Өлеңдер ✍️

  18.07.2022
  1061


Автор: Жақсылық Рахматулла

ИӘ, БАУЫРЫМ...

 


Иә, бауырым,
Бұл жалған ағып тұрған сынап екен,
Тұс-тұстан анталаған сынақ екен,
Мың жылда аман-есен тұрған шөлмек,
Әп-сәтте күні туса сынады екен.
Бұл жалған сонда, бауырым немене екен,
Адамзат бар мен жоққа сенеді екен.
Басында жанған шырақ мәңгіліктен,
Әп-сәтте күні туса сөнеді екен.
Сөнгенді қалай қайта жандырамын,
Деуменен амал таппай қалжырадым.
Арқаға арман қуып кеткен ұлдың,
Қайғысынан от құсып, қан жаладым.
Исіңді жұтам ба деп гүлге сіңген,
Нұрыңды сезем бе деп күнге сіңген.
Аспан асты, жер үсті сені іздеймін,
Арымай күн кешу мен түн кешуден.
Иә, бауырым,
Жан таппай демеу болар сенен бөтен,
Қам көңіл әр нәрсеге сенеді екен.
Күн туса сар далада желген ботаң,
Әп-сәтте шоқ үстіне шөгеді екен.
Бұл пенде тозаққа да көнеді екен,
Деген өткендердің кемел екен.
Сәт туса жаратқанның жазуымен,
Менің де жоғалғаным келер ме екен?
Иә, бауырым,
Бұл қайғының ізі жоқ өтелетін
Қара жер екен мұны көтеретін.
Оралса Шаһ бүзірік бабам қазір,
Соңынан бұлтқа көшіп кетер едім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу