18.07.2022
  354


Автор: Жақсылық Рахматулла

АЙЖАМАЛҒА!

Жалғанда өмір жалғанда,
Анадан жақын жан бар ма?
Жалғанда өмір жалғанда,
Баладан тәтті жан бар ма?
Басы ауырса, бал берген.
Бәрін соған жегізген.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Ақ сүт беріп емізген.
Берік ұста өзіңді
Денсаулықты ойлап қой!
Саған не айтайын?
Балаңа көңіл айтайын.
Елегізіп күттің келмеді,
Тілеуіңді Алла бермеді.
Көңілің қалай жай табар,
Келмесе кіріп жан ботаң.
Әнуарың бауырың,
Шаһарың, қала, ауылың.
Тұғырдан ұшқан жан ботаң
Жылап та анаң жабықты.
Тас емшегін жібіттің,
Қу сүйегін еріттің.
Аш құрсағын ауырттың,
Ақ ала туды құлаттың.
Бауырларыңды жылаттың,
Сол сапарды ұнаттың.
Ұжымақ төрі он тарау
Ойнап-күліп жүргейсің.
Пейішің төрт-бес тарау
Белгілі болып жүргейсің.
Нұрдың суы шәрбаттың.
Су-сусынын ішкейсің.
Көзі ашық кеткен періште
Әруақ-баба жебесін!
Айтайын десем әлі де
Жүрегім ұрып барады.
Сол секілді Әнуар десе –
Іздеусіз қалай қалады?
Ол ойнаған осы көше
Ізі түскен неше-неше.
Дәптер мен кітаптары шыға берер,
Келешек сағынғанда түсіңе енер.
Дәптерін қолыңа алып қарай бергің
Келер-ау, сағынғанда қарай бергің.
Жарылқасын алдынан,
Пейіштен болар тұрағы-ау!
Бермесе Алла не істер ең
Шүкіршілік етші қарағым!
Ақыры болсын деген бар!
Әнуарбектің бауырлары-ау!
Сіздерге де көңіл айтайын
Тай-құлындай тебіскен
Ойнап-күліп бірге өскен
Шекісіп қалсаң келіскен.
Бөліп нанды жеп өскен.
Ізіңе ерген айбаттың
Сүйенішің қайраттың
Оң жағыңның қаласы.
Сол жағыңның панасы
Ойда жоқта тілдеспей,
Бауырың кетті-ау есіліп,
Жарқырап күліп кіретін
Хабары қалды-ау кесіліп.
Әнуар еске түскенде
Ұйқың көзден қашады-ау!
Сырласатын орны бос,
Көңілді зіл басады-ау!
Адам қоңыз өмірге
Ертелі-кеш тынбайды-ау!
Адам қонақ өмірге
Бір күні қолын бұлғайды-ау!
Көре алмаған қызығын
Сіздерге берсін не айтайын.
Сүре алмаған өмірін
Сіздерге берсін не айтайын.
Жұбатып көңіл айтайын.
Шүкіршілік етші қарағым!
Ортақ болып зарыңа
Осыған жетті бар әлім.


 


Қазақта «әкесі бардың қазынасы бар» деген сөз бар. Сенің нағашы атаң қазір 82 жаста.
Ол кісіге балалары сенің апатқа ұшырағаныңды айтпай, «әке қалаға барамыз, киініңіз» деп алып кетіпті. Сонан үйге жақындағанда, жағдайды түсіндіріпті. Әкемде ес жоқ, ешнәрсе ойлауға мұршасы да жоқ. Екі көзден аққан жас аппақ ақ сақалын жуып жатыр. «Ешнәрсеге түсінбеймін, маған ешнәрсе айтқан жоқ» деген сөздерді қайталай береді.
Кәрі жүрек сенбейін десе де аңырап отырған қызын көрген соң сен- беске амалы жоқ қой, ботам... Есіңде ме, балам, атаң ауылдан келгенде саған «ақшаң жоқ па, шашыңды алдыруға, мен ақша берейін, алдырып кел» дейтін еді ғой. Ал сен болсаң «ата маған шашты осылай өсірген ұнайды. Ақшам жетеді, бірақ атасы ақша берсе, немересі көпсінбейді» деуші едің ғой. Атаң саған қалтасынан бес жүз теңге алып береді, ал сен болсаң «ана қарашы атам 30 жыл кассир болған соң ақшаның қадірін жақсы біледі, иә,» – дейтінсің.
Иә, атаң осындай еді, сол атаң сенің қырқыңа дейін үйде отырып әруағыңа Құранын бағыштады.
– Е, Алла маған Құран бағыштаудың орнына, немереме құран бағыштатқан тәңірім-ай, – деп аһ ұрып отырды ғой, ботам.
Сенің қайғың барлық туысқа оңай болған жоқ, құлыным. Деген- мен, тірі тіршілігін жасайды екен... Сенің барлық жөн-жобаңды жасаған соң, оншақты күн өткен соң ағаң Манарбек семьясымен Астанаға қайтты. Жанар тәтең де кішкентай балалары бар, оның үстіне Жеңісбек ағаңа да биылғы жыл оңай болмады ғой. Ағасынан, тәтесінен, анасынан бір жылда айрылу оңай ма, жаным. Динара тәтең де қызмет бабымен Алматыға қайтуына тура келді. Сонда ешкім қалмай аңырап қалатын кез алда екен...
Алматыдан Дәулет көкең, Дүржамал тәтең, Бағдат, Меруерт, Мақсат, Сұлтан жиенің де, Нұржамал тәтең де балаларымен келген. Менің апам Күлжамал, құдаларым Рысбек, Қайнар ағаларың, Рая, Бақытжан, Шәкен, құдағилар келді. Сенің бөлелерің ақылдасып, ма- масын менің қасымда қалдыратын болып келісіпті. Сонымен бауырым Дүржамал менің қасымда 40 күн бірге болып, жыласам жылап, қайғыма ортақтасып, сен туралы көп әңгіме айттық. Мақсат екеуің туралы көп естеліктер бар екен.
Иә, бәрі де енді осындай естеліктер күйінде қалды. Біздің қан жұтып, қайғы уын татқан көңілімізге демеу болған барша үлкен-кіші ағайынға, дос-жаранға, әлеуметке рахмет. Біз көрген қасіретті тәңірім сіздерге бермесін. Әрдайым аман болыңдар, ағайын!
Иә, жанып-өшкен ғұмырым, Әнуарым, сағымға айналған сағыны- шым, менің. Біз қашан кездесер екенбіз.


Cәуірдің бұлты жұпарын сеуіп өткенде, Сәруар самал қабіріңді сүйіп өпкенде.
Сағынып мені жатсаң ба, жаным, құлыным? Телміре қарап жаныңнан өтіп, кеткенге.


Мен келдім тағы тия алмай көзден жасымды Көтерші ұлым басыңды.
Апаң.



* * *
Кісіге жақын, танысын-танымасын шүйіркелесіп тілдесуді, хал- жай сұрасып тұруға ықыласты болатын. Жас болғанымен әр нәрсені біліп-көруге әуестігі бар сылыңғыр көрінгенмен күш-қайраты, жігері бар бала еді. Достары да көп әрі бірінен-бірі айрылмай, бірінің көңіліне бірі қарайтын, бірінің сөзін бірі жерге тастамайтын сыйластығы мол еді. Жанарыс оның ұстамды, сабырлы азамат болатынын жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен білді. Соған көңілі марқайып кейде үлкен ұлына өнеге етіп те қоятын.

Оған Аспарадағы Манарбектің қасына баруға келіскенін де ұнатты.
«Осы баламның ақылы өз қатарынан кем болмас, аман болса одан ке- лешекте жұрт сүйсінерлік азамат шығады» деп барына қанағат етті. Жастардың әр нәрсеге еліктегіш, әр нәрседен тез жиренгіш болары Жанарыстың өз басынан өткен. Бірақ Әнуар адамға жат мінез-құлықтан, арсыз сөз айтып, біреуді орынсыз тілдеуден аулақ болды. Жолдастары мен бірге түн бойы қыдырып, ішкілік ішуге, темекі шегуге еліктемеді. Ол балалармен бірге әке-шешесінің, бауырларының көз алдында жүрді. Оның жанына бір қыз баланы ертіп келіп, оны біздің жолдасымыз деп анасына не бұған таныстырған кезін көрмепті. Сонысына қарап «осы жігіт болып, қызға қарайтын уақытында махаббаттан дым хабары жоқ адамның кейіпін көрсететені қалай? Ойнап-күлмеген, бір қыздың білегінен ұстамаған бала ертең қалай болады». Ертерек үйлендіру жайын қозғағанда Алтынсары мұны құптаған жоқ. Жастай үйленсе миы ашып кетеді. Алдымен оқуын бітірсін, сосын жұмысқа тұрсын. Үйлену содан кейін болғаны дұрыс. «Ренжіме Жанарыс, менің байқауымша Әну әлі бала. Аздап буыны қатайсын сосын аяқтанса да кеш емес қой» деп Ал- тынсары баласына араша түскен. Иә, бәрі бұйрыққа байланысты. Алладан пәрмен келген күні үйленер ендеше. Бірақ жолдастарының бәрі үйленіп, сенің балаңа қыз табылмай қалып жүрмесін. Оны да ойлаған артық бол- мас. Ерте үйленсе келін жұмсау, немере сүйіп отырсаң жақсы емес пе де- ген ниетім ғой деп Жанарыс әйелінің ығына жығыла салған. Оңашада
«Алтынсарынікі де жөн. Әнуары әлі жас. Оқып-тоқып білмей тұрып үйленсе жүнжіп кетер. Үлкен ұлындай ашық, адуынды да емес, тірсегі- тірсегіне тиіп майысып жүрген бала, бала-шағалы болса отбасының міндетін орындай алмай езіліп кетуі де кәдік. Жарайды Аспараға барып жер көрсін, ел көрсін ағасының жанында жүріп кәсіп таппаса да оқуын бітірсін. Уақыт өзі әмірші, өмірдің ыстық-суығын сезсін. Сосын көрерміз үйлендіру жағдайын» деп өзі-өзіне тоқтау салған. Алайда үлкен ұлына бір кеңес берді. «Інісі тұйық, әке-шешесінің бауырынан шықпай, жастардың қызық-думанына көп еліктемей тек біздің қалауымыздағы қолбала болып өсті. Енді оны осы адал, таза қалпын бұзбай, жағымсыз әдет-ғұрыптан сақтап оқуын бітіргізу сенің парызың. Аспарада өзіңе серік әрі өмірдің жақсы жағын көрсін, өзіндей жастардың қалай өмір сүретініне көз қырын салсын. Басында ақыл болса жаман істен жат әдет-ғұрыптан өзі-ақ аулақ жүрер. Сен ініңнің жақсыдан үлгі алып, жаман әдеттен аулақ болып өссін десең ініңе қарап жүр. Және оның да пікірімен санасып білген өнегеңді үйретуден қашпа. Бауырдың аты бауыр. Саған одан өзге ешкім де жана- шыр туыс бола алмайды. Енді Әнуардың әкесі де шешесі де өзің. Сон- да ағасы Манарбек: Иә, ел қатарлы оқуын бітірсін. Қызылқайың секілді мәдениеті төмен қаланың табиғаты Аспараға келмейді. Бірақ елдің өзіндей балалары өсіп-өніп жатыр, ол жерді де, көрсін. Өзіңіз айтқандай басында ақылы болса өз ортасын, өз жолын өзі табар. Қисық кетіп баратса сенің жолың мынау деп түзетерім анық. Бәріне уақыт төреші, әке. Сіздерден шыққан бала бұзылып кете қоймас. Оған қан жібермейді. Сіздер Әнудің болашағын уайымдай бермей денсаулықтарыңызға қарап аман-сау жү- руге тырысыңыздар. Мені осы мәселе кенжеңіздің тағдырынан көбірек алаңдатады, – деді. Иә үлкені де ақылдан жұрдай емесін, орысша оқып қазақи сыпайылықты, ойына не келсе соны оң-терісіне қарамай айтып са- лар бірбеткейлікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан аңдып «осы балам қалай болар екен өскенде?» деп ойланып қалатын Жанарыс «Әнуар туралы ой-пікірін естігенде». Е тегіне тартпай ұл тумас деген рас-ау. Шайқының әкесі сөзшең, шешен, ойын-тойда өлең шығарып айтатын ақындығы бар. Кісіге төбесінен сөз асырмайтын адуынды, өткір ауыл-үйдің дау-ша- рына әділ билік айтатын ақылы зерек, ой-ниеті таза адам болған екен. Мына үлкен ұлының батылдық қасиеті соның өзі десе де болады. Әке тегі осындай баланың қаны солай болмағанда нетсін деп Жанарыс Әнуардың сенімді бауырының тәрбиесінде болатынына шүкіршілік жасады. Алтын- сары да жыл өткен сайын балауса талдай бой түзеп ер жетіп келе жатқан балаларының жақсы азамат болып өсуін Алладан үзбей сұрап біреуден ыңғайсыз әңгіме естісе зәресі кетіп қорқып «беті аулақ біздің балалары- мыздан аулақ кет бәлекет» деп шыбын жанын шүберекше түйіп отырды.
«Әкеге тартпай ұл өспес, шешеге тартпай қыз өспес» тұқымы жақсының ұрпағы да жақсы. Біздің әулетте халықтан қарғыс алған жаман ұрпақ болмаған. Ендеше балаларының болашағы да жақсы болады. Ел ішіндегі қисық-қиқар, нашар әңгімені ести сала, сондай жағдайды, Құдай біздің де басымызға салмаса нетті деген Алтынсарыға. «Бәлені өзіңе шақырмай жайыңа жүрсеңші» дейтін Жанарыс. «Иә десеңші, бәсе. Жұрттан естіген жамандықтар өзімен жоғалсын. Аққа қара жұқпайды. Алла тағалам бәрін көріп отыр. Кімнің кім екені сол құдіреттің өзіне ғана аян. Біз де, бала- ларымыз да Алланың адал құлы. Олай болса ел ішіндегі жамандықтан қорқып соны өзімізге шақырғандай болған күпірлік екен. Қойдым. Енді қайтып өсекке еріп үй-ішінің берекесін алсам Алтынсары атымды теріс қой деп уәде берген әйелінің бір беткей, әділ, турашыл мінезін білетін Жанарыс иығынан жүк түскендей жеңілдеп қалған. Әлеуметтік теңсіздігі көп, ұрпақ тәрбиесінің ұлттық негізіне кереғар саясат жүргізіп, ауылдық жерлерде жаңадан мектеп, балабақша салуға мән бермей соның зардабы балалардың тәртібіне кесірін тигізіп, балалар темекі шегіп, арақ ішуге әуестенушілік ауыл түгілі Қызылқайың сияқты облыс орталығындағы мектептерде де кездесіп, ата-аналарды да, ұстаздарды да алаңдата бастаған. Көшеде кездескен екі-үш адам бүгінде балалардың тәрбиесі осал- дап кеткені, ақшалы адамдар орта мектепті бітірмей-ақ баласына машина мінгізе бастағаны, жоғары сыныптағы оқушылар топталып жасырын жер- де әдепсіз, анайы кинофильмдер көруге әдеттенгендері. Мұғалімдер ара- сында отбасынан бөлініп, әрі әйелінен ажырасып кету, ұят-аятты қойып мектепте бір-бірімен махаббат ойынын құру сияқты қазақ ұғымына жат жағдайлар тіпті көбейді деп айтатындар әр жер-әр жерде бар. Ол жалпыға бірдей ұғымға айналған сияқты. Осының бәрі ұл-қыз өсіріп отырған иман- ды ата-аналарға балаларының болашағы туралы сенімсіздік, қорқыныш әкелді. Әнуардың Аспараға ағасының жанына баруы туралы Жанарысты да Алтынсарыны да уайымға салуы осындай ел ішілік әдепсіздіктер ту- ралы оқиғалардың өршіп кетуі әсер ететін-ді. Иә, «әкенің, ананың көңілі қашан да балада, ал баланың көңілі далада» деген мәтел, ақылмен сөз ертеден бері айтылып келеді. Сонан да кімде-кім баласы туралы, оның тағдыры туралы ойламай тұра алмайды. Әсіресе ана жүрегі баласының әр қадамына алаңдап, осының ақыры не болар екен, суық тиіп ауырып қалса не етеді? Таңертең үнемі қайнаған бір кесе сүт ішкізіп, түскі, кешкі тамағын қадағалап беріп отыратын кенжесі жеңгесінің қолында тұрып қалағанын ішіп-жей ала ма? Ұялшақтау, момындау ұлы қарны ашса нан сұрап та жей алмайтын шығар.
– Жанарыс мені қинап жүрген Әнудың жағдайы, – деді бірде анасы, ойындағысын жасырмай ақтарып.
– Әнуды ағасына бекер жібердік-ау деген ой мені мазалайды. Қолымызда өскен Әну танымайтын, білмейтін ортада қалай жүреді. Ке- терде қымбат аяқ киім алайын деп, өмірінде бір рет өтініш жасап еді. Сен базарда арзан, сонан да алуға болады. Сендей кезімде бір алған аяқ киімді үш-төрт жыл кидім. Сонда да көштен қалған жайым жоқ, – деп баяғы ескі көзқарасыңды алдына тарттың. Үлкен ұлың болса сарт еткізіп ренжітерлік жауап берер еді. Әну байғұс «жарайды онда, ақшаларың аз болса базардан-ақ алармын, – деді де қойды. Сонда оның көз жана- рынан ішкі реніші білініп тұрды. Ішім қан жылап не дерімді білмедім. Осының дұрыс болмады, серігім. Бөтен жерге жүріп бара жатқанда тым болмаса бір рет айқан өтінішін орындамадың. Тас жүрек дейін десем, ондай емессің. Заман талғамын білмейді десем екі дипломы бар оқыған адамсың. Білмедім, неге тарылғаныңды – деген сонда қосағы. Тәп-тәуір қызметі бар адамсың, не шайтан түрткенін қайдам, тырысып-бүрістің де қалдың. Сегіз мың теңгелік аяқ киімді қымбатсындың. Түсінбедім.
Алтынсарының сөзі намысына тиді. Және де бәрі дұрыс, ақиқатында мені не шайтан түртті екен сонда ұлымның бір өтінішін орындап, қуанта салуыма болатын еді-ау.

Әттең өтіп кетті бәрі!
Жақсы азамат етіп өсіру әрбір әке-шешенің арманы. Сол арман Алтынсарының да, Жанарыстың да жүрек үміті болып үнемі алға жетеледі. Тіршілікте бір ісі алға баспай күйзелсе немесе біреудің қиянатын, адал деп жүрген адамдардың арамзалығын естіп налыса, ренжісе «екі ұлы бардың өкпе-бауыр жалы бар» деп ата-бабалары- мыз неге айтқан. Бекер емес шығар. Қой, болмашы нәрсеге бола өзіне күйзеліс әкелген аялы адамдардан өш алудан тартынып менің өшім бол- са оны балаларым алар. Әкесінің абыройын, намысын солар қорғамаса да кім қорғайды. Қой, Жанарыс сабырыңды жоғалтпа, өмір болса саған иттік жасаған арамзаларға Алла тағалам әділ жаза берері анық. Күт соны, жаратқан ием адалдық өзіне шын сыйынған құлының жағында көп ақымақтармен арпалыспай сабыр сақтады.
Әнуардың ағасының жанында болуы Жанарысқа, Алтынсарыға да дұрыс мәселе деген алданып ерлі-зайыптылардың күн сайын түнде аспандағы жұлдызына қарап, көңілдеріне жұбаныш табуы барлық аху- алды шеше қоймады. Апасы «ұлым менің менсіз қалай жүр. Қап бекер жіберген екенмін» дегенді соңғы кезде жиі айта берген Алтынсарыға ері ренжіді. «Баста бәрін ақылдасып шештік емес пе? Балаңды жауға жіберіп жатқанымыз жоқ. Барса ағасына барды. Осы кейде орынсыз сөзімен өзінен басқаға Әну керек еместей қатты-қатты сөзге, ойда жоқ әңгімеге аузың барып қалады. Оның сен сияқты әкесі, бауырла- ры жоқтай, жалғыз өзің езіліп, жалғыз өзің күйзеліп жүрген боларсың. Оны «асырап» алған бала деймісің. Айтқызбайтын нәрсені айтқызып, жолдан шығарасың.
Жанарыс ойнап сөйлесең де ойланып сөйле Әнуарды жетімдер үйінен алғаным жоқ. Оған жаратқан ием куә. Балаңа бауырың езілетін жалғыз өзің бе десең сенің де қиналатының рас. Десе де құрсағынан шыққан ананың жайы бөлек екен. Бәрінен маған баламның тағдыры көбірек ой салады.
Сенде «балам бір пайдалы, өзіне тәлім болар іспен айналыссын» деп түрлі спорт ойындарына қатысуын, немесе әдеби кітаптар оқуға ынта- сы аусын дегенді армандадың ғой. Ақырында демалыс күндері өзіммен аңға шығып, мылтық атып үйренгені жөн «аңшы болып бала-шағаңды асырайсың ол кәсіптің бірі деп үгіттесем дұрыс емес шығар. Адам өзінің көңілі қалаған, аңсары ауған кәсіпті өзі таңдайды. Сол таңдаған кәсібі от- басына, өзіне алданыш болғаны жақсы. Ал, аңға шығам деп үй-жайдың шаруасын ұмытып кетсең, мылтық атуды білемін деп өзіңе немесе қасыңдағы жолдасыңа байқаусызда орны толмас залал әкелсең, онда әке-шешеңе ғана емес, басқа отбасының қарғысына ұшырайсың. Аңға әуестік өте жинақы, аңғарымпаз, зерек ең бастысы ұстамды адамдарға ғана лайықты. Ақын Абай «күшік асырап ит еттім, ол балағымды қанатты. Балама мылтық үйреттім, ол мерген болып мені атты» дегені жайдан-жай көңіл толқуынан туған өлең емес. Онда көп мағына, өкініш пен қайғының зілі бар. Сол өмірінен ақын жүрегіне қаяу түскен ой мен толғаныс аңдалар еді. Аңшылыққа әуестік бір жағынан жас баланы мейрімсіздікке, қатігездікке тәрбиелеуі де мүмкін. Жаратылыстағы тірі мақұлықты атып өлтіру қатігез-мейрімсіз жандарға ғана тән. Өлген аңның соңында баласы қасында серігі бар емес пе? Ол өлгенде олар қалай тіршілік етеді. Сонанда бұрынғы ақылды аңшылар баласы- на мылтық атуды үйреткенде аңның обалы мен сауабын айыра білуді тағылым етеді. Буаз немесе емізулі баласы бар, немесе әлі өз аяғымен жүріп тамақ табуға, қанатымен ұшып қауіп-қатерден құтылуға шама- сы келмейтін жас, балғын құсты, аңды ату қиянат, обал деп үйреткен. Болмаса жұмыртқа басып, балаларына сүт беріп жатқан аналық аңды да өлімге қию қатігездік деп білген. Аңшылық жылдың төрт мезгілінде бірдей болмайды. Көктем мен жаз басында аңдар ұрпақ шығарады, ұрпағын асырайды, оларды аяқтандырады. Қысқасы аң демесең олар да адамның жаратылысында не бар соны қайталайды. Қазақта аң киесіне ұшырап дертті болған аңшылар осындай табиғат заңдылығын ескермей қиянат жасап қатігездікке бой алдырған жарымес аңшылар ұшыраған. Аллам сақтасын, лажы болса қу тамағың үшін аң да болса обал жасама, мұныңды Алла тағалам қолдамайды. Аңшылық құр бекерге алданып, көңіл көтеру емес. Ол да адами қасиетіңді жоғалтпай, обал мен сауапты бұлжытпай айыра білген адамның ғана ісі. Осындай деп әдепкіден-ақ жадына салып аңшылыққа шыққанда айтқандарын дәлелдей көрсеткен әке өсиетін Әнуар қағып алды. Және де білмеген нәрсесін өз ұғымынша сұрап, мейілінше оның берген ақыл-кеңесін бұзбауға тырысты.
Аңшылыққа шыққанда санаң таза, бөтен нәрсені ойламай біржола аңшылық жайын жүріс-тұрысты өзіңді қандай қиындық болса да одан шығып кететіндей ұстамды, елгезек, сергек ұстауың шарт. Киген киімің, асылған құрал-сайманың да сайлы болғаны абзал. Ол үшін өзіңнің он екі мүшең сырқаттан адал, демалысың қалпында болғаны жөн. Аңға шығар алдында күш-қуаты мол тамақ, қатық ішкен пайдалы. Аш адам ұзақ жүріске жарамай тез шаршайды. Онымен қатар тоя тамақ ішкенде пайдалы емес. Аңға шыққан серіктерінің арақ-шарап ішуіне үзілді- кесілді тиым салу керек. Жүріс-тұрысы қимылы орашолақ, арсын- гүрсін оспадарсыз адамдар аңшылықта өзгелерге көп зиян келтіреді.
«Жолға шықсаң жолдасыңды сайлап ал» деген ата-бабалардың ақылы аңшылық құрғанда алдымен қажет.

Осындай, осындай ұшы-қиыры жоқ ақыл-кеңестер, нұсқаулар Әнуардың миын ашытқан емес. Қайта «анау қалай, мынау ненің белгісі» дегендей сұрақтармен әкесінің ұмытып кеткендерін есіне са- лады. Аңшылықтың сәтті болуы ең әуелі сол күнгі ауа райының қалай болуына көп қатысы бар. Қар, жаңбыр, үскірік аяз, боран болса ататын, ұстайтын аңныңда күн райына қарай бейімделетіні немесе өзінше қулық ашып қауіптен сақтанудың жолын жасайтынын естен шығармаған мақұл. Сондықтан аңшы күн, түн, кешқұрым, таң алакеугімде аңсары ауған аңына қарай түрлі-түрлі әдіс-айла ойластырады. Көп уақыт өтпей Әнуар мылтық атуды оны қалай көздеуді, өзімен аңның арасындағы қашықтықтың мөлшерін дәл болжайтын зеректігімен әке көңілін той- дыра бастады. Көздеген аңына оқ тигізудегі шеберлігіне аңшы ағалары риза болатын кездері жиіледі. «Балаңның қол мерген әрі көз мерген болатын түрі бар. Ұшып бара жатқан қырғауылды оңғайда, солқайда атып түсіреді. Бұл мұның жасында сирек кездесетін ептілік, сергектік» десіп жүрді олар. Онсыз да мінезі тұйық, көп сөйлеп, ретсіз күлкіден, жүріп-тұрысында одағайлық жоқ. Қара бала аңшылыққа әуестенген соң жолдастарымен қаладағы түрлі қызықшылықтарға, достарының үйіне баруға, қысқасы олай-бұлай қыдыруға уақыт таппайтын бол- ды. Бірақ әкесінің достарымен қарым-қатынасы әсер етті ме, мек- теп бітіргесін ақын-жазушылардың кездесу тойларына, жоғарғы оқу орнының әдебиет танушылар тобы ұйымдастырған шараларға үзбей баруға уақыт жұмсады. Үш-төрт жасынан ана тілінде сөйлеп, қазақша жазу мен сөйлем құрауды үйренген бала, өмірінің соңғы кезіне дейін анасын «мама» демей «апа» деп, әкесін «папа» демей «әке» деп атаумен жүрді. Оған ешкімнен ұялған да ерсі көрген де жоқ. Оның ниеті ана тілін бұзбай жазу, сөйлеу, ұлт тіліндегі атауларды бұрмаламай айту, оқу болды.
Сыр бойында тұрған адамдар, оның ішінде аңшылық өнерге әуесқойлары күзгі уақытта дария бойындағы қалың тоғайдан, түсті- гіндегі Қаратау мен Сарысу, бетпақ даласының егістікпен айналысатын ауылдардың аңызақтарын аралауға құмар келеді. Жанарыс Сарысу мен бетпақ даланың аңы ақбөкен, киік аулауды кәсіп етпеген жан. Дария жағалауымен егістік аңыздардан қырғауыл, кекілік, қоян, қаз секілді аң-құстарды аулаумен құмарын басып жүрген ортақол аңшы еді. Киік, қасқыр, қабан аулайтындар алдында өздерін аңшымыз деп айтуға ұялатын әуесқойлар тобының бірі, Жанарыстың жолдастары болды. Олар әсіресе сенбі, жұма, жексенбі күндерінде аңға шығатын еді де, жұмыс күндері ешқашан тәртіп бұзбайтын. Сонан да оларды аңшылық инспекторлары да, табиғат қорғау орындарының қызметкерлері де оншалықты зиянды-залалды аңшылар қатарына жатқызбайтын. Ілуде бір кездесе қалса сіз-біздікпен шаруасын бітіре салатын еді.
Міне Жаңақаланың оңтүстігіндегі «Тасқұдықта» күзеуде отыр- ғанда, Жанарыс шамамен алтыншы-жетінші сыныпта оқып жүргенде мылтық ұстауды үйренді. Әр малшының үйінде ит құстан не басқа да қауіп-қатерден қорғану үшін ұстайтын шиті мылтық болатын. Сон- дай мылтықты әкесі Шайқы бұл бала кезінде «Шұрыққұмын» қыстап отырғанда келім-кетім орыстардан бір қойға сатып алған. «Мылтық, ит – жеті қазынаның бірі» деп саналады. Мылтық бізге бәле-жаладан, ит-құстан, ұры-қарыдан қорғану үшін қажет. Онымен ойнауға бол- майды. Ұстай білмесең атылып кетіп, өзің жазым боласың. Үлкейген соң атуды өзім үйретемін» деген әке ақылы оның жадында сақталып қалды да, суық қаруды ұстауға, атуға әуестенбеді. Бірде «Тасқұдықта» отырғанда күн сайын түйе бағуға шығатын Жанарыс үйдегі мылтықты неге алып шықпаймын. Ұшып-қонып жүрген бұлдырық, зытып жүрген қоян, қарсақ көп. Солардың бірін атып алсам деген ойға кетті. Көрші малшының өзіндей баласы атқа мінгенде иығына шиті мылтықты асынып алатынын күнде көріп жүрген соң, сондай ой түскен шығар басына. Әйтеуір, мылтық ұстауды, оны қалай оқтауды, қоянды қалай көздеу керек екенін әлгі баладан көріп алды да анасынан әкесінің тығып қойған мылтығын түйе бағуға ала шыққысы келетінін білдірді. Анасы мылтық ұстаймын деген баласына қарап «ау, біздің Жанарыс та жігіт болып қалғаны ма, шүкір» деп қуанды. Артынша шалының
«мылтықты ұстап, оқтай білмесең өзің жазым боласың. Өскен соң бәрін өзім үйретемін. Әзірге шыдай тұр. Суық қару ұстау саған әлі ерте» деп айтқаны есіңе түскен замат қорқып кетті. Жанарыс балам, сен әлі жассың. Мылтық деген бәлені ұстаймын деп жазым болсаң, Құдайдан тілеп алған сені қайдан табамын. Қой, ол ниетіңнен қайт. Сен анау әкең мен менің айтқанымды тыңда. Мылтық атам дегенді «сен айтпадың, мен естімедім» деді жаулығының ұшымен көзінің жасын сүртіп тұрып. Анасын аяп, жүрегі шымырлап кеткен Жанарыс «мақұл, ендеше. Бірақ сен жылама» апа дегенде, Жанарыстың көңілін қимаған анасы Патыма тығулы мылтықты алып берген. Жанарыстың мылтығын алып олай- бұлай иығына асынып жүрген көрші бала оны Жанарысқа қайтып берді, «енді атып көр. Мен үйреттім ғой. Қалай атуды оқтауды, нысана- ны қалай көздеуді, шүріппені қайырып қалай басып жіберуді ұмытқан жоқсын ба?», – деді оған.
– Ұмытатын бала дейсің бе, ұмытқан жоқпын – деді ол. Сол күні өрістен қайтып келе жатып мылтығының ұңғысына оқ салып алды. Олай-бұлай ұшып-қонып жүрген бұлдырықтардың бірін атып алуға ынтасы ауды. Бұлдырықты атып анасына көрсетсе «айналайын сен жігіт болған екенсің» деп қуанып құшақтай алар. Сосын әй, шал-ау Жанарысың жігіт болғанын көрсейші, кел бермен. Көрдің бе, міне мылтық алып біз екеуміз сорпа ішсін деп бұлдырық атып әкелді, ай- налайын деп елпілдеп шалына қарап қуанатын шығар. Жанарысқа апасының «айналайын» деген сөзінен асқан қуаныш болмайтын. Сол қуанышына тезірек жеткісі келіп, асыққан ол қарсы алдына ұшып келіп қонған қара бауыр бұлдырықты көріп, астындағы түйесінің бұйдасын тартты. Бұлдырық бес-алты қадам жердегі баялыштың ал- дына қонды. «Құдай айдап өзі келді» деді ол қуанып. Сөйтті де «шөк, шөк» деп түйесін шөгеріп, мылтықты ұстап бұлдырықтың қимылын бақылады. Ол баялыштың түбінде жатыр екен. Екі көзі мұнда. Әлде неден қауіптенгендей мойнын қимылдатып қойып, бұл жақтан көзін алмайды. Жанарыс түйесінен түсіп, мылтығының ұңғысын түйе- нің өркешіне сүйеп, бұлдырыққа қарай мылтықтың аузын бұрды, асықпай көздеді. Сосын оқ салынған ұңқыға қатысты шүріппені кері қайырып қойды. Бұлдырық қыбырламай әлгі орнында жатыр. Ол құстың өзіне төніп қалған қауіпті сезбей жатқанына таңырқап қайта көздеді. Бұлдырық Жанарысқа ұшып кетуге дайындалғандай көрініп, шүріппені қалай басып жібергенін, мылтықтың шаңқ еткен даусынан шошыған жуас інгеннің «бақ» ете атып тұрғаны, сол сәтте екі өркештің арасына төселген орындыққа сүйенген бұл шалқалай құлап түскені, қолындағы мылтығы бір жаққа ұшып кеткені еміс- еміс есінде. Оқ бұлдырыққа тиді ме, жоқ па онан еш хабарсыз. Әлден соң жерде шалқалай жатқан мұның бетіне түйенің жүндес еріндері тиіп мұрнына бұрқыраған ащы иіс келгенде шыдай алмай, түшкіріп жіберді де орнынан атып тұрды. Ең әуелі ол бұлдырық жатқан баялыш түбіне қарады. Оқ тиіпті. Атқан құсы қара бауырын көрсетіп аудары- лып түскен. Мініс түйесі түк болмағандай анадай жерде жайылып жүр. Мылтығының қайда қалғанын көзбен іздеп еді, ол да үш-төрт адым жерде жатыр екен. Жанарыс жүрегінің лүпілін баспастан дереу өлшен жұлдырықтың басынан қыса ұстап қалтасынан алған шаппасымен бауыздап жіберді. Құс өліп қалған екен, қыбыр еткен белгі бермеді. Өзі атқан алғашқы құсы қолына тигенде жүрегі жарылардай қуанып, кеудесін мақтаныш сезімі кернегенін білді. Бірақ анасынан өзі сияқты ұлының алғашқы олжасына соншалықты қатты қуанғанын көре ал- май, көңілі әп-сәтте басылып қалды. Не болды? Жігіт болып мылтық атқаныңа болайын атаңа нағлет деп әкесінің ту сыртынан айтқан сөзі мұның зәр иманын ұшырды. Апасының неге бұны құлдыраңдап қуанып келіп бетінен сүймеген себебінің неліктен екенін енді түсінді, Жанарыс. Артына қарап еді, әкесінің қолында өзі атқан қара бауыр бұлдырғы тұр.
– «Ұяда тұқым басып жатқанда атыпты мына қатыбезер ұлың. Мұнда жүрек, бауыр деген бар ма, жоқ па, әлде. Осы үшін Алла ал- дында бұл қылмысыңа мен жауап беретін болдым. Обал-ай. Мылтық ұстау саған әлі ерте деп айтпап па ем? Енді не істедің? Алланың жаратқан мақұлығы балапан шығарайын деген үмітпен жұмыртқа шайқап жатқанда сенің ақымақтығыңнан опат болды. Ал саған дұрыс тәрбие бермегенім үшін жаратқан иемнің алдында мені күнәхар етіп шығардың, – деді ұлын ұрып жіберуге ұмтылған әкесінің алдында тұрған баласына араша түскен анасының қолын: қой, қой әкесі. Ол әлі бала ғой, кешірші, ұрмашы деп жалынған әйелінің қолын қағып жіберді. Сол оқиға әлі күнге дейін жүрегінде жатталып, санасына сурет болып жазылып қалды. Саған дұрыс тәрбие бермегенім үшін жаратқан ием ал- дында мені күнәхар еттің» деген еді-ау байғұс әке. Ал бұл ше? Әнуарға мылтық ұстауды, аң мен құсты былайша айтқанда тірі жәндікті бекер- ден-бекер обалына қарамай атушы болма. Ұрпақ шығарып, оны өсіріп жүргенде немесе буаз кезінде аңшылық істі шариғатта, адамгершілік жолы да көтермейді. Мылтықты аң мен құсқа кезенбес бұрын аңғарып, біліп, көріп алу керек.
– «Тіпті қасқыр екеш қасқырды да бөлтірігін бауырына алып жүргенде өлтіруге бллмайды» деген тәрізді өзі білетін немесе өзгеден естіген, кітаптан оқыған өнегесін ақылы жеткенше, мүмкіндігінше айт- ты, үйретті... Жанарыстың алғашқы олжасын әкелгенде әкесінен естіген наласын Әнуар алғаш оқ атып, екі күшігі бар қаншық түлкіні мерт қылғанда аңшы жолдастары әлгі жетім күшіктерді қуана-қуана ұстап асырауға ықылас танытты. Бұл өзінің аңғалдығынан жұмыртқа шайқап жатқан қара бауыр бұлдырықты атып, өлтіргені үшін ара түскен анасы болмаса тұмсығын бұзудан тартынбайтын мінезі қатал әкесі ауыр-ау- ыр наласын айтты. Екі күшігі бар түлкіні атқанына қуанған ұлына ләм демеді. Бұл жүгіріп бара жатқан аңның буаз не қысыр екенін, ұшқан құстың ұяда балапаны барын, қолына енді ғана мылтық ұстаған ұлың түгіл, жетпіске келген мен ажырата алмаймын – деді Ақберген аңшы, баласына күшігі бар түлкіні атқанына ренжіп тұрған Жанарысқа басу айтып. Аңшылық деген құмарлық қана емес, біле білсең үлкен өнер. Оны бірте-бірте үйренеді, адам. Әнуардың өлтірген түлкісінің терісін маған қиыңыздар. Бір немерем бар еді, соған сыйлайын, – деген Ақбергеннің сөзі оқиғаның кем-құтығын түгендеп жіберді.
Күздің ортасында Жанарыстың жолдастары әдетінше дария жаға- лауынан қырғауыл атуға шықты. Таңертең күн ашық жел де жаңбыр да жоқ. Мизам шуақты табиғаттың жайлы күндерінің бірі еді. Олар Батырхан деген жігіттің «фермерлік УАЗ» машинасына отырып, ал- дымен Бесарық жақтағы егістікті аралауды қолай көрді. Ауылды қия өтіп сонау алыстан көрінген ағаштарға қарай тартқан жолмен бірер сағат итіңдеп жүріп, ағаштарға жете бере Батырхан бітті жеттік, – деді Ақбергенге қарап. Сосын Жанарысқа бұрылды. Көзінде таңданыс, әлде неге таңырқағандай көмескі ұшқын бар.
– Ал, Батеке, не болды? Ақберген мерген ұйқыны соғып жатыр ма? – деді Жанарыс әзілдеп.
– Е, солай болса кәнекей. Шөлдеп отыр ма, қалтасынан бір «шекуш- ка» алып тамсана жұтып отыр. Әлгіде «басымды жазайын» деген соң біреуін алып берген ем. Аузынан екі-ақ ұрттап сіміріп салғаны. Енді өзі біреуін қалтасына сала шыққан болды. Соған кірісті. Жетпіске кел- генше арақты аузынан сіміргенде былқ етпейді, ерің. Әлі күші бар екен. Мейлі ішсе өз арағы ғой. Бірақ өткенде аңшылықта ащы су ішпейік деп келіскеніміз қайда? Енді Ақаң шетімізден тиісіп, сілемізді қатырады. Дайындала беріңдер.
– Ақберген арақ ішсе тиіседі дегенге сенбеген Жанарыс Батырханға кейіп тастады.
– Ағаңды соншалық арзан адам деймісің. Мен бұл кісімен жиырма жылдай бір шаңырақтың астында жұмыс істедім. Сонда біреуден Ақаң орынсыз біреуге тиіседі дегенді естіген емен. Сен қателесіп отырсың, Батырхан. Үлкенді сыйлай білмейтін баласың. Осы кемшілігің үшін бірінші кездескен аңды, не қырғауылды ату кезегі Бақбергенге беріледі. Ол өзі сыйлайтын Жанарыстың сөзіне қарсылық етпеді. Мен сіздің сөзіңізге аздап түзету жасасам ренжімейсіз бе? – деді сәл үнсіздіктен соң. Ішімізде Ақаның жасы бәрімізден үлкен болғанымен ең жасы- мыз Әнуар. Өзі тәп-тәуір ататын болды. Ақбергеннің жасына келген- ше шебердің-шебері болары анық. Бірінші аңды Ақберген атсын, бірақ ішкен адам тигізе алмаса Әнуарға кезек берейік. Сонда ақсақал аңшы мен жас түлектің қайсысы мықты екен, көрелік, – деді де өзін бәрі қоштайтынына сеніп.
– Естідің бе, Әнуар. Ақаң мүлт кетсе сен дайын отыр, жассың ғой қателік жібермессің деді. Жанарыс Ақаңның қасында отырған ұлына көз тастады да, ол қарсы бәсекеге дайындалып қойған адамдай асып- сасқан дегбірсіздікті білдірмеді. Қара торы жүзінде абыржыған еш белгі жоқ. Құнтиып мылтығын екі тізесіне қысқан қалпы «не де болса көріп алайық» дегендей қабағын түйіп бір қалыпты отыр. «Бәрекелді», – деді Жанарыс оның мінезіне риза болып. – Өзінде сабыр, салмақ бар. Арыққа қатарласа егілген терек ағаштарының бергі жағы күріш аңыздары екен.

Батырханның көлігі аңыздың ортасына түспестен бұрын, шетіне келіп тоқтады. – Енді көзбен шолып алайық, – деді ол даусын бәсеңдетіп. Аңыз атыздарының көлемі ұзын болды. Теректі арықтың жағалауын қуалап, көз жетер жерге дейін созылып жатыр. Күріші жиналып, әр жер-әр жерде үйілген күріш сабандары көрінеді. Аңызда аң мен құстан белгі жоқ. Осы сәтте:
– Әне келесі, атызға қырғауылдың қызыл қоразы қонды. Ақа мен сізді оқ жетер тұсқа жақындатайын. Сосын атасыз. Әзірге тыныш отырыңыз, – деп ескертті, Батырхан.
– Құп Батеке – деді Ақаң босаған шөлмекті ашық терезеден сыртқа лақтырып. – Мен дайынмын.
– Машина аңызда дән теріп жеп жүрген қырғауыл қоразына жайлап жақындай түсті.
– Енді болмайды, Оқ жетеді, – деді Қаныбек мерген.
– Әй, қайдам, қашықтау секілді және бес-он метр жақында Батеке,
– деді Қуаныш.
– Машина қоразға жақындап барып тоқтады. Ақберген ашық әйнектен мылтығын шығарып, атуға дайындалғанда өзіне қауіп төніп келе жатқанын білгендей қораз жерден басын көтеріп, мойнын со- зып, жан-жағына қарады да жайлап шетке жылыстай берді. Жанарыс Әнуарға көз салып еді, ол да ашылған әйнектен мылтығын шығарып қызыл қоразды нысанаға алғанын көрді, іле егер Ақаң мүлт кет- се қоразды сен атып түсіресің, – деді оған Қаныбек. Әнуар бір кез- де әкесіне қарап, қораз жылжыған тұсқа «көрдіңіз бе?» – дегендей басын шұлғыды. Жанарыс не болды дегендей, аңызды тез көзбен шолып өткенде қораздың қасындағы үйілген сабанның бүйірінде шоқиып отырған аңды көрді. Ол «көрдім» дегенді білдіріп Әнуарға басын изеді. Сосын оңға қарай иегін көтеріп, көзін қысты. Онысы «сен соны нысанаға ал» дегені еді. Ұлы бірден түсініп басын шұлғыды. Осы кезде Ақбергеннің мылтығының гүрс еткен, соның ізін ала Әнуардың мылтығының шақ етіп атылған дыбысы шығып, төңірек жаңғырығып кетті. «Болды» деді Жанарыс Әнуардың мылтығының даусын естігенде «ұлымның атқаны тиді». Қап, мүлт кеттіңіз! Әнуар атсайшы, қызыл қораз ұшып барады, сен неге атпадың. Қап, құдай- ай айрылдық-ау қораздан, – деп бажылдаған Батырханның даусын ала Қуаныш мылтығын қолына ұстап жерге дік ете түсті де ұшып бара жатқан қырғауылды атып салды. Қораз бір мезет аспанға шаншыла ұшып, артынша жерге қарай құлап келе жатты.
– Қораз әуелеп барып, төмен қарай қалбаңдап құлай бергеніне риза болған Қаныбек: – Бәрекелді. Атсаң осылай та. Жарайсың – деп маңдайын алақанымен шарт еткізді. Ол қатты сүйсінгенде солай істейтін.
– Күріш сабанның шетіндегі аңды Әнуардың атқанын Жанарыстан басқалар білмеген-ді. Жанарыс жүргізушіге ана сабанға қарай барайық дегенде барып бәрі сабан үйіндісі жаққа анталай қарасты.
Машина құлаған қырғауыл қоразын алып сабанға келгенде шоқиып отырған мақұлық әлі сол қалпында отыр екен.
– Құламапты, құламапты. Өзі шибөрі ме, қасқыр ма? Әйтеуір сүмпиіп отырысы жаман. Ал, ағайындар бәріміз көздеп бір мезетте атып құлатайық, – деді Қаныбек. Жоқ, ағайындар сәл сабыр сақтайық деді Жанарыс абыр-дабыр болған жолдастарына. Аңға оқ тиген. Құламаса да басы салбырап тұр ғой. Меніңше оқ дәл жүректен немесе бастан тиген. Жанарыстың айтқаны рас шықты. Басын омырауына түсіріп жіберген қасқыр өліп қалыпты. Әнуардың оғы дәл маңдайынан тиген екен. Алған қоразын Ақбергенге сыйлаған Қуаныш, Әнуардың қасқыр атып алғанын көргенде, нақ өзі атқандай жүгіріп барып Әнуарды құшақтай алды. Міне, енді сен де аңшы болдың, құттықтаймын. Ол мұны ешқандай қызғаныш сезімі жоқ ағалық жолымен қуана айтты. Атылған қасқыр машинаға салынғанда Жанарыс ұлының бетіне қарады. Онысы «не дейді?» деген әуесқойлығы еді.
– Ағаның жолы менің олжам, – деген Әнуардың қоңыр дауысы естілгенде иығынан ауыр салмақ түскендей денесі жазылып сала берді.
«Дұрыс, орынды ұсыныс. Аман бол, ақылдым». Қуаныш берген олжа- сын дорбасына тығып тастаған Ақберген, Әнуардың сыйын естігенде дереу қоразды тыққан дорбасынан суырып алып. Мә, өзіңе сыйла- дым. Менің жолым қырғауыл емес, қасқыр деп Қуанышқа кеудесін кере мақтанышпен қарады. Иә, сол күні Бесарықтан олжалы болып Қызылқайыңға қайту жолда Батырхан ойда жоқ ұсыныс қойды.
– Күн жақсы, әлі ерте егер шаршамасаңдар Тоғанды балық ша- руашылығын бір сүзіп келейік. Қалай дейсіңдер? – деді машинасының жылдамдығын күшейтіп. Қанжығасына қырғауыл емес, көкжалды бөктерген Ақаң көңілсіз. Сірә, күшейтетін дәрісі таусылып қалса керек. Қасқырды сондағы дүкеншіге берсек бір шыны емес-ау бізге үш күндік сусын, шөл басар зәмзам суының неше атасын береді, – деді Қуаныш. Машинаға май құюға да жетеді.
Ақберген өзіне қатысты ұсынысты бірден қолдады. – Міне, «ақыл жастан» деген осы. Әнуардың қасқыр атып алғанын да, атап өтуге тұратын ерлік емес пе? Қалай дейсіз Жақа ұлыңыздың тырнақ алдысы түлкі еді, енді міне қасқырды да жайратты, сабаз. Келесісі арыстан бол- сын, соған жетуге Алла өмір берсін деген тілек айтқанның артықтығы жоқ қой. Батырханның машинасының алдында отырған Ақаңның кеңірдегі де кеппесін, – деді қасқырдың жасын мөлшерлеп желкесіне қарап отырған Ақбергенге Жанарыс.
Дұрыс болар, деген сөзді есітіп бәрі жамырасып «кеттік, кеттікке» басты.
«Көп айтса көн, жұрт айтса сен» деген, енді бәрің бір пікірде бол- саңдар сол жерге барайық, – деді Жанарыс.
Бұлар бұрынғы балық шаруашылығына қатысты ауылдың кішкене дүкенінен керегін еркін алды. Оны қасқырды өткізбей-ақ Ақберген
«әйелімнен тығып-ақ жүр едім, әжетке жараған жерін қарашы», – деп шалбарының ауына қолын салып жіберіп, мыжылған он сомдық қағазды шығарып, онысын өзінше ерлік мырзалық дегендей жан-жағына мақтана қарады. Бір шетте бөлек тұрған Қаныбек пен Батырхан, ақша шығарып арақ сатып алмайтын ағамдікі шын ба, өтірік пе дегендей бір- біріне сыбырласып жатты. «Қасқырды тақымға басқасын дарылдамай қайтсын. Әйеліне өзім атып алдым демекші ғой», ә. Мейлі не десе о десін, Ақаңды да бір рет шығындатудың реті келді. Қой, әңгімелесіп уақытты текке өлтірмейік. Дарияға дейін барсақ жолшыбай бұйырған аң, құс кездесер. Несібеміз жаман емес еді десіп аңшылар машинаға қайта отырды. Дария жағалауынан олар екі-үш қайықты көріп бұрынғы балық шаруашылығының сарқыты екен. Табаны тесіліп, қабырғасы жа- рылып кетіпті деп тұрды. Тоғай жағалап кеткен Батырхан мен Қаныбек бір нәрсені айтып, дария жаққа қолын қайта-қайта меңзеп түсіндірген болып жатыр. Олардың қимылын байқаған Жанарыс, жігіттер бір нәрсені көріп, шақырып жатыр. Нені көрді екен деп дарияның екінші жағасына қадалды. Дарияның күзгі салқын лебі мен қоймалжың аққан суы ауыр жылжып өтіп жатыр. Арғы жағалауда суға емініп тұрған тоғай ағашы сирек, тіпті жоқтың қасы. Сондықтан да жағалаудың біраз жеріне дейін анық көрінеді. Жанарыс жағалауды бойлай дария ағысымен бірге жарысқан бөгетті аңғарды. Бөгеттің үсті де анық көрінеді. Осы сәтте бөгеттің екінші басынан бір боз баланың қолындағы домбырасын оқтын-оқтын ән әуезін көтермелеп қағып-қағып қойып, шырқай салған әніне ықыласы ауды. Таныс ән, айтушының дауысы да өзіне ертеден таныс сияқты.


«Қараторғай, ұштың зорға-ай, Бейшара шырылдайсың жерге қонбай».


Әннің әуені дарияның жағалауындағы тыныштықты бұзып тоғай арасындағы аң, құстардың ұйқысын бұзғанда төңіректен қыт-қыт еткен қырғауылдардың үні естіле бастады. Дарияның кемерін қуалап жоғары-төмен қалықтаған баланың дауысы жаңғырта берді. Ән сазы күшейіп қараторғайдың шырылдаған, қамығып күйзелген көңіл-күйді мұңға батырып, аңшылардың бойына сіңіп барады.
– Япыр-ай, мынаның зарлауын-ай, деді Ақберген мылтығын шү- берекпен сүрткілеп, дүмбісіне жұққан шаң-тозаңды үрлеп, артынша ысқылап сүртті. Сосын оқшантайындағы оқтарын біртіндеп санап, оларды да қайта орнына салып қойып, әлгі Қасекең деймін-ау, ерте- леп қайдан келген. Дария жағасындағы тоғайдан шықты ма, құмдағы малшылардың бір тоқтысын жәукемдеп, осында ажал айдап келді ме. Өзі әлі ұясына жетпеген бөлтірік дейін, – десем одан ірілеу, аяқ сіңірі нығымдау көрінді. Қырғауыл аулаған аңшылардан жасқанбай аңызға келгеніне қарағанда әлі мылтық дауысын естімеген, қуғын- сүргінді көрмеген жас бөрі болды. Аңызда Әнуардың оғынан мерт болды, зәлім. Ол әлі тірі тұрғанда біраз нәрсенің ажалына жететін еді. Малға да, аңға да тіпті жалғыз жарым адамға да қауіпті. Соны болдырмауға біздің Әнуар мерген көмектесті. Рахмет саған, – деді Ақберген.
Әнуарды жағымсыз қылыққа әуестенбей уақытын жақсы іске жұмсаса деген тілек орындалғандай болып Алтынсары екеуміздің көңіліміз жайланғандай мезетте Аспараға кетті. Туған жер ата қоныс Қызылқайыңдағы екінің бірі таныс. Мені білгендер балаларымды да та- ниды, Алтынсарының да қолынан дәм татып отбасылық араластығы да бар жақсы, өнегесімен көпшілікке сыйлы атанған үлкен мен кішілерде аз емес.
«Әкесі достың баласы дос» дегендей таныс білісі көп жерде өмір сүруде пайдалы іске ілініп араласуға да жеңіл. Күн ара болмасын бір аға не іні хабарласып, жаңалықтарын бөліседі, алдағы мақсаттарын ортаға салып пікірлеседі. Мұның өзі төрт-бес жылдан бері қан қысымы көтеріліп, дәрігерлердің кеңесімен жүрген Жанарысқа үлкен медеу, ал- даныш. Зейнет жасына қырық бес жыл бір мамандықта жүріп ешкіммен алысып-жұлысып, болмаса ищай деспей-ақ бірқалыпты қызмет істеп, ортасына залал келтірмей шыққан бұл өзінің осы тіршілігіне ризалық ететін. Үкіметтің марапатынан да кенде емес. Орден, медаль алмаса да соңына сөз ертпей, аға-інілерімен сәлемін бұзбай зейнетке шыққаны абырой сияқты. Тәуелсіздік орнаған уақытта қызметті тамыр-таныс жағалап болмаса пара беріп сатып алатындар көбейгенін газеттен оқып, немесе еркін жазатын басылымдар, түрлі партиялардағы ақпараттардан да оқып, біліп жүр. Өз тұстастарының дәрежесінде «қазір қызметің, не қалтаң болмаса сөзің өтпейді» деп қоғамның аузынан наразылығын да естіп қалады. Ертеден өсек айтуға, біреудің сыртынан ғайбаттауға жоқ Жанарыс естігенін де, оқығанын да өзгемен бөліспейді. «Тек жүрсең тоқ жүресің. Тәуелсіз елге ең әуелі тыныштық, береке-бірлік керек. Онан өзге әңгіме бос нәрсе» деген көзқарасынан айнымайды. Анасы жақсы мен жа- манды айырып, үлкен-кішімен ашық, ұстамды қарым-қатынас жасайтын, сөзі байыпты, мінезі де ашық өз жөнін, жолын білетін парасатты адам болып шықты. Әкесі мен ағайындары да осы адами қасиеті мол, туған- туысқанға да жақын, сыпайы қатынасы бұзылмаған әулет. Әкесі соғыс ардагері, кеңестік шаруашылықтың, ауылдық кеңестің кеңселерінде, өмірінің соңғы кезіне дейін абыроймен жұмыс істеген. Өтірік айтпай- тын, берген уәдесіне берік. Бала-шағасына әділ бол, адал бол, жақсыдан үйрен, жаманнан жирен деп, өнеге айтып жүрген ақылды кісі еді. Сол құдай деген асыл мінезді қария сол адами болмысын бұзбай өмірден озды. Адам тірісінде көпшіл болып, сол көпке топырақ шашпай ешкімге қылдай қиянат көрсетпей, жақсы мінезбен, жақсы тілекпен өссе, оның жаназасына да халық көп келетін көрінеді. Әнуардың нағашы атасының жаназасына, жылдық асына алыс-жақыннан «қабыл болсын» айтып келушілерден жер қайысқанын көрдік. Баласының нағашы жұрты да тек адам болмағаны Жанарыстың көңілін орнықтырды. «Өз ата-бабасы мен нағашы жұрты да киелі, қасиетті адам болса менің ұлым да тәуір азамат болады» деген сенім қуалап Аспара жаққа үлкен үмітпен қарады.
Бірде баласы оқуынан бір аптаға демалыс алып Қызылқайың- ға келді. Осы келуі бұрыннан үй ішінде әңгіме өзегі болып жүрген кенжені үйлендіру жағдайы қайта қозғалды. Бұл ойдың кімнен шығып жүргені Алтынсарыға белгілі ғой. Енді ол баласымен өзі сөйлесуге ниеттенді.
– Апа, – деді сонда баласы қоңыр көзі мөлдіреп. – Ұрыспайсың ба, мен сізге бір ойымды айтқым келеді.
– Ау, – о не дегенің сенен жаман сөз шықпайды. Ақылың да толы- сып азамат болып қалдың, Алла амандығыңды берсе енді осы жылы оқуыңды да бітіресің. Сосын жұмысқа да тұрарсың. Оқуды да, жұмысты ойлағаның дұрыс. Біз әке-шешеңді, ағайыныңды қуантатын екінші бір жағдай барын ойласпасақ болмайтын сияқты, – деді апасы.
Анасының сабырлы жүзінен, салмақты сөзінен ол әңгіме өзіне қатысты болатынын сезгендей еді.
– Айтыңыз апатай, мен туралы ойыңыз бар болса жасырмаңыз. Басын бастағаннан кейін аяғын аяқтаңыз. Ал тыңдап отырмын сізді, – деді Әнуар да апасына қарай ықыласын аудара бұрылып.
– Әкең Жанарыстың нағашылары оңтүстіктегі Бадам өзенінің бойынан, оны білесің ғой, – деді Алтынсары. Көп ағайынды. Ішінен оқымысты, елге билік айтқан, атақты сыйлы адамдар да шыққан қасиет, киесі бар әулет. Сол әкеңнің нағашыларына барып ел көріп, жер көріп қайтсақ дейміз. Әкеңнің тілегі де осы.
«Ел көріп, жер көріп емес-ау, қыз көріп қайтсақ демейсіз бе, апа. Онда тұрған не бар. Барайық, – деді Әнуар апасына бір мысқал қарсы шықпай. – Әкемнің ұсынысы басымдау болды ма? Мені құда түсіп үй- лендірмесе, өзі үйленбейді деп қорқа ма, апа? «Бүгінгі баланың біл- мейтіні жердің астында» деген рас-ау. Жер көріп, ел көріп қайтудың аржағында қыз көріп қайту мақсаты тұрғанын қайдан біле қойды. Қой, бәрін өзі сезіп отыр екен, ендеше күлтілдемей ашығын айтайын, – деп ойлады анасы.
Құда түсу ата-баба салты, өзіңдей жастардың көбі оны қалай бере ме?
Атаң Шайқы «мұндайды» бәрі Алланың қолында, құда түсу ескілік емес, ата-баба жолы дейтін. Құда түсіп осы қызды ұнатсаң да, ұнатпа- саң да аласың деп мойныңа қиып салатын өктемдік әкең екеуміздің де қанымызда жоғын білесің. Барайық, көрелік қыздардың бірі Әну деген азаматын әліге дейін күтіп жүрген шығар. Алла нәсіп етсе, қолдаса өздерің бір-біріңді қаласаңдар, біз соған дәнекер болып, келінді болсақ, болды да.
– Жақсы, мен келістім, – деді тағы да Әнуар әңгімені тез бітіруге асығып.
– Бірақ апа, менің ойымды мазалап жүрген бір жағдай бар. Айтайын ба? Қыз көру ниетінен айнып тағы да бір тосын жағдайды айтқысы келді ме, балам деп қорыққан Алтынсары баласына жалынышты қарады. Сен енді тәп-тәуір келісімді бұзбашы, ұлым. Мен қыз көруге баратынымыз- дан өзге ештеңе естігім келмейді деген. Оған үміттене қараған ана жа- нарынан Әнуар көзін жылдам тайдырып әкетті. Бейне бір ересек адам ұқсап, тамағын кенеп алды да анасына қарап, – Апа, шыныңды айтшы ағамның алтын асықтай әдемі-әдемі үш қызы бар. Егер мен үйленіп алды болсам ағамнан ұят болмай ма? Одан да жеңгем Ғалияға Алла Әнуардан бұрын ұл берсін деп Алладан тілек тілемейсіңдер ме? – деді Әнуар.
Одан дәл осындай сөз күтпеген Алтынсары баласына қарап отырып қалды.
«Алда ақылыңнан айналайын балам-ай. Ағасына жаны ашып, жеңгесінің көңіліне қарап отырған алтыным-ай. Жанарыс, егер Ма- нарбегім қызды бола берсе әулеттің мұрагерін кім дүниеге әкеледі? Мына тарамыс қара ма. Сол болса оны тездетіп аяқтандырайық, Аеке. Сен соған көмектес, – деген былтыр Алтынсарыға. Осы сөзді жол жөнекей құлағы шалып қалған Әнуар «ойпырмай, ағам ұлды бол- са жақсы болар еді. Құдай жар болып жеңгем осы жылы ұлды бол- ғай» – деген жеңгесі үшінші баласына босануға емханаға жатқанда. Алла бермесе лаж қанша Әнуардың тілегін жаратқан ием елеусіз қалдырып, Ғалия үшінші рет дүниеге қыз бала әкелді. Бұл жағдайға ағасы мен жеңгесінің қалай күйзелгенін Әнуар да біліп жүр екен. Әкесінің нағашыларына баруға қыз көруге қарсылық етпегені де со- нан еді. Апасының, «айналайын-ай ағаңа бауырың езіліп жүр екен ғой сенің де. Қой, кенже қара, Алла берсе әлі де кеш емес, әулеттің мұрагерін үлкен келін әкеледі сәтін салса. Оның бер жағында сен аяқтансаң бұл парызды екеулеп атқарасыңдар. Тек Алладан амандық сұраңдар. Мейірімі де, құдіреті де күшті Аллам тілектеріңді жерде қалдырмас» – деді Әнуарына.
Арада көп өтпей әке-шешесіне ілесіп Әнуар Бадамға келді. Онда бір апта болған «қыз көрушілер» ойындағысы болмай «тағы келеміз» десіп Қызылқайыңға қайтты. Әнуардың оқуында сынақ тапсыру жүріп жатқан еді. «Бұйырған кетпес, жүгірген жетпес» де- ген емес пе, бабаларымыз. Әнуар келгенде есептегі қыздардың көбі оқудан келмей, кідірген-ді. Оларды күтуге жігіттің уақыты көтермей тұр. «Бәрі игілікті іс қой. Бүгін реті келмеді деп өкпелеме Жанарыс жиен. Енді қыздардың ауылға келетін уақытын өзім хабарлаймын. Сол кезде сендер де жетіңдер. Алла бұйыртса іздегенімізді табар- мыз сонда. Кәне, алдағы күннен үміт күтелік», – деген Жанарыстың нағашысы Жақан қоштасар кезде. Сонан нағашысынан жылы хабар күтіп, Жанарыстың тағаты таусылды. Аспарадағы оқудың сынақ мерзімі де бітпей шаршатты. Қыркүйектің ортасында Жақан ха- бар берді, Ертең Жанарыс пен Алтынсары жолға шығамыз деп тас- түйін дайындалып отырған-ды. Таңертең қала жанындағы ауыл- дан Жанарыстың жездесі мен апасы кіріп келді. Жездесі үрпиісіп төсектің шетінде отырған екеуіне бұрылып: – Ал, деді дауысы қар- лыға шығып, Алланың ісіне амал жоқ. Мықты болыңдар. Әнуар енді Алланың иелігіне өтті. Машина апатына ұшырапты. Берік болыңдар. Адамның бәрі де жаратқан иемнің құлы. Өзі берді, өзі алды. Иман- ды болсын. Мықты болыңыздар, жаман хабарға сенерін де сенбесін білмей бетіне бақырайып қарап қалған Алтынсары кенет жын соққандай орнынан секіре көтеріліп барып, сылқ етіп құлап түсті. Артынша Әну, Әнуар деп жан ұшыра есірік дауыспен шыңғырып жіберді. Жанарыстың басы солқылдап ауырып көзі қарауытып ба- ратты. Сол күн оның туған күні еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу