Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  145


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

СƏЛЕМ АЛ, ТƏНЕКЕНІҢ ЕСІМБЕГІ

Сəлем ал, Тəнекенің Есімбегі,
Жоңғардың шоқысындай төсіндегі.
Жоғалған ат ізімен келіп қалдым,
Өлеңмен арыз айтып көсілгелі.
Үйсін менен Найманға белгілі ғой,
Алдыңда сан түйіннің шешілгені.
Өзіңдей əділ қазы жүрген елде
Қалайша бейбастардың есіргені?
«Алдырған албырт» деген мақал бар ғой,
Сөзімде қата болса, кешір мені.
Жоғалған аттың бірі жирен еді,
Қасында жамбас болған кирең еді.
Қотыр боп, алақ-жолақ жүні түсіп,
Тулақтан тірі кебін киген еді.
Тайында ұмасынан қасқыр тістеп,
Кейінде терісірек сиген еді.
Санына тарақ таңба басылғанда,
Анық-ақ бадырайып күйген еді.
Жоғалған тағы бірі күрең еді,
Жануар бүлкіл қағып жүрер еді.
Топ жарған Наурызбайдың «Сұр көжегі»
Секілді бұ да топқа кірер еді.
Кызығып жүрісі мен шабысына,
Би, болыс майын сұрап мінер еді.
Жазым боп шалыс басып келіп қапты,
Таптыртып, жетектетіп жібер енді.
Пернелеп, несін басты ауыртайын,
Есекем өзі-ақ жөнді білер енді.
Шіркіндер келген шығар алмағайып,
Еліңе келіпті деп алман айып.
Қақ жарған қара қылды əділ болсаң,
Кетермін таңғажайып, елге жайып




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу