Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
16.07.2022
112
Сындырып өскен бұтақты...
Сындырып өскен бұтақты,
От жағу үшін бұтапты,
Жыртқызып Құран, кітапты,
Жұртты да әбден жұтатты,
Шығарып ойдан жәннатты,
Большевик болған не тапты?
Көпшілік болғым келмейді.
Ұмытып ащы сабақты,
Су болып қанша қан ақты,
Ұнатпай балға, орақты,
Керсе де қанша тамақты,
Орнатам деген жұмақты,
Меньшевик болған не тапты?
Азшылық болғым келмейді.
Көлді де кейде шөл деймін,
Шөлді де кейде көл деймін,
Қамыққан, әбден жабыққан
Жанымды немен емдеймін?
Көпке мен нанып сенбеймін,
Азға да анық сенбеймін,
Өз ойым ғана жөн деймін,
Алайда, көпке ермесем,
Аздардың мінін көрмесем,
Не істеймін?
Тағы білмеймін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter