Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.07.2022
122
Қыран құс та ұшқан биік...
Қыран құс та ұшқан биік,
Жүректерге салған күйік,
Басын кейде жарға соқса,
Тұрар кейде көкке тиіп.
Қанат қақсаң ішің пыспай,
Бұл дүния – қыран құстай.
Тауға шығып керегі не,
Құр әншейін тұрсаң ұшпай.
Пенделер көп қапа болған,
Опа көрмей, жапа болған.
Көш тоқтамай жүре берген,
Сізден қалған, бізге барған...
Бұл дүния – алтын балық,
Әуре болдым қармақ салып.
Енді отырмын сілем қатып,
Ұстай алмай өліп-талып.
Бұл дүния – қашқан киік,
Мертіктірер оғың тиіп.
Жанға ләззат таба алмасаң,
Керегі не дүние жиып?!
Қызықтырып дүркін-дүркін.
Көзді арбайды өмір, шіркін.
Қалар жиған мал мен мүлкің,
Бастан дәурен өтер бір күн...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter