Өлеңдер ✍️

  18.07.2022
  525


Автор: Жақсылық Рахматулла

ЖҮРІП КЕЛЕМ

Күзгі бақты бетке алып жүріп келем,
Онан да әрі не барын біліп келем.
Іркілуге еркім жоқ жол үстінде,
Алғы уайым ішімді іріткенмен.
Күзгі бақты бетке алып жүріп келем,
Бір алданыш үмітке жылып денем.
Күз етегін түреді қазан суық,
Жаз дидарын аңсайды жігіт белең
Бұл аңсар әр қиянға алып ұшпай,
Жүретін кім бар екен жаңылыспай?
Көшімді ұлпілдеген үсік шалып,
Көк тұйғын көкірегімді жарып ұшты-ай.
Бақ пен сор алма кезек қамшылаған,
Жалғанда кім бар екен жаншылмаған?
Амал жоқ көтерерсің тағдыр зілін,
Жүрек қалғып кетпесе, жан шыдаған.
Күнім барда қонаға ілінбеген,
Кезім барда шырайы бүлінбеген
Ішім ұлып тұрса да ей адамдар
Біріңді кем көрмедім біріңнен мен.
Бұлт мінген Шаһ бүзірік арысымен,
Берілген хақ жолына бар ісіңмен.
Еліктеп жас кезімде саған баба,
Осылайша мыңмен жалғыз алысып ем.
Ойласам соның бәрі жалған екен,
Ақылды қиял меңдеп алған екен.
Қам көңіл түс көрсе де сергіп қалар,
Алданыш таппаған соң алдан бөтен.
Күзгі бақты бетке алып жүріп келем,
Ұқсамаң қартқа яки жігітке мен.
«Армысың» десе бұл сәт тілеуқорым,
Жанымның жапырағын жұлып берем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу