де беделі түсе бастағанда ауыл қарттары оны ел басқаруға шақырды. Бұл ұсынысқа қарсылар да, қолдаушылар да аз болған жоқ. Қарсы болғандар «Әбибуллаев әлі ысылмаған бала, шаруашылықты алып кете алмайды» десті, қолдаушылар «Ақыл-жастан, ол жас болса да адамдармен тіл табыса алады, өткір жігіт. Кім анасынан бастық болып туды дейсің, бәрін өмір үйретеді» десті. Екі жақтың да пікірлерін таразылай келіп аудандағылар халықтың қалауына қарсы шықпады.
Талғат жас деректірдің келген бетте қолға алған екі ісіне сүйінді. Бірі бітпес әңгімеге айналған Жаңарық каналының құрылысын одан әрі жүргізудің көзін табуы еді де, екіншісі ауыл қарттарының басын қосып, совхоздың экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ақыл-кеңес сұрауы еді. Оның бұл ісі көптің көкейінен шықты.
Әйтсе де деректір де, бұл да жоспарды орындаудағы көптен қалыптасқан дағдыны, оның әлеуметтік зардабын біле тұра кеселді асқындырмай емдеуге бел буып кірісе алмады. Жоғары жақтан түсіп жатқан сансыз тапсырмалардың тасқыны басқару механизмін өз ырқынан шығармады. Жоспарды қалайда орындау міндеті оларды өз ағымына ілестіре берді. Дәл осы тұста Гүлнәр егінші-механизатор аты- нан батыл ұсыныс жасады. Қыздың бұл көтерген мәселесі Талғаттың ағынға қарсы жүзуге іштей дайындалып жүрген талабына қанат бітірді. Партия қызметінде азды-көпті тәжірибе жинақтаған хатшы алдағы күрестің оңай болмасын да сезді.

Деректір олардың инженерлік жүйедегі жерді қайта жөндеу, қосымша инженерлік жүйе жасауға қаржы табу, ақырында барлық егіншінің артық күріш егуіне тыйым салу туралы ұсынысын ой елегінен өткізіп көрді. «Бүлінген жерді қайта қалпына келтіру оңай ма? Ол үшін су тоспаларын да, канал желілерін де жаңарту керек. Жаңартып қоймай топырақтың құнарлылығын арттыру үшін пайдаланылып отырған танаптардың белгілі бөлігіне үш-төрт жыл қатарынан жоңышқа егу қажет. Күріштің көлемін қысқартпай бұл шараларды бірден бастауға кім келіседі? Қазір мемлекетке тоқсан мың центнер астық беруге көшіп, атағы қайта шыға бастаған жамбылдықтар өнімді есептегі егіс көлемін аялап күту арқылы емес, артық шығын жұмсап өлермендікпен молайтып отыр. Гүлнәрдің «Бәріміз көзбояушылыққа барамыз» деуі сондықтан. Иә, бұл жағдай осылай ың-шыңсыз кете бермейтіні де рас. Түбінде үлкен қылмысқа апарып соғары сөзсіз. Сол кезде өткен қателіктерді қайталағаны үшін алдымен басшыдан жауап сұралмай ма? Сұралғанда қандай, оңды-солды пайдаланған жерге кеткен барлық шығынның орнын толтыруды талап етеді. «Бұрыннан осылай екенін өздерің көріп, біліп жүрсіңдер» деп ауданның қай басшысына кінә тағады. Жоқ, олай дей алмайды. Деген күнде «Кәне, нағыз адал адам сен болсаң кемшілікті неге түземедің, кім қолыңды қақты?» дер еді. Сонда бұл дәлел таппай жер шұқып қалмай ма? Туасы, тұйықтан шығар жол біреу, ол – қателіктерді ауылдастарға ашып айтып, оны жөндеудің жо- лын бірлесіп шешу...
Ол ойлана келе хатшы мен механизатор қыздың ұсынысы дұрыс деген шешімге келді.
Деректірдің көзқарасын білгеннен кейін Талғат мәселені партком талқысына салуды жөн көрді.


* * *
Жиналыс баяу басталып, аяғы қызу тартысқа ұласып кетті. Сырт- та көз байланып, ауыл үстін қараңғылық басты. Жұмыстан шаршап- шалдығып келсе де, көпшілік Гүлнәрдің ұсынысын ықыластана тыңдады. Оған әуелі деректір үн қосты. Сол-ақ екен, сөз тиегі ағылып кете берді.
– Жерді бүлдіргенді, ақпарға қосып жазғанды жауапқа тартсақ, онда осында отырған біразымыз қылмысты болып шығамыз, – деді сөйлегендердің бірі.
– Жалған көрсеткішпен даңққа бөленгенше, шындықпен отқа күйген артық. «Мың асқанға бір тосқан», істеген ісімізді мойнымызбен көтереміз, – деді екінші біреу.

– Болар іс болды. Ендігі мәселе ауру асқынбай тұрғанда емдеу, – деді еңбек ұйымдастырудың мердігерлік әдісіне көшкен бригада жетекшісі Қожауов. – Мың жарым гектар тегістелген жерді тиімді пайдалансақ, мемлекетке ең кемінде жүз мың центнер өнім өткізе аламыз. Біздің, бригада коллективі гектар түсімділігін алпыс цент- нерге молайтуға уәде беріп отыр. Даңғайыр диқан Жақаев айтпақшы
«Егінші – мәрт, жер – жомарт». Екіншіден, экологиялық жағдайды жақсартуды ойласқан жөн. Гүлнәр дұрыс айтады. Өнімді көп береміз деп улы тыңайтқышты есепсіз көп пайдаланатын болдық. Оның есебіне астықтың сапасын жойдық, қоршаған ортаны зақымдадық. Мысал ретінде айтайын, гербицид қолданылған күріштікті суарған судың ақабасы көл-көлшікке барып құйылып жатыр. Ол суда балық та, құс та өспейді, оны мал да ішпейді. Бұл сұмдық қой... Күріштікке гер- бицид шашқанда ұшақтан ұшқан тозаңды жел айдап әкеліп ауылдың үстіне қонады да, жайқалған бау-бақшаны күйдіріп жібереді. Мұны ойдан шығарып отырғаным жоқ, бәріміз көріп жүрген жағдай. Тағы бір айтарым, гербицидті екі жүз гектарға қолданғанда орта есеп- пен сексен мың сом қосымша қаржы жұмсалады екен. Көрдіңіз бе, қаншама зиян?
– Гербицидтің залалы көп, оны өзімізде білеміз, – деді отырған- дардың бірі бригадирдің сөзін бөліп. – Айтыңызшы, Қожауов, оны пайдаланбасақ арамшөптен қалай құтыламыз?
– Бір-ақ жауап, – деді бригадир, – агротехникаға сүйенеміз, жерді жыртқаннан бастап егінді жинап алғанға дейін агрономның әмірін бұлжытпай орындаймыз. «Жібекті түте білмеген жүн етеді» деп қазекем бекер айтпаған. Жерді баптай білмесек, еңбегіміз еш болмақ.
– Ұсынысыңызды айтыңыз.
Жаңбырбай хатшының бұл сұрағына мүдірмеді.
– Әлгіден бергі айтқаным ұсыныс емес пе? Қолда бар жерді дұрыс пайдаланамыз. Ауыспалы егіске жаппай көшеміз. Әр бригада кемінде үш жүз гектар жоңышқа ексін. Содан соң, ғылым мен озат тәжірибеге ықылас қоятын кез келді. Агрооқудың сапасын жақсарту ләзім.
– Ал, гербицид туралы өз пікіріңізде қаламысыз?
– Иә, біздің бригада биылдың өзінде одан бас тартты. Улы тыңайтқышқа жұмсаған қаржыны еңбекақыны өсіруге пайдаланған жөн.
– Жөн. Құлаққа кірер сөз айтты.
– Гүлнәр мен Жаңбырбайдың сөзі бір жерден шықты-ау.
– Е, екеуі бір бригадада істемей ме. Бар мәселені қыздың құлағына құйып жүрген өзі шығар.

– Тек Гүлнәр емес, біздегі жұмысшылардың көбі солай ойлайды, – деді Қожауов.
Жиналыста мынадай ұйғарым болды. «Шаруашылықта орын алып келген көзбояушылықты түбірімен жою. Мамандардың агротехника шараларын орындаудағы жауапкершілігін арттыру, ауыспалы егісті шұғыл дамыту. Қожауов басқаратын жетінші бригаданың күрішті гербицидсіз өсіру тәсілін зерттеп, оны ішінара өзге бригадаларға тара- ту, инженерлік жүйедегі алқаптарды қайта жөндеп, жаңадан бір жарым мың гектар жерді тегістеуді ұйымдастыру...»


* * *
Қаулы алу, міндет бөлісу оңай болғанымен, оны орындаудың жолы қиын болып шықты. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы жамбылдықтардың дабылымен инженерлік жүйеге келтірілген алқап- тың сапасын тексеруге комиссия жіберді. Комиссия бір аптада талай кемшіліктің бетін ашты. Шаруашылықта агротехникалық шаралар қағаз жүзінде қалған. Бұған тікелей совхоз басшылары кінәлі болған.
Аупартком бюросынан Ибрагим де, Талғат та қайтты. Десек те бюро мүшелері шындықтан аттап кете алмады. Ауылдың бұрынғы егістік жерін қайта жөндеу және оның көлемін жаңадан екі мың гектарға дейін ұлғайту қажеттігі қаулыда хатталды.


* * *
Арада бір жыл өтті. Ауылда еңбек ұйымдастырудың жаңа белгілері байқала бастады. Жас деректірдің батылдығы, келешекті пайымдай білетін зеректігі көп мәселені дер кезінде шешуге ықпал етіп жатты. Гүлнәр ұсынысы ауылдастарына жаңа серпін берді. Артық жер егуге бейімділердің қатары сирексіді. Ескі егістік танаптары жоңышқалыққа айналды. Бұл екі жақты тиімді болды. Біріншіден, топырақ құнарлылығы артты. Екіншіден, екі мың бас сиыр малына арналған жемшөп қоры мо- лайды. Жаңадан мың гектар жерге инженерлік құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ал, Жаңбырбай басқарған бригада күріштің түсімділігін алпыс бір центнерге арттырды. Келер жылы бұл көрсеткіш жетпістің үстіне шығып кетті.
Гүлнәр Әлекееваның өмірінде де жаңалықтар болды. Ол «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалымен наградталып, механизатор әйелдер арасындағы республикалық жарысқа қатысып, Кәмшат Дөнентаева атындағы жүлдені иемденді.
Сөйтіп, сонау бір жылы ағасы Сағынтай айтқан игі тілектер орын- дала бастады.

* * *
... Гүлнәр мектеп бітірісімен механизаторлар даярлайтын курсқа ба- рып, оны үздік тәмамдаған соң шағын тракторды айдады. Артық айтып не керек, ол алғашқы сәттен су жаңа тракторды ұршықша иіріп кете алған жоқ. Оның қаз тұрып, қадам басуына Сағынтай көмектесті.
Сағынтай дала кемесі атанған таудай алып тракторды жүргізетін. Және бір күн жүрсе, он күн жөндеп, майға былғанып, жататындардан емес. Қарындасының техникаға деген құштарлығын оятқан да өзі еді. Енді Гүлнәр тракторға отырған күннен Сағынтайдың мазасы кетті. Гүлнәрды басқа бригадаға бөлсе «Ойпырмай, тракторы бұзылып, да- лада қалмаса нетті?» деп, жар құлағы жастыққа тимей алаңдайтынды шығарды.
Ол әдепкіде қарындасына қол ұшын берді, тракторы бұзылса жөндесті, бала жүрегі қиындықтан шайлығып, тарықса, жөн сілтеп, ағалық ақылын айтты. Сонда тың өлкені даңқымен дүбірлеткен Кәмшатты жиі-жиі есіне салып: «Айтпады деме, әлі-ақ сен де Сыр бойының маңдай алды механизаторы боласың» деді.
Бірде Гүлнәр жақсы бір сөз айтты.
– Атақ-даңқ үшін еңбегімді пұлдамаймын, аға, – деді ол. – Тәуекел деп тракторға отырған соң халыққа пайдамды тигізсем деймін...
Бұл сөзге Сағынтай іштей сүйсінді.
– Дұрыс, – деді іштегі қуанышын сездірмей. – Адам орден, ақша үшін өмір сүрмейді. Отан соғысына қатысып, оқ пен оттан дін аман оралған әкеміз Жағыпар, колхоздың арығын қазысып, егінін салған, ма- лын жайғасып, төлін түлеткен анамыз Орынкүл батыр атанбаса да адал ісімен көктеп, көгерген жандар, менің бір жылғы жұмысым олардың қиын-қыстаулы бір сағаттық бейнетіне татымайды. Қиналған кезімде ылғи да осыны еске аламын, ауылдағы ата-ананың үлгісін ойлаймын. Кәмшаттай бол десем, даңқ үшін емес, сондай қаһармандыққа жет дегенім...
Арада бірер жыл өткен соң бауыр басқан кішкене тракторын сіңлісі Ұлтайға тапсырды да, ағасы мінген алыпқа ер-тоқым салды. Бұл кезде ол Қызылорда совхоз-техникумында сырттай оқып жүр еді.


* * *
Қуаңшылық Сыр бойын да жайлады. Бір тамшы су қасқалдықтың қанындай болған зауалды шақ туды. Жаз ортасында механизаторлар- мен бірге Гүлнәр да бригаданың шөпшілер қосына көшті. Әйтсе де қыз жүрегін жайқалған күріштік, ондағы күн-түн кетпенін иығынан таста-

май атыз жағалап жүрген ақ қалпақты диқан ағалары мен ақ жаулықты аналар сағындыра берді.
Шабындық пен күріштіктің арасы әудем жер. Ол шөпшілер тыныстаған сәтті пайдаланып, егіншілерге тартып кетуші еді. Сон- да оны мұнда бауыр басқан ұжымның ыстық құшағы еріксіз тарта- ды. Әсіресе күрішті гербицидсіз өсіру тәжірибесі сыналған Досмам- бетов, өзінің ақылшы-ұстазы Мырзабек Мыханов тәрізді байырғы диқандармен бір ауық әңгімелесудің өзі неге тұрады.
Гүлнәр егіншілерге түс әлетінде жетті. Шілденің ми қайнатқан күні тіршілікті тарының қауызына сыйғызып жібергендей қуырып-ақ тұр. Бір қызығы, мұндай күндері егіншілер қабақ шытпайды. Қайта маңдайынан бұршақтай құйылған ащы терін алақанымен бір сүртіп та- стап, «көк тәңірі қалауымды берді» деп қуана қунақ қағады.
Қызыл қырманның жанындағы дала қосында Мырзабек, Әбдікерім, Оқәди, бригадир Жаңбырбай бар, бір топ күрішшілер әңгімелесіп отыр еді. Олардың үстіне Гүлнәр келіп кірді. Сәлемдесу рәсімінен кейін Жаңбырбай:
– Жақсы келдің, қызым, – деді қуанып. – Менің насихатым жетпей жатыр. Түсіндірші өзің, ауданның уәкілін сыйламау жөн бе?
Мән-жайдан бейхабар Гүлнәр оған аңтарыла қарады.
– Мәселе былай, – деді бригадир төтесіне көшіп. – Жаңа осында ауданнан келген уәкіл болды, жанында Талғат бар. Келген мәнісі ау- дан басшылары облыс басшыларын биыл жылдағыдан мемлекетке көп астық сатуға уәде беріп қойғанға ұқсайды. Соған орай әр совхозға қосымша тапсырма бөлініпті. Жамбылдықтар міндеттемеден тыс біраз күріш бермек болыпты. Уәкіл соны айтып, бригадаларға үстеме жоспар қабылдатып жүр екен. Оның сөзін тыңдап болмастан мына ағаларың
– «Ауданның басшысы жоғарыға уәде берген болса, қоймасында сақтап жүрген астығы бар шығар!» деп қарап отыр. Бұдан кейін де хатшы «Ақылдасайық, мүмкіндікті есептейік. Ауданның абырой- ын түсіргеніміз ұят болар» деп көріп еді. Мына Әбекең аяқ астынан көтерілмесі бар ма. Япыр-ау, бала емес, шаға емес, жастарға ақыл берер кәрияға лайық па осынысы, айтшы, кәне?!
Әбдікерім еңсесін тіктеп, Жаңбырбайға:
– Әй, бригадирім-ай, – деді назаланып. – «Батырым, байрағым» – деп өзің жоқта ұстыныңды көтеретін едік, мына сөзің қай сөз? Ауданнан келіп дікектейтін баяғы жалаңтөс белсенділердің заманы өткен жоқ па? Келсін, оған қуанбасақ ренжімейміз. Бірақ алдымен адамның жағдайын біліп, пікірлеспейтін бе еді. Әне, содан кейін бұйымтайын айтса ешкім оған өкпелемейді ғой.

Жаңбырбай қысылып қалтасынан көлдей орамалын алып бетін сүрткіштей берді. «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды, Әбекеңдікі жөн-ау!» деп ойлады Гүлнәр іштей.
– Осы белден басу қашан тоқталады? – Әңгімеге Мырзабек ара- ласты. Облысқа, алқалы жиынға барғанда не бітіріп қайтасыңдар? Мұндағы елдің мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізбеймісіңдер, түге? Ынжық дейтін ынжық емессіңдер, талап қойғанда құстай сайрайсыңдар. Күрішті көп беру үшін су керек. Ол қайда, жоқ. Әлде тағы да артық жер егіп, мемлекетті алдауымыз керек пе? Жоқ, өз басым ондай тірлігіңе бара алман... Егіннің жайын еккен біледі. Гектарына алпысты берсем де тақияма тар келмесі хақ. Уәкіл айтқан жүз центнерді сор жерден ешкім де бере алмайды. Аудан орталығында отырып алып «сен пәлен өнім бересің» деп әмірін жүргізетін кісі қолындағы қалам-қағазын тастап, біздің ортамызға келсін. Оған келіспейді екен, сыртымыздан билеп- төстеуді қойсын.
Топ жетекшісі Оқәди бұл сөзге басын изеді де:
– Сіз қалай дейсіз, аға? Ауданның міндеттемеден тыс тапсыр деп жатқан қосымша өнімін бере аламыз ба? – деді.
Бұл сауалға Жаңбырбай ойланып барып жауап қайырды.
– Жыл басында төрт жүз тоқсан гектар күріштіктің әр гектары- нан алпыс бір центнерден өнім береміз деп келістік. Сол келісімде тұрамыз... Мен егіншілерді жоқтан бар жаса деп қинай алмаймын. Рас- ау, ол сөзіне сынай қараған үлкен-кішіні көзбен шолып өтті. – Қырық күнде мың құбылатын жоспар мен міндеттемеде абырой қалмады. Оны құбылтатын сіз бен біз емес, аудандағы, одан қала берді, өзіміздегі әкімдер. Жоспар жерінде жасалсын, халықтың ықыласымен белгіленген міндеттемені өзгертуге қақымыз жоқ. Сан қусақ сапа- дан қол үземіз деп ауданда да, ауылда да жиналыс сайын зар қақсап келеміз. Бұл сөзіміз біреулерге ұнамай да жүр. «Қожауовтан басқамыз ақымақпыз, коммунизм орнататын жалғыз сол» деген күңкілді де естідік. Әңгіме осы жерге келгенде көпшілік Жаңбырбайға басу айта бастады.
– Сенің кім екенің бізге белгілі, Жәкесі, ашуыңды бас. Сен тіпті бізден де асырып жібердің. Жоғарыда отырғанның бәрі ақымақ емес, ессіз адам ел басқармасы белгілі. Астықты көбейтіңдер десе халықтың қамы шығар. Болған үстіне бола берсе өзімізге пайдалы, оны түсінбейтін кім бар, тек қарапайым халықпен санаспай ақтанау болып шабатындарға тұсау салынса дейміз бе...
– Иә, Мәкеңдікі дұрыс. «Ақыл – жастан» деген жаманды-жақ- сылы аудан түгілі облысқа танылып қалдыңдар. Небір алқалы жиын-

ға қатысып келесіңдер. Сондайда ойларыңды жалтақтамай тура айтқандарың абзал, – деді Оқәди.
Қызу әңгіменің жалыны бригадирді қарып өтіп, Гүлнәрді де шар- пыды. Тыңдап отырса Әбдікерім, Мырзабек және Оқәди аудан уәкілі мен совхоздың саяси хатшысының алдында Жаңбырбайдың үндемей қалғанына ренжігендей екен. Гүлнәр жағдайды естіді, енді үн-түнсіз отыратын жөні жоқ, көпшілік мұның да ойын білгісі келеді. Сон- да не демек? Ешкімнің нұсқау, жарлығынсыз да бригада жыл сайын міндеттемесін артығымен орындап келеді. Биыл да солай болады, оған миттей күмәні жоқ.
– Астықты уәкіл үшін емес, ауылдың дәулетін көтеру үшін береміз ғой, – деді Гүлнәр. – Совхоз астығын жүз мың центнерге жеткіземіз деп уәде байластық. «Ел құлағы елу» деген. Ол сөзіміз көпке тарап кетті...
Әбдікерім қулана жымиып жанындағы Мырзабекке бұрылды.
– Қызымыз қайда-қайда бастап барады, ә?
– Жақсы сөз – жарым ырыс, қарағым. Сөзіңнен міндеттемеден артық өнім берейік дегенді ұғып отырмыз. Көпшілік болып ұмтылып көрейік. Бізден басқа бригадаға да түсіндіріңдер, көп біріксе «жүз мы- ңың» неге тұрады, орындалады. Артық пайда ауылдың дастарқанында қалады.
Мырзабектің бұл сөзі қостың ішіндегі көңілсіздікті сейілтті. Жаңбырбай арқасынан жүк түскендей алдындағы суып қалған кесесіне қолын созды. Оқәди сөз арасында Гүлнәрдан жоңышқаның түсімін, механизаторлардың егін орағына әзірлігін сұрап отырды.
Сол күні Гүлнәр шабындыққа үлкен ой үстінде оралды. Өткен бір беделді жиналыстан кейін аудан басшысының бірі мұны кабинетіне шақырып, ұзақ ақыл-кеңес берген еді. «Совхоз деректірі қалай? Партком хатшысы жөнінде пікіріңізді білсем деймін... Бригадиріңіз Қожауовтың алыпқашты бас асау мінезі бар еді. «Артық жер егіп көзбояушылыққа барамыз, ауылдағылар мұны білсе де білмеген болады» деп көптің құлағын көтеріп жүрген сол ма? Ұжымның сүттей ұйыған бірлігін ірітетін кадрларды бетімен жіберіп алдық... Сізді обкомның мүшесі етіп сайладық.. Сол сенімді ақтау абзал... Жассыз. Болашағыңыз алда. Әлеуметтік әділетсіздік деп жүрген көбік ауыз көкмылжыңдарға ермеңіз, қайта олармен күресіңіз».
Абажадай кең бөлменің төрінде отырған басшының қабағы қатыңқы, аузынан шыққан әр сөзде бір түрлі ызғарлы астар сезілгендей. Ол мұз үстінде тұрғандай дірілдеп кетті. Басынан артық сөз асырмай- тын өжеттігі ауылда ғана екен де... «Партияға қабылдаған бастауыш ұйым, жоғарыға жетелеп, сенім көрсеткен де еңбекші қауым, ауылда-

старым ғой, аға. Оларды ақылшы ағамдай көремін. Қожауов еңбегімен сыйлы жігіт, адал, өсек-өтірікпен ісі жоқ. Ал,жерге қамқорлық керек, жалған табыс теңсіздікті туғызады десек мұның қандай өтірігі бар? Біз табан тіремегенде совхоздың тегістелген жері бір-ақ жылда ақ шаңдаққа айналар еді, оған қосымша жаңа танаптар ашылмас еді... Қазір тоқсан мың центнер күрішті тек сол айқайдың арқасында беріп отырмыз» деп ойындағысын жайып салатын орайы келіп тұр емес пе? Гүлнәр өзін осылайша қайрағанымен, белгісіз күш еңсесін басып тұрғандай ләм дей алмады. Басшының лебізінен «Трактор айдауыңды біліп тек жүр. Обкомның мүшесімін деп желпініп, басыңды жарға соға берме» деген тұспалды анық түсінді. Түсінді де екіұдай ойға қалды. «Партия жарғысында коммунист өзін толғандырған мәселені ашық айтуға, әділетсіздікпен ымырасыз күресуге міндетті» деп ашық жазылған. Олай болса, бұл қай жерден қателік жіберді? Қателік жіберсе, көтерген ұсынысы қолдау таппас еді ғой. Жоқ, біреулер әдейі болған жағдайды теріс жеткізді ме? Соңғы жорамал дұрыс-ау, әйтпесе, басшы ондай әңгімені айтып уақыт алдыра ма?!.»
Гүлнәр біразға дейін жігері жасып, көңілсіз жүрді. Басшы пікіріне іштей қарсылық сөзімнен айыға алмады. «Билікті тек аудандағылар ай- тады, ол дұрыс па, әлде қате ме, ауылдағылардың оны талқылауға құқы жоқ. Неге олай?» деген сұраққа жауап таппай қиналды.
Енді міне, тағы да сол сұрақ алдынан шықты. Бүгінгі дала қосындағы айтылған сөздер құлағынан кетер емес. Жаңбырбай мұның келгенін пайдаланып, оларды тәртіпке шақырғандай болып еді, Мыр- забек пен Әбдікерім оның өзін «мақтамен бауыздады». Айтылған ау- ыр-ауыр әңгімеден ұққаны басшылар бір басқа, қарапайым еңбекші бір басқа ойлайды екен. Сонда мұның ақыры неге апарып соқпақ?
Гүлнәр ауданнан шақырту қағаз күтті. Бригададағы бейбастақты ондағылар елеусіз қалдырмайды. Өзімен салқын сөйлескен басшының сұсты жанары өңменінен өтіп «Сізге теріс пікір туғызушылармен күресіңіз дегенім қайда? Бригададағы ат төбеліндей он шақты адамға ықпалыңызды жүргізе алмағансыз. Жоғары жақтың пікіріне қарсы шықты деген не сұмдық. Кәне, партбилетті тапсырыңыз, обкомға өзіміз-ақ хабарлаймыз» десе, біткені ғой бәрі.
Ол бекер уайымдапты. Аудандағылар тым-тырыс қалды. Совхоз әкімшілігі мен партком уәкілге үстеме жоспар орындалады, бірақ оны пайдалану билігін өзімізге беріңіздер деген сөзден айнымапты.
Жемшөп әзірлеудің екпіні басылар-басылмастан күріш орағы келді. Көптен бері нарядсыз жұмысқа көшкен ұжым егінді өз күшімен жинауға үйренген еді. Гүлнәр маусымда екі міндетті қатар атқарады.

Түске дейін «Енисей» комбайнына отырса, түстен кейін тракторына екі- үш тіркеме қорапты жалғап, қырманға астық тасиды.
Жұмыс қыза түсті. Егіні жиналған звено мүшелері тобын бұзбай көршісіне көмекке барады, отызға тарта адамның бірде-бірі шашау шықпайды. Олар маусым кезінде үй бетін көрмейді, ыстық тамақ егін- жайдың басына әкелінеді. Демалыс сағаттарында оқитын газет-жорна- лы да осында. Әркімнің өткен күнгі атқарған ісі таңсәріде көрсеткіш тақтаға жазылады. Мың центнер күріш бастырған, жүз гектар күріш орған озаттар комбайнына қызыл жұлдызша тағылады. Бұл жас деректірдің ойлап тапқаны. Озат астық тасымалдаушыларға да дәл осындай құрмет көрсетіледі. Гүлнәр тракторының кабинасындағы жұлдызшалардың тізбегі он бес мың центнер астық тасымалдағанын білдіреді.
Биыл су тапшылығынан зардап шексе де күріш бітік өсті. Мырза- бек пен Әбдікерім жиналған егіннің гектарына жетпіс центнерден бере бастады. Гүлнәр тракторына оншақты күнде он шақты жұлдызша қадап үлгірді.
Әйтсе де жас диқанды совхоздың, қала берді ауданның жағдайы ма- залай берген. «Шаруашылық жүз мыңдықтар қатарынан көріне ала ма? Сырдариялықтар екі жүз елу мың центнер астық тапсыру жоспарынан шыға ма? Аудан басшылары жоғарыға уәде берсе, бізге сеніп берген бо- лар. Қызылорда облысының басына түскен қуаңшылық республиканың барлық аймағын қамтып отыр. Газеттерде тың өлкесінде жауын-ша- шын аз, бидайдың шығымы нашар деп бекер жазылып жатпаса керек». Осындай қауырт күндердің бірінде Гүлнәр орнына шәкіртін қалдырды да, Талғатпен бірге өзге бригадаларды аралады. Есенәлиев пен Рахымбековтің басқаруындағы егіншілер науқанды аяқтап қалыпты. Өнім аздау, орақта қарқын баяу. Осында Ұлтай мен Рахиманы кездестірді. Екі қыз орта мектепті бітірген бойда Гүлнәрдің үлгісімен механизаторлар даярлайтын курста оқып, трактор жүргізуге шыққан-
ды. Екі-үш жылда олар ұстазымен иық тірестіре бастады.
– Көрдің бе? – деді Ұлтай әпкесі Гүлнәрға тракторындағы жұлдызша- ларды нұсқап. – Аз, не бәрі жетеу... Сенде қанша?
Гүлнәр орақ басталғалы жеті мың центнер астық тасығанына назырқанып тұрған бауырын мақтады.
– Мықтысың, мына қимылыңмен науқан аяқталғанша он бес жұлдызды ойнап жүріп аласың. Менің де шамам сол жобада. Ал, жағдай қалай?
– Комбайндар жиі бұзылып, қинап-ақ тұр. Әйтпесе, астық тасымал- дауда кідіріс жоқ, – деді Рахима Досжанова.

– Қосалқы бөлшектер жетіспейді. Жатканың пышағы, жағармай дегендерің де қат болып тұр. Инженерге айта-айта сөзімнің де, өзімнің де қадірім кетті. Деректірге бару ұят, біреуді даттағандай боласың, – деді бригадир Есенәлиев мұңайып.
– Деректірге айтудан ұяласың да обкомның мүшесіне айтудан ұялмайсың. Жұмыс жүрмей жатқанда, ондай «сыпайылықтың» не қажеті бар?
Ол Талғаттың бұл сөзіне не дерін білмей, қызарақтап, жүзін төмен салды.
– Өнім қалай? Үстеме тапсырма алдыңыздар, оны орындау керек.
Ендігі жерде артық өнім өзімізде қалады.
Әлекеева бригадирлердің шаршаулы жүздеріне сынай қарап, жауап күтті.
– Гектарына елу центнерден айналып тұр деді. – «Ақмаржан» жас- тар тобының жетекшісі Жұмабек Рақымбеков қолындағы блокнотына көз жүгіртіп тұрып, – аудан елу бестен кем болмасын деген.
Талғат қабағын шытты.
– Рас, көрсеткішті көтеруді сұрадық, солай ету қажет болды. Ал бірақ сізді артық жоспар алуға итермелеген кім?
Тумысында ақ көңіл, аз сөйлеп, көп ойланатын жігіт мына сұраққа мүдіріп қалды. Оның есесіне жанындағы:
– Тәке-ау, ауданның уәкілі көнді ме соған. «Бересің де, бересіңнің» астына алып, есімізді тандырды емес пе. – Зиябіл Есенәлиев ақталғандай болды. – Біздің диқандар елу бесті береді.
– Сіздің үстемеңіз қанша?
– Алпысты айтып едік.
– Көрдіңіз бе, уәде басқа, нәтиже басқа. Сөз бен істің арасы аспан мен жердей. Резервті іздестіру қажет, сабанды қайта бастырып, керек десеңіз қолмен масақ теруді ұйымдастырған жөн.
– Жақсы. Барлық шараны ұйымдастыруды қолға аламыз.
– Іске тезірек кіріскен жөн, – деді Талғат Есенәлиевтің сөзін түйіндеп.
Сол күннің кешінде орталықта кезектен тыс партия комитетінің мәжілісі шақырылды. Оған барлық бас мамандар, бригадирлер қатысты. Деректір Әбибуллаев астық жинаудың жағдайына талдау жасады. Мем- лекетке жүз мың центнер астық межесін орындаудың мүмкіндігі ай- тылды. Гүлнәр да пікірін білдірді.
– Науқанның соңғы аптасын екпінді еңбек күндеріне айналдыру қажет, – деді ол. Тапсырылған жұмысты орындап шықпайынша, ор- нымыздан қозғалмауға тиіспіз. Тағы бір ескерер жағдай, орақшыларды

ынталандыру, оларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жұмысында көптеген ағаттықтар бар. Ауылдық кеңес атқару комитеті мен кәсіподақ комитеті бұл ағаттықтарды түзетуі қажет.
Гүлнәр үйіне түннің бір уағында келді. Қызының күнге тотығып, шаң басқан жүзіне көзі түскен Орынкүл жеңіл күрсінді.
– Бітетін түрлерің бар ма?
– Аз қалды, апа. Маған қыздар хабарласқан жоқ па?
– Мектептен Ғазиза келіп жетті. Жақында жастардың кешін өткізбекші ме, соған ақылдаспақ көрінеді.
Ол анасының дайындап қойған тамағын ішіп отырып, орта мектептің мұғалімі Ғазиза Кәрімова апайға берген сөзін еске алды.


* * *
...Қыркүйектің бірінде компартияның ертеден белгілеген «Білім күні» өтті. Оған алдын ала бір топ ардагерлер мен бұрынғы мек- теп түлектері шақырылған еді. Олардың ішінде Гүлнәр да бар еді. Ол білім ордасының қасиетті табалдырығын алғаш аттағалы тұрған бүлдіршіндерге арнап құттықтау лебіз білдірді. Сонда Ғазиза «Биылғы оқу жылынан бастап балаларға кәсіптік бағдар беру сағаттарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Әдетте, жоғары кластарда оқу жылының аяғында ғана мамандық таңдау сабақтары жүргізілуші еді. Мұнымыз біздің тым жайбасарлық екен. Енді мұндай шараларды сабақ басталған кезден- ақ ұйымдастыруға тиіспіз» деген еді. Оның ойын Гүлнәр айтқызбай түсінді. Сондықтан да ол оқушылармен кездесуге тек ауылдың емес, аудан мен облыстың белгілі адамдарын шақыру керек. Мәшине сынау станциясында Амангелді деген кісі бар, Тасбөгет қалашығындағы су маманы Бақытжан, «Бірінші Май» совхозында байырғы шопан, бүгінгі ардагер апамыз Айша бар. Үшеуі де еңбек батыры атағын алған кісілер» деп әңгімені таратып әкеткен.
Қыздардың бұл әңгімесін естігенде, Талғат артық сөзге келмей бірден қолдады.
– Жұрт жиналыстан жалыққаны соншалық мінберге шығып әжептәуір әңгіме бастасаң қалғып-мүлгіп отырады, – деді ол, – сірә, адамдардың ойындағысын таппай жүрміз. Айтарымыз күріш, ет, сүт, шөп, жем... Кім озды, кім қалды?.. Және де сол сөзді жалпы жиналы- ста да, кеңестің сессиясы мен кәсіподақтың отырысында да дәлме-дәл қайталай береміз. Оны былай қойып, мейрам күндерінде жұмыстың жайын қозғамасақ бойымызға ас батпайды. Осыдан кейін жұрт бізден қалай қашпасын? Обкомның бірінші хатшысы Еркіннің сөзін тыңдап,

риза боп қалдым. Айтпақшы, сол жиналысқа өзің де қатыстың ғой, Гүлнәр, есіңде ме? Пайдасыз жиналысты азайтып, нақты мәні бар мәселелерді көбірек сөз ету керек шығар. Адамның көңіл-күйін зерттеп, олардың жүрек қалауын табу қажет болар.
– Иә, Талғат аға, дұрыс айттыңыз. Жиналыста ел көкейіндегі мәселелер сөз болу керек ғой.
– Ана кездегі деректірдің ісі көңілге қонады, – деді Қамар оның қиялын жетелеп. – Жарыс озаттарын қайыққа мінгізіп, көл бетінде сейіл құрғаны ауыздан-ауызға тарап кетті. Осындай жаңа дәстүрді өмірімізге енгізсек қандай жақсы. Күнде көріп жүрген ауыл азаматтарынан гөрі аудан шамшырақтарының әңгімесін тыңдау пайдалы да қызықты бола- тын шығар деп ойлаймын. Мен өз басым Гүлнәр мен Ғазизаның талабы- на қуанамын.
– Онда күрішті жинап алысымен дереу іске кіріселік. Жалпы, ұлтымыздың салт-санасын өрістетудің жаңа үлгісін табу қажет. Қазақ тілінің мәртебесін көтеретін уақыт туды.
Гүлнәр мен Қамар бұл сөзге үнсіз бас изесті.


* * *
«Сірә, сол жұмыстың иінімен ақылдаспақшы болған шығар, – деп ойлады ол анасына ыдыс-аяқты жиыстыруға қолғабыс ете жүріп. – Орақ та аяқталуға таяды...»
– Таңертең ерте тұрамысың, Гүлім-ау?
– Иә, апа.
– Ұлтай да, сен де бір сағат тізе бүгуден қалдыңдар, үйге кірген- деріңнен шығуларың жылдам, әкең екеуміз уайымдап-ақ бітеміз...
Гүлнәр төсегіне жайғаса бере:
– Апа, «бейнеттің зейнеті болады» демеуші ме едіңіз, – деді ұйықтап жатқан балаларды оятып алмайын деген сақтықпен сыбырлай сөйлеп.
– Мейлі ғой, күнім...
Қатарларыңнан кем болмағандарыңа шүкір...
– Таң бозарып атып келе жатқанда Жағыпардың екі қызы тізіліп ау- ладан шықты. Аула іргесінен басталатын егінжай жақтан нан исі келеді.


* * *
Сол кезде Қоғалыкөлдің құндызы Гүлнәр еңбек ететін бригада әр гектар күріштен алпыс бес центнерден таза өнім жинап, облыс жеңімпазы атанды. Ұзамай жерлестері Әлекееваны облыс депутаттығына сайлады.

* * *


Сексен бестің сәуірінен кейін Сыр бойында ұлы өзгерістер бастал- ды. Халық ішінде «Пәлен жылдан бері Арал мен Қаратаудың арасындағы елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған небір май желке әкімдер ішкен-жегенін құсып жатыр дейді». «Әлгі сауда бастығының үйіне тінту жүргізсе, миллион сомның құнды заты шығыпты». «Бір ауданның бірінші хатшысы пара алған жерінен қолға түсіпті», деген- дей әңгімелер желді күнгі өрттей қаулады. Бұл ойдан шығарылған дақпырт та емес еді. Демократия еркіндігін пайдаланған адамдар талай уақыттан бері өрмекшінің торындай шырмалып жатқан былықтардың бетін аша бастады. Біріне-бірі кезектен қонақ болып, бірін бірі марапат- тап, сән құрған «зиялы» қауымның жұмақты күндері көзден бұл-бұл ұшты. Бұл сияқты өзгерістер күндердің күнінде Сырдария ауданына де келіп жетті.
Ауданның он екі шаруашылығы облыс орталығын ет, сүт, көкөніс, картоп өнімдерімен қамтамасыз етуші еді, солардың ішінде көбісі міндетін орындай алмай мемлекетке жыл сайын миллион сомға дейін қарыз болып қалатын. Бірақ олардағы шын жағдай жалған ақпар беру арқылы бүркемеленіп келді. Әлеуметтік, тұрмыстық жағдайды жақсарту. Елді мекендердегі халыққа қажетті қызмет көрсету, оқу- ағарту орындарының мұқтажын өтеу ескерусіз қалды. Он алты мың тұрғыны бар аудан орталығында еңсесі биік бірде-бір клуб немесе ки- нотеатр, мәдениет үйі, әйелдер босанатын үй, балалар емханасы, сауда орталығы болмады.
Сонда да болса аудандағылар күнделікті күйбеңмен тіршілік етіп жатты. Уақтылы конференция, пленум мен сессия өтеді, мінбеге шыққан пленум мүшесі де, депутат тәп-тәуір сөйлейді. Том-том қаулылар мен қарарлар қабылданады. Алайда, бұлар аудан дәулетін көтеріп, мәдениетін жақсартуға қылаудай пайдасын тигізбеді. Сонда не істеу керек?
Осы сұрақ ауданға жаңадан келген басшы Нәлқожаның түн ұйқысын төрт бөлді. Көп ұзамай аупарткомның пленумы шақырылды. Талай шешендер шығып сөйледі. Соның ішінде Жамбыл атындағы совхоз коммунистерінің жетекшісі Жүнісовтің лебізі жұрт көңілін серпілтті.
– «Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» дегендей, «Мәке»,
«Сәке» деп бірімізге біріміз жағынып, айлығымызды алып жүріп жа- тырмыз. Жылына бір рет жазған баяндаманы, қаулы-қарардың циф- рын өзгертіп, фактісін жаңартып, бірнеше жыл пайдаланамыз. Адамға дем берер сөзіміз де, көрсетер үлгіміз де жоқ. «Сен жамансың» десек

«басбұзар», ауданға жаны ашымайтын «бұзық» болып тізімге ілігеміз. Ел басқарып отырған ағаларының күйкі тіршілігі кейінгі жастардың бойына жұқпасына кім кепіл? Орталық Комитеттің сәуір пленумы қоғамды қолайсыз құбылыстардан сауықтыруды нұсқады. Ол біздің көптен көңілде жүрген ойымызға дөп келеді, – деді ол.
Залда отырғандардың кейбіреулері «Жүнісовтің заманы туды» десті. Сол пленумнан кейін өткен совхоз коммунистерінің жиналысын- да партком мүшелері Гүлнәр да, Жаңбырбай да бұрынғы әдетінше ой- ларын қағазға қарамай-ақ айтты.
– Сәуір Пленумы былық-шылықтан арылуға, адамгершілікті пәк ұстауға үйретеді, – деді Гүлнәр. – Қандай бір лауазымды кісі болма- сын өзін бұқарадан жоғары қойса бюрократ, тоғышар, оң ісімізге қарсы адам.
– Ауданнан, не болмаса совхоз деректірі мен парткомнан жарлық күтіп жалтақтамай, өз ұжымымыздың міндетін өзіміз шешейік. Бұл олардың билігін төмендету емес, қайта беделін көтеру, адамдардың еркін қимылдауына мүмкіндік беру. Экологиялық қиындықтарды жеңуге ұмтылайық. Шындықтың көзіне тура қарамай іс бітпейді. Қулық-сұмдық, өсек-өтірікпен арымды былғағым келмейді. Мен бұрын қандай бағыт ұстасам, сол бетімнен қайтпаймын, – деді Жаңбырбай.


* * *
– Қызың тағы бір өнерді бастап жүрген көрінеді.
Орынкүл шалының әлденеге көңілі толмағанына таңданды да:
– Шал-ау, ол қандай «өнер»? – деп сұрады.
– Былтыр бір мезгіл трәктір айдап, бір мезгіл кәмбайын жүргіземін деді ме, деді. Арыстандай қайраты бар жігіт шыдамас тірлікті сұрап алды ма, алды.
– Екі жұмысты атқарса несі бар. Ондай қыздан қайта айналып кетпейсің бе. – Кемпірінің бұл сөзіне шалы қитыға түсті.
– Жаңбырбаймен бірігіп «ауылдың басшылары жердің түте-түтесін шығарды, біреулер артық күріш егіп, арам мал тапты. Әділдік қайда?» деп ауданды шулатты ма, шулатты. Сонда аудандағы ағайындар «балаға ақылыңды айтпайсың» деп ренжіді ме, ренжіді. Япырмау, осы қызың не боп барады, кімге тартып белсенді болған?
– Әділдікке, адалдыққа басыңды бер деп үйреткен өзің ғой. Саған тартқан да...
– Әнеугүні жиналыста «көп басшы қайда құрылуға тиіс, тоғышар менмен бастықтарға қарсы күресеміз» депті. Абайлап сөйлеуді білмейді.

Кімді тұспалдап отыр, ә? Сражадиннің баласы деректіріміз Ибрагимнің бойында не мін бар? Парторгтің кінәсі не? Ауыл кеңесінің төрағасы да өзіміздің қолда өскен бала.
– Япырмай, ә? – Ана бұл сөзге кәдімгідей ойланып қалды. Артын- ша: – Басшыларды жамандаса реті солай болған шығар. Кемшіліксіз жұмыс болсын ба? – деп, өзінше уәж тапқан болды.
– Қош, енді қызың біригәданың бар астығын бір өзім тасимын дейтін көрінеді. Қалай үлгірмекші бір өзі?
– Е, тасимын десе есебі бар да.
– Әй, білмеймін... бір біригәданың күрішін бір трәктірмен тасыса зорықпай несі қалды? Қызбалыққа салынып, алда-жалда сөзінен шыға алмаса меселі қайтпай ма?
– И-и-и, сен-ақ қара аспанды төндіре береді екенсің... «Талапты ерге нұр жаусын» демеймісің одан да...


* * *
...Науқан басталардан бір ай бұрын Гүлнәр бригада ұжымының ал- дында аз шығын жұмсап, мол пайда табуға болатынын айтқанда:
– Бізге керегі де сол. Не ойың бар? – деген-ді Жаңбырбайдың көзі шоқтай жайнап.
– Совхоздан қосалқы көлік сұрамаймыз. Астық бастыратын үш комбайншының күрішін бір өзім тасымалдасам деймін.
Қарт диқан Мықанов қызға қадала қарады. Қуаныш Сәбиев пен Оқәди Әлдекеев біріне-бірі көз қиығын жүгіртіп, бас шайқасты. Олардың жүзінен «жылда төрт-бес көлік әзер үлгіретін жұмысты қалайша жалғыз трәктірмен атқармақ? Қайта құрылу керек деген ұранға еліктеп көзжұмбайлыққа ұрынып отырмаса қайтсін» дегендей күмәнді байқауға болатын еді. Мұны Гүлнәр да сезбей қалған жоқ.
– Күдіктенбеңіздер, ағалар! – деді ол сенімді түрде. – Трәктірге үш- төрт тіркеме қорапты тізбектеймін. Әр комбайнға бір-бір тіркеме бөлу керек. Мен қырманға барып қайтқанша, олар дайын тұрады, бәрін жи- нап аламын да, орнына бос қораптарды қалдырып кетемін.
– Бұл конвейерлік тасымалдау болды ғой. Үлгіресің бе?
– Жиырма күнге шыдамасақ не болғанымыз...
Қыз жауабы Жаңбырбайға да, басқаларға да ұнады.
– Бәрекелді! Бұл азаматтың сөзі, – деді ұстазы Мықанов даусын кенеп.
– Жақсы. Сен шыдасаң, біз шыдайық, – десті комбайншылар да- бырлап.

Бұл әдіспен астық тасымалдау алғашқы аптада қиынға соқты. Гүлнәр трәктіріне дән толы төрт-бес қорапты тіркеп көріп еді, «алыбы» мыңқ етпеді. Әттең жол нашар, ойлы-қырлы, бұралаң. Егер түзу, тегіс жол болса «К-700» он арба тіркесең де тарта беретін түрі бар.
Кәмбайныңды танаптан шығармай үйренген базбір механизатор- лар екі-үш күннен кейін бөнкіріндегі дәнді егістік жиегіндегі тіркеме қорапқа апарып төгуді қиынсына бастады. Гүлнәрға уәдесін беруін бер- се де «Олай-бұлай жүріп уақыттан ұтылады екенбіз, май шығыны да бо- лады» деп күңкілдегендер табылды. Олардың күңкілі Жаңбырбайдың:
– Бас-басыңа бір-бір мәшинеден бөліп қойсақ, одан шығын болмай ма екен? Сөзді қой, жиырма-отыз қадам жерге бұрылсаң табаның түсіп қалмайды, – деген айқайынан кейін сап басылды. Екінші аптада тасы- малдаушы мен комбайншылардың арасындағы үйлесімсіздік жойылды. Содан он сегіз тәулік бригәда ұжымы күрішті жинап үлгірді.


* * *
Сексен бесінші жылы жамбылдықтар ерледі. Совхоз мемлекет- ке жүз бес мың центнер ақ маржанын тапсырды. Ал, Жаңбырбайдың өрендері бұрын-соңды жетпеген биігінен көрінді. Қырман алтын дәнге толды. Дән болғанда қандай, шіркін, әр түйірі баданадай.
Гүлнәр тағы да Мәскеудің ақ үйінен берілетін алтын медальді алды. Қыздың құрметіне облыс орталығы Ақмешітте даңқ жалауы желбіреді. Қыздың бейнесі Сыр бойының атақты адамдарының суреті ілінген тақтадан орын алды. Екі мәрте Еңбек Ері атанған Ыбырай ескерткіші жанында оны қала оқушылары құттықтады.
Ал, Гүлнәрді қанаттандырған бригадир Жаңбырбай болса Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Міне, Қоғалының адамдары бейнеті қыж-қыж қайнаған өмірде осылайша абыройға кенелді.


* * *
Қоғам өмірін демократияландыру, сын және өзара сынды күшейту, жариялыққа есігін жауып алған әкімшілік басқару аппараттарын жаңарту, адам факторын жандандыру талаптары күнделіктиі тіршілікке соны жаңалықтар әкелді.
Ендігі жерде деректірден бастап бас мамандар халықтың алдында істеген жұмысы үшін есеп бере бастады. Бұрын құдай емес, құдайдан былай емес деп жүрген кісілердің пендешілігін көпшілік келелі

жиындарда: «Жолдас Пәленшеев, сіз ғой, кетпен шаппайсыз, мал да бақпайсыз, алатын айлығыңыз да белгілі, ендеше зәңкитіп он бөлмелі үй тұрғызуға, көлбеңдетіп мәшине мінуге қаржыны қайдан аласыз? Дүкенге тәуір шай, ұн мен ет түссе алдымен сіздің үйге бөлінеді, балаларыңыз ләгірден, әйеліңіз курорттан қалмайды. Мұқтажымызды айта қалсақ, кекірейіп асау аттай осқырынып боласыз... Сонда сіздің бізден артық жеріңіз қайсы?» деп қатты сынап жатты. «Демократия деп көрінгенді төбемізге шығарып болдық. Жаман да болсақ, дипломды ма- манбыз» деп деректір мен партком хатшысына шағынған атқамінерлер де көбейді.
Шаруашылықта Қожауовтың жолымен біригәделер шектік жүйемен жұмыс істеуге, мердігерлік әдіске көшіп еді, біраз жұмысшы азын-аулақ айлық алып қалды. «Ау, күріштен миллион сом таза пайда алып жүрген совхозға қайыршылық орнады ма? Тапқанымыз тамағымыздан артыл- майды, бұл не масқара» деп кеңсенің шаңын қағушылар кездесті. Бұрын ауыл зиялылары үндемеуші еді.
Енді олар да: – сендерге күріш пен сүт, ет болса болды, мектеп пен бала бақшаның қамын ойламайсыңдар... Мұғалім мен кітапханашының, дәрігер мен тәрбиешінің тұрмысы қалай, үйі бар ма, мал ұстап, егін салуға шамасы жете ме? Онда тірі пенденің шаруасы жоқ, – деп қиғылыққа басты.
Совхозда да өткен ашық партия жиналысында партия комитетінің есебі тыңдалды. Онда сөйлеген аудан басшысы Нәлқожаның сөзі жұртқа ой салды. Гүлнәр толқыды. Үйге келісімен өзінің бөлмесіне кіріп, түннің бір уағына дейін жазу үстеліне отырды.
«...бәріміз еркін болып алдық. Қысылып-қымтырылу, басшының көңіліне келеді-ау, мұным ұят болар, ағайын-туғанның өкпесіне қалармын деу жоқ, ашығын айтып қарап отыратын мінез таптық. Сынау оңай, сол кемшілікті жөндеудің жолын көрсету қиын... Демо- кратия, жариялылық – бұл әрбір жанның тіршілік өлшемі. «Демокра- тия, не айтсам да өзім білемін, не істесем де еріктімін» деу әбестік, астамшылық. Халықтың ойы мен мақсатына қайшы келетін өзім білермендік бізге жат... «Әркімнің еңбегіне қарай, әркімнің қабілетіне қарай» деген қағиданы ұмытып бара жатқандаймыз. Қайта құру оны жаңғыртып санаға екті... Міндет көп. Не істедім сонда? Күріштікті инженерлік жүйеге келтіру, жол салу, жастар тәрбиесі, механизаторлар мектебінің ұстазы... Иә, азаматтық борыш, депутаттық аманат тек осы- лармен өтеле ме? Жоқ, өтелмейтін тәрізді. Ендеше Жаңбырбай ағаның айтқаны дұрыс... «Мектеп тозды, клубымыздың төбесі құлағалы тұр. Айтуға арланамыз... Оларды жаңадан салуға совхоз да, аудан да қаржы

бөлгісі келмейді. Осыны іске асыратын Гүлнәр мен мына біздер емеспіз бе?..» деген еді ол. Әділ сын... Көп нәрсені жұрттан кейін барып көреді екенмін. Бұл білімімнің таяздығынан, рухани жұтаңдығымнан шығар. Онда бүгінгі өзгеріске қалай, қайтіп үлес қосамын?...»
Бірде бұған «ауылнайдың қудалануына ұшырадым. Қол ұшын бер қызым! – деп Сәлімгереев деген кісі келді. Гүлнәр бірер зейнеткер коммунисті, ауылдық депутатты қосып кәмисиә шығарып тексерген- де, олар «Ауыл тұрғыны Сәлімгереев екі жылдан бері ауылдық кеңсе кітабында үш сиыры, он ешкі мен бір қойы бар деп тіркелсе де шын мәнісінде жеті сиыры мен баспағы, жүзге жуық уақ малы бар екенін анықтады».
Пайғамбар жасына келген кісіге кәмисиәнің шешімін оқып берген- де, ол «бірің-біріңді қолдайсың, сенсеңдер өкіметтен жасырып жүрген тышқақ лағым жоқ. Болған күнде оны өткізем бе, өткізбейім бе, өзім білемін» деп қатты ашуланады.
Соның артынша тұрғындардың жиыны өткізіліп, оған совхоздың басшылары түгелдей шақырылды. Ауыл тұрғындары еркін сырласты. Әлгі, қара басын көп күйттеп кеткен малсақ кісі қатты ұялыс тапты.
Арада үш айдай уақыт өткенде Гүлнәр сол кісімен ыңғайын тауып сөйлесті.
– Адам күні адаммен. Олай болса жеке мүддені басқалардың мүддесінен жоғары қоюға болмайды. Бізде әр үй мал, құс өсіреді, бау- бақша салады, ол мол болса тұрмыс түзеледі, керегін мемлекеттен емес, ауылдастарынан сатып алады. Бұл – жақсы. Бізде әр үйде мал мен құс жеткілікті емес. Ал, ол дүкенде тапшы. Ендеше оны мүмкіндігі бар адамдардан сатып алу керек қой әрине, тегін емес. Шаруашылық малы барларға жемшөп, жайылымдық жер бөледі. Осындай қамқорлыққа орай тұрғындар да өнімінің бір бөлігін мемлекетке сатады. Төрт жүздей қожалықтың әрбір екінші үйі тәулігіне бір келогрәм сүт өткізгеннің өзінде айына екі жүз, ал жылына жеті тоннадан астам өнім болмақ. Бір литр емес, үш-төрт литрге дейін сүт сатуға жағдайы барлар көп қой... Сол сияқты әр жылда кемінде жарты тонна ет бере алатындар да жетерлік. Қаншама байлық бұл.
Әлгі қарт қатты ойланған екен... Гүлнәрдің айтқанына бірден құлап түсті.
– Көп жаса, балам. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп әкеңдей кісіні жазғырма. Көппен көрген ұлы той. Ел беріп жатса, мен қайда барамын, азын-аулақ малды о дүниеге айдап кетем бе? Тек түсінбей қалғаным ғой, – деді ол қабағына жылы шуақ жүгіріп...

Соңғы жылдары жамбылдықтардың тасы өрге домалап тұр. Мемлекетке жүз мың центнер астық беру қалыпты межеге айналды. Кейінгі кездері мұндағы әр жұмысшының орташа айлық жалақысы үш жүз сомға дейін көтерілді. Ауыл адамдары күріш өсірумен қатар мал ұстауға, бау-бақша егуге жаппай бетбұрыс жасады.


* * *
Гүлнәр облыс орталығында өткен келелі бір жиында ауданның және өз ауылының әлеуметтік мәселелерін қозғады. Мәжілісті басқарып отырған облыс басшысы Еркін «Елім, халқым» деп еміренген өрімдей жастың әр сөзін мұқият тыңдады.
– Отанның азаматы болу үшін алдымен өз шаңырағыңның, өз ауылыңның азаматы бола білу керек. Бүгінгі Әлекееваның сөйлеген сөзін аудандағы қайта құруға берілген баға деуге тұрады. Аудан орталығынан кинотеатр, сауда орталығын салуды, Қоғалыдағы ескі клубты қайта қалпына келтіріп, жаңадан орта мектеп құрылысын тұрғызуды таяу арада аяқтау қажет. Құрылыстарға қаржы бөлуде кедергі болмасын, – деді ол, қорытынды сөзінде Гүлнәрдің талаптарын түгелдей мақұлдап.
Облыс басшысы екі сөйлемеді. Аталынған құрылыстар аудан орталығында да, совхозда да мерзімінде пайдалануға берілді.


* * *
– Сіз қайта құруды қалай түсінесіз?
– Ол – ескі мен жаңаның күресі деген сөз.
– Сіз осында туып өстіңіз. Туған ауылды көркейту үшін бір кісідей еңбек етіп келесіз. Көп жыл бойы біригәдә ұжымын басқарып жүрсіз. Сонда сіз бұрын күрессіз өмір сүрдіңіз бе?
– Жоқ, күрессіз өмір бар ма, сірә... Алға қойған мақсатқа жету үшін қиындық атаулыға қарсы белдесуге тура келеді. Көрдік қой та- лайын. Әділеттілік үшін жүз шайысып, үзеңгілес замандаспен кетіс- кен кездеріміз де болды. Қиянаттың қара табанына түсуге шақ қалған күндерім де болды... Күрессіз өмір бар ма, сірә? Сонда мен қарап отыр- сам, ұжымның, ауылдың игілігі үшін айтысып, тартысқан екенмін. Біреуді нақақтан күйдіріп, отқа итерген жерім жоқ... «Ағынсыз су тез бүлінеді, күрессіз өмір де солай» дейді біздің ақсақалымыз Ша- жанбаев. Бұл естіп жүрген сөзіміз. Бірақ, ойланған кісіге оның мәні үлкен.

– «Тапсырылған жұмысымды орындап, тек жүрсем болғаны. Қайта құрудың маған керегі не, ол бастықтарға қатысты мәселе» дейтін заман- дастарымыз бар емес пе? Сіз мұндай көзқарасқа қалай қарайсыз?
– Бірер мысал айтайын. Гүлнәрдің ұсынысымен ауыспалы егіске көшіп, жүз елу гектардай сортаң жерге жоңышқа еккен болатынбыз. Жоңышқалық жер күріш талаптарына жапсарлас. Бірде күн көтерілмей егіс басына барсам, Сақыбай деген ағамыз менен бұрын келіпті. Арық басында кездесіп, егінді бірге араладық. Күріш көгі тәуір, қаулап тізеге жетіп қалған. Жұмысына ұқыпты диқанға іштей риза болып келе жа- тырмын. Енді күріштіктің шетіндегі жоңышқалыққа көзім түскенде әлгі көтеріңкі көңілім су сепкендей басылып қалды. Жоңышқалықта бір қора сиыр жүзіп жүр. Өз көзіме өзім сенбей диқанға қарадым, ол мұртын сипап қойып «Кешелі бері осында, жарылып өлсе қуырдаққа қарық бо- лып қалар едік» деп күлген болды. Қаным қайнап кетті. «Ұятың аздау екенсің, Сақыбай, – дедім, жасы үлкен болса қайтейін, көзін бақырайтып қойып. – Көре тұра қалай дәтің барады, неге айдап жібермедің?» Ол ұялудың орнына «сен, біригәдір жолдас, жөн-жосықсыз зіркілдеме бүйтіп. Мен қорықшы емеспін, күрішшімін. Сиыр айдағаным үшін соқыр тиын да төлемейсің» деп ажырайды маған. «Жаны ауырмастың қасында басың ауырмасынның» кері бұл. Сиырды өзім айдап салдым.
Күрішке орақ түсті. Адам қолы жетіспейді. Жоңышқаның қорық- шысы мен сушысы ораққа шықты. Көпшілік болып Сақыбайдың күрішін де жинадық. Жаңа жыл қарсаңында коллектив еңбек ұйымдастыру жөніндегі есебімді тыңдады. Біргәдір ретінде не істедім, не қойдым, бәрін айттым. Сонда диқан ағамыз аяқ астынан кеп тас-талқан бо- лып бүлінсін. «Қожауов қайта құрылмаған кадр. Өткенде жұмысқа шықпай қалған қорықшыны қолдап, менің намысыма тиді, орынсыз тілдеді. Мұндай тоғышар адам қалай басшы болмақшы?» деді сөз алып. Көпшілікке болған жайды нақпа-нақ баяндадым. Ұжым түсінді. Әйткенмен ол өз пікірінде қалды, Демократия ғой, әркім көңілдегісін ашық айта алады, оған пәлендей өкпелеген жоқпын.
Тағы бір мысал. Бір жақын ағайыммен сөзге келіп қалдым. Бала- сы шофер болатын. Біригәдә механизаторы Гүлнәр барлық астықты қырманға жалғыз тасимын деп құлшынып шықты да біз оның баста- масын қолдадық. Күріштік пен қырманның арасы жақын. Гүлнәр үш комбайнның жинаған дәнін тасымалдап жүр, бір аптадан кейін жақын туысым келіп ақыл қосты. «Шофер ініңді бауырыңа тартудың орны- на кеудесінен итеріп шөп жинауға жіберіпсің. Сонда кімнің сойылын соққаның, Жаңбырбай? Жағыпардың қызы ақшаны күреп алғанда өз бауырың аузын қу шөппен сүрте ме? Су да жақынына ағады, баламды

күріш тасуға ал, шөпке Гүлнәр барсын» деді. Оған баласының жұмысқа салақтығын айтып көріп ем «онда бүгіннен бастап мен сені, сен мені көрмейтін болайық» деп ат құйрығын бір-ақ кесті. Туғаным деп әділеттен тайсам адамдығым қайсы? Келер жылы әлгі шофер інішек басқа біригәдәға ауысты. Өзі арыз беріп кетті. Көрдіңіз бе, арамызда елдің елдігін бұзатын осындай жандар да бар.
Жаңбырбай блокнотына бірдеңелерді тез-тез жазып жатқан аудан- нан келген ақ сары өңді жас жігітке жымия қарап отыр. Жорналістің білгісі келген жайды әңгімелеп беруге уақыты да, көңіл қошы да бар.
... Бүгін елең-алаңнан тұрып, атына мінді де малды ауылға тартты. Өткен жылы сонау Белоруссиядан сатып алған екі жүз бас қашардың бабын табу бес жүз гектар күрішті күтуден қиын болды. Көкала май- са, салқын сабатты өлкеде өскен мал. Сырдың қысы суық, жазы ыстық табиғатына үйрене алмай жүдеп-жадады. Әр түрлі ауруға шалдығып, малшыны да, маманды да аяғынан тік тұрғызды. Біргәдірдің өзінен бастап егіншілерге дейін күндіз-түні бақташылардың қасында болды. Бірі шөп тасыды, бірі қораның қиын тазалады, бірі жемі мен суын берді. Ақпанның ортасында боран соғып, үрінді қар қораны басып тастады, ол аз болғандай, шөпті турап ұсақтап беретін агрегат бұзылды, жылы су келетін құбырлар істен шықты. Сол кезде Жаңбырбайдың маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. «Әй, қайдам, осыдан аман қалмассың...» деп уайымдап еді, жоқ, асыл тұқым малдар ол ойлағандай осал болмады. Шөлейт жердің құнарлы шөбін сағыздай созып, қоңына қол батырмай қысты ұзатты. Көктем келді. Диқандар күріштің қара суын бастырып болысымен шалғысын қайрап жоңышқа оруға әзірленіп жатты. Осы кезде қабағынан қар жауған бақташы келді. «Е, не жау тиді соншама?» деп еді күрішші Мырзабек оның суыт жүрісін жақтырмай. Бақташы Мәлік: «Қарасан келгірлердің бабын таба алмадым. Шөпке қарамай далаға көзін сүзіп мөңіреп тұр. Жайлауға шығармай болатын емес» деді. Мұның алдында «Бір орнында тұрған малдың тұяғы көстеудей болып өсіп кетеді екен. Желдеп, таза ауа жұтпаса денесін қотыр басады екен» дегенді құлағы шалып, көңіліне алаң кірген біригәдір енді шы- дамады. Бақташыны қайтарып жіберді де көл жағалауынан көлеңкелі бастырмалар салуға кірісті. Ағаштың қаны жерге тамбай тұрған кезі. Бастырмаларға керекті құрылыс материалдарын табу едәуір қиындық туғызды. Табынды жайлауға шығарған егіншілер «бейнеттен құтылғанымыз рас па, жоқ па» деп отырғаны сол еді, бақташының ба- ласы жетті ентігіп. «Әлгі қарасан келгірлер ауылдың шөбін татып алар емес, көк жоңышқа, бал құрақ орып бермесе аштан өлетін түрі бар» деп сәлем айтып жіберіпті бақташы. Мұны естіген Мырзабек басындағы

қалпағын жерге алып ұрды. «Ауылдың шөбін жемейтін қайдан шыққан текті пәлелер олар. Бәлки, сүтке талқан былғап берерміз. Сандалма- сын, бақташы Мәлік, бір күн ашықтырса топырақ жейді» деді күйініп. Жаңбырбай ойлана келе табынға көк балауса шөп тасуды Гүлнәрға тапсырды.
Қашарлардың алды бұзаулады. Тұмса бұраулағанына қарамай тәулігіне жеті-сегіз литрден сүт бере бастағанда бригадир де, өзгелер де жымыңдасып қалды. «Алты айғы бейнет ақталатын түрі бар» деп Мыр- забек райынан қайтса, Жаңбырбай «енді совхоздан сүт сұрамаймыз, бригәданың қажетінен артылған өнімді сатамыз, одан қалса құрт- ірімшік жасаймыз» деп желпінді.


* * *
Бригәдір келгенде сауын аяқталып, мал өріске шығып кетіпті. Ол сауыншы келіншектің есеп кітапшасын ашып, сүттің шамасын байқады. Көрсеткіш әр қилы, бір күні жоғары, бір күні төмен. Бұл малдың күйінен хабар береді.
– Гүлнәр кеткелі көк шөп аздау келіп тұр, – деді сауыншы ақтал- ғандай. – Және бұзаулы сиырларға бір мезгіл беретін жем де түгесілді.
– Жем жағынан ұяттымыз. Совхоз сауын сиырлар пермесін жарылқай алмай отыр. Дегенмен іздестіріп көреміз. Бақташыға айт, малды ыстықта тақырға қумай, көбіне-көп бастырмада ұстасын. Ал, көк шөпті кешіктірмей жеткіземіз.
Ұжым Гүлнәрді Бүкілодақтық он тоғызыншы партия конференция- сына делегаттыққа кандидат етіп ұсынған еді. Бұл ұсынысты совхоз, ау- дан іліп әкетті. Облыстық партия комитетінің пленумында жамбылдық қыздың айы оңынан туып, коммунистердің келелі жиынына Сыр бой- ынан баратын тоғыз делегаттың бірі болып сайланды. Бұл хабарды естіген бригада ұжымы «Гүлнәр жоқта оның орнын жоқтатпаймыз» десті. Сиырға шөп тасу Ертабарға жүктелген-ді. «Сөзі бар болсын оның, – деді Жаңбырбай бос астауларды көзімен шолып, – Гүлнәрға не бетімізді айтамыз».
Ол бастырмаларды мұқият қарап шығып, көлге беттеді. Жетегіндегі атының ауыздығын алып, шылбырын бос жіберді. Торы төбел суды кешіп барып ерінін бірер тигізіп, тартып алды, суды ішпеді. Жиек- ке тізесін бүгіп, алақанын суға толтырып қарағанда жылқының әлгі сырын біле қойды. Саусақтарына жұққан көк жағал дақты тыжыры- на отырып әзер кетірді. «Су борси бастапты, шамасы көлге құятын судың сағасын бекітіп тастаған болды. Онысы несі антұрғанның» деп

бақташыны кейіді. Атына мініп, киіз үйдің алдында мұның қимылын алыстан бақылап ербиіп тұрған келіншекке бұрылды.
– Бақташыға айт, – деді жақындай бере қатқыл сөйлеп. – Көл суы борси бастапты. Кешке өзіне сасық судан шай қайнатып бер, қарағым... Біргәдірдің морт мінезіне қанық келіншек жүзін төмен салып, етегіне оралған сары үрпек баласының шашын сипай берді. «Ұялғаны жақсы, – деп ойлады Жаңбырбай былай шыға оның кейбіреулерше ежіреймей иба сақтағанына іші жылып, – күйеуіне сасық судан шай қайнатып берсе ғой, көрер едім әуселесін, малға арам су ішкізетін мықтының... Шілдеде мал түгілі адамның өзі сусыз бір күн шыдас
бере ме?»
Сонау бір жылы Жаңбырбай қой бағуға тіленіп барып, Сарысуда қаталап өлуге айналған кезін еске алды.
... Әкесі Құдабай қырық екінің күзінде соғысқа кеткенде бұл тәй-тәй басып жүрген бала екен. Туысы Қожау от пен оқтың астында жеті жыл жүріп, дін аман елге оралғанда «әкелеп» алдынан жүгіріп шыққаны есінде.
Хабар-ошарсыз кеткен Құдабайдың шаңырағын шайқалтпаған Қожау мұны туған ұлынан кем көрмей бауырына басты, білген ақылын үйретті. Жоқшылық тауқыметін тартқан әулет «Интернационалды» тастап, Октябрь колхозындағы ағайындарына көшкенде Жаңбырбай оң-солын танып қалған еді. Осында ол орта мектепті бітірді, одан Қазалыдағы ауылшаруашылығы техникумында оқыды. Қожау колхоздың жылқысын бақты, анасы Ажаркүл егінін салды.
Техникумды бітіріп ауылға келген жігіт әділетсіздікпен алғаш рет бетпе-бет кездесті. Ол кезде ауыл шаруашылығынан арнайы білімі бар маман бірен-саран еді, соған қарамастан колхоз бастығы «оқыған бала- дан, оқымаған бөлем артық» деп, оны қайда болса сонда қуды.
Алпыс екінші жылы басқармаға Өмірзақ есімді жігіт келді. Ол
«білімі бар мыңды жығады, білегі бар бірді жығады» деп қолы күстеніп қи тазалап, шаң жұтып жүрген маман атаулыны маңына жинады. Жаңбырбай машина-трактор ауласының меңгерушісі қызметін атқарды. Алайда ауылдық жерде атқа мінерліктің өз заңы бар.
Басқарма бастығы өзгерген сайын атқа мінерлер мен мінуге дәмегөйлердің арасында көзге түсу бәсекесі басталып кететін-ді. Алғашқылары аттан түспеу үшін, кейінгілері атқа міну үшін жаңа бастықты үйіне шақырады. Алдына бас қояды, үстіне шапан жабады, жығылып жастық, иіліп төсек болады. Бірінің сыйы бірінен асып түседі. Әрине, олардың бәріне бірдей бөліп беретін қызмет жоқ. Сондықтан бастық «ерекше көзге түскендерге» ғана илігеді. Ал, сәлемнен басқа

көрсетер сыйы жоқ Жаңбырбайларды сәл жерден жаңылса қағып түседі.
Жаңбырбайдың «көзге түсу бәсекесінен» бойын аулақ ұстайтынына қанық құрдастары басқармалыққа Мәмбетов сайланғанда «Ал, Жәке жұмысыңды өткізуге қамдан» деп қағытты. Әзілдеп айтса да солардікі шындыққа айналды. Ол жұмыстан босады. Босағанымен тұрмай бастықпен аражігін ашып кетті. Екеуінің арасында мынадай қақтығыс болды.
– Не үшін босануым керек? – деді бұл бастыққа.
– Өркөкірек жігіт көрінесің. Мен ондайларға қызмет бермеймін, – деді ол тікесінен.
– Өркөкірек болып біреудің кеудесін басқаным жоқ, сізге ұнау үшін әртіс болуым керек пе? – деді бұл да қаймықпай.
Мәмбетовтың талағын тарс айырған да осы болды.
– Бала, сөзіңді жөндеп сөйле. Кім саған әртіс бол деген, ә? Олай болмайды, мен сендей бейбасқа үкімет адамымен қалай сөйлесуді үйретемін, – деді ол қалшылдап.
– Мен сізге артық айтқан жоқпын, босқа күйдірмеңіз. Жұмыстан босайтындай кінәм не, соны білгім келеді? – деді Жаңбырбай оның айқайын кәперіне ілмей.
– Кәне, шық! – деді ол қолымен есікті нұсқап. – Сенімен тәжікелесіп тұратын уақытым жоқ. Жұмыстан босатты деп құдайыңа шағын.
Сол кездегі партком хатшысы Жөкенов дау-дамайды сүймейтін, есті кісі еді. Партияға жақында қабылданған Жаңбырбай мен колхоз бастығының шәлкем-шалыс келіп қалғанын біліп, екеуін бітістіруге ұмтылды. Қызметінен бір айырылып, оның үстіне бастықтың бөлмесінен қуып шыққанына қатты күйінген Жаңбырбай «жасың кіші ғой, сен-ақ жығыла сал, білмегенді кешірмесең білгендігің қайсы» деп сипай сөйлеген хатшыға іштегі өкпесін жайып салды.
– Қызмет жағымпаз бен парақордікі болды, біздей сіңірі шыққан кедейге кетпен мен таяқ тисе де шүкіршілік. Бұл сонда қай заман? Жазықсыз жұмыстан шығарды, себебін сұрап барсам арсылдап бетімнен алды. Ал, сіз болсаңыз маған ара түсудің орнына сондай тоғышардың аяғына жығыл дейсіз...
Саяси жетекші уәжден ұтылғандай, тым-тырыс отырып қалды. Кеңседен шыға бере Сыздықпен кездеспегенде ол әділеттілікті іздеп дүниені кезуге ант бергендей еді. Оның жағдайына қанық бас есепші қолынан жетелегендей ертіп бөлмесіне кіргізді.
– Жасым елуден асты. Осы жасымда бастықты жеңіп мырық болғанды көрмедім, – деді ол. – Мәмбетовтың ақ дегені алғыс, қара дегені

қарғыс болып тұр. Онымен тіресіп абыройыңды кетіресің. Сырт жұрт жөн сілтер ақсақалы жоқ берекесіз ел деп бізді мұқатады. Ашуыңды бас. Алты жылдан бері демалысқа шыққан жоқсың, екі жылдың тиесілі күнін алып, тынығып қайт. Сен келгенше дауыл басылар, аспан ашылар.
Ол осы ақылға тұрды. Демалыстан келгесін бұған қызметті Мәмбетов емес, ауылдың ақсақалы Сражаддин мен Сыздық ұсынды. Басқарма бастығымен келісіп қойған ба, «әзірше қырманның меңгерушісі бол» десті олар.
– Қызмет таңдап жүргенім жоқ, тек жазықсыз жұмыстан шыққаныма қорланамын. Сіздер ұйғарсаңыздар кетпен шабамын, отын тасимын, екі қолға бір жұмыс, – деді бұл қадірлі қарттардың қамқорлығына жүрегі елжіреп.
Қырман көтеріліп, науқанның у-шуы басыла бергенде басқарма орнынан түсті. Оның артынан хатшы басқа жұмысқа ауысты. Не бол- ды, не қойды, оны аудан басшылары ғана білді, ауылдағылар үшін бастықтардың келіп-кетуі жұмбақ күйінде қалды. Енді басқарма бастығы мектеп директоры Жұмабайға тиді, партком хатшылығына жоғары партия мектебін бітірген Жортбасов сайланды.
«Басшылар ауысса Қожауов та қызметін өзгертеді» деген қалжың сөз тағы да рас болды. Ол гараж бастығы қызметіне тағайындалды.
Колхозда отыз мыңдай қой бар еді. Жетпісінші жылы төл көп алынып, жаңадан қосылған отарларға ие болатын шопан табылмай, басқарманың басы қатты. Күзде партком хатшысы «Бәрін қойып, осы қойға барсаң қайтеді?» деді Жаңбырбайға. Мамандығына сай қызметке қолы әрең жеткен жігіт бұл ұсыныстан ат-тонын ала қашты.
– Өзіңдей азаматтар үлгі көрсетпесе мына елді қозғау қиын екен, – деді Жортбасов шындығына көшіп. Осы кезде Жаңбырбай да өзін ұстай алмады.
– Менің оқығаным, көргенім темір-терсек, май, шаң... мамандығыма, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қойыңыз не? Атамаңыз... мүмкін бастықтың не сіздің ағайын-туысыңызға менің орным керек болар... Онда несіне күлтектейсіздер, әкемнен бәсірге алған қызмет жоқ, бүгін- ақ босатып беремін, – деді екпіндеп.
Әңгіменің бұлайша насырға шапқанын күтпеген хатшы:
– Әй, әй, Қожауов аспай сөйле, гаражыңда кімнің ақысы бар? Барғың келмесе зорлық жүрмейді, шолақ ойлап, жөнсіз қитықпа, – деді қызынып. – Әлбетте, көз танып, қол үйренген кәсіп дұрыс. Бірақ біреудің суға батып бара жатқанын көрсең мен жүзу білмеуші едім деп тұра беремісің. Жұмыста да сондай сәттер жиі болады, кейде тәуекелге

барып беймәлім кәсіпті игеруге тура келеді, оны бастан кештің де... Көзің ашық, көңілің жүйрік жігітсің, сонау елуінші жылдарды есіңе алшы. Жастар тың көтеруге барды. Соның бәрі егінші мен малшы деймісің, әр алуан мамандықтың иесі еді ғой. Өмірінде сиыр көрмеген қаланың қызы шелек ұстап сауыншы болды, зауыт пен фабриканың ауласынан аттап шықпаған жігіттер маң далаға келіп мәшине айдады, тірәктір жүргізді, елсіз, сусыз өңірге өмір орнатты, дөңгелетіп колхоз құрды, жайнатып қала салды. Жастықтың қуатымен құмды, дауылды, қарлы боранды жеңген сол ұрпақтың ерлігін баламыздың баласына мұра етер сені мен біз. Ал, сен қой бағуды қорлық көріп, болымсыздың әңгімесін айтасың.
Жортбасовтың сөзі еттен өтіп, сүйекке жетті. Намысқой жігіт сол күні мең-зең күй кешті, түнде әлсін-әлсін ұйқысы бұзылды. Ерінің қас- қабағын бағып, ішіндегісін айтқызбай табатын өмірсерігі Тынымкүл бұл жолы жаңылды, Жаңбырбай ертесіне «қойға барамыз, жинала бер» дегенде аңдаусызда ыстық шай ұрттап алғандай көзі ұясынан шығып кете жаздады.
Колхоздың жалпы жиналысында ол орнынан тұрып «Біз үй ішіміз- бен қой бағуға барамыз. Қожауовқа еретінің қолыңды көтер» деді көпшілікке. Тұлғасы алпамсадай жігіттің мұнысы кілемге алшаңдай шығып «кәне менімен белдесуге қайсың барсың, кел бері» деген палу- анды еске түсіретін еді. Жым-жырт тыныштықты бұзып, бірге бітірген кластасы, автомеханик Қасқырбай:
– Егер, сен ақиқатында қойға барсаң онда мен де шығамын, – деді гүжілдеп.
Ірі қара пермесінің бастығы Махмұд пен ақ егіс біргәдірі Әбділда құрдастарының ауанына жығылды.
– Қарашы бұларды, – деді Әбділда даусын көтере қалжыңдап. – Бізді Сырдың масасына талатып тастап, өздері қырда қозы жеп, қарындарын қасып жатпақ қой. Болмайды оларың, хатшы жолдас, тізімге Махмұд екеумізді де жазыңыз.
Әліптің артын бағып солқылдақтық жасап жүргендер белсенділерге ойланбай қосылды.
Ол кездегі перме бастығы, бүгінгі диқан Мырзабек қарамағына келген сайдың тасындай жігіттерге ақыл мен айланы қатар жұмсап, дегенін екі еткізбейді. Техника тіліне машық әмбебап шопандар қараңғы үйде қамалып отырмады, ойға, қырға шапқылап жүріп бір- бір движок сатып алды, әр үйде электр шамы жанып, теледидар хабар- лары көрсетіле бастады.

Қыстан аман шыққан мал асықпай жылжып Сарысудың жазығына жетті. Осында Жаңбырбайлар өмірінде көрмеген азапты көріп, айдың, күннің аманында қырылып қала жаздады.
...Сырда қалған малшылар көші он тәулікке дейін келіп жетпеді. Әне келеді, міне келеді деп күн артынан күн өтті, бірақ мәшинелер із-түзсіз жоғалды. Жапан түзде жалтақтаумен көз талды, қаталап шөлдеген қой маңырап, ит қыңсылап үрей үстіне үрей жамады. Міністегі түйеден өзге тіршілік иесінің жаны қыл үстінде тұрды. Мұндай боларын кім білген, аз күнге шақтап алып шыққан ауыз су таусылды. Торғай пана- лар бұтасы жоқ Сарысудың қатыгез даласында Мырзабектің әмбебап жігіттері төніп келген ажал тұзағынан құтылудың шарасын таппай қор болды. Бірақ, бірде-бір осалдық көрсеткен жоқ.
Жаңбырбай түнгі аспанға қарап шалқалай жатқан. Бір кезде сол сан- сыз жұлдыздардың арасымен зымырай ұшқан жарықты көрді. «Ғарыш кемесі-ау, – деді күбірлеп. – Ішінде адам бар шығар». Оны Махмұд та көріп жатыпты.
– Біз тұрған жерден Байқоңыр космодромы қанша шақырым? – Ешкім жауап бермеген соң ол: – Сонау ұшып жүрген кемедегілер бізді көрер ме екен? – деді жас баладай әуестікпен тамсанып.
– Көрсе қайтеді? – Әбділда әдетінше әзілдей бастады. – Қой бағып, құйрық жеген қазағымның жатысын-ай деп риза бола ма?.. Жоқ, Октябрь колхозының төрт батыры су таппай сұлап жатыр, дереу көмек беріңдер деп басқарманың, болмаса парторгтың үйіне телефон соғады деймісің?
– Телефон демекші, – деді Махмұд оның кекесінді сұрағын елеусіз қалдырып, – сонау-у мың, миллиард шақырым ғарышта жүрген космо- навтар жермен сөйлеседі, жүдә, оларды теледидардан көріп, даусын ести аламыз. Ғылымның сондай кереметі алақандай Сарысудағы малшыға шапағатын тигізбегенін айтам да. Рация болса ғой бүйтіп «рахаттанып» жатпас едік...
– Қайдағы жоқты айтасың бала құсап, – деді Қасқырбай күңкіл- деп. – Одан да суды қайдан табамыз, соны ақылдассаңдаршы.
Жаңбырбай «Бір қарекет қылмай болмайды. Сарысудың етегінде скважина бар деуші еді, ертелеп жолға шығайын» деп жатып талып ұйықтап кетті.
Ол таң қараңғысында түйесін мініп, жолға шықты. Сағымды да- ламен итіңдеп көп жүрді. Қостан елу-алпыс шақырым ұзаған кезде астындағы қара атан табан жолдан кілт бұрылды. Жаңбырбай бұйдасын тартып жөнге салып еді, жануар қайта бұрылды. «Бұл не білді?» де- ген оймен енді атанына ерік берді. Ұзамай көне сүрлеу бұзылған скважинаға келіп тірелді. Осы жерде оймақтай ғана шүңеттің түбінде

жылтырап жатқан суды көрді. Шөлдеп әлсіреген адамның көзін шел ба- сып, мұрны дым иіс сезбей ме, екі-үш мәрте талмап жұтқанша судың борсып кеткенін байқамады. Қара атан торы төбел сияқты кірпияз емес қой, танауы тыржиып, салпы аузынан шыққан құрттарды пысқырына атып, өлі суды ішті.
Жаңбырбай тұрағына оралып, су толы ыдыстарын жадыдан түсіргені сол еді, алыстан мотордың әлсіз дүрілі естілді. Күннен дал- далап көлеңке жасаған кішкене күркеден созалаңдап құрдастары шықты. Гүріл демде жақындай берді, енді бір сәтте сағым арасынан мәшинелердің тізбегі көрінді. Бұралып жатқан иттер ұлуға әлі жетпей аянышты қыңсылады, ұйлығып жатқан қойлар маңырауға күші келмей ауыздарын ашып, су тасыған мәшинелерге қарай қыбырлады. Алдыңғы көліктің кәбинесінен атып шыққан жүргізуші «Өліп қалған шығар деп ем, аман екенсіңдер ғой» деп Жаңбырбайды құшақтап, қорс-қорс жы- лады. Оның егілгенін көргенде бұл «Маңдайынан беріп жіберер ме еді иттің. Үш күннен бері қайда жүрсің, ей?» деп жағасынан ала кетуге оқталды да, ол райдан лезде қайтты.
Бұлардың қойға барған ерлігін аудан мен облыс көлемінде тілге тиек етіп, күпілдеп жүрген оқымысты парторг пен адамды жұмсарда майлы ішектей айналдыратын перме бастығы сол сәтте қолына түскенде ғой, құрттаған суды аузына құяр ма еді, әлде қайтар еді... Бірақ, олар көпке дейін Сарысуға ат ізін салмады.


* * *
...Жаңбырбай қалың өскен тораңғыл тоғайдың арасымен жүріп отырып, канал жалына шықты. Мұнан бес жыл бұрын бірі келіп, бірі кетіп жатқан бастықтардың бүйіріне шаншудай қадалған Жаңарық каналы осы. Хатшы Жүнісов те, бұл да оның тоқтаған құрылысын жүргізу үшін ауыл мен ауданның арасын шаңдатып талай жортты. Бірақ «Жаңарықты Жамбылға жеткізем десеңдер алдымен жолдағы құм төбелерді көшіріңдер, әйтпесе суды сендер емес, құм ішеді» деп қасарысқан суландыру жүйесі мамандарының көңілін таба алмады. Сражаддиннің ұлы Ибрагим деректір болды да бәрі оп-оңай шешілді. Бұл екеуіне қасарысқан су пайғамбары құмды көшірмей-ақ құрылыстың жобасын бекітіп, қаржыны босатуға қол қойды. Ал, көктемде каналға су жығылды. Екі-үш жылда совхоздың сөгілген керегесін көктеп, уығын ұштаған, киізін бүтіндеп, шаңырағын көтерген Ибрагим жас та болса жарамды жігіт еді, ол қызметі жоғарылап кетті де бұл көпке дейін аяу- лы адамын ұмыта алмай көңілі құлазып жүрді.

Бірде «Жақсының көзі болсын, Жаңарықты Ибрагимның аты- мен атайық» деп толқып еді, хатшы Жүнісов «Халықтың санасында қалыптасып қалған атауды өзгерту тарихқа қиянат, болмаса жөні келіп- ақ тұр» деп қиналды. Сөзінің өтпей қалғанына ренжісе де кейіннен
«оның ақылы жөн екен-ау, каналдың алғашқы сорабын тартқан Жаңарық колхозшылары ғой» деп сабасына түсті.
Жаңарықтың бір тармағы Майарықтың шығысы шоқ-шоқ тораңғылды, жиделі тоғай, батысы тор көз дәптердің бетіндей сызылған кең алқап, біригәданың күріш алқабы. Көз жетер кеңістікті көмкеріп жатқан егістік жақтан қоңыр леп еседі.
Ол канал беліндегі тоспадан өтіп, торы төбелін жиде ағашының көлеңкесіне қаңтарды да жаяулап атыз бойымен егістің ішіне келіп кірді. Енді біргәдір диқан мен агрономның мәліметіне қашан көңілі толып, көзі жеткенше күріштің әр тақтасын ерінбей аралайды. Бұл сенбегендік емес, он сегіз жыл бойы қалыптасқан дағды, жер мен дәнге деген құрмет, құштарлық.
Әр келгенде тым болмаса «бүгін ашытпаң дәмсіздеу екен» деп бір мін тауып кететін біргәдір ақ киіз қалпағын шалқайта киіп тұрған Оқәдиге «Отанның күріші реңсіздеу ме қалай?.. «Бала соққан кездіктің басы жарықтың кері келмесін» деді бұл жолы.
Отан – Жаңбырбайдың перзенті, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеп келді де, басқа жаққа бұрылмай Оқәдидің звеносы- на сұранды. Жұмысы ұнамаса басқа түгілі баласының да «екі аяғын бір етікке тығатын» қатаңдығын білетін диқан оның астарлы сөзінен
«Бала үйде менікі, түзде сенікі» дегенді ұқты. Жаңа «Кәне, ашытпаның бағасын беріп кетесің бе, қайтесің?» демекші еді, ренжіген кісінің қолынан су ішпеуге бар біргәдірге ләм демей үнсіз қала берді.
Жаңбырбай егістің шетін ала орналасқан шөпшілер қосына тал- ма түсте жетіп, торы төбелінің тізгінін тартты. Осында ол өзін іздеп жүрген жас журналистпен танысты. Алақандай блокнотын қолынан тастамай бұл қосқа кірсе кірді, шықса шықты. Сиырға көк шөп тасуға бөлінген Ертабарды «тәртіпке» салғанда да қасында қадалып тұрды. Сірә, атақты Қожауовтың жұмысшымен тіл табу өнерін де көргісі кел- ген болар.
Күн бесінге ауа тамыз аптабының беті қайтып, көлеңке ұзарды. Жібектей есілген жұмсақ жел жоңышқалық үстін желіп өтіп, Жаңарық каналына қарай есті.
Марқұм Сражаддин «Ара екеш ара да шырыны бар гүлге қонады» деуші еді. Сол айтқандай біригәденің бағы өрлей бастағанда келімді- кетімді кісілер де көбейді. Жаңбырбай әдейілеп ат басын бұрып келгенді,

мейлі ол кім болса ол болсын, жатырқамай қарсы алады. Әсіресе әріптесіне бүйрегі бұрып, төбесінен жай беруге бар. Оған жасаған қызметі қайтарымды, жұмсаған уақыты да адал. Өйткені шаруасымен таныстыра жүріп келген кісінің пікірін тыңдайды, жаңалығы, үлгісі болса жадына түйеді. Ал аудан, облыс, астанадан келетін уәкілдердің жөні бөлек. Біргәдір оларды үш топқа бөледі. Алғашқысы – астында арқыраған мәшинесі, қолында билігі барлар. Олар мәселені қолма-қол шешеді, болмаса шешетіндерге әмірін жүргізіп, артында із қалдырады. Екіншісі – астында көлігі, қолында мөрі болғанымен мұқтажыңды өзі шеше алмайды, бірақ шешуге дәмелендіріп қояды. Мұндай уәкілден келер-кетер пайда да, зиян да шамалы. Үшінші топтағылар мүлдем пайдасыз уәкілдер. Олардың көбі біреу зорлап жібергендей шаршап- шалдығып, зарланып келеді. Келеді де алдымен астыңдағы мініп жүрген көлігіңе ауыз салады. Сосын, тиіп-қашып оны-мұны көрген болады, көргенімен жайына тұрмай жөн-жосықсыз бірдеңелерді айтқан болады. Сөйтіп жүріп түскі не кешкі асқа ілігеді. Тамағын ішіп, аяғын босатқан соң «ал, қайтайын, мәшинеңмен жеткізіп сал» дейді шіреніп. Онсызда құтылудың амалын таппай тұрған Жаңбырбайға керегі осы сөз, талабын қолма-қол орындайды.
Ол журналистердің сырын да ала бастағандай. Ілуде бірі болмаса көбі жұмыс туралы мәліметпен қанағаттанушы еді. Бүгінде олар да өзгере бастады. Енді ақпардағы санды місе тұтпай «ұсыныс, пікіріңізді айтыңызшы» деп қыңқылдайтынды шығарды. «Бұл да болса уақыттың талабы-ау!» – дейді Қожауов іштей.
Біргәдір қарсы алдында отырған жігіттің кейпіне қарап, әлгі ойы- нан өзі ыңғайсызданды. Тілші әккі емес, жүректің соғысын тыңдаған дәрігердей жан екен.
– Жақында Москвадағы Халық шаруашылығы Жетістіктері көрме- сінде ішкі шаруашылық есепке байланысты семинар-кеңес өтті, күріш өсіретін аймақтың өкілдерімен бірге оған мен де бардым. – Жаңбырбай жағымды қоңыр үнмен әңгімені жалғап отыр. – Әркім өз пікірін білдіріп жатыр. Күріштің тағдыры жеріне қарай түрліше. Бірінің сөзіне қарап «біздің тірлігіміз әлі жабайы екен-ау» деп өз-өзіңе қарның аша- ды, екіншінің сөзін тыңдасаң «ә, бұлар да өзіміз қатарлы болды» деп тоғайып қаласың. Жер түбінен барғасын сен де ойыңды айтқың келіп арқаң қозады, бірақ отырғандардың мысы басып, қорғалақтай бересің... Бір мезетте кеңесті басқарушы «Кәне, жолдастар, енді қызылордалық лауреатты тыңдайық» демесі бар емес пе. Орнымнан тұрып, тілімнің жеткенінше Сырдария егіншілерінің жайын айттым. Келгендерге бізде қолданыла бастаған екі тәжірибе ұнағандай болды. Біріншісі, «Красно-

дар, Хорезм облыстарының үлгісімен мердігерлікті алғашқылардың бірі болып меңгергеніміз. «Совхозбен шарттасып бес-он жылға жерді, негізгі өндіріс құралдарын жалға алдық та күріштен өзге бидай, жоңышқа, көкөніс өсіруге мықтап кірістік. Онан түскен өнімнің бір бөлігін базарға өткіздік. Бұл пайданың көзі екен. Жұмысшылардың айлық жалақысы артты әрі жыл аяғында қосымша ақыға бір-бір бұзаулы сиыр алды. Табыстың көзін білгесін мал бордақылауды місе тұтпай, сауын сиыр ұстауға көңіл бөлдік..» дедім ағымнан жарылып. Сонда оқымыстының бірі «Сіздікі кішігірім колхоз болды ғой. Осынша жұмысты қанша адам атқарады?» деп сауал қойды. «Әдепкіде қырық адам едік, қазір жиыр- ма кісіміз» дегенімде ол «Ендеше кооперативке көшіңіздер. Өндірген шикізатты өздеріңізде өңдеп, дайын тауар ретінде сатыңыздар. Ол үшін өнеркәсіптік цехтар ашу қажет» деп ақыл берді. Көрдіңіз бе, олар қалай ойлайды?
Ауылда, тіпті ауданда жоқ шағын кәсіпорындар ашыңдар дегені құлаққа тосын естілгенімен әбден орынды ғой... Бұл сапардан күріш ақтайтын, ұн тартатын, көкөніс бұқтыратын, сүттен құрт, ірімшік жа- сайтын цехтар ұйымдастыруды ойлап қайттым. Оны қолдана бастадық... Екіншіден, оларға экологиялық ісіміз ұнады. Аралдың қасіреті әлемге аян. Сонау елуінші жылдың аяғында күрішке улы тыңайтқышты қолдану көрші өзбек бауырларда болмаса дәл біздің жамбылдық диқандардың түсіне кірмеген іс. Сырдарияның суы да ақ жалданып ағып жатушы еді. Бертін келе «табиғаттың бермесін тартып аламыз» деген белсенділер шықты. Басқа жерді айта алмаймын, бізде күріш егісіне жаппай бетбұрыс жасалды. Суда өніп, суда пісетін бұл дақыл аз уақытта жазық далалықтардан аттап жасыл тоғайлардың орнын басты. Дария жағалауындағы мыңдаған гектар жиделі, тораңғылды өңірдің белін қайыстырып ауыр техникалар жүріп өтті. Сыр сымбатынан ай- ырылды, жайлауынан мал жеріді, қойнауынан аң, құс ауды. Сонда да қанағатсыз көңілде тойым болмады, егіннің түсімін арттырудың жолын іздестірдік. Ол улы тыңайтқыштарды қолдану жолы еді. Қарапайым адамдар оның зиянын кейін барып түсінді... Түсінгенімізден не пай- да, санымызды кеш соғып қалдық. Дария суын ішкен адам қалпақтай ұшып ауыратын болды, арасында беті бері қарамай кеткендері де бар. Кезінде мұны айтуға тыйым салынды, тек сексен бесінші жылдан бері көзіміз ашылды. Дария суында зиянды заттардың қоспасы қалып- ты мөлшерден бес есе артық екен. – Жаңбырбай сұқ саусағын безеп қойды.
– Иә, иә, бес есе. Соңғы он жылда облыстағы әрбір мың тұрғынның жетпісі ракпен ауырған. Асқазан, ішек, бүйрек кеселдері үш есе өсіпті.

Аралды құтқару комитетінің бұл деректерінің өзі орташа көрсеткіш деп ойлаймын. Тек біздің ауылдан «қыл тамақтан» кеткен талай адамды білемін... Қан қысымы көтеріліп, жүрек талмасына шалдыққандар то- лып жатыр. Ауданымыз бала өлімі жөнінен «жүлделі» орында. Осының бәріне кім кінәлі? Бұған құдай да, пайғамбар да емес, мына өзіміз кінәліміз. Табиғаттың тепе-теңдік заңын бұздық... Аралға су бермей теңізді жұтаттық, оның ұлтанынан көтерілген тұзды дауыл жасыл же- лек атаулыны құртып жіберді. Ол аз болғандай егінге улы тыңайтқыш септік. Сөйтіп жұтатын ауа, ішетін су, жейтін тамағымыз уланды. Оу, тілші жолдас, ойлаңызшы, сонда біз ауырмағанда кім ауырады? Егер жағдай осылай болып кете берсе Арал мен Қаратаудың арасын жайлап жатқан шаруақор, момын халықтың тағдыры не болмақ!? Москвадағы кеңес өтіп жатқан күндері ауыл шаруашылығы ғылымдарының докто- ры, профессор Евгений Величкомен таныстым.
Ол Кубаньдағы ауылшаруашылығы институтында күрішті хими- катсыз өсірудің жолын зерттепті. Бізде де білікті ғалымдар, маман- дар жеткілікті. Ендеше, солардың экологиялық қауіп-қатерге қарсы амал таппағаны қалай? Гүлнәрдің ұсынысымен қабылданған парт- ком қаулысын орындауға көшкенде арамызда «Дәрісіз күріш өсіру – ақылсыздың ісі» деп бізді айыптаушылар да табылды. Егер Жүнісов пен деректір Ибрагим табан тіремегенде игілікті бастаманың баянды болуы екіталай еді. Олар біригәда жағына шығып сөзімен де, ісімен де жәрдем көрсетті. Соның арқасында соңғы екі-үш жылда біригәда бойынша гек- тар түсімділігін елуден жетпіс центнерге дейін жеткіздік. Міне, сонда ғана қарсыластарымыз қол көтерді. Совхоздың маңдайын ашқан Ибра- гим ауданға қызметі жоғарылап кеткенімен орнына келген Жарқынбек те жақсының жолымен жүрді. Жеті-сегіз айдан соң оны да жоғарылатып жібердік, қазір РАПО-ны басқарады. Ендігі деректіріміз Бимұрзаевты өзіміз сайлап алдық. Қалаулы басшы үмітімізді ақтағандай, келген бойда жұмысқа бел шешіп кірісіп кетті. Біздегі тәжірибені кеңейтіп, со- вхозды жалдық-мердігерлік әдіске көшірді. Жұртты тілімен алдамай-ақ адалдығымен иліктірді. Тыңайтқышты ұрлап-жырлап пайдаланып, гек- тарына пәлен центнерді қайырып тастайтын бірлі-жарым пысықтардың еңсесін басты.
Жаңбырбай енді байқады, әңгімеге еліткен тілші жігіт жазуын қойып, аңырап қалыпты. Жанарынан жастыққа тән албырт сезімдер ұшқын атады. Оның осы қалпынан «айта берсе, тыңдай берсем екен» деген құштарлықты байқауға болады...

* * *
Күн алтын жамбыдай Жаңарықтың жалындағы нар қамыстың ұшына ілініп тұр. Сырдың сұлу даласы қызыл арайға шомылып, диқанның жанарында дүние кербез керіледі... Жақын тұстағы Майарық нуының арасынан қырғауылдың қыт-қыттаған дыбысы естілді. Жаңбырбай табиғатқа құлақ түре жүріп, торы төбелін ерттеді.
... Сол сексен сегізінші жылы Сырдария ауданы астық сатудың тап- сырмасын асыра орындаса, қоғалыкөлдіктер жүз бес мың центнер дән беріп және бір биіктен көрінді. Жаңбырбайдың біригәдасы әр гектар күріштіктен аймақта ең үздік өнім жинады.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу