Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  93


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жаныммен енді түсініп келем

Жаныммен енді түсініп келем
Шәкәрім менен Нұржанды.
Жаратқан кәміл, ақылың терең,
Тапсырдым саған бір жанды!
Күнәні таудай жүрсек те көрмей,
Аян ғой жалғыз Аллаға.
Күпірлік болар, Құдайға сенбей,
Келген бар десем Қағбаға.
Ананың сүті жетпейді дейді,
Атаның құты жете ме?!
Ақтады ма екен ананың сүтін
Барғанның көбі Меккеге.
Сақтаймын десе қарақан басты,
Бағы ма, әлде, соры ма?!
Лақтырып жатып шайтанға тасты,
Түскен бар шайтан торына.
Атының сыры иеге мәлім,
Айдауға көнер қой ғана.
Оқыған намаз молданың бәрін
Періште деп те ойлама.
Қоқсықты жиып жататын бықып,
Қар шалған кезде самайды,
Жазғанын оқып, көңілге тоқып,
Ұққандай болдым Абайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу