Өлеңдер ✍️
Бұлбұлда сайрап тұрған талға қонып...
Бұлбұлда сайрап тұрған талға қонып,
Таласар тоты құспен бар ма көрік?
Үйрек пен қаздан өзін кем көрмейді
Қыт-қыттап жүрген тауық зорға қонып.
Жапалақ тұрады екен жалбалақтап,
Жанына қарқылдаса қарға келіп.
Ұшқан құс мәз болады қанатына,
Білмейді тұтыларын торға келіп.
Қосады өзін кісі санатына,
Жүргендер аз олжаны пайда көріп.
Уақыт өте келе басылмай ма,
Адамға пайда болған тойда желік?!
Көп асқан түбінде бір тосылмай ма,
Құр қалған түйе жылдан бойға сеніп.
Кісінің өңі жылтыр, тілі майда,
«Келбеті ақылына сай ма?» – дедік.
Жаратқан жақпар тасты биік шыңнан
Құлатып, кетеді екен сайға көміп.
Аптығын басады екен асау толқын
Екпіндеп соғылғанда жарға келіп.
Тұсауды аяқтағы үзіп шығар
Атылса жанартаудай бойдағы ерік.
Тасынба бармын деп те, зормын деп те,
Отырмын осындай бір ойға келіп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter