18.07.2022
  1323


Автор: Жақсылық Рахматулла

ҚАСҚЫРДЫҢ КИЕСІ

 


(хикая)
Кеңсеге кіргенде қабылдау бөлмесінде қызу дабырласқан екі кісіні көрді. Танымады, түр-түсі де бұрын-соңды білетіндерге ұқсамайды. Оларға бірдеңелерді айтып тызақтап жүрген хатшы келіншек мұны көргенде қуанып кетті. Сәлемдесу ишаратымен басын шұлғып әлгілерге
«қойыңыздар енді. Бастық келді» деді қатқылдау. Базарда тұрғандай салғыласқан еркектер сонда ғана әңгімесін кілт үзіп, бұл жаққа аңтарыла қарасты да іле қазақы әдетпен қос қолдап амандасу рәсімін жасасты.
– Ассалау, сәлеметсіз... Күттірдіңіз ғой... Елден келдік басеке, ша- руамыз сізде...
– Жақсы. Қазір сөйлесеміз, сабыр сақталық, – дегенді жүре айта ішке өткен оған Қарашаш ілесті.
– Түймеке, ғафу етіңіз, таң атпай кеңсені шулатып жатыр, мына ағайындар. Ауылда бітісе алмаған дауын осында жалғастырды. Не дейін, әдептілік дегенді мұртына да қыстыратын емес, нағыз қызылкөз арызқой сияқты. Енді сіздің басыңызды қатырмақшы.
– Жарайды, Қарашаш. Жүйкені сақтайық, бүлінген ештеңе жоқ шығар.
Тұмардың жайбар қалпы, қоңыр, салмақты үні оны да сабасына түсіргендей жүзіне жылы шуақ жүгірді.
– Қалай амандық па, қарағым? Мені сұрағандар болды ма?
– Неге сұрамасын, аға сұрағанда есімді шығарды. Жүдә, – деді Қарашаш аптыға, тіпті біреу қуып келе жатқандай бастырмалата айтқанынан әлдебір тосын оқиғаны алдына тартардай көрінді бұған. Енді ол сол нәрсені үнсіз күтті. – Үйден де, түзден де қоңыраулатпаған қалмады. Қайда жүрсіз, Тұмеке, а? Түсінсем бұйырмасын, емханаға ба- ратыныңызды тым болмаса зайыбыңызға ескертпепсіз... Облыс әкімінің анау тызылдақ көмекшісі «жоқ» десем сенбей, «бастық іздеп жатыр» деп өзі келді. «Тап» дейді, қайда кеткен жеріне телефонда дейді... Шы- нымды айтсам әбден зықымды шығарды. Ойпырмай, аға-ай, бақандай бес күн хабар-ошарсыз, ізді-ғайым болдыңыз-ау.
Бірде құрдасындай, бірде мұңдасындай кінәлап, айыптай жаз- ғырған хатшысының толқуын бірінші көрген Тұмар ләм-мим демеді. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Бетін қайтарып тастауға оңталып барып жанашыр пейілмен ақтарылған әйелдің көңілін қалдыруды тағы ерсі тұтты. «Өзіне де осы керек. Бойынан қызуы тарқамаған бозбала емес, аттың тісіндей естияр еркектің осыншалық уақыт жым-жырт жоғалғанын немен ақтауға болады? Тым құрығанда Бәкәнімге кезекті іссапарға кететінін білдіре салғанда мұндай ызың-ызың сөзге қалмас еді. Енді, бірер жылдан бері сыпайы сіз-біз десіп, біріне-бірі үйренісе бастағанда хатшы келіншек бастығым екен-ау деп именбей күйеуіне кейігендей, немесе оспадарсыз ұлына ұрысқандай қылық көрсетіп тұр. Бәрекелді... Кім-кімнің ішіне кіріп шыққан. Мұның нендей хал кешкенін қайдан білсін, Қарашаш. Бес күн жоғалудың да өз тарихы барын кімге айтсын бұл, айтудың мұның жайын білу кімді еліктірсін...»
Қарашаш ұсынған стакандағы мұздай суды ұрттай бере Тұмардың санасын Арыс сапары, Қарақатпен сырласқан мезеттер бір сәт шар- пып өтті. Іле өзінің Қызылқорғасында, жұмыста тұрғанын ойлағанда кешегі қызығы оралмасқа кеткендей көңілі бұзылды. «Бір ізбен тапта- урын болған ақ шаңдақ соқпақ, үйреншікті күйбең, сыпайы, сызқабақ салқын беттер, біреуден-біреу секемденген шемен бұйығылық, ләппай, иә, жоқ, дегендей өтірік көлгірсумен кенептелген қарым-қатынастың шимайына шырмалған қу тіршілік, бейне бір алып таудың көлеңкесінде ғұмыр кешкендей ме? Күн шуағы қашан түседі, кеудесін бүккен күңгірт дүниенің түндігі қашан ашылады? Айнала маңына нұр сеп- кен жадыраңқы жүздер, кірпігінен мөлдір шық тамған жасын жанар- лар, аңқылдаған риясыз көңілдер, ақ пейілі көкейінен көрінген бауыр- мал ниеттер, құлдыраған рухыңды жерге түсірмей қағып алып көкке көтеретін замандастың періште тілектері қашан, қай тұста көрінеді? Әлде келмеске, мүлдем оралмасқа кеткен армандар ма бұл...»
– Сіз, сіз мені тыңдап отырсыз ба? Не болды, аға?.. Тұмеке? Ренжіп қалдыңыз ба, әлде. Құдай-ай, сақтай гөр, түсіңіз өзгеріп кетті ғой. Не істейін енді? Жедел жәрдем шақырайын ба? Шақырайын. Ойпырмай...
Тұмар есін жиғанда Қарашаш балапанын өрттен қорғауға жан- таласқан кішкене қарлығаштай шырылдап ұшып жүр еді. Өбектеп бір о жағына, бір бұ жағына шығады. Шалқайма орынтағына ақырын жайғаса бере оның шошынған түріне қарап жұбатуға тырысты.
Ауырдым десем сенбегендей едің жаңа. Бәрің сенбейсіңдер... Ол қалтасынан ақтүйір дәрісін алып, аузына салды да стакандағы судан сыздықтата жұтты. – Қорықпа қалқам енді, жүдә саспа, осындай-осын- дай құралайдың салқыны соғып өтеді, кейде ағаңды. Зәреңді алдым- ау, аз да болса шаршағандық қой, жолда көзім ілінбеді... Ешкімге тіс жарма, – деді сосын көңілі жайлана бастаған Қарашашқа, жақын тар- та жаймен. – Мен алыстағы бір жақсы кісіге барып келдім ғой. Соның еміне жүгіндім емес пе? Поездан түскен бойым осы. Соныкі білем мына қалжырау... Кетті бәле өзімен, енді түзелдім, мазасызданба, бәрі дұрыс де де жұмысыңа кірісе бер, әуелі ана шуылдақтарды жібер мұнда.

Оның «жақсымын», «айықтым» дегеніне сене қоймағаны Қара- шаштың көзінен аңдалып тұрды. «Алысқа барып жақсы кісіге емделіп келсе дімкәсі әжептәуір болды-ау. Бұрын байқамағаны ма... Кейде ерте- ден кешке дейін алдындағы қағазға шұқшиып, мүлгіп қалатыны содан болар-ау».
Қарашаш бастығының жанында осылай үрпиіп тұра берер ме еді, егер есік сарт ашылып ауылдықтар опыр-топыр кірмегенде.
– Айып етпессің, інім, – деді ақсұр, еңселі алдыңғысы екпіндей, кәсіподақ өз үйіміз деп келдік, еркінсіп үстіңе кірдік.
– Дұрыс болды, орынды болды. Аздап күттіріп қойсам көңілге ал- массыздар. Жақынырақ отырыңыздар, – деді Тұмар шаршаңқы үнмен. Олардың рұқсатсыз алдыр-салдыр кіріп келгеніне, бастығының жылы қарсы алғаны хатшы келіншектің жанына тигендей. – Қазақ үйіне кіргенде де сырт киімін шешіп кіретін сияқты еді, – деп есіктен шыға ауылдықтарды бір шымшып өтті.
Дана Абайды басқалар сияқты мектептен оқыды Тұмар. Қара сөздеріне тіс батырып байқағанда өзін терең судан малтығып өте алмаған күйде сезінген. Сол даналық «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дегенде «өзгелердің алдында өзін-өзі табалап, кемсіткені несі?» деп ренжігені рас. Жастықтың жеңіл пайымы екен, ол. Қазір олай ой- ламайды, Абай көреген екен, ұлтының мінезіндегі кемісті дәл тауып мысқылдаған екен жарықтық деп, зейінділігіне тәнті болады. Өйткені есейген замат соны бастан өткеріп «тұздығы жоқ сөз қуғандардың әлегінен талай жерде күйіп-пісіп, шаршап-шалдығып жүрісі мынау.
«Көп сөз – бос сөз» дегенді де сол сөзуар қазақтың өзі айтады. Әрине жұрттың бәрі бірдей емес, «аузынан сөзі, қойнынан бөзі» түскен кең қолтық момақандар да қатарда жүр. Бірақ онымен қысыр әңгімеге әуестік мінезден қалың көпті арашалай алмайсың. Қолыңнан түк кел- месе де көзіне ілінген қарайғанды қыңыр сөзбен мысқылдап, бірін-бірі тобықтан қағу, ғайбаттау, ақылдымсып көлгірсу, әліге дейін әжетке жа- рап жатқанына қайрансың. Соған қарағанда ол да бір қазақ басына ғана салған тәңірдің бейнеті болар ма? Сол кәрі дертті тәуелсіздік әкелген сөзге, әрекетке дегендей еріктілік заңы көне құмырада талайдан қамалып жатқан жынға бостандық бергендей әсер етті. Жер дауы мен жесір дауын дүниедегі шешім қиямет дауға жатқызған ертедегілердің басындағы ахуал жекелікке мүдделік сипатында бүгінгінің басын шатуға әкеп соқты.
Құдайға шүкір, бүгінде жесірін ешкім іздемейтін болды, әйтеуір. Оның құны жоқ. Ал, жер меншігінен бас тартатын тірі жан табылма- ды. Сұраушысы да, іздеушісі де атқапталынан. Талас-тартыс, бәсекеге дуылы қызып бергенде, оны шешуге әкім түгілі сот пен прокурордың да әлі келмейді. Шешілді дегенмен ол іле-шала қайта бұзылып жата- ды. Оған біздің кәдімгі сөз құмарлық дертіміз ықпал етеді. Дәйексіз- дәлелсіз әңгіме-сөз, өсек-аяң, арыз-шағым тұс-тұстан қардай жауғанда әлгі мықтылар абдырап, өзі қабылдаған үкімі мен өкіміне «Осынымыз асығыстау емес пе?» деп күмәндене бастайды. Тамыр-таныс, құда-жек- жат, ауылдас, дос-жолдас бәрі даугерге көмекке шығады. Олардың ара- сында ірі қызметте отырғандары да барын ұмытпайық. Сонда кімнің сүйенері мықты болса, соның асығы алшысынан түсе береді.
Тұмар осыны байқағасын көзі жетпеген нәрсеге араласудан тар- тынады. Алайда кәсіподақтың шаруасы көпті мазалаған жағдайдың ың-шыңсыз бітісуіне қатысты болғасын, мұның бейнеттен басын ала қашуға кейде мүмкіндігі болмай қалады. Алдындағы екі жігіт ағасының келген өтініші де осындай жәйттерге қатысты еді. Олар әкімге де, заңға да барған. Жауабын алған, бірақ оған екеуі де келіс- пейді. Жан-жаққа шапқылап шаршағандар енді кәсіподақтан жәрдем күтеді.
... Ауылдың шетіндегі мұнан қырық жылдай бұрын бірінің әкесі қоныстанған қыстауды кейінгі бес-алты жылда екіншісі пайдаланған. Екеуі де тиісті орындардан қыстауды, оның жанындағы көлді меншігіне иеленген қағаз алмаған. «Кеңестің кезінде бәрі де мемлекеттікі еді ғой, қағаз-мағаз керегін кім білген, білсе де жекелік заңы деген шықпаған кез. Енді жұрт ата қонысын иемденіп жатыр. Құдай менің жағымда, әкемнің бейіті жатқан жерге ешкімнің таласуға қақы жоқ. Заң не десе о десін, ауыл әкімі мынаның туысы, ол да маған дұшпан. Сонда кәсіподаққа жүгінбегенде кімге барамын. Жұмысшы қара табанның сөзін сөйлейтін сендерден басқа ешкім қалмады, шырақ, – дейді ересегі жыларманға келіп.
– Әкесінің бейіті жанында менің шешемнің бейіті тұр. Топырақ сол жерден бұйырса не дейін. Егер молалар заңға дәлелге жүрсе қыстау екеумізге тең бөлінсін. Ауыл әкімі рулас ағайыным екені рас болса ол бұған да қашық емес қой, туған жиені. Туыстар арасына жік түсірмей келісейік десем көнбейді көкешім. Жасының үлкендігін алға тартып діңкемді құртты әбден. Ауыл, аудан сот, прокурор бәрі шаршады. Қалғаны кәсіподақ еді, алдыңызда тұрмыз, айтатын құзыретіңіз болса айтыңыз, бауырым. Бірақ бұра тартпаңыз, келісім тек бөліспен бітеді, – дейді екіншісі.
– Хат-шағымдарыңызды қалдырыңыздар... Мамандармен ақыл- дасайық, – деді Тұмар біріне-бірі уәжін өткізе алмай жүргендерді тоқ- тамға шақырғандай. – Әр жіптің бір ұшы бар. Әр түйіннің бір тарқамасы табылады. Кәсіподақ та, әкім де айналып келгенде заңға тұрады. Егер көнбесек, кәдімгі адами түсінікке не жетсін.
Ол сөзін үзіп, екеуіне барлай қарады да әңгімесін түйді. – Осын- да табан тірегендеріңіз әлбетте құптарлық ниет. Қазақылыққа салы- нып, ақыл айтты демессіздер, сөз қуғанның несі жақсы, анау-мынау артық-кемді тергіштеп әруақтардың сүйегін сырқыратпауды ойласқан мәмілешілдіктің несі теріс, туғандар?
– Жә, жә, Тұмеке мырза, – деді алғаш сөз бастаған аққұба кісі салмақтап. – Өзің мен құрылпылассың-ау, шамамша. Тілде буын жоқ. Келісімге келтірер тілмар түтін исі бұрқыраған ауылдан да табылған. Соған илікпей жүрген «тентегің» менмін. Себебі әлгіндей жағдай. Мұның анасы қорымға менің шалымнан көп кейінірек жайғасты. Әр атаның жерленер орны бөлек болса да шешесінің сүйегін ауылдың жанындағы туысқандарына қоспай біздің қорымға тықпалағанын өзінен көрсін. Содан да бұл айтқаны дәлелге жүрмейді. Қыстау мен көлді келе- шекте иемдену үшін есеппен жасалған тірлік бұл.
– Әй, ағасы әруақты алға тартпа, өлікке есеп жасағанды қай атаңнан көріп ең. Аузыңа келгенді көкіме үлкен үйде, ұят-ты.
– Ақылыңды өзіңе жұмса. Өлген әкеңнің қу сүйегін жатқан жерінен осында көшіріп қойсаң да жерімді ала алмайсың. Нағыз кеңкелестің дауы қоза бастағандай. Кәдімгі имансыздықтың салқыны соқты Тұмарға.
– Болды, ағалар, осы жерден тоқталайық. Әйтпесе тереңдеп ба- рамыз, – деді ол екі қолын көтере ренжи кейістікпен. Бірақ аналар тоқтасқанымен өзі іштегі өкпе-ренішін айтпай тұра алмады. – Қазақтың салт-дәстүрінен қиястап қайда барамыз? Азаматтар-ай, түге. Хат-арызға жауапты үш күнде кәсіподақ береді. Осыған келісейік.
Мұның сыңайын байқады ма екеу хат-арызды қалдырмады.
– Енді бізді өзің іздеп табатын боларсың, кәсіподақ мырза. Естуімше мынаумен (ол иегімен жанандағысын меңзеді) рулас екенсің. Соны естігенде келмей-ақ қоюым керек еді. Кәсіподақ турашыл кісі деген Қамаштың мақтауына иланып қалдым. Әйтпесе келмес едім. Өзіме де обал жоқ, – деді ересек даукес шыға бере қырланып.
«Ал, ендеше... Жанындағысын маған рулас дегенді қайдан шығарды? Көрмеген-білмеген көлденең көк аттының қатысы қанша? Ал, Қамашы кім? Қай Қамашты еске салып отыр. Әй, қазекем-ай, осындайсың-ау сен».
«Қамаш», «Қамаш»... Тіл ұшына тәтті есім үйіріліп, көңілін жұмсақ леп желпігендей. Иә, Күнтауда сол есімді әйел бар ды, бұл білетін. Ол қазір облыстық білім басқармасында істемей ме? Мұнан біраз бұрын осы қызметке келу жайы қозғалып Мінайдаровтан шыға бере кездескен Қамашы ма, ана даугердің аузына алғаны? Сол болса жүрегіне бұл қимастай жақын тұтқан жан, аяулы Қамашына әлгілердің ісі аян болғаны да.
Ол көп жыл қатысып, бірде өлердей сүйіп, бірде өлердей жек көріп, жек көргенімен ат құйрығын ада-күде шорт үзіп кете алмай қайта жа- расып ит рәсуасы шыққан күндердің белгісіндей сол келіншектің есімі күтпеген жерде қайта жаңғырғанда көңіл көкжиегін әлсіз толқын шайқап өткендей бір сәт қыбырсыз отырды.
...Аудан әкімі, өзінің досы Жаншорамен Қамаштың құпия қатысы барын сезгенімен білмегенсіп жүргенде құрбы-құрдастары көрген жерде «аудан патшасымен бас қасысқан бажа бопсың, құтты болсын»,
«бір тостақтан көже ішкен қалай екен, сірә сен жұғынын жалайтын боларсың» деп мысқылдап жүретінді шығарды. Бұл «қой әрі, мемлекет адамының абыройын өсек-аяңмен былғамаңдар, бұл үшін темір тор- да шірисіңдер» деп әкімді алға тартып, айбат шексе де ірі іріп тұрады.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдар ма, Қамаш соншалықты бүлінген әйел ме, шынымен» деген күлдібалам ойға кетіп өзін ұстай алмай еңсесі езілді.
«Басыбайлы қатыным емес, біреумен бола ма, екеу, үшеумен бола ма еркі өзінде, ауырмайтын жағына қисайсын, саған сонан келіп ке- тер түк жоқ. Несіне күйіп-пісесің, өмірдің қызығын көрсін ол да мен сияқты» деп өзіне-өзі жұбатқансиды. Жұбатқан болғанымен намыс па, әлде қызғаныш па, бір қызылкөз шайтан кеудесін ашыта тырналап әлем-жәлемін шығарады. Жалған намыс қайыры жоқ өкпек желдей тұла бойды қуалап із-түзсіз жосып жатады. Ерік, жігер мықтылығы ғажайып ерліктер, кереметтер жасауға тән болмас әсілі. Тұрмыстағы кез келген құбылыстар үстінде де сол қасиеттерге жүгіну керек сынды. Адам со- нымен өзінің болмысынан айрылып қалудан сақтанатын сынды.
...Тұмар үйге кіргенде Бәкәнім терезе алдындағы көне жаймада әлдебір жорналды ашып отыр екен. Көздері түйісті, оның жанарын- да «Иә, келдің бе, қайда жүрсің?» деген сұрақ жалт ете жанып-өшті. Мұның жанарында «Хабарласып кетпедім, асығыс шаруа болды, ренжіме» дегендей өзін сәл-пәл кінәлі санағандық ақталу тұрды. Бірақ екеуі де оны тіс жарып айтпады. Әйелінің бір қарасынан тереңде жатқан өкпе, реніш табының салқыны білінді. Мүмкін дәл олай емес шығар. Не деп ақталсын бұл. Ақталуға жататын айыптан ауырлау жағдаят емес пе, мұныкі. Енді міне ол қазір Бәкәнімнің алдында өзін ақтап аларлық мысқылдай ілгешегі бар пенде санатына жатқыза алмады.
Мұздатқышты ашып «Сарыағаш» газды судан сылқылдата жұтып жатып әйелінің жорнал бетін асықпай парақтағанына қарай екеуінің арасында дәл осы үнсіздік қашанға созылатынын, созылмаса әңгіме қалай, неге қатысты өрбитінін ойлап үлгерді. «Ой, әке қайда кеттіңіз, қатты қорықтық. Неге звондай салмадыңыз? Осындай секреті көп жұмысты неге тастамайсыз, ә? Ой, әке-ай, бір нәрсеге ұрынып қалсаңыз қайтеміз» деп қабағын бұртита сөйлей беретін студент қызы болса мына өлі тыныштықтың зеңі әлгіде быт-шыт шашылады. Ішкі бөлмеге өтіп сырт киімін шешкен бойда төсекке қисая кетті. Мүлгіген тыныштықтың әлдиі бірте-бірте санасын буып, буын-буынын әлжуаз діріл қуалады.
«Қайдасың, Қаракөз. Жапанда қалған жалғыз ағаш, сусап шөл- деген, баяғы қою жапырағы жел, дауылдан жұлма-жұлмасы шыға селдіреп, керегедей кең бұтақтары күнге жайылып көлеңкесі бір қауым елге сая болған сол ағаш зеңгір көктен жөңкілген ақшабдар бұлттардан бір тамшы өмір дәмете зәңкиіп әлі тұр. Шайқала теңселеді, қаталап қаңсыған жапырақтар сусылдай сыбырласып тәңіріне жалбарынудан бір тынбайды. «Жаратқан ием жарылқай гөр, бір тамшы суыңды қия гөр бізге. Ей құдіретті көк аспан есіркей гөр бізді, ей құдіретті қара жер ағаш анамның тамырына нәр бере гөр» дей ме екен сонда. Есіркеп, елеген ешкім жоқ, бірақ. Иә, сонда да жарықтық ағаш ана тіршіліктен еш күдерін үзбейді. Құлағысы жоқ, оның. Маңайдан мұның қайғысын, қуанышын үнсіз ұғар тілектесті ұшыратпаса да, ұшыратуға үміті үзіле бастаса да белгісіз жебеушім әне келеді, міне келеді деген дәмемен күнді-күнге жалғаудан жалықпайды. Өлгісі жоқ, оның».
Тұмардың нақ қазіргі көңіл-күйі діні арса-арсасы шыға көркем келбетінен арылған сол жалғыз ағаш дерсіз. Жанына медеу боларлық Қаракөздей жанашыра жоқ. Иә, жоқ, енді болмайды да. Ешкімі жоқ. Қуаныш, үміті, қиналғанда маңдайдан сипар демеуі жоқ, бәрі кел- меске кеткен. Бітті бұл. Қойын-қолтығын аңызақ жел қуалаған анау жалғыз ағаштай айдалада күңіреп қалды. Жапырақтарына қуат бе- рер тамыры да нәр жинауға әлсіз. Әлсіреді бұл. Рухтың шырағы сөне бергені ме, мұқалып, мүжілгені ме? Қарақатпен кездесуден соң бар алданыштан түңіліп жігері жасығаны ма, әлде. Киесі бар адам екен- ау ол. Екеуі жатқанда есіктен сығалаған ақ шәлілі періштелердің елесі әлі көз алдында көлбеңдейді. Қаракөз, Бәкәнім, Қамаш... тағы кімдер? Бәрі бұған бір кездерде жан-тәнімен берілген, екі дүниеде де бір болуға серттескен адамдар еді-ау. Солардың ішінде қазір жанында қалғаны тек әйелі. Әйелі десе ол да суық қабақпен мұнан аулақтай түскенін аңдатады. Сонда кім қалады, жанында? Белгісіз, ұшы-қиыры шексіз маң даланың бейнесінен өзге ештеме көзіне түспейді. Түседі, иә, түседі әне... Ол бір қиястан бұлдыраған кәдімгі жалғыз ағаш. Сол қарайғаннан бері қарай-ақ шәлісін екі иығына жапқан пері әйел. Сұлбасы Қаракөз ақырын-ақырын басып бұған қарай жақындап келеді Ойда-жоқта күн
күркіреді. Аспан бұлттардың бауырынан жерге, манағы тұс-тұсын шөл, жел аңдыздаған қу даланың бетіне ірі-ірі жаңбыр тамшылары төгіле берді. Жалғыз ағаштың жапырақтары сыбдырды қойып, алақайлап қатты-қатты дауыстай бастады. «Жаратқан ием, құдіреті күшті Алла тағала бізге рахымшылық жасағаныңа мың мәрте рахмет! Көз жасымыз- ды көріп, өлімнен аман сақтағаныңа шүкір Қасиетті көк аспан, киелі
қара жер тілекші болған сендерге рахмет! Ей, ей, ей Тұмар, біз өлмейтін болдық енді, Құдай неткен мейірімді, неткен жомарт, тілегімізді қабыл етті, есіркеді бізді. Сен де жақсылық атаулыдан түңіле берме, тәңірден шын ниетіңмен тілек тіле. Сонда біздей боласың. Өмір үшін тіле Алла- дан тілекті. Сонда көңіл пәркің ашылады, көкірегің тазарады, айналаң жын-періден аластайды. Тұмар, тыңды бізді »
Тұмар түстен кейін жұмысына қалпындағыдан кештеу барды. Сту- дент қызымен үйден шығарда тілдесті, телефон арқылы. «Әке, жұмыс қиындап кетті ме? Жүрісіңіз көбейді, айтпайсыз, біз алаңдаумен оты- рамыз Қойшы, ауырмай жүрсеңіз болды да. Жақсы, кешке көрісеміз
ғой» деп, сұрақтан сұрақ қойып, әкесінің жауабын тыңдап болмай бай- ланысты үзді. Тыңдағанда не айтар еді, бұл. Аздап ренжіген сыңайлы ма, қызы. Оның асығыс-үсігіс шалт сөйлеп, апыл-ғұпыл ойын ақтарып салатын мінезін іштей ұнатқанмен сәл салмақты, байыпты болғанын қалайды. Жас қой, бала ғой, есейе келе түзеледі де, аман болсын әйтеуір. Кешке жуық Қамашты телефон арқылы тауып, тілдесудің сәті түсті.
– Осылай оқта-текте есен-саулық білісуге болады емес пе? – деді Қамаш жым-жырт кеткен мұны жазғырып. Әлде сыйластықтан жапа шеккен жерің бар ма? Бәкәнімің бақуатты ма? Иә, не жағдай?
– Бүгін маған келген бір кісі сенің атыңды атады. Жер дауымен жүр...
Ол бірден түсінді.
– Иә, иә, ауылдағы немере аға еді. Жұмысы бітті ме, көмектестің бе?
– Кәсіподақ шешетін жағдай ма, олардікі Арыс-берісі көп, бітіспес
тартыс. Сотпен аяқталмаса, басқаның шамасы келмес.
– Елдің кісілері осында отырғандарды бәрін бітіре береді деп ой- лайды ғой, қайдан білсін. Аудан дөкейіне қаулы ма, хаттама ма, бір ұсыным жазып, мәселесін орындауға көмектесуге болмас па, Тұмаш. Өмірімде бір өтініш айтқан жерім жоқ қой саған. Қысқасы, өзінің ша- масы келмесе маңындағылар арқылы ықпал етер деп үміттенген едім.
– Мүмкіндігінше көмектесемін, өзің білесің. Бірақ әр істің мән- жайы әр басқа. Ағаңа бүйрегім бұрса, екіншісіне обал, соны ойлап Құдайдан қорқасың.

– Солай де, Тұмеке. Облысқа келгесін бұрынғыдан мықтырақ шығар десем, әлі былқ-сылқ бұлғағыңнан өзгере қоймапсың. Мейлі, өзге жанашырларға өтініш айтсақ та бір жөнін жасармыз. Мұны осымен қозғамай-ақ қоялық. Ал, сымның бойында сырласатындай соншалық арамыз ашылып кетпеген сияқты еді, меніңше. Бір қалада тұратын тілектес кісілерге жарасымды бола ма, бұл?
– Иә, жарасып тұрған жоқ, – Тұмар ананың әлгі «былқ-сылқ бұл- ғағыңнан өзгермепсің» дегеніне ренжіді. Қайдағы бұлғақ? «Жуас- сың, кім көрінгеннің жүндеуіне ыңғай беріп тұрасың» деп, мұны құрдасы Досмахан қайрайтын еді, кісінің бетін қайтармайтын көңіл жықпастығын жақтырмай. Осы оныкі де жөн-ау деп, кейде талас-тар- тыс, көк езу дауға араласа кетуге оқталады. Бірақ, жеме-жемде Құдай бермеген мінезді өзгерте алмай тартыншақтап «Не керегі бар? Көп сөзден не пайда» дегендей самырқаулық сабырына қайта түседі. «Жу- астан жуан шығады» деген де қазақтың ертеден қалған көне мақалы. Бұның төңірегінде жуандаған кезі жоқ сияқты. Икемге иліккіштігі болса да, болмысынан біреудің қолтығына кіріп күн көрер ез дейтіндей де нышаны білінбейді. Кезеңі келгенде есесін жібермейді, айтады, бақырып-шақырып шаң көтермесе де қадап, зілді айтар райы сырла- старына мәлім. Ендеше тілеуіңді бергір ертеден сыр мінез көңілдесі Қамаштың мына өзіне таңған мінездемесі көңіліне келеді, әрине. Еркектік ірілігін де, әйелге жағымды мәйін жұмсақтығын да көрген, білген қатын арасы суып бара жатқан жағдайды жақауратып, бір мұқатқан мекерлігі ме екен? Кімнен кетті сонда, қателік? Арақ ішіп есілдертінен айрылған уақыттың өзінде де бетіне жел боп тимейтін Тұмар кейінгі ащы-тұщыдан тыйылып, иман жолына қадам басқанда да үйренген желісіне қайта үйіріліп тұрудан қалмапты, есіне түсірсе. Тек... Иә, тек Қамаштың мұнымен қатынасы біржола үзуге ыңғайын байқағасын барып, бұл да амалсыз сырғақтай берген жоқ па? Мұның себебін кезінде ол сұрамады, оның ыстық пейілі неден тоңазығанын бұл сұрамады.
Сонау бір кезде Қамаштың мұнан өзге некелескен көңілдесі Шой- қараның есікті бұзып кіріп, екеуін «қылмыс» үстінде қолға түсіргені, ананың сұрауымен бұл пәтерге қайта бас сұқпауға берген уәдесі «Қа- ракөз» деп ынта-шынтысымен емірене балтырын жалап, төсін иіскеген ұрғашының опасыздығы аймандай болғанда есінен танғандай ауыр соққы алғаны, сосын одан да, өзінен де жиіркеніп, махаббат деген ал- дамшы, айлакерлікке, күнәһарлыққа толы қиялдағы дүние болғаны ма, солай екеніне әлі кезге дейін сенбей жүрген ақымақ екенмін өзім де деп, маңдайын ұрды. Енді не мағына бар екеуінің қатынасында. Сөйте тұра Қамашты біржола жоғалтып алуға тағы қимайтындай, бір сезім бұған алыстан-алыстан талып, аңсап жететінін күткендей ме.
– Қамаш, біз... – Ол әрі қарай сөйлей алмады. Егер жалғастырса былай деуі ғажап емес-ау «Біздің кездесіп, сөйлесуге тұратын жан- дармыз ба осы, қалай ойлайсың, перизатым? Иә, өткен іске, анау- мынау жағдаяттарға өкінбелік, өзімен кетсін бәрі. Дегенде бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ, алдамай ашығын білдірсең нең кетеді. Өзіңді де, мені де сыйласаң «тіршілік қой Тұмеке, анда-сан- да бір иіскеп кеткенің маған үй, жай, мал-мүлік бола ма? Көңіліңе қараймын деп Әкімжан мен Шойқарамның жәрдемінен бас тартып не көрінді? Мен сондай тұрақсыз әйелмін, әйелдігімді өз жағдайыма пайдаланамын деп дүниеге жар саламын ба? Жақсы, маған аңсары ауғандар сенен басқа да баршылық екенін көрдің, есітіп, білдің. Ал, содан бірдеңең кетті ме? Кісілігіңнен түсіп қаласың ба? Егер әркім ішіндегі сырын жанасқан жақындарына бүкпесіз аша берсе өмірде сүттен ақ пенде кезіге ме? Әй кезікпес-ау, ондайлар қалса да сирек. Мені ақиқат басқаға қимайды екенсің онда қатын-балаңнан ажыра, қосыл ел құсап ақ некемен. Сосын арыңды арамдасаң обалым өзіме» демедің бе?
Жарайды, перизатым. Өлімнен басқаның бәрі жердің бетіне сыя- тын нәрсе екен, рахымы шексіз Алла тағала өзі жаратқан пенденің бар еркелігін, амал-айласын, қиянат, күнәсін көре тұра өзі тәубаға келер деп кешіретін көрінеді. Сабырлы-салиқалы, ақылды ғой Аллам. Екі аяқты жұмыр басты адамын жамандыққа қимайтын болар. Түбі жақсы бола- тынынан түңілмеген-ау. Түңілу ақылдылық емес-ау. Бізде солай бәрін жадымыздан сызып тастайық та қатысайық. Төсек пен есеп үшін емес бір кезгі жақсы көрген кездеріміз үшін бірімізді-біріміз кешірелік. Хал- жай сұрасып тұрар тілекшіліктен жеріспелік, кетіспелік. Менің жүрегім осылай дегісі келеді...»
– Тыңдап тұрмын Тұмеке. Не ойлап кеттің? Әлі сол мінезің-ау, мырза жігіт. Сөзіңнің аяғын жұтып, ішімдегіні тап дейсің... Иә, иә сағынғансың ғой... Менің жағдайымды білсең етті...
Қамаштың даусы жұмсарып әдепкіден өзгеріп бара жатты. Онан әрі екеуі де тезірек кездесуге уәделі байласуға шақ қалды. Бірақ Тұмар жақтан «Қамаш, кешіре гөр, кейін звондаймын, иә өзім хабарласам, әзірге сау бол» деген жауап естілді. Келіншек үзілген телефонның гуілін құлағына тосып Тұмардың өзін кешіргенін білді. Сонда екеуін қайта жалғастыратын не? Ол бұған түсініксіз.

* * *
... Көктемнің ыбылыңқы-сыбылыңқы мезгілі. Дала бетінде ойдым- ойдым қақ тұрып, ол жерге сіңіп үлгірмей артынша сәуірдің емшегі сыздап қарала бұлттардың бауырынан сүттей атқылаған жаңбыр нөпірі басталып кетеді. Даланың жусаны мұрттап, ара-арасынан көктемнің әдепкі жауқазындары басын қылтита бастаған, рең жаппай көктеп көз жетер кеңістікті көгілжім түске бояй түскен. Сарыат шапқан, Сарбұлақ, Сарапан, Қаракөл деп аталатын жерге Сыр қолтығындағы тоғайды қыстап шыққан отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, келі-келі түйе осы жайлаудың о жақ-бұ жағына тұяғы тиген бойда төлдей берген. Төлдеу жол-жөнекей басталған. Үш күн, үш түн дембіл-дембіл жауған жаңбырдың табиғат пәрменіне титтей залалы байқалмайды. Қайта аспаннан ақтарылған су туған малдың артын жу- ады, төлдің денесін ширатады. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген ғой деп, малшы біткен жаңбыр ұзаған сайын жаны кіреді, риза.
Ұлытаудың аяғы үзіліп-үзіліп барып бұйрат-бұйрат құмға ай- налып кетер тұсын мұндағылар Құйымшақтың құмы дейді. Сол Құйымшақтың ұшын қапталдай кемерлер Сарысу жылғасы өтеді. Жылға дегені өзеншікке келеді, әлде келіңкіремейді. Оның екі жағалауы ну қамыспен көмкеріліп, онан әрірек тырбық жиде, қоян сүйек, сәмбі талдың азғын түріне жататын сирек жапырақты қау бұтағанға айналған алқаптар көрінеді. Ойдым-ойдым шағын алқаптар онан әрі бауырын жазып кетпей манағы бұйрат құмдарға жұтылады. Ту-у әріде қалған Ұлытау құйымшағын шайып аққан осы өзенше бейне бір қызылкүрең құм жондарының қомын пышақпен тілгендей қақ жарып өтетіні ғажап. Неге жұтылып кетпейді құм әлеміне? Ол да бір табиғаттың құдіреті.
Өзеншенің батысын қуырып жатқан құмды шоқалақ бір күншілік тұста кәдімгі баялыш пен жусанды жазаңға иек артады. Жазаң болғанда да оны ұшы-қиырына көз жетпес меңіреу кеңістік деп атаса шындыққа келер бәлки. Сол кеңістіктің бетінде бір ноқат қарайған белгі көрінбес еді, буалдыр сағым бүркеген тылсым дүние, әйтеуір. Бірақ көзге солай көрінгенімен оның да өз тіршілігі бар, қыж-қыж қайнаған өмірі бар. Ол қайнаған тіршілік ерте көктемде алыстан арып-ашып жеткен малдың тұяғы тигеннен бастап алты айға созылады. Әр жер, әр жерге киіз үй тіккен малшылардың қарасы көбейіп, төрт түліктің табанына езілген жусанды даланың бойына нәр жүгіреді.
... Үш тәулікке ұласқан ақ жауын өзеншенің суын кемерінен асырып, қарқын жағалауындағы тоғайшаларды басып қалды. Шойнақ қаншық нөсер алдында қам жасады. Астырттағы өзенге құлайтын жыраның ернеуіндегі үңгірде емін-еркін ойын қызығына бөккен үш бөлтірігін өткен жортуылынан азуға ілінген қойдың етін лоқси құсып тояттандыр- ды. Тоят алды деуге келмес, денесі әжептәуір өсіп, аяқтары жұмырлана бастаған бөлтіріктер оны бір пәсте жалап-жұқтап, құм аралас түйіріне шейін қалдырмай қылғытып қойды. Кішісі ғана ұяластарынан сәл ша- бан қимылдады да үлесін жартыкеш қармады. Оның өзіне жәутеңдеп шағынғандай қыңсылағанына енесі жаны ашырлық рай танытпады, қайта әлсіздігін мойындаған әлжуаз мыржыққа өзіңе де сол керек де- гендей қызыл ала жанарынан ызғар шаша ырылдады. Кенжесінің тұрқы аналардай салалы емес, тырбық, қораш, тілерсегі майысып, аяғын басқан сайын белі бүгіледі, құйымшағы шошаяды. Бірақ оның бір артықшылығы бар, еркек. Сол табиғат сыйлаған ерекшелігін ескер- месе артқы майтабанынан жарақат алып ашуы тарқамаған енесі оны желкесінен бір шайнап әлдеқашан мүрдем қаптырар ма еді, кім білсін.
Бауыры салпылдаған қаншық жаңбыр сіркірі жиілей бастағанда көкке қарай ақырын ұлыды да, әлгі еркек күшікті құлақ шекеден тістеп қыңсылап, екі аяғымен жағын ұрғылай қарсылық білдіргеніне қарамастан, жырадан құлдыраған саяз суды кеше екінші бетке тартты. Соңынан ерген екі күшігі суды шалпылдата бірін-бірі қуаласып, ойын қызығымен әлек. Молтық күшігін тістеген шойнақ жағаға шығысымен тура қарсы алдындағы бұйрат құмға бет алды. Содан ашық алаңқайды кесіп өтіп, табаны құмға тигенше аялдаған жоқ. Беткейдегі кішкене тырбиған тобылғы бұтасының түбіне жеткенде барып аузындағысын босатты. Жерге сылқ ете түскен бойда қыбырсыз қалған күшігін өліп қалды ма осы тырақай неме дегендей алдыңғы аяғымен қозғап-қозғап қойды. Жоқ, тірі екен. Талаурап қалған еркек кіндігіне ес жиғызу қамымен жанына сұлай кетті. Онысы емізуге ықыласы. Екі күшік бастапқы желігінен басылған құм беткейге тырбаңдап әзер ілінді Тобылғы түбіндегі енесінің бауырына жармасқан құртақайды көре екеуі де кішкене тілін салақтата тұра ұмтылысты. Жаңбыр сіркірі жиілей түсті, бұлтқа бүркенген күн төменде қалған өзеннің аржағындағы биік құмдардың ұшында әлсіз бозамықтанады.
Қаншық шойқаңдап орнынан көтерілді, күшіктер сонда да бау- ырына тұмсығын тығып емшектен айрылар емес. Аспан шатырлап, найзағай ойнады. Шойнақ еркетотайларын қабағымен жасқап, тісін сақылдатты. Сосын ақырын жылыстап бүйірдегі құм жыралығына енді. Онда дайындаған үңгір үйшігі бар-ды. Ол соның амандығына көз жеткізу үшін шоқалақ басында біраз шоқиып отырды да тұс-тұсқа тінте көз салды, бір ауық демін жұтып төңірекке құлағын тосты. Содан соң барып күшіктеріне оралды.

Тобылғының тамырын кеулей қазылған үңгірде үш күшігін бауы- рына жайлатқан Шойнақ сыртта жаңбыр төпелей құйғанын денесімен сезініп жатып, әлде бір нәрсеге алаңдаумен болды. Бұл кезде аң-құсқа тамақ табу жеңілдеген, жайлауға мал толып, төл дауысы құлаққа көш жерден жетіп тұрады, жел жақтан шуаш исі аңқып, аш құрсағын шұрылдататыны да бар. Тек, жымын білдірмей бұта, төбешіктерді баспаналай барып, мал қарасына жанай кетсе бітті. Ары қарай екі аяқтылардың көзін алабере жемін іліп түсу өзінің әбжілдігіне, айла- тәсіліне байланысты. Әзірге жасамыс шойтабанның күші де бойын- да, неше бір зұлмат амал-қулыққа да жетік. Бірақ, қаншалық жетікпін десе де өзін екі аяқтылардан артық санай алмасын іші сезеді. Сезеді де кеудесін қалың мұң торлайды.
Иә, осыдан сәл бұрын құм жыраларының қары сетіней бастағанда арланы ақмойнақпен қатар жортып, кең дала мен бұйрат құмдарды кезіп жүргенде күтпеген жерден өзеншенің жоғарғы құламасында аң аулап шыққан адамдардың тобына тап келгені бар. Құм қабағынан түлкінің інін бұрқырата қазуға жан сала кіріскен ақмойнақ арланынан сәл пәсеңде көрінген іннің шығар аузын күзеткен қаншық қара басып дұшпан қаупін байқамай қалған. Кенет құлақ түбінен шыққан жай оғындай гүрс-гүрс еткен жаңғырық оны есінен тандырып жіберді. Жер- мен жексен болып іннен шыққан топырақтың жанындағы қар күртігін паналаған мұны аңдамаған аңшылар әзірге өзеншенің екінші бетінен ақмойнақтың көтерілген құйымшағын нысаналап отты ажалын ты- нымсыз гүрсілдетуде еді. Күн ұзақ жым-жырт жатқан кең аңғар ішін әп-сәтте қар көшкінінде ұшырасатын сатып-күтір алапат дыбыс кер- неп, гуілдеп берді. Арлан іннен басын жұлып алып жан тәсіліммен бұған қарай атыла ырғыды. Ылдиға жұмырланып түсе бере ар ете аянышты дыбыс шығарғанын естіген қаншық оның анық бір пәлеге ұрынғанын түйсінді. Жұмырлана домаланған ақмойнағы етектегі өзеншенің жағасына жетпей қар үйіндісіне гүмп берді. Бір уақ кірпік қақпай, осыны көріп жатқан қаншық сол сәтте оның қар үйіндісін жара найзағайдай жалт етіп ытқып шығарын тағатсыздана күтті. Бірақ көптен бергі айнымас серігінің тұлғасы көзге қайта шалынбады. Көзіне түскені арғы жағалаудан бері жүгіріскен бірер қарайғандар. Енді бір көргені екі аяқтылардың күртік арасынан ақмойнақ денесін суырып алғаны. Жаны аман болса ғой шіркін, азуын айға білеген көкшуланы мыналарды маңына жуытар ма? Қылыштай едіреген жалына жаттың қолы тиер ме? Өткенде қыстап қалған қара нарды бір өзі жайратқан қаһарманы аналардың мазағына көнер ме еді? Сондай аждаһасын аяғынан кере ұстап жайбарақат төменге түсіп бара жатқандарға қарай ол сақпанша атылып, әп-сәтте жұлмалап тастағысы келгенімен, белгісіз үрей бойын тастай буып, қыбыр етуге шамасын келтірмеді. Осы кезде күтпеген жағдай болды. Қаншықтың дәл үстінен салаң етіп бір сұлба ырғып өтті де анадай жердегі қар көмген бұтаға соғылып қапталына сұлап түсті. Бұл күн бойы серігі екеулеп інінен шығаруға әлектенген қызыл түлкі еді. Мұның сырттаны жаңа осының әуресінен жан тәсілім етті, өзі соның үрейінен бұғып жатқаны мынау. Қасқыр жыртқыштық дағдысымен жасырынған орнынан қалай атып тұрып, қызыл белбеудей созылып түскен жеміне қарай секіргенін білмей қалды. Түлкі есін жиып үлгерген екен, лып ете аунап еңіске қарай құйғытты, қаншықтың аузы құм қапты. Осы кезде етектегі екі аяқтылар мына қызықты байқап, тағы да найзағай отын бұрқыратсын. Қаншық сонда барып есін жиды, көз ілеспес жылдамдықпен үйінді күресінен асып түсіп, құм бауырлай зы- мырады. Сонан өкпесі өшіп, қары талып, әлдірман құрығанша жықпыл- жықпылды қуалай ұзай берді. Тарс-тұрс, сарт-сұрт гүрсіл құлағынан өшкенде барып зорығып тоқтады. Шоқиып отырған бойда сыртқы аяғының башбайы тызылдап ауыра жөнелгесін тілімен асығыс-үсігіс тез-тез жалай бастады. Маң сіңірде қан жоқ болса да бір нәрсе шөңгедей қадалып тұла бойын қақсатып барады. Ол қадалғанды тісімен олай- бұлай тістелеп алып тастауға әлектенді. Ол бейнеті бекерге кетпеді, ашу-ызадан зығырданы қайнаған жыртқыш ақыры өкше сіңірін шай- нап жіберді. Сонда барып табанның сырқырауы сап тиылып, жаны жай тапқандай болды.
Іші құрғыр бұлтиып өсіп қалған-ды. Екі бүйірін оқтын-оқтын түйгіштеген шараналарынан мазасызданған қаншық созалаңдап бой- ын көтерді. Алғашқы қимылда ауырған аяқ шойнаң ете қалғанда ол әлгі әбігершіліктің ізсіз кетпегенін білді. Енді сәлден соң арланы екеулеп тобылғылы жырадан қазған ескі ұясына жетті. Құмда қар қалың жауып, көктем жаңбырлы болған мезгілде жыралық суының көтерілуінен секемденбесе, мұнда өзге жауларының көзі түсіп, аяғы жетуі неғайбыл. Жан-жағы сала-сала жыралық, тобылғысы мен қоян сүйегі бітік өскен қонысында бұрын екі рет күшіктеген. Енді сәтін салса ескі мекен жалғыз жортқан мұны үшінші мәрте қойнына паналатпақшы. Адамдардың жай оғы тиді ме, әлде ажалдан құтылу қамымен жанталасқанда шөңге кірді ме, сол күнгі сойқаннан кейін қаншық артқы табанын баса алмай екі тәулік ұясынан шықпады. Үрей ме, әлде денеге түскен салмақ па, үшінші күні таңсәріде оның бауы- рында шала туылған үш күшік әлсіз жыбырлап жатты. Іштен шыққан бөлтіріктеріне баяғыдай жілігі жылымады, оны аштықтың азабы шыдатпай амалсыз тамақ қамымен аяғын ауырсына сыртқа шықты.

Шығысымен әдетінше тұс-тұсына шегір жанарын қадап, төңірекке құлағын тосты. Тып-тыныш. Ол арланымен тізіліп жыралықтың өзен- шеге құлайтын бойын жағалай сыңараяқ жолға шығатын. Енді сол таныс сүрлеуге жалғыз түсті. Қар қойдың жабағы жүніндей жалбы- рап әр жер-әр жерде, сай-салада ғана қалған, өзге жазаңда дым жоқ, еріп кеткен. Күн ашық. Шойнақ нөсер тасқынының суы бұрқырап аққан өзеншенің жиегімен біраз ылдилай бүкектеп жолай інінен ба- сын қылтитқан саршұнақты ұстап өзек жалғады. Әлденіп алғасын өзеншенің бұралаңына жайылған судан жүзіп өтіп, екінші беттегі бұйратқа шыққанда қарсы беттен соққан жұмсақ жел екпінінен шуаш исін тапты. Жақын маңда мал барына күмәні қалмаған Шойнақ кәнігі түйсігімен солай қарай жөнелді. Көп әуреленбей-ақ ол екі-үш белестің күнгейінде көк қуып тарыдай шашыраған отардың іргесінде жатты. Бір шекті шоқалақ үстінде бейқам отырған мал иесі екі аяқтының қарасы көрінеді. Екі аралық біраз жер, алшақ. Шойнақ енді ештеңеден қаймықпай, көзіне қан толып, өзіне таяу жүрген қойға қарай ашық ұмтылды. Момақан мақұлық қаперімде не болғанын аңдап үлгірмей, іле оның умажында тыпырлады. Тамағын өткір тісімен орып жіберіп, жүн-жұрқасымен кеңірдек, қолқасын қарпи асап, қылғытып жіберді де, шапқа ауыз салды. Содан тал түсте ашық далада қасекең қиналмай дегеніне жетті. Бытыраған отар қас қасымда дүркірей бір уыс болып жиналды. Қозылысы маңырап, ешкі біткен бақырып «айт-айт» деп бұған қарай делбеңдеген малшының қышқырған үні жым-жырт да- ланы лезде жын ойнақ қылғандай ызың-қызыңға бөледі. Шойнақ үсті- үстіне жылы-жұмсақтан қарбытып, әй-шәйға қарамай қылғытумен әуре. Жемтігінің қалғанын арқасына сала қашқысы келіп еді, оған аяғының кемісі ырық бермеді. Амал жоқ, жақындай түскен адамның екпінінен тайсала бір шетке ойысты.
Шопан айрап-жайрап жатқан қойды, оның жанында қанжынына араласып тірінің белгісін білдірген қошақанды көрді. Мұның ит-құстың тісінен қалай аман жатқанына қайран қалған ол дереу төлді бетін жапқан пердесінен ажыратып, аузын үрлеп, дем беруге кірісті.
Сәлден кейін дала қайтадан мамыра-жай тыныштыққа оранды. Олжа төлді шапанының етегіне ораған шопан отар соңына ілесті. Шойнақ алысқа ұзамады, бірақ. Анадай белдің үстінде мына тіршілікке қарап, екі аяқтының да, отардың да қыбырын бақылап тұрды. Екі аяқтының астында мінген аты да, қолында от қаруы да жоғын білді. Оның көз алдына өткендегі арланын мерт қылған оқиға көлбеңдеп өтті. Үстінен ырғып кеткен қызыл түлкінің азуына түспегені, артқы аяғының ауы- рып, енді содан бұрынғыдай серпінді икемге келмей жатқаны түйсігін жалап өткенде адам атаулыға деген бұрын-соң болмаған өшпенділік бойын кернеп, есінен айырғандай-ды.
Ақмойнақ арланы аяқтарынан кере көтеріп асықпай кетіп бара жатқан адамдарды жұлмалап құртып жібергісі келген аласапыран дүлей ашуы дәл қазір қайта оянды ма, ол атып тұрып шопанның соңына түскісі келді. Оның үстіндегі киген киімі, барлығыңқы шыққан үні арланының денесін көтеріскендердің біріне ұқсап кетті. Өш алу қатыгездігі қанында бар жырынды не дегенмен әуелгі ниетінен тежелді. Оның есіне күні жетпей жарық әлемге келген шалағай бөлтіріктері түсті білем. Кілт тоқтап, мана өзі келген өзенше жаққа қарады. Күн қызылиектеніп көк жиекке қона бергенде Шойнақ арланы құлаған жағалыққа жетіп, қадірлісінің қаны тамған топырақты ұзақ иіскеледі, аяғымен осқылай тырнап үй орнындай тұстың опай-топайын шығарды. Сонан соң мерт болған жұбын жоқтаған қаралы әйелдей сыңсып, ұлып берді. Оның үні өзенше аңғарын қуалай сонау екі жағалауда тұтасқан биік-биік құм жо- таларынан асып, әрі қарай медиен далаға сіңіп үзілді. Ондай қайғысы қара аспанды тітіреткен сұрапыл жоқтауды бұл төңіректе әлі ешкім естімеген болар. Келмеске кеткен жұбын аспан мен жердің өзегін өртеп, дәл осылай ынты-шынтысымен егіле іздеу Шойнақтан өзге табиғаттың қай жаратылысында бар екен? Әй, жоқ шығар-ау...
Көк тәңіріне жалбарынғандай оның дыбысына алыс-жақыннан жауап қатқан шықпады, алайда. Ұйығу маусымы алдында мұның шақыруына тұс-тұсынан жарысқа үн қатқан арландардың гүрілі әп- сәтте естілер еді. Ақмойнақпен сондай махаббат сазын төккен сәтте кезіккен. Келген бойда тұмсығын иіскеп, езуін жалағанда мұның бой- ына жылы қан жүгіріп, екібүйірі солқылдап қоя берген. Сонан бейта- ныс арланның алдына сұлай кетіп, қылымси керіліп, сілекей шұбалған езуін қайта-қайта жалағыштап, шабына тұмсығын тыға иіскелеп, өзіне ырықтылығын білдіріп баққан. Таң саз бергенше кеспелтектей еркектің айбары аяздың суығына дес бермей ойынпаз ұрғашының ындынынан басып, сілесін қатырған. Сәскелікте айналасында қызық ғұмырдан дәмелі еркектер көбейді. Ақмойнақ бұған солардың бірін жақындатқан жоқ. Азу тісі сақылдап, артқы аяғымен қардан боран ұйтқыта қарсы келгендерін бетқаратпай шайнап тастай берді. Ақыр соңында күйті келген қаншықтың құйымшағын жалаудан күдерін үзгендер біртіндеп сейілді.
Ақмойнақтың қабағы сондай сұсты еді. Мұның еркелігін көтере бермесін білдіріп, құлақ шекеден сілкілеп алды. Сонан соң бұл байғұс қайырымы жоқ қара жүрекке тап келтірген тәңіріне лажсыз мойын ұсынып, оған бұйдалы тайлақтай еріксіз ерді. Сол тастай қатты, қатты да болса тәтті серігі жоқ, енді. Оның қайта оралуынан үміті де үзілген. Тек онан қалған белгідей жанында үш шалағаты қалды. Шойнақ шойнаңдай жортып сол «жалмауыздарына» азық тауып бере ала ма енді? Кезіккен жауына қайрат таныта біле ме, бір өзі? Әлжуаз күйбеңді алаңсыз мойындап, құрт-құмырсқа, бақа-шаян жеумен күнелте ме? Әлде Ақмойнақтың орнын басар адуынды сыңар іздей ме? Қалай, қашан кезігеді сондай қамқоршы? Екі аяқтылар бұлардың ата жауына айналып, кең далаға сыйғызбай қырып-жойып жатқан жоқ па? Гүрілдек зымыраны, жай оғы бар тажалдарға қарсы тұрар қайран табыла ма? Іннен-інге тығылған кішкене бөлтіріктердің өзін іздеп тауып, шырыл- датып жинап әкетеді. Жарық дүниеде пана болар ештеңе қалмағаны ма сонда, бұларға...
Шойнақ бөлтіріктерінің аузына емшегін тосып жатып санасы бар адамша толғанған жаны сыздап, күңіренгендей. Тәңірден өзге кім естиді оны? Кімге керек зар-запасы бұлардың?.. Тәуелсіздік берген еркіндік әуелі азын-аулақ амалы, тіске басар дүниесі барларға майдай жақты. Мал біткен бөліске түсіп, ту-талапайға ұшырағанда қолы ұзын, епсегі бар қулар әкімдермен әмпей-жәмпей болды да, бір-бір отарды түкке тұрмайтын бағаға сатып алып, елдің көзінен таса қалтарысқа тығып, ағайын-туысына бақтырды. Сонан бергі төрт-бес жылда бір қуақайдың тәсілін өзге суақайлар үйреніп, базар жағалап, ауыл-ауылды тінтіп үлесіне тиген малын баға алмағандарды ащы ішектей айналды- рып, «бейнеттен» құтқарды. Сөйтіп жайлау-жайлаудағы малшы үйінің қарасы көбейген.
Байдүйсеннің қойын Қарақалпақ жақтан алынған жалғыз ба- сты Серікжан бағатын. Ол өздігінен тамақ асырау ниетімен келме- ген, Байдүйсен жазғытұрым Әмудің жағасындағы өзбек егіншілеріне тіркемелі көлік жіберіп, арзанға көкөніс, бақша өнімдерін алдырып, сонау Өскемен, Семей жаққа пұлдайтынды. Мұның пайдасы шаш- етектен, әрине Байдүйсеннің жылпостары сөйте жүре екінші бір қосалқы табыстың сырын ашты. Ол – адам саудасы десе де болады. Бірде құм асып жеткен жиені Шойқараның қасынан алба-жұлбасы шыққан бес-алты өзбекті көрген Байдүйсен «ау, мыналарың не?» деген таңданып, сонда жиені «Нағашы-еке, жұмысшылар ғой, Қарақалпақта нан таппай базарда қаңғып жүрген осындайларды жинап қауын, қарбыз тиесуге жұмсаймын. Бір күндік құны жиырма тиын. Шай-су сұрамай, өгізше өңмеңдеп кез-келген жұмысқа жегіле береді, жарықтықтар» деді күлмеңдеп.
Жиенінің зәлімдігін іштей теріс көрмесе де онысын білдірмеген- сіп: – Ал, мұнда ертіп келгенің не? Милиция паспорт-саспортын тексерсе қайтесің. Шымкент пен Қызылқоғаның сарбаздары құрылыс салып жатқан өзбектерге бүйідей тиіп жатқанда. Әй, білмейм, осының арты сұйық болмасын, – деді басын шайқап.
– Нақа осыдан жау келсе, өзім реттеймін нағашы, шұрқ етпеңіз.
Онда да өзбектің күләбәсына жерік жігіттер бар.
Жиені мына аш-арықты көкөніспен бірге Семейге апарып саудасы біткесін, бет-бетіне жіберетінін де нығырлап қойды. Бет-бетімен тара- тып қоя бермейді, бас-басына баға белгілеп, сататынын, ол ақшаны өзі дербес жаратарын нағашыға айтып жын ұрып па мұны. Кешке қарай Шойқараның мына ұсынысы Байдүйсеннің иін жұмсартты.
– Мал бағуға икемді бірер қарақалпақты өзімізге қалдырсам қайтеді?
– Көк шөп жеген өзбек малға қараушы ма, пәдәрыңа нәлет. Қой...
– Нағашы-еке, бұлар «есектің артын жу да мал тап» деген өзбектерің емес, Нөкістің маңында мал бағып жүргендердің көбі біздің ағайындар екенін білмеуші ме едіңіз? Кәдімгі төменгі Сырдағы қазақтар. Соның бірін алып келдім. Серікжан қойдың тұқымын құмалағына қарап ажы- рататын шаруа. Сөйлесіп көріңіз, кәдуілгі малсақ қазақтың өзі.
– Қатын-баласы бар ма? Ертең құм ішінде қойды өткен-кеткенге сатып, ағайынына қарай тайып тұратын шпана болмасын?
– Қайда барады? Қыбыр етсе қыл мойынын қырқып жіберемін, сұрауы жоқ неменің. Жалғыз басты, қырықтың маңындағы сорлы. Әтек болып кеткен шығар, үйленбеген.
Байдүйсен соны естігеннен кейін әлгіні Шойқараның жалшылары- нан бөліп, үйінде қалдырды. Онысы екі-үш күн ықсуатын байқайын, неге еп-себі барын білейін дегені. Серікжан жеті атасы түгілі өз әкесінің атын ұмытқан мәңгүрт байғұс екен. «Басыма бір өзбектің жұдырығы тиіп, осындай ұмытшақтық кеселіне ұшырадым» дейді кемсеңдеп. Жүріс-тұрысы, тамағы сау, ұйқысы сергек. Есік алдында сойысқа бағып отырған екі-үш ісек пен бордақыдағы айғырын күтіп-баптап, күн ұзақ тыным таппайды. «Далада жүретін шаруа болса, қуана барар едім аға, көйлек, дамбалым бүтін, тамағым тоқ болса, біреуден зорлық көрмесем соған қанағат. Жиеніңіз науада Нөкіске бара қалса, сонда қалған мүгедек қарындасыма жылына бір мәрте бірер ұн, азын-аулақ тиын- тебен беріп кетіп тұрса, Құдай алдында разымын. Егер реті келмесе оған өкпем жоқ. Ал, мендей мүсәпірді есіркеген сіздей мейірбанға өле- өлгенше құл болып өтуге ықтиярмын. Құдай қаласа, ақысыз-пұлсыз қызмет жасаймын. Оған еш күмәніңіз болмасын, әкежан» деп кемсеңдеп мұрнын қорс-қорс тартып, көзінің жасын сығып жылауға жалғасқанда Байдүйсен шыдамады. «Қой, әй Серік, тоқтат, мынауыңды. Сен де бір Алланың жаратқан құлысың, тағдырыңа налып, байынан таяқ же- ген қатындарша қорсылдағаның не? Еркектің қылығы емес осының, аузыңды ұрайын шірік. Адал болсаң, айтқанды екі еткізбей орындасаң, киімің көк, тамағың тоқ болады. Ана кәріп қарындасыңды қаласаң осында алдыртамын. Тіпті әшауың қимылдаса қатын да әперемін. Тек бөтен, бөгденің тіліне ермей, басың кетсе де көрген-білгеніңді тісіңнен шығармай жұмыс істе. Далаға баруға құмартсаң жіберермін. Құдайға шүкір жайлауда азын-аулақ малым да бар. Қалай, келісеміз бе?» деді даусын жұсартып. Артынша «осы мен шыли аңқылдап, ниетімді жайып салғаным не, қаңғырған иттің алдында. Әй, әй, Байеке-ай, біреу жылап сөйлесе, айрандай ақтарыла салатын осы ақкөңіл мінезіңді қоймадың- ау, сен» деп өзіне-өзі бір кейіп алды.
Сонымен бір аптадан кейін қауын-қарбызын өткізіп қайтқан жиені Серікжанды ертіп жайлаудағы малға кетті. Бұрынғы шопан мынаған жәй-жапсарды үйретіп болғасын сиыршылыққа ауысты. Оның үйі мұнан екі шақырымдай жердегі өзеннің аяғына көшті де, бұған бере- зент шатыр тігілді. Осы ортада басында үйі, қотанында бір қора қойы, есігінің алдында екі күшігі және аяқ артар есегі бар Серікжанның бұрынғы ит қорлықпен өткен өміріне қарағанда мынауым нағыз жұмақта жүргенмен бірдей деп масайрауына қақысы бар-ды.
Алайда, әу баста жолын қырсық шалған Серікжанның бұл қуанышы бір аптадан аспады. Күндегісінше түс қайта құдықтан қойын суарып бола өрістің бетін үй жаққа бұрып тастап, шоқалақ төбенің басында отырған еді, қайта-қайта жауған жаңбырдан қой қамалған темір тор- ды түнімен жағалап діңкелеген әпенді құйрығы жерге тиісімен қалғып кеткені. Түс көрді...
Аспан қақ жарылғандай найзағай шарт етті. Осы ғаламат шартыл Серікжанның ұйқысын шайдай ашты-ау, туасы. Құйрығына біреу біз сүңгітіп алғандай бажылдап атып тұрды. Ана көргендерінің бірі есінде қалмаған. Самсасын ала қашқан сумақай, бұған шойын жұдырығын көтерген баяғы қаныпезер өзбек, оның білегін шайнаған қап-қара төбет. Құдайдан өзбекті өлтіре көрме деп тілегені, бәрі көрген түстей санасын- да еміс-еміс бұлдырайды. Көк қуа бытырай жайылған отары бір жерге үйіріліп қалыпты. Анадай тұсқа құлағын тіге едіреңдей қарасқанынан кіп алған ол әмпіл-жәмпіл көзін уқалап алдындағы бұталы белеңге қадалды. Сондағы көрген ит пішіндес мақұлық әлгі түсіндегі қара төбет тәрізді бір қойды жығып салып, паршалай жәукімдеп жатқаны болды.
– Ойбай, ойбай, қасқыр, қасқыр... Айт, айт, Құтпан, Сұтпан қайда- сыңдар? – деп шатырда қалған екі күшігін көмекке шақыра далбаңдады. Астында тым болмаса ақ есегі, қолында жаман қамшысы жоқ. Екі қолын ербеңдетіп жанұшыра жүгірген адамнан қасқыр да қаймықты ма, жемін тастай жылысты. Қарақалпақ-қазақ мұны көріп әруағы оянды-ау бақыруын манағыдан да күшейтіп, Құтпан, Сұтпанға Байдүйсен, Шойқаралардың атын қосып, ұрандата емпеңдеді. Оқиға болған тұсқа келсе қарны ақтарылған, о жер, бұ жері жұлмаланып қиқы-жиқысы шыққан қойдың өлексесі жатыр. Қан-жынның ішінен бір нәрсе қыбырлағандай болғасын үңіліп қараса шуына оранған қозыны көзі шалды. Ол дереу жан екпінмен қимылдап оны пердесінен ажыра- тып, онымен тұрмай аузын ашып, демін үрледі. Сосын тал түсте буаз саулықты қаңғыған қасқырға жегізген мұны Шойқара Нөкістегі өзбек сияқты гүрзі жұдырығымен ұрып жығып быт- шытын шығаратынын ойлағанда көз алды қарауытып, орнында қалт тұрып қалды. Етегіне орап алған жетім қозының әлсіз ыңғырсығаны қамыққан көңілін одан әрі бұзды. «Жетімек сормаңдай, екеуміз де жетімбіз, ананың сүтін, әкенің мейірімін көрмеген бейшарамыз біз. Құрсағында жатып анаңды жалмадың. Енді сенің тірі қалғаның кімге керек? Әлі көретін жарығың бұйырып, тіршілік етесің бе, жоқ өзгенің жәрдемін көре алмай мүрдем қатасың ба, ол жағы нәгүман. Басыма бейнет болдың-ау, көгермегір. Қасқырдың тісінен аман шыққан шайтан боларсың өзің... – Айдалада абыройымды төккен атаңа нәлет итқұс-ай. Байдүйсеннің қойын же- генше мені неге жемедің. Шойқараға не деймін енді? Ұйықтап қалдым деймін бе? Қолымда мылтығым, астымда шауып жүретін атым жоқ, қаптаған бөрінің ортасына дымнан-дымсыз тастап кеттің, не қыл дейсің маған?» деп өзін кінәлаймын ба? Сонда айыбын мойындай ма, ол? Қайта «жолың ауыр шерменде екенсің, жөніңді тап» деп құйрығымнан бір теуіп, қу далаға қаңғыртып жібере ме?»
Бірақ шаруа тірлігі мұның көңіл-күйімен санаса ма. Күшіктері қыңсылап, жетімек қозысы ыңырсып тыпырлай бергесін амалсыз сүйретіле жүріп алдымен темір сеткіге қойын кіргізіп, есігін тас қып бекітті. Құтпан мен Сұтпанға іштегі көрпе шетінде жатқан жетімекке таңертеңнен қалған ешкі сүті мен ботқаны жұмсады. Шам пілтесін күйеден тазартқан боп жатқанда сырттағы күшіктер шәуілдесіп кетті. Артынша іргесінен: – Әй, қарақалпақ, бармысың? – деді біреу. Таныды, бұл келген бұрынғы шопан, қазіргі сиыршы еді.
– Ауа, ауа, қазір, қазір, – деп Серікжан қуанғанынан тысқа атып шықты. Қараңғылықта сиыршыны құшақтай алып, жылап жіберді.
– Ау, ау, мұның не, тыныштық па? Не көрінді саған? Дәрібектің сасқалақтап, қорқа сөйлегені оған алдында жанашыры тұрғандай көрінді ме, іштегі шері көз жасымен ақтарылды.

– Қой, қой, адам өлген жоқ, сырты түк, іші боқ бір маңыраманы ит-құс жеді деп күңіренбе, қалпағым, – деді, мұның өксу үстіндегі былдырағанынан мән-жайды білген сиыршы. – Сұболыш, анау күнгі Шойқараның істеп кеткені ғой бұл, көргенің ақсақ қасқыр болса. Ар- ланын атып алып, терісін сыпырғандарыңды ұнатпап едім, сонда. Әй, әй, бекер қылдыңдар деп едім ана қорбаңдаған Байдүйсеннің шошқа- сына. Ақылы бар малшы үй маңындағы ит-құсқа залалын тигізе ме? Залалыңды тигізсең, ол да қағынады, өшін алады. Бүгінгі соның басы. Аңшылық құрса, өздері барсын, қойын күйттеп отырған сені апарып, сондай іске араластырып несі бар. Ой, шошқа-ай, бүлдіріп тынды. Ерке- гін атқандарыңды қаншығы байқап жатқан ғой, жырада. Көрген бәрін... Ол мынадан кейін тіпті зәресі ұшқан Серікжанға қайрат берудің орнына онан сайын ұнжырғасын түсіргенін кеш аңғарып, қызба әдетін әзер басты. Қалпақтың көзі боталап, шарасынан шығып барады. Сиыршы енді басқаша әуенге түсті.
– Өзің тиіспесең, жылан да шақпайды, қасекең түгілі. Ештеңе етпейді, осы төңіректің маған таныс қаншығы ғой. Еркегін Шойқара атқанын көрді. Өш алса содан алсын, бізде несі бар, – деді. – Көршіні жылап-еңіреп қарсы алғаның болмайды, бұл інім. Сені не істеп жатыр екен, білейін деп соққан ем. Мынадайға тап болдым. Ал, бірденең бар ма, жүрек басатын. Әлде Шойқара әдетінше өзі әкелгенін өзі қотарып кетіп жүр ме?
Шам жарығы шатырдың ішін жарқыратып тұр. Бағанағыдай емес, Серікжан да сабасына түскендей, құнжыңдап іргедегі құрғақ отын талшығын ошаққа тарылмай салды, оны лезде тұтатып, қазандағы ботқа қалдығын жылытуға көшті. Іргедегі көрпенің арасынан бір шыны арақты суырып алғанда Дәрібек жайнаң етті.


* * *
...Шойқара қасқыр аулаған күні қойға Дәрібектің естияр ұлын қалдырып, қасына осы Серікжанды алып кеткен. Екеу емес үшеу еді бұлар...
Кешқұрым осындай уақта күн бойы сіркіреген жаңбырдың соңы бұршақ аралас қарға айналып, жайлау ақ мамыққа оранды. «Ойпырым- ай, қыс қайта түскені ме, төлдеп жатқан мал қырылатын болды-ау, енді не істеймін. Ауылдан біреу хабарласып, шөп, жем жеткізбесе жағдай мүшкіл» деп уайым шеккен Серікжан таң атқанша сылпылдап жас төлді шатырға тасумен сүрнікті. Ол күткендей ертесіне күн суытқан жоқ. Аспан шайдай ашылып, пышақ қырындай жауған қар түс әлетіне  жетпей еріп кетті. Сонда барып «көктемнің күні бірде мүйіз, бірде киіз» деген-ау деп, көңілі сабасына түсті. Осы күні қасқарая дағдымен тамағын қамдап жатқанда, алдымен екі күшік қосарлана үрді, артын- ша машинаның гүрілі естілді. «Кім екен, бұл?» деп тысқа шығуға ұмтылғаны сол-тұғын. Шатырдың есік жапқышы серпіліп ішке түйедей болып енген Шойқараның тұлғасын жазбай таныды. Артынан кірген тағы біреуі бар.
Ошақтағы оттың жарығымен көргені қожайын жиеннің қасында ықшам киінген әйбет әйел тұр еді. Серікжан сасқалақтап, сөйлей алмай ошарылған.
– Әй, қарақалпақ, сәлеміңді аядың ба, әлде тіліңді жұтып қойғансың ба? Үндемейсің ғой. Кәне, иттің баласы, мына жеңгең екеумізге қозы сой тездетіп, майдасын емес қыста туылған марқасын сой. Оған дейін дема- ла тұрайық, – гүжбан алғашқы әмірін беріп үлгерді. Онысымен тұрмай, қоянның көжегіндей бүріскен мұны иығынан оңдырмай бір мытып жіберді. Аузынан арақ исі бұрқырайды. Әйбет қатын сыр білдірмеді, бұған мүсіркей қарап: – Бауырым, ағаңның әзілі қатты болса да көңілі тәтті. Шұрқ етпе, әлгі бұйрығын орындауға кіріс. Әйтпесе екеумізді де қазанның құлағына асып қояр, – деді сәл жымиып. Үні бейне бір қарақалпақ дутарының сазындай құлағына жағып барады.
– Ауа, ауа, басеке. Сәл тағат қылғайсыз, бәрі болады. Әуелі шай ішіп, жүрек жалғай тұрыңыздар. Жеңеше, отқа жақындаңыз, тоңып қалмаңыз...
– Ә, ә, өзі жеңгесіне жаны ашып тұр. Жарайсың, қалпағым. Жұмы- сыңа кіріс енді, былжырамай...
– Шаке, Шаке, болды енді жазғанның апшысын қуыра бермей шыдаңыз, – деді әйел еркекті қақпайлап.
Өзі үстіндегі күрткесін сыпырып тастап, омырауында ақ жолағы бар олимпикамен қалғанда тіпті жайнады. Сыпайы жанға ұқсайды, қимылы да ымпыл-жымпыл. Өзі барып көліктен гүлді көрпеше, жа- мылма мен кішкене жастық, тағы бір нәрселерді әкеліп төсеп, шатыр үйшіктің рәпетін кіргізді. Сол ширақ қимылмен ошақтағы шоқты да маздатып, әні-міне дегенше қара құманды қайнатты. Қарақалпақ темір сеткідегі мал ішінен қолына іліккен қозыны маңыратып жүре бауыз- дады да, аяқтарын тырбаңдатқан күйде ішке енгенде мына сұлу әйел
«астапыралла, інім-ау, мынауыңыз не?» – деді бұған шошына. Жайылған дастарқанның шетінде шынтақтай қисайған Шойқара қолына алған стаканын аузына тақай бере:
– Әй, қызталақ қалпақ, жеңгеңді шошытып ішіндегі баласын түсі- рерсің, абайласайшы, – деді ырқылдап, сосын стакандағысын жұтып  бола, – Ағаңның Оңтүстікті жүз айналып әрең тапқан Қамашын дұрыс- тап сыйла. Оны құрметтегенің, мені құрметтегенің. Осыны кәллаңнан шығарма, – деп ескерту жасады.
– Әлбетте, басеке, әлбетте. Құрметтегенде қандай, төбемнен жай беруге даярмын. Жүдә, қапа болмаңыз, айттыңыз бітті. Шарабыңызды сіміріп алып, демала беріңіз, қамсыз.
Жеңгесі Қамаш кәуап емес, қозы етін майға қуырып жегенді қалағасын Серікжан айтқанын екі еткізбеді. Буы бұрқырап, үстіне туралған сарымсақ пен пияз, қызанақтың иісімен әбден бабына кел- ген тамақ әйбат әйелдің ойынан шықты. Арақты әлсін-әлсін сіміріп отырған дөң маңдай Шойқараның жанында ақ шабақтай сылаңдаған мына қатын аспаннан түскен хордың қызы ма дерсің. Айтуға тіл, көруге көз керек мұны. Ішкілікке онша әуес емесін байқатты тағы. Сөйте тұра Шойқараны ащы судан қақпайлау ыңғайын да білдірмейді. Орқаш-орқаш анайы әзілін де елең қылмайды. Қозы қуырдақтан өмірінде бірінші ауыз тиіп отырғандай тәбеті ашылған. Түннің бір уағында Серікжан машинаға түнейтін болып сыртқа шықты. Есіктің саңлауынан жылтыраған іштегі шам жарығы сәлден кейін барып сөнді.
Қарақалпақ-қазақтың көз алдынан ақ шабақтай сылаңдаған пері қызының ғажайып бейнесі сағымдай қалқып тұрып алды. Ерте- мен тұрып жер ошақтағы қоламтаны тұтатуға кіргенде төр жақтан:
«Інім, от жақпасаң тоңдым, – деді әйел үні құмығып. Сосын үстіндегі жамылғыдан басын шығарып мұны жақын тарта сөйледі.
– Мына ағаң түк білетін емес... ертеңгі асқа әуре болмай, шаруаңды жайғай бер. Иә ма... Иә, сүйте ғой, көкешім.
«Үні қандай сыйқырлы, сырлы шіркіннің, денеңді ұйытып барады, бейнебір дутардың ішегінен төгілген гөзәлдей, тілі қандай шырын еді, Қарақалпақтың әңгелегіндей... Мұндай да аяулы жан туады екен-ау, адамзаттан?» Қарақалпақтың ұзақ ұйқыдағы көңіл желігін кенет бір құдірет асасымен түртіп оятып жібергендей еді...
Серікжан шайырларша сезімін жеткізер дәл осылайша сөз тауып айта ма екен? Болмаса Қамаштың сұлулығына тамсанған жүректің айтуға тіл жетпес әсері ме, санасын сағымдай сәулелеген.
Шойқара, Қамаш және бұл таңертеңгі шайға отыра бере Дәрібек келді, бір нәрседен құр қалғандай ентігіп.
– Келгендеріңді түнде білгем, – деді сиыршы сәлемдесу жолымен Шойқараның қолын алып жатып, Қамашпен бас изесті. – Шаршап кел- ген шығар, мазаламайын дедім. Шойқараның алдындағы стакандағы бас жазарға құйылған арақты көзімен жеп барады. Онысынан әдейі  байқамағандай қозы қуырдақтың жылытпасын асай түскен қонақ қожайын сәлден соң барып Серікжанға:
– Әй, шыншада қалса көршіңе де құймаймысың, мөлитпей, – деді зілмен.
Қожайынның емеурінін күтіп отыр екен, қалпақ жанары айран- көзденіп қолындағы кесесін ұсынған көршісіне біртатар ретімен көбірек құйды. Сиыршы кеседегі зәрді ерніне таман жақындатқанын ғана көрді Серікжан, ары қарай көз ілеспес жылдамдықпен қалай жұтып жібергенін біле алмай таңырқады.
– Енді болмаса қаталап өлуге қалған екенсің, ә? Түнімен тойдан ішіп қайтқандай ғой сыйқың, алқаш. Не, мал-жан аман ба? Алдыңдағы қойды қасыңнан өткен шопырға араққа айырбастап, дымымызды қоймап ең... Сиырды олай етуге артыңа қара... Қазір малыңды санай- мын. Бір отар бұзау кемісе иманыңды үйіре бер, қатын-балаңның көзінше атып тастаймын.
Мына сөзден иманы ұшқан Серікжанның тізесін бос кесемен түрткен Дәрібек: – Қалпағым, бар ма, анадан. Болса құй тағы да, құ- ным қотыр бұзаудай екен, өлсем де басымды жазып өлейін, – деді мыңқылдай батыңқы мұрнын жең сыртымен бір сүйкеп.
Әйел ара түсті.
– Қойыңыз, қай-қайдағыны айтып зәремізді алмай, Шоқа. Бастығым кепті деп, қуана жеткен Дәкеңді нақақтан ренжітпе.
– Сабақтан сұрампаз балаңыз үйде ме? Қолғабыс жаса деп жіберген ек.., Шойқараға сөз бермей екеуіне кезек-кезек алақтаған сиыршыны іштарта өзіне үйірді.
– Келді ғой, сұрағанда жіберген саған рахмет, қарындасым класс жетекшісі ертіп әкелді, – деді Қамашпен бұрыннан таныстығын аңдата жылы ұшырай. – Иә, класс жетекшісі бөтен емес, менімен немере, туыс. Жеңіл көлігі болғасын әкелген ғой, айналайын, қайтып кетті.


* * *
Енді бірер сағатта Шойқараның УАЗ-ы анадайда төбесі көрініп тұрған сиыршының үйіне қарай зулады.
Арақты суша сімірген дарақы еркектермен кімге қадірлі қонақ болсын, Қамаш. Баяғыда Жаншораның ертуімен барғанда жүз таны- сып үлгерген Дәрібектің сылыңғыр қара келіншегі Рақыш бірер кесе шайдан соң баласының деректеріне көзін қысып тысқа шығуға ымда- ды. Әйел әйелдің жайын біледі деген осы, қара келіншек анау шыққан бойда:

– Қош келіпсіз, ойпырмай сенейін бе, сенбейін бе? Дәм айдап келгенсіз ғой. Өте қуаныштымын. Ең болмаса айына-жылына өзіңіздей қаланың бикештерін бір көріп, әңгімелесуді армандай-армандай ішім пысып өлуге қалған ем. Сол арманым орындалды бүгін. Араққұмар бәтшағарлар нәзік жандардың қамын ойласын ба? Түнде жайсыз жатқансыз-ау, қабағыңызда бір кірбің тұр. Оқасы жоқ, қазір мына күн қағардың астына, таза ауаға көрпеше салып беремін. Тамақ та пісіп қалар, бірақ оны жейтін еркек қайда, ана жынды суға құмары жоқ қарақалпақ болмаса. Ештеңе етпейді, өзіміз бармыз... Шай ішіп, ет жеп, өткен-кеткенді қозғап сырласайық әйелдерше, бір. Тіпті шарап та, басқа да табылады. Қаңсыған дала деп қомсынбаңыз, – деді ақтарылып.
Шашылған моншақтай судырап тұрған Рақышты тоқтатудың жөні жоқ-тын. Өзі айтып, бәрін өзі реттеп жатыр. Аузы мен қолы бірдей қимылдайды екен, сабаздың. «Қажет емес, әуре болмаңыз» дегенді ішінен қайталаса да Қамашқа кезек тимеді. Соны білген деректір оның ыңғайына жығылып кеткенін, «аузыма алмаспын» деп жүрген күшті шараптың екі-үш кесесін қалай ұрттап қойғанын байыптап үлгермеді. Рақыш та көңіл көтергіш сусынды жап-жақсы қағады екен. Қараның қанша жұтқанымен түрі өзгермейді-ау, ал ақ үкідей үлпілдеген Қамаштың жүзі бұл сәтте қоламтаға көмілген табанандай күреңітіп кеткен-ді. «Оқыса, тәрбиелі орта көрсе мынадай өткір, ашық әйел дүниенің қымызын сапырар-ау. Дәрібектің маңдайына сыймай кететін шығар, онда» деп ойлады Қамаш бақташы зайыбына ризалықпен.
«Табалдырығымнан аттаған сыбағаңызға ұрғашы баспақ атадым» деді сол жылпың қара келіншек келесі мезетте. Мұның менменсіп көкірек кермей өзіме тең отырып әңгіме-дүкен құрған, коньякті де тартынбай сілтеген жарқын, жайдары мінезін ол да ұнатқан болды-ау...
– Ұрғашыны не істеймін? – деді бір кезде Қамаш күліп, өздеріңе қалсын, сіз атадыңыз, мені алды деп есептеңіз. Кісі алыс-беріспен ғана ағайын болмас, «сіз, біз» десіп жүрсек жетеді.
Иә, иә. Оныңыз біз сияқты шаруа әйелге тым сыпайы айтылған сөз көрінеді, кешіріңіз. Дүние дос емес, адам мен адамның білістігі, сыйластығы дос. Осы жағын қозғап отырсыз ғой, замандас, ә! Терең сілтедіңіз. Дегенде, мен атадым. Қалғанын да, өзім жайғаймын. Қалаға бара қалсақ жатырқамай тұрайық. Кафе, ресторанға кіріп, қатар отыруға жарамасам да, тіл мен көзден аулақ жайда бір шыны шай ішуге жарай- тын шамам бар.
– О не дегеніңіз, жарағанда қандай... Сіздей кісінің көңілін сыйлай- тын замандасқа бәрі жарасықты. Кәне, Рақыш, енді мынадан бір ұрттап алайық та тоқтайық, еркектермен жарысып қайтеміз.

– Мейлі, оған да келісемін. Араққа есі ауған жолсерігіңіз періштенің бағын байламаса болды да, құрғыр. Кейде...
– Енді осы жерде аялдайық. Кім-кімнің бағын жандырып, не сөндіріп жүр, талдасақ тап-таза қатын өсек болады. Ал, тәп-тәтті көңілді отырысты ондай жағымсыз әдетпен былғамайық та...
– «Стоп» болса, «стоп» болсын. Оллаһи, жөн айттың.
Рақыш енді ғана өзінің сүйікті тақырыбына жанаса бергенде деректірдің иығын сипатпай, бұлқынып кеткенін ұнатпаса да онысын аңдатпады. Не деп аңдатсын, не деп өкпелесін? Шаруа қамымен жүрген өзіндей құрбылары мынадай бекзатпен бір нанды бөліп жеп, бір шыны коньякті бөліп ішіп, сыр ақтарысып көрді ме дейсің, жалғанда. Осының өзі не тұрады? Арғысын тірі болса көре жатар...
Екі-үш кесе коньяктың күші Қамашты Шойқарамен бірге аңға шығарды. Әлгіндегі реніші кеудесінен пыр-пыр етіп ұшқан торғайдай зым-зия жоғалып, оның орнына еркелік, әйелге тән сиқырлы қылық орал- ды. Әлсін-әлсін ыңылдап, белгісіз ән әуенін қайталады. Шойқараның да айдыны асқандай. «Міне, көрдің бе, мені қандай әйелдің сүйетінін. Кімде бар осындай аққу бикеш?» деп қарақалпақ жаққа қораздана, шекесінен қарайды.
Машинаның жүргенінен тұрғаны көп. Қарақалпақ мылтығын кез- дескен торғай ма, қарға ма, жоқ саршұнақ па әйтеуір көзіне ілінген ке- зенген Шойқараның құдды екі аяқты аңшы иті болды. Мылтық тырс етсе көздегені құласын, құламасын көліктен түсе жүгіреді. Қолына ілінер түк таппағасын қайта бері шабады.
«Мына сорлы қарадай ары-бері дедектеп өлетін болды-ау. Аңшы- лықтың қызығын енді өзің көр, Шоқа мерген. Мен тойдым», – деп ілуде бір рет оқ шығарып жүрген Қамаш, мылтық ұстаудан біржола тиылды. Сірә, әдепкісі ішкіліктің әсері болар. Шоқа мергенінен үйренген мына бос әурешілігіне енді өкінген сыңайлы. Оның са- бырлы сөзі мен ұстамдылығы қарақалпаққа тағы ұнады. «Босқа арамтер болған осы да демалыс болып па? Аспанға оқ атудан шар- шамайтын деліқұлыны көрсем көзім шықсын. Әй, әй жеңеше-ай, сіздікі не селтең, мынадай қарақшының соңына еріп?» деген кейістік Серікжанға да туа бастаған.
Аңшылықтың мәні кетті. Олар өзеншені біраз өрлеп барып тоқтағанда әйел сәл демалайық деген ұсыныс жасады. Шойқара мұны
«арақ ішейік» деп түсінген екен, ырсылдап барып бір жиденің ығына жантая бере қалтасындағы шыншаға ұмтылды. Қаталап шөлдеген Қамаш сөмкесінен минерал су алып ішті. Осы кезде қарақалпақ «жеңше, жеңше» деді аптыға оны шынтағынан түртіп.

– Анаң қараңыз. Құм кемерінде бір нәрсе қимылдайды. Үлкен өзі.
Көрдіңіз бе? Бөксесі шоқиып, ін қазып жатқан түлкіге ұқсайды...
Өткенде жауған қардың өзек құламасын бөктерлеген биік құмдардың көлеңкесіндегі күртігі ери қоймапты. «Кәне, кәні, қай тұста?» деп Қамаш өзінің әйелдік әуестігімен шаршағанын ұмытып қолды-аяққа тұрмай кетті. Ендігі сәтте алдына тесіле қарап тұрып әлгі Серікжанның қолмен меңзеген тұстағы аңды көрді. Олардың апыр-топыр дүрбелеңі Шойқараның кезенген мылтық дауысына көмілді. «Мас, ата алмайды» дегенмен қол мергендігі мен көз мергендігі қатар гүжбан ара қашықтық ұзақтау болса да бесатарды тарсылдата түсіп, ақыры ана көрінген аңды сұлатып тынды. Ендігі мезетте қаруын әйелге ұстата сала қарақалпақ екеуі олжасына қарай жүгірді. Өзен аңғарынан өтіп, құмға көтеріле берістегі күртік қарға құлаған аңды аяқтан сүйрей қайтадан ылдиға түскен бетте күтпеген жағдай болды. Жағалауда тұрған Қамаш бұларға бірдеңе деп айқайлады да үстерінен оқты бұрқыратты. Өлген қасқырдың аяғынан көтере жайбарақат келе жатқан екеуі ананың даусын естімеген еді. Сол мезет төбесінен өткен қорғасын зуылынан иманы ұшқан еркек- тер қолындағысын тастай сала етпеттен құлай-құлай кетісті. Қамаштың мына тосын әркеті «сенен көрген осы рақатым жетеді, енді атып өлтіріп, біржола құтылайын» деген арам ойға бекінгендей көрінді Шойқараға. Астындағы құмның тесігі болса кіріп кетуге бар «қатын батыр» қорыққанынан қыбыр ете алмады. Сөйтіп жатып ес жия бере анадайда бүктетілген Серікжанға кіжінді. «Ішіп алған қатынға бесатарды тастап кеткен сенің бір ұртың арам екен, залым. Атса сені атсын. Мен де несі бар» дегенсің ғой, ә? Зулаған оқ кімді таңдасын. Иманыңды үйіре бер сенде. Осыдан аман қалсам екеуіңнің ажалың менен.
Шойқара онан әрі «балама мылтық үйреттім, ол мерген болып өзімді атты» деген кім еді осы? Бір оқымыстының өкінішпен сол зарлағаны тұп-тура өз басыма келгенін қарасайшы деп естігенін есіне алды. Тфу.. Тар жерде қай-қайдағы ойға түседі білем. Шындығында арақтың лебімен есіп жүріп Қамашқа мылтық атуды үйреткен өзі. Енді соның азарын тартып жатысы мынау...
«Кәсіподақтың жарнасын жеген Тұмар деген біреумен ашынасың деп өлердей сабап ем, нәлетті. Сонда кеткен есесін алар сәтін тапқан жері ме? Дәл осы арада «бұ дүниеде істегенің о дүниеге кетпейді» дегеннің орайы келгені ме? Иә, алма-кезек, қайтармалы қайран өмір- ай... Бісміллә, бісміллә, айдалада көмусіз қалмасам нетті.
Қамаштың долларына бола көңілдес қып жүргенін білсем де, кәсіподақпен жатқан жерінен ұстасам да қатынасты үзе алмай жүрген мендей жетесізді кім көрген? Атып жіберсе обалым жоқ. Сірә, қыл мойнын допша қағып жіберетін әзірейілінің қылышы осы қатынның қолындағы өз мылтығы шығар».
Бір кезде «Шоңқа, аға тұрыңыз, жеңшемнің оғы өлген бөрінің сыңарына тиген сияқты. Әне көрдіңіз бе?» деген дауыстан есін жиды. Көзін ашса ағалаған қарақалпақ екен, түрегеліп тұр. Мана арт жақтағы өздері болған тұсты қолымен көрсетеді. «Әне, шоқалақтап қаша алмай барады, көрдіңіз бе?
Ол орнынан тұрып, сүйінші сұрағандай қуана айқайлаған мал- шысына оқты көзін қадай анау көрсеткен жаққа бұрылып назар сал- мастан сүріне-қабына Қамашқа қарай жүрді. Бойын жайлаған үрейден арылмағаны ғой, жерде жатқан олжасына да қарамады, әйел тұрған жағалау тым қашық тәрізді еді, оған.
– Атпа, атпа, Қамаш. Маған бер мылтықты, – деп гүбірледі Шойқара оның бесатарды қайта оқтау әлегімен мықшыңдаған қимылынан көзін алмай.
Жетті-ау, ақыры. Қамаш мылтықты оқтап үлгерсе де мынаның беті талақтай қанталап, көзі тым адыраңдап кеткенінен қаймыға, қаруын ал- дына тастай салды.
– Аяғынан тиген бе, ақсаңдап қашты, – деді сосын жәймен Серікжанды қайталап. – Жерге жата қалғанша, манадан бері жүгірмедің бе маған. Сен келгенде атып алатын ек, қап, құтылып кетті, ажалы жоқ екен. Шоқа, сенің атқаның еркегі болса, менің ақсатқаным ұрғашысы екен де. Алда ғана Құдай-ай, ұрғашы екенін білгенде атпайтын ем. Ол буаз шығар, не балалары бар шығар... Сенесің бе, білсем атпайтын ем...
Шойқараның түрінен шошып, сандырақтап тұрған түрі ме, әлде адал пейілі ақтарғандағысы ма әйелдің бетін жас жуып кетті.
– Қ-қ-қай-дам, – деді Шойқара мана қорқып, бұғып жатқанда ойлағанын бүгіп қалуға тағаты жетпей. – Қаншықты аттың ба, жоқ мені жайратып кеткің келді ме, білмеймін. Оқ дәл құлағымның түбінен өтті.
Шойқараның сөзі Қамашқа көктен түскендей әсер етті.
– Астапыралла, – деді ол үрке қарап, – көкірегің қандай қара еді. Адамға мылтық кезейтін қанышер деймісің... Ой, құдай-ай, кіммен серік қылдың, мені? Қаныңды мойныма жүктегенше...
Әйелдің әдемі жанары қайтадан әп-сәтте жасқа толды. Өз тағдырына өкініші ме, қыстығып, үнсіз егіледі.
Бесатардың ашық қалған құндағын сарт еткізе жауып түк болмағандай жиденің көлеңкесінде қалған арақ шынысына қол созды Шойқара. Ащы суды аузына лықылдата құйып жатып «Иә, тал түсте атып кетуге артына қарасын, сайқал. Әйел өштессе оқ шығындамай- ақ көзіңді жоюдың амалын табар. Бірақ дәл мынадайдан арамзалық шықпайды, білсем. Ондай ақымақшылықтан не ұтады? Қап, күдігімді бекер айттым-ау» деді өзінің артық кеткеніне өкінгендей.
Қарақалпақ өлген арланды жиденің бұтағына қой сияқты тілерсегінен іліп, терісін сыпыруға кіріскен. Бірақ екі көзі орамалмен бетін басып, теріс қарап тұрған Қамашта.
– Жеңше, жеңше, қапаланбаңыз, Сіз атқан зәлім құламағанымен артқы борбайын сүйретіп қашты. Еш өкінбеңіз, келер жолы тура ба- стан көздеңіз, сонда жалпасынан түседі... Қаншығы мына сұмырайдың құлағанына сенбей, тығылып қарап жатқан ғой, – деп, пышағымен тілі бір езуіне шұбалған ақмойнақ арланның басынан түртіп-түртіп қойды.
– Не дегенде аңшылық сәтті болды. Шоқаң мұқым көздегіш екен, (ол мас боп тұрса да дегенді жұмсартып) ауырса да ақысын жібермеді, жігіттің сырттаны ғой, біздің қожайын. Сол үшін кешіріңіз бұл кісіні...
– Әй, мыжың, – деді Шойқара оның Қамаштың көзінше өзін сон- ша қол-аяғын жерге тигізбей мақтап ала жөнелгенін әрі ара түскенін жақтырмай. – Жетер, сенің мақтауыңа таңсық болып тұрғам жоқ. Іңір түспей машинаға жетіп алайық...
– Бұлар жолсыз адыр-бұдырдан өте алмағасын көлікті өзеншенің төменгі жағалауына қалдырып кеткен. Екі ара едәуір жер. Құм төбелерін қызыл алаумен бояп еңкейген күннің шапағы Қамаштың бетіндегі жалғыз тамшыға түсіп тұрды. Оны қарақалпақ байқап «қатты ренжіді. Мына зәңгі осындай Гүлбаршынды жылата ма, ақымақ бол- маса. Мұндайдан не жақсылық шығады? Адам емес дию, бұл. Қамаш бізді емес, біздің үстіміздегі құмнан көрінген аңды атты. Бізді көздесе мұнан бұрын орнымнан тұрған мені оқ жұлмас па? Өзімен бірге келіп, бір төсекте түнеп, бір дастарқаннан дәм бөлісіп жүрген серігін қалай жамандыққа қияды? Жоқ, Шоқандікі дәңкеселік, өзі қара кісіні де қара дейді. Қамаш жеңшесінің орнында өзі болса солай етуден жүрегі тайлықпас. Әй, әй, Серікжан-ай, сорың ашылмаған бейбақсың-ау, сен. Шойқарадай нәкәстің қолына түскенің молаға түскенің боп жүрмесін...» деп қапаланды.
– Сен өкпе-бауырын, бүйрегі мен жүрегін тастамай қапқа салып ал. Оны жеген еркек жүзге келсе де белден қалмайды, әйел қасқырдай өжет ұл туады.
Қара ниетті жауыздан мынадай сөз шыққаны Серікжанға қызық көрінді. Қамаш құтыдағы сумен бетін шәйіп, жүру дайындығына кіріскен. Тым-тырыс, айналасына көз салып қарамайды, не сөзге ара- ласпайды, селсоқ, мұңды. «Қасқырдың өтін жейсің бе, көтін жейсің бе, болмаса тұтас етін жейсің бе, бәрібір, өзіңде соның адам пошымындағы бірісің. Осыдан елге жетсем, еркексырап өлсем де маңыңа жоламаспын.

Бүйтіп азар берген «ақшаңның ішіне» дейді Қамаштың жан толқынысы, ширығып.
Сол өзін-өзі қайраған серпінде тұра ала ма? Тағдыр солай икемдей ала ма?


* * *
Олар шұбатылып еңістегі машинаға жете бергенде Қамаш алыстан талып жеткен шибөрінің жылайман үнін естіді. Оны қасындағылар да есіткен екен.
– Шибөрінің шуласы ғой, әлгі арланның өлексесіне таласқан, – деді артта келе жатқан Серікжан.
– Шибөрілер мұндай елсіз далада боқ бітіре ме? Бұл дәуде болса ана қаншықтыкі, байын жоқтап жатқан. Өкіре бер, бозда ботадай, бәрібір арланың қайта тірілмеске кетті. Қарашы, зарлауын, қасқырда да мұндай махаббат болады екен-ау, ә?
Шойқараның «махаббат» дегені Қамаштың қытығына тиді. «Иә, аң да болса жұбын өлімге қимайды. Махаббат па, әшейін уақытша жолсерік пе, бәрі бір адам көңіл қосқанын, сыйласқанын жеме-жемге келгенде жамандыққа қимайды. Осыны білмейді екенсің, ондай түйсік жоқ екен миыңда. Махаббатан әдірәм кет. Менің орнымда болсаң атып жіберуден тайынбассың. Сол арам пиғылыңмен өлшедің-ау, мені жаңа.
Қайда жүрсің, Тұмаш төрем? Сенің аузыңнан мұндай сөз шығар ма еді? Шықпайды. Нәйаты торғайдың өлгенін қаламайсың сен. Мен өлсем ана қасқырша ұлып жылайтын өзің болармысың, қайдам. Сен жазатайым бір қасіретке ұшырасаң Бәкәнім мен Қаракөзіңнің жанын- да Қамашың да тұрып зарлар-ау. Өкпелемеші маған, Тұмеке! Мен сорлы Алланың жазуымен некелескен байымнан ерте қалдым. Иә, ерте, тым жасымда жесір атандым. Балам мен анамды тастап біреудің етегінен ұстай салуға тәуекелім жетпеді. Иә, оған батылдығым жетпеді. Жесірдің жанын бастан өткергендер ғана түсінеді. Келе- келе күйеуімнің достары маңыма үйірсектей бастады. Дүниедегі жалғызжанашыр, қамқоршы болып жүрген қайнағаларым да пәтін та- уып бір мықып қалуға құмартты. Бірінің түріне, бірінің тіліне, енді бірінің қымбат сый-сыбағасына елітіп жүргенде жастық шіркіннің қызғалдағын жел шайқады, жаңбыр төпеді, аяз қарыды. Тіршілік тала- бы жылдан-жылға күшейді. Киім, тамақ, бала мен шешеге аз да болса бұйым-сұйым керегі мойынға қамытша киілді. Оны жұлып тастаудың шарасы жоқ еді. Иә, шарасы жоқ-тұғын. Сөйтіп далбасалап жүргенде Байдүйсен туысымның құдалығына барып ойда жоқта әйел заты осы менің жұбым болса екен деп армандайтын кісімен таныстым. Ығай мен сығайдың ортасында қарапайым киінген маған Әкімжанның көзі қалай түсті, ықыласы қалай құлады, о жағы мәлімсіз. Мүмкін бұл төңіректе Байдүйсеннен асқан бай жоғын білетін ысқаяқ Әкім жеңіл жортақ сыйластығы ғана бар ақшалы кәсіпкермен тереңірек байланысудың ыңғайын қарастырды ма? Байдың басы бос жақын қарындасы деп, жесір болса да кім көрінгенмен қас қағыстығы жоқ, бүлінбеген келіншек, деп назар салды ма? Сыпайы, кербез, ақсүйектік жаратылысы бөлектеу әйел топ үйректің арасындағы жалғыз аққудай көріндім бе? Құдалықтың абыр-сабыры саябырсығанда Байдүйсенді аудан патшасы арнайы қонаққа шақырып, құрмет көрсетті. Соған туысының үйіндегі жеңгесі мұны да ерте барған-тұғын. Әкім еркін, ашық әңгімемен Байекеңнің буынына түсіп, оңашалай сыртта отыр- ды. Оларға жеңгесі мен бұл, келін қосылды. Кетерде Әкімжан «бұрын көрмегенімен енді есіттім қарындасыңыз қабілетті мұғалім көрінеді, біздің тәуелсіздігіміздің жүгін алып жүретін де осындай зиялылар ғой. Қызметін өсіріп, орден, медальға ұсынып дегендей қолдау жасар- мыз, амандық болса» деді қонағын онан әрі бауырына тартып.
– О жағы есепте бар, «Ізетке құрық бойламас» деген ғой Әлеке, әуре болмаңыз. Балдызым Жаншораны өзіңіз білесіз ғой. Әлгі сіз жақауратқан жағдайларды соған қалдырайық. Жаншора былтыр интернатқа деректір бол деп шақырып ед, Қамашжан «отказ» берді кандидаттық қорғаймын деп. Тағы басқа ойлағаны бар шығар. Қазіргі жастар үлкен планмен жүретін сияқты ғой. Сіздің ауылда менен де жақын туысы тұрады, мына баланың. Реті келіп жатса қолтығынан сәл-пәл сүйеп жіберсеңіз маған да, Қамашқа да жәрдемің тиер еді, – деді кәсіпкер туысы.
– Жақсы Байеке, сәл-пәл демеуді керек ететін адам болса, демейміз. Сонда сөзге қатыспай жеңгесінің қолтығынан бейқам ұстап тұрған Қамаштың екінші шынтағына Әкімжанның саусағы тиді. Саусақ сондай жылы, сондай жұмсақ еді. Қоштасу сәл ұзағырақ болса екен деген тілек туды мұның көңілінде. Содан бірер аптадан соң Әкімнің сол мүбәрак саусақтары қамаштың омырауын сипалап жатты ғой. Бірақ Жаншора екеуіне не план құрғанын қайдам, мұны екінші рет наградаға ұсынып, Алматыдағы жиынға жіберткен Әкімжан сол барыста Қамаштың
Тұмармен табысарын ойлап па? Алда опасыз жалған-ай, десеңші...


* * *
Шойқара машинаны дөңкіте айдап, іштегілердің өкпе-бауырын аузына тықты. Орындығының жақтауы Қамаштың бүйіріне кезек-кезек соғылып, денесін олай-бұлай қатты-қатты шайқады, шайқады де- генше допша қақпақыл ойнатты десе шындыққа келеді. Артта отырған қарақалпақ төбесін темір белдікке неше рет ұрғанын өзі білер. Оны- сы әлсін-әлі «Ыңқ, ах» деп бақылдаған үнінен байқалды, оңбай отыр байғұс.
Шатырға таянғанда жаңбыр машина әйнегін барған сайын жиі ұрғылай бастады.
Неде болса елге қайту еді, Қамаштың ойлағаны, қасқарайып бара жатса да. Түнде бойын суық шалды ма, жоқ ырың-дырың аңшылық, ондағы келеңсіз оқиға, жұбын жоқтаған қаншықтың іңірдің пернесін жырта тітіреткен жоқтауының әсері ме, түйелі адамдай тоңқаңдаған машинаның жүрісі ме, ол өзін бұрын-соң дәл осылай сілелеп шаршағанын, сүйек-сүйегі сырқырап ауырғанын білмепті. Осыдан жан тапсырса да бір минут аялдауға ықтияр емес еді, бірақ.
Шатыр алдында машина жарығына сиыршы Дәрібек пен баласы ілінді. Бұлар кешіккесін қарақалпақтың шаруасына жегілген ұлына көмекке келген ғой, қайтсін. Шойқараны қайдам, мына жер ауып, жан сақтауға келген момынды аяған ғой, көршісі.
– Сен неге осы сәл нәрсеге қылт ете қаласың? Естімей жүрген сөзің бе? Не бүлінді сонша, кейкиіп, тулайтындай? Деректірлік көкірегіңді анау пияншік Тұмар ма, Томар ма, соған көрсет. Келдің бе, тым бол- маса қайтқанша айтқанға жүр, теріс тартпай. Айдалаға қаңғыған қарақалпақтың көзінше тыртаңдап абыройымды төкпе. Төкпе, оныңды көтермеймін.
– Шаршадым... Қайтамыз. Басқа әңгіменің қажеті қанша... өзің кіріп шатырдан ішетініңді іш те шық. Мені тыңдасаң осы, айтарым.
Шойқара салғыласа кетпей, мұның зеки, мұқата тілдегенін елеусіз қалдырып сабырмен айтқанынан алған бетінен қайтпасын байқады. Жаңбырдың астында бір пәс үнсіз тұрды да, бұл «осы ит шатырға көтеріп апарып аналардың қасына жалп еткізсе қайтемін» деп қауіптене бер- генде «Кетем десең зорламаймын. Қарауылша қалқиып отыра бер осы- лай. Ал, мен қасқырдың қуырдағын әлгі арамтамақтарға сыйлап кете алмаймын» деді де есікті тарс жапты. Қамаш машинада жалғыз қалды. Оған өкінбеді де. Тоңып отырып мызғып кетті. Қанша қалғығанын білмейді есіктің ашылып, бетіне түнгі салқын леп соққанда көзін ашты. Қарақалпақ екен, Шойқара ма десе.
– Мына ыстық қуырдақтан дәм татыңыз, ақыры ішке кірмедіңіз. Бекер кірмедіңіз. Міне, міне алыңыз, жылыныңыз, – деп үпелектей өтініп жатыр Серікжан, кесеге салынғанды қолына ұстатып. Қасқыр қуырдақтан ауыз тиюге жүрегі дауаламай тұрса да аш өзегі ырым-жырым дегендей ұғымның ырқына бағындырмады, оны. Қасқыр түгілі қабыланның еті болса да «бісміллә» деді де кеседегі жылы еттің түйірін саусағымен іліп ауызға сала берді, сала берді.
– Енді мынадан бірер жұтым ішіп жіберіңіз, қарындасым, – деді Дәрібектің даусы. Қарақалпақтың ығында тұр екен, әлгіден. «Ішіп жіберіңізді» арақ екенін түсінді. Ішпейін десе қасқырдың қуырдағынан ұшынып қалармын дегендей үрей мазасын алды. Амал жоқ «тәуекелін» қайталап Дәрібектің ұсынған кесесін ұстады.
– Анаған айтыңыз, аға, шықсын, қайтамыз, – деді өңешін қыра тұншықтырып тастағандай ащы судан тыжырына Дәрібекке.
– Ол әлгіде қорылдап қалған. Қуырдақтан ауыз тиюге шамасы келмеді. Рас, шаршаған екен, Шойманым. Иә, қасқыр ату оңай боп па? Бірақ ауылға таяу жердегі бөріге тимей-ақ қою керек еді.
Оның ұзақ-сонар әңгіме бастауға бейімдігін көрген Қамаш тыңдауға ықыласты емес-ті.
– Мейлі, сіздікі жөн. Болар іс болды. Ана қожайыныңызды оятыңыз. Жолға шығайық. Өзі де түннің бір уағы болды. Жаңбыр басылған екен, қайта. Жүріп кетуге көмектесіңіздер. «Ойнасақ та біраз жерге бардық», қонақ болды... Осыған қанағат...
– Болды, болды. Кәне қалпақ, екеулеп Шойқараны жолға дайындайық.
Дәрібек пен Серікжан ішке кетті. Содан бұл жападан-жалғыз тағы біраз отырды. Көзі қайтадан ілініп кеткен екен «ұшы-қиыры көрінбейтін теңіздің бетінде алақандай қайықта бір өзі отыр екен дейді. Тып-тынық су беті іле толқындана беріпті. Қайық оңды-солды тербеліп, шайқала бастады. Тулаған толқынның ортасында бір өзі батып-шығып, батып-шығып келе жатқан сол қайықтағы мұны ажал- дан арашалайтын тірі жан жоқ. Теңіз тұңғиығын әні жұтады, міне жұтады деп, шыбын жанын шүберекке түйген бұл барған сайын әлсірей бергендей. Таңқаларлығы сонда да «мені аяй гөр жаратқан ием, мені құтқара гөр Тұмар» деп жылап-сықтап, жалбарынбайды. Екі жаққа дембіл-дембіл лақтырған мейрімсіз ажал толқындарын қарғыс айтып ғайбаттамастан қара тастай мелшиіп міз бақпайды. Өзінің осыншалық қатыбезер адам екенін осы жолы ғана білгендей. Періге айналып кеткен бе?
Бір уақта теңіз бетімен бұған қарай түр-сипаты бұрын-соңды кез- деспеген тірі құбыжық жүгіріп келе жатқанын көрді. Маймыл ма, ит пе, әлде қасқыр ма? Әр нәрсеге ұқсатады, бірақ ажырата алмайды. Жақындай бере оның салбыраңқы емшегі бауырын оңды-сол ұрған қаншық қасқыр екенін таныды. Бір жамбасын көтере алмай бұралаңдай  жүгіреді. Ау, ау, мынау өзі атқан бөрі ғой. Күшігі бар екен-ау, ә? Қайыққа жақын, тым қол созым жерге жеткенде толқынның үстінде шоқиып отырды әлгі. Сосын тұмсығын аспанға көтеріп ұлысын кеп. Даусынан әлде нені іздеген мұң, зар шығады. Асау толқындар екпінін сап тиды. Қайтадан көк теңіз беті тым-тырыс мұнартқан қалпына түсті. Қаншық әлі ұлып отыр. Оның зары барған сайын Қамаштың санасын буып, жүрегін бір адам айтса нанғысыз бебеулеген мұңды шер қысып, алып барады. Бұл оған бекер қиянат жасаған екен. Бекер, бе-ке-ке-ер...»
– Көзіңді аш, ойпырмай үш сағат өлген адамша міз бақпай ұйықтадың. Оның да жақсы ғой, енді келіп қалдық. Басыңды көтеріп отыр. Сөйт, жаным.
Машина күндіз Қызылқоғаның ішіне кіріп келеді. Рөлдегі Шойқара арада ештеңе болмағандай «жаным» деп ыржия қарайды. «Ой, алба- сты неме-ай... Бірақ бұның да бар болғаны осы ғой. Анау қаңғалақтаған қарақалпақтың қойнында қатын, баласы, иә басында үйшігі, қалтасында тиын-тебені жоқ, бірақ жүрегінде жанашырлық, адамды жақсы көруге ұқсас сынды бір нәрсе бары жанарының қиясынан сезіледі. Мұнда басқада жоқтың бәрі бар, жүдә, артығымен бар шығар, бірақ анадан сезілген мейірімнен жұрдай. Аң екеш аң да жанындағысынан айрыл- са зар еңіреп жылайтынын қаншықтың жоқтауынан білуге болады ғой. Шойқара өзінде «жоқтарды» қайдан білсін. Сондықтан Қамаштың оны жазғыруы әділетті ме?
Әй, жалған дүние-ай. Бірде бар, бірде жоқ, біреу ақ, біреу қара де- гендей түрленісіңмен қымбатсың-ау сен, нетейін».
– Жаным, паным демесең де саған ренжімеймін, – деді үйге жақын- дағанда Қамаш Шойқараға бетін бұрмай, алдынан көз алмаған күйде. – Мүмкін менікі дұрыс болмады...
Шойқара үндеген жоқ. Ойында не болды екен, сонда? «Мынаның өкпесі тарқады-ау, әзер дегенде. Енді үйге түсетін болармын. Бәрі қайтадан басталатын шығар» деп дәметті ме?..
Қамаш әлгі сөзден әріге бармады. «Жаным» дегеніне қарсылық білдірмегенімен ашуы басылды дейтін шығарсың. Бәрі бұрынғы қаз- қалпында түседі. «Өсти-өсти қарақалпақ сияқты құлақ кесті құлыма айналарсың» деп отырсың ба, мәртебелі мырзам. Қайдам, қайдам, енді сені ерттеулі аттай өкпеге теуіп мінетін болар, аман тұрса Қамаш. Сөйтіп жеңбесе, қалай жеңеді бұны?» деген ойға кетті ме, жазған?
Әй, алдамшы өмір-ай. Біріңді-бірің жылатып, біріңді-бірің жұбатып әр алуан күймен арбайсың-ау, көңілді...

* * *
Көктем ыбыт-сыбыт көңіл күймен өте шығып, жаздың баста- луы Қамашты пәлендей сергіте қоймады. Бір өзгерісі ағайынның бақылауындағы анасы мен баласын бір жетіде «Хрушевкадағы» пәтеріне көшіріп алды. Анасының пенсия алу есебін ауылдан осында ауыстырып, ұлының оқуын алда қазақ-түрік лицейіне жалғастырудың жайын ойластырды. Аяқ астында болған өзгерістері немере ағасы мен пысықай жеңгесі де, тіпті Шымқорғандағы ағайыны Байдүйсеннің үй- іші де құптады. «Түбі осылай болуы керек еді, Қамашжан дұрыс жа- сапты» десті бұларға ілік-шатысы бардың бәрі. Байдүйсеннің жиені Шойқара әрине жаңалықты алғаш естігеннің бірі. Қамашқа еркінси кіріп-шығып, сейіл құратын «жұмағы» ендігі жерде бейпіл басын сұға алмайтын дозаққа айналғанын қаламады, әрине. Сосын, көңілдесінің Қызылқоғада осындай тағы бір «жұмағы» барын ойлап, сыр бермей әліптің артын бақты. Дегенмен Шойқараның мұнан өзге өз басындағы әлегі аз емес-ті.
Ол көктемгі қасқыр қуырдақтың сарқытынан таңертең шыға бере ауыз тиіп, содан қалаға келгесін аяқ асты құсып, тышып әлек- шәлегі шыққан. Дәрі-пәрі жұтып, қорғанып басқа да ауруы әлсін-әлсін қайталап, ақыр соңында бір айдай емші, балгер жағалап о жер, бұ жерге шапқылаған. «Қасқыр деген қасиетті мақұлық. Сіздің атып, қуырдағын жегеніңіз анау-мынау емес бөрінің сырттаны болса керек. Оның кепиеті бәрінен күшті... Сол кепиет бүйрегіңізге еніп дегбіріңізді қашырып тұр. Ұшынудың ендігі емі қасқырдың, онда да сырттан қаншығының сідігін ішу» депті бір түркістандық балгер, мұны мүсіркеп. Бүйіріне қадалған шаншудан өлуге айналған Шойқара Құдай, әруаққа жалбарынып жүргенде өмірінде естімеген емді айтқан анаған «оттапсың» депті ажы- райып. «Өлген арлан қатынын дәретке отырғызып, зәрін ішесің деген қай сәуегейлік. Миымды қатырғанша атбасындай алтын сұрамаймысың онан да, имансыз».
– Денсаулықты алтын беріп сатып алатын болса әлемді билеген Іскендір Зұлқарнай мен Шыңғысхан, Ақсақ Темір қайда қалды, мені балағаттап текке күнәға батпа, шырағым, өзіңе зияны тиеді. Ауыр-ау- ыр сөйлейтіндей жазығым жоқ, мен пірімнің аян бергенін жеткіздім. Ендігісін өзің біл, – депті алдына жүгініп отырып былапыт сөйлеген дүрбітке налып. Не керек, түркістандық емші-балгердің «асқазаныңыз бен бүйрегіңізге тарыдай дақ пайда болған. Жаныңызды сыздатып, тәбетіңізді аштырмай тұрған сол. Онан құтылмай ұзақ өмір жоқ» дегені сандырақ емес сыңайлы. Шымкент пен Ташкенттің небір білгір  доқтырына қаралып, Қытай мен Жапонның аппараттарына тексеріліп көрсе бәрінің айтатыны сол – бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.
«Оттағанның» анықтағанынан аса алмады. Қаншама дәрі, қандай ем- дом қолданса да ауру бірер тәуліктен соң қайта айналып соғып есін тандырды. Өз басының қайғысымен жағалаған Шойқара жігітшілікті ойлауға да әлі келмей бара жатты. Бірақ жайлаудағы Серікжан мен Дәрібекке қасқыр аулағыш аңшы жіберіп «осылай да осылай, шойнақ қаншықты тірілей ұстап, маған әкеп бермесеңдер өлетін түрім бар» де- ген хабар салды.
Күнара бір малын шойнақтың еншісіне беріп, одан қалай құтылуға айла таппай шарадай басы шақшадай болған қарақалпаққа Байдүйсен мылтық, оқ-дәрі бергізген еді. Күн-түн отарды көз жазбай күзеткен көршісі мен екеуі аспанға мылтық атып, маңайға қақпан құрып, білген амалын қолданып бақса да Серікжан мен Дәрібектікінен хайуанның ақылы асып түседі. Құтпан мен Сұтпанның шәуілдегенін артына да қыстырмайды, от шашқан гүрсілдектің дыбысына да еті үйреніп, оқ же- тер жерге жуымайды. Бел астында шопан шатырын, ондағы қыбыр ет- кен қимылды аңдып жатады да қой өріске өре бере бір тұстан құйындай ұйтқып келіп қас-қағымда қажетін қақшып үлгереді. Құрылған қақпанды баспайды, тұзақтан айналып өтеді, уланған өлімтікті иіскеп біледі.
Осындай алпыс айлалы зымияннан арашаға жеткен аңшыны қарақалпақ пен сиыршы құдасы келгеннен бетер құшағын ашып қарсы алды, бір марқаны сойып түнімен тыраштанып күтті, әбден шылқытып сыйлады. Аңшы қартайып қалса да ащы судан сіміргенде Шойқарадан бетер екен, түнде өткен жолаушыдан бір саулыққа алған арағы таусылып, Дәрібектің қатынынан қаймығып тышқан ініне тығып жүрген бөтелкесін де еңсеріп барып, елең-алаңда әзер жығылды. Оны қылжитамын деп сүрініп-қабынған күтушілер де сілелеп құлады.
Таңертең шопан тысқа шыққанда күн арқан бой көтеріліп, дала бей-жай болып қалған. Отар маңырап, қорада қатаулы тұр. Серікжан ішімдіктің жалмауызынан қарт аңшы шатырында жатқанда қасқырдан қаймықпайтындай қой қораның есігін ашып, әдетінше қозыларды енесінен бөліп қайта қамады да, отарды сиыршы үйіне қарай беттетіп оралды. Мұндайда аяғына орала, арсалаңдап қасынан қалмайтын Құтпан мен Сұтпан көрінбегесін ойында дәнеңе жоқ баласындай ер- келете аттарын атап шақырды. Сәлден кейін тері-терсек, жүн-жұрқа күрке тұстан иттің жәрдемге шақырғандай аянышты қыңсылын құлағы шалды. Күшік дыбысынан бір жағдайдың болғанынан сезік алған шопан тез-тез жүріп күркеге жеткенде жер бауырлай сүйретіле  жылжыған Сұтпанын көрді. Көрді де шошығаннан шалқасынан түсе жаздады. Иесінен медет күткендей жылайман дыбыспен қыңсылаған күшіктің көзіне көзі түсіп кеткенде оның расында балаша жылағанын көрді. «Бейшара-ай, не болды, саған? Кім тиді?» деуге шамасы келген Серікжан Сұтпанды басынан аялай сипап, денесін абайлап қарай баста- ды. Артқы екі аяғын қозғай алмайды, біреу таспен соғып сүйегін уатып жібергендей.
Ал, Құтпан қайда? «Құтпан ма, Құтпан кә, кә» деп айнала безек қаққан шопанның даусынан оянған сиыршы мен аңшы «Не болды? Не жау тиді?» десіп, шатырдан самсоз шыға айқайшының жанына келді. Сұтпанның мертіккен аяғын қарап шыққан аңшы ойлана келе басын шайқап «Бұл күркеге қашып тығылғанда артқы аяғын қасқыр шайнаған екен, сіңірі аман, таңып берсем құлдырап кетеді. Уайымдама, қалпақ» деді немқұрайды. Осыған да жау шапқандай дабыл қағып, ұйқысын бұзғанына ренжіген сыңайлы.
Құтпан үшті-күйлі жоғалды. Сірә, шойнақ оны бөлтіріктерінің ермек қылуына алып кетсе керек. Аңшы бір тәуірі Шойқарадай көзін ашқаннан арақ сұрамайды екен. «Ертеден бас жазу әдетімде жоқ. Тек түске таман бір бөтелке болса қанағат» деді сабазың. Өзі тұзаққа түсіруге келген қаншық түнімен қасқырларға жасаған «ерлігін» бөскен мұны шатыр сыртында тыңдап алып, менің аталастарымның қанын суша төккен нағыз қара жүрек қанішер екенсің, ал енді маған не істейсің дегендей шопанның бір күшігін аяқтан мертіктіріп, екіншісін өзімен бірге алып кетіпті.
– Біз Дәрібек екеулеп мұның жатағын табалық, бөлтіріктерін қолға түсірсек өзі-ақ аяғыма жығылады, – деп, аңшы бір күрішке ащы шайдан ішті де сиыршының атына мінгесе жөнелді.
Кешке екеуі қызара бөртіп көңілді оралды. Сірә, Дәрібектің ұрлықы қоймасынан көңіл көтергіш «дәріден» қалған-құтқан табылған тәрізді.
– Бітті шаруа, – деді ол Серікжанның арқасынан қағып, – Ұнжырғаң түспесін, қызталақ. Шойнақтың қайда жүргенін көріп, жатағын біліп қайттық. Енді құтылмайды, зәлім. Алыстан дүрбімен көрдік. Қасында төрт бөлтірігі бар, бәрі де есейіп қалыпты. Олар өссе жауың біреу емес бесеу болады, бала әне, сонда көрерсіңдер сойқанның көкесін. Сенің қойыңды бітіріп Дәрібектің сиырына дейін жұтады, олар. Со- сын өздеріңе кезек келеді, – деді аңшы шиқылдай күліп. Шопан мен бақташы қорыққанынан үндей алмай бір-біріне қарасты. Аңшысы құрғыр бұларды ықтырып алғанына айызы қанып, онан әрі кетті, – Иә, жұтады. Ақсақ қаншық еркегінің кегін қайтаруға бекінген, мен білсем әбден өшіккен. «Иттің де иесі бар, қасқырдың да тәңірісі бар» дегенді  білесіңдер ме өзі? Жайыңа қарап жүрмей өзіңе залал етпеген аңға тиісіп, онымен тынбай қуырдағын «зәкүскі» етіп жеген батырсыңдар ғой. Ал, ендеше соның сазайын тартасыңдар. Бұ дүниедегі істегенің о дүниеге кетпейді. Арақтарың қалды ма?..
Масаңдау аңшы бір бастап кетсе індетіп сайрайтындардың сана- тында көрінеді. Оны мыналар түнде байқаған. Әңгімесін бөлгенді тағы жақтырмайды. Сосын құлағы салбырап тыңдағаннан басқа не лаж.
– Шойқара мырза қуырдақтан асаймын деп ішіне кесел бай- лап, тоңқайып жатыр. Қаншықты ұстауын ұстаймын-ау, бірақ оның сідігін ішкенше өзі бар ма, жоқ па? Ол Аллаға ғана аян. Жалпы аю мен қасқырдың өті, бұғының мүйізі мен жылқының қаны мың да бір кеселге ем дегенді баяғыдан естігем. Енді қаншықтың зәрі де солай болса, рас шығар, оған қалай күмәнданасың. Жер бетінде біз білмейтін не бір ке- ремет бар ғой... Мәселенки арақ та соның бірі...
– Иә, иә, – деді осы арада Дәрібек жалпылдай қоштап, – о жарықтық нанның сөлінен жасалады дейді ғой. Ендеше адал дәм.
– Қайда жүрсің, Құтпаным? Жеп қойды ма сені ана жалмауыз, әлде қуалап апарып бөлтіріктеріне берді ме? Өлтіріп қойған шығар-ау ендігі...
Қарақалпақ кемсеңдеп жылауға айналып еді, аңшы зірк ете қалды.
– Тәйт әрі, найсап. Тырақай күшік түгілі батпандай қатыны опат болса да қазақ «қамшының сабы сынды» деп қоя салған? Се- нікі не, төмен етектілер сияқты ырбиып... Ертең, болмаса арғы күні Құтпанның да, ана итқұс әулетінің де сыры ашылады. Мен білсем сенің күшігіңді жемейді, бөлтіріктерін болашақ жауымен таныс- тырмаққа алып кеткен. Ендігі әңгіме былай, жатағына біздің кел- генімізді қаншық білді, енді о жерден қоныс аударып та үлгерді. Ертең бір қозыны апарып сол маңдағы қалың тобылғының шетіне байлаймыз да Дәрібек екеуміз аңдимыз. Бөлтірігінің бірін тұзаққа түсірсек болды, оны осында әкеліп темір торға қамаймын. Торды айнала шимайлап сым тұзақ құрылады, әрине. Қаншық баласын құтқаруға жанталасады. Сөйтіп мың жерден шайтанға айналып кет- се де тұзақтың біріне ілінеді, кәззап.
Түнімен үшеуі осы жоспарды қайта-қайта пысықтап, талдап, әрбір ұсақ-түйегіне дейін елеп-екшеп, қасқыр емес жолбарыс ұстайтындай дайындалды.
Былай қарағанда қарапайым ғана баланың ойынындай әрекет көрінсе де ертесіне түс қайта ат арқасына теңдеп салған жүктері бар аңшы мен сиыршы жетті шатырға. Көңілдері тоқ, кәрі аңшының мақта- нышы ала бөтен, бүгежіктемей еркін адымдайды, даусы да жарқын-жарқын шығады. Оның қасындағы сиыршының да қалпағы далиып кеткен, көзінің қиығынан қуақы сыр ұшқындайды.
Мына қызықты қара, қаптың бірін ашқанда ішінен өзінің Құтпанын көріп шопанның көзі атыздай аларып, тілі байланды. Мұның бұзылып кеткен бет әлпетіне қарап аналар тырқылдай күлісіп, рахаттана қалысты. Қарақалпаққа «Күшігіңді әкелдік» деп келе сүйінші сұрамай өзі көріп есінен танып қалсын дегендей қулығы сәтімен шыққаны әсіресе Дәрібекке жаққандай. Онан әрі көрген-білгенін тәптіштей жөнелді.
«Құтпаның бөлтіріктермен араласып шауып жүр екен. Маңыраған қара қозысын таныды ма жыртқыштардан бөлініп тұра жүгірді, жасаған берген. Үрпиісіп қалған бөлтіріктердің ішінен ұйпалақ-тұйпалағы шыққан бірі мұның артынан ол да жүгірді. Қаншық мына көрініске
«бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп бір сәт аңтарылып тұрды. Сосын әлде неден сезік алып күшіктің соңынан қорбаңдаған бөлтірігі ұмтылғанша тұзаққа түскен ана екеуі бар дауы- спен бажылдай бастады. Бұл екі аяқтылардың ісі екенін білген қаншық қалған бөлтіріктерін ертіп лезде тобылғылы жыраға сіңіп жоғалды. Құтпан мен бөлтірікті қапқа салып біз де табанымызды жалтыраттық. Қаншық өзеншеден екі-үш бел асқанша алыстан ұлып, соңымыздан қалмады».
Серікжан Құтпанын қой сүтімен «сыйлап», Сұтпанының қасына апарса бас-аяғы екі тәулікте бойына ит-құс исі сіңіп қалған ба, жара- лы сыңары ұяласына ырылдап, бажылдап маңына жуытпады. Құтпан да төрт аяғы байлаулы жатқан бөлтірік жаққа жалтақтайтын сыңайда, жақындауға икемделе береді. Қойшы мен сиыршы мыналардың мінезіндегі өзгерісті түсіне алмай отырғанда «мен бірдеңе білсем осы күшіктерің сау сиырдың боғы емес, жыртқышпен шатысы бар, – деді аңшы сәуегейлікке салынып. – Байқамаймысың Дәрібек, Құтпанның көзінен салқын леп сезіледі. Желке жүні де қаракүрең, ірі қылшықты, алдыңғы аяқтары моғал, төсі салыңқы, жатаған ол дегеніңіз жеміне күтпеген жерден атылуға жаралғанын аңдатады». Өздері бұрын мән бермеген белгілерді естігенде:
– Болса болар. Шойқараның «теріскейден келе жатқан «Камаздың» шопырынан сатып алдым. Қасқыр алатын иттің тұқымы көрінеді» дегені енді есіме түсті, – деді бір кезде Дәрібекке жан бітіп.
– Мен былай ойлап отырмын, – деді аңшы келгелі бөтелкелес болып қалған сиыршыға бұрылып. – Ертең планның екінші кезеңіне көшеміз. Кешке дейін үйден аулағырақ жерге кішкене темір тор орнатып Құтпан мен бөлтірікті ішіне жіберейік те жан-жағына тұзақ құрып, аулақтан күзетеміз. Біз қасында болмағасын мыналарға үн бітіп, бөлтірік енесін шақырады. Сосынғысына тәуекел, қаншық баласын құтқаруға келіп тұзаққа өзі ілінеді.
– Иә, иә, өзі ақсақ болса ілінбегенде қайда барады. Құдай біледі, арланынан көз алдында айрылғалы қайғысы тарқамаған неме бөлтірігін шырылдатып жау қолында қалдырмайды. Өлед, тірілед қамау торды паршалап тастауға азу салады.
... «Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді» дегендей, осы- дан үш-төрт күн өткенде қарақалпақтың шатырында кішігірім той бол- ды. Аңшының сүйінші хабары құлағына тиген күннің ертесіне жүрдек машинамен жеткен Шойқараның серіктері Құтпанның қасындағы бөлтірікті қарақалпаққа тастап аузы құрсаулы, аяғы шырмаулы шойнақты өздерімен бірге ала суыт қайтты.
Біраз уақыттан соң қалаға барған Дәрібек қарақалпаққа «екі жеті құйрығына шандыған ыдысқа зәр жібермей қасарысқан шойнаққа жігіттердің істемеген бәлесі қалмапты. Сонда да бір тамшы керегін ала алмай түңілген емшілер қаншықты сойып өті мен қуығындағы азғантай зәрін емге жұмсағанға ұқсайды. Содан Шойқара кеселінің беті бері қарапты» деп келді. Ал, сонан көп ұзамай Шымқорғаннан жайсыз хабар жетті. Шойқара дүниеден озыпты...
Қасқыр қуырдақтан дәм татысқан Серікжан мен Дәрібек, одан Қамаш Шойқараның өліп тынғанын көргеннен соң ендігі кезек қайсымыздікі екен деп алапат қайғы шекті. Талқанының таусылар мезетін күту қандай азап екенін басына түскен ғана білер.
Жоқ әлде бұлардың ойына әлгіндей қауіп-қатер кіріп-шықпады ма екен? Пешенесіне жазылған ажал қасқыр қуырдақтан болса да қашып құтыла алмасын мойындап, шыдамдылық танытты ма? Кім білсін, әркімнің ішкі құпиясын басқа біліп бола ма? Бірақ өзгелер білмейтін бір сыр бар-ды. Ол – Қамаштың бойына бала бітіп қалғандығы...


* * *
...Ақмойнақ арлан мен шойнақ қаншықтың ұрпағын жалғайтын жалғыз еркек бөлтірік бұл кезде Сарысудың бір нүктесіндегі қарақалпақ шопан құлдың мал қайырысатын Құтпаны мен Сұтпанының жанында қаннан қаперсіз жүгіріп жүрді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу