Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  109


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

ҚОНЫСБАЙҒА ТІК ТАРТТЫМ

Үйрек едім көлдегі,
Ауылға бардым өрдегі.
Балаларым ашығып,
Бір бау тары сұрап келгелі.
Қонысбайға тік тарттым,
Мырзалығын көргелі.
Осы-ақ еді жалғыз-ақ,
Тарысы піскен елдегі.
Тұрғызғандай əкесін,
Майдаладым көрдегі.
Бес-алты бау сұрап ем,
Мəн-жайын айтып бермеді.
Қатыны тұрып бер деді,
Қысылды, қатты терледі.
Терлесе де тырысып,
Қарынбай құсап бермеді.
Өңін көрсең шошыр ең,
Дəл бір осы жердегі.
Беретін бе еді қайтер ед,
Піспепті жөнді шөлдегі.
Жеті күнде орамын,
Нанбасаң өзің көр деді.
Тары сұрап мазамды,
Кетірді мынау ел деді.
Ұзын бөрік кигізіп,
Аямаушы ем мен деді.
Келіп қапсың, Бақтыбай,
Сөзіме менің сен деді.
Бес-алты күн өткен соң,
Берейін үш бау, кел деді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу