Өлеңдер ✍️
ДƏМ АЙДАП КЕЗ КЕЛІППІН СІЗДІҢ ЖАҚҚА
Үйдемісің, байеке,
Шығып кетші, қонақпын.
Алыс жерден келіп ем,
Белі талды шолақтың.
Дəм бұйыртса бүгінше,
Сіздің үйде болмақпын.
Дəм айдап кез келіппін сіздің жаққа,
Сыйынып сөз сөйлейін жалғыз хаққа.
Жасыңнан мейман күткен жан екенсің,
Патшадай бір мініпсің алтын таққа.
Байеке, қайда отырар келген кісің,
Үйіме жан келмесін дегенбісің?
Іркілдеп қарның жуан өскен екен,
Байеке, жүктімісің, шеменбісің?
Өгіздей топан жеген ынқылдайсың,
Дəл бүгін бір қап талқан жегенбісің?
Аман ба шаруа, мекен, малдарыңыз,
Секілді мейман күткен аңғарыңыз.
Дəл өзің туған жылы киіп пе едің,
Бұтыңда құтты болсын шалбарыңыз.
Шөп-шалам толып тұрған сүтің құрсын,
Кім бізге жеті түнде бітім қылсын.
Қырқыңнан шыққан кезде киіп пе едің,
Тізеңе тағып қойған «үкің» құрсын.
Ет аспай, асып бердің тары ботқа,
Ет берсең, тартпас еді ешкім сотқа.
Шөлдетіп тары ботқаң бара жатыр,
Қисайтпай шəугіміңді қойсайшы отқа.
Салғанын астымдағы ала тулақ,
Май түгіл су көрмепті жаздай қурап.
Сиыр мініп жасымнан үйренгем жоқ,
Тірілсе, мөңкір ме екен қарғып, тулап.
Байеке, бұл харамың қайдан біткен,
Жасыңнан бай екенсің шайтан түрткен.
Шолтаңдар шапан жеңі шынтағымда,
Ешкінің құйрығына өлшеп тіккен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter